77
Қызыл жебе
күмән келтірме. Мен де бір адасқан жанмын. Кімдерге қиянатым
да болды. Ал арам болған жоқпын. Соған сен. Баласың ғой,
байғұсым. Өсерсің, ақыл кірер, сонда түсінерсің сорлы әкеңнің
қан жұтып, қаһар кешкенін. Жеңешеңді ренжітпе. Түйметайға
қарап жүр, қарағым. Ал үйге бар. Қуғын келіп қалар.
Баланы
еңкейіп ұстап, қатып қалды.
– Көке, мені ала кет. Көке...
– Ей, Тұрар! Қой деймін. Сені қайтып келіп алып кетемін.
Қайт үйге!
Шолақ Шабдар бұл жолы өрлеп тауға, таудың шатқалына
қарай қыландап барып, қараңғыға сіңіп кетіп, жоқ болды.
* * *
Қуғын түн ортасы ауа, ауылдың ит біткенін шуылдата келді.
Бір топ солдат ауылды жан-жағынан қоршап тұрды да, боржық
сары старшын бастаған екі-үш адам тінтуді әуелі Рысқұлдың
үйінен бастады.
Беймезгіл уақытта есікті тарсылдатқан Рысқұл шығар деп
қалды Ізбайша. Тұрар қуғын екенін бірден сезді. Түйметай
оянған жоқ. Ізбайша иығына бешпентін іле сала іш көйлекпен
есікке жүгіріп барып.
– Бұл қайсың? – деді ақырын.
– Аш! – деп ар жақтан бөтен дауыс арс ете қалды.
– Үйде кісіміз жоқ, аша алмаймын, – деді әйел дауысы
дірілдеп.
– Полиция, ұлықтың адамдары бұл. Аш тез! – деп боржық
сары есікті тұтқасынан тартып-тартып қалып еді, ілдебай ілгек
жұлынып кетті де, боржықтың өзі байқаусызда шалқалап құлап
қала жаздады.
– Шырағдан жақ! – деп бұйырды боржық Таубай киініп те
үлгірмеген әйелге.
Ізбайша түртінектеп жүріп, ши шақпақ тауып алып, шишасыз
май шамның білтесін тұтатты. Үйдің ішіне күңгірттеу болымсыз
жарық түсті. Ортасында жалғыз тіреуі
бар жартылай жеркепенің
қабырғаларына сорайған ұсқынсыз көлеңкелер сыймай төбеге
шығып кетті.