178
Қызыл жебе
Көз шырымын алар-алмас, Рысқұл баласын иығынан
жұлмалап:
– Оян, Тұрар! Надзиратель келгенше тағы тыңдап ал! – деді.
X
Мизам ұшқан жылы күздің күні еді. Төніп тұрған тажал жоқ.
Аспан ашық, аспан жәудіреген жас баланың көзіндей әдемі-ақ.
Төңірек бәле-жаладан жырақ сияқты. Тек әуеде бөдене аңдыған
қырғилар ғана қанжар қанаттарын кейде жайып, кейде жасырып,
жем іздеп жүр.
Осындай бейбіт күннің бірінде Алсай-Сәлікті түлен түрткендей
түгел үдере көтеріліп, Дауылбай ауылына аттанған.
Әлгі аттылы-жаяулы дүрмек ауылдың үстінде. Шәңке
бұлақтың басындағы зираттың тұсынан өтіп бара жатты. Топырақ
дымы әлі кеппеген жас төмпешіктің жанына жеткенде бәрі де
ошарыла берді. Кеше ғана тірі жүрген жан. Үп еткен тіршілігін
үмітпен алдандырып, ақ тілек қана айтып жүрген адам еді. Бұл
итше ырылдасқан сұм дүниеде Бердіқұл деген адам ешуақытта
болмағандай, төбешік моп-момақан. Тіршілікте иесі қандай
момын болса, моласы да жұп-жуас.
Рысқұл аттан құлай түсіп, ағасының қабірі алдында тізесін
бүгіп, шөкелеп жығыла кетті. Құран білмеуші еді, дұға оқи
алмады. Отырды, отырды, ақыры:
– Көке-ау! Не жаздық, не болдық? Енді не істейміз, айтсаңшы!
– деп төмпешікті құшақтай құлады. Топырақ жып-жылы екен,
бетінен Бердіқұл сүйгендей тұла бойы дір етті. Тек топырақ
бейнесіне еніп кеткені болмаса, ағасы тірі сияқты. Өз қолымен
көмсе де, көңілі суымаған көкірегі құрғыр әлденеден үміткер.
Біреу келіп, қолтығынан көтерді.
– Сен бордай тозсаң, басқамыз не боламыз! Тұр былай! Аз
атаның баласы жалғыз қыран өзің бе деп жүргенде, не мынауың?
Бұл Ахат еді. Жасы ұлғайған, бірақ жүзінен шырай, көзінен
нұр таймаған, бурыл сақал Ахат Рысқұлды тізесінен басып өз
жанына отырғызды. Көнетоз қара барқыт тақиясын баса киіп
алды. Сонан соң дұға оқыды.
Бәрі бата қылды.
Әлдекім дауыстап еді, Ахат ақырын ғана: