Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет6/125
Дата07.01.2022
өлшемі1,34 Mb.
#20913
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   125
Қызыл жебе 
–  Е, батыр, ештеңе етпес. Сүзек екен. Әруақ-құдай қолдаса, 
ештеңе  етпес,  ештеңе  етпес,  –  деп  жүзі  тайқып,  үйден  асығыс 
шығып  кеткен.
Дүниенің  бұраңдаған  қисық-қисық  жолында  маңдайына 
бармақтай  бақ  құралмаған  Рысқұл  үшін  бұл  жалғанның  бар 
қызығы осы балалары еді: Тұрары мен Түйметайы. Жер ортасына 
таянғанда көрген жарық сәулелері. Екеуі көзінің екі жанарындай. 
Бұлардан  бұрынғы  бейшараларға  бұл  фәниден  ұзақ  дәм-тұз 
бұйырмаған.
Сөйтіп  жүргенде  көрген  Тұрары  ғой,  Тұрар  деген  атының 
өзіне әке байғұс бар үмітін артып  еді. Енді соның өзін  есейіп, 
ес  біліп  қалғанда  ажал-құзғын  айналдырып,  тұзағын  талша 
мойынға аяусыз тастап тұр. Намаз оқымас, ораза тұтпас Рысқұл 
енді  сасып,  амалсыз  Аллаға  сыйынды.  Ақ  пайғамбардың, 
сәбилердің  пірі  Ұмай-ананың  есімдерін  ішінен  әлденеше  рет 
атады.  Бәйдібек  бабасына,  Домалақ  атанған  Нұрилә  анасына 
сыйынды. Енді осыдан бала оңалып, құдай қуат берсе, Түлкібас-
Жуалыдағы туған жерге бір қайырылып, Қаратау қойнында, Бала-
Бөген бойында тұрған Бәйдібек бабасы мен Домалақ анасының 
күмбезіне барып бас иіп, тәжім етуге ант берді. Алдақашан жер 
томпайтып  қалған  Жылқыайдар  әкесін,  Бердіқұл  ағасын  есіне 
алды. Солардың басына барып құран оқытқызбасам ба деді. Қу 
тірліктің тәлкегінде жүріп, оларды еске алып, құран түсіртпегеніне 
кешірім сұрады, – Тұрар ұрпағың еді ғой, мейіріміңді сал, – деп 
Жылқыайдар әкесінің, Сәлік бабасының әруағына жалбарынды.
Тұрардың қатты құлағанына Ізбайша да қиналып, уайым жеп, 
ауру  баланың  асты-үстіне  түсіп,  ықыласын  салып-ақ  бақты. 
Төсектен  тұра  алмай  буын-буыны  құрыған  дардай  баланың 
зәрін тосып алып, айналып-толғанып-ақ жүр. Сөйтсе де құрғыр, 
өгей шеше өзегі Рысқұлдай өртене қойған жоқ. Нардай Рысқұл 
аз күннің ішінде азып-тозып, кәдімгідей шөгіп қалған. Ізбайша 
жанашыр  болғанмен,  жанкүйер  бола  алған  жоқ.  «Тәңірінің  ісі, 
аламын десе де өзі біледі, қоямын десе де өзі біледі. Адамның 
жаны – Алланың аманаты, қашан қайтып алуы өзінің ықтияры» 
–  деп  жүрді  ішінен.  Пендешілік  қой,  жас  келіншек  Тұрардан 
Рысқұлды қызғанып та қалушы еді. Күйеуі өз ұлының жолында 


13
Қызыл жебе
садағасы  кеткісі  келіп  тұратын.  Шығарға  жаны  бөлек,  әйтпесе 
Тұрар  дегенде  басқа  дүниенің  бәрін  талақ  қылуға  дайын. 
Бар  ықыласы  баласына  ауып,  жас  келіншекке  кейде  керенау 
қарап  кетуші  еді.  Тегі  сол  Тұрарға  бола  Ізбайшаға  бір  рет  қол 
жұмсағаны да бар. Оның үстіне ұл бала Ізбайшаның өгей шеше 
екенін  біледі.  Өзінің  туған  шешесі  Қалипа  марқұм  еміс-еміс 
болса да есінде. Ал Түйметай туған анасын білмейді. Сондықтан 
да  Ізбайшаға  бауыр  басып,  жалқы  туған  тұсаққа  теліген  жетім 
қозыдай  тез  иіс  алысып  кеткен.  Тұрар  болса  «жетім  қозы 
тасбауыр, түңілер де отығар» дегеннің керінде еді. Ол шешеден 
жетім екенін анық аңғарған. Анда-санда Қалипаның қарт әкесі 
Мамырбай  шал  келгенде  бауырына  тығылатыны  сондықтан. 
Нағашы атамның ауылына барам деп әкесін мазалай беретіні де 
тегін емес. Мамырбай шал да ботасы байлауда қалған інгендей 
еңкілдеп қайта айналып, Бесағаштағы Рысқұл үйіне келе беретін. 
Жиырма үйлі Тау-Шілмембет ауылы бұл Мамырбайдың қызы тірі 
күнінде бір көрінбей, Қалипа марқұм болған соң көк шолағын 
тепеңдетіп  қайта-қайта  келгіштегеніне  қайран  қалысқан. 
Мамырбай  кішкентай  Тұрарды  көргенде  жастайынан  жер 
жастанған  Қалипаны  көргендей  болатынын,  Тұрар  сексендегі 
Мамырбайдың  бауырына  басын  тыққанда  мұрнына  анасының 
исі  келетінін  Тау-Шілмембеттіктер  біле  бермейтін.
«Мына Жаныстың жаман шалы неғып бауырмал бола қалды», 
– деп бостан-босқа дал болар еді.
Ал Мамырбай ойлайды:
«Балаға әкенің жақындығы жездедей-ақ», – деп.
Бірақ  қателеседі,  әрине.  Қайынатасына  мінезі  шәлкес 
көрінетін Рысқұл Тұрарға жақындығы жездедей-ақ болған жоқ. 
Онсыз  Рысқұлға  өмір  мәнсіз-мағынасыз.
«Балаға әкенің жақындығы жездедей-ақ» – депті біреу. Оны 
көпшілік  қағып  алып,  қайталап  айтып  жүреді.  Сірә,  жүздеген 
жылдар  қайталаған  шығар.  Ендеше  шынашақтай  шындықтың 
бар  болғаны  да.  Өмірде  көкек  құс  сияқтылар  аз  ба?  Көрінген 
үйме тезектің түбіне жұмыртқа салып, балапан басып, баласына 
қарамай  кететін  қайлабас  тарғыл  көкек  кейін  құлаған  тамның 
дуалында  жағы  тынбай  зарлап  отырады.


14


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   125




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет