107
Қызыл жебе
мойнын салбыратып, тұлымшағы, сексиген кішкене қызға төніп,
әлдене ұққысы келгендей, мүлгіп кетті.
***
Саймасайды құлатқан соң, Рысқұл түнделетіп отырып,
Талғарға келіп кірген. Софийская станицасының шетінде, жар
судың жағасына тығылып тұрған Қара Иван үйінің терезесін
тықылдатқан. Түнгі суықта жылы төсектен жиіркене түрегелген
Қара Иван терезеге үңіліп, ашулы үнмен:
– Бұл кім? – деді.
– Рысқұлмын, тамыр.
Шаруа бар, – деді Рысқұл.
Қара Иван шолақ тонын жамылып, аяғына пима сұғып, дудар
басы жалаң күйі далаға шықты.
– А-а, Рысқұл? Қайдан? Түн ғой қазір, – деді Қара Иван қол
алысып тұрып.
– Мүйізі қарағайдай дәу арқар атып қайттым, тамыр. Жағдай
мәз емес.
– Е, неге? Арқарың қайда?
– Арқарым – Саймасай болыс. Албаннан тоқал алып келе
жатқан жерінен атып кеттім.
Қара Иван шошығандай, жан-жағына қарады. Станицаның қар
жамылған үйлері үнсіз. Иттер де үрмейді. Бәрі бұйығып, қалың
ұйқыға батқан шақ. Қар жауып, әлдилеген әдемі түн.
– Сен түрмеден қашып кетті дегенді естігем. Енді бәле үстіне
– бәле жамалды ғой. Енді қайтесің?
– Соны сенімен ақылдасқалы келдім, тамыр. Менде сенен
басқа дос-ағайын жоқ. Жал-құйрықсыз жалғызбын.
– Есіктің алдынан былайырақ кетейік, – деді Қара Иван мал
қора жақты кезеп. – Сен қашқын, қылмысты адам. Менің үйіме
келгеніңді білсе, оңдырмайды. Түсінеді?
– Түсінемін, Иван. Саған сеніп келдім. Мені қазір іздеп те
жатқан шығар. Қар жауып тұр. Саған келген ізді басып қалады,
қорықпа.
– Сен түрмеден бекер қашқан, Рысқұл. Сені осы станицадағы
Софронның атын ұрлады деп айыптады ғой, рас па? Так вот, сол
Софронның аты таяуда табылған. Цығандар ұрлаған. Базарда
ұстаған. Сені әкімдер түрмеден былай да босататын еді ғой.