Шығыс ақындарынша


ЖІГІТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ



Pdf көрінісі
бет2/21
Дата03.03.2017
өлшемі465,07 Kb.
#6357
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

ЖІГІТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ
ҚЫМБАТ
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нəрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мəнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар əрбір сөзді өз халынша.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,
Оңғақ пұлдай былғайды, бір дым тисе.
Керек іс бозбалаға — талаптылық,
Əр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.
Кемді күн қызық дəурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззəт
45
, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Жолдастық, сұхбаттастық — бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.
Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас,
Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас.
Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,
Төбетке өлекшіннің бəрі бір бəс.
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсеқызар нəпсіге ерме!
Əйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!
Көп жүрмес жеңсікқойлық, əлі-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсікқұмар, жатқа қозар.
Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,
Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар.
Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.
Жар көңліне бір жанын пида қылып,
Білместігің бар болса, қылар сабыр.
Шу дегенде көрінер сұлу артық,

Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
Бетім барда бетіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді, кімі тантық.
Ақыл керек, ес керек, мінез керек,
Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.
Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,
Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң, суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, риаз
46 
үстіндегі үй.
Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі,
Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,
Сызданбасын қабақпен имендіріп.
Ері сүйген кісіні о да сүйіп,
Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.
Құрбыңның тəуір болсын өз мінезі,

Абыройлы қалжыңмен келсін сөзі.
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда,
Қатыныңда болмасын оның көзі.
Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,
Тілеуі, жақындығы — бəрі сату.
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,
Қажымас, қайта айнымас қайран тату!
Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен терін сатып түзден жимас.
Меліш
47 
сауда сықылды күлкі сатып,
Алса қоймас, араны тағы тоймас.
Асық ұтыс сықылды алыс-беріс —
Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс.
Бірі көйтке
48 
таласып, бірі арам қып,
Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс.
Жас бала əуел тату бола қалар,
Ата-анадан жақын боп, ертіп алар.
Бірін бірі құшақтап шуылдасып,
Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.
Біреуі жылап барса үйге таман,
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.
Татулығы құрысын ойыны мен,
Дəл соларға ұқсайды мына заман.
Жаман тату қазады өзіңе op,

Оған сенсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор.
Қазақтың қайсысының бар санасы?
Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.
Пысықтықтың белгісі — арыз беру,
Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы.
* * *

ПАТША ҚҰДАЙ, СЫЙЫНДЫМ
Патша Құдай, сыйындым,
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды
Тобықтының езіне.
Самородный
49 
сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны,
Садаға кеткір, сұрайды
Самарқанның бөзіне.
Кеселді түйін шешілсе,
Кердең мойын кесілсе,
Келмей кетпес кезіне.
О да — Құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің
Тəңірінің құрған тезіне?!
* * *

БАЗАРҒА, ҚАРАП ТҰРСАМ, ƏРКІМ
БАРАР
Базарға, қарап тұрсам, əркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу — маржан,
Əркімге бірдей нəрсе бермес базар.
Əркімнің өзі іздеген нəрсесі бар,
Сомалап ақшасына сонан алар.
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң, жерде қалмас тесік моншақ,
Біреуден біреу алып, елге тарар.
Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
"Ит маржанды не қылсын" деген сөз бар,
Сəулесі бар жігіттер бір ойланар.
* * *

ИНТЕРНАТТА ОҚЫП ЖҮР
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы —
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы —
Білсем деген таласы.
Прошение
50 
жазуға
Тырысар, келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы?
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Иждиһатсыз
51
, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды

Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм боларды,
Орыста қалар жаласы.
Бұл іске кім виноват
52
:
Я Семейдің қаласы,
Я қазақтың аласы?
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бəрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы.
Ақылы кімнің бар болса,
Демес мұны тілі ащы.
Айтыңызшы, болсаңыз
Здравомыслящий
53
,
Ақыл айтпай ма ағасы?
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный
54 
қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөгуге?
Өнерсіздің қылығы —
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге.
Алыс та болса іздеп тап,
Кореннойға
55 
кіруге,
"Талапты ерге нұр жауар",
Жүріп өмір сүруге.
Я байларға қызмет қыл,
Ерінбей шауып желуге.
Адал жүріп, адал тұр,
Счетың
56 
тура келуге.
Жаныңа жақса, соңынан
Жалқауланба еруге.
Қисық болса, закон бар
Судьяға беруге.

