71
Қызыл жебе
Енді осы бір елесті ол көп жылдан кейін Меркеде, Аспара
тауының басынан көрерін ол сол сәтте сезген де, білген де жоқ.
Көкірекке нұр тамған, құдіреттей күштің кеудеде шырағданы
жанған, лезде жалп етіп сөнген ғажайып сәт.
Сай табанында сарқырап аққан су, анда-санда пысқырынып
қойып, ажырықты бырт-бырт үзіп, қосаяқтап секірген Шолақ
Шабдардың кісенінің сылдыры. Қарлы шындардан шыққан
салқын самал тербеген жапырақтардың сыбдыры. Шың басынан
шақшия шыққан жалғыз жұлдыздың үндемес сыры – бәрі-бәрі
Тұрардың кішкентай көкірегіне бір-бір
тамшы сағыныш мәйегін
құйып жатқандай, бала байғұс сол сағыныштың салмағына
шыдай алмай, көмейіне келген бір сезімнен үйіріліп ып-ыстық
жас балқып қалады да, кішкене жұдырығымен көзін уқалап-
уқалап жібереді. Көзін жыпылықтатып жастан құрғатып алып,
сайдың табанындағы Шолақты іздесе, оның алдында қарайған
біреуді көріп, жүрегі су ете қалады. «Айрылдым аттан!» – деп
айқайлағысы келеді. Алма ағаштың ашасынан шалбарын жырта-
мырта секіріп түседі.
* * *
Рысқұл түрмеден қашып шыққан бойда бірден Талғарға
тартпай, кәнігі аңшының әдісіне салып, орағытып, түстікке, Медеу
сайға қарай жылжыды. Медеуге жетпей, түстік-шығысқа қарай
бұлым болып бойлап кеткен Шыбынсайға түсті. Шыбынсайдың
қабағында кілең қоңыр қасқа торпақ-таналар жайылып жатқан.
Бұта-бұтаның арасымен бір бұтақты селт еткізбей, бір қурайды
сыбдырлатпай, бір түйір тасты тысырлатпай, жұмсақ басқан
қашқынды қырда отырған бадашы байқаған жоқ.
Шыбынсай тұйықталып, жан-жағы дөңгелене біткен
жартастарға айналған жерден мөлдіреп, бүлк-бүлк етіп қайнар көз
шығып жатыр екен. Рысқұл жата қалып, сол күмістен көмейіне
қырау тұрғанша қылқылдатып жұта берді. Суық шекесіне зырқ
етіп шыққанда барып, «уһ» деп демін алды.
Күн бұл кезде едәуір көтеріліп қалып еді. Тарғыл тастардың
арасынан балапандарын іздеген кекілік қақылықтады. Сонда
барып қашқынның әбден қарны ашқаны есіне түсті. Қайнар
көздің бас жағындағы жалбызды аршып-аршып, әрірек өтіп,