Қызыл жебе
балықтың төресі – ханбалық шоршып шығып, құйрығын
бір бұлқып қалып, су бетіндегі қыз суретін қисық-қыңыр,
ұсқынсыздандырып жібереді. Нүкетай шошиды.
– Қайт кейін, құлап кетесің, – деп қыздар шуылдасады.
Төбеден шаңқ етіп қыран қалқып бара жатады. Аспан аясында,
көл түбінде ақторғын бұлттар жүзіп жүреді. Жат жерге кетіп бара
жатқан жас келінге әлемде жоқ ақ жаулық сыйлағысы келгендей
аспан мен көл бір-біріне мөлдірей қарасады.
Әлдеқайдан, астыңғы тұстан әлдекімдер айқайлайды:
– Қайт, қайт! – дейді. – Болыс асығып, аттанғалы жатыр.
Қайтыңдар.
– Табан астында не болып қалды. Әлі екі-үш күн жата
тұратыны қайда әлгі? – деп қыздар состиысады.
Бәрі Нүкетайды ортаға алып, мұңайысып, етекке түсіп бара
жатады...
* * *
Түнде қызыл-шымқай басқұрлар тартылған жұмыртқадай ақ
отаудың ішінде құс мамықтың үстінде ұйықтап жатып Саймасай
түс көрді. Түсінде Бесағаштағы Тау-Шілмембет ауылына барған
екен. Алдынан Қызыл Жебеге мінген қаршадай бала шығып, міз
бақпай тұрады. Саймасай қолын созады, бала мұның сәлемін
алмайды. Кенет Қызыл Жебенің тамағынан қып-қызыл шоқ
шашырап, болыстың бетін шыжғыра күйдіріп бара жатады.
Өртеніп бара жатады. Өртеніп бара жатып оянып кетеді.
Көзін ашып алып, бетінен көрпені серпіп тастап, «уһ» деп
демін алады. Сөйтсе, таудың түні салқын, «күйеу бала» жаурап
қалмасын деп, жеңгелері түскір мұның үстіне қабат-қабат қалың
көрпелер жауып тастапты.
Әйтсе де, болыс көңіліне күдік алып қалды. Әлгі бала Рысқұл
иттің күшігі болды-ау, – деді, ана жолы Бесағашқа барған сапарын
егжей-тегжей еске алып. Әсіресе Қызыл Жебені түсінде көргені
шошытты. «Ашу үстінде ақыл тұманданып, сол дию жылқыны
бекер қиғызып жібердім бе? Киелі неме ме?» – деп секемденді.
«Рысқұлдың өзі емес, баласы кіргені несі түсіме?» – деп тағы
таңданды:
Таң атқанша көзі ілінбей шықты.
85
Қызыл жебе
Ертеңіне сәске түсте суыт жүріп, хабаршы келіп жетті.
Саймасайды оңаша шығарып алып, үй сыртында жеке
сөйлесті.
Саймасай еңсегей бойлы, кесек пішінді, қара сақалына
сәл-пәл ғана қылау түскен, нұрлы жүзді, сымбатты кісі еді.
Қазір сол қызылшырайлы бетінен қан қашып, қуқыл тартып,
бойы шөгіңкіреп қалғандай, үйге қаяулы оралды. Ауыл иелері
үрпиісіңкіреп:
– Жайшылық па, мырза? – деп сабырсыздана жан-жақтан
сұрақ қойды.
Саймасай сыр бермеген болып:
– Жәй, құдай-ау, әшейін... Біздің елде бір Рысқұл дейтін
кірме неме орыстың атын ұрлап, түрмеге түсіп еді, сол абақтыны
тесіп қашып кетіпті. Біздің болысқа қарасты адам болған соң ояз
мырза маған хабарлатып жатқаны ғой.
– Ей, тәйір-ай, соны да сөз деп... Ауыл-аймақ, бала-шаға
аман болса, не қылар дейсің, – қайыната Мұқыш бай тұқшыңдап
қойды.
– Қай Рысқұл? Тау-Шілмембеттің Рысқұлы ма? – деп
Мұқыштың Дәулен деген жамағайыны сампылдап сұрап қалды.
Аңқылдақ, абайламай айта салатын, аңқау кісі еді.
– Ой, бөрім-ай, патшаның түрмесін тесіп шығады, ә?! Ер ғой,
сорлы. Ер, ер, – деп өзін-өзі құптап басын изеді.
«Рысқұлды бұлар да біледі, – деді ішінен Саймасай бетіне
шыбын қонған адамдай тыжырынып. – Иттің әйгілісі-ай.
Қашқанда қайда барып сияды? Өкіметтің құрығы ұзын. Қайда
кетер дейсің».
Өзін-өзі осылай жұбатқанмен, көңіліне көлеңке түсіп, қабағы
ашылмай қойды. Түндегі түс пен мына жайсыз хабардың
арасынан бір байланыс іздеді. «Сол жығылғырды құрбандыққа
бекер шалып жібердім бе», – деп бір сұңқылдақ сұрақ берекесін
алды. Өз елінен аулақта отырып, өз тірлігін бір сәт сын көзбен
шолып еді, айналып келіп, күнәлі өзі сияқтана берді. Осыдан елге
барған соң Рысқұлдың ісін жаптырып, жақсылық жасамақшы да
болды. Тау-Шілмембет ауылын көзіне көк шыбын үймелеген
өгіздейін жауыр жарасына істік ағаш шанши бермей, біршама
|