Ол да оязной емес қой,
Алуға теңдік сенуге.
Я өз бетіңмен, тəуекел,
Занимайся прямотой
57
.
Жеңіл көрме, бек керек
Оған да ғылым, оған да ой,
Қалайынша қайда енуге.
* * *

ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нəрседен қашық бол,
Бес нəрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ —
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой —
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нəфрəтлі
58
,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрəтлі
59
,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай, немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі, сол айтты —
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір
60 
болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден

Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мəнісін білсеңіз,
Ақыл — мизан
61
, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Жақынның сөзі тəтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме,
Сізге айтамын, қаупім — бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бəрі — тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,

Əр нəрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл —
Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы жəне ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл — гүл.
* * *

ШОҚПАРДАЙ КЕКІЛІ БАР, ҚАМЫС
ҚҰЛАҚ
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.
Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,
Қабырғалы, жотасы болса күшті.
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.
Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.
Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі əлді келіп,
Көтендігі сығыңқы, аламайлы.
Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.
Шідерлігі жуандау, бота тірсек,

Бейне жел, тынышты, екпінді, мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.
Тығылмай əм сүрінбей, жүрсе көсем,
Иек қағып, еліріп басса əсем.
Шапса — жүйрік, мінсе — берік, жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем.
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың, қолыма бір тигізбей!

ЖАЗ
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бəйшешек
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап,
Жоғары-төмен үйрек-қаз
Ұшып тұрса сымпылдап, —
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Əзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға,

Аяңшылы жылпылдап;
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала
Жағалайды шешесін,
Ет əпер деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,
Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап;
Білімділер сөз айтса,
Бəйгі атындай аңқылдап,
Өзгелер басын изейді,
Əрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен,
Малыңды əрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап,
Бай байғұсым десін деп,
Шақырып, қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,

Асау мініп теңселген
Жылқышылар кеп тұрса,
Таңертеңнен салпылдап,
Мылтық атқан, құс салған
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап;
Қайырып салған көк құсы
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.
Өткен күннің бəрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жоқ,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.
КӨКБАЙҒА
Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды да жырлайды.
Ол жыламай қайтіп тұрады,
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды,
... болмаған соң
Жылауына зорлайды.

КӨЖЕКБАЙҒА
Жамантайдың баласы Көжек деген,
Əркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
ІІІіркінде ес болсайшы сезед деген.
* * *

ӨКІНІШТІ КӨП ӨМІР КЕТКЕН ӨТІП
Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нəрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп.
Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін,
Көп надандар өзіне тартар бейім.
Арылмас əдет болды күлкішілдік,
ЬІржаң-қылжаң ит мінез дегендейін.
Тура тілді кісіні дейміз орыс,
Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс.
Жылпылдақтан айрылып, сенісе алмай,
Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.
Сенімі жоқ серменде
62 
сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз досымызды.
Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы.
Дос-асықтың болмайды бөтендігі,
Қосылған босаспайды жүрек жігі.
Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз —
Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі.
Сеніскен досым да жоқ, асығым да,
Ақыры өлең қылдым, жасыдым да.

Көрмеген көп дүние көл көрінді,
Кірлемеген көңілдің ашығында.
Құдай берген бұл достық — кəннің
63 
бірі,
Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі.
Қолдан достық жасап ем болар-болмас,
Итмұрындай наданның жыртты бірі.
Сол досты сая таппай іздейді жан,
Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан.
Жау жабылса бұзылмас жан көрмедім,
Артық жолдас таппадым татулықтан.
1887
* * *

САБЫРСЫЗ, АРСЫЗ, ЕРІНШЕК
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін
Алты бақан, ала ауыз.
Өзін өзі күндейді,
Жақының жалған міндейді,
Ол — арсыздық белгісі.
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ ырғып түсем деп,
Мертігеді, жатады.
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе, ауыл шабам деп,
Сүйтіп Құдай атады.
Бұл нең десе, біреуге
Жоқ нəрсені шатады.
Құтылам деп ісінен,
Бəрін көріп кісіден,
Шығынға əбден батады.
Бұл болмаса онысы,

Аударылып қонысы,
Алыстан дəм татады.
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жарап қатады.
Еңбегі жоқ, еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ант шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
Пысық кім деп сұрасаң —
Қалаға шапса дем алмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай;
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек мақтанға
Ағып тұрса бейне су,
Ат-шапаннан кем көрмес,

Біреу атын қойса „қу";
Қу нəпсісін тыя алмай,
Атым шығып жүрсін деп,
Берекеге қас болса,
Желіктірген айтаққа
Арақ ішпей маc болса,
Ел тыныш болса, азады,
Ерігіп өле жазады.
Үйде отырса — салбырап,
Түзге шықса — албырап,
Кісіні көрсе, қылжаңдап,
Қалжыңшылсып ыржаңдап,
Өз үйінде қипаңдап,
Кісі үйінде күй тандап;
Ақылы бар кісіні
Ғайбаттайды, даттайды.
Ауқаты бар туғанды
Қайырсыз ит деп жаттайды.
Мал мен бақтың дұшпаны —
Кеселді пысық көбейді,
Күшік иттей үріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Қу тілменен құтыртып,
Кетер бір күн отыртып,

Қызмет қылған кісісін
Құрытуға таяйды.
Қылып жүрген өнері:
Харекеті — əрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет,
Кімді ұялып аяйды?
Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің,
Өңкей жалған мақтанмен
Шынның бетін бояйды.
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзім қалған жоқ,
Абайлаңыз, байқаңыз,
Елдің жайы солай-ды.
* * *

БӨТЕН ЕЛДЕ БАР БОЛСА
Бөтен елде бар болса
Ежеттесің, сыйласың,
Сыбырлас, сырлас көп болған
Көптен тату қимасың,
Басыңа жұмыс түскен күн
Татулықты бұрынғы
Не қылып ол ойласын?
Ашып берер жауыңа
Өзі көрген қоймасын.
Желіккен жауға кез болса,
Араздығы сөз болса,
„Бəрекелді, батыр" деп,
„Мықты боп бара жатыр" деп,
Мақтап-мақтап қоздырар.
Ескі досын көргенде,
Есебі жоқ ант ішіп,
Аруақ, Құдай айтысып,
Сыр алғалы айттым деп,
Жауыңды алдап қайттым деп,
Құдайдан қорықпай, антұрған,
Иман жүзін тоздырар.
Келіп-кетіп көп жүріп,

Мен досыңмын деп жүріп,
Дұспандығын оздырар.
Алдайды деп жауыңа,
Ел тарттырмай баурыңа,
Көрінгенді азғырар.
Кеселді болып бітеді
Жақсыға біткен жақындар.
Жау жағадан алған күн
Өздері иттей тақымдар.
Үйде отырып ескенде,
Бəрі шешен қақылдар.
Аулаққа шығып, біріне
Бірі сөзін мақұлдар.
Жау көп болса басында,
Бірі қалмас қасыңда,
Жетектесең, табандар.
Далаға шығып, өзіңді
Жаудан бетер жамандар.
Жалбарынып күн көріп,
Жақынын сатып, жөн көріп,
Қалтаң-құлтаң амалдар.
Туысқанға кекшілі
Жас баладан бетер-ді,
Ойлау да жоқ, білу жоқ

Келер менен кетерді.
Жақынға еріп, мал салмай,
Жауды көріп, жан салмай,
Қайдан ғана біледі
Ауыр менен жеңілдің
Арасымен өтерді?
Жолдас аз боп сасқанда,
Əуел сонан есітесің
„Ат үстінен көтерді".
Ауыр жұмыс кез болса,
Араздығы сөз болса,
Араз кісі болғансып,
Сылтау етер бекерді.
Үйренбейді кісіден
Кіржіңдеп жүріп кекерді.
Оңалып егер алдыңыз,
Əр жерден-ақ көбейер
Ажарлыңыз, малдыңыз.
Пəленшені ұрам деп,
Түгеншені қырам деп,
Таршылықта қайрандап,
Кеңшілікте ойрандап,
Көп батырға қалдыңыз.
Егер тілін алсаңыз,

Бірі қалмас кісіден.
Егер тілін алмасаң,
Бықсып шірір ішінен.
Əркімде-ақ бар ғой туысқан,
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда,
Арылмас міндет болған соң,
Əркімнің көңілі суысқан.
Жақсыға біткен ағайын
Өз үйінде кезексіз
Шешен келер сартылдап.
Біреу білер жер келсе,
Сөз таба алмас қалтылдап.
Қалжыңға келер шорқақтау,
Жауға келер қорқақтау,
Еркін жерде ызақор.
Томырық келер тарқылдап.
Əдеппенен тамылжып,
Мінезі тəтті болмайды,
Сасық паңдау келеді,
Қырт, мақтаншақ оңбайды,
Кісімсініп жалпылдап.
Біреуге өктем іс қылса,

Өз күшім деп ойлайды.
Егер күші жүрмесе,
Бағанағы жақсының
Қылғаны деп қоймайды.
Жат айбынар ісі жоқ,
Жау айдынар күші жоқ,
Өз еркіне жіберсең,
Ешнəрсеге тоймайды.
Қалжыңы — теріс, сөзі — ұрыс,
Айтқан сөзге көнбейді.
Өз тентегін көрмейді,
Қазан бұзар бір қырыс.
Сондай кесел туысқан
Қай жерінен болады
Көңілге медеу, ол тыныс?
Жалығуды пəледен
Жұрт ұмытты біржола.
Шыныменен тамам ел
Кете ме екен ит бола?
Ішкені мас, жеген тоқ,
Уайым айтар біреу жоқ,
Тым болмаса болмады
"Бұлт ала, жер шола".
Келелі кеңес жоғалды,

Ел сыбырды қолға алды.
Ел ішінде бітімші
Түгел алып қайтпайды
Сұрай келген бір малды.
Ел жамаған билер жоқ,
Ел қыдырып сандалды.
Астыртын барып жолғасқан,
Ақша беріп жалғасқан,
Ақысын əрең сол алды.
Орыс сыяз қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды.
Орыссыз жерде топ болса,
Шақырған кісі бармайды.
Бітім қылып бір кісі
Адал малын алмайды.
Қызығы кеткен ел бағып,
Қисыны кеткен сөз бағып,
Ендігі атқа мінгендер
Күнде ертеңге талмайды.
Бас қосылса арысқа,
Кім шабады намысқа?
Жатқа қарар беті жоқ,

Жалынбай тұрар көті жоқ,
Ісі кетер шалысқа.
Ел бүлігі Тобықты
Көп пысыққа молықты.
Малдының малын көре алмай,
Борышын түгел бере алмай,
Көрінгенге обықты.
Қазақтың малын сапырып,
Көп бəлеге шатылып,
Кесепатқа жолықты.
Өзінен шыққан жақсылар
Түзей алмай, зорықты.
Бөтен елдің адамы,
Тынбаған соң арамы,
Көңілі əбден торықты.
Саудагер қашты бұл елден,
Несиесін жия алмай.
Бұралқылар сандалды,
Жуандарға сыя алмай.
Сенімсіз болды алашқа,
Барымтасын тыя алмай.
Нанымы жоқ, анты бар,
Ел нұсқасы кетті ғой,
Елмін деген салты бар,

Əлі күнге уайым
Қылған жан жоқ, ұялмай.
* * *


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет