184
Қызыл жебе
барсаң – бәрің бар деген. Басқаларың тоса тұр, осы мен-ақ
барайын болысқа. Айтып көрейін. Тілім жетсе тыңдаса ұлыққа
шағынайын. Не дейсіңдер, ағайын?
Рысқұл әлгі бір айқастан кейін әлі өзін билей алмай, аяз қысқан
адамдай қалшылдап тұр екен:
– Өлген менің ағам, өлтірткен Дауылбай. Мен бармағанда кім
барад?! Сізге мен ілеспей болмайды, Аха!
* * *
Осының бәрін олимптен көріп отырған ояз:
– Бұл не? – деді.
– Бұл қазақ ауылдарының арасындағы араз-құраз, үйреншікті
дүние, назар салмай-ақ қойыңыз, жоғары мәртебелі мырза, –
деді Дауылбай шегір көзінің ашуын тұншықтырмаққа тырысып,
күлімсіреп.
Әйтсе де өзі «иә, пірім» деп екі ұмтылып орнынан тұрды.
– Айып етпеңіз, мырза, мен сәл шаруамен шығып келейін,
– деп оязға қарап бүгіліңкіреп тұрып қалған. Ояз «бара бер»
дегендей пішін танытқан соң атылып сыртқа шығып бәйбішеге:
– Орданың орама есігін түсіріп, түндігін аш! – деп бұйырды.
Ауылдағы еркек атаулы атқа қонсын деп жарлық айтты. Оязға
ере келген екі солдатқа да ескертіп:
– Қазір қайыршы қазақтар келіп мазаны алса, мылтық
көрсетіп қорқытып жіберіңдер, – деп қойды.
Мұрттарын ширатқан доғал солдаттар өздеріне өтініш
болғанына далиып:
– Мы им
покажем кузькину мать, – деп қоқиланды.
Көгендегі қозы-лақ бұршағынан босанып, ауыл сыртына
беттеген. Желідегі құлындар шіңгірлеп, енелерін шақырып,
ноқтамен алысып, кейбіреуі қазыққа оралып қалып жатқан. Бие
сауып, желі басында жүрген малшыларды Дауылбай қолына
сойыл беріп, ұрысқа дайындап қойды.
Ақ орданың күндікке ашық тұрған есігі кенет жабылып
қалғаны, түндік ашылып, онда тұп-тура өзінің қасқа басына
шақшиып күн түскені, үй сыртында дан-дұң, айқай-ұйқай
көбейгені оязды таң қалдырды. Қымыздың ара-арасында
араластырып алып отырған француз коньягі жіліктің майындай