Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет32/125
Дата07.01.2022
өлшемі1,34 Mb.
#20913
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   125
Қызыл жебе 
* * *
Камераға  кірген  бетте  Рысқұл  ышқырын  сипалап  көрді. 
Қуанғаннан  әлгібір  қорлықтың  бәрін  лезде  ұмытты.  Есікке 
барып,  құлағын  тосып  тың  тыңдады.  Қарауыл  дәліздің  арғы 
басында  жүрген  сияқты.  Сапсыз  пышақты  ышқырынан  алып, 
майыстырып көріп еді, суы қатты екен. Бұрышқа барып, тізерлеп 
отыра қалып, пышақты іргеге қадап қалғанда, ыза қапқан дымқыл 
қышқа  қиналмай-ақ  кіріп  кетті.
«Е,  құдай,  е,  әруақ!  –  деді  Рысқұл  аптығын  баса  алмай.  – 
Саймасайға  сәлемдесер  сәт  оңынан  болғай!».
Пышақтың ұшымен ілесе шыққан дымқыл топырақты уыстап 
тұрып ойланып қалды. Енді не амал болмақ? Қазылған топырақты 
қайда жасырмақ? Камераның ішіне үйіп қойып отыра алмайсың. 
Бір  түнде  қазып  шығып  кету  мүмкін  бе?  Бұл  тәуекелдің  ісі, 
тағдырына  мойын  ұсынғысы  келмеген  тәкаппардың  неғайбыл 
жұмысы бір түннен артпауға керек. Түн болатын себебі: күндіз 
ірге қазып, көзге ілініп қалу қаупі зор. Келесі түнге қалса – тағы 
қатер.
Рысқұл  іргені  сәл  қопсытып,  пышақты  соған  тықты  да, 
топырағын  қайта  таптап  көміп  тастады.
* * *
«Осыдан  осы  жолы  тірі  шығып,  Саймасайға  сәлемдессем, 
Ақсу-Жабағылы асып кетер едім, – деп армандады тұтқын қамыс 
марданның  үстінде  көсіліп  жатып.  –  Ақсу-Жабағылының  бір 
сайының  табанында  сүйегім  қалса,  екі  дүниеге  де  ризамын».
Кенет шынтағына сүйеніп, орнынан түрегеле берді. Әлгі бір 
аламан  таңда  өз  аяғынан  тамған  қанның  ізін  көріп,  осындай 
ізді  қайдан  кездестірдім  деп  қинаған  сұрақтың  жауабын  енді 
тапқандай  болды.
Ол  ертеде,  елде,  Түлкібаста  Иірсуда  бұлғаңдап  жүрген  бұла 
кез болатын. Бір күні ол жылқы бағып жүріп, Ешкіқорған деген 
жартастың  жотасынан  қанның  ізін  байқады.  Бұл  неғылған  қан 
деп,  құмырсқаның  жолындай  шұбатылған  ізге  түсіп  берген. 
Қанның ізі бірде сызат, бірде қою. Бір мезгіл бір шоқ аршаның 
астында  теңкиіп  жатқан  арқарды  байқады.  Мерген  жаралаған 


65
Қызыл жебе
бейкүнә мақұлық қаны сорғалап жүріп-жүріп, жетіп жығылған 
жері осы болған екен. Жүні жиди бастапты.
Сол қансырап өлген тағы арқардың халі өз басына келгендей 
таң кешті бүгін Рысқұл.
«Не де болса түрмеде, айдауда шірімей, сол арқардың жолын 
беріп, қайран Жабағылының бір тал аршасының түбінде қалсам, 
бірақ оған дейін...».
Ол «оған дейін» істейтін ісіне тағатсыз асығулы.
«Бір түп аршаның түбінде қалсам» – деген арман. Күңіреніп 
жел жылар, арша басы суылдар. Күзге қарай қураған қылқандары 
түсіп, мұның кебінсіз қалған жүзін жасырар. Аршаның иісі сіңіп, 
қылқанына көмілген сүйек мың жылға дейін шірімес. Қоқанның 
ханы  Шералының  қанды  қолымен  соғыста  мерт  болған  батыр 
бабасы  Әлімбекті  қазақтар  текке  аршаға  орап  көмбеген  ғой. 
Киелі адамдар жер қойнына киелі кебін киіп кіреді.
Бір шоқ аршаның түбінде қызыл құмырсқаның илеуі болар. 
Рысқұлдың  бет-аузына  қызыл  құмырсқа  құжынап,  аймалар. 
Қызыл құмырсқа шаққан дене шірімес. Сарқыраманың сарыны 
күңіренер, биікте ұлар шулар; шәйқурайдың басында: «Қап, бұл 
қалай? Қап, қап, бұл қалай?» – деп сары төс көгілдір шымшық 
шырылдар.
Әттең, өлгеннен кейін де адам соны сезіп жатса. Сонау биікте, 
қалықтап кетпей жүрген жез қанат қыранға қарап жатып, көзіңнен 
жасың парлап ақса, сондай «ақ өлім» кешуге Рысқұл дән риза.
Бірақ  пешенедегі  жазуды  оқып  көрген  ешкім  жоқ.  Жұмыр 
басты  пенденің  демі  қашан,  қай  жерде  таусылары  белгісіз. 
Адамның  басы  –  Алланың  добы  деген.  Қайда  тебеді  –  солай 
домалайды.
Тауға да, тасқа да, абақтының мылқау қабырғасына да соғылған 
басы қайда қаларын Рысқұл болжап болмас. Ал әзір әрекет керек, 
әрекет...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   125




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет