ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ
Қ О Ш БОЛ, Г Ү Л С А Р Ы
повесть
Орысшадан аударған:
ШЕРХАН МҰРТАЗАЕВ
1
Қаусаған арбаның үстінде қарт адам келеді. Тайпалма жорға
Гүлсары да ыңыршағы айналған лақса кәрі жылқы еді.
Өрге тартқан қасқа жол ащы ішектей созылып жатыр. Мына
құлазыған сұрқай далада қыстың күні борасын сумаңдайды, жазда
тозақтың аптабындай ыстық болады.
Осы өрлеуіт жол ұдайым-ақ Танабайдың титығына тиюші еді.
Ілбіп жүргенді ол жек көреді, шабан жүріс құдайдың қу азабы. Аудан
орталығына жиі қатынайтын сонау жас кезінде қайтар жолда осы
өрлеуіттен ылғи да атты шапқылатып өтетін. Аямастан қамшыны
басатын-ай кеп. А л енді өгіз жеккен мажармен қайтатын кездерінде
Танабай серіктерін тастап, шекпенін иығына салып, жаяу тартатын.
Шабуылға шыққандай-ақ өрге қарай өршелене жүріп отырып, қырқаға
көтерілгенде бір-ақ «уһ!» дейтін. Өкпесі өшіп, алқына дем алып
тұрып, төменде қыбырлап келе жатқан мажарды тосатын. Қатты
жүрістен жүрегі тарсылдап, кеудесі сырылдап қалушы еді. Бәрібір анау
өгіз аяңнан гөрі осы жүрістің өзі жақсы.
Шора марқұм Танабай досының бұл әпенделігіне күлетін.
– Неге жолың болмайтынын білесің бе, Танабай? – деуші еді ол. –
Тағатсыздығыңнан. Құдай ақына. Бір сәтте «аспандағыны арбап,
жердегіні жалмағың» келеді. Дүниежүзілік революцияны табан
астында талап етесің. Жә, революцияны былай жайына қояйықшы.
Кәдімгі өзіміздің Александровканың қырқасынан асар жолдан
асықпай өтуге шыдамың жетпейді ғой. Жұрттың бәрі аласұрмай-ақ,
асықпай-ақ аяңмен келе жатқанда сен арбадан секіріп түсіп, артыңнан
арлан қасқыр қуғандай өңмеңдейсің-ақ өрге қарай. Сонда бұрын
барғанда біреу саған бас бере ме? Бәрібір басқаларды күтіп, шоқиып
отырғаның. Біліп қой, досым, дүние жүзілік революцияға бәрібір сен
жалғыз бармайсың, өзгелерді күтуге тура келер.
Шора мұны айтқалы қашан. Одан бері талай заман.
Бұл жолы Танабай тіпті Александровканың биігінен қалай асып
кеткенін де байқамай қалды. Қартайған шақта жай жүруге көндігейін
деген-ау, сірә. Шабан да емес. Шапшаң да емес, кәрі аттың өз жүрісіне
салып еді. Енді Танабай жолға ылғи да жалғыз аттанар. Сонау
отызыншы жылдары дәл осы жолмен ұбап-шұбап бірге жүретін
серіктерден қазір ешкімді таппайсың. Бір сыпырасы соғыста мерт
болды, бір сыпырасы ажалынан кетті, бір сыпырасы қартайып, төрінен
көрі жуық боп үңірейіп үйлерінде отыр. Ал, бүгінгі жастар машинаға
мінеді. Көтеншегі үңірейген көтерем ат жеккен арбаға мініп, Танабайға
жол серік бола алмас.
Көп мүжілген көне жол үстінде дөңгелектер тоқылдайды. Әлі де
талай тоқылдар. Алдарында кербез керіліп дала жатыр, ал анау
каналдан өткен соң тау бөктерлеп тағы да едәуір жүру керек.
Аттың болдыра бастағанын иесі алдақашан байқаған. Бірақ ауыр
ойлар алаңдатқан көңілі бөлініп кете беріпті. Алыс жолда ат арыса несі
таң? Бұдан да ауыр сапар болған. Болдырса несі бар, әйтеуір бір
жеткізер...
Бірақ тайпалма жорға Гүлсары Александровка қырқасынан соңғы
рет асқанын, енді міне, ақырғы аттам жерлер жүріп келе жатқанын
Танабай білген жоқ еді. Меңдуана жеп қойғандай-ақ, аттың басы
айналып, көзі тұнып, үстіне түрлі-түсті шеңбер шашылып дүние шыр
көбелек айналып, аспан асты әткеншек ойнап бара жатқандай, алайда
Танабай оны қайдан білсін. Гүлсарыға кей-кейде алдындағы жол кілт
үзіліп, түпсіз шыңырауға тірелгендей боп көрінеді. Алдында көсіліп
жатқан тау емес, қанталаған қалың тұман сияқты.
Аттың алдақашан деміккен жүрегі сыздап тұрып алды. Алқымын
қамыт қысып тынысы тарылды. Шлиясы бір жағына ысырылып,
сауырына қатты батты. Қамыттың астынан өткір бір нәрсе сол жақ
омырауына қадалды да тұрды. Әлде тікен, әлде қамыттың киізі
қағылған шегенің ұшы. Шоқтығындағы қара қотыр ескі жауырдың
аузы ашылып жан шыдатпай дуылдап ашып келеді. Аяғы да зіл
тартып, сужайылған айдаумен келе жатқандай, әрең басады.
Әйтсе де кәрі ат өзін өзі зорықтырып жүріп келеді. Танабай болса
анда-санда делбені сілкіп қалып әйтшулеп қойып, ну ормандай ойдың
ортасында отыр. Ойлайтын нәрсе көп еді-ау.
Көне жол үстінде дөңгелектер дамылсыз тоқылдайды. Гүлсары әлі
де болса сол баяғы тайпалма жорғасынан жаңылмай келеді. Ол алғаш
рет төрт аяқтап тұрып, көгал үстімен қабажал мама енесінің соңынан
тәлтіректей басып, ілескелі бері бұл жорғасынан танған емес.
Гүлсары туа жорға еді, сол даңқы асқан жорғалығына бола өз
өмірінің ішінде көп рахат күндер кешті, көп жапа да шекті. Бұрын оны
арбаға жегу ешкімнің ойына келмеген, олай ету күпірлік болар. «Ат
басына күн туса ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса етігімен су
кешер» деген осы еді.
Бәрі де бір күнгідей болған жоқ, өткен дәурен өтті – кетті. Енді
жорға соңғы көмбеге әлсіреп әрең келеді. Көмбе атаулыға ол ешқашан
мұнша баяу, әрі мұншама қас-қағым арасында жеткен емес. Соңғы
меже одан ылғи да бір-ақ аттам жерде тұрды да қойды.
Көне жол үстінде дөңгелектер тоқылдайды.
Тұяғының астынан тұрақсыз жылжып, сусыған қара жердің әсері
Гүлсарының өлеусіреген шамдай сөніп бара жатқан санасында көмескі
бір көріністерді оятты: алыста қалған жадыра жаздың күндері, тау
ішінің шық басқан «көкорай шалғын» түс көргендей таңғажайып
дүниедегі шұғлалы күн иә... иә... кәдімгі бір шоқыдан бір шоқыға
қарғып жүрген айғырдай көктегі шуақты күн бәр-бәрі көлбеңдеп көз
алдына келе берді, сонда бұл Гүлсары деген ақымақ құлыншақ күнді
қуып жетпек болып үйірдегі айғыр құлағын жымитып қайырып
тастағанша шалғыннан, асау өзеннен, аршалы алқаптан айнала шауып
өтіп бара жататын. Сол бір сағымдай боп қалған сағынышты күндерде
үйірдегі жылқылар көл түбіндегі сурет құсап, аяқтары аспанға қарап
жүрер еді. Ал, Гүлсарының қабажалды мама енесі ақымақ
құлыншақтарға жып-жылы сүтті бұлт сияқты көрінуші еді. Енесінің
еміреніп, кенет әлгіндей пысқырынған бұлтқа айналатын сәттерін
сары құлыншақ сағынып тұратын. Енесінің емшегі тырсылдап, тәп-
тәтті боп кететін, құлыншақтың аузын ақ көбік көміп, бұлақтай иіп
аққан сүтке шашалып та қалушы еді. Ол өзінің қабажал мама енесінің
бауырына тұмсығын тығып осылай тұра бергенді ұнатады. Апырай,
неткен кәусар, неткен желікті саумал сүт еді сол! Бір жұтым саумал
сүттің ішіне күллі дүние – күн де, жер де, өзі енесі де сиып кеткендей
көрінетін. Кеңірдектеп тойып тұрып үсті-үстіне сорғысы келетін еді-
ау...
Әттең, бұл күндер қас қаққанша өте шықты. Артынша-ақ, дүние
өзгеріп сала берді. Аспандағы күн жирен айғыр сықылды кісінемейтін
болды, шоқыдан-шоқыға қарғымайтын болды. Тек шығыстан шығады
да, жан-жағына бұрылмай батысқа қарай тура тартады. Үйірдегі
жылқылар да енді аяқтарын аспанға қаратып жүрмейтін болды, бір
кездегі көкорай шалғын аяқасты боп тапталып қалды, ал сайтабандағы
тастар тұяқ тисе тарсылдап, шытынап сына береді екен. Ат тұяғы
таптаған көгал қуарып барады. Қабажал мама бие де қатыгездеу мінез
шығарып, Гүлсарының еркелегенін, ұзақ емгенін көтере алмай,
шоқтығынан аямай тістеп алатын болды. Бие суалып, сүті де азая
бастады. Сары құлын отқа үйренді. Шырғалаңы мен бұралаңы мол
ұзақ өмір осылай басталып еді, енді міне ақырына таянды.
Сол бір жарқын жазды Гүлсары ұзақ өмірінің ішінде бірде-бір рет
қайтып есіне алған емес. Арқасынан ер түспеді, сан түрлі жолдарды
қусырып сарнап өтті, алуан-алуан адамдар ауысып мінді үстіне, ал
бірақ жолдардың әлі шегі жоқ. Енді міне көзінің алды бұлдырап,
мұнарлы сағым арасынан күн тағы да секеңдеп, астындағы жер
әткеншекше тербетілген шақта сонау бір адасып қалған жадыра жаз
қайта оралғандай болды. Сол баяғы заңғар таулар, сол баяғы саздауыт
көк майса, сол баяғы бір үйір жылқы, сол баяғы қабажал мама бие бәр-
бәрі қазір шоқ-шоқ ұшқын шашып көз алдына келе берді. Гүлсары сол
бір қайта оралған ғажайып дүниеге тезірек енгісі келіп, мойнындағы
қамыттан, екі жанындағы тертеден, желкедегі доғадан тез босанып
шықпаққа жанталасып, мықшиып алға тырмысып бақты. Бірақ қайран
алдамшы дүние Гүлсары жақындаған сайын шегіншектей берді,
шегіншектей берді, мұнысы азап еді. Құлыншақ күніндегідей енесі
мекірене кісінеп шақырады, үйірдегі тай-құлын асыр салып оны жанап
өтіп, құйрықтарын шапаттап бара жатыр, ал Гүлсарыда оларға ілесер
дәрмен жоқ, ұшқындаған мұнарлы борасыннан шыға алар емес, қарлы
құйын құтырынып, ши сыпыртқыдай сабалап, көзіне, танауына қар
тығылып, бір жағынан ыстық тер, бір жағынан суық жел қысып, тұла
бойы қалтырады. Ал, әлгі қолжетпес жадыра жаздың керемет дүниесі
бұрқасынның бұрқ-сарқ сарынына үн-түнсіз батып кетіп, біржола
ғайып болды. Заңғар таулар, жасыл көк майса, сарқырама су бірінен
соң бірі көзден бұлдырап ұшты кетті, тек қабажал дәу енесінің
буалдыр қарасы, көз алдынан көлбеңдеп кетпей қойды. Енесі мұны
тастағысы келмейді, жүр-жүрлеп шақырады, қарайлай береді. Гүлсары
зарыққаннан бар пәрменімен ашына кісінеп қоя берді, бірақ өз даусын
өзі естімеді. Бәрі құрдым, борасында caп басылған. Дөңгелектер
тоңылдамайды. Қамыт қажап келе жатқан жарасының ашығаны да сап
тиылды.
Сары жорға төрт тағандап тұра қалды, жел шайқаған қурайдай
тәлтіректеп тоқтады. Жанары суалып, көзінің түбі суырды. Басы
айналып, үзіліссіз бір ызың құлағында шуылдап тұрып алды.
Танабай делбені тастай беріп, қорбаңдап арбадан аунап түсіп,
ұйып қалған аяғын созып, тұнжыраған күйі аттың қасына келді.
– Ай, жамандатқыр! – деп күңк етті ол жорғаға қарап.
Қылдырықтай арық мойынын көтере алмағандай аттың басы
қамыттан төмен салаңдап қалыпты. Жорғаның қабырғалары жоғары-
төмен ойнақшып, арық бүйірін көрікше басып, кереді. Бір кездегі
алтын түстес, әсем сары аттың түрі сауырынан тер мен лай араласып
аққан соң, енді қарақошқылданып кетті. Шодырайып шығып тұрған
қырқа омыртқадан аққан лайсаң тер жылғалап бауырын жуып, аяғына,
тұяғына төгіліп жатыр.
– Зорықтырып қуған жоқ сияқты едім, – деп Танабай күйбеңдеп
қалды. Тартпасын босатып, ершікті сыпырып, ауыздығын алды.
Жалқаяқ сілекей жабысқан ауыздық ып-ыстық екен. Тонының
жеңімен аттың тұмсығын, мойнын сүртті. Жалма-жан арбаға жүгіріп
барып, қорапта қалған шөпті сыпырып-сиырып жарты құшақ пішенді
аттың алдына әкеліп тастады. Гүлсары пішенге басын иген жоқ, тұла
бойы қалшылдап барады.
Танабай бір уыс шөпті жорғаның аузына әкеп тосты.
– Алсаңшы енді, не болды саған!
Жорғаның ерні қыбырлады, бірақ шөпті іліп ала алмады. Танабай
аттың көзіне қарады да, түсі тұнжыpaп сала берді. Ұясына кіріп кеткен
болар-болмас жұмулы қатпар-қатпар тықыр қабақтың арасынан
Танабай ештеңе көре алмады. Иесіз қалған үйдің әйнегіндей жанарсыз
көз
үңірейіп
тұр
екен.
Танабай дегбірі қашып, алақтап жан-жағына қарады, аулақта
таулар айнала – даңғыраған дала, жол бойында жан жоқ. Жылдың бұл
мезгілінде де жолаушы некен-саяқ болады.
Февральдың ақыры еді. Беткейдегі қар кеткен, тек қыстың
жырынды апандарындай сайлар мен қамысты қорымдарда ғана
арланның жалындай болып қысқы үрінді қардың қалдықтары жатыр.
Ескі қардың исі білінер-білінбес, жердің тоңы әлі жібімеген, әлі саз
беттеніп, жансыз жатыр. Тастақ дала қыстың аяғын ала осылай бір
қаңырап, жүдеу тартып жетімсіреп қалады. Соны көріп Танабайдың
іші-бауыры қалтырап қоя берді.
Ұйысып қалған бурыл сақалды иегін көтеріп, тонының қасаңдау
жеңімен көзін көлегейлеп батыс жаққа тесіле ұзақ қарады Танабай.
Күн көзі бір қиырда бұлт бүркеніп мұнартып тұр. Оның көмескі әлсіз
сәулесінен көкжиекті көкшіл түтін тұмшалапты. Күн бұзылар нышан
жоқ, бірақ денені суық қарып, ызғар қысып барады.
«Мұны білсем, бүгін жолға шықпас едім, – деп өкінді Танабай. –
Не онда жоқ, не мұнда жоқ, ортада қалдым да қойдым. Атты
болдыртып, обалына қалатын болдым».
Айтса айтқандай. Бүгін шыдап, ертең ертемен жүріп кеткенде
болатын еді. Жолда олай-былай жағдай болса, өткен-кеткен жүргінші
кездесер еді. Танабай болса жолға түс қайта шықты. Жылдың осы
мезгілінде кісі жолға мұнша кешігіп аттанар ма?
Машина көрінбес пе екен деп Танабай қыратқа шығып қарады. Не
о жақтан, не бұ жақтан ештеңе көрінбеді. Ол ілбіп басып арбаға
қайтып келді.
«Бекер-ақ шыққан екенмін», – деп ұдайы асығып жүретіні үшін
опық жеп, өзін-өзі күстаналады. Ұлының үйінен асығыс аттануға
мәжбүр еткендерге де, өзіне де ыза боп ашуға булықты. Сонда түнеп,
атты тынықтырып алу керек еді. Оның орнына!..
Танабай ашуланып қолын бір-ақ, сілтеді. «Жоқ бәрібір қалмас
едім, жаяу кетер едім! – деді өзін өзі ақтап. – Қайын атасына да солай
сөйлейді екен-ау? Кім болсам, ол болайын, әйтеуір қайын атасымын
ғой. Айтады-ау, шіркін! – Мәңгі-бақи қой бағып, жылқы бағып
салпақтасаң, ақырында қуып жіберсе, о басында партияға өтіп нең бар
еді? – деді-ау. Ұлымды айтсаңшы. Үн-түн жоқ. Төмен қарайды. Әйелі:
жолама әкеңе! – десе жоламас, сірә. Ай, шірік-ай, тағы да бастық
болғысы келеді. Е, айтты не, айтпады не? Өзгерді ғой адамдар, өзгерді.
Қараптан қарап тұрып, Танабай ыстықтап кетті, көйлегінің
түймесін ағытып, алқына дем алып атты да, жолды да, түнеріп келе
жатқан түнді де ұмытып, арбаны айналып жүрді де қойды. Өзін-өзі
тежей алсашы. Әлгінде, баласының үйінде сабыр сақтап бағып еді,
келінімен салғыласып жатуды ар көрген. Енді қазір зығырданы қайнап
шыға келді. Қазір кездессе келініне күні бойғы ащы ойының бәрін
айтып салар еді. «Партияға мені сен қабылдаған жоқсың, сен
шығарған жоқсың. Ол кезде қалай болғанын саған білу қайда,
келінжан. Қазір бәрін сынап-мінеу оп-оңай. Қазір шетінен оқымысты,
шетінен құрмет пен қошаметке қарқ. Ал, бізден іс талап етер еді,
талап еткенде де әкеңді танытар еді. Әкең үшін де, анаң үшін де, досың
үшін де, қасың үшін де, өзің үшін де, көршінің иті үшін де – бәрі үшін
де жауапты едік. Ал, енді мені партиядан неге шығарғанында сенің
ісің болмасын! Бұл менің қасіретім, келінжан. Ісің болмасын онда!»
– Ісің болмасын! – деп күбірледі ол арбаның қасында ары-бері
жүріп. – Ісің болмасын! – деп тағы да пысықтады. Қорлық болғанда
сол бір «ісің болмасыннан» басқа аузына сөз түспей қойғаны ғой.
Арбаның қасында ары-бері сенделіп осылай жүре берер ме еді,
кенет есіне түні бойы бұлай жүре бермейтіні, бір әрекет жасау
керектігі түсті.
Гүлсары арбаға жегулі күйі тапжылмай әлі тұр. Аяқтары ағашқа
ұсап, сіресіп, өзі бүкшиіп меңіреу халде қалған.
– Не болды саған? – Танабай аттың жанына таянғанда ауыр
ыңыранғанын естіді. – Қалғып кеттің бе? Ауырып қалдың ба, жануар.
Не болды саған? – Жалма-жан аттың құлақ түбін ұстап көрді: сұп-
суық. Жалының астына қол сұғып еді бұрынғыдай күдірейіп тұрған
жоқ, көдедей жеп-жеңіл екен. Соны сезіп Танабайдың жүрегі су ете
түсті. «Әбден қартайған-ау, жалы сұйылып, селдіреп қалыпты. Бәріміз
де қартаямыз, бәріміздің ақырымыз бір» – деген қапалы ой келді
басына. Не істерін білмей дағдарып тұрып қалды. Ат пен арбаны
тастап жаяу кетсе, шатқалдағы өзінің қарауыл үйіне түн ортасына
таман жетіп те қалар еді. Тау ішіндегі базда Танабай әйелі екеуі ғана.
Ел дегеннен тек өзеннің жоғарғы жағында, бір жарым шақырымдай
жерде судың қарауылы тұратын. Жазда Танабай шабындықты қориды,
қыс болса маяларды қарауылдайды. Шопан ағайындар қарап тұрмасаң,
маяға малды мезгілсіз жауып жіберіп, берекесін кетіреді.
Өткен күзде Танабай бір шаруамен жолы түсіп кеңсеге бара қалды.
Бригадир жаңадан келген бір агроном жігіт екен, Танабайды көріп:
– Ақсақал, атқораға барыңыз. Сізге басқа ат бөліп қойдық. Рас,
кәрілеу жылқы, дегенмен сіздің жұмысыңызға жарап жатыр, – дегені.
– Ол қандай ат? – деп Танабай секем алып қалды. – Тағы да бір
көтерем бәле шығар.
– Барсаңыз – көрсетеді ғой. Сары ат бір. Сіз білуге тиіссіз, бір
кезде мініп жүрген көрінесіз.
Танабай атқораға жөнелді. Қорада жорғаны көрген кезде жүрегі
сыздап қоя берді. «Тағдыр бізді тағы да табыстырды ма» – деді ол
мініле-мініле жауыр болған кәрі атқа. Алмаймын деуге ары бармады.
Жетектеп үйіне әкелді.
Әйелі жорғаны әрең таныды.
– Танабай-ау, мынау шынымен Гүлсары ма? – деп таңданды.
– Соның дәл өзі. Несі бар екен? – деп күңкілдеді әйеліне
қарамауға тырысып. Жорғаға байланысты өткен-кеткен оқиғаларды
онша естеріне алмай-ақ қойса да болар еді екеуіне. Жас кезінде
Танабайдың ептеген жігітшілігі болған. Әңгіме насырға шаппас үшін
Танабай дүңк етіп:
– Неғып тұрсың, асыңды жылытсайшы, аштан өлетін болдым, –
деп сөзді басқа жаққа аударып жібермек болды.
– Неғып тұрушы ем, кәрілік деген осы екен-ау деп тұрмын. Сол
Гүлсарының өзі деп сен айтпағанда, танымай да қалатын екенмін.
– Таңданатын не бар. Екеуміздің де оңып тұрған жеріміз қайсы?
Әр нәрсе өзінің уақытымен.
– Е, менің де ойлап тұрғаным сол. – Танабайдың бәйбішесі басын
шайқап қойып, зілсіз ғана күлді. – Бәлкім, жорғаңа мініп тағы да
түнделетіп бозбалалыққа аттанарсың. Рұхсат.
– Өй, сен де қайдағыны айтады екенсің, – деп қолын ебедейсіз бір
сілтеп, теріс айналып кетті. Әзілді әзілмен жарастырудың орнына,
қысылғаннан сарайдың төбесіне шығып, шөп алуға кетті. Ұмытқан
шығар десе ұмытпаған екен.
Мұржадан түтін бұрқ етті, бәйбіше ас жылытудың қамына кірісті.
Танабай болса шөптің қасынан шықпай жүріп алды. Әйелі есіктен:
– Ау, түссеңші, тамақ тағы суып қалатын болды ғой, – дегенде
ғана жерге түсті.
Әйелі қайтып әлгі өткен әңгімені қозғаған жоқ. Керегі не?
Күз бойы, қыс бойы Танабай жорға атты бағумен болды. Кебек
шылап береді, қызылша турап береді. Гүлсарыда жарытымды тіс жоқ,
тек тұқылдары ғана қалған. Сөйтіп, атты төрт аяғынан тік тұрғызып,
етейтіп алған сияқты еді, бұлай болар деп кім ойлаған. Енді қайтпек?
Орта жолға атты тастап кетуге Танабайдың дәті шыдамады.
– Қайттік, Гүлсары, тұрамыз ба осылай? – деп Танабай жорғаны
қолымен түртіп қалды. Ат теңселіп, аяқтарын көтеріп қойды. – Сәл
тұра тұр, мен қазір...
Келініне картоп салып апарып берген қапшықты Танабай арба
үстінен қамшы сабымен іліп алды да, ішінен түйіншек шығарды. Әйелі
жолға деп нан пісіріп беріп еді, оны ұмытып та кетіпті, нан еске
түсетіндей уақыт болды ма, тәйірі. Танабай таба нанның жарымын үзіп
алып, майдалап үгітіп, бешпетінің етегіне салып, аттың алдына тосты.
Гүлсары нан иісіне қоса ауаны күрсіне жұтты, бірақ жемді жей
алмады. Болмаған соң Танабай нанды аттың аузына алақанымен тосты.
Бірнеше түйір нанды аузына тықпалап еді, ат ақырын шайнамалай
бастады.
– Же, жей түс, әлден соң жетіп те қалармыз, а? – деді Танабай
көңілденіп. – Бір басып, екі басып, аяңмен үйге жетіп те қалармыз, а?
Бір жетіп алсаң қорқыныш жоқ, кемпіріміз екеуміз сені бағып-қағар
едік. – Дірілдеген қолына аттың аузынан сілекей ағып еді, сол
сілекейдің жып-жылы келе жатқанына Танабай қуанып қалды. Сонан
соң ол атты жетекке алды.
– Ал, кәне, жүр! Тұра беретін не бар. Жүр! – деп қату айтты.
Жорға орнынан әрең қозғалды, арба сықырлап, дөңгелектер қара
жолда баяу тоқылдай бастады. Қартаң кісі, кәрі ат екеуі бір-бір басып,
тауға беттеді.
– Әбден қажыған екен байғұс, – деді Танабай ат туралы ойдан
арыла алмай. – Сенің жасың қаншада осы, Гүлсары? Жиырма ма екен,
әлде одан да көп пе? Көбірек-ау, сірә...
2
Танабай мен Гүлсары алғаш рет соғыстан соң кездесіп еді.
Ефрейтор Танабай Бақасов Батыс майданында да, Шығыс
шайқасында да болып, Квантун армиясы талқандалғаннан кейін елге
оралды. Алты жылдай майдан жолын жүріп өтті. Қырық жыл қырғын
болса да, ажалды өледі деген. Мұны да құдай сақтады, Танабай бір рет
арба үстінде келе жатып жарылған минадан есеңгіреп қалды. Енді
бірде жарықшақ оқ кеудесін жаралап, госпитальда екі ай жатты да, өз
бөлімшесін өкшелеп қуып жетті.
Ақыры елге жетіп, станцияда поездан түскенде саудагер қатындар
оны алдымен көріп, шал боп қапсың ғой десті. Қалжыңдап айтыла
салған сөз. Танабай оны көңіліне де алған жоқ. Уылжып тұрған жас та
емес, еңкейіп қалған кәрі де емес, ал сырт пішініне қарағанда
қартайып қалған тәрізді, соғыста жүрген жылдар ішінде ақ кіріп
сақал-мұрты бурыл тартты. Бірақ қайраты мол, жан дүниесі әлі жас.
Танабай әскерден қайтқан соң бір жылдан кейін әйелі босанып қыз
тапты, келесісі тағы да қыз болды. Қазір екеуі де тұрмыс құрған. Жаз
шыққанда төркініне келіп-кетіп тұрады. Үлкен қызының күйеуі
шофер. Жекжат-жұратты машинаға салып алып, тауда жатқан кемпір-
шалға сәлемдесіп, аунап-қунап қайтысады. Шал-кемпір кыздары мен
күйеу балаларына дән риза. А л жалғыз ұл жарамсыздау болып
шықты... Бұл басқа хикая.
Сонау бір соғыстан жеңіспен қайтып келе жатқан жолда Танабайға
нағыз өмір деген енді басталған сняқты боп көрініп еді. Көңілі хош,
жаны-жайраң еді сол жолы. Ірі-ірі станцияларда эшелонды оркестрлер
музыкамен қарсы алып, ойын-күлкімен шығарып салып жатты. Үйде
жары күтіп отыр, ұлы биыл сегізге шығады, тұңғыш рет мектепке
барады. Бұған дейін көрген-білгенінің бәрі, өмір сүрген жылдары
санатқа кірмей, шын ғұмыр енді басталғандай, дүниеге жаңа келгендей
әсерде еді сол жолы. Өткеннің бәрін ұмытып, тек алдағы үміт дүниесін
ғана ойлағысы келеді. Сол болашақ жайнаң қағып көз алдында тұрды:
қайғысыз өмір, бала-шаға қамы, шаруашылықтың көп күйбеңі, үй
тұрғызып, баспана салу – не керек, тіршілік ету керек. Бұл ниетіне енді
ештеңе кеселін тигізбейтін сияқты. Олай болатыны осы бір рахат
ғұмыр кешу үшін бүкіл өмірі күреспен өтті, сол үшін соғыстың от пен
суына түсті.
Сөйтсе Танабай тым асыққан екен, болашақ үшін әлі талай-талай
тер төгілуі керек екен.
Әуелі ұста дүкенінде балғашы болып жүрді. Баяғы жас кезде
темір-терсекпен айналысқаны бар еді, енді ертеден кешке дейін
баланың басындай балғамен теміртөсті солқылдата соққылайды да
тұрады, ұста жолдасы қызған темірді әрең аударыстырып үлгіруші еді-
ау. Тіршіліктің күнделікті күйбеңі мен уайымын ұмыттырып жіберетін
сол бір балға мен төстің шыңылы анда-санда оның құлағына келіп
тұрады. Әлі де аш-жалаңаш кез болатын. Әйелдер қоңылтаяң ескі кебіс
киіп жүретін, балалар тәтті көрмегелі қай заман. Колхоз белшесінен
қарызға батқан. Банк бір тиын ақша бермей қарысып қалған. А л
Танабай сол қиыншылықтың бәріне де балғаны құлаштай соғып:
«аулақ, аулақ» деп тұрған сияқты еді. Төс шыңылдап, қызған темірден
шашырап көгілдір шоқтар ұшатын. «Уһ-ха! Уһ-ха!» – деп дем алар еді
Танабай балғаны құлаштай соғып тұрып. Бәрі оқалар, ашынған қарын
тойынар, жауды жеңдік, ең бастысы – жауды жеңдік! А л балға болса
оның ойын: «Жеңдік, жеңдік, дік, дік, дік!» – деп қайталайтын. Жалғыз
Танабай ғана емес, сол кезде бүкіл елге жеңіс рухы қасиетті нандай
азық болған.
Содан Танабай жылқышы боп, тау жайлап кетті. Шора жанын
қоймады. Шора марқұм ол кезде колхозға бастық болатын. Соғыстың
басынан аяғына дейін, соғыстан кейін де сол бастық болды. Жүрегі
ауру деп әскерге алған жоқ. Соғыстың бетін көрмесе де, қатты
қартайып кеткен екен. Сол Шораның шөгіп кеткені әскерден
қайтқанда Танабайдың көзіне бірден түсті.
Шора болмаса ұста дүкенді тастап, жылқышы боп кетуге
Танабайды, сірә, ешкім көндіре алмас еді. Шора екеуі баяғыдан дос
болатын. Екеуі сонау комсомол күндерінен бастап жұртты колхозға
кіруге үгіттеп, бай-кулактың апшысын қуырды. Әсіресе Танабай
құлшына күресті. Кулактардың тізіміне ілінгендерді аяған жоқ.
Ұста дүкеніне Шора өзі келіп, Танабайды көндірді. Досының
келісім бергеніне мәз болып қалған сияқты.
– Мен сені балғамен біте қайнасып кетті ғой деп қорқып едім,
дүкеннен шығара алмаспын деп едім.
Шора дімкәс еді, қырым ет жоқ, мойны қылқиып, бетінің
әжімдері қыртыс-қыртыс боп тұратын. Күн әлі жып-жылы, бірақ Шора
шілденің
ыстығында
да
үстінен
күпайкесін
тастамайтын.
Екеуі дүкеннің жанындағы арықтың жағасында шекелей отырып
әңгімеге көшті. Танабай Шораның жас кезіндегі келбетін есіне алып
отыр. Ол кезде Шора бүкіл ауылдың бетке шығары, көрікті десең –
көрікті, білімді десең – білімді жігіт еді. Бірсыдырғы, мейірімді
мінезіне бола жұрт сыйлайтын. Ал, оның бұл қайырымдылығы
Танабайға ұнамайтын. Жауларға қарсы тап күресінде Шораның
болаттай берік болмай, аяушылық таныта бергені үшін жиналыстарда
Танабай шыдай алмай орнынан атып-атып тұрып, досын қатаң сынға
алатын. Сөйлеген сөзі газет сөзіндей әсерлі шығар еді. Мұның бәрін
Танабай саяси оқуда тыңдап, жаттап алған. Кей-кейде өз айтқанынан
өзі шошып кететін. Алайда, сөзі әсерлі шығатын.
– Осыдан екі күн бұрын тауға барып қайтып едім, – деді Шора. –
Әскерден жігіттер түгел келді ме деп сұрайды шалдар. Тірі
қалғандарының бәрі келді дедім мен. «Жөн-жөн, – десті шалдар, – енді
олар жұмысқа қашан кіріспек?» – Кірісіп жатыр, дедім мен, біразы
егінде, енді бірі құрылыста қалғандары әр түрлі жұмыста жүріп жатыр.
«Оны білеміз ғой, – дейді шалдар. – Жылқыны кім бағады? Біздің
ақырымызды күтіп жүр ме? Біздің онсыз да төрімізден көріміз
жақын.» Мен қатты қысылдым. Түсініп отырсың ба, әңгіменің
әуселесін? Бұл шалдарды біз тауға жылқы бағуға соғыс жылдары
жіберіп едік. Содан бері сонда. Жылқы бағу қарт адамның жұмысы
емес екенін өзің түсінесің ғой. Күндіз-түні ат үстінде. Қыстың қақаған
түнінде, құдай көрсетпесін, қиын ғой. Дербішбай есіңде ме, аттың
үстінде қатып қалды ғой. Асау үйретіп, әскерге ат дайындады әлгі
шалдар. Жасың жетпіске жеткенде тау мен таста асаумен алысып
көрші, қандай болар екен. Сүйегіңді де таба алмай қаларсың. Рахмет
шалдарға, шыдап баққан! Ал, енді біздің майданнан қайтқан жігіттер
жылқы бағуға арланатын сияқты, қанша айтқанмен сыртта жүріп
мәдениетке үйреніп қалған ғой. Тауда жылқы бағып қаңғырып нем бар
дейді. Көрдің бе, қалай. Сен түсін, Танабай. Сен барсаң, басқаларды да
көндіреміз.
– Жарайды, Шора, бәйбішемен кеңесіп көрейін, – деді Танабай.
Ішінен: «Басымыздан нелер дауыл-сұрапыл өтіп кетті, – деді. – Сен
болсаң, сол қалпыңда қалыпсың-ау, Шора. Жұртқа істеген
жақсылығыңның жалынына күйіп кетпесең нетті. Мұның бір есептен
дұрыс та шығар. Соғыста біз не көрмедік, сенің қайырымдылығыңды
бізге берер ме еді. Бәлкім, өмірдегі хақ тіршілік қайырымдылық
шығар?»
Сөз тамам, екеуі орындарынан тұрды. Танабай ұста дүкенге
беттеген. Соңынан Шора дауыстап шақырып алды:
– Тұра тұршы, Танабай! – Аттың үстінде отырған күйі, ердің
қасына етбеттеп, досының бетіне қарады. – Сен маған өкпелеп жүрген
жоқсың ба? Сіңбіруге уақыт жоқ. Еркін отырып, баяғыдай әңгімелесіп,
шер тарқатайын дейсің – уақыт болмайды. Біз көріспегелі қай заман.
Ойлаушы едім: соғыс бітеді, ақжарылқап күні туады деп. Сөйтсем,
күйбең көбеймесе, азаяр емес. Кей-кейде көз ілмей, түні бойы ой
түбінде жатасың. Жадау шаруашылықтың қайтсе қабырғасын жабуға
болады, халықты қайтсе тойындыруға болады, жоспар қайтсе
орындалады? Ел-жұрт есін жиды, енді тұрмыс түзегісі келеді...
Бірақ екеуі еркін бір отырып әңгімелесе алмай-ақ қойды. Бір
жұмысбасты боп кеткен соң, мойын бұруға мұрша бермейді. Уақыт өте
берді, сөйтіп жүріп бір-бірінен мүлде ажырасқанын да білмей қалды...
Сөйтіп сол әңгімеден кейін Танабай тауға барып, Торғай шал
бағып жүрген жылқының ішінен сары тайды тұңғыш рет көрді.
– Маған не мұра қалдырып бара жатырсыз, ақсақал?
Жылқыларыңыз онша емес қой, а? – деп тиісті Танабай шалға
жылқыны қорадан санап шығарып, өз қарамағына өткізіп алғаннан
кейін.
Торғай шәушиген бетінде де, иегінде де қылтанақ жоқ,
шынашақтай қатып қалған көсе шал еді. Басында дағарадай сеңсең
бөрік – тап бір қозы құйрықтың қалпағындай болып тұр. Әдетте
мұндай шалдар шақар, тілі ащы, шақылдақ болады.
Бірақ Торғай шамданған жоқ.
– Барымен мәзір деген, – деді саспастан. – Түгін тартсаң май дей
алмаймын. Бағып көрерсің өзің.
– Жай, әзіл ғой, ақсақал, – деді Танабай жуып-шайып.
– Ішінде іліп алар біреуі бар, – деді Торғай көзіне түсіп кеткен
сеңсең бөрікті түріп қойып, аттың үстінде үзеңгіге аяғын тіреп
көтеріле беріп, қамшының сабымен нұсқады: – Әне, анау оң жақ
қанатта жайылып жүрген сары тайды көрдің бе? Содан шығады әлі.
– Ол қайсысы, әне бір доп-домалақ келтек пе? Көзге қораш екен,
тұрқы қып-қысқа.
– Кеш туған ғой. Өсе келе – жетіліп кетеді.
– Е, оның қандай қасиеті бар?
– Туасы жорға.
– Е, жорға аз ба?
– Мұндайды көп көрмедім. Бұрыңғы заман болса, бұған баға
жетпес еді. Бұрын жорға жарыста мұндай жылқы үшін қырқыста атам
қырғыз қан төгісетін.
– Кәне, көрейік! – деді Танабай.
Екеуі аттарын тебініп қалып, жылқының сыртын айнала беріп,
сары тайды шетке қақпайлап шығарып алды да, алдарына салып
қуалап көрді. Сары тай да жүгіріп алғысы кеп тұрғандай, басын
шайқап, кекілін бір сілкіп тастап, пысқырып жіберді де, кілтпен бұрап-
бұрап қоя берген ойыншық аттай бір толқынмен жүйткіп ала жөнелді.
Табынға қосылмақ болып, алыстан оралып кері қайтты. Сары тайдың
жорғасына қызыққан Танабай шыдай алмай:
– О-о, қарай гөр, жүрісіңе болайын! Қара-қара! – деп айқайлап
жіберді.
– Енді қалай деп едің! – деп кәрі жылқышы шірене жауап қатты.
Екеуі аттарын желдірте басып, бәйге басындағы жас балаларша
қиқулап, жорғаның соңында келе жатыр. Екеуінің дауысына елірген
тай жорғасын үсті-үстіне үдетіп, су жорғасынан бір мүдірмей, ұшқан
құстан емін-еркін ағып жөнелді.
Екеуінің астындағы аттар тайдың жорғасына жай желіспен ілесе
алмай, шапқылап келеді, ал сары тай сол сарында жорғасынан
жаңылмай жайнаң қақты.
– Көрдің бе-ей, Танабай! – деп Торғай шал шауып келе жатып,
бөркін басынан жұлып алды. – Дауыс сезгішін көрдің бе, ұстараның
жүзіндей, қайда салсаң, солай қылпып тұр. Дауыс танығыш-ақ,
айқайға арындай түсуін қарашы! Айт, айт, айта-аа-ай!
Сары тай табынға қайта келіп қосылған соң салт аттылар жайына
кетті.
Бірақ екеуі де астындағы еті қызған аттарын суытып, көпке дейін
таңдай қағысып, таңданумен болды.
– Торғай-аға, көп-көп рахмет сізге! Тамаша тай өсіріпсіз. Менің де
көңілім өсіп қалды.
– Тамаша, – деді шал да қостап. – Тек сен байқа, – деп кенет
желкесін қасып қатулана қалды. – Тіл-көз тимесін. Күні бұрын дабыра
қылып жүрме. Жақсы жорға – сұлу қыз сияқты, құлқын қаққан
құмарлар көп болады. Қыз байғұстың күнін білесің ғой: жақсы адам
жолықса – жадырай түсіп, гүл-гүл жайнайды; жаман адам жолықса
шөлдеген шөптей суалады. Оған қайтып шарапатыңды тигізе
алмайсың. Жақсы ат та сондай. Жақсы атты жайрату оп-оңай. Шауып
келе жатып, зорығып жығылады.
– Қам жемеңіз, ақсақал. Мен де бірдеңе білемін, бала емеспін ғой.
– Е, солай болсын. Аты – Гүлсары. Ұмытпа.
– Гүлсары дейсіз бе?
– Иә. Өткен жазда немере қызым келіп, қолымда тұрды. Соның
қойған аты ғой. Жанындай жақсы көріп кетті. Ол кезде жабағы еді.
Ұмытпа – Гүлсары.
Торғай картайған соң сөзшең болып кетіпті. Түні бойы ақыл
айтып шықты. Танабай шыдап бақты.
Торғай мен кемпірі екеуін Танабай көш жерге дейін шығарып
салды.
Қаңырап қалған киіз үйге енді. Танабай өз үйін көшіріп әкелуі
керек. Көрші үйде оның көмекшісі тұратын болады. Бірақ бұған әлі
көмекші бөлген жоқ. Әзірше жалғыз. Қоштасарда Торғай тағы да
пысықтады:
– Сары тайға тиме. Ешкімді мінгізбе. Көктем шыққанда өзің
үйрет. Абайлап үйрет. Ер салып мінген соң қатты шаппа. Ауыздығын
тарта берме, жорғасынан жаңылып, қыршаңқы болады. Байқа,
Танабай, ә дегенде терлеп тұрып су ішіп жүрмесін. Ет қызуда су ішсе
аяғынан қалады. Кейін әбден бас үйретіп болған соң, мен өліп
қалмасам, көрсетерсің маған!..
Сонымен Торғай жүк артқан түйесін жетелеп, кемпірі екеуі кете
барды. Танабайға жылқы қалды, киіз үй қалды, тау қалды.
Сонда Гүлсары білсе ғой, өзі туралы қанша әңгіме болғанын, әлі
қанша дүрмек сөз боларын, алда нелер күндер күтіп тұрғанын!..
Ол әлі басына жүген-құрық тимеген, бұлан күйде үйірде
бұлғақтап жүрген. Бәрі баяғыдай, айнала сол бір заңғар тау, сол бір
балауса шөп, сол бір сарқырама су. Тек оларды енді бұрынғы шалдың
орнына сұр шинель, солдат құлақшын киген кісі қайыратын болды.
Жаңа қожайынның даусы қырылдақтау, бірақ зілді екен. Жылқылар
оған демде үйреніп кетті. Жатырқамайды, жатсынбайды.
Артынша қар түсті. Деміл-деміл жапалақтай жауып, көпке дейін
тырп етпей жатып алатын болды. Жылқылар тұяғымен қарды тарпып,
тебіндей бастады. Қожайынның бет-ауызы күрең тартты, қолы да
желқақты боп домбығып қалыпты. Аяғына пима, үстіне тон киетін
болды. Гүлсары жабағы жүн жамылды, бірақ сонда да жаурайды,
әсіресе түн суық. Аязды түндерде үйір-үйір жылқы ықтасынға
үймелеп, бірі-біріне тығылып, таң атқанша ақ қырау жамылып тырп
етпей мүлгіп қалады. Қожайын қастарынан шықпай, ат үстінен түспей,
қолқапты қолдарын ұрғылап, бет-аузын уқалап жүреді де қояды.
Кейде кетіп қалып, қайтып келеді. Әрине, кетпегені жақсы. Қожайын
кейде дауыстап яки аяз қысып жөткірініп жібергенде аттар басын
жұлып алып, құлақтарын тіге қалады: қожайынның қастарында екенін
көріп, түнгі желдің ызыңы мен сыбдыры әлдилеген қалпы қайтадан
қалғып кетеді. Сол қыстан бастап Гүлсарының құлағында Танабайдың
даусы бүкіл өмір бойына қалып қойды.
Бір күні тау ішінде боран соқты. Қар тызылдап инедей қадалады.
Жылқының жалы қармен соқталанып, құйрықтары зіл тартып,
көздерін аша алмай қалды. Табынның іші беймаза. Жылқылар бір-
біріне тығылып, қалшылдап барады. Tiс қаққан, кәрі биелер дегбірсіз
оқыранып, жабағы құлындарын ортаға үйіріп жүр. Олар Гүлсарыны
шетқақпайлап сыртқа шығарып жіберіп еді, Гүлсары қайтып ортаға
кіре алсашы. Біразымен тебісіп, омыраулап көріп еді, қайта
бұрынғыдан бетер шеттеп кетті де, үйірдің айғырынан қатты соққы
жеп қалды. Айғыр о баста-ақ айнала орағытып, болаттай тұяқтарымен
қар үріндісін қақырата кешіп, үйірден шашау шығармай бас-аяғын
жинап бақты. Оқтын-оқтын қаһарлы айғыр мойнын жерге салып
жіберіп, құлағын жымқырып, көз түртсе көргісіз қараңғы қойнауға
қойып кетіп, әлденемен арпалысады, аламат осқырынады, біраздан соң
қаһар шашып үйірге қайтып келеді. Шетке шығып кеткен Гүлсарыны
көріп қалып, кең кеудесімен оны қағып өтіп, қайырыла беріп артқы екі
аяғымен бүйіріне бар пәрменімен теуіп кеп жіберді. Гүлсары дем ала
алмай, талып қалды. Ішінде бір нәрсе үзіліп кеткендей болды, шыдай
алмай шыңғырып жіберіп, тәлтіректеп барып бойын әрең жиды. Содан
қайтып ол саяқ шығып кетуді қойды. Үйірдің шетіне тығылып,
жуасып қалды. Бүйірі ауырып, азулы айғырдың көрсеткен жәбірін
ұмыта алмады. Жылқылар қыбырсыз қалған бір сәтте ол алыстан
талып жеткен ұлыма дауысты естіді. Бұдан бұрын ешуақытта Гүлсары
қасқыр үнін естімеген, лезде тұла бойы мұздап, үрей қармап қалды.
Жылқылар дүр етті. Тың-тыңдап қалт тұра қалысты. Құлаққа ұрған
танадай тым-тырыс. Жан шошырлық тыныштық. Қар әлі жауып тұр,
Гүлсарының тұмсығына тырс-тырс құлап, жабысып қалып жатыр.
Қожайын қайда бұл? Мына үрейлі шақта қайда кеткен? Тым болмаса
даусын естіп, ыстанған тонының исін сезер ме еді. Зым-зия, жоқ.
Гүлсары сәл қиястап, жанына көз тастап еді, қорыққаннан қозғала
алмай қалды. Қараңғыда қар үстімен жермен-жексен болып бір
көлеңке жүгіріп өткендей болды. Гүлсары жалт берді, сол сол-ақ, екен
үйір жылқы теңіздің жарға соғылып кері серпілген толқынындай
жапырылып, сөгіліп жүре берді. Есі шыққан жылқылар жан ұшыра
шыңғырып, азыната кісінеп, көзге түртсе көргісіз караңғылыңқа тау
суындай сарқырай құлап жөнелді. Енді оларды тоқтатар күш-құдірет
жоқ еді. Құздан құлаған тау тасындай біріне бірі іліктес, алға қарай
арындай шауып барады. Гүлсары жан ұшырып, есі шыға көсіліп келе
жатқан. Кенет тарс етіп мылтық даусы естілді, артынша мылтық тағы
атылды. Жылқылар құлдырап бара жатып, қожайынның ащы айқайын
естіді. Айқай бір бүйірден шығып еді, енді үсті-үстіне үдеген күйі
жылқының алдын орап алды. Жылқылар әлгі тынымсыз ащы айқай
шыққан жерге барып тірелді. Сол дауыс оларды бастап ала жөнелді.
Иесі қастарында. Ол алдарына түсіп пышақтың жүзіндей қия жолмен
үйірді бастап шауып бара жатыр. Сәл тайып кетсең – түпсіз шыңырау,
құлама құз, қыл көпірден өткендей. Қожайынның даусы бұрынғыдай
емес, бәсеңдеп қырылдаңқырап бара жатты. Сонда да тынбай: «Қайт,
қайт, қайта-а-айт!» деп қуат беріп қояды. Жылқы жануар алдындағы
адамға сеніп, әлгібір үрей мен қорқыныштан ес жия алмай,
қожайынның соңынан сапырыла ілесіп келеді.
Таң кылаң бере Танабай жылқыны бұрынғы тебінге жеткізді.
Жылқылар сонда барып саябырлады. Жылқы біткен өте шыққан
үрейден әлі арыла алмай, өз денелерінен шыққан қалың будың
астында дірдектеп тұр. Ып-ыстық еріндерімен қарды қарпып жатыр.
Қарды Танабай да жеді. Жүрелеп отырып алып, сұп-суық, аппақ қарды
сығымдап уыстап-уыстап асады. Содан соң алақанына бетін басып,
тапжылмастан көпке дейін отырды. Қар болса
Жауған қар жылқылардың арқасына тиісімен
айналды да аяқ астына ағып кетіп жатты.
әлі толастаған жоқ.
еріп, сап-сары суға
Үрінді қар еріп, жердің көгі көтеріліп қалды. Гүлсары тез ет алып,
қоңдана бастады. Жылқылар түлеп, жондары жылтылдап, реңі кірді.
Қақаған қыс пен жұтаңшылық мүлде болмаған сияқты. Өтіп кеткен
қиыншылық жылқы баласының есінде қалмайды, ондай-ондайды
ұмытпайтын адам ғой. Сақылдаған сары аяз, ит-құс ұлыған түндер, ат
үстінен түспеген ақ боранды күндер, қатып қалған аяқ-қолын
жылытып жан шақырған от басы, ауыр азаптан қажып жылап
жібермес үшін ерінін тістелеп сазарған шақтар, көктемнің қара
қатқағы, жылқы тебіндеуге мұрша бермей темірдей құрсаулаған көк
мұз, омақаса құлап орнынан тұра алмай қалған көтерем аттар, – бәрі-
бәрі адамның ғана есінде. Таудан түсіп, колхоздың кеңсесіне келіп,
өлген мал туралы актіге, кірерге жер таба алмай тұрып қол қойғаны да
есінде. Кенет колхоз бастықтың столын жұдырығымен қойып қалып,
шыдай алмай айқайлағаны да есінде.
– Сен неге маған алая қарайсың! Мен фашист емеспін ғой!
Жылқының қорасы қайда, жем-шөбі, сұлысы қайда, тұзы қайда? Жел
обып күн көреміз! Өстіп те жұмыс істеуге бола ма екен? Көрсеңші
мына біздің қандай қамыт киіп жүргенімізді! Біздің қырық құрақ киіз
үйімізді, меңің үй ішімнің қандай екенін көрсеңші бір барып! Бүйіріміз
томпайып нан жемейміз бір. Майдандағы өмір жүз есе артық екен
бұдан. Ал, сен болсаң маған ана арам қатқан жылқыларды мен
қылқындырып өлтіргендей ала көзіңмен қарайсың!
Колхоз бастықтың сондағы үн-түнсіз үрейлі кескіні есінде, күл
беттеніп кеткен екен. Әлгібір ашу үстінде айтып салған сөзінен өзі
қысылып, колхоз бастықтан кешірім сұрағаны да есінде.
– Сен... сен кешір мені, ашумен абайламай... – деп міңгірледі ол.
– Мен сені емес, сен мені кешір, – деді сонда Шора.
Колхоз бастық қамбашыны шақырып алып:
– Мынаған бес кило ұн бер, – деп бұйырған кезде Танабай
бұрынғыдан бетер қысылды.
– Яслиге ше? – деді қамбашы.
– Қайдағы ясли? О құдайдың құдыреті, ұдайы шатастырасың да
жүресің! Бер! – деп шорт кесті Шора.
Танабай ұнды алмайын-ақ деп бақты. Жақында сиыр туады,
қымыз да болады, өйтіп-бүйтіп жаңа астыққа ілінерміз демекші еді,
бірақ бастықтың түрін көpiп, оның қамбашыны алдағансыған амалын
аңдап, үн қатпай қалды. Кейін сол ұннан істелген кеспе көжеге аузын
күйдіріп алмасы бар ма:
– Сен немене, мені жидітіп өлтірейін деп пе ең? Мынауың қайнап,
піскен бе? – деп қасықты тастап кеп жіберетін.
– Суытып іш, кішкентай бала емессің ғой, – деуші еді әйелі аспай-
саспай.
Ұмытпапты, бәрі есінде.
Енді міне май келді. Айғырлар азынап, бірімен бірі қақтығысып
қай жеңгені бөтен үйірдің жас байталдарын қуалап кетіп жатыр.
Жылқышылардан да тыныштық кеткен. Алысқан айғырларды
ажыратып сабылып-ақ жүргені, кейде сол айғырларға бола өзара
керілдесіп, тіпті қамшы үйірісіп қалады. Ал, Гүлсарының бұлаңдаған
жүрісін айтсаңшы. Өткінші жаңбырдан соң күн жарқырап, тас екеш
тасқа дейін шөп шығып, қаулап барады. Көкорай шалғын жап-жасыл,
ал жасыл зүмірәт үстінде асқар-асқар таулар басында аппақ қар күнге
шағылысып жатады. Сол бір көктемде сары жорға жас дәуреннің
қызығына мас еді. Жабағы жүндес жадағайлау тапал тай құлпыра түсіп
құнан шығып келе жатты. Бойы жазылып, тұрқы ұзарып, бұрынғы
балауса жұмыр денесі енді шиыршық атып, кеудесі дамып, қарны
қаншырдай қатып тұлғалана түсті. Кең қолтың, тар бөксе, басы да
нағыз жорғаға жарасымды бас: қырнап алар қырым еті жоқ, бөкен
тұмсық, тостағандай төңкерілген көздері алшақ біткен, жымқырма
жинақы ерін. Бірақ өзінің бұл сымбатын біліп жатқан Гүлсары жоқ.
Бұл кезде оның бар құмары тынымсыз шаба беру еді. Қожайынға да
тыныштық жоқ. Өзі құралпы тай-құнанды еліктіріп, еліртіп солардың
арасында сап-сары жұлдыздай боп ағып жүргені. Қайдағы бір
қажымас күш бойын кернеп, өрге шабады, өрден ылдиға, ылдидан
сайға, сайдан қырға, тау-тасты қоймай тасырлата кезеді. Жұлдыздар
жамырап, түн жамылып, жылқылар жусап жатқан кезде де, Гүлсары
түсінде аяғының астында танабы тарылып, зымырап жердің қалып
бара жатқанын көріп, құлағында жел ызыңдап, тұяқтарының тарсылы
қоңыраудай сыңғырлап естілер еді.
Жылқышыға Гүлсары әбден үйреніп кетті, жатсынбайды,
жатырқамайды. Танабай малға қатыгез емес. Рас, кейде тай-құнандар
тым есіріп, алыстап кеткенде ғана қуып жүріп балағаттайтын. Кей-
кейде сары жорғаға жетіңкіреп қалғанда сауырына құрықпен бір-екі
рет салып қалғаны да бар. Сонда Гүлсары ұрғаннан емес, үріккеннен
тұла бойы дір-дір етіп шошынып қалып, іле-шала бұрыңғыдан бетер
су жорғасына басатын. Үйірге қарай Гүлсары жұлдызша ағып келе
жатады. Соңынан құрығын көлденең ұстап Танабай шауып келеді,
Гүлсарының жорғасына сүйсінгеннен шыдай алмай айқайлап әнге
басады. Жылқышының масаттанып ән салғаны Гүлсарыға ұнайды, ән
әуенінің ырғағымен шапқанды жақсы көреді. Кейін ол әр түрлі әуенді
көп естіді: көңілдісін де, мұңлысын да, ұзағын да, келтесін де, сөзі
барын да, сөзі жоғын да талай-талай естіді. Гүлсары тағы да
Танабайдың жылқыларға тұз жалатқан сәтін ұнататын. Ұп-ұзын ағаш
астауға қожайын тікен тұз әкеп салған кезде жылқы біткен жапа-
тармағай жабылар еді. Әне, рахат деп соны айт. Ақыры Гүлсарының
түбіне сол тұз жетті.
Бір күні қожайын бос шелекті қаңғырлатып: «По-пo-пo!» деп
жылқыларды шақырды. Жылқылар жүгіріп келіп, астауға бастарын
тығып жіберіп, тұз жалай бастады. Басқа аттардың арасында Гүлсары
да тұз жалап тұрған. Қожайын көмекшісі екеуі қолына құрық ұстап
жүрген. Оған Гүлсары мән берген жоқ. Құрық оған тимейді. Құрықпен
мініс аттарын, сауын биелерді ұстайды, Гүлсарыға құрық тимейді.
Гүлсары жүген-құрықтан азат жануар. Кенет қыл арқан оның басын
сипай өтіп, мойнына барып ілінді де қалды. Гүлсары тұзақтан әзір
секем алмай, тұз жалап тұра берді. Басқа баз бір жылқыларға құрық
салғанда осқырынып, тұра кеп жұлқынып, шапшып аспанға атылады,
ал Гүлсары болса былқ етер емес. Бір мезгілде тұздан шөліркеген
Гүлсары сайдан барып су ішпек боп жүре беріп еді, мойнындағы тұзақ
тартылып қалып, кілт тоқтатты. Мұндай бәле бұрын болып көрген
емес. Гүлсары кегжең етіп, көзі шарасынан шыға аларып осқырынып
кеп қалды да, аспанға бір-ақ қарғыды. Жанында жаңа ғана тұрған
жылқылар қас-қағым ішінде безіп кетіпті. Гүлсары қыл арқан ұстап
тұрған адамдармен бетпе-бет жалғыз қалды. Қожайын алдында, арт
жағында көмекшісі тұр. Бір топ бала жиналып қалыпты. Олар мына
жылқышылардың тауға ылдидан таяуда ғана келген балалары еді. Келе
сала жылқыны үздіксіз айнала шауып шуылдап Гүлсарыны мезі
қылған.
Жорғаның үрейі ұшты. Жанталасып аспанға тағы атылды, үсті-
үстіне шашпыды. Күн селтеңдеп секіріп тұрғандай-ақ көзінің алдынан
шеңбірек атып от жарқылдады. Тау төңкеріліп, жер айналып, адамдар
аласапыран құлап түсіп жатты. Алдыңғы аяғымен тынымсыз тарпып
тұрған қара қорқау шыңырау бір сәтке көзінің алдын көлбеді.
Бірақ ол қанша жанталасып тулағанмен құрықтан құтыла алмады,
қайта мойынындағы қыл тұзақ қылқындырған үстіне қылқындырып,
демін бітеді. Енді жорға бұрынғыдай адамдардан аулаққа қарай
жұлқынбай, тұп-тура солардың өздеріне қарсы қарғыды. Әлгі кісілер
жапырыла жалт берген кезде аз да болса қыл арқан босаңсып қалды.
Гүлсары арқан ұстаған адамдарды сүйрете-мүйрете шаба жөнелді.
Әйелдер ойбайлап, балаларын үйлеріне қуалап тықты. Әйткенмен
жылқышылар жермен сүйретіліп барып, аяқ тіреп үлгерді. Енді
Гүлсарының мойнындағы тұзақ бұрынғыдан бетер буындырып,
тынысы тарылды. Демі таусылып, басы айналып сандалып барып,
тұрып қалды.
Қолындағы арқанды саумалай ұстап қожайын бір бүйірден бірте-
бірте жақындай берді. Гүлсары оны бір көзінің қиығымен көріп тұр.
Қожайынның киімі дал-дал, бет-аузы жырылып, қанталап кетіпті.
Сонда да жүзі жылы, көзі мейірімді екен. Алқына дем алады, қанаған
ерні қыбырлап, даусы шығар-шықпас сыбырлап:
– Тек, тек, Гүлсары. Қорықпа, қорықпа, қозғалма! – деді.
Оның ізінше, арқанды босатпай ұстап көмекшісі келеді.
Қожайынның қолы бір кезде жорғаның мойнына жетті-ау, әйтеуір.
Гүлсарыны басынан сипалап тұрып, артына бұрылмастан көмекшісіне:
– Жүгенді әкел! – деді.
Көмекші жүгенді ұстата салды.
– Тәк, тәк, Гүлсары! Ой, тентегім, – деп қожайын құлағының
түбінен қаси берді. Жорғаның көзін алаңанымен қалқалап тұрып,
басына жүгенді кигізіп те үлгерді.
Енді ауыздығын салып, ерін ерттеу керек еді. Жүген кигізген кезде
Гүлсары осқырынып, жұлқынып қап көрген, бірақ Танабай оның
үстіңгі ернін шап беріп уыстап ұстап алды.
– Бұрауды әкел! – деп айқайлады көмекшісіне. Көмекші жалма-
жан жорғаның үстіңгі ерніне қайыс бұрау салып жіберіп ағаш тиекпен
бұрай бастады.
Жорғаның жаны шыға жаздап, амалсыздан артқы екі аяғын бүгіп
шоңқиып отырып қалды да, қайтып тырп ете алмады. Сұп-суық темір
ауыздың сылдырлап тісіне тиіп, артынша езуіне кептеліп қалды.
Адамдар арқасына бірдеңені лақтырып салып, кеудесін қыса әлдебір
қайысты жұлқа тартқан кезде жорға тіпті ары-бері теңселіп те кетті.
Бірақ жорға оған мән берген жоқ. Бұрау салған ерні ауырып жаны
шығып барады. Көзі шарасынан шыға жаздады. Тырп етуге шама жоқ.
Жанының ауырғаны сонша, үстіне қожайын қашан, қалай мініп
алғанын да байқамай қалды. Тек ернінен бұрауды алып тастаған кезде
ғана есін жиды.
Ә дегенде жорға басы айналып, тұла бойы сіресіп, ауырлап біраз
тұрды. Сонан соң көзінің қиығымен абайлап шоқтығына бұрылып
қарады да, өзінің үстінде шоқиып отырған адамды көрді. Шошып
кетіп, ата кеп жөнелейін деп еді, аузын ауыздың жыртып кете жаздады,
ал үстіндегі адамның аяғы екі бүйірін тесіп барады. Амалы құрыған
жорға аспанға шапшып, ақилана аласұрып, шыңғырып-шыңғырып
жіберді. Тұра қалып мөңкіп те көрді, еңсесін басып тұрған үстіндегі
зілдің бәрін сілкіп тастамақ боп шиыршық ата бұлт етіп атырылып
қалып еді, бірақ басқа бір аттың үстіндегі адам тақымына қыл
арқанды басып алған екен, сол арқан тартылып барып, жорғаны
жұлқып тоқтатты. Енді жорға әлгі атты адамды айнала арқан жетер
жерді шыр айналып, шеңбер бойлап шаба берді. Осы шеңбер жазылып
кетсе, босанып шығып бас ауған жаққа безіп жоғалар еді. Бірақ құрсау
шеңбер жазылған жоқ, Гүлсары сол шеңбермен айнала берді, айнала
берді. Адамдарға керегі де сол еді. Қожайын оны сауырынан
қамшылап, қос өкпеден етігінің өкшесімен соққылайды. Жорға оны
дегенмен екі рет үстінен ұшырып түсірді. Бірақ қожайын оған қайта-
қайта қарғып мініп алады.
Бұл машақат тым ұзаққа созылды. Жорғаныц басы айналды,
көзінің алды бұлдырап, жер дүние қоса айналады, киіз үйлер
шыркөбелек айналады, аулақта жайылып жүрген жылқылар
шыркөбелек айналады, таулар төңкеріліп, аспандағы бұлттар да
шыркөбелек айналады. Жорға зорықты, шабысты қойып, қыбырлай
бастады. Шөлдеп барады.
Бірақ оған адамдар су ішкізбеді. Кеш болғанда оның ертоқымын
алмастан, тек тартпасын босатып мама-ағашқа байлап қаңтарды да
қойды. Жүгеннің тізгіні тартылып ердің басына байланған. Басы
қақшиып, кегжиеді де тұрады, бұл қалпында жата да алмайды.
Үзеңгілер де қайырылып ердің басына ілінген. Осылайша қаңтарылып
түні бойы тұрды-ау. Басқа түссе баспақшыл, басына түскен істің
сырына түсіне алмай сүмірейіп қалған. Ауыздық сәл қимылдаса
жанын қинап тырп еткізбейді. Аузындағы темірдің таты да сүйкімсіз-
ақ. Ауыздық жырған езуі ісініп кеткен. Тартпа қысып тастаған төсі де
сыздап ауырады. Ер соғып тастаған арқасы қақсайды. Су ішкісі келіп
өліп барады. Анадайда сарқырап ағып жатқан өзеннің сарынын есітіп
онан бетер шөлдейді. Өзеннің арғы бетінде әдеттегіше жылқылар
жайылып жүр. Тұяқтардың дүрсілі, жылқылардың кісінегені, түнгі
жылқышының айқайы естіледі. Киіз үйлердің жанында, от басында
адамдар әңгіме-дүкен құрып отыр. Балалар итше үріп, иттерді
шабаландырып жүр. Жорға байғұс қақшиып, қаңтарулы тұр. Ешкімнің
мұнымен жұмысы жоқ, бәрі ұмытып кеткен сияқты.
Артынша ай да туды. Қараңғы түн құшағынан таулар үн-түнсіз
қалқып шығып, ай сәулесі астында теңселіп тұрған тәрізді. Жұлдыздар
бұрынғыдан бетер шақшиып, жерге жақындап, төмендей түскен
сияқты. Тырп ете алмай құрсауда тұрған жорғаны әлдекім іздеп
жүргендей көрінді. Өзімен бір мезгілде туып, ылғи да бірге өсіп, бірге
жайылып жүретін домалақ торы байталдың кісінегенін естіді.
Байталдың маңдайында төбелі бар еді. Үнемі Гүлсарымен бірге
жүргенді ұнататын. Торы байталды көрген азбан айғырлар оқырана
беретін болып алды. Бірақ байтал олардан қашып шығып, Гүлсарымен
қосылып шығанға шығып кетуші еді. Домалақ байтал шынжау өсті,
Гүлсары болса енді құнан шығып келеді, екеуінің де ойында ештеңе
жоқ, екеуі де мына кең дүниенің бейкүнә перзенттері еді.
Торы байталдың кісінегені жап-жақын жерден естілді. Гүлсары
оның даусын жазбай таныды, дәл өзі. Жорға оған кісінеп жауап
қатайын деп еді, жырылып, ісіп кеткен езуінен жасқанды. Ашса, жаны
шығып кете жаздайды. Ақыры торы байтал оны іздеп тапты. Желе
жортып, ай сәулесімен маңдайындағы ақ теңбілі жарқырап, жанына
келді. Құйрығымен шашасы су екен. Өзеннен өтіп келген, үстінен
салқын судың лебі сезіледі. Келіп жеткен бойы жорғаның мойнына
тұмсығын тығып иіскелеп, жып-жылы ернімен түрткіледі. Аймалап,
пысқырынып, жорғаны өзеннің арғы бетіне шақырғандай болады. Ал,
жорға болса орнынан қозғала алмас. Енді торы байтал оның мойнына
асылып, тісімен желкесін қаси бастады. Жорға да торы байталдың
мойнына иек артып, шоқтығын, желкесін қасылауға тиіс еді. Бірақ
лажы жоқ, домалақ байталдың аймалауына аймалап ықылас білдіре
алмас. Қозғалуға дәрмен жоқ. Шөлдеп барады. Әттең, торы байтал
оған су әкеліп бере алар ма еді! Ақыры торы байтал желе жортып
өзеннен ары өтіп, буалдыр түн түнегіне сүңгіп жоқ боп кеткенше жорға
оның соңынан қарады да тұрды. Келді де кетті. Сонда Гүлсарының
көзінен жас мөлтілдеді. Парлаған жас тұмсығын айғыздай ағып, үн-
түнсіз аяғының астына тамшылап жатты. Жорға өмірінде тұңғыш рет
осылай жылады.
Таңертең қожайын келді. Ол көктемгі таулар көрінісіне күлімсіреп
сүйсіне қарап тұрып, омыртқасы күтірлегенше керіліп-созылып алды.
– Ой, Гүлсары-ай, кеше мені тәуір-ақ әуреледің-ау. Немене?
Жаурадың ба? Қаншырдай қатып қалыпсың ғой өзің. Тамаша!
Қожайын жорғаны мойнынан сипалап, әлдене деп жылы-жылы
сөздер айтып тұр. Гүлсары оның не дегенін қайдан түсінсін. Ал,
Танабай болса:
– Сен өкпелеме, досым. Қашаңғы бұлғақтап бос жүресің. Ештеңе
етпейді, әлі-ақ үйреніп кетесің. Рас, біраз азаптандың, онсыз
болмайды, досым. Өмір деген, бауырым, әлі-ақ төрт аяғыңды да
тағалайды. Ал, бірақ оның жақсылығын да көресің, жол үстінде
жатқан көрінген тасқа сүрінбейсің. Ашығып қалдың ба? Шөлдеп
тұрсың ба? Білемін... – деп еді.
Танабай жорғаны жетектеп өзенге алып келді. Жарақаттанған
езуінен ауыздықты абайлап шығарды. Гүлсары дір-дір етіп, суға бас
қойды дейсің, мұздай су шекесінен бір-ақ шықты. Оһ, шіркін, неткен
тәтті су десеңші, осы судан ішкізген адамға құл болуға Гүлсары дән
риза!
Әне, солай. Содан кейін жорға ер тоқымға әбден үйреніп алды,
тіпті қымс етпейтін болды. Үстіне қожайын мініп алғанына
шаттанғандай, қайта құстай ұшып, заулап береді. Танабай ылғи
тізгінін тартып демеп отырады, Гүлсары сонда дүл-дүл жорғасына
басып, әсем ырғақпен зымырап жөнеледі. Үстінде адам отырғанда
суырылып шығып, атқан оқтай мүдірмей кететіні сонша көрген адам
жағасын ұстап:
– Ой, тоба, үстіне су қойсаң бір тамшысы төгілмес-ау, – деп
таңқалысатын.
Ал бұрынғы жылқышы кәдімгі Торғай шал Танабайға дән риза
болып:
– Өркенің өссін, Танабай. Жақсылап суытып, бабымен үйреткен
екенсің. Ал, енді жорғаңның жұлдызы жарқырап жанады, көрерсің, –
деген.
3
Қаусаған арбаның дөңгелектері көпті көрген көне жол үстінде
баяу ғана сықырлайды. Әлсін-әлсін әлгі сықыр үзіліп-үзіліп қалады.
Дәрменсіз жорға тоқтай береді. Тоқтап тұрып, құлаққа ұрған танадай
тыныштықта өз жүрегінің: түм-түп, түм-түп, түм-түп, – деп соғып
тұрғанын естиді.
Танабай шал Гүлсары, демін алғанша күтіп тұрады да:
– Жүр, Гүлсары, жүре ғой, күн кеш боп барады, – деп тізгіннен
тартады.
Осылайша олар тағы бір жарым сағаттай ілби басты. Бір кезде
жорға мүлде тоқтады. Одан әріге ол арбаны сүйреп жылжи алмады.
Танабай тағы да аттың о жағына бір, бұ жағына бір шығып, күйбеңдеп
жүр.
– Саған не болды, Гүлсары? Түн түсіп кететін болды ғой!
Бірақ ат енді оны түсінуден қалды. Теңселіп әрең тұр, өз басы
өзіне ауыр жүк болғандай салбырап кеткен, шайқап қояды. Осы
түрімен арбаға жегулі. Құлағына өз жүрегінің дүрсілі түм-түп, түм-түп
деп сартылдап естіледі.
– Кешір мені, Гүлсары, – деді Танабай. Ә дегенде-ақ білсемші,
сорлы басым. Бұл арба сенің садағаң боп неге кетпейді, қамыттың да,
бәрінің де атасына нәлет. Тек сен жетсең болды үйге.
Дереу тонын лақтырып тастап атты арбадан доғара бастады.
Тертеден босатып, басынан қамытты сыпырды да, күллі әбзелді
арбаның
үстіне
домбаздап
атып
ұрды.
– Міне, керек болса, – деді ол тонын қайта киіп, жорғаға қарап
тұрып. Қамытсыз, әбзелсіз аттың басы ебедейсіз үлкен екен, кешкі
қарабарқын суық даланың қақ ортасында тұрғанда Гүлсары о
дүниеден оралған әруақтай боп көрінді. – Апыр-ай, Гүлсары-ай, түрің
қандай боп кеткен? – деп сыбырлады Танабай. Мына түріңді Торғай
марқұм көрсе, көрінде бір аунап түсер-ау...
Танабай атты тізгінінен тартты. Екеуі жолға түсіп ілбіп басып
барады. Кәрі ат, қартайған адам. Артта қаусаған арба адыра қалды, ал
алдарында – күнбатыста, қара жолдың үстін күлгін-күңгірт
қараңғылық тұмшалап алған. Тауларды шырмап алып, көкжиектің
белдеуін өшіріп, түн қанат жайып келе жатты.
Танабай келе жатып, осы ұзақ жылдар ішінде жорғаға байланысты
өткен-кеткеннің бәрін есіне алып, адамдар туралы: «Бәріміз де
осындаймыз. Оңар қылығымыз жоқ. Бірімізді біріміз қатты ауырып,
хал үстінде жатсаң, яки өліп қалсақ қана еске аламыз. Сонда ғана оның
қадірін біліп, қандай асыл азаматтан айырылғанымызды айтып,
әттеген-ай десеміз. Адамдарға солай қарағанда, тілсіз хаюанның
қадірін кім білмек? Кім мінбеді бұл Гүлсарыға? Кім қызығын көрмеді?
Ал, сол Гүлсары қартайып еді, лезде бәрі ұмытты. Ендігі келе жатысы
мынау. Шіркін, қандай ат еді!..» – деп ойлады.
Танабайдың есіне өткен-кеткен тағы орала берді. Оның бір
таңданғаны – осы күнге шейін өткен өмір жолына қайырылып бір
қарамапты ғой. Енді міне қай-қайдағының бәрі тіріліп, көз алдынан
тізіліп өтіп жатыр. Ештеңе де естен мүлде шығып кетпейді екен.
Бұрын ол өткен-кеткенді көп ойламаушы еді, ойлағысы да келмейтін.
Енді ұлы мен келінінің әңгімесінен кейін мына түн жамылған жол
үстінде өлесі жорғаны жетектеп келе жатып өткен өміріне өкінішпен,
қапамен қайта бір көз тастап еді, бәр-бәрі мұнардан қалқып
шыққандай жанарының алдына қаз-қатар боп тұра қалды.
Батпан-батпан ауыр ойлар орманын аралап келе жатыр, жорғаның
халі нашарлай берді, ілбіген жаяуға ілесе алмай титықтап, кегжеңдеп
тұрып қала береді.
Тізгінді тарта-тарта Танабайдың қары талды. Сонан соң ол тізгінді
басқа иығына алмастырып салып тағы тартты. Ақыры бұ да
титықтатқан соң, тоқтай қалып жорғаға тыныс алдырды. Біраз
ойланып тұрды да, аттың басынан жүгенді сыпырып алды.
– Жүр, шамаң келгенше алға түсіп жүре ғой, мен артыңнан
ілесейін. Сені тастап кетпеймін мен, – деді Танабай. – Кәне, жайлап
қана жүре ғой.
Сөйтіп жорға алдыға түсті, соңынан Танабай ілесті, жүгенді
иығына салып алды. Жүгенді сірә тастамас. Гүлсары әлсін-әлсін
тоқтайды, ол әл-қуат жиып алғанша Танабай күтіп тұрады. Екеуі ілбіп
басып қайтадан жүреді. Кәрі жылқы, қартайған адам. Екеуден екеу-ақ.
Дәл осы жолдың үстімен бір кезде Гүлсарының талай құйғытып
өткенін есіне алып, Танабай сынық қана езу тартты. Жорға жүйткіп
өткен жолда ұзыннан-ұзақ шұбатылып шаң қалар еді. Аққан
жұлдыздың ізіндей шаңға қарап-ақ адамдар Гүлсары шауып бара
жатқанын жазбай танитын. Желсіз күні Гүлсары зымырап өткен
жолдың үстінде реактивті самолеттің түтініндей боп аппақ ақ сызық
пайда болады. Анадайда алыстан осыны байқаған шопан көзін
қолымен көлегейлеп тұрып: «Оһ, соның өзі ғой, Гүлсары ғой!» – деп
аузының суы құрып, Гүлсары үстіндегі адамнан қызғанар еді. Ал,
жорға мінген бақытты адам бетіне аптап жел шарпып, қанат біткендей
масаттанып ұшып келе жатады. Мұндай жорға тақымына тигенде
кезкелген қырғыз баласы өзін асқан бақыттымын деп санар еді.
Гүлсары – Гүлсары болғалы қанша колхоз бастық көрмеді дейсің.
Олардың ішінде ақылдысы да, ақымағы да болды, ақ жүрек адалы да,
суыққол арамы да бар еді, бірақ кім болса ол болсын, бәрі де колхозға
бастық боп келген күннен бастап, кеткен күніне дейін танбастан тек
Гүлсарыға мінетін.
«Қайда солар қазір? Ертеден кешке дейін өздері үстінен түспейтін
Гүлсарыны естеріне анда-санда ала ма екен?» – деп ойлады Танабай.
Екеуі бір-бір басып терең сайдағы көпірге де жетті-ау, әйтеуір.
Жетіп, тоқтады. Жорғаның жерге жата кеткісі келіп, аяқтары бүгіле
беріп еді, бірақ Танабай жатқызбады: бір жатып қалса қайтып тұрғыза
алмасын білді.
– Тұр, түрегел! – деп айқайлап, аттың басына жүгенмен салып
қалды. «Бекер ұрдым-ау» деген ойдың ашуымен одан бетер айқай
салды: – Түсінбейсің бе, мақлұқ? Арам қатайын дедің бе? Өлмейсің!
Өлтірмеймін! Тұр! Тұр дегенде тұр! – деп аттың жалынан тартты.
Гүлсары төртеуі төрт жаққа кете жаздаған аяқтарын әрең дегенде
қайта түзеп алды, қатты ыңырсып қоя берді. Түн қараңғы болса да
Танабай аттың көзіне қарауға дәті шыдамады. Аттың мойнын, арқасын
сипалап, сол жақ қолтығына құлағын тосты. Жануардың жүрегі
кеудесінде шылау оралып қалған диірмен тастай лекіл-лекіл
тарсылдап, қақалып қалып тұр екен. Танабай қашан белі талғанша
мына сұрапыл дыбысқа құлағын тосып тұрып қалыпты. Бір кезде
бойын жазып, басын шайқап, ауыр күрсініп алды да тәуекелге бел
байлады. Қазір көпірден өткен соң қара жолдан шығып, сай қуалап
жүретін жалғыз аяқ соқпаққа түспекші болды. Тауға баратын сол
жіңішке жолмен жүрсе үйіне әлдеқайда тезірек жетпек. Рас, түн ішінде
адасып кетуі де кәдік еді, бірақ Танабай бұл жерлердің ой-шұқырын
бұрыннан бес саусағындай білетін, тек ат шыдаса болғаны.
Шал осыны ойлап тұрғанда алыстан келе жатқан машинаның
жарығы көрінді. Жарқыраған екі көз түн түнегінің арасынан лезде
пайда болып, теңселген ұзын сәуле арқылы жолдың бойын тінткілеп,
жылдам жақындап қалды. Танабай жорға екеуі көпірдің дәл аузында
тұрған. Әлгі келе жатқан машина бұл екеуіне ешқандай көмек бере
алмайтын еді, соны біле тұра Танабай машинаның келуін күтті. Неге
күтіп тұрғанын өзі де білмейді. «Әрең дегенде әйтеуір біреуі көрінді-
ау», – деді мына жолдың үстімен адамдар келе жатқанына іші жылып.
Жүк машинасының фарлары тым жарқырап, Танабайдың көзін қарып
өтті. Танабай көзін қолымен баса қалды.
Машинаның кабинасында отырған екі адам көпірдің аузында
тұрған шал мен көтерем атқа аңырая қарасты. Ат дейтін ат емес, бейне
бір адам соңынан ілескен ит сияқты, өйткені үстінде ер-тоқымы,
басында жүгені жоқ. Қараңғылықты тілгілеген сәуле шоғы аппақ
болып бір сәтке шал мен атты нысанаға алып, әлгі екеуін әруақтың
сүлдесіндей сурет қылып көрсетті.
Шофердың жанында отырған ұзын тұра, малақай киген жігіт:
– Қызық екен, түн ішінде мұнда неғып жүрген адам? – деді.
– Ә, әлгі жолда көрген арба осыныкі болды ғой, – деп шофер
машинаны тоқтатты. Кабинадан басын шығарып: – Ей, шал, неғып
тұрсың? – деп айқайлады, – Жолға арбаны тастап кеткен сен бе?
– Иә, мен, – деді Танабай.
– Бәсе. Қаусаған бір арба тұр жолдың үстінде, жанында ешкім
жоқ. Әбзелін алып кетейік десек, о да бір татымсыз нәрсе екен.
Танабай үндеген жоқ.
Шофер кабинадан түсті, шалдың жанынан өте бере аузынан арақ
исі бұрқ етті, жолдың үстінде талтайып тұрып дәрет сындырды.
– Арбаны неге тастадың? – деді мойнын бұрып.
– Ат болдырып, тарта алмай қалды, кәрі ғой, жануар.
– М-м. Енді қайда бара жатырсың?
– Үйге. Сарығоу шатқалына.
– Тю-у, – деп ысқырып жіберді шофер. – Тауға ма? Жолымыз
басқа екен. Мейлі машинаның үстіне шығып отыра ғой, совхозға дейін
жеткізіп тастайын, одан әрі үйіңе ертең барасың.
– Рахмет. Атты тастап кете алмаймын.
– Мына әлексені ме? Өй, оны итке таста, ары орға итеріп
жіберсеңші – бітіп жатыр ғой. Әйтпесе біз көмектесейік.
– Бар, бара бер, – деді Танабай түнере түсіп.
– Өзің біл, – деп мырс етті шофер кабинаның есігін тарс жауып: –
Шал алжыған болу керек, – деді серігіне.
Машина орнынан қозғала берді, бұлыңғыр сәуле жолды тінткілеп
бара жатты. Машинаның арт жағындағы қызыл шамның жарығымен
қызарып көрінген көпір сықырлады.
– Қарт кісіні неге қорлайсың, өзіңнің басыңа түссе қайтер едің? –
деді шоферге малақайлы ұзын тұра жігіт.
– Оттапсың... – деді шофер есіней беріп, рульді бұрып қойды. –
Мен де талайды көргенмін. Айтсам – істің жөнін айттым. Қарай гөр,
көтерем атты қимауын. Ескінің қалдығы десеңші онан да. Қазір,
бауырым, техникасыз күн жоқ. Қайда барсаң – техника. Соғыста да –
техника. Әлгіндей шалдар мен жылқының заманы өткен.
– Айуансың сен! – деді шоферға ұзын тұра.
– Атаңның қақбасы, – деді шофер.
Машина кеткен соң қараңғылық қайта қаптады. Түн түнегіне көзі
үйренген кезде Танабай жорғаны алдына салып:
– Шу, жануар, шу! – деді.
Көпірден өткен соң атты қара жолдан жалғыз аяң соқпаққа бұрып
салды, сонан соң сай бойындағы көмескі көрініп жатқан соқпақпен
екеуі баяу басып, өрлей берді. Тау шоқыларынан ай шеті қылтиды.
Сұп-суық аспандағы жұлдыздар да оның тууын тағатсыз күтіп, ызғар
шаша
дірдектеп
тұр
еді.
4
Гүлсары үйретілген жылы жылқылы ауыл күзекте көп отырды.
Бұрынғыдай емес, күз сол жылы ұзаққа созылды, қыс та жұмсақ
болды, қар жиі жауғанмен жатып алмай тез еріп кетіп еді, жем-шөп
жеткілікті, мал қыстан күйлі шықты. Көктем туа жылқылар тағы да
тау бөктеріне түсіп, дала гүлденісімен кең жайлауға ойысты.
Соғыстан соңғы осы кезең Танабай өміріндегі ең бір нұрлы шақ
еді. Қарттықтың боз дөнені мұны алыста да емес, бірер қырдың
астында күтіп тұрса да, Танабай әзіргі дәуренінде жас жорғаға мініп,
шалқып жүрген. Зәуде осы жорға оның тақымына енді екі-үш жыл
кешігіп тисе, онда Гүлсарыны қазір мінгендегідей ләззат дәмін тата
қоймас та еді, ер жігіттің шабытты шағын бастан кешпес те еді.
Астында жорға барда Танабай жұрт көзінше сылқым бастырып,
сылаңдап жүруді кей кезде жек көрмеді. Сынаптай сырғып тұрған
жорғаға мініп жүріп сылқым болмасқа да лаж жоқ! Мұны Гүлсары да
жақсы сезетін. Әсіресе таудан түсіп айылға
1
келе жатқанда, егін
даласына жұмысқа бара жатқан топ-топ әйел жолығар шақ ерекше еді.
Танабай сонадайдан-ақ қамданып, ер үстінде бойын түзеп, қимылы
ширап, денесі жеңілдеп сала беретін. Оның бұл қимылын сезген
Гүлсары да құлпыра түсіп сылаң басатын. Сол бір кездерде оның
құйрығы сауырымен деңгейлесе шаншылып, жалы желмен желбіреп
бара жатқаны. Пысқырынып қойып, билей басып, әсем толғайтын. Ақ,
қызыл орамал байлаған әйелдер жорғаға жол беріп, қақ жарылып,
тізеден келетін бидай егістігіне шығып тұрады. Міне, олар басы
айналғандай бірден тоқтай қалды, бәрі бірдей жалт-жалт қарасты:
жорға зу етіп өте шыққанда әйел жүздері, күлімдеген көздері,
маржандай аппақ тістері көрініп қалады.
– Әй, жылқышы! Тоқт-а-а!
Арт жағынан айқайлай күлісіп қалысады.
– Байқа, бәлем, түсерсің қолымызға!
Айтса айтқандай, бір-бірінің қолдарынан ұстасып, жолды бөгеп
тұрып, ұстап алған кездері де болды. Айтпа, оны! Бұл қатындарды
қойсаңшы, қылжақбастығына дауа жоқ қой. Танабайды аттан аударып
алып, қа-қа-қалап, у да шу болады. Жылқышының қолынан
қамшысын тартып алады:
– Айт жаныңның барында, бізге қашан қымыз әкеліп бересің?
Біз ертеден кешке дейін таңдайымыз кеуіп, далада жұмыс істейміз,
сен болсаң жорға мініп, шайқаңтап жүресің!
– Е, сендерге қой деген кім бар? Келіңдер жылқышы болып. Бірақ
байларыңа айтыңдар: жасырақ тоқал алып келсін. Әйтпесе, сендер
мына түрлеріңмен тауда үсіп өлесіңдер.
– Ә, солай де! – деп әйелдер оған тағы да, жабыла кетіп жұлмалай
бастайды.
Бірақ қалай болғанда да, Танабай жорғаға өзінен басқа жанның
тақымын тигізген емес. Басқаны былай қойғанда Бүбіжанның өзі бұл
жорғаға бір де бір рет мініп көрген жоқ. Бәлкім, ол жорғаға мінгісі де
келмеген шығар. Бүбіжанды көргенде Танабай бірден өзгеріп сала
берер еді, оның тұсынан өткенде әдеттегідей тасыраңдатпай, аттың
басын тартып жаймен жүретін.
Сол бір жылы Танабайды тексеру комиссиясының мүшесі етіп
сайлаған. Айылға бұрынғыдан гөрі жиірек баратын болды, барған
сайын осы әйелмен кездесіп қалушы еді. Танабай кеңседен көбінесе
ашулы шығады. Гүлсары мұны иесінің көзінен, даусынан, қолының
қимылынан сезе қоятын. Бірақ сол әйелмен кездесті болды –
жайраңдап шыға келеді.
– Тәк-тәк, жайырақ! – деп шапшып тұрған жорғаны саябырсытып
барып, әлгі әйелдің қасына жете беріп, атты жай жүргізетін.
Сонда Танабай мен әлгі әйел екеуі әлдене деп жай ғана сөйлеседі,
тіпті сөйлеспей-ақ, үнсіз-тілсіз қатар кетіп бара жатады. Иесінің
жүзіндегі қызылы қайтып, ашуы басылып, үні жылып, қолы
жұмсарып, көңіл-күйі өзгеріп сала бергенін Гүлсары сонда сезер еді.
Сондықтан Гүлсары жол үстінде осы әйелмен кездесетін сәттерді
ұнататын.
Ол кезде колхоздың халі мүшкіл екенін Гүлсары қайдан білсін.
Еңбеккүнге жарытып ештеңе тимейді. Тексеру комиссиясының мүшесі
Танабай Бақасов кеңсеге келген сайын бір нәрсені шұқшия сұрайды:
бұл ел тойынып, мемлекеттің де жоспары орындалатын тоқшылық
заман қашан келмек? Жұрт қашанғы қысыла бермек? Иесінің осыған
бола айтысып, ашуланатынын Гүлсары қайдан білсін.
Өткен жылы құрғақшылық болды, егін шықпай қалды, шөп селдір
өсті, ал биыл колхоз астықты да, малды да мемлекетке артығымен
тапсырды. Аудан артта қалмас үшін басқа шаруашылықтардың да
есебіне өткізді. Ал, енді бұдан қандай болады, колхозшылар немен күн
көреді – беймағлұм еді. Уақыт болса өтіп жатты, жұрт соғыс
жылдарының құқайын да ұмыта бастады. Бірақ колхозшылар әлі тек
өзінің бақшасынан түскен там-тұм азықпен тақыл-тұқыл тіршілік
етеді, немесе колхоздың егісінен жырымдаудың амалын іздейді.
Колхоз кассасында ақша атаулы болмайды: өткізілген астық та, сүт те,
ет те шығынның есебіне кетеді. Жаздың күні мал жарықтық өсіп-
өнеді, ал қысқа қарай шетінен қырыла бастайды. Жем-шөп, қора-
қопсы деген жоқ. Әне-міне демей, дереу, қой қора, сиыр қора, жем-
шөп базасын салу керек-ақ, бірақ құрылыс материалы деген атымен
жоқ, оны тауып беремін деген пенде жоқ. А л соғыс жылдарының
ішінде тұрғын үйлердің тұрпаты қандай болды десеші? Бірлі-жарым үй
салуға щамасы келгендер – базарға мал сатып, картоп сатып, істің
көзін тапқандар ғана. Ондай пысықтар құрылыс материалды да жең
ұшынан жалғасып таба алады.
– Жоқ, жолдастар, бұлай болуға тиіс емес, мұнда бір пәле бар, бір
үлкен гәп жатыр, – дейді комиссия мүшесі Танабай. – Сенбеймін, осы
дұрыс дегенге. Әлде жұрт жұмыс істемей жүр ме, жоқ әлде сіздер
дұрыс басқара алмай жүрсіздер ме?
– Не дұрыс емес? Немене бұлай болуға тиіс емес? – деп бухгалтер
қағаздарды Танабайдың көз алдына тықпалайды. – Міне, мына
жоспарды қара... Mіне, мынау жиған-тергенің, мынау өткізгенің. Міне,
кіріс, міне шығыс, мынау нәтижесі. Табыс жоқ, тек шығын ғана. Енді
не керек саған? Алдымен біліп ал. Онан соң айт. Жалғыз сен
коммунист те, басқамыздың бәріміз халық жауымыз ба, сеніңше?
Әңгімеге басқалар араласып, дау басталады. Танабай қос қолымен
басын қысып ұстап алып: «бұл қалай, бұл неге бұлай?» деп ышқына
түйіліп, ойға кетеді. Оның күйінетіні тек өз қарынының қамы емес,
жоқ, әңгіме басқада еді. Танабайға тісін қайрап жүргендер де жоқ
емес-ті. Қазір солар мұны көргенде іштерінен «шоқ-шоқ» айтып,
жайың қалай, белсенді. Мүмкін, тағы да бізді кулак деп қудаларсың?
Бірақ бізден қазір ештеңе де таппайсың. Ұры иттің артын сұқ ит
жалайдының кері келеді. Қап, бәлем, сені соғыста бір оқ неге
жұлындай ұшырмады екен, – дегендей Танабайдың бетіне бедірейе
қарасады.
Оларға Танабай да зілдене қарап, ішінен: «тұра тұрыңдар, бәлем,
бәрібір біздің дегеніміз болады!» – дер еді. Ал, сол адамдар оған бөтен
де емес, жақын ағайындар. Үлкен ағасы Құлыбай шал соғысқа дейін
жеті жыл Сібірге айдалып келген. Құлыбайдың балалары да әкесінің
жолын қуып, Танабайды иттің етінен жек кереді. Жек көрмегенде
қайтеді? Бәлкім, балаларының балалары Танабай тұқымын жек көріп
өтер. Олай етуге себебі де бар. Алдақашан өтіп кеткен іс болса да,
Құлыбай әулетінің көкірегіне қан қатып қалған. Құлыбайды кулаксың
деп қудалау керек пе еді? Жә, соның өзінің еті тірі, орташа ғана шаруа
емес пе еді? Оның үстіне Танабай екеуі туысқан емес пе? Құлыбай
үлкен әйелден туған да, Танабай кіші әйелден туған. Бірақ қырғыз
рәсімінде мұндайларды бір құрсақтан шыққан деп есептейді. Ау, сонда
бұл Танабай туысқандық қарыздан да аттап кеткені ғой. Сонда елдің
гу-гу әңгімесі қанша болды десеңші. Енді қазіргі уақыт тұрғысынан
қарағанда әр түрлі ой келеді. Ал, сонау кезде ше? Танабай қатыгез
болса колхоз үшін болды ғой? Бірақ сол қатыгездік қажет пе еді?
Бұрын керектігіне шүбәланбаушы еді, енді соғыстан соң кей-кейде
басқаша ойлайтын болды. Өзіме де, колхозға да текке жау көбейтіп
алған жоқпын ба, дер еді.
– Ау, Танабай, ұйықтап қалдың ба, неге үндемейсің, – деп
жолдастары оны қалың ойдан айықтырып, әңгімеге араластыратын.
Тағы да баяғы гөй-гөй: қыс ішінде үй бас сайын жинап көңді егістікке
тасып үлгеру керек. Арбалардың дөңгелегі жоқ, демек қарағаш сатып
алу керек, оны құрсаулайтын темір сатып алу керек. Ал, ақша кәне?
қарызға ақша табыла ма екен? Табылса оны қайтіп өндіріп беруге
болады? Банк құр сөзге сенбейді. Ескі арықтарды жөндеп, жаңасын
қазу қажет. Бұл бір қияметтей үлкен жұмыс. Қыстың күні жер тоң,
қайла батпайды, жұртты жұмысқа шығара алмайсың. А л көктем шыға
егіс науқаны, төл алу науқаны, шабық науқаны, іле-шала шөп шабу
басталады. Арық қазуға сөйтіп уақыт қалмайды. Ал, қой
шаруашылығын қайда қоярсың? Мал төлдететін қораны қайдан
табарсың? Сүт фермасының жайы да мәз емес. Қораның төбесі тесік,
шіріп біткен, жем-шөп тағы жетпейді. Сауыншылар жұмысқа
беттемейді. Ертеден кешке дейін сарылып жүргенде, қолдарына не
тиеді? Қысқа жіп күрмеуге келмей, жетіспей жатқан бұдан басқа кем-
кетік қаншама десеңізші. Ойласаң, бойыңды үрей билейді.
Сонда да болса азаматтар белді бекем буып, бұл жағдайды партия
жиналысында колхоз басқармасында тағы да талқылайды. Бастық
онда Шора болатын. Оның қадірін Танабай кейін білді. Сынау деген
оңай екен. Танабай тек табындағы жылқыға жауап берсе, Шора
колхоздағының бәріне жауап береді екен. Жә, Шора қара нардай
қайыспайтын кісі еді ғой. Шаруашылық шатқаяқтап тұрғанда да,
аудандағы басшылар қайта-қайта шақырып алып, столдарын
жұдырықпен токпақтағанда да, колхозшылар жағасынан алғанда да
Шораның еңсесі түскен жоқ. Оның орнында Танабай болса не
жынданып кетер еді, не асылып өлер еді. Ал, Шора болса әйтеуір әлі
келгенше, қашан жүрегінің ауруы асқынып кеткенше шаруашылықты
тіреп тұрды, содан кейін де екі жылдай парторг болып істеді. Шора
жұрттың тілін таба білетін. Тарынып келген Танабай Шораның сөзін
естіген соң өзі армандағандай жақсылық заман туатынына тағы да
сеніп қалады. Тек бірақ рет Шораға деген сеніміне шек келтірді, бірақ
оған көбінесе Танабай өзі кінәлі еді...
Танабай колхоздың кеңсесінен қабағы түпіліп, көзі қаһар шаша
шығып, атқа жұлқына мініп, тізгінді жұлқа тартқанда иесінің жан-
дүниесінде қандай сойқан болып жатқанын Гүлсары білмейтін. Тек
Танабайдың қатты күйзеліс күйде екенін сезеді. Танабай оған
ешуақытта қамшы сілтеп көрмесе де, дәл осындай кездерде Гүлсары
одан қорқады. Тек жол үстінде таныс әйелді көргенде аттың арқасы
босағандай болады, өйткені ол енді иесінің ашуы тарқайтынын тізгінді
тартыңқырап, әлгі әйелмен қатарласа беріп, сыбырласа сөйлесетінін,
сол кезде әйел қолы өзінің жалын тарап, мойнын сипалайтынын біледі.
Адам баласында ешкімде мұндай аялы алақан жоқ. Бұл бір ғажайып
қол. Үйірдегі домалақ, торы төбел байталдың ерніндей сүйкімді жып-
жылы алақан. Жер үстінде дәл бұл әйелдің көзіндей әдемі көз ешкімде
жоқ. Танабай онымен ер үстінде еңкейе түсіп әңгімелеседі. Ал, әйел
бірде жымияды, бірде қабағын шытып, әлденеге келіспей басын
шайқайды. Көздері жеті түнде асау бұлақ түбінде жатқан асыл тастай
біресе жарқ-жұрқ ете қалады, біресе көлеңке көлбегендей тұнжыр
тартады. Айырылысар шақта кетіп бара жатып, артына бұрылып тағы
да басын шайқайды.
Содан кейін Танабай ой үстінде келе жатады. Тізгінді бос қоя
береді, жорға енді қалай жүрем десе де өз еркі. Алаңсыз жәй жорғаға
салады. Тіпті ер үстінде қожайын барын да ұмытып кеткендей болады.
Ат пен адам – екеуі екі бөлек келе жатқандай. Көкейіне ән оралғандай
болады. Танабай жорғаның ырғағына сай ыңылдап, сөзін де анық
естіртпей, ертеде кеткен ерлердің жас ғұмырын жырлайды. Гүлсары
сонда таныс соқпақ жолға түсіп, сонау өзен сыртындағы жайлауға
тартып бара жатады...
Гүлсары иесін осындай күйдегі сәттерде ұнататын, өзінше әлгі бір
әйелді де іш тартушы, ұнатушы еді. Оны түр-тұлғасынан, жүріс-
тұрысынан-ақ танитын. Тіпті сол әйелдің бойынан тарайтын бір ғажап
шөптің ерекше исін де жазбай танып, сезетін. Ол қалампыр еді. Әйел
қалампырдан моншақ тағып жүретін.
– Бүбіжан, қарашы, Гүлсары сені жақсы көреді, – дейді Танабай
әйелге. – Тағы да сипашы. Көрдің бе, құлағы салбырап, елжіреуін. –
Аумаған бұзау. Ал, үйірде мазасыз-ақ. Қоя берсең болды, айғырлармен
алысып, итше шайнасады. Айғырлар шайнап тастай ма деп
қорыққанымнан амалсыз мініп жүрмін. Әлі жас қой.
– Гүлсары мені жақсы көреді-ау, – дейді әйел әлдеқалай ойға
кетіп.
– Мені басқалар сүймейді дегің келе ме?
– Жоқ, оны айтпаймын. Біз сүйерімізді сүйіп болдық қой. Тек сені
аяймын.
– Неменеге аяйсың?
– Сен өзгелердей емессің, кейін күйзеліп қаласың.
– Сен ше?
– Менің нем кетеді? Мен жесір әйелмін. Қайтпай қалған
солдаттың жарымын. Ал, сен болсаң...
– А, мен болсам тексеру комиссиясының мүшесімін. Міне, енді
саған кездесіп, бірер фактілерді анықтап алайын деп едім, – деп
қалжыңға айналдырмақ болады Танабай.
– Осы сен фактілерді жиірек анықтағыш болып кеттің. Байқа.
– Е, менің жазығым не? Міне, келе жатыр екенсің. Кездесіп
қалдық емес пе?
– Мен келе жатсам – өз жолыммен келе жатырмын. Екеуміздің
жолымыз – екі басқа. Ал, қош. Менің уақытым жоқ.
– Тыңдашы, Бүбіжан!
– Ал, не айтасың? Қой, Танабай. Қайтесің. Сен есті адамсың ғой.
Менің сенсіз де шекем қызып жүрген жоқ.
– Мен немене, сенің жауың ба едім?
– Сен өзіңе өзің жаусың.
– Ол не дегенің? Қалай түсінуге болады?
– Қалай түсінсең, солай түсін.
Әйел сөйтіп өз жөнімен кете барды, ал Танабай болса бір
жұмыспен жүргендей-ақ аттың басын диірмен жаққа бұрды, одан
мектепке қарай тартты, орағытып барып қайтадан әлгі әйел кеткен
жақты жағалады. Бүбіжан жұмысқа барарда кішкентай қызын енесінің
үйіне қалдырып кететін. Жұмыстан қайтқанда жолдан қызды ала
қайтады. Бүбіжанның енесінің үйінен қызын қолынан жетектеп
шығып, айыл шетіндегі өз үйіне кетіп бара жатқанын Танабай аулақтан
болса да бір көру үшін алыстан орағытып келуші еді. Бүбіжан оның
қарап тұрғанын сезіп, Танабай жаққа бұрылмауға тырысып бара
жатады. Оның осылай кетіп бара жатқаны да, қоңырқай орамалдан
ағараңдап көрінген бет-жүзі де, қолынан жетектеген қызы да, қасында
қатарласа жүгірген күшігі де – бәрі-бәрі Танабайға шексіз ыстық
көрінер.
Ақырында Бүбіжан өз ауласына кіріп көрінбей кетеді. Танабай
енді бәрін ойша көз алдына елеететеді. Әне Бүбіжан қаңырап тұрған
үйдің есігін ашады, жамау-жамау күпайкесін шешіп тастап, көйлекшең
су алуға тұра жүгіреді. Әне ол от жағып, қазан асып, қызын
жуындырып, тамақтандырады. Өрістен қайтқан сиырдың алдынан
шығады. Енді құлаққа ұрған танадай тым-тырыс қараңғы үйде төсекте
жатып Бүбіжан Танабай екеуі бірін-бірі сүюге болмайтынын ойлайды.
Танабай үйлі-баранды адам, оның жасында біреуге ғашық болу да
жараспайтын әңгіме. Әр нәрсе өз мезгілімен, Танабайдың әйелі жақсы
кісі, күйеуі оны менсінбей басқа біреуге көз салатындай жазығы жоқ.
Бүбіжан осылайша ойлап жатады-ау, деген күдіктен де Танабай
тағат таппай, тауға да, тасқа да бас ұра жаздайды. «Демек, тағдыр
шіркін жазбаған да», – дейді ол өзеннің ар жағындағы мұнарлы
сағымға тесіле қарап бара жатып. Онан соң дүние жалғандағы барлық
тірлік-күйбеңнің бәрін, колхозды да, бала-шағаның киім-кешегін де,
достарын да, қастарын да ұмытып, ерте-ерте ертедегі әуенге салып
шер тарқатар. Ондайда атам заманнан бері ат құйрығын шорт кесісіп,
тіл қатыспайтын Құлыбай ағасын да; кей-кейде түсіне кіріп, сұп-суық
терге малындыратын сұрапыл соғысты да – не керек жарық
дүниедегінің бәр-бәрін ұмытар еді. Өзін өзі әнмен тербетіп келе
жатып, астындағы аттың өзен суын қалай жалдап, арғы бетке өткенін
де, қайтадан жалғыз аяң жолға түсіп, шертпек жорғасына басқанын да
байқамайтын. Тек жорға табындағы жылқылардың жақын екенін сезіп,
жүрісін жылдамдатқанда ғана Танабай ән дүниесінен оралып:
Д-р-р, Гүлсары, жұлқынып қайда барасың? – деп тізгін тартушы
еді.
5
Қанша дегенмен, сол бір шақ Танабай үшін де, жорға үшін де
ерекше бір ғажайып кез еді ғой. Жүйрік аттың даңқы да футболшының
даңқымен тектес. Кеше ғана аулада доп қуалап жүрген балақай, кенет
қауымның сүйіктісіне айналып, аты-жөні бар ауылда жүреді. Торға доп
салған сайын оның даңқы да шарықтай береді. Содан ол бірте-бірте
алаңнан алыстай, ақыры ұмыт болады. Оны ең алдымен ұмытатын да
әлгі есі кеткенше мықтап, оның алдында бас игендер баяғы. Ұлы
футболшының орнын басқа біреу басады. Жүйрік аттың даңқы да осы
іспеттес. Алдына қара салмай бағы жанып тұрған кезде жүйріктің
даңқы жер жарады. Адам мен ат даңқының арасындағы жалғыз
айырмашылық; атты ат күндемейді, аттың даңқын ат қызғанбайды.
Ал, адамдар болса, әзір, құдайға шүкір, аттың бағын күндеуді үйрене
қойған жоқ. Десе де, кім біледі, күншілдік түрі тоқсан тарау: адамға
қастандық істеймін деп аттың май табанына шеге қағып жібергендерді
де білеміз. Әй, атың өшкір күншілдік-ай! Жә, адыра қалсын ол...
Торғай шалдың айтқаны келді. Сол жылы көктемде жорғаның
жұлдызы жарқырап жанды. Кәрі де, жас та: «Гүлсары!!» «Танабайдың
жорғасы», – «Ауылдың ажары» деп аузынан тастамай айтып жүретін
болды.
Тіпті «Р»-ға тілі келмейтін қара борбай балалар да май топырағы
бұрқылдаған көшеде жорғаның жүрісіне салып жүгіріп, біріне бірі
билік бермей. «Мен Гүлсалы... Жоқ, мен Гүлсалы... Апа, айтшы, мен
Гүлсалы, иә? Шу, жәнуал, а-и-и-й, мен Гүлсалы»... – деп шуылдасады.
Даңқ дегеннің не екенін, оның ұлы құдіретін жорға алғашқы үлкен
бәйгеден кейін сезінді. Ол Бірінші Май бәйгесі еді.
Митингіден соң асау өзен жағасындағы жалпақ сазда ойын-сауық
басталды. Халық дегеніңіз қарағұрым. Адамдар таудан түсіп, көрші
совхоздардан, тіпті Қазақстаннан да келді. Қазақтар бәйгеге өз
жүйріктерін қосты.
Соғыстан соң мұндай той әлі болып көрген емес, десті жұрт.
Таңертең тұрып, Танабай арқасына ер-тоқым салып, тартпасын
тартқаннан-ақ, Гүлсары иесінің көз жанарының жалтылынан,
қолының дірілінен әлденендей бір кереметтің таяп қалғанын сезді.
Иесі тым толқулы еді.
– Ал, Гүлсары, байқа, үмітімді ақта, – деп күбірледі ол аттың жал-
кекілін тарап тұрып. – Естимісің, масқара бола көрме? Озбасқа
болмайды, естимісің!
Айқай-шу, адамдардың қарбаласы араласқан аспан асты да
әлдебір кереметтің таяп қалғанын сездіріп тұр. Қоңсы табынның
жылқышылары аттарын ерттей бастады. Атқа қонған балалар айнала
шауып қиқулап жүр. Әлгі жылқышылар, жиналып, өзенге қарай бет
алды.
Жалпақ саздағы адам мен аттың көптігінен Гүлсарының басы
айналды. Аспан асты азан-қазан. Қызыл-жасыл орамал, алаулаған
жалаулар, ағараңдаған күндіктерден көз ұялады. Аттарды да
әлеміштеп, әбзелдеп тастапты. Үзеңгілер сартылдап, ауыздықтар мен
өмілдіріктің қарала күмістері сылдыр қағады.
Шабандоздар мінген аттар сапқа сыймай тыпыршып, ауыздықты
сүзе тартып, тұяқтарымен жер тарпиды. Шеңберде тәртіп айтып,
аттарын ойнақтатып шалдар жүр.
Гүлсары бойын бір керемет кернеп, күші тасып бара жатқанын
сезді. Бойына от ойнаған бір рух қонғандай болды, сол сезімнен
құтылу үшін мына шеңберден шығып, құйындай ұша жөнелгісі келеді.
Ақсақалдар белгі бергенде Танабай да тізгінді сәл босатып,
жорғаны ортаға ойнақтата шықты. Жорға әлі қалай қарай шабарын
білмей, шыр айналып шиыршық атты. Қалың топ гүу ете қалды:
«Гүлсары!
Гүлсары!..»
Бәйгеге іріктеліп елу ат қосылды.
Тойбасы шабандоздарға:
– Мына халайықтан бата сұраңдар! – деді.
Шекесін орамалмен шарт түйген жалаң бас шабандоздар алақан
жая алға шықты. Қалың топтың о шеті мен бұ шетіне дейін «Аумин!»
деген бір-ақ сөз гуілдеп өтті де, жүздеген қол бет сипап, сақалға қарай
аққан судай төгілді.
Содан соң шабандоздар тоғыз шақырым жердегі көмбеге желе-
жортып жүріп кетті.
Екі арада күрес, сайыс, жамбы ату, теңге ілу сияқты ойындар
жүріп жатты. Мұның бәрі жарыстың үлкеніне кіріспе сияқты. Үлкені
аттылар кеткен жақта еді.
Жол-жөнекей Гүлсары қызбаланып келеді. Иесі неге тізгін
босатпайды, соны түсіне алмайды. Айнала орғып жүрген арғымақтар.
Бәрі де шыға жөнелгісі келіп ауыздықпен алысады, жорға да
ызаланып, тағат таппай қалшылдап барады.
Бір кезде аттардың бәрі бас түйістіріп қаз-қатар тізілді, төреші сол
тізбектің о шеті мен бұ шетіне дейін шауып өтіп, ақ орамал көтерді.
Бәрі де демін ішінен алып, алқынып жым бола қалды. Ақ орамал жалт
еткенде, аттар алға ытырыла жөнелді. Жаппай шабыстың шабыты
бойын бунап, Гүлсары ыршып түсті. Тұяқтар тасқынынан қара жер
барабанша
тарсылдап,
аспанға
будақ-будақ
шаң
көтерілді.
Шабандоздар айқайлап ұран салғанынан бәйге аттары қызынып,
жермен-жексен көсіліп, сағызша созылды. Тек Гүлсары ғана көсіліп
шаба алмай, тайпалма жорғамен ағызып келеді. Оның осалдығы да,
құдіреттілігі де осында еді.
Аттар алдымен шоғырлана шауып еді, біраздан соң шұбатыла
бастады. Гүлсары оны байқамады. Оның байқағаны: қызба бәйге
саңлақтары тұсынан зулай өтіп, басып озып бара жатты. Алдыңғы
аттардың тұяғынан ұшқан қиыршық пен саз балшық танауын сабалап
келеді. Айнала азан-қазан, ауаны қамшы тілгілеп, қою шаң аунап
барады. Төңірек аттың тері аралас тапталған жас жусан сасып, тұяқ
тиген шақпақ тастың исі шықты.
Осылайша жолдың жартысы өтті. Алда әлі де жорға жете
алмастай жылдамдықпен он шақты жүйрік ағызып бара жатты. Айқай-
шу азая бастады. Аттардың бір тобы артта қалды. Ал, өзінен озып бара
жатқандарды көріп, әрі десе ауыздық ерік бермегеніне ызаланып
Гүлсары жарылып кете жаздады. Жел мен ашу-ызадан көзі қарауытты,
қара жол кері кетіп, аспандағы күн отты шар боп өзіне қарай заулап
келе жатқандай көрінеді. Денесі ыстық терге шомылды, тер шыққан
сайын жорғаның бойы жеңілейіп, енді-енді қанат бітіп ұшатындай бір
сезім биледі.
Келесі бір сәтте алдағы жүйрік аттар алқынып, шабысы шамалы
бола бастады. Ал, жорға болса бауырын енді-енді жазып келе жатыр
еді. «Шүу, Гүлсары!» – деген сөзін есітті иесінің, сонда маңдай
алдындағы отты күн өзіне қарай бұрынғыдан бетер зымырай түсті.
Бәйгенің құмары мен ашу буып жанталасқан шабандоздар, аспанды
найзағайдай тілгілеген қамшылар, тістері ақсиып, танауларынан дауыл
тұрып, пысқырынған аттар бірінен соң бірі қылаң етіп кейін қалып
бара жатты. Бір сәт ауыздық пен тізгіннің тұтқынынан босанды
Гүлсары, үстіндегі ер-тоқымның да, өз иесінің де бар-жоғын сезбей
кетті. Гүлсарының бойын буырқанған отты рух билеп, дүлдүл күйіне
енді салды.
Бірақ алда әлі екі қара қатарласып жанұшырып барады: бірі қара
көк, бірі жирен. Бір-бірімен құлақ тістескендей, айқай-шудың,
ысқырынған қамшылардың астында бірінен бірі қалыспай сілтейді.
Екеуі де қас жүйрік еді, Гүлсары оларға көпке дейін жете алмай,
ақыры бір төскейде басып озды. Белдің үстіне бейнебір толқынның
жалына қарғып шыққандай болды да, бір сәт сол қарғыған күйі
ұшатын қауырсындай жеңілейіп аспан мен жердің арасында ілініп
қалғандай болды. Кеудесін күш кернеп, көзіне от толып, әлгі қырқадан
төмен қарай жұлдызша ағып түсті. Сонда да болмады, арт жақтан тұяқ
дүбірі қуып жетіп қалды. Әлгі екеуі: қара көк пен жарау жирен күш
алмаққа тырысты. Екеуі екі жақтан таяп келіп, қатарласып, қалмай-ақ
қойды.
Осылайша
үшеуі
бірін-біріне
қабыстырып
қойғандай
қапталдасып, қалыспай ағып отырды. Бұлар шауып бара жатпаған
сияқты, әлдебір тылсым дүниеге қатарласып қатып қалған тас сияқты
бір сәтке. Гүлсары қатар шапқан аттардың көздерін, кекшиген
бастарын, ауыздықтарын, жүгендерін көріп келеді. Қара көктің
көзқарасы – аласапыран, қасарысқан көзқарас; ал жирен ат қобалжып,
көзі тайқақси береді екен. Дегендей-ақ, алдымен сол жирен ат қала
бастады. Әуелі тайқақсыған көздері, онан соң делдиген танауы
көрінбей кетті де, ат қатардан мүлде шықты. А л қара көк жанын
қинап, қасарысып көпке дейін қалыспай, ақыры кейін ығыса берді. Ол
шауып келе жатып жайлап жан тапсырған жануардай, дәрменсіз
ызадан көзі қозғалмай шишаға ұқсай берді. Жеңілгенін мойындағысы
келмей о да қалды.
Әлгілер артта қалған соң, жорғаның тынысы кеңиін деді. Алдынан
жалтырап өзен иірімі, дөңгелек саз көрініп, алыстан адамдардың азан-
қазан даусы естілді. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер
алдақашан жолға шығып күтіп тұр екен. Қиқулап, ұран салып, олар
қос бүйірден қосыла шапты. Сонда барып жорға кенет өзінен әл-
дәрмен кете бастағанын сезді. Алыс жол алқындырмай қоймады.
Арттағылар қуып жетті ме өзін, жеткен жоқ па – Гүлсары оны біле
алмады. Мұнан әрі көсілуге дәрмен жоқ, тұла бойдан күш кетті.
Бірақ алда адам толқыны теңселіп, аттылы-жаяу қақ айырылып,
құлақ тұндыра айқайлап бері ұмтылды. Кенет: «Гүлсары! Гүлсары!
Гүлсары!» деген ащы айқай жорғаның құлағына анық шалынды.
Сонда жорға әлгі айқай-шудан тың күш алғандай, ширатылып, алға
оқша атылды. Әй, адамдар-ай, әйтеуір... Адамдардың құдіретін
қойсаңызшы бұл...
Жер-әлемді жаңғырықтырған дауысты жарып өтіп, мәреге жетіп
жорға дөңгелек сазды бір айналып шықты.
Онымен де тынған жоқ. Енді жорғаны да, Танабайды да қаптаған
жұрт қаумалап әкетті. Жорға сәл-пәл тыныстап, тынши бастағанда
қаумалаған көпшілік кейін шегіншектеп, бас бәйге алған тұлпар мен
шабандоздың құрметіне орын босатты. Қаптаған халық: «Гүлсары!
Гүлсары!» деп жорғаны, «Танабай, Танабай!» деп оның иесін көкке
көтере дауыстады. Сайыпқыран, тәкаппар Гүлсары көзі от жайнап, бір
бүйірлеп билей басып ортаға шықты. Ол өзінің құдіреттілігін,
сұлулығын, даңқты екенін сезгендей еді.
Танабай жеңімпаз ретінде екі қолын айқара жайып, қоршаған
көпшіліктің алдынан бір айналып шықты. Со кезде тағы да қалың
елдің о шеті мен бұ шеті бір кісідей бата тілеп: «Аумин» – деді. Тағы
да жүздеген қол жайылып, бет сипасып, мыңдаған саусақтар
маңдайдан
төмен
қарай
төгілген
судай
лықсыды.
Сонда Гүлсары көп арасынан баяғы таныс әйелді көріп қалды.
Әйел алақанымен бетін сипап бола бере, жорға оны бірден таныды. Бұ
жолы қоңыр орамал емес, басына ақ орамал салған екен, Гүлсары
сонда да танып қойды. Ол қалың топтың алдыңғы қатарында
қуанышы қойнына сыймай толқып тұр екен. Сарқырама су түбінде күн
сәулесіне шағылысып ойнаған асыл тастай жалт-жұлт еткен көздерін
Танабай мен Гүлсарыдан бір алмайды. Гүлсары бұрынғы әдетінше әлгі
әйелге қарай ығыса берді. Соның жанына барып тұрғысы келді,
әдеттегіше онымен қожайын сөйлессе екен дейді, сонда әйел ақ
домалақ торы төбел байталдың ерініндей жұмсақ, әдемі, әсем
қолдарымен жалымды тарап, мойнымды қасыса екен дейді. Бірақ
Танабай, неге екені белгісіз, тізгінді басқа жаққа тарта береді. Ал,
сары жорға иесінің қылығын түсіне алмай, әйелге қарай ығыстап,
айналшықтай береді. Әлде оны иесі көрмей тұр ма екен? Қалайша
көрмейді? Қалайда бір сөйлесуі керек емес пе онымен қожайынның?
Гүлсары түсіне алмай дал.
Келесі, екінші май күні де Гүлсарының дәуірлеген күні болды. Түс
ауа бере мидай далада көкпар басталды.
Дала төсін тағы да әруақты айқай-ұран кернеп кетті, жердің үсті
барабанша дүбірлейді. Тау тасқынындай салт аттылар қиқулап, айқай
салып, дода басында аласұрып жүр. Бұ жолы да Гүлсарының бағы
жанды. Кешегі бәйгенің даңқымен жұртқа танылған жорға қазір де
көпшіліктің назарында. Көкпардағы қараның маңдай алдысы осы
Гүлсары. Бірақ Танабай оны зорықтырмай, көкпардың ақыр аяғына
дейін тың ұстады. Көкпар салым аяқтала бере, аламан-бәйге
басталады. Кімнің аты додашыл, әм жүйрік, кім қайратты әм айлакер
болса, сол адам көкпарды тақымға басып, өз ауылына қарай тура
тартады. Аламан-бәйгені жұрттың бәрі күтулі, ойынның ең қызығы да
сол, әрі десе оған кез келген адам қатыса алады. Әркім-ақ өз бағын
сынап көрмекші.
Жұрт көкпар салымның қызығымен жүргенде күн еңкейіп, сонау
көз ұшында көсіліп жатқан қазақ даласының көк жиегіне мамырлап
барып қонайын деді. Күннің көзі жұмыртқаның сарысындай дөп-
дөңгелек, қоймалжың көрінді. Ыстығы қайтқан сол күнге қазір көзді
көлегейлемей-ақ тіке қарауға да болады.
Қырғыздар мен қазақтар андыздап, шауып келе жатып, ер үстінен
еңкейіп, жерде жатқан көкпарды іліп алып, бірінен бірі жұлқа тартып,
қатарласып, қақтығысып, айқайласып, қайтадан қанат жазып, кең
даланың төсінде тарыша шашырап кетеді. Сөйтіп жүргенде кеш те
болды.
Кеш түсіп, ала-құла көлеңкелер ебедейсіз ұзарып кеткенде ғана,
ақсақалдар жағы аламан-бәйгеге рұхсат берді. Көкпар серке ортаға
тасталды. «Аламан!»
Көкпаршылар тұс-тұстан лап қойды. Қалың дода, серкені жерден
жұлып алмаққа ұмтылған қолдар. Мұндай додада көкпарды көтеріп
алу оңай емес. Ақиланып алған аттар шыр көбелек айналады, ауыздық
шайнап бірін-бірі тістейді. Мына қалың додада Гүлсарының дегбірі
кетіп, еркін көсілетін айдаланы аңсады. Бірақ Танабайдың қолы
серкеге жөндеп бір ілікпей-ақ қойды. Кенет бір ащы дауыс айқай
салды: «Ұста-а, әкетті, қазақтар әкетті!» Айбатты күрең айғыр мінген,
үстіндегі гимнастеркасы дал-дал болған бір жас қазақ қайнап жатқан
қалың доданы қақырата қақ жарып, суырылып шықты. Көкпарды
тақымына баса-маса сол қазақ күнбатысқа қарай зымырап берді.
– Ұста-а! Күрең кетті! – деп соңынан қуғыншылар тұра ұмтылды.
Тез, Танабай! Оны сен ғана қуып жетесің!
Күрең айғыр мінген қазақ тақымында көкпары салаңдап, тұп-тура
қызарып батқан күнге қарай тіке тартты. Енді болмаса сол алаулап
тұрған күнге барып қойып кетіп, алқызыл түтін арасына сіңіп, ғайыпқа
айналатындай.
Танабай тізгінді неге тартып тұрғанын Гүлсары түсіне алмады. Ал,
Танабайдың өз есебі бар еді. Қазір ғой күрең айғырлы қазақ жігітін бір
топ жерлестері соңынан қаумалап қорғап барады, әрі десе қырғыздар
жағынан қуғыншылар тасқыны да толастаған жоқ. Күрең айғыр
солардың бәрінен қарасын үзіп, жеке шығар сәтті күтулі Танабай.
Танабайға жекпе-жек керек, сонда ғана үміт үзбеуге болады.
Күрең айғыр оқша атылып, оқшау шықты-ау деген кезде Танабай
жорғаның басын қоя берді. Өз еркі өзіне тиген Гүлсары бетегеден биік,
жусаннан аласа боп сынапша сырғығанда жердің танабы қусырылып,
қызарған күнге қарай зымырап бара жатты. Айқай-шу, тұяқтар дүрсілі
артта қалды, ал Гүлсары мен күрең айғырдың арасы бірте-бірте
жақындай берді. Күреңнің жүгі ауыр ғой, сондықтан оны қуып жету
аса қиын да болған жоқ. Танабай жорғаны күреңнің оң жағына бұрып
салды. Өйткені көкпар қазақ жігіттің оң жақ тақымында болатын.
Танабай күреңмен қатарласа келе, көкпарға қол созып, ерден еңкейе
берді. Бірақ көкпаршы қазақ серкені сол жақ тақымына сарт дегізіп
аударып салды. Ал, екі ат құлақ түйістіріп тура күннің көзіне қарай
қатар сілтеп барады. Енді қазақтың сол жағына шығу үшін Танабай
Гүлсарыны тежеңкіреп барып күреңді қайта қуып жетуі керек болды.
Жорға жазған күреңнен қалғысы келмей, бас бермей әлекке салып,
әрең көнді. Бірақ гимнастеркасы дал-дал болған қазақ көкпарды сарт
дегізіп оң жақ тақымына лезде аударып алды.
– Бәрекелде! – деп Танабай сүйсінгеннен айқайлап жіберді.
Екі ат болса әлі қатарласып, тұп-тура күн көзіне барып күмп беріп
қойып кететіндей, ұрып келе жатыр.
Енді ұзай берсе, жағдай қиындай түспекші. Танабай неде болса
деп жорғаны күрең тұлпармен қабыстыра қатарласып, қазақтың ерінің
басына кеудесін арта асылды. Қазақ жігіт жігін ажыратып әкетпек боп
көріп еді, Танабай жібермеді. Жорға жануар осы жерде бір жарап
берді. Қожайынның ыңғайына қарай лыпып тұрған Гүлсарының
арқасында Танабай күреңнің жалына жатып алды. Сөйтіп барып
қазақтың арғы тақымындағы серкеге қолы ілікті-ау. Танабайға оң
жақтан тарту оңтайлы еді, әрі десе екі қолы да бос, қос қолдап
көкпарды зордан тарта бастады. Серке жарым-жартылай бері қарай
аунады.
– Уа, қазақ туған, енді қапы қалма! – деп Танабай айқайлап
жіберді.
– Бөспе, көрші! Бермеймін! – деп қасарысты қазақ.
Екеуі де құйындай шауып бара жатып, аламат арпалыс бастады.
Бір жемтікке таласқан екі бүркіт сияқты, бірімен бірі айқасып, жан
дәрменде айқайласып, біріне бірі сес қылып арыстандай ақырып,
қырылдасып, қырқысып барады. Екеуінің қолдары айқасып,
тырнақтарының
көбесі сөгіліп, содан
қан
сорғалады.
Екі
көкпаршының ерегескен ересен күшімен қабысып, қатарласа көсілген
қос тұлпар шиқан қызыл күн көзіне жетуге асыққандай ақиланып,
арқырап келеді.
Бізге осынау көзсіз батырлардың көкпар ойынын мұра етіп
қалдырған қасиетті бабаларымыздың жаны жаннатта болғай да!
Серке енді қосарлана шапқан екі аттың ортасында созылып
барады. Түйін шешілейін деп қалды. Шабандоздар енді үн шығармай
тістеніп, көкпарды тақымға басуға күш салып, тартысып-ақ баққан.
Қазақ өте күшті екен. Тарамысты бұлшық еті бұлтылдаған, жұдырығы
балғадай, әрі десе Танабайдан әлдеқайда жас. Бірақ әккі айла-тәсілдің
жөні бөлек. Танабай қапелімде оң аяғын үзеңгіден шығарып алып,
күрең айғырдың бүйіріне тіреді. Көкпарды өзіне тартқан кезде оң
аяқпен күреңді әрмен итеріп бақты. Қазақтың қарысқан саусақтары
бірте-бірте жазыла берді.
– Байқа! – деп ескертіп үлгірді көкпардан қолы шығып кеткен
қазақ.
Танабай көкпармен қоса ерден ұшып кете жаздап барып әрең
қалды. Қуанғаннан жүрегі жарыла жаздап, кеудесін бір қиқу жарып
шықты. Жорғаны шұғыл бұрып, жекпе-жекте жеңіп алған серкені
тақымға баса-маса, қырғыздар жаққа қарай сорғалай жөнелді. Оған
қарсы қиқуласып, опыр-топыр орғытып, қалың қол шауып келе
жатыр.
– Гүлсары! Гүлсары әкетті!
Қаптаған қазақ қақпақылдап, Танабайдың алдын кес-кестей
шапты.
– Ұста, ойбай, Танабайды ұста!
Енді ең бастысы, қолға түсіп қалмай, қырғыздардың тобына жетіп
үлгеру керек.
Танабай қуғыншылардан құтылу үшін жорғаны тағы да шұғыл
бұрып, орағыта қашты. «Жарайсың, Гүлсары бауырым, рахмет!» – деді
жорғаның сезімтал ұшқырлығына риза болған Танабай. Гүлсары
иесінің сәл қимылынан оның ойын танып, бұлт-бұлт етіп ирек қашып,
адастырып, қуғыншының амалын құртты.
Жан-жақтан қамалаған қақпаннан жер бауырлап, мысықтай
төселе шауып әрең құтылып, Гүлсары тұп-тура қасқа жолға шықты.
Әні-міне дегенше Танабайдың жерлестері жетіп үлгерді де, оны
қаумалап, қамал құрып, бәрі ұмар-жұмар қаша жөнелді. Бірақ
қуғыншылар тағы да кес-кестеп алдыдан шықты. Тағы да жалт
бұрылып, тағы да жалтарып қашуға тура келді. Қашқындар мен
қуғыншылар аспанда бәрі бірден бір қанатынан бір қанатына
жапырыла жантаятын топ-топ құстар құсап, кең даланың төсінде
аударылып-төңкеріліп бара жатты. Будақ-будақ шаң аспан астын
көрсетпей жіберді, азынаған айқай-шу... Әлдекім ат-патымен омақаса
құлап, аттың басынан аса ұшып кетті. Әлдебіреу ақсаңдай басып, атын
ұстай алмай жүр. Өлген-тірілгеніне қарамай, бір адам қалмай
тартыстың қызығына елітіп, еліріп алған. Көкпарда құн жоқ. Тәуекел
мен көзсіз ерлік бір анадан жаралған...
Күннің дені ұясына батып, қылтиып бір қиығы ғана қалды,
қарауытып елең-алаң уақыт келді. Аламан-бәйге болса көгілдір кештің
салқын самалымен толқын-толқын толықсып, қара жерді дүбірлетіп
әлі кетіп барады. Бұрынғыдай айқай-ұйқай, азан-қазан қиқу
естілмейді, енді ешкім бірін бірі қуып та бара жатқан жоқ. Бірақ
аттылардың бәрі де көкпар құмарлықтың қызығына түсіп, әйтеуір
шауып келеді. Қапталдай қанат жайған шабандоздар тобы лек-лек
лекілдейді, шабыстың ырғағы мен әуеніне төңкеріліп, бір белестен бір
белеске лықсыған қара көк толқындар сияқты. Шабандоздар дәл қазір
неге үндемейді, бет-әлпеті неге сіресіп қалған, не тыңдап келді?
Қазақтың домбырасы мен қырғыздың қомызынан күмбірлеп шығатын
күй дәл осы лек-лек тасқын шабыс емес пе екен!
Күркіреп жатқан өзен де жақын қалды. Қарауытқан қалың
жыныстың ар жағынан ағараңдап ақ көбік шашқан асау өзен көрінді.
Тағы да әудем жер. Өзеннен өтті – болды, ойын тәмам, арғы бетте
қырғыздардың айылы. Танабай мен оны қоршап алған көкпаршылар
әлі жұбын жазбай шауып келеді. Гүлсары жан-жағын қарауыл
қайықтар қоршаған бас кемедей қақ ортада.
Сөйтсе де, Гүлсары қазір қатты қалжырап келеді, аса бір ауыр күн
арпалыспен өтті. Жорға зорығып қалды. Екі жағынан екі жігіт
ауыздығынан алып, алға сүйреп барады. Қалғандары Танабайды
қуғыншылар келе жатқан жақтан қорғап, қос өкпеден де қоса шауып
келеді. Танабай болса алдына өңгерген серкені кеудесімен басып алған,
басы бұлғақтап, ат үстінде әрең отыр. Зәуеде қазір қастарында
қорғаныш болмаса Гүлсары да, Танабай да қозғалуға дәрмен жоқ,
талықсып құлар еді. Бағзы бір замандарда барымтаны осылай алып
қашып, жаралы батырларды жау қолына түсірмей қауіп-қатерден
осылайша
қаумалап
алып
шыққан
болар-ау...
Мынау өзен, мынау саз, малта тасты кең өткел міне. Іңір
қараңғыда жалтырап көрініп жатыр.
Аттылар өзенге бірден қойып кетті. Асау өзен бұрқ-сарқ қайнап,
буырқанып сала берді. Тасқа тиген тағалардың шақыр-шұқырынан
құлақ тұнады, су шашырандысынан ештеңе көрінбей кетті. Не керек,
ер жігіттер жорға тұлпарды арғы бетке сүйрелеп, алып шықты-ау,
әйтеуір. Бітті! Жеңіс!
Бір жігіт Танабайдың алдындағы серкені өңгеріп алып, айылға
шаба жөнелді.
Қазақтар өзеннің арғы бетінде аңтарылып тұрып қалды.
– Рахмет, туғандар, көкпар тартысқандарыңа! – деп айқайлады
қырғыздар бергі беттен.
– Сау болыңдар! Алдағы күзде кездесеміз әлі! – деп жауап қатты
қазақтар арғы беттен. Сөйтіп, олар аттарының басын өз ауылдарына
бұра берді.
Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Танабай мейман болып отыр, жорға
жануар басқа аттармен бірге мама ағашта байлауда тұр. Асаудан
үйретілген күннен кейін ешуақытта мұндай талықсып болдырған емес.
Қазір тұлпар тұлғасымен салыстырғанда асау тай кезінде шыбықтай
нәзік екен ғой. Қазір көкпаршылар жиналған үйде де әңгіме сол
Гүлсары туралы.
– Ал, Танабай, Гүлсары үшін алып қоялық: ол болмаса бүгін бізге
бәйге жоқ еді.
– Иә, күрең айғыр арыстандай алпауыт екен. Үстіндегі жігіт те
жатқан бір дүлей күш қой. Әлі көрерсіңдер, ол әлі алысқа шабады.
– Оның рас. Ал, менің көз алдымнан Гүлсарының кес-кестеген
қуғыншыдан құтылғаны кетер емес: жер бауырлап, жусаннан аласа
боп кетті-ау, жануар. Ай-хой, айызыңды қандырады-ау, қарап тұрсаң.
– Айтпа деймін. Баяғының батырларына жауға шабарда осындай
ат мінгізер ме еді. Ат емес, дүлдүл ғой.
– Уа, Танабай, Гүлсарыны биелерге қашан саласың?
– Ой, ол осы күннің өзінде-ақ айғырлық жасап жүр. Бірақ әлі ерте
сияқты. Ал, келер көктемде үйірге салуға әбден болатын кезі. Осы
күзден
бастап
бос
қоя
бермекшімін,
ет
алсын...
Масаңдау кісілер аламан-бәйгенің бүге-шігесін, жорғаның
қасиетін қазбалап айтып көпке дейін отырысып алды. Гүлсары болса
сыртта тері қатып, ауыздығын шайнап қойып қаңтарулы тұр. Ол енді
осыдан таң атқанша нәр татпай суытылады. Бірақ оны қинаған аштық
емес. Иығы қаңсайды, аяқтары бөтен аяқ сияқты, ыстықтан май
табаны қызып барады, құлағынан аламан-бәйгенің айқай-шуы әлі
кетпей гуілдеп тұр. Көкпаршылар қиқулап әлі қуып келе жатқандай
көрінеді. Гүлсары оқтын-оқтын селк-селк етіп, пысқырып қойып,
құлақтарын тігеді. Көкке жата қалып aунaп алып сілкініп, сілкініп,
қайта тұрып кетіп, жайылымдағы жылқылардың арасында жүргенді
бір аңсады дейсің. Бірақ қожайын шығар емес.
Түннің бір кезінде әйтеуір шықты-ау. Қараңғыда теңселе басады.
Аузынан бір мұңкіген ащы, өткір иіс шығады. Оның аузынан мұндай
иіс шығатын кез некен-саяқ. Әлі арада бір жыл өтер, сонан соң
Гүлсары аузынан мұндай иіс үнемі шығып тұратын адамның тақымына
түсер. Қайран жорға сонда әлгі адамды да, мына жексұрын иісті де жек
көріп кетер.
Танабай жорғаға таяп келіп, шоқтығынан сипалап, терліктің
астына қолын салып көрді.
– Біраз суыдың ба? Болдырдың ғой? Мен де өлердей шаршадым.
Сен маған оқшиып қарама, сенің құрметіңе деп ішкенім рас. Мейрам
ғой. Аздап қана ауыз тидім. Сен байқа, мен өз шамамды білемін.
Майданда жүргенде де шамамнан асқан емеспін. Қой, Гүлсары,
оқшима. Кетеміз қазір табынға, әйда, демаламыз...
Танабай тартпаны мықтап тартып болып, үйден шыққан
кісілермен сөйлесіп біраз тұрды. Содан соң бәрі де атқа қонып жан-
жаққа тарасты.
Айыл түгел ұйқыға кеткен. Айнала жым-жырт. Терезелерден от
көрінбейді. Аулақтағы айдауда жүрген трактордың тырылы ғана еміс-
еміс естіледі. Тау шоқыларының үстіне ай көтеріліп қалыпты, бауда
алма ағаштардың ақ шаңқан гүлдері ағараңдайды, әлдеқайдан бұлбұл
сайрайды. Неге екені белгісіз, күллі айылда жалғыз-ақ бұлбұл. Сайрап
алады да, өз әніне өзі құлақ түріп үнсіз біраз отырады, содан соң
қайтадан құйқылжыта жөнеледі.
Танабай аттың басын тежеңкіреді.
– Пай-пай, кереметін-ай! – деді ол дауыстап. – Жым-жырт қой.
Бұлбұл ғана сайрауық. Сен түсінемісің, Гүлсары? Қайдан болсын. Сен
табынға барасың, мен ше...
Екеуі темір дүкеннің тұсынан өтті, енді шеткі көшемен жүріп
отырып өзенге шығу керек, ар жағында – жылқы жатыр. Бірақ
қожайын тізгінді басқа жаққа бұрды. Орталық көшеге түсіп алып,
аяғына дейін барды, таныс әйел тұратын үйдің ауласының алдына кеп
тоқтады. Осы үйдің кішкене қызының қасында жүгіріп жүретін күшік
шабаланып шықты да, құйрығын бұлғаңдатып үргенін қоя қойды.
Қожайын ердің үстінде әлдене ойлап үн-түнсіз едәуір отырды да,
күрсініп салып, тізгінді амалсыздың күнінен қаққандай болды.
Жорға жортып берді. Танабай тізгінді етектегі өзенге қарай бұрды,
жолға шыққан соң аттың жүрісін жылдамдатты. Гүлсарының тілегені
де сол еді, жылқыларға косылғанша асық. Шабындық саздан өтіп,
өзенге түсті. Жағадағы малта тасқа тиіп, аттың тағасы шақылдайды.
Сарқырама су тастай екен. Өткелдің ортасына жете бергенде кенет
қожайын тізгінді кілт тартып қалып, аттың басын кері бұрсын.
Қожайын қателескен шығар дегендей, Гүлсары басын шұлғып,
ауыздықты сүзгілеп алға тартты. Кері қайтып не керек? Қашаңғы
осылай жүре бермек? Бірақ бұған жауап ретінде, қожайын аттың
сауырына камшымен салып қалды. Қожайынның қамшы басқанын
Гүлсары қаламайтын. Ашумен ауыздықты қарш-қарш шайнап,
амалсыз көніп, кері бұрылды. Шабындық саздан тағы өтті, тағы да
жолға түсті, тағы да таныс әйел үйінің алдына кеп тоқтады.
Ат үстінде тұрып қожайын тағы да қобалжысын, тізгінді біресе
былай тартады, біресе былай тартады, не қалайтынын білмейсің.
Қақпа алды. Қақпа дейтін қақпа да емес, қисайып тұрған діңгектер
ғана. Әлгі күшік шәуілдеп тағы жүгіріп шықты да құйрығын
бұлғаңдатып қоя қойды. Үйдің терезелері қараңғы, тым-тырыс.
Танабай аттан түсіп, Гүлсарыны жетектеген күйі аулаға кірді де,
үйдің терезесіне жақындап барып, саусағымен тықылдатты.
– Бұл қайсың? – деді іштен дауыс.
– Бұл мен, Бүбіжан, аш. Естимісің, бұл мен!
Іштен от жарқ етті де, терезеден көмескі сәуле көрінді.
– Сенбісің? Кештетіп қайдан жүрсің? – деп Бүбіжан есік ашты.
Үстінде жағасы ашық ақ көйлек, қолаң шашы иығынан төмен төгіліп
кеткен. Әйел денесінің бусанған исі мен қалампырдың исі аралас
сезіледі.
– Сен кешір, – деді Танабай сыбырлап. – Көкпардан кеш қайтып
ек. Шаршадым. Ат мүлде болдырды. Суытпаса болмайды, өзің білесің,
табынға жету әлі біраз жер.
Бүбіжан үндемеді.
Көздері айлы түндегі суат түбінің асыл тасындай жалт етті де,
қайта сөніп калды. Жақындап келіп мойнымнан сипар деп жорға
дәмеленіп еді, бірақ Бүбіжан келмеді.
– Іш-ай, суығын-ай, – деді Бүбіжан иығы дір-дір етіп. – Неғып
тұрсың енді? Ішке кір, келген соң. Өтірігіңе болайын, деп сықылықтап
күліп жіберді. – Бала құсап бата алмай, атың үстінде әлі тұрсың шыдай
алмай күйіп-жанып мен жатырмын...
– Мен қазір... Атты байлай қояйын.
– Анау дуалдың бұрышына апарып байла.
Қожайынның қолы ешқашан мұндай қалтыраған емес. Асығып-
үсігіп аттың ауыздығын алды, тартпаны босата алмай көп әуреленді.
Ақыры бір тартпаны босатып, бір тартпаны сол күйі ұмытып кетті.
Бүбіжан екеуі ішке кіріп кетті де, шам сөнді.
Бөтен ауланы жорға жануар жатырқап тұр.
Ай сәулесін аямай-ақ төгіп тұр екен. Гүлсары басын дуалдан
асыра қарап еді, айлы түнде көгілдір сәулеге шомылған асқар таулар
көрінді. Жорға құлағын қайшылап қойып, елегізіп тұр. Арықта
сылдырап су ағып жатыр. Аулақтығы айдауда манағы бір трактор әлі
тырылдап жүр, бау ішінде манағы бір бұлбұл әлі сайрап отыр.
Алма ағаштың бұтақтарынан ақ гүлдер үн-түнсіз үзіліп түсіп,
Гүлсарының жалына, кекіліне қонып жатыр.
Түн нұрлана түсті. Жорға жануар денесінің салмағын бір аяғынан
бір аяғына алмастырып, аяқтарын кезек-кезек көтеріп қойып,
қожайынды көп күтті. Дәл осы жерде әлі талай-талай түн қатып, таң
атырарын жорға қазір білген жоқ.
Таң құланиектене Танабай үйден шығып, жып-жылы қолдарымен
аттың ауыздығын сала бастады. Енді оның қолынан да әлгі бір
қалампырдың
ерекше
исі
сезілді.
Бүбіжан Танабайды аттандырып тұрып, оның кең құшағына
тығыла түсті. Танабай оны ұзақ-ұзақ сүйді.
– Қойшы, Танабай, мұртың қытықтап жіберді, – деп сыбырлады
Бүбіжан. – Асыға гөр, күн жап-жарық боп кетті, тез аттан. – Үйге
кірмек боп бұрыла берді.
– Бүбі, бері келші, – деп Танабай оны қайтадан шақырып алды.
Иегімен жорғаны нұсқады: – Сипалап былай, аяласаңшы жорғаны. Сен
бізді ренжітпе.
– Ойбу, ұмытып кетіппін ғой, – деп күлді Бүбіжан. – Қарашы,
үстінің бәрін алманың гүлі жауып қалыпты. – Еркелетіп, жылы-жылы
сөздер айтып, Гүлсарыны домалақ, торы төбел байталдың ерніндей
сезімтал, жұп-жұмсақ әдемі қолымен сипалай бастады...
Өзеннен өткен соң қожайын әндетіп қоя берді. Қожайын ән салған
кезде Гүлсары да көңілденіп, жайылымдағы жылқыларға тезірек
жеткісі келіп, жұлқына жорғалады.
Осынау май түндері Танабайдың жолы болып жүрді. Дәл осы
маусымда жылқының түнгі кезегі Танабайға тиген. Жорға үшін түн
жорығы басталды. Күндіз оттайды, дем алады, түнде қожайын мініп
алып, жылқыларды тепсеңге айдап салады да, дереу Бүбіжанның үйіне
шапқылап жетеді. Таң қылаң бере, елең-алаңда, жырындылар құсап,
көзге түспес көне соқпақпен сонау тепсеңде қалған жылқыларға қарай
салып ұрып сабылады. Қожайын жылқылардың бас-аяғын жинап,
қайта-қайта түгелдеп барып, көңілі жай табады. Гүлсары бұл түндері
тәуір-ақ сабылды. Қожайын Бүбіжанның үйіне жеткенше асығады,
қайтадан жылқыларға жеткенше тағы асығады. Түнделетіп жолсызбен
жорту жайсыз-ақ, бір қожайынның қалауы солай.
Гүлсарының аңсары басқа. Ерік өз басында болса ешуақытта
жылқыдан шықпас еді. Айғыр затының кемелденіп келе жатқан кезі-
ді. Әзірге үйірдегі айғырмен сиысып жүр. Әйткенмен күн өткен сайын
екеуі бір биені жағалап қақтығысып қала беретін болды. Гүлсары
мойнын қаздай иіп, құйрығын көкке шаншып, үйірдегі биелерге
қырындауды көбейтті. Күмбір-күмбір кісінеп, биелерді сауырынан
қыршып, қызбалана беретінді шығарды. Байтал-биелерге Гүлсарының
мұнысы ұнайтын болса керек, олар айғырдың қызғанышын қоздырып,
жорғаның бауырына тығыла береді. Үйір басы азынаған қаһарлы кәрі
айғыр еді, талай рет Гүлсарыны шайнап тастай жаздаған-ды. Бірақ,
түні бойы Бүбіжанның ауласында қақайып тұрғаннан гөрі, табында
жүріп, бие қуып, азбан айғырдан жапа шеккені жақсы. Мұнда
байлауда тұрып байталдарды аңсайды. Тықыршып, тұяғымен жер
тарпып, тағаты таусылады, ақырында көндігіп тыныш табады. Кім
біледі, бұл түнгі жортуылдар әлі қаншаға созылар еді, егер де мына бір
жағдай болмаса...
Сол бір түні жорға әдеттегіше аулада қаңтарулы тұрып үйірді
аңсап, қожайынды күте-күте мүлги бастаған. Шылбыр ауланың
төбесіндегі бел ағашқа байланғандықтан жата алмайды: басы төмен
салбырай берсе-ақ, ауыздық езуін жыртып кете жаздайды. Сонда да
ұйқы-дұшпан қыстайды. Аспанды бұлт торлап, ауа тымырсық тартты.
Гүлсары қалғып-мүлгіп тұрған бойы ұйқылы ояу қалпында кенет
ағаштарды біреу жапырып, құлатып, қиратып жатқандай шуылды
естіп қалды. Құтырған жел ауланың апан-топанын шығарып, бос
тұрған шелекті даңғыр еткізіп құлатты да домалатып ала жөнелді,
жаюлы тұрған кірлерді жұлып алып, ұшырып әкетті. Күшік байғұс
қайда тығыларын білмей шыр айналып, қыңсылап-қаңсылап қоя
берді. Жорға жануар шатынап, осқырынып алып, құлағын қалт тігіп
қалшиды да қалды. Басын дуалдан асыра кекшитіп, бұрқ-сарқ қайнап
бара жатқан қараңғылыққа, сонау жылқылар жатқан дала жаққа тесіле
қарады. Сол дала жақтан әлдебір сұрапыл күркіреп-сарқырап
жақындай түскен. Қас-қағым арасында қараңғы түн қақырап сынған
ағаштай шатыр-шұтыр етті де, аспан күркіреп қоя берді, найзағай
бұлтты паршалап өтті. Жойқын жаңбыр төгіп-төгіп жіберді. Гүлсары
біреу қамшымен осып жібергендей шылбырды жұлқа ыршып түсті.
Далада қалған үйірге бола қорқыныштан жан-дәрмен дауыспен
кісінеді. Өз тұқымын хауіптен қорғау мәңгіден келе жатқан табиғат
заңы, жорғаның жан-дүниесінде сол ессіз түйсік оянды. Түйсік оны
хауіпте қалған үйірге қарай жетеледі. Еліре есі кетіп, өзін тырп
еткізбей тұтқында ұстап тұрған жүгенді, ауыздықты, қыл шылбырды
жұлқылап, байлаулы халде аяусыз арпалысты. Аласұрып, тұяғымен
жерді жүндей түтіп, жағы тынбай ашына азынап кісіней берді.
Үйірдегі жылқылар естіп, дыбыс берер ме екен деген үмітпен
шұрқырай кісінеді. Бірақ оған жауап ретінде тек дауыл ғана
ысқырынып, ұлып берді. Әттең, сол жолы ол қыл шылбырды үзіп
кетсе
ғой...
Иесі үйден тек ақ жейдешең атып шықты, артынша іш көйлегі
ағараңдап әйел де жүгіріп келді. Екеуінің де үсті-басы жаңбырдан
лезде су болды. Найзағайдың көгілдір оты жарқ еткенде екеуінің
жаңбыр шайған жүздері, үрейлі көздері, үйдің жел жұлмалаған есігі бір
сәтке жап-жарық боп көрінді.
– Тоқта! Тоқта! – деп ақырды Танабай атқа, шылбырды шешіп
алмақ болып. Бірақ ат оны танымай қалған сияқты, тыңдар емес.
Қожайынның өзіне қарсы атылып, тұяғымен дуалды жапыра теуіп,
байлаудан жұлқына берді, жұлқына берді. Танабай енді басын
қолымен жасқап, дуалды бойлай ұрлана басып барды да, жүгеннен
ұстаған күйі қатты да қалды.
– Тез шеш! – деп айқайлады әйелге.
Әйелдің шылбырды шешіп үлгергені де сол еді, жорға атылып
кетіп, Танабайды сүйрей-мүйрей жөнелді.
– Қамшы, тез!
Бүбіжан жалма-жан қамшыға жүгірді.
– Тоқта! Арам қатқыр, өлтіремін, тоқта! – деп Танабай атты
бастан қамшымен аямай тартып-тартып жіберді. Тезірек атқа қонып,
жылқыға жету керек қой. Жылқылар не болды? Дауыл үйірді қайда
ықтатып әкетті екен?
Жорғаның да жан дәрменде асыққаны үйір еді. Ұшарға қанаты
жоқ, әйтпесе қазір жетпек. Мына қиямет сәтте сезімнің құдіретті әмірі
жетектеген жерге көзді ашып-жұмғанша жеткісі келеді. Сондықтан да
азынап, аспанға шапшып, сондықтан да бой бермей жұлқына береді.
Жаңбыр болса шелектеп, төпеп тұр, қараңғы түн қабырғасын
қақырата сөгіп аспанда жасын ойнайды.
– Ұста! – деп бұйырды Танабай Бүбіжанға. Бүбіжан тізгіннен
ұстай берген кезде Танабай ерге қарғып мінді, әлі мініп болмай аттың
жалынан қармана бергені сол еді, Гүлсары әйел байғұсты шалшық
үстімен сүйрете-мүйрете ауладан атып шықты.
Енді ол тізгінге де, қамшыға да, айқайға да бағынбай, жолды тек
соқыр сезіммен бағдарлап, дауылды түнді қақ жарып, сабалаған
нөсердің астымен зымырап келеді. Ауыздыққа әлі келмей аманат боп
қалған қожайынды ол буырқанған өзеннен, сарқыраған судың,
күркіреген күннің өтінен, ұйысып қалған дүлей жыныс арасынан,
жарлар мен орлардан алып өтіп, алға қарай құстай ұшып келеді. Ол
бұған дейін небір ұлы бәйгелерде небір жойқын жарыстарда сол бір
дауылды түндегідей ешқашан шауып көрген емес.
Ақиланып алған ат қайда, қалай бара жатқаны Танабайға
беймәлім. Жаңбыр оған бет-аузын, өне бойын алаулатып алып бара
жатқан жалынға құсап көрінді. Жалғыз ой миын шағып жүйкелетіп
келеді «үйір қайтті екен? Жылқы қайда қазір? Е, құдай, ылдиға ығып
темір жолға шығып кетпесе не ғылсын! Қақтығысып, пойыз құлап
жүрмесе! Е, алла, жар бола гөр! Иә, әруақ, қолдай гөр! Сүріне көрме,
Гүлсары! Мені жылқыға алып жет!»
Ылдидағы жазықта қараңғы түнді ақ жалынмен арбап, ақ бауыр
жай оттары ойнақтайды. Қараңғылық қайтадан қаусырылып, күн
күңірене күркіреп, жел аралас жаңбыр сабалайды.
Бір қараңғы, бір жарық, бір қараңғы, бір жарық...
Сары жорға аспанға шапшып, аузын арандай ашып, езуі
жыртылғанша кісінеп, ышқына гулеп келеді. Үйірді іздеп, шарқ ұрып,
дыбыс күтеді: «Қайдасыңдар! қайдасыңдар! Кісінеп, дыбыс беріңдер!»
– деп келеді. Оған жауап ретінде тек күн күркірейді. Тағы да шаба
береді, тағы да іздейді, тағы да дауылды түнді тітіретіп арқырайды
кеп.
Бір қараңғы, бір жарық, бір қараңғы, бір жарық...
Дауыл тек таңға жуық толастады. Бірте-бірте бұлт сөгіліп сетіней
бастады, бірақ шығыста әлі күн күркіреп, өксігін баса алмай жатқан
сняқты. Қасқыр талаған қойдай болған қара жерден бу көтеріле
бастады.
Ығып кеткен жылқыларды қайырып, ойда-қырда бірен-саран
жылқышылар қызылмай боп шапқылап жүр.
Ал Танабайды әйелі іздейді, іздеген емес-ау, күтіп отыр. Ол түн
ішінде-ақ көрші-қолаңмен бірге атқа қонып, күйеуіне көмекке
асыққан. Жылқы жарқабақтың ернеуінен табылды. Енді болмаса
кеткелі екен. Ал Танабай табылмады. Адасқан шығар, десті. Бірақ
әйелі түскір оның адаспағанын білді. Көрші үйдің баласы: «Әне, әне,
Жайдар-апа, Танекем келе жатыр!» – деп қуана айқайлап, алдынан
шыға шапқанда. Жандар тұрған орнынан қозғалған жоқ. Адасып
қайтқан
күйеуіне
ат
үстінен
үнсіз
қарап
қалған.
Түні бойы түтесі шыққан жорғаның үстінде үн-түнсіз, түрі адам
көргісіз Танабай келеді. Үстіндегі лыпадан іш көйлегі су-су, бас
киімсіз. Гүлсары оң аяғынан сылтып басады.
Біз сізді іздеп жүрміз! – деді алдынан жүгіріп шыққан бала
қуанышы қойнына симай. – Жайдар-апам сізді не боп қалды, – деп
уайымдап еді...
Ай, бала, бала...
– Адасып кеттім, – деп міңгірледі Танабай.
Сөйтіп ол әйелімен осылайша кездесті. Бір-біріне ләм деген жоқ.
Әлгі бала жылқыны жарқабақтан қайыруға кеткенде, әйелі ақырын
ғана:
– Киініп те үлгермегенсің бе, байғұс. Дамбалың мен етігіңнің
барына да шүкір. Ұялмайсың ба? Желігетін жас та емессің. Балаларың
ержетті, сен болсаң...
Танабай үндемеді. Не десін?
Әне-міне дегенше бала да жылқыны қайырып келді. Құдай
жарылқап, құлын-тайға дейін барлық тұяқ түгел екен.
– Алтыке, жүр үйге, – деп шақырды баланы Жайдар. – Бүгін
сендерге де, бізге де жұмыс жетеді. Үйлерді жел құлатып кетті. Барып
жинап алайық.
Танабайға сыбырлап:
– Сен осы жерде тұра тұр. Жейтін, киетін бірдеңе әкелейін.
Жұрттың көзіне қайтып көрінесің мына түріңмен? – деді.
– Мен анау төменде тұра тұрамын, – деп бас изеді Танабай.
Әлгілер кетіп қалды. Танабай жылқыны тепсеңге айдап, көп
қуалады. Күн көтеріліп, ауа жыли түсті. Дала бусанып, жандана
бастады. Жаңбыр мен балауса көктің исі білінеді.
Жылқылар асықпай борт-борт желіп, жыралар мен өзектерден
өтіп, тепсең қабаққа көтерілді. Танабайдың алдынан өзге бір дүниенің
өңірі ашыла бергендей көрінді. Қаз бауыр бұлттар сонау көкжиекте
қаз-қатар қонақтап қалған. Зеңгір көк аспан мөп-мөлдір. Көз ұшында,
кең даланың төсінде түтіні шұбатылып поезд кетіп барады.
Танабай аттан түсіп, көкті кешіп біраз жүрді. Аяқ астынан
бозторғай пыр етіп ұшып, биікке көтерілді де, шырылдап қоя берді.
Танабай басы салбырап келе жатып кенет жерге гүрс етіп құлай кетті.
Гүлсары ешуақытта өз қожайынын мұндай халде көрмеген.
Етпетінен түсіп, солқылдап жылағанда иығы дір-дір етеді. Ұят пен
қапа қысып жылайды, ғұмырында ақырғы рет көрген бақытынан
айрылғанын біліп жылайды. Ал, бозторғай болса шырылдауын
қоймайды...
Арада бір күн өткен соң жылқы тауға қарай бет алды. Енді мұнда
тек келесі жылғы көктемде ғана оралады. Көш өзен бойлап, айылдың
жанын жағалап кетіп барады. Отар-отар қой, үйір-үйір жылқы... Жүк
артқан түйелер мен аттар, атқа мінген әйелдер мен балалар... Жүндес
маңтөбеттер қатарласа жүгіріп келеді. Адамдар айқайлап, жылқылар
кісінеп, қой-қозылар маңырап, көш бойы у да шу...
Танабай жылқыны жалпақ сазбен айдап отырып, күні кеше халық
мейрамға қарақұрым боп жиналған дөңеске шықты. Артта қалып бара
жатқан айыл жаққа қарамауға тырысады. Гүлсары ескі әдет бойынша
айыл шетіндегі үйреншікті үйге бұра тартып еді, сонысы үшін қамшы
жеп қалды. Домалақ торы төбел байталдың ерніндей елгезек, жұп-
жұмсақ, таңғажайып қолдары бар әйелдің үйіне сөйтіп олар соқпай-ақ
өткені...
Жылқылар шашырамай бөкен желіспен келеді.
Гүлсары қожайын ән салса екен деп еді, ән салмады. Айыл артта
қалды. Қош, айыл. Алдыда таулар. Көріскенше, кең дала, келесі
көктем келгенше. Алдыда таулар.
6
Түн ортасы жақындап қалды. Гүлсары бұдан әрі жүре алмады.
Мына сайға жеткенше ілбіп басып мың тоқтады. Бірақ сайдан шығуға
дәрменсіз еді. Бұдан әрі атты қинаудың қисыны жоқ екенін Танабай да
түсінді. Гүлсары азаптағы адам құсап қатты ыңырсыды. Ат аяғы
бүгіліп жата кетіп еді, Танабай оған тимеді.
Суық жерге жатқан соң да жорға басын жан-жағына аударып
салып, ыңырси берді. Жаурап тұла бойы қалшылдап бара жатты.
Танабай үстіндегі тонды шешіп алып аттың үстіне жапты.
– Немене, халің нашар ма? Өте нашар ма? Жаурадың-ау, Гүлсары.
Сен ешуақытта тоңбаушы едің ғой.
Танабай тағы бірдеңе деп міңгірледі, бірақ жорға енді оны естіген
жоқ. Енді оның жүрегі тура басына шауып кеткендей басының ішін
күңгірлетіп, үзіліп барып, шашалып қалып, қуғыншы көрген
жылқыдай есі шығып жүрегі дүрс-дүрс, дүрс-дүмп, дүрс-дүмп, деп
тарсылдады.
Ай туып шоқы төбесіне көтерілді. Айналасы мұнартып
құлақтанып тұр. Бір жұлдыз үнсіз ағып барып сөніп қалды...
– Сен жата тұр, мен қурай жиып келейін, – деді шал.
Ол былтырғы қара сораның қурайын жинап төңіректі тінткілеп
көп жүрді. Бір құшақ отын алғанша қолына кірмеген тікен қалмады.
Тағы да қурай іздеп сайдың табанына түсті. Керек болар деп бәкісін
қолына алды. Түртінектеп жүріп бір шоқ тасжарған тауып, қуанып
кетті. Нағыз маздақтың отыны бұл.
Гүлсары ылғи да жақыннан жанған оттан сескенуші еді. Қазір
қорыққан жоқ: оттың жылуы мен түтініне сүйсініп жатыр. Танабай
отқа тасжарған мен қара сораны алма кезек тастап қойып, қаптың
үстінде отқа қарап, қолын жылытып, үнсіз отыр. Оқта-текте тұрып,
аттың үстіндегі тонды қымтап жауып қойып, от басына қайта
отырады.
Гүлсарының бойы жылып, қалшылдағаны басылды. Бірақ көз
алдынан сары сағым айықпайды, кеудесі қысылып, тынысы тарылды.
Алаулаған жалын біресе жалп етіп өшіп, біресе желмен шалқып бара
жатады. Қарсы алдында отырған шал, өзінің ежелгі иесі, бір көрініп,
бір көрінбей кетеді. Есеңгіреп жатқан жорғаға сонда иесі екеуі
күркіреген нөсерлі түнде ен далада шауып келе жатқандай көрінеді.
Аспанға шапшып кісінеп, үйірді іздейді, жылқылар табылмайды.
Алыстан ақ алау бір жарқылдап, бір сөнеді.
Бір жарық, бір түнек, бір жарық бір түнек...
7
Малшы қауымға жарық дүниеде ғұмыр кешу соншалықты қиямет
емес екенін білдіргісі келгендей қыс өтіп, алты ай жаздың жүзіне
шегініс жасады. Енді күн жылиды, мал қоңданып, ағарғанға ауыз
жарып, ет молаяды. Мейрамдар келіп, бәйге, жарыс та болар, мал
төлдету, жүн қырқу, төл өсіру жайлауға көшу, ет комбинатына мал
айдау сияқты күнбе-күнгі, шаруа тұр алда. Ара-арасында әркімнің
басынан қилы-қилы жағдайлар өтіп жатар: біреу ғашық болады,
біреулер ажырасады, біреу өмірге келеді, біреу дүниеден өтеді. Баласы
жақсы оқыса қуанып, интернаттан жаман оқиды деген жайсыз хабар
жетсе қапаланар малшы жазған. Кім біледі, өз қолында жүріп оқыса
жақсы оқыр ма еді... деп те ойлар. Айтып-айтпай не керек, жұмыс
жетеді, сөйтіп біраз жаз айының қызығы мен қыстың қиыншылығы да
ұмытылар. Жұт, малдың өлім-жітімі, көктайғақ, жыртық үй мен суық
қоралардың қорлығы, енді келер жылға дейін тек ақпарлар мен есепті
баяндамаларда ғана қалмақ. Әне-міне дегенше ақ борасынға мініп
ақырып қыс келеді қайтадан, ойда жүрсе де, қырда жүрсе де қоймай
малшы жазғанды тауып алып, ақ жынын сонда көрсетеді. Аз күн жазға
мәз болып ұмытып кеткен қорлығының бәрін қайтадан малшының
есіне түсірмек. Қыс-екем баяғыда қандай болса, жиырмасыншы
ғасырда да сондай.
Былтырғы көктем қайталанғандай. Арық-тұрақ, көтерем шыққан
мал таудан түсіп, ауызы көкке ілінгендей. Көктем. Қыс артта қалды.
Бұл көктемде Гүлсарыны үйірге салды. Танабай енді оны сирек
ерттейтін болды. Аяйды, жә, көп міну де жарамайды, биелерді айғырға
қосатын уақыт та жақындап қалды.
Не керек, Гүлсары жақсы айғыр болайын деп-ақ тұр. Оны
жабағыларды қорғаштағанынан көрсең. Енесінен сәл ажырап қалса-ақ,
Гүлсары құлыншақты орға-жарға құлатпай, үйірден адастырмай бас-
көз болып қақпайлап жүргені. Гүлсарының тағы бір қасиеті: адамдар
жылқының мазасын алғанын ұнатпайды-ақ. Ондайда үйірді аулаққа
айдап алып кетеді.
Сол жылы қыста колхозда біраз өзгеріс болды. Аудан жаңа бастық
жіберді. Шора істі өткізіп, аудандық ауруханаға түсті. Жүрегінің ауруы
тым асқынып кетті. Танабай досының көңілін сұрап қайтпақшы болып
тырысып-ақ бағып еді, қу тірліктен шыға алсын ба? Малшы да бір көп
балалы ана сияқты ғой, қолы бір босамайды, әсіресе қыс пен көктемде.
Мал жарықтық машина емес, моторын тоқтатып қойып, кете беретін.
Ақыры сөйтіп Танабай аудандық ауруханаға бара алмай-ақ, қойды.
Енді оның кезекші жылқышысы да жоқ. Кезекші болып әйелі
саналады: еңбеккүнге жарытып ештеңе бермесе де, әйтеуір бір
адамның тапқанынан гөрі екі адамдыкі артық қой, күн көрістің қамы
да баяғы.
Бірақ Жайдардың емшекте баласы бар. Ол қайдан жылқы бағады?
Күндіз-түні қызылтанау болатын Танабайдың өзі. Көрші
жылқышыларға: қарай тұрыңдар, әке-көке, деп көндіргенше, Шора
ауруханадан шығып, айылға келіпті деген хабар да жетті. Сонымен
әйелі екеуі Шораға таудан түскен соң бірге барып қайтуға келісті.
Ал, таудан түсіп, жазықтағы жайлауға енді қонып жатқанда кенет
бір жағдай тап бола кетті. Есіне түссе Танабайдың әлі күнге дейін
зығырданы қайнайды...
Жорғаның даңқы – өзінің соры. Даңқы алысқа жайылған сайын
бастықтардың сұқтана түсетін әдеті.
Сол күні Танабай жылқыны таңғы салқынмен жайылымға айдап
тастап, сәскелік шайға үйіне қайтып келген. Қызын тізесіне алып,
әйелімен үйдің майда-шүйде тіршілігін шүйіркелесіп шай ішіп отырған
Интернатта оқып жүрген баласына барып қайту керек екен, жолай
станциядағы базарға соғып, балаларға, әйеліне киім-кешек ала келмек
болды.
– Ондай болса, Жайдар, мен жорғаны ерттей қояйын, – деді
Танабай шайды ұрттап бола беріп. – Әйтпесе бүгін оралып
үлгірмеспін. Жорғаға соңғы рет мініп барғаным болсын онан кейін
тимеймін.
– Байқа, өзің білесің, – деді әйелі.
Сырттан аттылардың дүбірі естілді, біреулер келе жатқан сияқты.
– Шықшы, – деді Танабай әйеліне. – Біреу келді ме?
Әйелі тысқа шығып, қайтып кірді:
– Ыбрайым завферма келді, қасында бір бала бар, – деді.
Танабай орнынан қинала тұрып, қызын көтеріп далаға шықты. Ол
жылқы фермасының меңгерушісі Ыбрайымды ұнатпаушы еді, бірақ
кісі келген соң күтіп алу парыз. Не үшін ұнатпайтынын Танабай өзі де
білмейді. Басқалар сияқты емес, Ыбрайым ылдым-жылдым, ағаны –
аға, ініні – іні, деп-ақ тұрады. Әйтсе де, құрығыр құр жылпос па,
қалай. Әйтеуір жұмыс істемейді, мал санақта ғана болмаса, аты бар да,
заты жоқ. Жылқы фермасына лайық әрекет жоқ, әр жылқышы өз күнін
өзі көріп, жүріп жатыр, әйтеуір. Партия жиналыстарында Танабай
мұны талай рет айтты да, бәрі бас изейді, Ыбрайым мінін мойындап,
сынағаны үшін рахмет те айтты. Бірақ бәрі баз баяғы қалпында қалды.
Жылқышылар, болса мың болғыр, оңды адамдар, бәрін де Шора өзі
таңдап қойған.
Ыбрайым аттан түсіп, қос қолын ұсына ұмтылды:
– Ассаламағалейкүм, бай! – Ол жылқышылардың бәрін бай дейтін
әдеті.
– Әлейкүмүссалам! – деп Танабай ықылассыз сәлемдесіп, қол
алысты.
– Мал-жан аман ба? Жылқы қалай, Танеке? Өзіңіз қалайсыз? –
Ыбрайымның жалпақ беті күлкіден жайыла түсіп, жаттанды
сауалдарын жаудыра бастады.
– Шүкір.
– Құдайға тоба. Сіз барда менің уайымым жоқ.
– Үйге кіріңдер.
Жайдар кісілерге жаңа текемет салып, оның үстіне бөстек төседі.
Ыбрайым Жайдарға да жалпаңдап жатыр:
– Амансыз ба, Жайдар-бәйбіше. Дені-қарныңыз сау ма? Бай
кісінің жағдайына жақсы қарап жүрсіз бе?
– Аманбыз, жоғары шығыңыздар, төрлетіңіздер.
Бәрі жайғасып отырды.
– Қымыз әкел, – деді Танабай әйеліне.
Қымыз ішіп, ананы-мынаны әңгімелеп отырысты.
– Қазір ең қызығы осы мал шаруашылығы ғой. Жазда, тым
құрыса, еті, сүті дегендей, – деп сілтеді Ыбрайым, – ал егін
шаруашылығын, яки басқа жұмысты алыңызшы – түк тамбайды.
Сондықтан осы жылқы мен қойдан жарылқай берсін деңіз. Солай емес
пе, Жайдар бәйбіше?
Жайдар басын изеді, Танабай тіс жарған жоқ. Ол мұны өзі де
біледі, малшының жағдайы жаман емес, оның қадірін білу керек
дегенді құлаққағыс қылып Ыбрайым реті келген жерде айтып
қалатын. Елдің бәрі еті мен сүті бар жерді жағалап кетсе, одан
жақсылық шамалы дегісі келді Танабай. Сонда басқалар қайтіп күн
көрмек? Жұрт қашанғы тегін жұмыс істейді? Соғысқа дейін мұндай
болып па еді? Күзде үй сайын екі-үш арбадан астық түсіріп алатын.
Енді ше? Енді қабын қолтығына қысып, қай жерден дән табылар екен
деп жүрген жұрт. Астықты өздері өсіріп, өздері ас-сусыз отыр. Осылай
да іс бола ма? Тек жиналыспен, құрғақ сөзбен халықты қашаңғы
асырайсың?! Адамдардың еңбекақысына сылдыр сөзден басқа ештеңе
бере алмағандықтан да Шора жарымжан болып, жүректен қалды.
Бірақ бұл бітеу жараны Ыбрайымға айтқаннан пайда жоқ. Әрі
десе Танабай қазір әңгімені ұзартқысы келмеді. Мыналарды тезірек
шығарып салып, жорғаны ерттеп, күн жарықта қайтып оралу үшін
ертерек жүріп кетпекші болып отыр. Не шаруамен келе қалды екен?
Сұрап жату ыңғайсыз.
– Сені таныңқырамай отырғаным, інішек. Абалақ марқұмның
баласы емеспісің? – деді Танабай бағанадан бері үндемей отырған жас
жігітке.
– Иә, Танеке, мен со кісінің баласымын.
– Зулап бара жатқан заман-ай десеңші. Жайлауды бір көріп
қайтайын деген екенсің ғой? Қызық қой?
– Жоға, біз...
– Бұл жігіт менімен бірге келді, – деп сөзді Ыбрайым бөліп кетті. –
Біз бір іспен келіп едік, кейін айта жатармыз. Қымызыңыз қымыз-ақ
екен, Жайдар бәйбіше. Исін айтсаңшы. Енді бір құйып жіберіңіз.
Тағы да ананы-мынаны әңгімелеп біраз отырысты. Бір жайсыз
әңгіменің боларын Танабай сезді, бірақ Ыбрайымның дәл неге
келгенін біле алмай дал болды. Ақыры Ыбрайым қалтасынан бір қағаз
шығарды.
– Танеке, біз сізге мына бір шаруамен, міне мына бір қағазбен
келдік. Оқыңыз.
Танабай ішінен ежіктеп тұрып оқып шықты да өз көзіне өзі
сенбеді. Айбақ-сайбақ әріппен былай деп жазылған екен.
«Бұйрық.
Жылқышы Бақасовқа.
Гүлсары жорға мініс көлігі үшін атқораға жіберілсін. к-з бастық
(қолы түсініксіз)
5 март 1950 ж.»
Үн-түн жоқ, қағазды төрт бүктеп гимнастеркасының төс
қалтасына салып қойды да Танабай күтпеген жерден біреу төбесінен
қойып қалғандай боп, басын көтерместен көпке дейін отырды. Іші-
бауыры қалтырап, бей-жай халге түскендей болды. Түптеп
келгенде, мұнда таңқалатын да ештеңе жоқ еді. Жылқыны ол не үшін
бағып, не үшін өсіріп жүр? Әрине, колхоз үшін, кейін жұмыс көлігі,
мініс
көлігі
ретінде басқаларға өткізу үшін бағып жүр. Осы жылқыда жүрген
жылдар көлемінде ол бригадаларға талай атты таратып бермеп пе еді!
Ал, Гүлсары! Оны беруге дәті шыдамас! Жорғаны бермеудің амалын
қарастырып, жанталаса ойлап отыр. Дұрыстап қана уәж табу керек.
Абдырап, ашуға алдырмау керек. Ыбрайым тықырши бастады.
– Солай, Танеке, осы шағын шаруамен келіп ек – деді лаждап қана.
– Жарайды, Ыбрайым, – деп Танабай оған баппен қарады. – Бұл
ешқайда қашпайтын жұмыс. Қымыз алыңдар, әңгіме айтыңдар.
– Әлбетте, Танеке, түсінетін кісісіз ғой.
«Түсінетін! Атаңның басы. Сенің түлкі бұлаң сөзіңе түсе қоятын
мен емес!» – деді Танабай ішінен ызаланып.
Тағы да көди-сөди әңгіме кетті. Енді асығатын жұмыс жоқ.
Сөйтіп Танабай алғаш рет колхоздың жаңа бастығымен осылайша
кездесті. Өзімен емес-ау, түсініксіз қойған қолымен. Бастықтың бет-
жүзін әлі көрген емес. Ол Шораның орнына келгенде, Танабай тауда
жүрген. Бұрын ірі қызметте болған екен, доңайбат кісі екен деген
дақпырт жетіп жатты. Алғашқы жиналыстың өзінде-ақ жалқауларды
қырамын да жоямын, еңбеккүнін орындамағандарын сотқа берем деп
қорқытыпты. Барлық бәленің бәрі колхоздардың ұсақтығынан, енді
ірілендіріледі, жақында жағдай жақсарады, мені сол үшін жіберіп
отыр. Басты мақсатым, колхоздың жұмысын агротехника мен
зоотехниканың озық
әдістерімен жүргізу, депті.
Ол үшін
колхозшылардың барлығы агротехникалық және зоотехникалық
үйірмелерде оқуға міндетті, депті.
Айтса айтқандай, оқу ісі оңалып, плакаттар ілініп, лекциялар
оқыла басталды. Ал, енді сол лекцияда шопандар ұйықтап отырса да
мейлі...
– Танеке, біз жүрелік, – деді Ыбрайым Танабайдың бетіне
күдіктене қарап. Етігінің жиырылып қалған қонышын тартқылап,
түлкі тебетейін сілкіп, сипап, сипақтап отыр.
– Былай, завферма. Бастығыңа айта барғын: Гүлсарыны бере
алмаймын. Ол үйірге түскен айғыр. Биелердің айғырдан шығуы керек.
– Ойбай, Танеке, біз сізге оның орнына бес айғыр берейік, бір де
бір бие қысыр қалмайды. Со да сөз боп па? – деп таң болды Ыбрайым.
Ол Гүлсарыны алып қайтатынына сеніп отырған, кенет.... Әттең, бұл
Танабай емес, басқа біреу болса, сөз қысқа болар еді. Бірақ
Танабайдың аты Танабай, ол туған ағасын да аямаған, онымен
санаспауға лаж жоқ. Сылап сипауға тура келеді.
– Сендердің бес айғырларыңның маған керегі жоқ! – Танабай
тершіген маңдайын сүртіп, бір сәт үнсіз қалды да, төтесінен бір-ақ
басты. – Немене, сенің бастығыңа мінетін басқа ат табылмай қалды
ма? Жоқ, атқорада ат құрып қалды ма? Гүлсары болмаса болмай ма
екен?
– Енді қалай, Танеке? Бастық біздің жетекшіміз, сыйлау керек қой.
Ауданға қатынайды, оған шеттен кісілер келеді дегендей. Бастықтың
жүргені де, тұрғаны да халықтың көз алдында , ел арасында жүреді,
былайша айтқанда...
– Немене, былайша айтқанда? Басқа ат мінсе қадірі түсіп қала ма?
Халықтың көз алдында болса міндетті түрде жорға мінуі керек пе
екен?
– Міндетті болсын, болмасын, бірақ өзі жөні солай ғой. Мына сіз,
Танеке, соғыста болдыңыз. Айтыңызшы, сіз жеңіл машинаға мініп,
генерал жүк машинасына мініп жүрді ме сонда? Әрине, жоқ. Генералға
– генералдікі, солдатқа – солдаттікі. Солай емес пе?
– Мұнда мәселе басқа, – деп Танабай кібіртіктеп қалды. Неге
басқа екенін түсіндіріп жатқан жоқ, сірә, түсіндіре алмас та еді.
Жорғаның мойнына бұғалық түсе бастағанын сезген Танабай
ызаланып әңгімені шорт кесті:
– Бермеймін. Қаламасаңдар, мені жылқыдан қуып жіберіңдер.
Ұста дүкенге барам. Онда менің қолымнан балғамды тартып ала
алмассыңдар.
– Өйтіп, не керегі бар, Танеке? Біз сізді сыйлаймыз, құрметтейміз.
Ал, сіз жас бала сияқтысыз. Осы мінез сізге жараса ма, айтыңызшы? –
Ыбрайым отырған, орнында қопалақтай берді. Масқара болатын
болды-ау. Бастыққа жорғаның барын айтып, уәде беріп, белсеніп
кіріскен өзі еді, енді мына бір мойын неме бәрін бүлдірейін деп отыр.
Ыбрайым күрсініп салып, Жайдарға қарап жалынғандай сөйледі:
– Өзіңіз айтыңызшы, Жайдар бәйбіше, бір ат деген не ол,
жарайды, жорға болсын? Жылқы ішінде аттың неше түрлісі толып жүр
– қалағаныңды ұстап мін. Өзі жаңа бастық болса, оны аудан жіберіп
отырса...
– Е, сен неменеңе сонша өзеуреп отырсың? – деп қалды Жайдар.
Ыбрайым аузына сөз түспей, екі қолын жайды:
– Енді кәйт дейсіз? Тәртіп. Маған тапсырды, мен кішік адаммын.
Өзім мінбеймін. Маған есек болса да бәрібір. Сұраңыз, міне мына
Абалақтың баласын жорғаны алып кел деп жіберіп отыр ғой.
Анау ләм деместен басын изеді.
– Дұрыс емес, – деп Ыбрайым қайта сөйледі. Бізге бастық етіп
жіберіп отыр, біздің мейманымыз ол, ал біз болсақ бүкіл айыл болып
оған тәуір ат тауып бере алмаймыз. Жұрт білсе не айтады? Қырғызда
жоқ жаман ырым жасамайық.
– Жұрт білсе білсін, – деп іліп әкетті Танабай, – бүкіл айыл білсін.
Мен Шораға барып айтамын. Сол шешсін.
– Шора берме деп айтады деп ойлайсыз ба? Шорамен келісілген
бұл мәселе. Тек оны ыңғайсыз жағдайда қалдырасыз. Арандатқан
сияқты боласыз. Жаңа бастыққа бағынбай, ескі бастыққа барып
шағым айтамыз. Не болады сонда? Шора ауру адам. Бастықпен
екеуінің арасын арандатып керегі не? Шора парторг болады, әлі
бастықпен жұмыс істеседі. Кесір боп керегі не...
Әңгіме Шора туралы боп кеткен соң Танабай ләм деген жоқ. Бәрі
де үнсіз отырып қалды. Жайдар ғана ауыр күрсініп салды.
– Бер, – деді ол күйеуіне. – Кісілерді жолынан қалдырма.
– Міне, ақыл сөз, алдақашан өсту керек еді, рахмет сізге, Жайдар
бәйбіше.
Сол жолы Ыбрайым Жайдарга қайта-қайта рахмет айтып, текке
жалпылдамаған екен. Арада көп ұзамай-ақ ол ферма меңгерушісінен
өсіп, колхоз бастығының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары
болып шыға келді...
Танабай ердің үстінде, жүзін төмен салып әлгілерге қарамай-ақ,
бәрін көріп отыр. Әне, олар Гүлсарыны ұстағанын, басына қалай басқа
жүген кигізгенін (өзінің жүгенін Танабай өліп кетсе де бермес) көрді.
Гүлсарының үйірден кеткісі келмегенін, Абалақтың баласының
қолындағы шылбырды тарта жұлқынғанын, Ыбрайымның оны біресе
мына жағына шығып, біресе ана жағына шығып аямай құлаштап
тұрып қамшылағанын көрді. Өзін мына бөтен адам қайда, неге әкетіп
бара жатқанын, үйірден, биелер мен құлындардан, иесінен неге
ажыратып алып бара жатқанын түсіне алмай шатынаған Гүлсарының
көзін көрді. Ол ашына кісінеген кезде аузынан шыққан буды, оның
жалын, арқасын, сауырын көрді. Арқасы мен санына Ыбрайымның
қамшысынан түскен ізге дейін көрді. Жорғаның бүкіл түр-тұлғасын,
тіпті алдыңғы оң аяғының шашасына біткен қарақошқыл мүйізге
дейін көрді. Оның аяқ тастасын, тұяғының іздерін, ашық сары жүнінің
ақырғы қылына дейін, бәрі-бәрін түгел көріп отыр. Күресерге дәрмен
жоқ, ернін тістелеп, үнсіз егіліп отыр. Басын көтеріп алып қараса,
әлгілер Гүлсарыны алып бөктерден әрі асып түсіп бара жатыр екен.
Танабай қышқырып қалып, астындағы атты тебініп-тебініп,
кеткендердің артынан қуа жөнелді.
– Тоқта, барма! – деп Жайдар үйден жүгіріп шықты.
Шауып бара жатып кенет бір зымиян ой басына сап ете қалды:
әлгі бір жігітшілік түндер үшін Жайдар жорғадан өшін алды-ау.
Танабай аттың басын шұғыл бұрып, қамшылап отырып кері шапты.
Үйдің іргесінде тізгін тартып, аттан қарғып түсті де, түрі адам
шошырлық әлемтапырық, құп-қу боп әйеліне жүгіріп келді.
– Неге сен?.. Неге сен бер дедің, а? – деп ысылдады ол әйелінің
бетіне тік қарап.
– Болды. Түсір қолыңды, – деп Жайдар әдеттегіше аспай-саспай
күйеуінің арынын басты. – Мен айтайын, сен тыңда. Ау, Гүлсары сенің
жекеменшік малың ба еді? Өзіңдікі ме еді? Сенің өзіңнің нең бар?
Біздегінің бәрі де колхоздікі. Сонымен күн көріп отырмыз. Жорға да
колхоздікі. Ал, бастық – колхоздың қожайыны: қалай айтса – солай
болады. Ал, әлгі күдігің бекер-ақ. Қазір кетсең де мейлі. Бара бер. Ол
менен тәуір, сұлу екен, жас екен. Жарамды әйел. Мен де ол құсап
жесір қалар ма едім, сен аман-есен келдің. Қанша күттім мен байғұс.
Мейлі, оны бұлдап отырған мен жоқ. Ү ш балаң бар. Оларды қайтесің?
Кейін не дейсің? Олар не дейді? Мен не деймін? Өзің біл...
Танабай далаға безіп кетті. Кешке дейін жылқыдан шықпай, ал,
кәне, ашуын баса алсашы. Табын жетімсіреп қалды. Көңіл, шіркін,
құлазып, о да жетімсіреген. Жамандатқыр жорға көңілдің шырайын да
өзімен бірге ала кеткен. Бәрі кетті сонымен бірге. Енді бәрі бекершілік,
бәрі басқа. Күн де басқа, аспан да басқа, жә, Танабайдың өзі де
өзгерген сияқты.
Қосқа қас қарая оралды. Түсі қарауытып, үн-түнсіз үйге кірді.
Қыздары ұйықтап қалыпты. Ошақта от жанып жатыр. Әйелі қолына су
құйды.
Ac
әкелді.
– Жемеймін, – деді Танабай. Онан соң:
– Шаңқобызыңды алшы. «Боз інген зарын» тартшы, – деді.
Жайдар шаңқобызды алып, ерніне тақап, жіп-жіңішке болат
қылды саусағымен шертіп көріп, демін шығарып, қайтадан дем тартып
қалған кезде бағзы заманғы көшпелілердің құдіретті күйін төгілтіп ала
жөнелді. Ақ ботасынан айырылған аруана туралы жыр. Құла түзде сау
желгелі талай күн. Ботасын іздеп боздайды. Енді қайтып екі кештің
арасында ботасын ертіп жар басына бара алмас, таңсәріде енді қайтып
ботасын ертіп жазираға шыға алмас, енді екеуі бірге бұтадан жапырақ
сыдырмас, енді бірге еспе құмды кеше алмас, енді бірге көктемнің көк
майсасына жайылмас, енді қайтып ақ сүтін иіп бере алмас. Қайдасың
сен, қарақаткөз ботақан? Ү н қатшы! Желіннен саулап сүт ақты, исініп
кеткен желіннен. Қайдасың сен? Ү н қатшы! Желіннен саулап сүт ақты,
иісініп кеткен желіннен. Анасының ақ сүті...
Жайдар шаңқобызды жақсы шалады. Танабай оны кішкентай қыз
күнінде осы бір сиқырлы өнері үшін сүйіп еді.
Танабай басы салбырап тыңдап, көзін жұмып-ақ, бәрін көріп отыр.
Әйелінің ұзақ жылдар бойы ыстық пен суыққа көмбістеніп, жұмыстан
көнтеріленіп кеткен қолы, әне. Ақ шалған шашы, мойнына, аузының,
көзінің айналасына түсіп, шырмай бастаған әжім, әне. Сол әжімнің ар
жағынан Жайдардың енді оралмас жастық шағы елес береді. Бұрымы
беліне түскен қара торы қыз көрінеді. Танабайдың өзі де уыздай жас,
Жайдар екеуінің бір жүрген бозбала күндері келеді көз алдына. Қазір
Жайдар Танабайдың бары-жоғын байқамай, темір қобыздың әуеніне,
өз ойларының толқынына шомып отыр. Көзі жұмулы, көкірегі ояу
Танабай оны да көрді. Танабай тағы да өз қайғысы мен қасіретінің
жартысын Жайдар арқалап отырғанын да көрді. Танабай тартқан
ауыртпалықтың жарымын ылғи да Жайдар арқалап жүретін.
...Аруана сау желгелі талай күн, ботасын іздеп боздайды.
Қайдасың сен, қарақаткөз ботақан? Желіннен саулап сүт ақты, иісініп
кеткен желіннен. Қайдасың сен? Ү н қатшы! Желіннен саулап сүт ақты,
иісініп кеткен желіннен. Анасының ақ сүті...
Қыздар болса құшақтасып ұйықтап жатыр. Ү й сыртында қараңғы
түннің қойнында шексіз дала тебіренген.
Дәл осы кезде алыста, атқорада тыныштық
аласұрып, азынаулы еді. Тұңғыш рет атқораға
түрмесіне түсті Гүлсары.
8
бермей, Гүлсары
– жылқылардың
Бір күні таңертең үйірде жүрген Гүлсарыны көріп Танабайдың
қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады. Сағалдырығында
шылбырдың үзігі салаңдап, жорға ерттеулі жүр екен.
– Гүлсары! Амансың ба, Гүлсары! – деп Танабай ұшып жетіп,
жақындап келгенінде аттың басынан бөтен жүген, үстінен үзеңгісі
добалдай қолапайсыз бөтен ер-тоқым көрді. Бәрінен де ызаң келетіні,
ердің үстіне барқытпен тысталған қалың көпшік салыныпты, құдды
бір еркек емес, жуанбөксе қатын мініп жүргендей.
– Tiпy! – Танабай ыза болып түкіріп жіберді. Жорғаны ұстап алып,
әлгі әлем-жәлемнің бәрін лақтырып тастамақшы еді. Гүлсары ұстатпай
бұлтылдап кете берді. Қазір Танабайды таныр емес. Биелерге
оқыранып, ойқастап жүр. Оларды қатты аңсап қалғаны сонша, өзінің
бұрынғы иесін де байқамады.
«Шылбырды үзіп қашқан екенсің ғой, жазған. Жарайсың! Ал,
сайранда, сайрандап қал, мен ешкімге айтпай-ақ қояйын», – деді
ішінен Танабай. Сөйтіп жылқыны бір желпіндіріп алмақшы болды.
Артынан қуғыншы келгенше Гүлсары бір жасап қалсын.
Танабай үзеңгіге аяғын тіреп, аттың үстінен көтеріліп, жылқыны
құрықпен жасқап:
– Қайт-ңайт-қайт! – деп айқайлап, жылқыны қуып ала жөнелді.
Құлындарын іздеп кісінеген биелер борт-борт желіп жөнелді,
оларды ойнақтай орағытып байталдар кетіп барады. Жалдары желмен
желбірейді. Күн көзінен көгі тебіндей түскен жер жарықтық жадырай
берді. Гүлсары дүр сілкініп, бойын түзеп, мойнын қаздай иіп,
қоқиланып алды. Жылқының алдына шығып, жаңа айғырды жасқап,
артқа қарай қуып жіберді де, өзі көсемсіп, пысқырынып, билей басып,
табынның біресе мына жағына, біресе ана жағына шығып, үйірді
бастап берді. Исінген бие сүтінің исінен, құлындардың жас исінен,
жусан аралас самал исінен – күллі табын буынан Гүлсарының басы
айналып, мас болғандай. Үстіндегі барқытпен тысталған көпшігі бар
ебедейсіз ер-тоқымды ұмытып кеткендей, рабайсыз үлкен үзеңгілер
салпылдап бүйірін ұрып келе жатқанымен де ісі жоқ. Кеше ғана аудан
орталығында ауыздығын шайнап үлкен мама ағашқа қақайып
байлаулы тұрғаны ары-бері гүріл өткен жүк машиналарынан қайта-
қайта үркектегені енді есінен шыққан. Онан кейін сасық сырахананың
алдында сазарып тұрғанын да, жаңа иесі бір топ сыбайластарымен
бірге сыраханадан шыққанын да, бәрінен бұрын аузынан сасық иіс
аңқығанын да ұмытты. Жаңа иесі оған мініп жатып кекіргенін, пыс-
пыс етіп, ыңқылдағанын да ұмытқан. Әлгі есірік топтың қайтарда
лайсаң жолда дарақыланып ат жарыстырғаны да есінен шықты.
Гүлсары жаңа бастықты алып қашып ағызып келе жатқанда әлгі неме
аузын буған қап құсап қопаңдап құлап қала жаздады. Жорғаның езуін
айыра ауыздықты тартып, басына қамшымен сабалады-ай кеп.
Гүлсары қазір мұны да ұмытты.
Бәрін де ұмытты-ау жануар. Исінген бие сүтінің исінен, құлын
исінен, жусан аралас самал исінен – күллі үйір буынан Гүлсарының
басы айналды... Жадырап шауып жүр жануар, артынан атойлап
қуғыншы келе жатқанымен де жұмысы жоқ.
Танабай жылқыны қайтадан тепсеңге айдап түсірді. Сол-ақ екен,
айылдан қос атты да келіп жетті. Гүлсарыны қайтадан жылқыдан алып
кетті.
Бірақ ол кешікпей-ақ қайта қашып келді. Бұл жолы жүгенсіз ер-
тоқымсыз келді. Ә дегенде Танабай мәз болып күліп алды, содан соң
сап болды да, ойлап тұрып, жорғаның мойнына құрық салды. Ұстап
алып, ноқта тағып, жылқышы бір жас жігіт екеуі екеулеп Гүлсарыны
қайтадан айылға апара жатқан жерде, жарты жолда қуғыншы аттылар
жолыға кетті. Оларға Гүлсарыны тапсырып жатып, Танабай өздеріне
жекіп алды:
– Сендер немене өзі, қолдарың жоқ па, бәрің жиылып бастықтың
атына ие бола алмайсыңдар. Мықтап байлаңдар.
Ал, енді Гүлсары үшінші рет қашып келгенде Танабай шынымен
ашуланды:
– Сен не, ақымақ! Неменеге келе бересің, жамандатқыр!
Ақымақтың аты ақымақ! – деп құрықпен қуалап жүріп ұстады.
Атшылардың қолына қайта апарып өткізіп, өздеріне тағы ұрысты.
Бірақ Гүлсарының ақылы кіре қоймады, қит етсе қашып келеді.
Атшылар да мезі болды, Танабайдан да тыныштық кетті.
...Сол күні Танабай жайылымнан кеш қайтып еді, кеш ұйықтады.
Жаман айтпай жақсы жоқ деп, жылқыны үйге жақын жерге иіріп
тастады да ұйқыға кірісті. Бірақ ұйқысы ауыр тынышсыз болды. Күні
бойы діңкелеген болар. Қилы-қилы түс көрді: қайтадан соғыста жүр
ме, әлде бір құсханада жүр ме... Айнала қан екен дейді. Қолы да қан.
Ұйықтап жатып өзіне өзі: түсте қан көрген жақсылық емес-ау, дейді.
Бір жерден қолын жуып алмақшы болады. Сөйтсе біреулер оны
итермелеп, мазақ қылып күліп, қарқылдасып, қиқылдасып жатады,
әлдекім: «Танабай, қолыңды қанмен жуып тұрсың, қанмен. Мұнда су
жоқ, Танабай, мұнда айнала қан! Ха-ха-хо-хо, хи-хи!..» – дейді.
– Танабай, Танабай, тұр, – деп әйелі иығынан жұлқылап жатыр.
– Не боп қалды?
– Тыңдашы, жылқыда бірдеңе болып жатыр. Айғырлар таласып
жатыр. Сірә, Гүлсары қайтып келген шығар.
– Жамандатқыр, неге жамандатпайды. Сол-ақ мазаны алып
болды-ау! – Танабай жалма-жан киініп, құрықты ала салып, арпалыс
естілген сай жаққа қарай тұра жүгірді. Таң рең беріп қалған кез еді.
Жүгіріп келсе – Гүлсары. О тоба! Бұ не сұмдық! Жорғаның
аяғында кісен, қосаяқтап қарғып жүр. Кісен салдырайды, жорға байғұс
шыр айналып аспанға қарғиды, шыңғырған даусынан аза бойың қаза
болады. Әлгі үйірдің сәурік айғыры оны тектен текке бас салып
шайнап, аямай тепкілеп жатыр.
– Әй, ит жауыз! – Танабай құстай ұшып жетіп келді де, бар
пәрменімен, салып өткені сонша құрық екі бөлініп түсті. Сәурікті
қуып жіберді, көзінен жас ытып кетті. – Құдай-ау, не күйге салған
сені? Кім сені кісендеп тастаған? Ақымақ сорлы, сонша жерден
неменеге сүйретіліп келіп едің?..
Әй, жазған-ай, сонша жерден, өзеннен, аңғардан, түбіртек-
томарлардан кісендеулі қалпымен секіріп өтіп, әйтеуір жеткенін
айтсаңшы жылқыға. Сірә, түні бойы шоқаңдап жүрген-ау. Жападан-
жалғыз, кісені салдырап абақтыдан қашқан тұтқынға ұқсап, жетіпті,
жануар.
– «Ой-ой-ой!» – Танабай басын шайқады. Жорғаны аймалап,
ерніне бетін тақады. Танабайдың қытығын келтіріп, Гүлсары ернін
қыбырлатып
көзін
жұмды.
– Бұл не істейміз енді, а? Мұныңды қойсаңшы, Гүлсары. Түбі
жақсы болмайды-ау өзіңе. Аңғалсың сен, аңғалсың. Еш нәрсе де
білмейсің...
– Танабай жорғаның үсті-басын қарап шықты. Төбелесте түскен
жарақат жазылар-ау. Ал, мына кісен қиып кеткен аяғын айтсаңшы.
Тұсаулығы қанталап тұр. Кісеннің киіз қаптамасы күйе жеп қойған
шірік екен. Жорға судан өткенде киіз қаптама жидіп түсіп, жалаңаш
темір ғана қалған. Енді сол жалаң темір есіл жорғаның аяғын қажап
қызылшақа ғып тастапты. «Шалдардан сұрап тауып алып жүрген
Ыбрайым-ау, сірә. Бұл соның істегені», – деді зығырданы қайнап
Танабай. Одан басқа кім болушы еді? Кісен – ескінің көзі ғой. Әр
кісеннің өзінің жеке құлпы болар еді, кілтсіз ашу жоқ. Бұрынғы кезде
жырындылар өрістен ұрлап кетпесін деп кісенді айтулы жүйрік аттарға
ғана салатын. Жай жіппен тұсасаң пышақпен қиып жіберіп, атты алып
тайып отырады, ал кісенмен алып кете алмайсың. Ерте кезде солай еді,
ал қазір кісен деген ілуде біреу. Ескінің көзі ретінде кейбір қарт
кісілерде ғана қалған болар, қалса. Енді мынаған қараңыз, біреу
айтпаса, ойға келмейтін іс. Жорға айылдың маңынан ұзап кете
алмасын деп, кісен салып құрсаулап тастапты. Сонда да қашып келіпті
ғой, сорлың...
Гүлсарының аяғындағы кісенге Танабайдың үй-іші болып
жабылды. Жайдар жорғаның көзін көлегейлеп, жүгеннен ұстап тұрды,
кішкене қыздары төңіректеп ойнап жүр, Танабай темір-терсек салған
қобдишасын алып келіп, кісеннің құлпын ашатын сайман іздеп терлеп-
тепшіп, әуре-сарсаңға түсті. Қанша дегенмен, темір дүкенде істеп
қалған емес пе, қолын талқандай отырып, көп әуреге түссе де әйтеуір
амалын тауып ашты-ау.
Кісенді көз көрмес аулаққа лақтырып жіберді. Жорғаның
аяғындағы қанталаған жарақатты маймен майлап болған соң, Жайдар
оны мама ағашқа апарып байлады. Апалы-сіңлілі қыздар да бірін-бірі
арқалап үйлеріне қарай беттеді.
Танабай шаршап қалған екен, ентігін басып әлі отыр. Сонан соң
темір-терсегін жинап орнынан тұрды да, әлгі лақтырып жіберген
кісенді барып алды. Қайтарып бермесең, әлі бөлеге қаларсың. Тот
басқан кісенді әрі-бері қарап, мұны соққан ұстаның шеберлігіне таң
қалды. Ұсталыгында мін жоқ, қиыстырып-ақ соққан. Ертеде өткен
қырғыз ұсталарынан қалған мүлік. Қазір бұл өнерден жұрнақ та жоқ,
біржола ұмыт болған. Енді кісен кімге керек. Бірақ сол кісенмен қоса
көненің өзге көздері де құрып барады – сол өкініш. Күмістен, жезден,
ағаштан, былғарыдан қандай тамаша жиһаз, ыдыс-аяқ жасар еді
ертеде! Пәлендей қымбат та емес, бірақ әдемі заттар болушы еді. Бір
біріне ұқсамайтын, дара дүниелік. Енді оларды таппайсың. Енді
тостақты да, табақты да, қасықты да, сырғаны да, кірленді де бәрін
шетінен алюминнен долбарлай береді, қайда барма – бәрі сол. Некен-
саяқ қалды-ау. Шіркін-ай, қандай ерлер соғушы еді. Кім соққан кімге
арнап соққан, ақысына ұста не алған, деген сияқты. Сірә, енді аз
уақыттан кейін сонау Европа елдеріне ұқсап, бізде де жұрттың бәрі
машинамен жүрер болар. Бәрі бір келкі машиналар, әйтеуір номерінен
ғана танисың. Ал, ата-бабамыздың өнерін ұмытып барамыз. Ескі қол
өнерін мүлде жойып біттік-ау, сол қолдың өнері адам жанының айнасы
– көнеден қалған көз емес пе еді.
Кей-кейде Танабай өзінен-өзі отырып ойланып қалатын болды.
Халықтың қол өнері жөнінде толғанып отырады да, соның құрып бара
жатқанына кімді айыптарын білмей, өзінен-өзі кіжінеді дейсің. Жас
кезінде ескінің көзіне көр қазушылардың бірі Танабайдың өзі еді-ау.
Әрбірден соң сонда бір комсомол жиналысында киіз үйді жою туралы
сөз де сөйлеген. Киіз үй жойылу керек, ол революцияға дейінгі тұрақ
деген-ді, әлдеқайдан естіп алып: «Жойылсын киіз үй! Ескіше тұрмыс
жойылсын!» деп шыға келген.
Не керек, киіз үй «тап жауы» ретінде жойылды да кетті. Қыш
үйлер тұрғызыла бастады, киіз үйдің сүйегі сынды. Туырлығын турап
көр-жерге жаратып құртты, керегесі мен уығынан мал қамайтын қора,
шарбақ жасады, қала берсе отын қылып отқа жақты...
Сөйтсе мал жайылымындағылар киіз үйсіз күн көре алмайды екен.
Енді Танабайдың өзі де таң: қалай ғана аузы барып айтты екен, киіз
үйді құрту керек деп. Ау, әлі күнге дейін адам баласы көші-қон үшін
киіз үйден артық ештеңе ойлап таба алған жоқ қой: киіз үй жарықтық
өз туған халқының таңғажайып тамаша туындысы екенін, оның әрбір
бөлшегі ғасырлар бойы талай ұрпақтардың тәжірибесінен өткенін
Танабай
қалай
көрмеген?
Енді сөйткен Танабай Торғай шалдан қалған жұлма-жұлма, ыс
басқан киіз үйде тұрады. Тозығы жеткен, талай замандарды көрген
көне дүние, тек әйтеуір Жайдар бәйбішенің ерінбей-жалықпай ертелі-
кеш жамап-жасқауымен ғана әрең ілініп тұр. Қолынан жуалдыз бен
шуда жіп түспей жыртығын жамап жөнге келтіре берсе, енді бірер
аптадан кейін құрым киіз қайтадан шұрқ тесік боп, іріп-іріп шыға
келеді. Тесік-тесіктен жел уілдеп, қар сауылдап, жауын өтіп тұрады.
Жылқышының әйелі қайтадан жамауға кіріседі, жамаудан сірә көз
ашпайды.
– Қашаңғы азап шеге береміз, құдай-оу, – деп шағынады Жайдар.
– Қарашы, мынау киіз емес, құрым ғой, құм құсап сауылдап төгіліп
тұр. Кереге-уықтардың түрін қара! Өлім-ай. Апырау, сен бір
басшыларға айтып, жаңа киіз сұрасаң қайтеді. Осы үйдің иесімісің
өзің, кімсің, сірә? Біз де адам құсап өмір сүретін уақыт бола ма, жоқ
па?..
Танабай алғашында әйелін алдандырап, әне-міне деп жүрген. Ал,
енді айылға бір барғанда жаңа кігіз үй сұрап көріп еді, сөйтсе үй
жасайтын қарт шеберлер алдақашан бұл дүниеден көшкен, ал жастар
жағы болса киіз үй жасаудың сырын білмек тұрмақ, мұрындарына исі
де бармайды екен. Колхозда туырлықтық киіз де жоқ боп шықты.
– Е, мейлі, өзіміз-ақ басып аламыз, киіздік жүн беріңдер, – деді
Танабай.
– Қайдағы жүн! – деді оған кеңседегілер. – Сен немене айдан
құлап түстің бе? Жүннің бәрі жоспар бойынша өткізіледі, колхозда бір
грамм да жүн қалмайды...
Сөйтіп, Танабайға киіз үйдің орнына брезент палатка бермекші
болды.
Жайдар жолатқан жоқ:
– Палаткада тұрғаннан гөрі, құрым да болса киіз үйім артық.
Бұл кезде көптеген малшылар палаткада тұруға мәжбүр болған. А л
енді осы да баспана ма? Отырсаң тұра алмайсың, тұрсаң отыра
алмайсың. От жағуға болмайды. Жаздың күні тозақтың аптабындай,
ыстық ал қыста ит байласа тұрғысыз суық. Не көрпе-төсек қоятын
жері жоқ, не қазан-ошақ тұратын жері жоқ, не үйдің ішін жиып-теріп
жөнге келтіре алмайсың. Сырттан біреу-міреу келе қалса қайда
отырғызарыңды
білмей
қысыласың.
– Жо-жоқ! – деп Жайдар ат-тонын ала қашты. – Не қылсаң о қыл,
мен палаткада тұра алмаймын. Палатка жалғыз басты адамдарға, оның
өзінде уақытша тұруға лайық. Ал, біздің бала-шағамыз бар. Оларды
шомылдыру керек, бағып-қағу керек. Жо-жоқ, палаткаңа бармаймын...
Бір күні Танабай Шораға жолығып қалды да, әлгі жайдың бәрін
айтты.
– Ау, бастық, бұл қалай болады?
Шора мұңайып басын шайқады:
– Бұл туралы біз екеуміз кезінде ойлауымыз керек еді.
Жоғарыдағы басшылар ойлануы керек еді. А л енді не? Хат жазып,
сұрастырып жатырмыз, не деп жауап келетінін құдай білсін. Жүн –
бағалы шикізат деседі. Табыла бермейтін зат көрінеді. Шетелге
сатылатын көрінеді. Колхоздың ішкі шаруашылығына жүнді шығындау
тиімсіз деседі.
Бұдан кейін Танабайдың үні шықпай қалды. Демек, бір есептен өзі
де кінәлі болғаны ғой. Бір кезде өзінің ақымақ болғанына енді ызалы,
үнсіз күліп: «Тиімсіз! Ха-ха-ха! Тиімсіз!» – деді.
Осы бір «Тиімсіз» деген қатқыл сөз оның есінен көпке дейін
шықпай қойды.
Осылайша олар қырық жамау құрым үйде тұрып жатты. Оны
жөндеу үшін небәрі кәдімгі жүн керек екен. Айтпақшы, сол жүнді
колхоздың отарларында тонналап қырқып жатады...
Танабай қолына кісен ұстаған қалпы үйіне таяп келді. Өз үйі өзіне
соншалықты жүдеу көрінді, содан да өзіне өзі ыза болып, жорғаның
аяғын қанталатқан кісенге, дүниенің бәріне ыза болып, тісін
шықырлатты. Өзі өртеніп кете жаздап тұрғанда Гүлсарыны қуғындап
атшылар келе қалмасы бар ма.
– Алып кетіңдер, – деп ақырды оларға Танабай.
Ашудан ерні ебедейсіз шошаңдап кетті. – Мына кісенді бастыққа
апарып беріңдер. Айта барыңдар: енді жорғаны тағыда кісендейтін
болса, тура осы кісенмен сол бастықтың басын мыжғылаймын. Айта
барыңдар!..
Бұлай деп сонда бекер-ақ айтты. Ай, бекер айтты-ау! Осы бір морт
кететін қызба мінезінің сазайын тартпай қалмаушы еді...
9
Жарқыраған жайдары күн еді. Көктемнің күні күлімдеп, жасыл
жапырақ жамырап, көк дегенің тақырға дейін қаулап өсіп келе жатқан.
Ат қораның жанында балалар шүлдік ойнап жүр еді.
Балақайлардың бірі шүлдікті таяқпен жол жағалатып ұрып кеп
жібереді. Барып түскен жерін өлшейді: бір, екі, үш... жеті... он... он
бес... Өзгелері анау алдап қоймасын деп қабаттаса ентелеп келе
жатады. Жиырма екі.
– Бұрынғысы жетпіс сегіз еді, енді жиырма екі, – деп шүлдікті
ұрған балақай санай бастайды. Кенет қуанғаннан айқайлап жібереді: –
Жүз! Жүз болды!
– Ура-а, жүз! – деп қалғандары қосыла айқайлайды.
Тура жүздің өзі. Артық та емес, кем де емес. Енді ұтылған бала
«зуылдауы» керек. Жеңген бала мәреге барып шүлдікті таяқпен
кұлаштап тұрып ұрады. Бәрі жапа тармағай шүлдік түскен жерге тұра
үмтылады. Сол жерден шүлдікті тағы ұрады. Үшінші рет тағы ұрады.
Жеңілген бала жылай жаздайды. Сонша жерден зуылдап дем алмай
жүгіруі керек! Бірақ ойынның шарты солай. «Неге тұрсың, бол,
зуылда!» Зуылдағыш кеудесін кере дем алып:
Көкбай, Ақбай
Бұзауыңды бақпай
Қайда жүрсің ойнап
Ай-хай, ай, Қарабай су-у-у у у...
деп зуылдап жүгіре жөнеледі. Тыныс алмағандықтан басы сынып бара
жатса да зу-у-зу-у деп зуылдай береді. Болмады, мәреге жетпей дем
алып қойды. Жеңген бала дәл осы жерден шүлдікті кері қарай тағы
ұрады. Шүлдік түскен жерден зуылдағыш қайта бастайды. Тағы да
жете алмады. Жеңген бала мақтанып жүр. Демің жетпейді екен – онда
жеңген баланы мәреге дейін арқала! Ол зуылдағыштың арқасына мініп
алады, зуылдағыш оны есек құсап арқалап бара жатады.
– Айт, шүу, бас жылдам! – деп үстіндегі бала аяғымен қос
бүйірден тебініп қояды. – Ей, балалар, қараңдар, бұл менің Гүлсарым.
Көрдіңдер мс, қалай-қалай жорғалайды...
Гүлсары болса бұл кезде ат қораның ішінде қамаулы тұрған. Бүгін
оны ешкім ерттеген де жоқ. Таңертеңнен бері ешкім суарған да жоқ.
Бәрі мұны ұмытқан. Атқораның іші алдақашан қаңырап қалған, арбаға
жегілетін, көлікке мінілетін аттардың бәрін әкеткен, тек ақырға
телміріп жападан-жалғыз Гүлсары ғана қалды...
Атшылар жылқының тезегін шығарып жүр. Далада балалар
шуылдайды. Қазір жылқыға, кең далаға кетер ме еді! Көз алдына
дарқан дала, мамырлай жайылған жылқылар елестейді. Аспанда
қоңыр қаздар қаңқылдап ұшып, қанаттарын баяу қағып, алысқа бет
түзеп кетіп барады...
Гүлсары байлауды үзіп кетпек боп, жұлқынып көрді. Қайдан
болсын, қос қабаттап шынжырмен байлап тастапты. Мүмкін, адамдар
даусын есітер? Ат қораның аспандаған терезесіне басын кегжите
көтеріп, аяқ астындағы садыраны таптап тұрып, қораның ішін
күңірентіп, созылта кісінеді:
«Қайдасыңда-а-ар?»...
– Тәк, жамандатқыр, ақыры кісінеп болдың! – деп атшы оған
күрегін ала ұмтылды. Содан соң сырттағы біреуге айқайлап:
– Шығарайын ба? – деді.
– Шығар! – деді сырттағы адам.
Міне, сөйтіп екі атшы екі жағынан ұстап жорғаны аулаға алып
шықты. Айхой, даланың жап-жарығын-ой! Ауа қандай, шіркін-ой!
Жорғаның жұқалтаң танауы дір-дір етіп, көктемнің саумал ауасын
қомағайлана жұтты. Жапырақтардың кермек исі келеді, жер
жарықтықтың дымқыл исі білінеді. Тұла бойында қан ойнап шыға
келді. Ойнақтай бір шабар ма еді. Гүлсары сәл секіріп те қойды.
– Тәк! Тәк! – деп бірнеше дауыс жамырай шықты.
Бүгін айналасында адам көбі несі? Білектерін түрініп алған, жуан-
жуан жүндес білектер. Сұр халатты біреуі ақ шүберекке әлдебір
жарқырауык, темір аспаптарды қойып жатыр. Әлгі аспаптар күнге
шағылыса жарқырап, көз қариды. Әне біреулердің қолында арқан. О,
жаңа бастық та осында екен! Кең галифелі мыртық аяқтарын
алшайтып, паң тұр. Қабағы түюлі. Бірақ басқалар құсап жеңін
түрмепті. Бір қолы мықынында, бір қолымен кителінің түймесін
айналдырып тұр. Кеше де аузынан анау бір сасық иіс аңқып еді.
– Ау, не тұрыс, бастаңдар! Жорақұл Алданович, бастайық па? –
деп Ыбрайым бастыққа бұрылды. Бастық үндеместен бас изеді.
– Ал, кәне! – деп Ыбрайым күйбеңдеп, түлкі тебетейін ат қора
қақпасының шегесіне іле беріп еді, бас киім садыраның үстіне құлап
түсті. Ыбрайым тебетейді тыжырына сілкіп, қайтадан іліп қойды. – Сіз
сәл кейінірек тұрсаңыз, Жорақұл Алданович. Жазатайым тұяғы тиіп
кетіп жүрмесін. Ат деген айуан ақылсыз, әрдайым абайламаса, сенім
жоқ.
Мойнына қыл арқан түскенін сезіп Гүлсарының денесі түршікті.
Арқанды тұзақтап омырауына дейін сырғытып, бір ұшын бүйіріне
қарай тартты. Бұларға не керек? Неге екені белгісіз, арқанмен артқы
аяғын матап, шатып-пұтып жатыр. Гүлсары тықыршып, пырылдап,
көзін алайта қарады. Бұлары несі бұл?
– Бол! – деп Ыбрайым жұртты асықтырып, кенет даусы шіңк етіп:
– Жық! – деді.
Жуан-жуан жүндес қолдар арқанды тартып кеп қалғаны. Гүлсары
жерге гүрс етіп құлап түсті. Күн аунап түскендей болды, жер солқ ете
қалды. Бұл не? Жамбастап жатқаны қалай бұл? Адамдардың бет-жүзі
сопайып жоғарыдан қарап тұрғаны несі! Ағаштардың аспандап кеткені
несі! Өзінің жерде бұлай ыңғайсыз жатысы қалай? Жоқ, бұлай болмас.
Гүлсары басы бұлғаң етіп, бүкіл денесімен толып қалды. Арқан
оның аяқтарын бауырына бүріп, тұяқтары денесіне батып, қия түсті.
Жорға тұла бойы тырсылдап, артқы бір бос аяғын серпіп тағы бір
жұлқынды. Арқан созылып, бырт-бырт үзіле жаздады.
– Бас, үстінен бас, ұста! – деп Ыбрайым шырылдады.
Бәрі де жорғаға тұра-тұра ұмтылып, үстінен тізерлей басып алды.
– Басын, басын жерге басып отырыңдар! Байла! Тарт! Е, солай.
Бол, жылдам. Мына жерден тағы бір шалып таста. Тарт, тағы тарт,
тағы. Е, солай. Енді мына жерден іл де, шалып байла! – Ыбрайым
жағы сембей шыж-быж.
Адамдар жорғаның төрт аяғын бүрістіріп, бір темір түйінмен
буғанша арқанмен айналдырып байлай берді. Гүлсары мына тас
түйіннен құтылмақ боп, мойны мен басын басып отырған адамдарды
лақтырып тастамақ боп тағы да талпынып көрді. Бірақ адамдар оны
тізелерімен тағы нығарлай түсті. Жорғаның тершіген денесі тырысып,
аяқтары ұйып жансыздана берді. Енді жорға қарсыласуын қойды.
– Ту, әрең көнді ғой!
– Күштісін-ай сорлының!
– Енді трактор боп кетсе де қозғала алмайды!
Сонда жығылған жорғаның бас жағына жаңа бастықтың өзі жетіп
келіп, шөкелеп отыра кетті. Кешегі ішкен арақтың сасық исі әлі аңқып
тұр аузынан. Алдында ат емес, адам жатқандай, ата жауы жатқандай
масаттанып, айызы қана ақсиып отыр.
Тершіген бет-аузын орамалмен сүртіп, қызара бөртіп Ыбрайым
бастықтың қасына келіп шөкеледі. Екеуі алдағы болатын қызықты
күтіп, қатарласып шылым шекті.
Балалар далада әлі шілдік ойнап жүр:
Көкбай, Ақбай,
Бұзауыңды бақпай,
Қайда кеттің ойнап,
Апаң сені соймақ,
Ай, Қарабай, зу-у-у-у-у,
Күн бұрынғысынша жарқырап тұр. Сонау кең дала, онда емін-
еркін жайылып жүрген жылқы Гүлсарының көз алдына соңғы рет тағы
бір елес берді. Үйірдің үстінде қоңыр қаздар қаңқылдап, қанаттары
жалпылдап, тізіліп кетіп барады... Гүлсарының танауына шыбын
үймеледі. Сілкіп тастай алмайды.
– Бастаймыз ба, Жорақұл Алданович? – деп сұрады тағы да
Ыбрайым. Бастық үндеместен бас изеді. Ыбрайым орнынан тұрды.
Бәрі де қайтадан қыбыр-жыбыр қимылдап, матаулы жатқан
жорғаны тізелерімен, кеуделерімен басып, басын жерге нығарлай түсті.
Әлдекімнің қолы Гүлсарының шабын тінткілеп шарлай бастады.
Шілдік ойнап жүрген балалар жау торғайша тізіліп дуалдың үстіне
шығып алыпты.
– Қараңдаршы, әй, қараңдаршы, не істеп жатыр-ей?
– Тұяғын тазалап жатыр.
– Өй, білгішім-ай. Тұяғын! Тұяғын емес.
– Ей, не бар сендерге, кет әйда! – деп Ыбрайым қолын ербеңдетті.
– Бар, ойнаңдар. Не бар мұнда!
Балақайлар дуалдан әрі сырғып түсіп кетті.
Тым-тырс бола қалды.
Гүлсары шабына тиген сұп-суық заттан тұла бойы түршігіп, дір-
дір етті, жаңа қожайыны қарсы алдында шөкелеп, әлденені күтіп отыр.
Кенет жорға жаны шыға жаздап, көзінен оты жарқ етті. Ах! Қып-
қызыл жалын лап етті де, бірден түнек басып, қап-қараңғы болып
жүре берді.
Айра-жайрасы шыққан соң да, Гүлсары матаулы күйінде жатты.
Қан тиылмай, байлауын шешкен жоқ.
– Міне, Жорақұл Алданович, бәрі орындалды, – деді Ыбрайым
қолын уқалап. – Енді ол ешқайда да қашпайды. Қашып, жеткен жері
осы болды. Ал, Танабайдың айтқанын көңліңізге алмай-ақ қойыңыз.
қыстырмаңыз. Оның өзі сондай адам. Туған ағасын аямай,
кәнпескелеп, Сібірге айдаттырып жіберген. Сөйткен адам кімге
жақсылық істейді дейсіз...
Көңілі тынған Ыбрайым шегеде ілулі тұрған түлкі төбетейін алып,
қағып-қағып, сипап қойып, тершіген басына киді.
Бағанағы балақайлар әлі шүлдік ойнап жүр:
Көкбай, Ақбай,
Бұзауыңды бақпай,
Қайда жүрсің ойнап,
Апаң сені соймақ
Ай, Айқарбай зу-у-у-у-у...
– Аһа, мәреге жете алмадың ба, әкел арқанды. Шүу, Гүлсары, шүу
жануар! Ура-а, бұл менің Гүлсарым!
Күн жарқырап, дүние жадырап тұр еді...
10
Түн. Тылсым түн. Қарт адам мен кәрі жылқы. Сай қабақта
алаулаған от. Жалын желмен шалқып тұр...
Қатқақ, сызды қара жер жорға жануардың жамбасын мұздатты.
Мойны зіл тартып барады. Кісен салған аяқпен сонау бір кезде
секіргендегідей бір жоғары, бір төмен изеңдеуден басы ауырды. Сонау
бір кездегідей Гүлсары қазір адым жазып жүре алмайды, кісенді сірә
үзе алмайды. Тұяғы қыз-қыз қайнатып, аяқты бір еркін тастап
сорғалағысы келеді, кеудесін кере дем алып жер үстімен желдей бір
гулеп ұшқысы келеді, күмбір-күмбір кісінеп үйірін таудан шақырғысы,
шауып бір келген биелермен, құлындармен бірге жусанды дарқан
даланы кезіп, жайылымға құстай ұшып жеткісі-ақ келеді, әттең кісен
босатпайды. Жалғыз өзі, каторгіден қашқан тұтқындай, шынжыры
салдырлап бір секіріп, екі секіріп, бір аттап, екі аттап жүріп келеді.
Қарға адым жер мұң болған. Айнала тұлдырсыз, түпсіз түнек, бұл
жануар жападан-жалғыз. Жел өтінде жоғарыдан ай ағараңдайды.
Кісендеулі жорға секіріп қап, басын көтергенде ай алдында тұрады,
басы сылқ төмен түскен кезде ай да лақтырған тастай төмен
зымырайды...
Бір жарық, бір түнек, бір жарық, бір түнек... Қарауға көзі талған.
Кісен салдырлайды, аяқ қанталайды. Бір секіреді, екі секіреді,
тағы... Түпсіз түнек, тұлдырсыз тақыр. Кісенді жолдың шегі жоқ,
кісенмен жүру қиямет.
Сай қабақта от алаулайды. Қатқақ сызды қара жер жорға
жануардың жамбасын мұздатты...
11
Арада екі апта өткен соң тағы да қоныс аударып, тауға көшу керек
болды. Жаз бойы, күз бойы, қыс бойы, келер көктемге дейін тау мекен.
Бір үйден бір үйге көшудің өзі қандай машақат. Осындайда көр-жердің
көбейіп кететіні-ай! Кедей болсаң көшіп көр деп қырғыздар тегін
айтпаған ғой, сірә.
Көші-қонның қамын жасап, толып жатқан тірлік тындыру керек:
диірменге, базарға, етікшіге бару керек, интернатта оқып жатқан
балаға жолығу керек... Танабай болса дел-сал, қожырап жүр. Оның бұл
дағдарма қалпын әйелі де аңғарған. Таңертең жылқыға апыл-ғұпыл
аттанып кетеді, бірауыз тілге келмейді. Түскі тамаққа түнеріп,
шатынап келеді. Аңтарылып әлдене күткендей, әлдене аңлағандай.
– Саған не болған! – деп қоймады Жайдар.
Үндемеуші еді, бір күні:
– Жақында жаман түс көрдім, – деді.
– Мені мазақтап тұрсың ба?
– Жоқ, шыным. Жатсам-тұрсам ойымнан кетпейді.
– Е, жасаған, тәуба. Ау, сен емес пе ең, бір кезде айылда
құдайсыздар ұйымын басқарған? Кемпір-сампыр жатып тұрып сені
қарғамаушы ма еді соның үшін? Қартаяйын дегенсің-ау, Танабай, күні-
түні жылқыдан шықпайсың, ертең-бүрсігүні көшетініміз қаперіңе де
кіріп шықпайды. Мен жалғыз өзім қай жағына жетемін? Тым құрыса
барып Шораның көңілін сұрап қайтсаң еді. Көші-қоң алдында
көргенді жұрт ауру-сырқаудың көңілін сұрап аттанар болар.
– Үлгіреміз, кейінірек, – деп жолатпады Танабай.
– Кейінірегің қашан? Немене сен айылға барудан қорқасың ба?
Ертең бірге барамыз. Балаларды да ала барамыз. Мен де көріп
қайтуым керек.
Ертеңіне жылқыны бір жас жылқышы көршіге қарай тұр деп
тапсырып, Танабайдың күллі семьясы атқа қонып, айылға тартты.
Жайдар кіші қызын алдына алды. Үлкен қызы Танабайға міңгесті.
Айылдың көшесінде кездескен жұртпен амандасып келе жатып,
Танабай кенет ұста дүкеннің тұсына тоқтай қалды.
– Тоқта, – деді әйеліне. Сөйтіп өзі аттан түсіп үлкен қызын
шешесінің артына міңгестірді.
– Ау, мұның не? Сен қайда барасың?
– Мен қазір келем, Жайдар. Сен бара бер. Шораға айт, мен осы
қазір келемін. Кеңседе шұғыл шаруа боп тұр. Қазір бармасам түскі
демалысқа жабылып қалады. Ұста дүкенге де кіре шығайын. Атқа
таға, темір-терсек керек көші-қон алдында.
– Әй, бөлек-бөлек барғанымыз қалай болады?
– Ештеңе етпейді, ештеңе етпейді. Бара бер. Мен қазір...
Танабай кеңсеге де, ұста дүкенге де барған жоқ, тіке ат қораға
тартты.
Аттан түсіп, дыбыс бермей, қораның ішіне кірді. Күн түспейтін
қораның қараңғылығына көзі үйреніп болғанша шыдамы таусылды.
Қораның іші тып-тыныш, қаңырап бос тұр. Аттардың бәрі жұмыста.
Танабай айнала қарап, арқасынан ауыр жүк түскендей дем алды.
Атшылардың біреуі кездесе ме деп бүйірдегі есік арқылы аулаға шыға
келіп еді, күпті болған көңілдің күдігімен бетпе-бет кездесе кетті.
– Әй, иттер, біліп ем осыларыңды! – деп тістенгенде жұдырығы
өзінен өзі түйіліп кетті.
Гүлсары бастырманың астында байлаулы тұр екен. Құйрығын ақ
дәкемен орап жіппен мойнына байлап қойыпты. Алшайған артқы екі
аяқтың арасынан күпшектей боп ісіп кеткен құмырадай дәу жара
қарайып көрінеді. Ат басын ақырға салбыратып, қалт етпей қалған.
Танабай ернін тістеп, ыңыранып жіберді. Жорғаға жақындап барғысы
келіп еді, батылы жетпеді. Үрей оны қасқырдай қамалады. Қаңырап
қалған қора, аңырайған аула, піштіріліп ат болып, жападан-жалғыз
тұрған жорға бәрі, бәрі үрейлі еді. Танабай теріс айналып, үн-түнсіз
ілбіп кете барды. Орны толмас опық-ты.
Кешке олар өз үйлеріне қайтып келгенде назары төмен Танабай
мұңайып тұрып:
– Менің түсім келді, – деді.
– Не болды?
– Шораның үйінде оны айтып жатпадым. Енді қайтып Гүлсары
қашып келмейді. Сен білесің бе, олардың не істегенін? Ақтатып
тастапты, иттер!
– Білемін. Сені айылға сүйреп апарғаным да сондықтан. Көріп
көңілі суысын дедім. Сен кішкентай емессің ғой! Ат піштіргенін
көрмеп пе ең, бұрын-соңды? Атам заманнан бері келе жатқан рәсім, әлі
де ақтата береді. Онда тұрған не бар?
Танабай әйеліне жауап қата алмады. Тек:
– Әй, қайдам, біздің жаңа бастығымыз жаман адам-ау, деп
ойлаймын. Жүрегім сезеді, – деді.
– Оныңды қой, Танабай, – деді Жайдар. – Сенің жорғаңды ақтатып
жіберсе де дереу бастық жаман болып шыға келеді екен ғой. Неге
керек өйтіп? Ол жаңа келген адам. Шаруашылық үлкен, жұмысы қиын.
Әне, Шора айтып отыр ғой, колхоздарды реттеп, көмектеседі деп. Бір
жоспарлар жасап жатыр дей ме. Сен болсаң істің байыбына бармай
жатып байбаламдайсың. Біз аулақта саяқ жүрген адамдармыз, көп
нәрсені біле бермейміз ғой...
Іңірде асын ішіп Танабай жылқыға кетті де, жеті түнге дейін
оралмады. Өзіне өзі кейіп, бәрін ұмытқысы келсе де күндіз ат қорада
көрген құқайы көкейінен кетпей қойды. Жылқыны орағыта ат үстінде
жүріп, даланы кезіп ой түбіне кетумен болды. «Мүмкін, шынында да,
келмей жатып жаңа бастықты жамандай беру жарамас. Әумесерлік,
әрине. Жылдан жылға қартайып, жыл он екі ай табын жылқы соңында
сандалып жүрген соң көп нәрсені көрмейтін де, білмейтін де
шығармын. Ау, бірақ қашаңғы қалт-құлт етіп күн көрмекпіз бұл?.. Ал,
әлгілердің сөздерін тыңдап көрсең – бәрі керемет. Мейлі, менікі қате
болсын-ақ. Лайым, қате болсын. Ау, бірақ өзгелер де менше ойлайтын
шығар...»
Танабай дала кезіп, ой түбіне кетеді, ой түбіне жете алмайды.
Сөйтіп, бір кезде өздері колхозды қалай бастағанын, халыққа қой
үстіне боз торғай жұмыртқалайтын заман болады деп уәде бергенін
есіне алды. Арман қандай асқақ еді адамдарда. Сол арман үшін
арпалысқан кездерді айтсаңшы. Астан-кестеңін шығарып, ескінің
тамырына балта шапты. Расында да, ә дегенде жағдай жаман болған
жоқ. Онан да жақсы болар еді, әлгі сұм соғыс сап ете қалмағанда. Ал,
енді ше? Соғыс біткелі қашан, бірақ колхоз жарықтықты қырық жамау
үй сияқты әлі жамап келеді, әлі жамап келеді. Бір жерін жамасаң, бір
жері жыртылып шыға келеді. Неліктен? Колхоз неге бұл күнде өзіңдікі
емес, өзгенікі сияқты боп көрінеді? Колхоз алғаш ұйымдасқан
кездерде, соғыстан бұрыңғы жылдары жиналыс не деп қаулы алса, сол
заң болатын. Жұрт заңды өздері қабылдаған соң, оны өздері орындау
керек екенін білетін. Ал, ендігі жиналыстікі бос сөз. Ешкімнің сенде
жұмысы жоқ. Колхозды билейтін колхозшылар емес, сыртта тұрған
біреу сияқты. Бейнебір не істеп, не қою керек екені, шаруашылықты
қалай жолға қойып, жұмысты қалай жақсарту керек екені сырттан
тәуірірек
көрінетін
сияқты.
Шаруашылықты
біресе
былай
айналдырады, біресе былай айналдырады – одан еш пайда жоқ. Қазір
жұрттың көзіне көрінудің өзі қиын болды, жазатайым сұрай қалса: ал,
кәне, сен партиясың ғой, колхоз құрылғанда бәрінен де бұрын сен
өңешің жыртылғанша айқайлап едің, енді айтшы, бұл қалай болды? –
десе не дейсің. Тым құрыса, халықты жинап алып айтса екен
жағдайды. Кімнің қандай пікірі, ойы, мұқтажы бар – сұраса екен. Жоқ,
қайдан болсын. Ауданнан уәкілдер келеді, бұл күнде олар да
бұрынғыдай емес, бір түрлі. Бұрын уәкіл дегеніңіз халықпен
қатынасатын, елдің арасында жүретін. Енді уәкіл келсе, колхоздың
кеңсесінен шықпай бастыққа ақырып-жекіріп алады, ал сельсоветпен
тіпті сөйлеспейді де. Партия жиналысында сөйлей қалса көбінесе
халықаралық жағдай туралы айтады. Ол үшін колхоздағы жағдай
пәлендей маңызды мәселе емес те сияқты. Бар айтары: жұмыс
істеңдер,
жоспарды
орындаңдар...
болды.
Осы таяуда ғана бір уәкілдің келгені Танабайдың есіне түсті, әлгі
уәкілдің күндікке айтқаны тіл туралы әлдеқандай жаңа ілімнің егжей-
тегжейі болды. Танабай онымен кәдімгі колхоздың тіршілігі туралы
әңгімелесіп көрейін деп еді, анау алара қарайды: ойыңыз күдікті дейді.
Жақтырмайды. Сонда қалай болғаны?
«Шора науқасынан тұрсыншы, – деді Танабай, – шынын
айтқызбасам ба. Өзім де ойымды бүкпей айтамын. Егер мен
қателессем – айтсын, ал қателеспесем ше?.. Онда не болғаны? Жо-жоқ,
олай болуы мүмкін емес. Әлбетте, мен жаңылысып жүрмін. Кіммін
мен сондай-ақ? Жай ғана жылқышы, малшымын жүрген. Жоғарыда
менен ақылдырақ адамдар отыр...»
Танабай түннің бір мезгілінде үйіне келіп, көпке дейін ұйықтай
алсашы. «Мұның не сыры бар?» деп колхоз жайын ойлап басы қатты.
Тағы да жауап таппай дал болды.
Шорамен бір отырып сырласа алмай-ақ қойды. Көші-қонның
қамымен қолы тимеді.
Көші-қон тағы да тауға бет алды. Ала жаздай, қара күзде, алты ай
қысқа кетіп барады. Келер көктемге дейін. Өзен бойлай тағы да үйір-
үйір жылқы, отар-отар қой, мөңіреген сиырлар кетіп барады. Жүк
тиеген керуен. Адамдардың айқайы, кісінеген құлын-тай, маңыраған
қой-қозы, бақылдаған түйе-көш бойы у да шу. Қызыл-жасыл киінген
қыз-келіншек, қоштасу әнін шырқаған қыздар...
Танабай өз жылқысын тағы да сол жалпақсаз арқылы, жарлауыт
жағалатып, айылдың тұсынан айдады. Айыл шетінде дәл баяғыша сол
бір үй, сол бір аула әлі тұр. Жорға мініп, түнделетіп талай барған.
Жүрек сорлы сыздап қоя берді. Енді Танабай сол бір әйелден де, сол
бір жорғадан да айырылған. Бәрі өтті-кетті. Көктемгі қоңыр қаздай
тізіліп өте шыққан бір дәурен...
...Аруана сау желгелі талай күн, ботасын іздеп боздайды.
Қайдасың сен, қарақат көз боташым? Ү н қатшы! Желіннен саулап сүт
ақты, исініп кеткен желіннен. Қайдасың, боташ? Ү н қатшы! Желіннен
саулап сүт ақты, исініп кеткен желіннен. Анасының ақ сүті...
12
Сол жылы күзде Танабай Бақасовтың тағдыры күтпеген жерден
өзгеріп сала берді.
Асудан түсіп, бөктердегі күздеуге тоқтаған беті еді. Енді көп
кешікпей тау қойнауындағы қыстауға көтерілмек болатын.
Дәл сол күндері колхоздан хабаршы келе қалды.
Шора мені сізге жіберіп еді, – дейді. Ертең айылға жетсін. Одан
әрі аудандағы жиналысқа барады деп айтты.
Айтқанындай, ертеңіне Танабай колхоздың кеңсесіне келді. Шора
сол баяғы парторгтың бөлмесінде екен. Көктемдегіден гөрі оңалған
сияқты, рас ерні әлі көгілдір тартқан, арықтығына қарағанда ауру әлі
бойынан біржолата кетпесе керек. Жүріс-тұрысы ширақ, жұмысы да
бастан асады, келім-кетім кісі көп, Танабай қуанып қалды. Жұмысқа
қайтадан құлшына кіріскен екенсің, ерім, деді ішінен.
Танабай екеуі жеке қалғанда Шора өзінің қайрақтай, суалыңқы
жағын алақанымен сипалап қойып, жымиып күлді.
– Ау, Танабай, сен қартаятын түрің жоқ. Әлі бұрыңғыдайсың. Біз
көріспегелі қанша болды – көктемнен бері ме? Қымыз бен таудың
ауасы, жарықтық, жақсы ғой... Мен болсам шөгіңкіреп барамын. Сірә,
кәрілік шығар... – Шора бір сәт үнсіз отырды да шаруаға көшті: –
әңгіме былай Танабай. «Тырнадан би қойсаң, төбеңнен қиқу кетпес»
деген осы дерсің қайтейін. Тағы да саған базыналық айтпақшымын.
Ертең малшылардың кеңесіне жүреміз. Мал шаруашылығы, оның
ішінде қой шаруашылығы өте оңбай тұр ғой. Оның ішінде әсіресе
біздің колхоз. Жүдә оңбай тұр. Райком коммунистер мен
комсомолецтер, артта қалған участокке, қойға барыңдар, – деп үндеу
қабылдады. Құтқар! Ана жолы да жылқыға барып мені бір
қиыншылықтан құтқарып едің, бұ жолы да құтқар. Отар қабылдап ал,
шопандыққа көш.
– Ай-шайға қарайтын емессің ғой, Шора, – деп Танабай ойланып
қалды. «Мен ғой жылқыға үйреніп кеттім. Қой дегенің қызықсыз
болмай ма. Тағы не күтіп тұрғанын кім білген?»
– Қолқа салдым, Танабай, – деді Шора тағы да. – Басқа амал жоқ –
партиялық тапсырма. Ашуланба. Кезі келгенде еске саларсың бұл
зорлығымды, бәріне толайым жауап беруге мен дайын!..
– Есіңе салсам қатты салармын, мәз бола қоймассың! – деп күлді
Танабай. Көңілінде түк жоқ, көп кешікпей Шораға ауыр-ауыр сөздер
айтып салатынын қазір сезбей күліп тұр. – Ал, отарыңды ойланып
көрейік,
–
әйелмен
ақылдасайық...
– Ойлансаң – ойлан. Ертең ертеге дейін шеш, кеңес басталардың
алдында мен басшылыққа баяндауым керек. Жайдармен кейін
ақылдаса жатарсың, бәрін түсіндіресің ғой. Өзім де кезі келсе барып
айтармын. Ақылды әйел ғой – түсінеді. Жайдар болмаса сен
алдақашан бір жерде мойның астыңа қайырылып қалар едің, – деп
әзілдеді Шора. – Жайдардың хал-жайы қалай? Балалар аман ба?
Сөйтіп олар енді семья жайын, ауру-сырқау, анау-мынау туралы
сөйлесіп кетті. Танабай көкейінде көптен жүрген үлкен бір әңгімені
бастауға оқталып отыр еді, бірақ таудан шақырылған малшылар келіп
кіре бастады, Шораның өзі де тықыршып сағатына қарай берді.
– Демек, былай. Атыңды атқораға өткіз. Таң азаннан бәрің
машинамен жүретін болдыңдар. Біз машина алдық қой, оны білесің
бе? Осы таяуда тағы біреуін аламыз. Рахат! Ал, мен қазір жүремін.
Сағат кешкі жетіге райкомге жетуім керек. Бұйрық солай. Бастық қазір
сонда. Жорғамен жетіп қалармын, машинаңнан кем жүрмейді ғой.
– Ау, Гүлсарыны сен мініп жүр ме едің? – деп таңданды Танабай. –
Бастық сені сыйлаған екен да.
– Кім біледі. Сыйласын, сыйламасын, әйтеуір маған берді ғой.
Бәле болғанда, – деп Шора қолын жая күлді, – бәле болғанда Гүлсары,
неге екенін қайдам, бастықты қатты жек көріп кетті ғой. Адамның
ақылы жеткісіз. Жанына жақын жолатпайды-ау, жынданып кетеді.
Былай да, былай да айналдырып көрді, – болмады! Өлтірсең де
көнбейді. Мен мініп едім – жоқ, жақсы. Сен де мықтап жаратқан
екенсің өзін. Сенсең, кейде жүрегімнің ауруы ұстап, сыздап қоя
бергенде жорғаға мінсем болды – табанда ауырғанын қоя қояды. Тек
соған бола өмір бойы парторг болып істеуге бармын, Гүлсары менің
емшім, – деп күлді Шора.
Ал, Танабай күлген жоқ.
– Оны мен де жек көремін, – деп қалды.
– Кімді? – деді күлкіден аққан көз жасын сүртіп тұрып.
– Бастықты.
Шора байсалдана қалды.
– Не үшін жөк көресің?
– Білмеймін. Ойлаймын, сол өзі дуайпат адам ғой деп. Дуайпат, әрі
десе ұрдажық.
– Әй, қайдам. Сенің бабыңды табу да қиын-ау. Мені ғой өмір-бақи
жұмсақсың деп кеюші едің. Енді мына бастықты да жаратпайтын боп
шықтың ғой... Білмеймін. Жұмысқа шыққаным жаңа. Әлі сыр алып
көргенім жоқ. Екеуі де үндемей қалды. Танабай бұрын Шораға әлгі бір
кісен туралы, жорғаны ақтатып жібергені туралы айтпақшы еді, енді
оны қолайсыз, орынсыз көрді. Тек мына үнсіздікті үзу үшін ғана әлгі
бір сөз арасында естіген бір жайға қуанып қалғанын айтты.
– Машина бергені өте жақсы болған екен. Енді колхозда да
машина болатын болғаны ғой. Керек, керек. Уақыты келді ғой. Есіңде
ме, соғыстың алдында ғана бір машина алғанымыз. Тұтас митинг
жиналды ғой. Оу колхоздың машинасы – оңай ма! Машинаның үстінде
тұрып сөз сөйлеп. «Міне, жолдастар, социализмнің жемісі!» – деп едің.
Кейін ол машинаны да майданға алып кетті...
Қайран, дәурен-ай десеңші... Күлімдеп күн шыққандай ғажайып
дәурен. Автомашинаң не, тәйірі! Ау, сонау Шу каналының
құрылысынан қайтқандар патефон ала келгенде күллі айыл болып
жаңа әуенге аңсары ауған жоқ па! Жаздың аяқ кезі еді. Патефоны бар
үйге кешке жақын бәрі жиналып алып, патефонды далаға шығарып
қойып қызыл орамалды екпінді қыз туралы әнді қайта-қайта
тыңдайтын. Иә, бұл да социализмнің жемісі еді...
– Есіңде ме, Шора, сонда митингіден соң әлгі машинаның үстіне
тола мініп алғанымыз, – деп Танабай желпіне түсті. – Мен мейрамдағы
құсап кабинаның желкесінде қолыма қызыл жалау ұстап тұрдым. Іс
жоқ, шаруа жоқ, сол қалпымызбен станцияға тартып кеттік. Содан
темір жолды бойлай отырып, Қазақстанға өтіп кетіп, басқа станцияға
бардық. Парктен сыра ішіп едік. Бара жатқанда да, келе жатқанда да
жол бойы ән салып, өлең айтып едік, есіңде ме? Е, сондағы жігіттерден
аз-ақ қалдық қой – бәрі соғыста мерт болып кетті. Е-е... Сонда деймін-
ау, түнделетіп келе жатқанымызда да мен қолымнан қызыл жалауды
тастамаппын ғой. Ау, түнде туды кім көріп жатыр? Мен болсам,
қолымнан түсірмей, жеткенше тік тұрып ұстап келдім... Әне, ол менің
жалауым болатын. Жол бойы ән салдық, әлі есімде, даусымыз
қарлығып қалыпты... Енді неге ән салмайтын болып кеттік, Шора?
– Қартайып келеміз ғой, Танабай-оу, енді ерсі сияқты ма, қалай...
– Жоқ, мен оны айтпаймын. Бізді қойшы. Біз жырларымызды
жырладық, жасарымызды жасадық. Жастар ше? Мен жастарды
айтамын. Мына мен интернаттағы балама барып жүремін. Қайдам
қандай боп шығарын? Қазірдің өзінде-ақ бастыққа жағынуды біледі.
Маған: әке, қымызды мектептің директорына жиірек әкеліп тұр, дейді.
Ау, неліктен? Ол өзі үлгіре алмай жүрген бала емес. Оқуы жақсы.
Сонда не үшін?.. Сонан соң, өлең айтқандарын тыңдап көрсең. Мына
мен бала кезімде Александровкедегі Ефремов деген орыстың батырағы
боп жүргем. Сонда бір қызыл жұмыртқа мейрамында Ефремов мені
шіркеуге ертіп барғаны бар. Мына қазіргі біздің балаларымыз сахнаға
шығып алып, сол орыстың шіркеуіндегілер құсап қақшиып тұрып ән
салады. Бір айтқанын мың айтады... Ұнамайды маған. Жалпы деймін-
ау, осы қазір көп нәрсеге түсінбей жүрмін, екеуміз бір отырып
әңгімелессек болар еді... Мен өзі қарайып қалыппын, бәрін түсіне
бермеймін.
– Жарайды, Танабай. Басқа бір ретте, уақыт тауып отырып әңгіме-
дүкен құрамыз. – Шора қағаздарын жинастырып, сөмкесіне сала
бастады. – Тек сен мүжіле берме сонша. Мысалы, мен сенемін,
молшылық заман келеді, біз бәрібір көтерілеміз... – деді Шора кетіп
бара жатып. Босағаға жете бере бір нәрсе есіне түсіп, бұрылды: –
Айтпақшы, Танабай, осы мен бір күні көшеде келе жатып, сенің үйіңе
көзім түсіп еді – тозып кеткен екен. Қарамайсың-ау деймін. Ұдайы
тауда жүресің, ал мұндағы үйің иесіз. Сен соғыста жүргенде Жайдар
жалғыз өзі-ақ ол үйді мұнша жүдетпеп еді. Барып көрші өзің. Не
қажетін айтсаң, көктемде бірдеңе ғып жөндеуге көмектесерміз. Біздің
Самансұр жазда каникулге келгенде көріп, о да шыдай алмай, қолына
орақ алып: – Танекеңнің үйінің айналасын алабота басып кетіпті,
шауып тастайыншы дейді. Сылағы түсіп, терезелері сынып,
бөлмелерінің ішінде шымшық дегеніңіз қырмандағыдай қаптап жүр,
дейді.
– Үйдің жайын айтқаның жөн. Самансұрға да рахмет. Оқуы қалай
екен?
– Екінші курске өтті ғой. Ойымша, оқуы жаман емес. Сен ғой:
жастар, жастар дейсің, мен өз ұлыма қарап ойлаймын: қазіргі
жастарымыз жаман емес сияқты. Самансұрдың айтуына қарағанда,
институтте болымды балалар оқып жатса керек. Әлбетте, көрерміз әлі.
Білімді жастар өсіп келе жатыр ғой, ойлар болашағын...
Шора атқораға беттеді, Танабай өзінің бос тұрған үйін барып
көрмекші болды. Ауланы айналып шықты. Жазда Шораның студент
баласы шауып тастаған шаң басқан қурай, алабота аяқ астында
күтірлейді. Баспананың күтімсіз қалғаны ыңғайсыз-ақ екен. Басқа
малшылардың үйлерінде туғандары қалған, қарайтын адамдары бар.
Ал, Танабайдың бірге туған екі әкпесі басқа айылдарда тұрады,
Құлыбай туысқанымен аралары бет көріспес араз. Жайдардың
жақындарынан ешкім жоқ. Сөйтіп, Танабайдың үйі бас-көзсіз қалып,
қаңырап тұрғаны. Енді міне тағы да малда жұмыс істеуге тура келеді.
Енді шопан болмақ. Рас, Танабай әлі әрі-сәрі, бірақ Шора көндіретінін
іші сезеді, бұ жолы да Шораның айтқанынан шыға алмас.
Таңертең айылдан машинамен шығып, ауданға тартып кетті. Ү ш
тонналық, жаңа «ГАЗ» жұртқа қатты ұнады. Малшылар: «Патша құсап
қалдық қой!» деп қалжыңдасты. Танабай да қуанып келеді, сонау
соғыстан бері машинаға мініп отырғаны осы. Танекең соғыста
машинаға мінді-ақ. Американың «Студебеккер» деген машинасымен
Словакия, Австрия жолдарын таптап өткен Танекең, «Студебеккер» үш
білікті күшті машина болатын. «Біздің де осындай көлігіміз болар ма
еді, – деуші еді сонда Танабай. Әсіресе, таулы жерден астық тасығанға!
Еш жерге батпайды да». Сонда ішінен сенетін: Соғыс бітеді – мұндай
машина бізде де болады. Соғыстан соң, сөз жоқ, бәрі болады! – дейтін.
Ашық машинаның үсті жел гулеп, әңгіме қожырай берді. Бәрі
үндемейді. Танабай шыдай алмай жастарға:
– Ән салыңдар, балалар. Біз сияқты шалдарға қарамаңдар.
Айтыңдар, біз тыңдайық, – деді.
Жастар жағы ән салды. Ә, дегенде әрі кірмей, бірте-бірте барып
жанып кетті. Жұрттың көңілі көтерілді. «Міне енді дұрыс, – деді
ішінен Танабай. – Осы жөн. Ең бастысы, ауданның жұртты жинап
жиналыс өткізбек болғаны дұрыс. Айтатын шығар сірә, колхоз қалай
болады, не істеу керек дегенді. Бізден гөрі басшыларға белгілі ғой
жағдай. Далада, малда жүріп біз не білеміз. Айтар ақыл-кеңесін,
жақсы іс болса, біз де жаңадан бір қолға алармыз».
Аудан орталығы қарағұрым. Машина, арба деген симайды.
Клубтың айналасындағы алаңның бәрін ат қаптап кеткен. Шашлық
піскен, шай қайнаған, шайханашылар айқайлап жұртты шақырып жүр.
Түтіндетіп, тамақтың исін бұрқыратып, жұмыс қызып жатыр.
Шора күтіп тұр екен.
– Тез түсіп, жүріңдер бері. Клубтан орын алмасаңдар, жиналыс
қазір басталады. Ау, Танабай, сен қайда барасың?
– Қазір келемін, – деп Танабай айқасып-айқасып тұрған аттардың
арасына кіріп кетті. Ол машинаның үстінде тұрып-ақ анадайдан өзінің
Гүлсарысын көріп қалып еді. Енді соған келе жатыр. Көктемнен бері
көрген жоқ еді.
Жорға өзге аттардың арасынан ерекше көз тартып кербез тұр екен.
Алтын сары түсі, алпамса кеудесі, жұп-жұмыр сауыры, бөкен тұмсық
етсіз басы, қап-қара көзі бәрі-бәрі келісті-ақ шіркіннің.
– Амансың ба, Гүлсары, амансың ба! – деп күбірледі Танабай өзге
аттардың арасынан өтіп барып. – Қалың қалай, жануар?
Жорға әуелі көзін алайтып қарап еді, бұрыңғы иесін тани қойды
да аяқтарын көтеріп қойып, пысқырып-пысқырып жіберді.
– Түрің жаман емес, Гүлсары. Кеудең кеңейіпті. Көп шапқылайды
екенсің ғой. Басыңнан неше түрлі қиын күндер өтті-ә? Білемін... Енді
жақсы адамның қолына түсіпсің, оған да шүкір. Тек жүрсең жаман
болмайсың, – деді Танабай қоржындағы сұлының қалдығына қолын
сұғып көріп. Демек, Шора жорғаны аштан қақайтып қоймайды екен. –
Ал, Гүлсары, аман бол, мен барайын...
Клубқа кіре берісте қызыл мата қағулы тұр: «Коммунистер алға!»,
«Комсомол – совет жастарының алдыңғы сапында!» – деген жазулары
бар.
Халық қаптап, жан-жақтағы есіктің бәрінен ағылып кіріп жатыр.
Кіре берісте Танабайға Шора мен колхоз бастық Алданов ұшырасты.
– Танабай, былайырақ шығайық, – деді Алданов. – Сен келдім деп
белгі соқтырып қой, мынау блокнотың. Сен шығып сөйлеуің керек.
Партия мүшесісің, озат жылқышысың.
– Не туралы айтпақпын сонда?
– Коммунистпін де. Артта қалған участокке барғым келеді, саулық
қой отарына шопан болып барамын де.
– Осы-ақ па?
– Осы-ақпаң қалай? Өз міндеттемеңді айтасың. Әр жүз бас
саулықтан жүз он қозы, әр қойдан үш килограмнан жүн аламын деп
партия мен халықтың алдында міндеттенемін де.
– Ay, ол отарыңды өңім тұрмақ түсімде де көрмесем, қалай айтам?
– Ой, со да сөз боп па? Аласың отарыңды.
Шора сөзді жұмсарта сөйледі:
– Таңдаған қойыңды аласың. Уайым жеме. Айтпақшы, екі жас
комсомолец шопанды қамқорлығыма аламын де.
– Оу, кімді?
Жұрт кимелеп барады, Шора тізімге қарады:
– Болатбеков Эшим мен Зарлықов Бектай.
– Ау, мен олармен сөйлескен емеспін, олар қалай қарайды екен?
– Өй, өзің де бір, – деп ашуланды бастық. – Олармен сөйлесу
міндет пе? Бәрібір емес пе? Олар қайда қашады дейсің, біздің саған
белгілеген адамдарымыз солар, болды! Бұл шешілген мәселе.
– Ау, шешілген мәселе болса, менімен сөйлесіп не керегі бар? –
деп Танабай бұрылып жүре беріп еді:
– Тоқта, – деп Шора бөгеді. – Ұмытып қалмайсың ба?
– Ұмытпаймын, ұмытпаймын, – дей салды шатынап бара жатқан
Танабай...
13
Кеңес кешке қарай аяқталды. Аудан орталығы құлазып қалды:
жұрттың бәрі – бірі тауға, бірі малға, біpi фермаға, енді біреулері
айылдарына тарап-тарап кетті.
Танабай өз жерлестерімен бірге жүк машинасына мініп,
Александровка асуы арқылы даламен ызғытып келеді. Қараңғы түсіп,
жел қатайған. Күз ғой. Танабай қораптың бір бұрышына шоқайып қана
отырып, жағасын көтеріп мойнын иығына тығып алып ойға кеткен.
Сөйтіп, кеңес те бітті. Өзі жарытып ештеңе айта алмады, оның есесіне
өзгелердің сөзін тыңдады. Е, әлі іс қалыбына келу үшін талай тер төгу
керек екен де. Әлгі көзілдірік киген обком хатшысы дұрыс айтады-ау:
«Ешкім бізге сара жол салып бермейді, өзіміз талпынуымыз керек».
Апырой десеңші, сонау отызыншы жылдардың басынан бастап бір
жоғары, бір төмен, біресе өрге, біресе ылдиға... Колхоз дегенің, сірә,
оңай болмады ғой. Міне, өзінің де шашы бурыл тартты, жастық шағын
сарп етті, не көрмеді мына бас, не істемеді Танекең, талай рет әбестік
те болды, соның бәрінде де мақсатқа әне жетем, міне жетем деп
жүрген ғой, сөйткен колхоз тауқыметі әлі таусылатын емес...
Мейлі, жұмыс істеу керек екен – істейді. Хатшы дұрыс айтты: –
Танабай ойлағандай өмір соғыстан кейін өзінен өзі жақсарып сала
бермейді екен. Кеудеңде жаның тұрғанда, ол өмірдің өзін ылғи да
иығыңмен итермелеп отырмасаң болмайды екен... Бірақ сол түскірдің
өзі пышақтай үшкір жағымен айнала береді, иығы бар болғыр әбден
жауыр болды. Жә, жауыры мейлі ғой, істеген ісіңнің нәтижесі, жемісі
болып, қуанышын көрсең ғой, жаның жадырап, еңбектен рахат тапсаң
мейлі ғой... Енді мына қойы қалай болар екен? Жайдар не дейді?
Апырай, қыздарына тәтті-пәтті сатып алуға магазинге кіріп те
үлгірмеді-ау. Тәтті әкелем деп дәмелендіріп кетіп еді. Жүз саулықтан
жүз он қозы, бір қойдан үш килограмм жүн деді-ау. Оп-оңайын-ай,
шіркіннің. Әрбір саулық туып, одан тірі қалсын әуелі. Жаңбыр да, жел
де, аяз да соның жауы. Жүн ше? Жүн дегенің талшықтан жиналатын
дүние. Бақбақтың үлпілдегі сияқты. Килограмм қайдан келмек?
Құмнан алтын шайғаннан бетер. Ау, кейбір басшылар сол жүннің
қайдан, қалай пайда болатынын да білмейді-ау сірә...
Иә, шатастырды Шора, шатастырды... «Қысқа сөйле, дейді, тек
міндеттемеңді ғана айт. Саған айтар ақылым, басқа ештеңе деме».
Танабай болса соның айтқанын істеді. Мінбеге шығып, қысылып,
көкейінде жүрген көп сөздің бірін де айта алмады. Міндеттемесін
міңгірледі де, мінбеден түсті. Енді ойласа бетінен оты шығады. Шора
ғой риза. Ау, соның осыншама жалтақ болып алғаны несі? Ауру
айнытты ма, жоқ әлде колхоздағы бірінші бастық болмай қалғаннан
кейін сондай болды ма? Танабайды сонша сақтандырып несі бар еді?
Жоқ, бұл тегін емес, Шора өзгерген, бірдеңе болған оған. Сірә, өмір
бойы колхозды өз мойнымен сүйрелеп, өмір бойы басшылардан ұрыс
естігендіктен шығар. Бұлаңқұйрыққа салуды үйренген сияқты...
«Жарайды, досым, тұра тұр. Амандық болса осыңның бәрін бетіңе
шыжғырып басармын...» – деп ойлады Танабай тұлыпты қымтана
түсіп. Ызғырық жел әзірейілдей суық, үй әлі алыс. Үйде оны не жағдай
күтіп тұр екен?..
Шора жорғамен қайтты. Басқа жора-жолдастарын күтпей, жалғыз
өзі шықты. Ертерек үйге жеткісі келді, жүрегі түскір талмаурай берді.
Аттың басын тартқан жоқ, күні бойы байлауда тұрған жорға енді өзіне
ерік тиген соң тайпалма ағысқа салды дейсің. Кешкі жолда кілтін
бұрап қоя берген ойыншық машинадай зымырап келеді. Жорғада
бұрыңғы қызықтың бәрінен енді жалғыз осы жүріске деген құмарлық
қана қалған. Басқа құмарлықтың бәріне керенаукерең. Оны керенау
қылған адамдар. Адам арқалағанды біл, жол жүргенді біл, басқаның
бәрінен мақрұм бол деп қойған. Гүлсары үшін ендігі қалған қызық тек
шабыс. Адамдар тартып алған рахатты қуып жеткісі келгендей,
аянбай, арымай шабады. Бірақ қанша шапса да жетем дегеніне жете
алмай келеді.
Жолда жел қағып Шораның көңілі аздап сергіді. Жүрегі бүріп
ауырғанды қойды. Негізінен кеңестің жұмысына ол қанағаттанып еді,
әсіресе обком хатшысының сөзі қатты ұнады. Бұрын ол кісі туралы
көп естігенімен, көргені осы-тын. Сөйтсе де парторгтың көңілі
орнында емес. Жегідей жеп келе жатқан бір бәле бар. Иә, ол Танабайға
жамандық ойлаған жоқ. Осындай кеңестерде, мәжіліс, жиналыстарда
не сөйлеп, не қою керек екенін тіс қаққан Шора жақсы біледі ғой.
Бұған машықтанған. Танабай болса мұның айтқанына көнуін
көнгенімен, түсінгісі келмейді. Кеңестен кейін бұған бір ауыз
сөйлеспестен машинаға мінді де теріс қарап отырып алды. Өкпеледі.
Ай, Танабай, Танабай! Өмірден ештеңе үйренбеген аңғал байғұссың
ғой. Ештеңе білмейсің, ештеңе аңғармайсың. Жас кезіңде қандай
болсаң, қазір де сондайсың. Мәселенің бәрін шорт кесіп шешсем
дейсің. Қазір уақыт басқа ғой. Енді қай жерде қалай сөйлеу керек,
кімнің алдында қалай сөйлеу керек, мұны білудің мәні зор. Қазір
айтқан сөзің уақыт тынысымен үндес болу үшін жұрт қалай сөйлесе
солай сөйлеп, жазулы тұрған хаттай ғып, мүдірмей жып-жылмағай
айтып шығуың керек. Сонда бәрі орнына келеді. Ал, енді, Танабай сені
өз еркіңе қоя берсең, бәрін астан-кестең бүлдіріп сөйлер едің де, содан
кейін сен үшін тағы да жауап беруге тура келер еді. «Өз ұйымыңыздың
мүшесін қалай тәрбиелейсіз? Бұл неткен тәртіп? Бұл не деген
жүгенсіздік?» Ай, Танабай, Танабай!..
14
«Екеуі жолда қалған сол бір түн. Қарт адам, кәрі ат. Сайдың
қабағында алаулап от жанып жатыр. Танабай қайта-қайта тұрып барып
әлсіреп жатқан Гүлсарының үстіндегі тонды қымтай жауып қояды.
Сөйтіп қайтадан аттың бас жағына барып отырады. Бүкіл өмірі көз
алдынан өтіп жатыр, өтіп жатыр. Жылдар, жылдар, жорғаның
шабысындай, заулап өткен сол жылдар... Ол шопан болып қойға
барған сол жылы, сол кеш түскен күз бен ерте шыққан көктемде не
болып еді осы?
15
Октябрь айы түгіл таудың іші алтын күздің мамыражай рахатына
шомып тұрды. Басында екі күн ғана жаңбыр жауып, күн суып, тұман
түскен. Бірақ көп ұзамады, бір түннің ішінде тұман түріліп күн
ашылып шыға келді. Таңертең Танабай киіз үйден далаға шыға беріп
шегіншектеп қалды – шыңдарды жаңа жауған қардан аппақ болған тау
жылжып бері келіп қалған сияқты екен. Тауға қардың жарасқаны-ай!
Құдай-тағала тұп-тура жаңа жаратқандай, тау жарықтық асқарлап, ағы
ақ, қарасы қара, қолмен қойғандай ап-анық, кіршіксіз таза күйінде
асқақтап тұр. Қар жамылған шыңдардан жоғары тек көкпеңбек
көгілдір аспан шексіз қиырға кетіп жатты. Аспанның алыс-алыс әрідегі
түкпірінен әлем кеңістігінің буалдыр ұшығы байқалғандай болады.
Осынша ырғын жарық пен таза ауадан Танабайдың бойы тоңазып тұр
еді, көңілі бір түрлі құлазып сала берді. Гүлсарыға мініп, түнделетіп
баратын Бүбіжан есіне түсті. Жорға қазір жаныңда болса, мініп алып
қуаныштан құйқылжытып ән салып, айқайлатып тосыннан жауған
мына таудың қарына ұқсап күтпеген жерден жетіп барар еді-ау...
Бірақ мұнысы енді тек арман ғана... Не қыласың, адамның жарты
ғұмыры арманмен өтетін көрінеді ғой, бәлкім, сондықтан да өмір
шіркін тәтті шығар. Кім білді, армандағаныңның бәрі орындала
бермейтін болғандықтан да өмір шіркін қымбат болар. Танабай мына
тауға, анау аспанға қарап тұрып, сірә, адамдар бәрі бірдей бақытты
бола бермес те, деп ойлады. Әркімнің өз тағдыры бар. Бір мезгілде ана
таудың бір жағында жарық, бір жағында көлеңке жатыр. Адам
тағдырында да біресе қуаныш, біресе қайғы алмасып жатыр. Өмір
деген сол да... «Мүмкін, Бүбіжан мені күтпес те. Тек тауға түскен
қарды көріп есіне алар, бәлкім»...
Адам қартаяр, бірақ көңіл шіркін көндікпес, анда-санда бір
аласапыран боп дүр сілкініп, тұтқиялдан талпынар.
Танабай атын ерттеп, қой қамаған шарбақтың есігін ашып, үйдегі
әйеліне:
– Жайдар, мен қойды өргізіп тастап қайтайын, – деп дауыстады.
Қой жарықтық қабақты бөктерлей ағылып ала жөнелді. Көрші
шопандар да өз отарларын өргізген екен. Ана жерде де, мына жерде де
қабақтың бөктерінде, сайдың табанында отар-отар қой ойдым-ойдым
боп жер жарықтықтың жемісі – шөбін қыршып құйқалап жеп жатыр.
Күзгі таудың сарғайып, бурыл тартқан сан алуан шүйгін шөбінің
арасында қой малы ақ-боз арал сияқты көрінеді.
Әзірге бәрі шүкіршілік. Танабайға жаман отар тиген жоқ. Кілең
бір-екі рет төлдеген тоқты мен саулық. Жарты мың тұяқ. Жарты мың
әлек. Ал, төлдеген соң екі еседен астам көбейеді.
Бірақ шопан қауымының нағыз науқаны – қой қоздату маусымы
әлі алыс.
Жылқыға қарағанда, әлбетте, қой тыныштау, бірақ Танабай бірден
үйреніп кете алмады. Жылқының жөні бөлек қой! Бірақ, жылқы
шаруашылығы өзінің мәнін жоғалтты деседі. Машина деген шықты.
Жылқы ұстау тиімді емес көрінеді. Ендігі бастысы – қой
шаруашылығы, жүн, ет, тері деседі. Мұнда бір шындықтың ұшығы
барын түсінсе де тап осындай тақылдақ есеп Танабайдың қытығына
тиді.
Айғыры мықты болса үйірді иіріп тастап, жарым күн басқа
шаруаға кете беруіңе болушы еді. Ал, қойдың қасынан шыға
алмайсың. Күні бойы басы-қасында боласың, түн баласы тағы
қарауылдап шығасың. Отарда шопаннан басқа, көмекшісі болуға тиіс,
бірақ колхоз оны бермейді. Сонымен кезексіз, тынымсыз бір қу
тіршілік. Жайдар түнгі қарауыл боп саналады. Күндіз анда-санда
қызын қасына ертіп алып қойға біраз қараса қарайды, әйтпесе оған да
шамасы жоқ. Түнде қолына мылтық алып, қораны айналып түн
ортасына дейін қарауылдайды. Содан соң Танабай өзі тұрып қарайды.
Ыбрайым болса қазір колхоздың бүкіл малына қожайын, оның желеуі
жетеді.
– Танеке-ау, мен сізге көмекшіні қайдан тауып беремін, – деп
қатты қиналады. Сіз түсінетін кісісіз ғой. Жастар оқуда.
Оқымайтындары қой дегенді естігісі де келмейді, қалаға қарай
қашады, темір жолға барып жұмысқа тұрады, тіпті кен шыққан
жерлерге де кетіп жатқандары бар. Не істеу керек, ақылым айран. Сіз
ғой бір отарға қарайсыз, соның өзіне жылайсыз. Мен ше? Колхоздың
барлық малы менің мойнымда ғой. Сотқа кетемін мен. Өз басыма бәле
тілеп алдым, бекер бардым бұл қызметке. Сіздің қамқорлыққа алған
комсомол шопаныңыз Бектай сияқтылармен адам жұмыс істесіп бола
ма, құдай. Маған радио, кино, газет тауып бер, жаңа киіз үй тігіп бер,
әр апта сайын көшпелі дүкен келіп тұратын болсын дейді. Әйтпесе,
басым ауған жаққа кетемін дейді. Тым құрыса, сіз барып сөйлессеңіз
еді онымен, Танеке!..
Ыбрайымдікі шын еді. Өкімет боп өскеніне қазір өзі де мәз боп
жүрген жоқ. Бектай туралы айтқаны да шындық. Танабай оқта-текте
үзіп-жұлқып уақыт тауып, өзінің қамқорлыққа алған комсомолдарына
барып жүрді. Эшим Болатбеков аздап шабандау қимылдағанмен,
тындырымды жігіт еді. Ал, Бектай келісті, көркем жігіт, бірақ қиықша
қара көзінен ашу деген ақырып тұрады. Танабай келген сайын
жақтырмай, түнере қарсы алатын:
– Танеке, осы ала өкпе боп жүгіре бермей-ақ, балаларыңның
қасында отырсаңшы. Осы сенсіз де тексерушілер жетіп жатыр.
– Е, менің келгенім зиян бола ма?
– Зиян болсын-болмасын, бірақ сен сияқты адамдарды
ұнатпаймын. Сендер ғой жанын қинап: ура, ура! – деп шапқылаған.
Сөйтіп жүріп өздерің де адам сияқты өмір сүре алмадыңдар, бізге де
тыныштық бермедіңдер.
Танабай өзін өзі әрең тежеп, тістене сөйледі:
– Сен, бала, абайла, шырағым. Маған қарап әкіреңдеме. Онда
шаруаң болмасын. Жанымызды қинап шапқыласақ біз қиналдық, сен
емес. Оған өкінбейміз. Сендер үшін қиналдық. А л сол кезде біз
жанымызды қинамасақ, көрер едім қазір сенің қалай сөйлегеніңді.
Кино, газет былай тұрсын, өз атыңды да білмей өтер едің. Сенің атың
«құл!» деген үш-ақ әріптен құралар еді...
Танабай Бектайды жек көрді, бірақ осындай бірбеткей қайсар
мінезі үшін біршама сыйлаушы да еді. Жас жігіттің қисық мінез,
қыңырлығы Танабайдың жанына батады-ақ. Екеуінің жолы екі
айырылып, кейін бір рет қалада қайта кездесіп қалғанда Бектайға
Танабай
ләм
демеді,
жігітті
де
тыңдаған
жоқ.
Сол бір ерте қыста...
Ақ бураға мініп ақырған қыс лезде келіп, бейқамдығы үшін
малшыларды қыса бастады.
Октябрь айы жауын-шашынсыз жадырап тұрған. Ноябрьде қыс
бірден басып салды.
Кешке Танабай қойды айдап келіп, сескенерлік ештеңе болмаған
соң, ашық қораға қамап еді, түн ортасы кезінде әйелі оятты:
– Тұр, Танабай, мен жаурап барамын. Қар жауып тұр.
Әйелінің қолы мұп-мұздай екен, үстінен жауған қардың лебі
шығады. Мылтығы да сұп-суық, су-су болып қалыпты.
Далаға шыға келсе жарқын түн. Қар қалың жауып тұр. Қой
жайсыз жатыр, пысқырынып, үстіндегі қарды сілкіп, бастарын
шайқап-шайқап қояды. Бірақ қар тоқтар емес. «Е, әлі тұра тұрыңдар,
бұдан да зорын көресіңдер, – деді ішінен Танабай тонын қымтай түсіп.
– Ерте, тым ерте жетіп келдің-ау, қыс-еке. Не болар екен, жақсылық
па, жамандық па? Әлде мүмкін, маусымның аяғын ала жұмсарарсың, а
қыс-еке? Қой қоздағанша аттанып кетсең болғаны. Біздің бар тілегіміз
сол. Ал, әзір білгеніңді істей бер. Оған дейін неғылсаң да хұқың бар,
қыс-еке...»
Қыс-екең үндемейді, таңертең жұрттың бәрін таңқалдырып,
әбігерлендіріп, әлекке салып қою үшін үндеместен түні бойы қарды
жерге төпеп жатыр.
Таулар әзір асқақтай қарауыта көрініп, қалшиып тұр. Тауға қысың
сөз емес. Әлекке түссе малшылар түседі. Тау жарықтық мәңгі-бақи
қалай тұрса, былқ етпестен солай тұра береді.
Сөйтіп, сол бір естен кетпес ерекше қыс басталып кетті. Бірақ әзір
оның қандай ойы барын ешкім білгеп жоқ.
Алғашқы қар қасарып жатып алды. Бірнеше күннен кейін тағы
жауды, содан соң тағы жауды. Сөйтіп шопан атаулыны күздеуден қуып
шықты. Отарлар сай-саланы қуалап, ықтасын іздеп, қары жұқалтаң
жерлерге тебіндеп жайыла бастады. Шопанның ғасырлар бойы сыннан
өткен өнері осындайда көрінеді: білмейтін біреу мына жерде қардан
басқа түк те жоқ деп қолын бір сілтеп кеткен жерден шопан малға
азық табады. Әйтпесе оның несі шопан... Оқта-текте басшылардың
біреуі қарасын көрсетіп, ананы-мынаны көргенсіп, уәдені үйіп-төгіп
береді де, таудан тезірек табанын жалтыратып отырады. Ал шопан
болса жападан-жалғыз қала береді де, қыспен бетпе-бет келеді ғой
баяғы.
Танабай колхоз орталығына барып қайтпақ болып көп оқталды:
мал төлдету науқанына дайындық қалай екен, не істеліп, не қойды
екен, не ойлайды екен басшылар, соны білмекші еді Танабай. Бірақ
қайдан болсын! Мұрын сіңбіруге уақыты жоқ. Бір рет Жайдар
интернаттағы баласына барып, кешікпей-ақ оралды. Соның өзінде
көрген машақатты айтпақыз. Танабай кішкене қыздарын үйде
қалдырып кете алмай, кішісін аттың алдына отырғызып, тонына орап
алды, онысы жаман болған жоқ, жылы, жайлы отырды. А л үлкен
қызын міңгестіріп алып еді – жаурап қалды. Танабай қойды осылай
бақты. Жайдар жоқта ошақтағы оттың өзі жетімсіреп, жалынсыз
жанған сияқты.
Ертеңіне шешесі қайтып келгендегіні көрсеңіз! Екі қызы екі
жақтан мойнынан құшақтап ал, кәне, босатсыншы. Е, әкенің аты әке,
ал шешенің жөні бөлек қой.
Уақыт сөйтіп өтіп жатты. Қыс дегеніңіз құбылмалы болды. Біресе
қыспаққа алады, біресе жұмсарады, екі рет боран соғып, тынды да,
артынан жіпсіп қар еріді, қыстың мұндай құбылмалығынан Танабай
ішін жиып қалды. Қой қоздаған шақта күн жылы болса жақсы, қысып
берсе – не болар?
Саулықтардың іші дегенмен ауырлай берді. Кейбір қозысы ірі, яки
егіз көтергендерінің қарны салбырап барады. Буаз саулықтар қоңы
тайып, жүрістері ауырлап, кібіртікке көшті. Омыртқалары омырая
бастаған. Таңданатын несі бар, іштегі қозы енесінің сөлін сорып өседі,
ал саулық жазған әрбір тал шөпті қар астынан тепкілеп ашып әрең
тістейді. Шопан осындайда саулық қойды ертелі-кеш жемдеп тұрса
ғой, жемді тауға тасып жеткізсе, шіркін. Бірақ колхоздың қамбасын
жылан жалағандай, тұқым мен көлік аттарына беретін бірер уыс
сұлыдан басқа ештеңе жоқ.
Күнде таңертең Танабай қойды өріске айдап шығарарда әр
саулықтың қарнын, желінін ұстап көреді. Егерде кесірінен сақтаса, ол
айтқан міндеттемесін орындап та қалар, ал жүн жағы сірә, жетіспес.
Қыста жүн нашар өседі, өскенді айтасыз, қайта кейбір қойдың жүні
сиреп түсе бастады. Тағы да қу тамаққа байланысты. Жем-шөп берсең
жүн де болады. Танабай түнере түседі, алысарға дәрмен қайда.
Шораның тілін алғаны үшін өзіне өзі айтпаған сөзі жоқ. Уәде берді-ау.
Мінбеден сөйледі-ау. Мен ондай да мұндай, озатпын, партия мен отан
алдында сөзімді беремін. Әттесі-ай, тым құрыса осыны айтпау керек-
ақ еді ғой! Ау, айналайындар-ау, партия мен отанның бұл жерге қандай
қатысы бар! Кәдімгі шаруашылық жұмыс қой. Жо-жоқ... Айту керек
дейді. Ау, керек болсын, болмасын, осындай аумақты қасиетті сөздерді
кез келген жерге кірістіре беретініміз қалай бұл?..
Несі бар, өзі кінәлі. Ойланбаған. Біреулердің айтуымен тірлік
ететін болды. Олардың несі кетеді – ертең тайып шыға келеді, тек
Шора аянышты. Жолы болмай-ақ қойды өзінің де. Бір күн сау болса,
екі күн ауырады. Өмір бойы күйбеңдеп, жұртты үгіттеп, үміттендіріп,
дәмелендірумен келеді, кәне содан не шықты? Енді жалтақ боп
барады, сөйлер сөзінен де сезіктенеді. Ақыр ауру болған соң, онан бір
жолата пенсияға шықпай ма...
Қыс болса шопандарды біресе үміттендіріп, біресе үрейлендіріп,
өз кезегімен өтіп жатты. Танабайдың отарынан екі көтерем қой шығын
шықты. Оның қамқорлығындағы комсомолдардың да отарларынан
бірнеше тұяқ шетінеді. Әлбетте, мал болған соң шығынсыз болмайды.
Бір қыста он шақты мал шығын шықса – ештеңе етпес. Ауыр сын алда,
көктемнің көк өзегінде жатыр-ау.
Кенет күн жылып сала берді. Саулықтар лезде желіндей бастады.
Қарап тұрсаң, ап-анық, іштерін әрең көтеріп жүр, сөйте тұра
емшектері қызғылттанып, күн санап емес, сағат санап сыздап барады.
Ау, бұл неліктен? Мұнша күшті қайдан алады бұл байғұстар! Бір
шопанның отарынан бірнеше саулық қоздап қойыпты деген қауесет
тарап кетті. Демек, күйек алу кезінде бір жаңылыс болған-ау, ә. Міне,
бұл алғашқы ескерту еді. Енді бір-екі аптадан кейін қозы дегеніңіз
желді күні ағаштан түскен алмадай төгілейін деп тұр. Тек алып үлгер.
Әне, сонда басталады шопанның ұлы науқаны! Шопан байғұс әрбір
қозы үшін қалтырап, қан құсып, құдай-ау, бұл қойға қай күні келіп ем
деп, қой баға бастаған күнін лағынеттер. А л енді сол қозы аман-есен
аяқтанып, қыстан шығынға ұшырамай шықса, шопанның қуанышында
шек болмайды.
Лайым солай болғай да тек, солай болғай! Ел бетіне қарай алмай
қара басып қалмаса...
Төл алуға көмекке колхоздан сақманшы әйелдер келді. Көбісі
кемпірлер мен баласыз қатындар. Айылдан әке-көкелеп әрең көндіріп
алып келген сақманшылардың түрі. Танабайдың отарына екі
сақманшы бөліпті. Төсек-орнын, палаткасын, азығын ала келіпті. Кісі
көбейген соң көңілді боп қалды. Рас, бір отарға ең кемі жеті сақманшы
керек. Ыбрайым ол адамдарды отар қой қоздату пунктіне көшкен соң
жіберемін, әзірше мына екі сақманшы жетеді деп ант-су ішті.
Отарлар орнынан қозғалып, төмен түсіп, бөктердегі қой қоздату
пункттеріне жылжи бастады. Танабай көші-қонды күні бұрын
жөнелтіп, қонатын жерге жеткізіп, орналасуға әйелдерге жәрдемдес
деп Эшим Болатбековтен өтініп, өзі отарды асықпай айдап, артта
қалды. Буаз мал қиналып қалмасын деп, отарды қуаламай, қойдың өз
жүрісіне салып, оттатып келеді. Танабай кейін бұл жолмен Бесағаш
алқабына әлі екі рет қатынар, қамқорлыққа алған комсомолдардың
отарларын көшірісуге көмектесер.
Қой жарықтық асықпайды, жүрісі өнбеді. Іші пысқаннан соң тіпті
төбет те шыдай алмай ары-бері жүгіріп кетіп қалып, қайтып келеді.
Күн батуға бет алған, бірақ әлі жылуы қайтпаған. Отар таудан
төмен түскен сайын күн жылына берді. Бөктерлердің күн шуақ
жағынан қылтиып көк көрініп қалыпты.
Жолда біраз кідіріс болды – бірінші саулық төлдеді. Бұлай
болмаса керек еді ғой, деп өкінді Танабай жаңа туған қозының
құлағын, тұмсығын үрлеп тұрып: – Төл алу кезі енді бір аптадан кейін
келуге тиіс болатын. Ал, мынаусы несі! Мәссаған керек болса!
Жол-жөнекей тағы да туып бәле болар, деп Танабай саулықтарды
қарап шықты. Ондай белгі жоқ сияқты. Танабайдың көңілі орнына
түсті, тіпті жадырай бастады. Кішкентай қыздары мына қошақанды
көріп қуанатын болды-ау. Төлбасы әрқашанда сүйкімді-ақ қой. Мына
қошақанның өзі де томпайған сүп-сүйкімді екен. Кірпігі қара, тұяғы
қара, өзі аппақ. Отарда жартылай қылшық жүнді бірнеше саулық бар
еді, міне, соның біреуі қоздап та қойды. Әдетте, мұндай қойдың
қозысы жүні шығып, ширақ туады, мұнда биязы жүнді қойдың қозысы
ғой қызыл шақа болып тықыр туатын.
– Ал, қошақан, ақыры асығып туған екенсің, мейлі көр онда мына
жарық дүниені, – деді Танабай. – Қадамың құтты болсын, төлбасы!
Сен сияқты қозыларымыз көп болып, көптігіңнен жер қайыссын,
ылайым. Маңыраған дауыстарыңнан құлағымыз тұнып, бәрің де аман-
есен аяқтаныңдар! – Танабай қозыны басынан асыра көтерді. Иә,
Шопан-ата, қолдай гөр, міне мынау төлбасы. Қолдай гөр, Шопан-ата!
Айнала таулар, міз бақпай мелшиіп тұр.
Танабай қозыны қойнына тығып алып, қойларды айдай жөнелді.
Қошақанның енесі соңынан ілесіп, маңырап, жүгіріп келеді.
– Жүр, жүр! – деді оған Танабай. – Қозың осында, ешқайда
кетпейді.
Тон ішінде қозының үсті дегдіп, бойы жылынып қалды.
Базға Танабай қойды кештете айдап жетті.
Көші-қон келіп жетіп, орналасып алыпты, киіз үй түндігінен түтін
де шығып қалыпты. Палаткаларын тігіп сақманшылар жүр. Аман-есен
көшіп алды, әйтеуір. Эшим көрінбеді. Айтпақшы, о да ертең көшіп
келуі керек, сол үшін бүгін түйені жетектеп кері қайтқан екен. Бәрі
дұрыс.
Бірақ, сәлден соң Танабай төбесінен ашық күнде жай түскендей
сілейіп тұрды да қалды. Ол колхоз басшыларынан жарытып жақсылық
күткен адам емес, ал бірақ мал төлдететін пункт дәл мынандай халде
деп ешуақытта ойлаған да емес. Қозы қамайтын қораның төбесі шұрқ
тесік, қамысы шіріп, опырылып кеткен, қабырғалары аңғал-саңғал,
үңірейген терезе, есік дегеннің нұсқасы да жоқ. Ішінде жел ойнақтап,
азынап тұр. Даланың қары кетейін деп қалғанда, қора ішінде жел
ойнақтап азынап тұр. Даланың қары кетейін деп қалғанда, қора ішінде
үйме-үйме болып сірескен қар жатыр. Танабай тәуекел деп бәрін
күткен, бірақ дәл мынандай сұмдық көрем деп ойламаған.
Бір заманда тастан қалаған ашық қора да қазір қирап қалған.
Танабайдың көңілі әлем-жәлем болғаны сонша, қыздарының
қошақанды көріп қуанғанына да қараған жоқ. Қозыны соларға бере
салды да, қора-жайды аралай бастады. Қайда барма, қараң қалған
дүние. Сонау соғыс жылдарынан бері бұл қора-қопсыға ешкім көз
қырын да салмаса керек, өйтіп-бүйтіп амалдап жылда мал төлдетіп
алып, адамдар қора-жайды жауын мен дауылдың тәлкегіне тастап,
тайып отырған. Қора төбесінде шүйкедей ғана, қисық жиылған бір
шөкім шірік шөп тұр, қалай болса солай лақтырылған азын-аулақ
сабан жатыр. Бүкіл отардың бетіне қарайтын жем-шөбі қозылардың
астына салатын төсеніші, міне, осы. Рас, бұдан басқа бұрышта екі
қапшық арпаның ұны, жәшікке салған тұз жатыр. Сол бұрыштан
шынысы сынған бірнеше фонарь, жермай құйған тат бидон, екі күрек,
сынық айыр көрінеді. Осының бәрін үстіне жермай құйып, атасына
нәлет, өртеп жіберіп, екі қолды төбеге қойып тентіреп кеткісі де келді.
Былтырдан қалған қоқыстың тоң боп қатқан шоқаттарына
сүрініп, Танабай не дерін білмей жүрді де қойды. Аузына сөз де
түспеді. Тек жынды адам құсап: «Ау, бұл қалай? Ау, бұл қалай? Ау, бұл
қалай?..» – дей берді.
Содан соң қорадан жүгіре шығып, дереу атты ерттей бастады.
Қолы қалтырап барады. Қазір ол колхозға алақұйындатып шауып
келіп, түн ортасында жұрттың бәрін орындарынан өре тұрғызып,
көрмегенді көрсетеді! Әлгі Ыбрайымның, әлгі бастық Алдановтың,
Шораның жағасынан алып, әкесін танытпаса! Бәлемдер, Танабайдан
аяушылық күтпей-ақ қойсын! Олар бұған мынадай иттік істеген екен,
енді олар да Танабайдан жаңсылық көрмес! Болды, жетті!..
– Тоқта бері! – дел Жайдар тізгіннен алып үлгірді. – Қайда
барасың? Барушы болма! Түс аттан, тыңда мені!
Қайдан болсын! Тоқтатып көр Танабайды.
– Қоя бер! Қоя бер! – деп ақырды ол әйелін атпен омыраулата
қағып, тізгінді жұлқылап. Қоя бер деймін! Мен өлтіремін оларды!
Өлтіремін оларды! Өлтіремін!
– Босатпаймын! Саған біреуді өлтіру керек пе? Өлтір мені.
Сөйткенше сақманшы әйелдер келіп қалды, қыздары жүгіріп
жетіп, бақырып жылай бастады.
– Әке! Әке! Қой, әке!
Танабай тосылып қалды, бірақ әлі де көнбей, кеткісі келіп тұр.
– Ұстама мені, көрмеймісің мына сұмдықты? Ана қозылы қойды
көрмей тұрсың ба? Ертең қайда кіргіземіз оларды, баспана қайсы?
Азық қайсы? Қырылады бәрі. Кім жауап береді? Қоя бер!
– Жә, тоқтасайшы, тоқта! Жарайды, барасың, айқайлайсың,
жанжал шығарасың. Сонда не бітеді? Олар осы уақытқа дейін ештеңе
істемеген екен, ендеше шамасы жоқ болғаны. Қолында күш болса,
колхоз осы уақытқа дейін жаңа қора салып бермес пе еді?
– Ау, тым құрыса төбесін жөндеп қайта жабуға болады ғой! Ал,
есіктері қайда? Терезелері қайда? Айнала бәрі қирап қалған, қораның
ішінде қар жатыр, он жылдан бері қиын да оймапты! Ал, қара, ана
шіріген шөп қаншаға жетеді? Ау, қозыға беретін шөп пе сол?
Қозылардың астына не төсейсің? Төл қырылып қалсын дейсің ғой, ә?
Солай ма, сеніңше? Кет былай!
– Жетер, Танабай қойсаңшы. Сен не, бәрінен артықсың ба? Жұрт
қалай болса біз де солай. Сені де еркек дейді-ау! Одан да әлі де болса
не істеуге болады, соны ойла. Сен оларды қой. Жауап беретін біз,
жұмыс істейтін біз. Бағана жолда келе жатқанда мен қалың итмұрын
жынысын көріп едім, тікенегі көп, рас, соны шауып әкеліп қораның
төбесіне салып, үстін қимен бастырайық. Төлдің астына қурай орып
әкеп төсеп амалдармыз. Күн райы қысып кетпесе, бірдеңе етіп лаждап
шығармыз, қайтеміз...
Сақманшы әйелдер де Жайдарды қостап, Танабайды көндіре
бастады. Танабай аттан сүйретіле түсіп, жерге бір түкірді де, киіз үйге
кіріп кетті. Ауыр науқастан жаңа тұрған адамдай басы омырауына
салбырап түсіп отырды да қалды.
Үйдегілер қыбыр етпейді. Сөйлеуге қорқады. Жайдар тезектің
шоғынан шәйнекті алып, шайын қоюырақ демдеп, құмған әкеп,
күйеуінің қолына су құйды. Таза дастарқан төселді. Тіпті кәмпит те
шыға келді, тәрелкеге кертіліп-кертіліп сары май да салынды.
Сақманшыларды дастарқан басына шақырып, бәрі шай іше бастады.
Әй, осы қатындарды құдай алмайды! Біреудің үйінде мейман боп
отырғандай-ақ ананы-мынаны әңгімелеп, қаннен-қаперсіз шайды
соғып отыр. Танабай ләм деген жоқ. Шайдан соң, тысқа шығып,
бұзылған қораның тастарын қалай бастады. Бұл жұмыстың шегі
көрінбейді. Түнде қойды қамау үшін әйтеуір бірдеңені қалқайтып
қоймасаң болмайды. Әйелдер келіп олар да тас таси бастады. Тіпті
қыздар да тырбаңдап тас көтере бастап еді, әкесі оларға:
– Әйда, үйге бар, – деп қуып жіберді.
Әлгібір қызбалығы үшін қысылып жүр. Ешкімнің жүзіне қарай
алмай, тасты қалай береді. Шора рас айтқан ғой. Жайдар болмаса
Танабайдың мойыны қай жерде қайырылып қаларын бір құдайдың өзі
білер еді...
16
Келесі күні Танабай барып өз қамқорлығындағы қойшыларды
көшірісті. Содан соң табандатқан бір апта-бойы бас көтермей қораның
жұмысын істеді. Өмірінің ішінде сіңбіруге шамасы келмей жұмыс
істеген мұндай күндері есінде жоқ. Тек соғыста жүргенде күні-түні
демей қорғаныс шептерін соққаны бар. Бірақ онда бүкіл полк болып,
бүкіл дивизия, армия болып қимылдаған. А л қазір – жалғыз өзі, әйелі
және сақманшылардың біреуі: екінші сақманшы қой соңында жүр.
Бәрінен де қиыны-қораның ішін көңнен тазалау мен итмұрын
шабу болды. Итмұрыны түскір киіз болып біткен екен, тікенегі қалың-
ақ. Танабайдың етігінен тамтық қалмады, солдат шинелінің дал-далын
шығарды. Кетпенмен шауып алған итмұрынды арқанмен буып-буып,
сүйреп тасиды, о құрығырды атқа арта алмайсың, не өзің көтере
алмайсың – қып-қызыл тікен. Жердің аты – Бесағаш, бірақ бес томар
да табылмайды. Танабай: атасына нәлет, деп жүр. Тырмысып, жер
тырналап жүріп әлгі ит тікенекті қораға әрең сүйреп жеткізеді. Танабай
әйелдерді аяды, бірақ қайтсін лаж жоқ. Әбігер жұмыс. Шайқақтап
жүрер уақыт жоқ, жауын жауып кетпес пе екен деп аспанға қарай
береді. Қар жауып жөнелсе, мына істегеніңнің бәрі ірің болып, зая
кетеді. Танабай қойлар туып қалмады ма екен деп үлкен қызын отарға
қайта-қайта жүгіртеді.
Әсіресе, көңді айтсаңшы. Жарты жылда да шығарып болмастай,
үйіліп қалыпты. Егер қораның төбесі бүтін болып, көң құрғақ болса,
оны оюдың өзі бір ғанибет. Тып-тығыз көң қалыпқа құйғандай қат-
қатымен шабылып шыға береді. Оны көмбелеп үйіп, үйіп кептіріп
алады. Қойдың қиынан ойылған көңнің шоғы рахат, алтындай тап-
таза. қыстағы суықта шопанның жылынары осы көң. Ал, енді мына
сияқты қар мен жаңбыр астында қалса, ол қиды ойып шығарудан
қиямет жұмыс жоқ. Тозақы тірлік. Бірақ, уақыт күтпейді. Түтін
сасыған фонарьларды сығырайтып қойып, Танабайлар осы сұп-суық,
қорғасындай ап-ауыр, сатпақ-сатпақ садыра көңді зембілмен түні бойы
тасыды. Тасығалы мінеки екі тәулік.
Қораның сыртына шығарып төккен көңнен тау тұрып қалды, ал
қораның ішіндегі көңнің әлі мұрты да бұзылған жоқ. Әне-міне туғалы
тұрған қозылар үшін тым болмаса қораның бір бұрышын тазалап
үлгермек болып жанталасады. Күніне жиырма-отыз қозыдан алынбақ.
Сонда барлық саулықтар мен қозыларды орналастыруға қауқиған
үлкен қораның өзі тар болады. Ау, сонда мына бір-ақ бұрыш немнің
шікәрасы? Танабай зембілге садыраны салып жатып та, шығарып бара
жатып та, қайтып келе жатып та ойлайтыны бір-ақ нәрсе. «Не болар
екен?» Лайсаң көңді түнімен тасиды, таң атқанша тасиды. Бастары
айналып, жүректері айнып, қолдары қарысты. Ол аз болғандай
фонарьларды жел шалқытып өшіре береді. Тәңірі жарылқағырлар,
әйтеуір сақманшы әйелдер қыңқыл-сыңқыл шығармай Танабай мен
Жайдарға қосылып, тікесінен тік тұрып тірлік етісті.
Күн артынан күн, түн артынан түн өтіп жатты. Бұлар болса қатқан
қиды таси берді, таси берді, қабырғалар мен қора төбесінің аңғал-
саңғалын тығындап, жамап-жасқап жатысты. Бір күні түнде зембіл
көтеріп қорадан шығып бара жатып Танабайдың құлағы ашық қорада
қозының маңыраған даусын шалып қалды. Енесі де мекіреніп,
тұяқтары сыртылдады. «Басталды!» – Танабайдың жүрегі су ете қалды.
– Естідің бе? – деп әйеліне бұрылды.
Екеуі де садыра салған зембілді тастай беріп, фонарьларды ала
салып ашық қораға жүгірді.
Фонарьдың өлімсіреген көмескі жарығы отарды тінткілеп жүр.
Қозы қайда? Әне, ана бұрышта! Жаңа туған құйтақандай қозының
дірілдеген денесіне жабысқан шаранасын енесі жалап тұр екен.
Жайдар қозыны етегіне орап алды. Дер кезінде үлгергендері жақсы
болған, әйтпесе ашық қорада қатып қалар еді. Дәл сол бұрышта тағы
бір қой қоздап қалыпты. Егіз туыпты. Бұларды Танабай етегіне орап
алды. Тағы да төрт-бес саулық ыңқылдап жатыр. Демек, басталғаны.
Таңға жуық бұлар да туады. Сақманшыларды шақырды. Қораның әрең
тазалап үлгерген бұрышына апарып орналастырмақ болып, қоздаған
қойларды ашық қорадан шығара бастады.
Танабай бұрышқа сабан төсеп, енелерінің уызын еміп болған
қозыларды сонда жатқызып, үстіне қап жауып қойды. Күн суық.
Енелерін де осында әкелді. Содан соң ернін тістелеп, ойланып тұрып
қалды. Ойлағаннан не пайда? Әйтеуір үмітсіз шайтан болсын дегеннен
басқа амал қалған жоқ. Күйбең-күйбең жұмыстың ұшы-қиыры
көрінбейді. Тым құрыса сабан мол болсашы, о да жоқ. Ыбрайым алаяқ
оған да желеу табады. Ау, жолсызбен тауға қалай сабан жеткіземін,
деуден тайынбайды.
Әй, не болса – о болсын! Ерітулі сия құйылған түңкені алып келді.
Алғашқы қозының арқасына «2» деп жазды. А л егіз екеуінің арқасына
«3» деп қойды. Енелерін де солай нөмірледі. Әйтпесе, бұл қозыларды
ертең құртша құжынаған кезде ажыратып көр. Әудемжер, басталды
шопан науқаны!
Басталғанда да аяусыз қатты басталды. Майдандағы қорғаныс
шебі сияқты: танкілер қаптап келеді, ал сенің қорғанатын қаруың жоқ.
Танкілер таптап келеді, ал сен окопта қалшиып тұрсың, өйткені
шегінерге жер жоқ. Екінің бірі: яки арпалыспен ғажайыпта тірі қалу,
яки өлім.
Ертеңгілік Танабай отарды өріске шығармас бұрын анадай жердегі
төбешікке көтеріліп, өзінің қорғаныс шебін барлағандай жан-жағына
үнсіз қарап тұрды. Қорғаныс шебі қожырап қалған. Бірақ Танабай
шыдауға тиіс. Шегінерге жер жоқ. Суы тартылып қалған жайдақ
өзектің өкпесін күжір-күжір бөктерлер қысып жатыр. Одан әрі қар
түскен биігірек қырқалар көлбеңдейді. Одан жоғарырақ қар жұқпас
жақпар-жақпар қара жартастар белдеуі қарауытады. Ал, анау мұз
құрсанған қаһарлы құздарда қыс ұялап жатыр. Қой қораға – қол созым
жер. Қыс-екең қимылдап кетсе болғаны, бүркеген алақандай қолмен
сипаласаң да ештеңе таппайсың.
Аспанды сұп-суық сұр бұлт басқан. Жер бауырлап, ызғырык, жел
еседі. Айналада тырп еткен тірі жан жоқ, Таулар, айнала таулар.
Уайымнан жаның жабырқайды. Қирап тұрған қораның ішінен
қозылардың маңыраған даусы естіледі. Отардан тағы да қоздайтын
мезгілі жақындаған он саулықты бөліп алып қалды.
Басқа қойлар қу шөпті тірнектеп тістеп, баяу жылжып барады.
Өрісте де екі шоқып бір қарамасаң болмайды. Кейбір саулыққа қарап
әзір туа қояды-ау – деп ойламайсың. Енді бір қарасаң, бір түбіртектің
тасасына жата қалып қоздай салады: Дер кезінде байқамасаң, дымқыл
жерден қозыны суық шалып қалады, одан соң ол қозыдан үміт-қайыр
жоқ.
Әйтпесе Танабай әлгі төбе үстінде тұрыңқырап қалған екен.
Қолын бір сілтеді де, төмен түсіп, қораға беттеді. Жұмыс дегенің
басыңдағы шашыңнан көп, аз да болса ақырындап қимылдай берген
артық.
Кейінірек Ыбрайым келді, ұн алып келіпті, арсыз неме... Е, мен
сендерге хан сарайын қайдан тауып беремін? – дейді. Колхоздың бір
қорасы осы. Басқасы жоқ. Коммунизмге әзір жете қойған жоқпыз, –
дейді.
Танабай оған жұдырығын тіреп бір салайын деп, әрең шыдап тұр.
– Сенің келемежіңнің керегі не? Мен саған жағдайды айтып
тұрмын, тірлікті ойлап тұрмын. Жауап беретін менмін.
– Сіздіңше, мен ойламаймын ба жағдайды? Сіз небары бір отарға
ғана жауап бересіз, ал мен бәрі үшін, сіз үшін де, басқалар үшін де,
барлық мал шаруашылығына жауап беремін. Мен ойнап жүр ғой деп
ойлайсыз ба? – Кенет Танабайды таң қалдырып әлгі алаяқ алақанымен
бетін басып тұрып жылап жібергені! Жылап тұрып міңгірлейді: – Мен
сотқа кетемін! Сотқа! Бір жерден бір бұрау таппайсыз. Жалынып-
жалпайсаң да ешкім сақманшы боп барғысы келмейді. Ал, өлтіріңдер
мені, талап жеңдер, кәне! Менің еш лажым жоқ. Менен ештеңе де
күтпеңдер. Әй, сорлы басым, бұл жұмысқа неге бардым, неге бардым...
Сөйтті де тайып отырды. Аңқау Танабай байғұс тағы да
ыңғайсызданып қала берді. Қайтып Ыбрайым төбесін көрсеткен жоқ.
Әзірше жүз қаралы саулық қоздады. Алқаптың бас жағын ала
қоныстанған Эшим мен Бектайдың отарларында әзір төл алу басталған
жоқ. Бірақ бір сұмдықтың таяп келе жатқанын Танабайдың іші сезеді.
Сақманшы боп жүрген бір кемпірді қоспағанда, үш ересек адам және
Танабайдың алты жасар үлкен қызы бәрі жабылып жатып, аяқтарынан
тік тұрып, сансырап жүріп, жаңа туған қозыны шаранасынан аршып
алып, іріктеп, енесінің бауырына салып, әйтеуір қолға іліккен
нәрсемен жылылап жауып, қи шығарып, төсеніштік қурай тасып, әрең-
әрең үлгіреді. Ашыққан қозылардың ащы дауысы әлден-ақ құлақты
жей бастады. Сүтке жарымайды. Енелері көтерем, беретін жем жоқ.
Алдыда әлі әлдеқандай заман бар?
Күндіз-түні зыр жүгірген шопанға бір тыным жоқ. Төл алудың
тауқыметін тартып, мұрындарынан қан кетіп жатқан сарлау науқан.
Кеше күннің қорқытқанын айтсаңшы! Кенет күн суып,
қорғасындай ауыр бұлт қаптап, қап-қатты қиыршық қар саулап берсін.
Дүниені мұнар басып, түнек түсті...
Бірақ артынша бұлт ыдырап, күн жыли бастады. Ауадан сыздауыт
көктем иісі сезіледі. «Е, құдай, көктем шықса екен. Біржолата шықса
екен, бір мүйіз, бір киіз боп ауытқығаннан өткен азап жоқ қой», – деп
ойлады Танабай айырмен қойдың жалқық шуын іліп алып сыртқа
шығарып
бара
жатып.
Сөйткен көктем келуін келді, бірақ Танабай күткендей болмай
шықты. Қапелімде бір түннің ішінде жаңбырлатып тұмандатып,
қарлатып жетті. Жаңбыр мен қар аралас мұп-мұздай жауын қой қора
мен киіз үйге қотанға айнала төңіректің бәріне төгіп берді. қораның
шіріген төбесінен жауын өтіп кетті, қабырғадан сорғалап су ақты,
қашардың іші көк су басып, қой қозы аяғынан тік тұрып, суық қысып
қалшылдап барады. Су ішінде қозылар үйме-жүйме боп қалды,
тікесінен тік тұрып қоздап қалған саулықтардың жан даусы шыға
маңырайды. Көктем сөйтіп жаңа туған қозыларды суық сумен
ауыздандырды.
Плащ киіп, фонарь ұстаған адамдар әбігерге түсіп, қараң-құраң
жүгіріп жүр. Танабайда жан жоқ. Аяғындағы дәу керзі етіктері батпақ
пен садыраны шалп-шалп кешіп, аласұрып жүрген әлдебір құбыжық
аңдар сияқты. Плащының етегі топшысы сынған құстың қанатындай
далбаң-далбаң етеді. Өзіне де, өзгелерге де қырылдап жанұшыра
айқайлап жүр:
– Тез сүйменді әкел! Күрек! Мына жерге қи төк! Суды бөге!
Қораға лақылдап кіріп жатқан су тасқынын тым болмаса
жылғалап басқа жаққа ағызып жібермекші. Тоң жерді тоқпақтап,
аласұрып атыз қазады.
– Жарық қыл! Мұнда жарық түсір! Неменеге мелшиіп тұрсың!
Түн тұманға ұласты. Қар аралас жаңбыр төпеп берді. Бұл топанды
тоқтатар күш жоқ еді.
Танабай киіз үйге жүгіре кірді. Шырағданды жақты. Мұнда да
тамшы өтпеген жер жоқ. Бірақ қорадағыдай емес. Қыз балалар
ұйықтап жатыр, көрпелері су-су. Танабай оларды көрпе-төсегімен қоса
құшақтай көтеріп алып, үйдің бір түкпіріне жатқызды. Ойы қозыларға
орынды молырақ босатпақ. Су өтпесін деп балаларының үстіне
көрпенің сыртынан текемет жауып тастады. Далаға атып шығып
әйелдерге.
– Қозыларды үйге әкел! – деп айқай салды. Өзі де солай жүгірді.
Бірақ, киіз үйге қанша қозы сияды? Жарым-жартысы ғана. А л
қалғанын қайда қояды? Апырай, амалдайтын ештеңе де жоқ-ау...
Таң да атты. Аспанның түбі түсіп кеткен бе, жауын сірә толастар
емес. Сәл саябырлап барып, қайтадан кейде жаңбыр, кейде қар, кейде
жаңбыр,
кейде
қар
алма-кезек
жауады
да
тұрады.
Киіз үй толы қозы, ине шаншар жер жоқ. Жағы сембей қақсайды.
Сасық иістен дем ала алмайсың. Жүктің бәрін бір жерге үйіп, үстін
брезентпен бастырды да, өздері сақманшылардың палаткасына барып
паналады. Балалар тоңып, жылайды.
Шопанның нәубат күндері еді бұл. Басына түскен ауыртпалықты
қарғап сілейді. Дүние-әлемге лағынет айтады. Ұйқы бетін көрмейді,
оразасын ашпайды, үсті-басы малмандай саулықтар мен арам қатқан
қозылардың арасында аласұрып жанталасады. Көрден де суық қорада
қой қырылып жатыр. Ажал деген анталап келсе – кедергі жоқ: шірік
төбеден немесе, әйнексіз терезеден түсе ме, үңірейген есіктен кіре ме,
еркі біледі. Анталап келіп жаңа туған қозылар мен көтерем қойларды
қырып салады-ай келіп. Шопан сорлы қақайып қалған өліктерді
сүйреп шығарып, қораның сыртына үйе береді, үйе береді...
Ал далада, ашық қотанда, қар мен жаңбырдың астында буаз
саулықтар тұр. Бүгін-ертең қоздайтын қойлар. Жаңбыр сабалап,
жақтары қарысып барады. Малмандай малшынған жүні уыс-уыс
болып жидіп түсіп жатыр, түсіп жатыр...
Қойлар енді өріске қарай аяқ баспайды. Осы құдайдың қу мүйіз
суығында жайылымнан не жейді? Басына қап жамылып алған
сақманшы кемпір қойларды өріске карай таяқтап айдайды, малы
түскір қорада жұмақ күтіп тұрғандай, кейін қарай қашады. Кемпір
байғұс шыдай алмай жылап жүріп, әлгілерді әрең жинап алып, тағы да
өріске айдайды, қойы бар болғыр, кері қашады. Аласұрып айқайлап
Танабай жүгіріп шығады. Мына мақұлықтарды таяқтың астына
алайын десе бәрі буаз. Басқа әйелдерді көмекке шақырады. Бәрі
жабылып жатып қойларды жайылымға әрең айдап шығарады.
Осы бір апат басталғалы бері Танабай уақыт есебінен, көз алдында
қырылып жатқан төлдің есебінен жаңылып қалды. Күйдіргенде, егіз
көп болар ма, тіпті үшеуден туып жатқан саулықтар да бар. Қып-
қызыл байлық қолдан сусып кетіп жатыр. Есіл еңбек еш кетті. Жаңа
туған қозылар сол күні-ақ садыра сатпақтың үстінде қақайып қалып
жатты. Ал, тірі қалғандары жөтеліп, қырылдап, іші өтіп, бірін бірі
былғап, тышқақ болды. Қозысынан айырылған саулықтар зар қағып
маңырап, бірін-бірі кимелеп, толғатып жатқан қойларды таптап
аласұрады. Осының бәрі жаратылысқа жат, зұлым-зұлмат бір сұмдық
сияқты. Әттең, Танабай бұл төл науқанының сәл кешірек келгенін
тілеп-ақ еді, амал жоқ!..
Бірақ мына саулықтар бір бірімен уәделесіп қойғандай-ақ бірінен
соң бірі, бірінен соң бірі қоздап берді-ай дейсің!..
Содан да Танабайдың қаны қарайып, көкірегінде бір сұмдық ыза
беріш боп қатып қалды. Сол запыран ыза өрши түсіп, дүниенің бәрін,
мына қырғынды да, шіріген қораны да, қырылған қойды, өзін де,
өзінің өмірін де иттің етінен де жек көріп кетті. Қайранда қалған
балықтай бұлқынып, күндіз-түні жұлқынып істеген жұмысы да бұған
қазір жиіркенішті. Көзінің алды тұтас толған жиіркеніш.
Дені дұрыс емес кісідей қалшиып қала береді. Түрлі-түрлі жаман
ойдан есі ауытқығандай болады, құрысыншы, ойламайын десе де
болмайды, жаман ой жанынан қалмайды, басынан шықпайды. «Бұның
бәрі кімге керек? Не үшін керек? Сақтай алмасақ, қой өсіріп неміз бар?
Бұған кім кінәлі? Кім? Айтсаңшы, кім? Сен, сен сияқты даурықпа
мылжыңбайлар. О, біз бәрін көтереміз, қуып жетіп, басып озамыз, сөз
береміз! Сайраймыз-ай келіп. Ал, көтер енді арам қатқан қозыларды,
шығар далаға. Сүйрет анау лайда серейіп өліп жатқан саулықты.
Көрсет, кәне, өзіңнің кім екеніңді...»
Әсіресе түн ішінде лай мен садыраны тізеден кешіп жүріп Танабай
небір запыран, залым ойлардан буынып кете жаздайды. Ай, төл
науқанының ұйқысыз өткен түндері-ай! Аяғыңның асты аласапыран
садыра, үстіңнен құдайдың күні төгіп тұр. Қораның ішінде жел уілдеп,
фонарыңның отын өшіре береді. Танабай қараңғыда жан-жағын соқыр
адамша қолымен сипалап, сүрініп-қабынып, жаңа туған қозыларды
мыжып кетпейін деп еңбектеп жүріп фонарьды әрең тауып алады.
Білтесін тұтатады, сонда өзінің қағанақтың қаны мен садыраға
былғанған, қарайып, домбығып кеткен қолдарына көзі түседі.
Көптен бері айнаға қарамап еді. Осы соңғы күндердің ішінде-ақ
шашы ағарып, қаусап қартайып, қалғанын да білген жоқ. Бұдан былай
оны жұрт шал дейтінін де әзір сезбейді. Оны біліп, сезіп жататын кез
емес еді қазір. Тамақ ішуге, жуынып-шайынуға мұрша жоқ. Өзіне де,
өзгелерге де бір минут тыныштық бермейді-ау, бермейді. Опаттың
ойранға айналып бара жатқанын сезген Танабай сақманшы әйелдердің
жастауын
атқа
отырғызды
да:
– Шораға шап. Тез жетсін де. Айтқын, егер де келмейді екен, енді
қайтып менің көзіме көрінбесін! – деді.
Сақманшы әйел суықтан ерні-басы көгеріп, үсті малмандай боп,
кешке әрең оралып, аттан сүйретіліп сұлап түсті.
– Шора ауырып жатыр, Танеке. Төсекте жатыр. Енді екі-үш күннен
кейін өлсем де жетемін деді.
– Жатқаныңнан тұрмағыр! – деді Танабай тістеніп.
Жайдар «тек» деп тастамақшы еді, бірақ күйеуінің түрін көріп,
қоя қойды.
Үшінші күн дегенде ғана ауа райы ашыла бастады. Бұлт жалқау
жылжып, тұман тауға қарай түрілді. Жел тынған. Не керек, істерін
істеп кетті. Осы бір сұрапыл күндер ішінде буаз қойлар адам көргісіз
боп арықтап, қу сүйегі ғана қалды. Аяқтары шидей, іштері салбырап
қалған қу сүйек. Соны да саулық дейді-ау! Төлдеген саулықтар мен
жас қозылардың тірі қалғандарының қаншасы көкке ілінерін құдай
білсін әлі? Ерте ме, кеш пе, көтеремнен бәрібір көтеріле алмас. Тірі
қалғанның өзінде де не қырқып жүні жоқ, не сойып еті жоқ қыршаңқы
болады...
Күн ашыла беріп еді, тағы бір кесапат кез келе кетті, – мұздақ қата
бастады. Көктайғақтан көрерсің әлі көресіні. Әйтеуір, түске таман, жер
жібіді. Танабай: үмітсіз шайтан болсын, деп қуанып қалды. Тағы да
күрекке, айырға жармасып, зембіл көтерді. Титтей де болса қораға жол
салмаса, лайсаңнан бір басып болмайды. Бұған да уақыт жетпейді.
Жетім қалған қозыларды қозысы өлген саулықтарға теліп, жанын
сақтамаса тағы болмайды. Саулығы түскірлер жетім қозыларды
жатырқап бауырына алмай әлек қылады. Қошақан байғұстар
түртінектеп, сүт тілейді. Мұп-мұздай ауызымен адамдардың саусағына
жармасып, сорып ала жөнеледі. Итеріп тастасаң, плащтың қасаң етегін
жалмай бастайды. Қу тамақ. Еңірегенде етегі толып, зар қаққан жетім
баладай соңынан қалмай шұбырады. Мейлің жыла, мейлің құла, енді
етер амал жоқ. Мына бишара әйелдер мен бесіктен белі шықпаған қыз
баланы қашанғы қинай беруге болады? Құлайын деп әрең жүр. Қанша
күн болды – үстерінен су шекпен түспейді. Танабай оларға тіс жарып,
ләм демейді. Тек бір рет өзін өзі ұстай алмай қалды. Сақманшы кемпір
бір жолы қойларды қораға талтүсте айдап қайтып келіпті, Танабайға
қолғабыс етсем десе керек. Танабай қойларды көрейін деп далаға
жүгіріп шыққан. Шыға келген беті, қаны басына лық ете қалды:
қойлар бірінің жүнін бірі жалмап тұр. Демек, отарға аран ауруының
қаһары төнді деген сөз. Танабай сақманшыға дүрсе қоя бергені:
– Мұның не, қақбас! Көрмей тұрсың ба? Heгe үндемейсің? Жоғал
көзімнен! Айда отарды. Тоқтатпа қойларды. Жүнін жегізбе. Жайылып
жүрсін. Бір минут те тоқтамасын. Әйтпесе өлтіремін!
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен. Бір саулық егіз қозысына
емшек бермей шатқаяқтап шыға келсін. Қозыларын сүзіп, жанына
жолатпай, аяғымен тепкілейді. Қошақандары болса емшегіне
ұмтылып, сүрініп-жығылып, маңырап, зар қақсайды. Мұндай сұмдық
өзге өлсе де өзім тірі қалсам деген соқыр сезімнің күші, аштықтағы
табиғаттың қатыбас заңы. Бұл да бір індет іспеттес сұмдық-ты. Бір қой
бастап берсе болды, соны көріп басқалары да жери бастайды. Танабай
жаман састы. Қызы екеуі екеулеп әлгі аштықтан араны ашылған қойды
қозыларымен қоса, қорадан әрең сүйреп шығарып, қотанға кіргізді.
Екеулеп, зорлап тұрып енесіне қозыларын алдырмақ болды. Әуелі
қойды Танабай мойнынан өзі басып ұстап тұрды да, қызы қозыларды
енесінің бауырына салды. Бірақ әлгі топалаң тигір тыныш тұрмай,
тыпырлап, шатқаяқтап, кәне, көнсеші. Қыз қозыларды қойдың
бауырына сала алмай-ақ қойды.
– Әке-ау, олар еме алмайды.
– Емеді, тек сенің қолыңның ебі жоқ.
– Міне, көрсеңші, тұра алмай құлап жатыр, – деп жыларман
болады қыз.
– Кәне, қойды ұста, мен өзім емізейін!
Құдай-ау, қызда не қауқар бар дейсің. Танабай қозыларды
енесінің бауырына енді апарып, қозылар енді еме бастағаны да сол еді,
әлгі топалаң келгір жұлқынып кеп қалды да, қызды құлата-мұлата
қаша жөнелді. Танабай тарс жарылды. Қызды жақтан шапалақпен
салып қалды. Ешқашан баланы шекесінен шертпеуші еді, бұ жолы
күйіп кетті. Қыз мұрнын тартып үнсіз жылады. Танабай тентіреп
кеткісі келді. Бәрін де талақ қылғандай тастай жөнелді.
Қайда барады, жүріп-жүріп қайтып келді. Қызынан қайтіп
кешірім сұрарын білмей тұр еді, қызы жүгіріп келіп:
– Әке, қой қозыларын алды. Апам екеуміз алдырдық. Енді
қуаламайды қозыларын, – деді.
– Жақсы болған екен, қызым. Бәрекелді.
Бірден жаны жадырап сала берді. Көрген қорлығы соншалықты
құқай да емес сияқтанды. Қалған тұяқтарды әлі де болса аман сақтап
шығар. Күн райы да оңалып келеді! Кенет көктем шындап шығып
кетер, шопанның басынан сөйтіп қара бұлт арылар да? Сөйтіп,
Танабай жұмысқа тағы да жегіледі. Қимылда, істе жұмысты, істе,
сонда ғана жаның қалады...
Атқа мініп есепші бала келді. Қойшыларды да іздейтін жан бар
екен-ау. Шығын жоқ па, бар ма деп сұрайды. Танабай ә дегенде оны
әке-шешеден жіберіп, қуып шықпақшы еді, бірақ бұдан не сұрайсың.
Мұның қолында не тұр.
– Бұрынырақ қайда қалдың?
– Қайда қалушы ем? Отарларды аралап жүрмін. Жалғыз өзім
үлгірмеймін.
– Басқалардың халі қалай екен?
– Мәз емес. Өткен үш күннің ішінде көбі қырып алды.
– Шопандар не дейді?
– Не деуші еді. Лағынаттайды. Біреулері тіпті сөйлеспейді де.
Анау Бектай деген мені қуып жіберді. Дүлейленіп алған, жанына
жолай алмайсың.
– Иә-ә. Оған жүгіріп бара қоятын менің де сіңбіруге мұршам
болған жоқ. Қолым қалт етсе, барып қайтармын. Ал сен неғып жүрсің?
– Неғып жүруші ем? Санақ алып жүрмін.
– Ал, бізге жәрдем деген бола ма?
– Болады. Шора жұмысқа шыққан көрінеді. Атқорадағы шөп,
сабанның бәрін сыпырып-сыпырып, арбаларды отарларға жөнелтіпті.
Өлсе – аттар өлсін, қой қырылмасын деп. Бірақ әлгі арбалар орта
жолда титыңтап жатқан көрінеді, жолдың қандай екенін өзіңіз білесіз
ғой.
– Жол дейді! Бұрынырақ не ойлаған? Өмір бойы осы. Енді ол
жіберген шөптен де күдер үзе бер. Қап, бәлем, бір жетермін сендерге!
– деп қаһарланды Танабай. Сұрама менен. Бар өзің көріп, санап, жазып
ал. Маған енді бәрібір! Сөзді шорт үзді де, қораға кіріп кетті. Бүгін
тағы он бес саулық төлдеді.
Танабай қозыларды теріп алып жүр еді, есепші бала келіп, қағазын
тықпалай берді.
– Шығын туралы актіге қол қойыңыз.
Қарамастан қол қоя салды. Қатты тартқаны сонша қарындаш
сынып кетті.
– Көріскенше, Танеке. Айтатын не сәлеміңіз бар?
– Айтарым жоқ. – Дерін деп алды да, есепші баланы тағы
тоқтатты. – Бектайға соға кет. Ертең түске қарай амалдап барып
қалармын деп айтты де.
Танабай текке уайым жеген екен. Бектайға барып әуре болған жоқ.
Бектай өзі келді, келгенде де қалай келді десеңші...
Сол күні түнде тағы да желтең тартып, қырбықтап қар жауды.
Бірақ таңертең жердің беті аппақ болып қалыпты. Түні бойы аяғынан
тік тұрып шыққан қойлардың үсті де аппақ. Қойлар енді жатпайды.
Бір біріне тығылып, ұйлығып, мәңгіріп тұрады да қояды. Ашаршылық
тым ұзаққа созылып барады, көктем қыспен тым ұзақ шайқасты-ау.
Қораның іші азынап тұр. Жаңбыр шайып кеткен ашық төбеден
қылаулап қар түсіп, фонарьдың күңгірт жарығында құйқылжып ұшып
жүріп, қалықтап барып жаурап тұрған қой мен қозының үстіне қонып
жатыр. Танабай болса соғыстан соң өліктерді жинап жүрген жерлеу
командасының солдатына ұсап, қойлардың арасына кіріп алып, өз
міндетін атқарып, тыным табар емес. Ауыр халден, ауыр ойдан
алдақашан еті өліп кеткен, бойын кернеген ашу-ыза, үнсіз дүлей кекке
айналған. Сол дүлей бауырға біткен беріштей жібімей қатып қалған.
Етігімен салпылдатып садыра кешіп, жұмысын істей жүріп ара-тұра
осы бір түн ішінде сонау бір өткен өмірін де есіне алды...
Бір заманда ол қой соңында жүгірген бала еді. Бір бай
жамағайынның қойын Құлыбай ағасы екеуі бағатын. Арада жыл өткен
соң қараса, тапқан табыстары ішкен-жегеніне артылмапты. Бай алдап
соғыпты. Ағайынды екеуі арыз айтып көріп еді, тыңдаған да жоқ.
Сонымен екі байғұс көн шоқайлары шұрқ тесік, арқаларында бос
дорба, екі қолын мұрындарына тығып кете барсын. Кетерде Танабай
байға дегенмен тісін ақситты: «Бәлем, өскен соң көрсетермін» деген.
Ал, Құлыбай ләм деген жоқ. Ол Танабайдан бес жас үлкен еді. Байды
қорқыта алмайтынын біледі. Онан да өзің қарманып, әрекеттеніп,
әлденіп, мал жиып, жерге ие болған көп артық деп ойлады. «Бай
болсам, малшының ақысын жемеспін», – деп қойды ішінен Құлыбай.
Сөйтіп ағайынды екеуі сол жылы екі жаққа кетсін. Құлыбай басқа бір
байға жалданды да, Танабай Александровкадағы Ефремов дейтін
орысқа батырақ болды. Бұл мұжық бай дейтін бай да емес, екі өгізі, екі
аты, егіндік жері бар орта шаруа еді. Бидай егетін. Бидайды Әулие-Ата
қаласына апарып диірменге ұн ғып тарттырып алатын. Әлгі Ефремов
таң атып, қас қарайғанша тыным таппай жұмыс істейді. Танабай болса
көбінесе оның өгіздері мен аттарын бағады. Ефремов қатал еді, бірақ
әділ болатын. Кісі ақысын жемейтін. Ол кездегі қырғыз кедейлері, бай
туыстарынан турашылдық таппай, үнемі ақысын жегізе берген соң,
орыс байларына жалдануды артық көретін.
Танабай орысша сөйлеуді үйренді, арбакеш болып Әулие-Ата
қаласына қатынап тұрды, ананы-мынаны көріп, көзі ашылып қалды.
Артынша
революция
да
келіп
жетті.
Төңкеріс
басталды.
Танабайлардың заманы туды.
Танабай айылға қайтып оралды. Өзгеше өмір басталды. Басты
айналдырып ағымына салып ала жөнелді. Бірден жарылқап жер де,
еркіндік те, шындық та тиді. Танабай батырақтар комитетіне
сайланды. Сол жылдары Шорамен жолы тоқайласқан. Шора сауатты
еді, жастардың сауатын ашып, хат танытты. Сауат ашу Танабайға өте-
мөте керек еді, қанша дегенмен батырақкомның мүшесі ғой. Комсомол
ұясына кірді. Мұнда да Шорамен бір болды. Партияға да екеуі бірге
өтті. Заман өз сарынымен алға басты, кедейлердің еңсесі көтеріле
берді. Ал, коллективтендіру кезеңі басталғанда бұл іске Танабай білек
сыбана кірісті. Шаруаның жаңа өмірі үшін, жер, мал, еңбек, арман –
бәрі де ортақ болу үшін Танабай күреспей кім күреседі. Кулактардың
көзі жойылсын! Үрдіс, қаурыт кезең алды-артына қаратпады. Күндіз ат
үстінде, түнде – мәжіліс, яки жиналыс. Байлар, молдалар, басқа да
қанаушылар арам шөптей түп тамырымен жұлынып жатты. Жаңа көк
қаулап көтерілуі үшін, арам шөптің бәрін аластау керек еді.
Кулактардың тізіміне Құлыбай да ілініп кеткен екен. Танабай күндіз-
түні аттан түспей, мәжілістер мен жиналыстарда тыным таппай жүрген
кезде, ағасы ауқаттанып та үлгеріпті. Бір жесір әйелге үйленіпті, дөп-
дөңгелек шаруашылық құрап алыпты. Қойлары, сиыры, екі аты
құлынды биесі, соқа-тырмасы, тағы сол сияқты құрал-сайманы бар
екен. Егін орағына кісі жалдайтын болыпты. Оны бай деп айту артық
болар еді, бірақ кедей деуге тағы келмейді. Аянбай жұмыс істеп,
ауқатты
тұрады
екен.
Сельсоветтің мәжілісінде кезек Құлыбайға келгенде Шора:
– Жолдастар, ойланайық, – деген Құлыбайды кулак қатарына
жатқызамыз ба, жоқ па. Құлыбай сияқтылар колхозға керек те болар
еді.
Ол кедейден шыққан ғой. Зиянкес үгіт ісімен шұғылданған емес.
Әр түрлі пікірлер айтылды. Біреу жақтайды, біреу қарсы. Сөз
Танабайға тірелді. Ол қоразша қоқиланып отырған. Шешесі басқа
болғанымен, әкесі бір. Аға ғой. Ағаға қарсы шабу керек болды. Бұл
уақытқа дейін анда-санда көріскені болмаса, араздасқан да емес.
Әркім өз тіршілігімен болған. Құлыбайға тимеңдер дейін десе,
басқалардың да жанашыр туысқаны табылады. Өздерің шешіңдер
дейін десе, бой тасалап отырсың деп тағы айып тағады.
Жұрт Танабайдың аузын бағып отыр. Жұрт оның аузын бағып
отырғандықтан да ол ашына түсті.
– Сен, Шора, ылғи солқылдайсың да отырасың! – деп салды ол
орнынан тұрып. – Газетте әлгібір кітаби жандар туралы, әлгібір қандай
еді, энтеллегенттер туралы жазып жатады. Сен де энтеллегентсің. Сен
ұдайы шүбәланып, не болар екен деп қорқақтайсың да отырасың.
Шүбәланатын не бар? Тізімде бар ма – бар, демек – кулак! Ендеше аяу
болмасын! Совет өкіметі үшін туған әкем болса да аямаймын. Менің
ағам екен деп аямай-ақ қойыңдар. Сендер батпасаңдар, мен өзім-ақ
оның мал-мүлкін сыпырып алып, ортаға саламын.
Ертесіне оған Құлыбай келді. Танабай ағасын ызғарлана қарсы
алып, қолын да берген жоқ.
– Менің не үшін кулакқа жатқызасың? Ау, екеуміз бірге батырақ
болып жүрмеп пе едік? Есіңнен шықты ма, бай екеумізді де қуып
жібермеп пе еді?
– Ол өтіп кеткен әңгіме. Сен өзің байсың енді.
– Ay, мен қайдағы бай? Өз еңбегім, табан ақыммен тапқан малым
ғой. Көпсінсең, оны да ал. Бәрін алыңдар. Тек мені кулак қатарына
қосып нелерің бар? Құдайдан қорықсаңшы, Танабай.
– Жоқ, бәрібір. Сен жау тапсың. Колхоз құру үшін алдымен сені
құртуымыз керек. Сен біздің жолымызда кесе көлденең тұрсың,
сондықтан сені жолдан алып тастауымыз керек...
Бұл олардың соңғы сөзі еді. Содан бәрі өткен жиырма жылдың
ішінде бір-біріне ләм деп тіл қатысып көрген емес. Құлыбайды Сібірге
айдап жібергенде айылда қанша гу-гу әңгіме болды десеңізші!
Әркім әр түрлі саққа жүгіртіп жүрді. Екі салт атты милиционер
Құлыбайды айылдан айдап алып бара жатқанда, ол басы салбыраған
күйі, жан-жағына мойын бұрмастан, ешкіммен де қоштаспай кетіпті
деген қауесет те шықты. Айылдан едәуір ұзаған соң, олар егістікті
бойлай кетіп жатқан жолға түскен екен, Құлыбай кенет колхоздың
жайқалып тұрған күздік бидайына қойып кетіпті-міс, сонан қақпанға
түскен қасқырдай өз-өзіне аласұрып, көкпеңбек бидай сабақтарын
тамырымен қопарып, жұлып, таптап, езгілепті-міс. Айдап бара
жатқандар әрең бағындырып, әзер дегенде әрі қарай бет түзепті.
Жұрттың айтуына қарағанда, айдалып бара жатқан Құлыбай сонда
еңірегенде етегі жасқа толып, Танабайды оңдырмастай қарғаған
құсайды.
Танабай бұған онша сене қойған жоқ. «Дұшпанның өсегі... мені
сөйтіп бір табалағысы келеді ғой. Мейлі, іші күйгендер тұз жаласын,
менің бірдеңем қисаяр!» деп бекіне түсті.
Бір күні, орақ науқанының қарсаңында ол егістікті аралап, біраз
тамашалаған-ды, со жылы астық айтарлықтай-ақ бітік шыққан еді:
масақ дегенің бірінен бірі өтіп, қауызына симай тырсылдап тұрған-ды.
Соны көріп келе жатып, Танабай кенет... баяғыда ашынған
Құлыбайдың өз-өзінен өршелене аласұрып, бидай сабақтарын
тамырымен жұлып, таптап, езгілеп кеткен жеріне тап болды. Төңірек
тұтасқан бітік егін, тек сол бір жер ғана сүзіскен бұқалардың аяғының
астында қалғандай жапырылып, езіліп, тапталып, қурап, бидай орнына
бидайық шығып, ойран-асыр боп қалыпты. Мұны көргенде Танабай ат
басын кілт тежеді.
– Ә, сұрқия-ай! – деді ашу қысқандықтан тістене күбірлеп. –
Колхоз егініне қол тигізуге дәтінің барғанын... Демек, сен нағыз кулак
екенсің ғой. Одан басқа кімсің енді...
Сол жерге ол аттан түспестен, үн-түнсіз, сазарған күйі, жанарына
қою мұң ұялап ұзақ тұрды да, шорт бұрылып, артына қайрылмастан
тартып кетті. Сонан астық орылып, егістік орны мал тұяғымен
тапталып тегістеліп кеткенше, ол әлгі бір қырсық шалған жерді
көруден қашқақтап жүрді; орайы келсе, айналып өтуші еді.
Сонда Танабайды жақтаған адам аз еді. Көбі кінәлады: «Құдай
мұндай ініден сақта. Мұндай туысқанның барынан жоғы!» – десті. Баз
біреулер мұны Танабайдың көзіне шұқып тұрып айтты да. Иә, анығын
айтқанда, сол кезде жұрт одан безіңкіреп қалды. Ашықтан-ашық
болмаса да, оны басшылыққа сайлаудан бас тарта бастады. Сөйтіп,
бірте-бірте Танабай белсенділіктен шеттеп шыға берді. Ол сонда да
өзінің әрекетін жөн санады: кулактар колхоз мүлкін өртеп, кісі өлтіріп
жатты, ең бастысы колхоздың ісі оңала бастады, жылдан-жылға
көтеріле берді. Өмір мүлде өзгерді. Жоқ, әлбетте, Танабайдың
кезіндегі қаталдығы зая кеткен жоқ.
Танабай сол өткен күндерді бүге-шігесіне дейін есіне алды. Колхоз
жаңадан күш алып келе жатқан сол бір таңғажайып дәуренде
Танабайдың бүкіл өмірі қалып қойған сияқты көрінеді. Ол тағы да сол
дәуреннің «қызыл орамалды екпінді қыз» туралы өлеңін есіне алды,
колхоздың тұңғыш машинасын, сол машина үстінде өзі қолына қызыл
жалау ұстап тұрғанын көз алдына елестетті.
Танабай түн баласы қора ішінде түртінектеп, жұмысын атқара
жүріп, азабы ащы ойлардан арыла алмады. Оу, сөйткен колхоз қазір
неге кирелеңдеп қалды? Әлде қателесіп, басқа жолға, бұрыс жолға
түсіп кеттік пе? Жоқ, олай болуға тиісті емес, мүмкін емес! Жол –
дұрыс жол. Оу, онда не болды? Адасып қалдық па? Жолдан шығып
кеттік пе? Бұл өзі қай уақытта, қалайша басталды? Жарысты алыңыз.
Міндеттемеңді жазып алады. Сонымен аллауахкпар, халің қалай не
болып, не қойып жатыр, деп жан баласы сұрамайды-ау. Бұрын ғой
қызыл тақта, қара тақта деген болар еді. Күнде жұрт қызылкеңірдек
болып, қызыл тақтаға кімді жазу керек, қара тақтаға кімді жазу керек
деп айтысар еді-ай келіп. Ал, мұның өзі жұртқа қатты әсер ететін. Енді
ғой мұның бәрі өткен, ескірген тәсіл деседі. Ау, сонда жаңасы қайсы?
Желбуаз сөздер мен құрғақ уәделер. Іс жүзінде түк те жоқ. Неге бұлай?
Осының бәріне кім кінәлі, кімді айыптарсың?
Танабай ойлай-ойлай, ой түбіне жете алмай шаршады. Енді бір
енжарлық, сансыраған самарқаулық бойын билеп барады. Жұмысы
өнбейді. Басы мең-зең. Ұйқысы келеді. Жас сақманшы әйелдің
қабырғаға сүйеніп тұрғанын көрді. Әлгі әйелдің қызарып кеткен
көздерінің қайта-қайта жұмыла бергенін, оның ұйқымен қалай
арпалысқаны ақырында тізесі бүгіліп жылжып барып, бүк түсіп
отырып қалып, ұйықтап кеткенін көрді. Оны оятқан жоқ. Өзі де
қабырғаға сүйеніп тұрып, тізелері баяу бүгіліп, ақырын шөгіп бара
жатты. Иығынан зіл қаратас болып басып алған ұйқыға істер еш амалы
қалмап еді...
Біреудің тұншыға айқайлаған даусы мен әлдененің гүрс еткен
дыбысынан оянып кетті. Үріккен қойлар топырлап Танабайдың аяғын
таптап барады. Не болып қалғанын біле алмай орнынан атып тұрды.
Ұйқылы-ояу қалпында түкке түсінсе бұйырмасын.
– Танабай, Танабай, құтқар, – деген даусы шықты Жайдардың.
Сақманшылар оған жүгіріп жеткенше, соңдарынан Танабай да
келді. Қараса, әйелін төбеден құлаған бел ағаш басып қалыпты. Бел
ағаштың бір басы мүжілген дуалдан тайып кетіпті де, шіріген төбенің
салмағымен құлап түсіпті. Ұйқысы табанда ашылды.
– Жайдар! – деп даусы қатты шығып кетті. Жалмажан бел
ағаштың астына иығын тығып жіберіп, жұлқа көтерді.
Жайдар сүйретіліп шықты, тек ыңңылдай береді. Әйелдер
ойбайлап, Жайдардың үсті-басын сипалап көpiп жатыр. Танабай
оларды кимелеп келіп, қорыққаннан есі кетіп, қолы қалшылдап
әйелінің күпәйкесін ішінен тінткілеп қарай бастады:
– Не боп қалды? Не?
– Ой, белім! Белім!
– Қатты тиді ме? Кәне! – Танабай дереу плащын шешіп жерге
төсеп, Жайдарды үстіне салды да, үшеулеп көтеріп, қорадан алып
шықты.
Палаткаға барған соң тағы сипалап қарады. Сырттан қарағанда
үлкен жарақат жоқ сияқты. Бірақ қатты соққан. Қозғала алмайды.
Жайдар жылап жіберді.
– Енді кәйтесіңдер? Осындай қиын кезде жатып қалғаным, а? Енді
кәйтесіңдер?
«О, құдай! – деді ішінен Танабай. – Тірі қалғанына қуансашы.
Мұны қара! Құрысын жұмысы құрығыр, қурап қалсын! О, байғұсым,
сен тірі қалсаң, болды...»
Ол Жайдарды басынан сипады.
– О не дегенің, Жайдар, жылама! Сен тұрып кетсең болғаны.
Қалған тіршілікті қойшы сол, өлмеспіз...
Енді-енді естерін жиып, бәрі жабылып Жайдарды жұбата бастады.
Жақсы сөз – жарым ырыс, содан да Жайдардың жаны жай тапқандай
болды.
Көзінен
жасы
ағып
жатып
күлімсіреді.
– Мейлі, ғой. Тек маған ренжи көрмеңдер, осылай болды. Көп
жатпаспын. Бір-екі күннен кейін тұрып кетермін, көрерсіңдер.
Әйелдер оған төсек салып, от жақты. Танабай болса бір
жаманшылықтан аман қалғанына әлі сенер-сенбес, қайтадан қораға
беттеді.
Үлпілдек қар жамылып, аққа бөленіп таң да атты. Танабай
қорадан бел ағаш басып қалған бір қойды тауып алды. Әлгінде
сасқалақтап жүріп байқамапты да. Өліп қалған енесінің емшегін,
қозысы түртінектеп жатыр. Мына көріністен Танабайдың аза бойы
қаза тұрды. Содан соң әйелінің тірі қалғанына бұрынғыдан да қатты
қуанды. Жетім қалған қозыны қолтығына қысты да телитін қой іздей
бастады. Содан соң бел ағаштың астына тіреу қойып, қабырғаны
сырықпен сүйеп тұрып, Жайдар қалай боп жатыр екен, барып
көрейінші деген ой көкейінен кетпеді.
Далаға шыға келгенде, анадайда қардың үстімен қаңғып келе
жатқан бір отар қойды көрді? Әлдекім әлгі отарды бері қарай айдап
келеді. Бұл неғылған отар? Бері қарай айдап келе жатқаны қалай? Ау,
бөтен қойлар араласып кетеді ғой, дені дұрыс па? Неғып адасып
жүрген адам өзі, деп Танабай мына жұмбақ, шопанның алдынан
шықты.
Жақындап келсе, кәдімгі Бектай.
– Әй, Бектай, сенбісің, ей?
Бектай үндемейді. Tic жармастан отарды айдап келеді, қойларды
жонарқадан таяқпен құлаштап ұрып келеді. «Буаз малды сонша
тоқпақтағаны несі!» деп Танабай шыдай алмай тұр.
– Ау, қайдан жүрсің? Қайда барасың? Амансың ба?!
– Қайдан келе жатқанымды сұрама. Қайда келе жатқанымды өзің
көріп тұрсың. – Бектай белін жіппен қысып буып алыпты, қолғабын
плащының омырауына сұғып қойыпты. Танабайға жақындап келді.
Біреуді ұратын адамша таяғын арт жағына ұстап алып, бірнеше адым
таяп келіп тоқтады, сәлемдескен де жоқ. Ызалана бір түкіріп, қарға
түскен түкірігін нығарлай таптап тастады. Басын шұғыл көтеріп алды.
Қарайып кетіпті. Әдемі жүзіне желімдеп жапсырып қойғандай сақал-
мұрт өскен. Сілеусін көздері қабағының астынан ызғар шаша, ызалана
қарайды. Тағы бір түкіріп тастады да таяқты қолы қарыса қысып
тұрып,
қойға
қарай
сілтеп
кеп
қалды.
– Ал, санап алсаң да, санамасаң да өз еркің. Ү ш жүз сексен бес
бас.
– Жол болсын?
– Кетемін.
– Кетемінің қалай? Қайда?
– Бас ауған жаққа.
– Ал, маған неғыл дейсің сонда?
– Неғыл деуші ем. Сен мені қамқорлыққа алғансың.
– Сонда кәйт дейсің? Тоқта, тоқта, сен не деп тұрсың? Қайда
кетпекшісің? Бектайдың пиғылын Танабай енді ғана түсінді. Басына
лық етіп қан теуіп, тынысы тарылды. – Қалайша? – деді ол абыржып.
– Солайша. Жетеді, кеңірдектеп болдым әбден. Зықым шықты
мұндай өмірден.
– Ау, сен, шырағым, не айтып тұрғаныңды түсінесің бе өзің? Ау,
бүгін-ертең мына қойларың қоздайын деп тұр ғой! Сөйтуге де бола ма
екен?
– Болады! Рас, бізге осылай қарауға болады екен, бізге де осылай
істеуге болады. Қош! – Бектай таяқты басынан асыра айналдырып-
айналдырып, бар күшімен аулаққа лақтырып кеп жіберді де кете
барды.
Танабай тілі байланып қалшиды да қалды. Аузына сөз түспеді.
Бектай артына бұрылып та қарамады.
– Оу, ойлан, Бектай! – Танабай соңынан жүгірді. – Балалық істеме.
Ойлашы өзің, дұрыс па осың! Оу, естимісің?
– Мазалама! – Бектай кілт бұрылды. – Ойлансаң, сен ойлан. Мен
жұрт қатарлы өмір сүргім келеді. Басқалардан сорлы емеспін. Мен де
қалада жұмыс істеп, айлық ала аламын. Мен неге мына қой соңында
сорлап өтуге тиіспін? Жем-шөпсіз, қорасыз, баспанасыз. Мазалама!
Бар, жанталасып, садыраға батып кет. Қарашы өзің, кімге ұқсайсың,
өзіңнің де адам кейпің қалмаған. Асықпа, арам қатасың осы жерде. Ол
аз саған. Тағы да жұртқа үндеу тастайсың. Басқаларды да өз қатарыңа
тартқың келеді. Атаңның басы! Жетер енді! – Мұрты бұзылмаған
аппақ қарды аршындай басып жүре берді, ізі ілезде қарайып суға
толып қалып жатты...
– Бектай, тыңдашы мені! – Танабай оны тағы да қуып жетті. – Мен
саған бәрін түсіндіріп берейін.
– Бар, басқа біреуге түсіндір. Ақымақ адамды ізде!
– Тоқта, Бектай. Сөйлеселік.
Бектай тыңдағысы келмей жүре берді.
– Сотқа кетесің, бала!
– Бүйтіп жүргенше, сотқа кеткеннің өзі жақсы! – деп арс етті
Бектай, қайтып артына бұрылмады.
– Қашқынсың сен! Дезертир!
Бектай кете барды.
– Сен сияқтыларды майданда атып тастайды!
Бектай кете барды.
– Тоқта деймін! – Танабай оны қуып жетіп, жеңінен тартып қалды.
Бектай жеңін жұлқып қалып, жүре берді.
– Жоқ, жібермеймін, кетуге правоң жоқ! – Танабай оның иығынан
жұлқып ұстай бергені сол еді, ақ шоқылар аспанға секең ете қалды да,
көзінің алды қарауытып жүре берді. Иектің астынан сарт етіп тиген
жұдырықтан жерге қалай ұшып түскенін өзі де білмей қалды.
Дыңылдаған басын көтеріп алып қараса, Бектай бөктерден асып
көрінбей кеткен екен.
Оның соңынан қарайып жалғыз із ғана тізіліп жатты.
– Құрыды-ау, байғұс бала, құрыды-ау, – деп Танабай екі қолымен
жер тіреп, орнынан ыңырана көтеріл-ді. Алақанына қар аралас батпақ
жұққан.
Тұрып, демін алды. Бектайдың отарын жинап алып, ілбіп басып
қораға қарай айдай берді.
17
Екі салт атты айылдан шығып, тауға қарай бет алды. Біреуі сары
ат, біреуі торы ат мінген. Аттарының құйрықтарын түйіп
тастағандарына қарағанда жол ұзақ көрінеді. Тұяқ тиген жердің
балшығы шашырап, қар аралас батпақ қорқылдап қалып жатыр.
Тізгіні қысқа Гүлсары арындай басып келеді. Иесі үйінде ауырып
жатқанда жорға байлауда тұрып шиыршық атып қалса керек. Бірақ
қазір оның үстінде өзінің иесі емес, басқа біреу келе жатыр. Кигені
былғары пальто, оның сыртынан брезент плащ. Плащтың түймелері
салынбаған. Киімі бояу мен резинка сасиды. Қатарында Шора басқа ат
мініп келе жатыр. Ауданнан келген кісіні сыйлап, жорғаны мінгізгені
ғой. Гүлсары үшін кім мінсе ол мінсін – бәрібір. Оны үйірінен, тұңғыш
иесінен зорлап айырғалы бері көп адам мінді. Кімнің тақымы тимеді:
жақсы да, жаман да мінді. Ерде түзу отыратыны да, отыра алмайтыны
да мінді. Әулекілердің де қолына түсті. Атқа мінсе ақиланып кетеді-ақ
ақымақтар! Ондай әумесерлер құйындатып шауып келе жатып,
ауыздықты шорт тартып қалып, аттың езуін жыртып жібере жаздап,
аспанға қарғытады, тағы да құйғыта шаба жөнеліп, қайтадан қалт
тоқтатады. Жорға мінгенімді жұрт көрсін деп істемеген сорақылығы
қалмайды. Гүлсары бәріне де көндіккен. Тек әйтеуір ат-қорада
қаңтарулы тұрмаса болды оған. Шабысқа деген құмарлығы әлі
басылмаған: шаба берсе, сау жорғаға салып шаба берсе, шаба берсе
болғаны. Үстінде кім келе жатады, оған бәрібір. Ал үстіндегі адамға
қандай атқа мінгені бәрібір емес, бірақ. Сары жорғаны мінгізген екен,
демек бұл сыйлы әрі десе қорқынышты адам болғаны. Гүлсары өзі де
алапат, сұлу-ау, сорлы. Мініске де жайлы, бір жасап қалғандайсың.
Бұл жолы Гүлсарының үстінде колхозға уәкіл боп жіберілген
аудандық прокурор келе жатты. Оның жанына колхоздың парторгі
ілесті. Бұ да болса сыйлағаны. Парторг үндемейді, қорықса керек: қой
қоздату науқаны нашар өтіп жатыр. Өте нашар. Үндемесе үндемесін.
Қорықса қорқа берсін. Жалпаңдап қысыр әңгімемен қыстырыла
бермей, үлкен дәрежелі қызметкердің алдында именіп тұрғаны керек.
Онсыз тәртіп бола ма. Кейбіреулер өзіне бағынышты адамдармен тең
кісіше сөйлесіп жүреді де, кейіннен сол қол астындағылардан таяқ
жегенде жүндей түтіледі. Мансап деген үлкен де жауапты дәреже,
көрінген адам көтере бермейді.
Сегізбаев өзінше осылай ойлап, жорғаның жүрісіне сай теңселіп
келе жатты. Шопандардың жұмысын тексеруге шыққан уәкіл ондағы
істің мәз емес екенін біледі, бірақ көңіл күйі қазір жаман емес. Қыс
пен көктем қақтығысып қалды да, бірін бірі жеңе алмай тұр. Бұл
қақтығыстан мал сорлап, төл қырылып, көтерем саулықтар арам қатып
жатыр, оған ара тұрар амал жоқ. Жылда осы ғой. Мұны бәрі де біледі.
Бірақ, оны уәкіл етіп жіберген соң іс тындырып, әйтеуір біреуді
жауапқа тартуы керек қой. Жан дүниесінің қылует бір түкпірлерінде
ауданда мал неғұрлым көп қырылса, соғұрлым маған тиімді-ау, деген
бір арам ой жыбырлап жатты. Сайып келгенде мал шаруашылығының
жағдайына жауап беретін ол емес. Ол бар болғаны аудандық прокурор
және аудандық партия комитетінің бюро мүшесі. Жауап беретін –
бірінші секретарь. Өзі бұл ауданға жаңадан келген, тартсын сол
тауқыметін. Ал, Сегізбаев болса тамашасына қарап отырады.
Жоғарыдағылар да көрсін, секретарьды қалыстан жіберіп қателеспеді
ме екен өздері. Секретарь сайларда жоғарыдағылардың оны көзге
ілмей кеткеніне Сегізбаевтың іші қатты ашыды. Прокурор боп
отырғанына көп жыл болды, қандай қабілеті барын танытқан-ақ
сияқты. Ештеңе етпес, дос-жарандары бар, шүкір, оңтайы келгенде
қолдап жіберер. Партия қызметіне ауысатын мезгіл жетті-ақ, әйтпесе
прокурорлық тұғырда көп отырыңқырап қалды... Ал, мына сары жорға
жарайды-ақ. Батпақты да, лайсаңды да сөз демей, кең дүниені кемедей
қақ жарып келеді. Ана парторгтың астындағы ат ақ сорпа боп қалды,
жорғаның құлағының түбі енді-енді ғана жіпсиін деді...
Шора да ой үстінде. Реңі өте сынық-ақ. Әжім айғыздаған беті
сарғайып, көзі ішіне кіріп шүңірейіп кеткен. Жүрек ауруынан азап
шеккелі қашан. Жыл өткен сайын бірте-бірте нашарлап барады. Уайым
да бір жағынан жегідей жейді. Танабайдың айтқаны дұрыс боп шықты.
Бастық бір айқай-шудың адамы екен, бірақ онысымен іс бітпейді.
Көбінесе ауданда жүреді, әйтеуір сондағы жұмысы таусылмайды-ақ.
Оның мәселесін партия жиналысында қарау керек еді, бірақ
аудандағылар аялдай тұр дейді. Несіне аялдайды? Алданов өзі
сұранып кетпекші деген өсек шығып жүр, бәлкім сондықтан
аялдайтын шығар? Кетсе кетсе екен. Шораның да кететін уақыты
жетті. Енді одан не пайда? Ауру дан бір айықпайды. Каникулге
келгенде Самансұр да айтты: босан жұмыстан деп. Босануын
босанарсың-ау, ардан қайтіп аттарсың? Самансұр ақымақ жігіт емес,
барлық мәселені қазір әкесінен артық біледі. Шаруашылықты қалай
жүргізу жөнінде ұдайы айтып отырады. Қазір оларды ғылыми
тұрғыдан оқытып, жақсы білім беріп жатса керек. Кім біледі, келе-келе
шаруашылық сол ғылым жүзінде жүргізіліп түзелер де. Бірақ, оны
Шора көре ме, көрмей ме, екі талай. Осы бір қапалы халдің
шырғалаңынан шыға алмас-ау. Жұмыстан кеткенімен, жұрттың
көкейінен қалай қашып құтыларсың, ар алдынан қалай тайқып
шығарсың. Ел-жұрт не дейді? Жұртты емексітіп уәдені беріп-беріп
ақырында колхозды қарызға белшесінен батырып, өзі демалысқа
қашып кетуін қарашы демей ме? Жоқ, оған демалыс жоқ, ақырына
дейін шыдап бағады да не де болса. Не бопты, заман осылайша кете
бермес, келер колхозға да көмек. Тек тезірек келсе екен. Тек мына
прокурор
сияқтылар
емес,
нағыз
көмекшілер
келсе
екен.
Шаруашылықты күйзелткендерің үшін соттаймыз дейді! Ал, сотта!
Бопсалаумен жұмысты жөндей алмассың. Түнеруін қарашы тура бір
ана таудың ішінде кілең қылмыстылар тұратындай, колхоз үшін
жалғыз өзінің жаны ауыратындай... Өтірік өзеурегені болмаса, нағыз
«өлмесең оба қап, жатқаныңнан тұрма» дейтіннің өзі ғой. Бірақ сен
сондайсың деп қайтіп айтарсың.
18
Асқар таулар мұнар-мұнар. Төбесіне күн түспей, өкпелеген
алыптардай аспаннан түксие қарап тұр. Әрі-сәрі көктем. Ызғар, айнала
іш-құса буалдыр.
Ашық-тесік қорада Танабайдың соры қайнап жатты. Бір жағынан
ызғырық, бір жағынан күлімсі сасық иіс. Бірден бірнеше қой төлдеп
қоя берген кезде, қозыларды қайда қоярға жер таппай тарығасың.
Шашыңды жұлып жыласаң да жылы жер таба алмайсың. Азан-қазан,
у-шу маңыраған, бірін-бірі кимелеген қойлар. Аштықтан ауыздарын
арандай ашады, шыбындай қырылады. Жығылғанның үстіне жұдырық
деп, белінен мертігіп әйелінің жатысы анау. Тұрмақшы болып
талпынып еді, бірақ белін жаза алмады. Енді не болсаң, о бол, деді
ызаланған Танабай, бұдан артыққа шыдай алатын халім жоқ.
Ойынан жатса-тұрса Бектай шықпайды, оған деген амалсыз ашу-
ыза Танабайды буындырып барады. Кетіп қалды деп қиналмайды,
кетпесе кетпентау асып кетсін, бөтен ұяға жұмыртқалап кеткен көкек
құсап отарын маған тастап кетті деп қынжылмайды – алда-жалда
колхоз біреуді жіберер де отарды бөліп алар, оны қойшы. Танабай
Бектайға бетінен оты шығатындай етіп ұялта жауап бере
алмағандығына ызаланды. Өз жанынан түңілетіндей етіп, сөзін өткізе
алмады да. Сарауыз балапан! Боқмұрын! Ал, Танабай, бүкіл өмірін
колхоз ісіне арнаған қарт коммунист, әлгі боқмұрынға жөндеп жауап
беруге аузына сөз түспей қалды. Шопанның таяғын лақтырып тастады
да, кете барды, боқмұрын. Осылай болады деп үш ұйықтаса
Танабайдың түсіне кірген бе? Өзінің қасиетті ісін біреу мазақ қылар,
деп ойына келіп пе еді, сірә оның?
«Жетті!» – деп тияды ол өзін әлгі ойдан, артынша қайтадан түпсіз
тұңғиыққа кетеді.
Міне, тағы бір саулық қоздады, егіз тапты, қозылары әп-әдемі.
Бірақ қайда қояды оларды? Енесінің емшегі шандыр боп қалыпты,
қайдан сүт болсын! Ендеше бұл егіз қозы да өледі! Ой, сұмдық-ай,
сұмдық-ай! Әне, жатыр әне жаңадан серейіп қатып қалғандары.
Танабай өлімтіктерді жинап алып, шығарып тастайын деп бара жатыр
еді, ентігіп қызы жүгіріп кірді.
– Әке, бізге қарай бастықтар келе жатыр.
– Келе берсін, – деп күңк етті Танабай. – Бар, шешеңе қара.
Қорадан шыққанда Танабай қос салт аттыны көрді. «Оһо, Гүлсары
ғой!» деп қуанып қалды. Кеудедегі ескі көңіл оты жалт етті. – Сені
көрмегелі қай заман! Қарай гөр өзін, жүрісінен әлі танбаған!» Біреуі
Шора екен. А л жорға мініп келе жатқан былғары пальтолысын
таныған жоқ. Ауданнан келген біреу шығар.
«Кәне, кәне, келіңдер. Сендер де келеді екенсіңдер-ау», – деп
ызалана табалап тұр. Мұндай жерде мұң-мұқтажыңды айтып, көздің
жасын көл қылып төге беру керек қой. Жоқ, бұл өйтпейді, қыңқылдап
жалынышты болмайды. Мына келе жатқандар қызарсын қызарса,
солар қысылсын. Жөн бе осылары! Тағдырдың талапайына тастады да,
енді шіреніп келе-е-е жатыр...
Танабай олар қашан жақындар екен деп күтіп тұрған жоқ,
қораның артына барып, әлі қозыларды үйіндінің үстіне тастады да,
асықпастан қайта келді.
Қонақтар қораның жанына келіп тоқтаған екен. Аттарының
өкпелері қабынып тұр. Шораның түрі аянышты, кінәлі адам сияқты.
Досының алдында айыпты екенін сезсе керек. Ал, жорғаның
үстіндегісі ашулы, қаһарлы, амандасқан да жоқ. Бірден қатты кетті.
– Масқара! Қайда барма – осындай! Қарашы, мынау не сұмдық! –
деп ақырды ол Шораға қарап. Сонан соң Танабайға бұрылды: – Мұның
қалай, жолдас, – деді ол Танабай өлген қозыларды апарып тастаған
жақты иегімен нұсқап, – өзің коммунист шопансың, қозыларың болса
өліп жатыр?
– Қозылар, сірә, менің коммунист екенімді білмейтін болуы керек,
– деп шағып алды Танабай. Кенет көңілінің бір арқауы шорт үзіліп
кеткендей, жан-дүниесі жадау тартып, тұла бойын керенау енжарлық
жайлап, қапа боп қалды.
– Қалайша? – деп Сегізбаев шиқандай қып-қызыл боп кетті.
Үндей алмай қалды. Ақырында әйтеуір: – Социалистік міндеттеме
қабылдап па едің? – деп қойып қалды.
– Қабылдадым.
– Онда не айтылған?
– Есімде жоқ.
– Әне, қозылардың өліп жатқаны сондықтан! – Сегізбаев
қамшының сабы мен қайтадан өлімтік үйіндісін нұсқап қойды. Мына
көргенсіз қойшыны тәубесіне келтіруге мүмкіндік туғанына масаттана
үзеңгіге аяғын шіреп, ердің үстінен көтеріліп кетті. Бірақ әуелі Шораға
шүйлікті: – Не бітіріп жүрсіңдер? Адамдарың тіпті өз міндеттемелерін
де білмейді. Жоспарды орындамай, малды қырады! Не бітіріп
жүрсіңдер мұнда? Өз коммунистеріңді қалай тәрбиелегенсіңдер?
Мынау қандай коммунист? Мен сізден сұрап тұрмын!
Шора төмен қарап, үндемейді. Тізгіннің қайысын уқалай береді.
– Қандай болсам, сондаймын, – деп Шора үшін саспастан Танабай
жауап берді.
– Міне-міне, сондайсың. Ей, сен зиянкессің! Колхоздың малын
құртып жатырсың. Сен халық жауысың. Сенің орның партияда емес,
түрмеде! Социалистік жарысты келеке еткің келеді.
– Иә, менің орным түрмеде, түрмеде, – деп қостады Танабай
аспай-саспай. Тұла бойын буған ашу-ызадан, ақырғы шыдамын
тауысқан ақырет қорлықтан тырсылдап, тарс жарыла жаздап, еріндері
шошаңдай бастады.
– Кәне? – деп ернінің шошаңдағанын басқысы кеп тырысып,
Танабай әлгі Сегізбаевқа бағжия қарап қалды. – Тағы не айтпақсың?
– Олай сөйлеп не керек, Танабай? – деп сөзге Шора кірісті. – Не
керек? Онан да мән-жайды жөндеп түсіндір.
– Ә, солай ма! Саған да түсіндіру керек қой сонда? Сен неге келдің
мұнда? Мен сенен сұрап тұрмын. Маған қозыларың қырылып жатыр
деп айту үшін келдің бе? Өзім де білемін қырылып жатқанын! Менің
белшемнен боққа батып қалғанымды айту үшін келдің бе? Оны өзім де
білемін!
Менің
өмір
бойы
ақымақ
болып,
колхоз
үшін
жанталасқанымды айту үшін келдің бе? Оны өзім де білемін!..
– Танабай! Танабай! Есіңді жи, Танабай! – деп құп-қу боп кеткен
Шора аттан қарғып түсті.
– Кет! – деп оны Танабай итеріп жіберді. Адыра қалсын менің
қабылдаған міндеттемем де, менің бүкіл итшілеген өмірім де – бәрі де
адыра қалсын. Кет әрі! Менің орным түрмеде! Сен мына былғары
пальто киген жаңа манапты неге ертіп келесің мұнда? Мені қорлату
үшін бе? Мені түрмеге отырғызсын дейсің бе? Ал кәне, иттің баласы,
жапқыз түрмеге? Танабай қолына ілінетін бірдеңе іздеп жан-жағына
жанталаса қарады, дуалға сүйеулі тұрған айырды ала салып,
Сегізбаевқа тұра ұмтылды. Жоғал бұл жерден, иттің баласы! Жоғал! –
деп Танабай жынданған кісідей айырды ары-бері құлаштап сермей
бастады.
Зәре-құты
қашқан
Сегізбаев
жорғаның
басын
ары-бері
жандалбасамен жұлқылай берді. Айыр болса ақиланып көзі
шарасынан шыққан аттың басына сарт-сарт тиеді, серпіліп кетіп қайта
төпелейді. Гүлсарының басы неге қалшылдап бара жатқанын, аузын
арандай ашқызып, езуін ауыздық неге жыртқанын, аттың көзі
шарасынан шығардай неге алайғанын ақ жын буып алған Танабай
сонда түсінген жоқ.
– Кет Гүлсары былай! Мына былғары киген манапқа қолым бір
ілінсін, кет былай! – деп Танабай өкіре айқайлап, жазықсыз аттың
басын айырмен сарт-сарт сабалай берді.
Ұшып жүгіріп жеткен сақманшы келіншек айырды жұлып алмақ
боп, Танабайдың қолына құлай кетіп еді. Танабай оны лақтырып
жіберді.
Соның арасынша атына қарғып мінген Шора:
– Кейін! Қашайық! Өлтіреді! – деп Танабай мен Сегізбаевтың
арасына килікті.
Танабай айырмен тағы ұмтыла берген кезде, ана екеуі аттарын
тебініп шыға жөнелді. Маңтөбет қана аттардың құйрығын тістелеп
үзеңгіге жармасты, біраз жерге дейін қуып барды. Танабай олардың
соңынан тұра ұмтылып, сүрініп-қабынып жерден балшық уыстап
алып,
аттыларға
лақтырып
жағы
сембей:
– Менің орным түрмеде! Түрмеде! Түрмеде! Аулақ! Жоғал! Менің
орным түрмеде! Түрмеде! – деп айқайлай берді.
Ақыры екі иығынан дем алып, әлі де: «Менің орным түрмеде!
Түрмеде!» – деп міңгірлеп қайтып келе жатты. Бір үлкен іс тындырып
тастағандай жанында маңтөбеті дүрдиіп келеді. Қожайын мақтар ма
екен деп дәмеленіп еді, ол мұны елеген де жоқ. Өңі өліктей құп-қу боп,
зәресі кеткен Жайдар таяққа сүйеніп, сүйретіліп алдынан шықты.
– Оның нең, ойбай-ау? Оның нең?
– Бекер.
– Не бекер? Әрине, бекер болды!
– Жорғаны бекер ұрдым да.
– Әй, сенің есің дұрыс па? Не істегеніңді білесің бе езің?
– Білемін. Мен зиянкеспін. Мен халық жауымын, – деді Танабай
ентігіп тұрып. Кенет екі қолымен бетін тарс басып тұрып тына қалды
да, бүтіле беріп бар даусымен аңырап қоя бергені.
– Қой, жылама, жылама, – деді әйелі оны арқасынан сипалап,
қосыла жылап. Бірақ Танабай жан-жағына теңселіп тұрып бір аңырады
дейсің, боздап бір жылады дейсің. Өмірінің ішінде Жайдар
Танабайдың жылағанын тұңғыш рет көруі еді.
19
Осы бір төтенше оқиғадан кейін үш күннен соң аудандық партия
комитетінің бюросы болды.
Танабай Бақасов қабылдау бөлмесінде кабинетке шақыруды күтіп
отыр. Кабинеттегілер оның тағдырын шешіп жатты. Бұл күндердің
ішінде Танабай өзінің кінәлі екенін, немесе кінәлі емес екенін біле
алмай он ойланып, жүз толғанды. Өкіметтің өкіліне қол көтеріп, өзінің
өте ауыр қылмыс істегенін түсінеді-ақ. Бірақ бар әңгіме тек осы
қылмыста ғана болса бір сәрі ғой. Өзінің оспадарсыздығы үшін қандай
жаза болса да мойнымен көтеруге әзір. Ау, бірақ ол ашу дұшпанның
арынына беріліп, көкейінде жүрген көп қасіретті ақтарып салды-ау:
колхоз үшін қабырғасы қайысқан, жаны ауырған, соның бәрі бітеу
жарадай сыздап кеп, ақыры жарылып кетіп еді ғой ол. Бұған енді кім
сенер? Мұны енді кім түсінер?» Бәлкім, түсінер де, деген үміт оты
жылт етті кеудесінде. – Бәрін айтам: Биылғы қысты, қора-қопсы
жағдайын, киіз үйдің сиқын, жем-шөптің жоқтығын, ұйқысыз өткен
түндерді, Бектайдың қылығын – бәрін-бәрін жайып саламын. Арғысын
өздері білсін. Өстіп те шаруашылық басқаруға бола ма? «Танабай тіпті
өткен іске өкінгенді де қойды. «Мейлі, мені жазаласа жазалай берсін, –
деді өзіне өзі. – Оның есесіне өзгелердің жағдайы жақсарар. Бұл
оқиғадан кейін мүмкін шопандардың тіршілігіне көңіл бөліп, тұрмыс,
хал-ахуалға көз салар да. «Бірақ арада бір минут өтпей жатып, сонау
сойқан есіне түсіп, қайтадан қаһарына мініп қатуланып, тас түйілген
жұдырықтарын қос тізесімен қысып, өзіне өзі: «Жоқ, менің түк кінәм
жоқ!» – деп қасарысты да қалды. Артынша тағы да шүбә шырмауына
түседі.
Қабылдау бөлмесінде, неге екені белгісіз, Ыбрайым да отыр екен.
«Бұған не керек? Жемтікке ұшып келген құзғын құсап неғып жүр» –
деп ызаланды Танабай одан теріс айнала беріп. Ыбрайым Танабай
шопанның еңсесі түсіп отырғанына қайта-қайта қарап қойып,
күрсінеді, үн жоқ.
«Мыналар неғып созып кетті? – деп Танабай орындықта
қозғалақтай берді. – Ақыр соғатын болған соң соқпай ма тездеп».
Кабинетке бәрі түгел жиналған сияқты. Осыдан бірнеше минут бұрын
жұрттың соңы болып кабинетке Шора кірді. Танабай басын көтерген
жоқ, Шораны етігінің қонышына жабысып қалған Гүлсарының
сарғыш қылынан таныды. «Сірә, асығып қатты жүріп келген-ау,
Гүлсарының терге малынғанына қарағанда» – деп ойлады Танабай,
бірақ басын көтермеді. Сарғыш қыл жабысқан, қонышы бар, аттың
тері сіңген етік Танабайдың жанында біраз кібіртіктеп тұрды да,
есіктің ар жағына еніп, көрінбей кетті.
Шыдам тауысқан көп уақыт өтті. Ақыры кабинеттен хатшы әйел
басын шығарып.
– Бақасов жолдас, кіріңіз, – деді.
Танабай селк ете қалды, жүрегі тарсылдап орнынан тұрды.
Жүрегінің дүрсілі құлағын тұндырған күйі есеңгіреп кабинетке кірді.
Көзінің алды бұлдыр. Отырған адамдар тұман арасында қалған
сияқты.
– Отырыңыз. – Аупарткомның бірінші секретары Қашқатаев ұзын
столдың ең аяқ жағынан орын көрсетті.
Танабай зіл тартқан қолдарын тізесіне қойып, отыра кетті. Көзінің
мұнары тарқамады. Столды жағалап шолып шықты. Бірінші
секретарьдың оң жағында такаппар пішінді Сегізбаев отыр екен. Соны
көріп, бүкіл ашу-ызасы бойын кернеп қайта қозып, көзінің алдын
бүркеп тұрған мұнар бірден тарқады. Стол басында отырған бәрінің
пішіні ап-айқын боп көрінді. Отырғандардың ішіндегі ең беті
қарауытып, талақ тартып кеткен Сегізбаев екен де беті ең құп-қу боп
қан-сөлсіз бозарып кеткен Шора екен. Столдың босаға жағын ала
Танабайға жақын отырған сол Шора еді. Арық қолдары столдың
жасыл мауытысының үстінде күзгі жапырақтай қалтырайды. Шораға
қарама-қарсы отырған колхоз бастық Алданов жан-жағына сүзе қарап,
мұрнын қайта-қайта дырылдата тартып қояды. Ол Танабайды
жақтамайтынын жасырмай көрсетіп отыр. Басқалары әліптің артын
бағайық дегендей. Бір кезде барып бірінші секретарь қағаздан басын
көтерді.
– Коммунист Бақасовтың жеке ісін қарауға кірісеміз, – деді ол әр
сөзін нығарлап.
– Коммунист дейміз-ау, әйтеуір, – деп әлдекім мысқылдап мырс
етті.
«Білек сыбанып отыр! – деді ішінен Танабай. – Бұлардан
аяушылық күтпей-ақ қой. Ау, неге мен аяушылық күтуім керек? Не,
мен сондай-ақ қылмыстымын ба?»
Өзінің мәселесін шешерде бақталас екі топтың астыртын
қақтығысатынын Танабай, әрине, білген жоқ. Осы бір оқыс оқиғаны
әлгі екі жақ әрқайсысы өзінше пайдаланып қалмақ. Сегізбаев және
оның жақтастары жаңа секретарьдың шама-шарқын байқап көрмек, ә
дегенде тым құрыса өз сөздерін өткізуге болмас па екен, соны
сынамақ. Ал, Қашқатаев болса Сегізбаевтың бірінші секретарьлықтан
дәмесі барын сезеді. Сезеді де, әрі өз беделін түсіріп алмауға, әрі десе
Сегізбаевтармен араны шиеленістірмеуге тырысады.
Аупарткомның секретары Сегізбаевтың баяндау хатын оқып берді.
Баяндау хатта («Ақтас») колхозының шопаны Танабай Бақасовтың әрі
сөзбен, әрі қимылмен істеген қылмыстарының бәрі егжей-тегжейлі
жазылыпты. Баяндауда жазылғанның артық-кемі жоқ-ау, бәрі рас,
бірақ кәпірдің сұсы, сөз саптасы жаман екен. Соны сезіп Танабай
мүлде түңіліп қалды. Мына бір құбыжықтай қаһарлы қағазға қарсы
қылар қайраты жоғын сезіп, Танабай табанда қара терге түсті. Бұл
қағаз Сегізбаевтың өзінен әлдеқайда қорқыныштырақ еді. Қағазға
қарай айыр алып, тұра ұмтылмайсың ғой. Танабай өзін өзі ақтау үшін
айтпақ болып жұптап қойған сөздерінің бәрі бір сәттің ішінде
қожырап, бытыраған сынаптай жан-жаққа шашырап, мәні кетіп,
кәдімгі малшының анау жоқ, мынау жоқ деген езбе шағымы болды да
шықты. Ау, осы менің есім дұрыс па? – деп те қалды Танабай. Ана
қаһарлы қағаздың қасында мұның ақталмақ ойы не тұрады? Кіммен
тіреспек боп жүр, құдай-ау?
– Бақасов жолдас, бюро мүшесі Сегізбаев жолдастың хатында
жазылған фактілердің растығын мойындайсыз ба? – деп сұрады
Қашқатаев баяндауды оқып болған соң.
– Иә, – деді Танабай түнеріп.
Бәрі үндемей қалды. Бәрі де ана қағаздан қорқып отырған сияқты.
Алданов: «Міне, көрдіңдер ме, қалай екенін?» – дегендей
отырғандарға жағалай қоқиланып қарап қойды.
– Жолдас бюро мүшелері, егер қарсы болмасаңыздар, мен біраз
түсінік бере кетейін, – деп Сегізбаев серпіле сөйледі. – Кейбір
жолдастардың коммунист Бақасовтың әрекетін тек бұзақылық қылық
деп бағаламақ ойы бар-ау деймін. Мен бұл жолдастарды
сақтандырғым келеді. Егер де істің мәні тек бұзақылықта ғана болса,
оны мен бюроға мәселе етіп қоймас та едім: бізде бұзақылармен
күрестің басқа да түрлері бар. Әңгіме тек Бақасовтың мені қорлауында
ғана емес. Мені қорғайтын аудандық партия комитетінің бюросы бар,
айта берсеңіздер, мені бүкіл партия қорғайды, ал мен болсам
әлдекімнің партия беделін қорлауына жол бере алмаймын. Ең бастысы,
осының бәрі біздің коммунистер мен партияда жоқтар арасындағы
саяси-тәрбие
жұмысының
бетімен
кеткендігін, аупарткомның
идеология жұмысындағы елеулі кемшіліктерін көрсетіп отыр. Біз
бәріміз әлі Бақасов сияқты қатардағы коммунистердің келеңсіз
пиғылдары үшін жауап беруіміз керек. Біз әлі мұндай пиғылдағы адам
біреу ме, жоқ әлде сыбайластары бар ма – соны анықтауымыз керек.
«Былғары пальто киген жаңа манап» – деген сөзінің өзін көрмейсіз бе!
Жарайды, пальтоны қояйық. Ал, Бақасовтың айтуынша, мына мен,
совет адамы, партияның өкілі, жаңа манап, халықты қанаушы бай
болыппын ғой! Солай ғой! Мұның не екенін, бұл сөздің ар жағында не
жатқанын сіздер түсінесіздер ме? Түсінік беріп жату артық қой
деймін... Енді мәселенің екінші жағына келейік. «Ақтастағы» мал
жағдайының өте төзгісіз екенін көріп, қатты ашу үстінде мен
Бақасовтың социалистік міндеттемемді ұмытып қалдым» деген
мазағына жауап ретінде оны зиянкес, халың жауы, сенің орның
партияда емес, түрмеде деппін. Оны жәбірлегенім рас, мойныма
аламын, сол үшін одан кешірім сұрауға да дайын едім. Ал енді өз
айтқанымның шындығына көзім жетіп отыр. Айтқан сөзімді қайтып
алмақ былай тұрсын, қайта Бақасов хауіпті, жат пиғылды, жау
элементі деп қайталап айтамын...
Е, бұл Танабайдың басынан не өтпеген, бастан-аяқ соғыста от
кешіп жүрді, бірақ адам баласының жүрегі дәл қазір өзінің жүрегі
құсап шырқырап, жан даусы шығар деп ешуақытта ойламап еді. Қазір
құлағын тұндырған сол айқай жүрек біресе үзіліп төмен түсіп, біресе
өрмелеп тырмысып жоғары көтеріліп, тағы құлап, тағы тырмысып
жанталасты-ау, бірақ оқ шіркін оған дәл тиіп, шұрқ-шұрқ тесіп өтіп
жатыр. «Е, құдай, бүкіл өмір бойы ғұмырымның мақсаты, мәні болған,
бүкіл іс-әрекетімнің мәні болған тірегім, арқа сүйер арманым қайда
кетті? Жүріп-жүріп, ақыры халық жауы атандым ба! Мен байғұс
шырқырап, қайдағы бір қора-қопсыға бола, тышқаң қозыларға бола,
бейбақ Бектайға бола шыр-шыр еттім-ау. Ау, кімге керек соның бәрі!..
– деген ой басын кернеп барады.
– Өзімнің баяндау хатымның қорытындысын тағы да естеріңізге
сала кетейін, – деп Сегізбаев әр сөзін шеге қаққанындай мығымдай
берді. – Бақасов біздің өкіметімізді жек көреді, колхозды жек көреді,
социалистік жарысты жек көреді. Осының күллісін ол колхоз парторгі
Саяқовтың көзінше ашықтан ашық айтты. Мұның әрекетінде сондай-
ақ жеке басының қылмысы да бар – өз қызметін атқарып жүрген
өкімет өкілінің өміріне қастандық жасады. Мені дұрыс түсінулеріңізді
сұраймын, Бақасовты сот жауабына тартуға санкция берулеріңізді
сұраймын, осы бюродан шығысымен қамауға алынатын болсын. Оның
қылмысы елу сегізінші статьяға сәйкес келеді. Ал, Бақасовты партия
қатарында қалдыру туралы, меніңше сөз болуы мүмкін емес!..
Сегізбаев өзінің тым асырып жібергенін білді ғой, бірақ оның да
бір реті бар: бюро Танабай Бақасовты сот жауапкершілігіне тартуды
керек деп таппаған күннің өзінде, сөз жоқ партиядан шығарады. Түйе
сұрасаң, бие береді. Бұл талапты Қашқатаев қолдамай тұра алмайды,
сонда Сегізбаевтың сөзі өтімді болып, жағдайы жақсара түседі.
– Бақасов жолдас, өз кінәңіз туралы не айтасыз? – деп Қашқатаев
тынышсыздана бастады.
– Ештеңе. Бәрі айтылды, – деді Танабай. – Мен зиянкес, халық
жауы екенмін ғой. Онда менің пікірімді тыңдап қайтесіздер? Не
істеймін десеңіздер де өздеріңіз біліңіздер...
– Сіз өзіңізді адал коммунистпін деп айта аласыз ба?
– Енді адалдығымды дәлелдей алмаймын.
– Сіз өз кінәңызды мойындайсыз ба?
– Жоқ.
– Немене, сіз өзіңізді жұрттың бәрінен ақылдымын деп санайсыз
ба?
– Жоқ, керісінше, жұрттың бәрінен ақымақпын деп ойлаймын.
– Рұқсат етіңіз, мен айтайын. – Омырауында комсомол значогі бар
жас жігіт орнынан тұрды. Ол осындағылардың бәрінен жас еді, бет-
аузы шәушиген, әлі бала сияқты.
Танабай оны енді ғана аңғарды. «Сой, балақай, аяма, – деді ол
өзіне өзі. – Бір кезде мен де сен сияқты болғанмын, аямайтынмын...»
Сол замат аулақтағы бұлтты тіліп өткен найзағайдың жарқылына
ұсап баяғыда айдалып бара жатқан Құлыбай таптап, езгілеп кеткен
егістік жердің пұшпағы көз алдына ап-анық тұра қалды.
Тұла бойы дір-р етіп, шыбын жаны шырылдап, көкірегінен үнсіз
айқай шығып кеткендей болды.
Сол елесті Қашқатаевтың даусы бөліп жіберді.
– Айтыңыз, Керімбеков...
– Мен Бақасов жолдастың тәртібін құптамаймын. Тиісті
партиялық жаза алуы керек деп білемін. Бірақ мен Сегізбаев
жолдаспен де келісе алмаймын. – Керімбеков толқып, өз үніндегі
дірілді баса сөйледі. – Ол ол ма, мен Сегізбаев жолдастың өзін
талқылау керек деп санаймын...
– А л керек болса! – деп әлдекім киіп кетті. – Немене, сендердің
комсомолдарыңда тәртіп сондай ма?
– Тәртіп барлық жерде бірдей, – деді Керімбеков бұрынғыдан
бетер толқып, қызара түсіп. Сіреспе сезімді серпімек болып, сөз
салмақтап, мүдіріп бір тұрды да, кенет жаны қысылғандай сілейте,
ызалана сөйлеп қоя берді: – Колхозшыны, шопанды, қарт коммунисті
қорлауға кім сізге право берді? Ал, мені халық жауы деп көріңізші,
кәне... Сіз мұны колхоз малшаруашылығының жағдайын көріп, қатты
күйінгенімен айтып едім дейсіз, ал сонда шопан сізден аз күйінді деп
ойлайсыз ба? Сіз оның отарына барғанда: қалай тұрып жатырсыздар,
хал-жағдайларыңыз қалай? – деп сұрадыңыз ба? Төл неге қырылып
жатыр? – деп сұрадыңыз ба? Жоқ, хатыңызға қарағанда, сіз тіке
ақырып-бақырып, айқайдан бастағансыз. Колхоздарда мал төлдету
науқаны өте қиын жағдайда өтіп жатқаны ешкімге құпия емес. Мен
жер-жерде жиі боламын, іс жүзінде нақты көмек көрсетпей, талап қоя
бергеніміз үшін, комсомолдардың алдында қызаруға тура келеді, ұят!
Колхоздардағы қора-жайды көріңіздерші, сұмдық қой. А л жем-шөп
ше? Мен өзім шопанның баласымын. Мал бағу дегеннің не екенін,
қозының неден қырылатынын білемін. Біздің институтте оқитынымыз
бір басқа да, іс жүзінде бәрі ескіше, мал шаруашылығы баяғы ескі
тәсілмен жүргізіліп келеді. Осының бәріне жаның ауырады!..
– Керімбеков жолдас, – деп сөзді бөліп жіберді Сегізбаев. – Біздің
көңілімізді елжіретпей-ақ қойыңыз, сезім деген сағыз сияқты
созылмалы түсінік. Сезім емес, фактілер керек, факті.
– Кешіріңіз, бұл қылмыстыны жазалау соты емес, біздің партиялас
жолдасымыздың ісін қарап жатқан бюро ғой, – деді сөзін жалғап
Керімбеков. – Коммунистің тағдырын шешіп отырмыз. Кәне, Бақасов
жолдас неге әлгіндей әрекетке барды, бір сәт ойланып көрейікші.
Оның әрекетін, әрине, айыптау керек, бірақ колхоздың маңдай алды
малшыларының бірі Бақасов мұндай халге қалай жетті, – қалай душар
болды?
– Отырыңыз, – деді Қашқатаев тыжырынып. – Сіз бізді негізгі
мәселеден бұрып әкетіп бара жатырсыз, Керімбеков жолдас. Менімше,
осы отырғандардың бәріне айдан да ақиқат қой деймін: коммунист
Бақасов өте ауыр қылмыс істеген. Бұл не сұмдық? Мұндайды кім
көрген? Біз ешкімге де уәкілдерімізге айыр ала ұмтылуға жол
бермейміз, біз ешкімге де біздің қызметкерлеріміздің беделін түсіруге
жол бермейміз. Сіз, Керімбеков жолдас, көңіл хошы, сезім туралы
дәйексіз талас тудырғаннан гөрі комсомол жұмысын жолға қоюды
ойлағаныңыз дұрыс болар еді. Сезім сезім-дағы, істің аты іс.
Бақасовтың басынғаны бәрімізді де сақтандыруға тиіс, енді оған
партияда орын жоқ. Саяқов жолдас, сіз колхоз парторгі ретінде осы
әңгіменің болғанын растайсыз ба? – деп сұрады Шорадан.
– Иә, растаймын, – деді өңі боп-боз Шора орнынан әрең тұрып. –
Бірақ мен түсіндірейін деп едім...
– Нені түсіндіресіз?
– Біріншіден, мен Бақасовтың мәселесін өзіміздің бастаушы
партия ұйымында қарауға рұхсат етулеріңізді өтінер едім.
– Оның керегі шамалы. Аупартком бюросының шешімінен кейін
колхоз коммунистерін таныстыра жатарсыз. Тағы не айтасыз?
– Мен түсіндірейін деп едім...
– Нені, Саяқов жолдас? Бақасовтың антипартиялық беті ашылды
ғой. Түсіндіретін түгі де жоқ. Бұған сіз де жауап бересіз. Коммунисті
тәрбиелеу жұмысын бетімен жібергеніңіз үшін әлі сізге жаза
қолданамыз. Сіз неге бұл мәселені бюроға қоймай-ақ қойыңыз деп
Сегізбаев жолдасты үгіттейсіз? Қылмысты жасырып қалғыңыз келді
ме? Безобразие! Отырыңыз!
Айтыс басталып кетті. МТС-тің директоры мен аудандық газеттің
редакторы Керімбековты жақтап шықты. Бір мезгіл олар тіпті
Танабайды қорғап қалатындай да болып көрінді. Бірақ әбден езіліп, есі
шыққан Танабай олардың не айтып жатқанын тыңдаған да жоқ. Ол тек
өзінен өзі: «Ау, мен неменеге итшілеп жанталасқанмын? Ау,
мұндағылардың ешқайсысының сонау отарда, мал жайылымында не
болып жатқанымен ісі де жоқ сияқты ғой. Қандай есуас болғам десең-
ші! Колхозға бола колхоздың қойы мен козысына бола не көрмедім
мен байғұс. Енді соның бәрі есепке алынбай қалды. Енді мен хауіпті
зиянкеспін. Сайтан алсын сендерді! Егер осыдан өркендерің өсіп кетер
болса, не қылсаңдар о қылыңдар мені, енді өкінбеймін. Кәне, қуыңдар
мені желкелеп. Енді менің ақырым біреу-ақ, соғыңдар, аямаңдар...»
дей берді.
Колхоз бастық Алданов сөйлеп тұр екен. Бет-әлпетіне, қол
сермесіне қарағанда ол әлдекімді, оңдырмай сыбап тұрған сияқты,
бірақ кімді даттап тұрғанын Танабай сезген жоқ. Тек құлағына: «Кісен,
Гүлсары жорға» деген сөздер жеткенде ғана өзін жерлеп жатқанын
аңғарды.
– ...Сонымен не болды дейсіздер ғой? – деп ақиланды Алданов. –
Не болғаны сол, біз атты кісендеуге мәжбүр болғанымыз үшін менің
басымды мыжғылаймын деп ашықтан-ашық қорқытты ғой. Қашқатаев
жолдас, мені қорқытқанын естіген куәгерлер мына есіктің ар жағында
отыр. Соларды шақыруға мүмкін бе екен?
– Жоқ, керегі жоқ, – деп Қашқатаев жиіркенген кісіше
тыжырынып қалды. – Осы да жетеді. Отырыңыз.
Енді дауысқа салды.
– Бір ұсыныс түсті: Бақасов жолдас партия мүшелігінен
шығарылсын деген. Осы ұсыныс үшін кім дауыс береді, қол
көтеріңіздер.
– Бір минут, жолдас Қашқатаев. – Тағы да Керімбеков орнынан
ұшып тұрды. – Жолдас бюро мүшелері, осы біз ауыр қате жіберіп
отырған жоқпыз ба? Басқа да ұсыныс бар – Бақасовқа қатаң сөгіс
жарияланып, жеке іс кітапшасына жазылсын. Сонымен қоса
коммунист Бақасовтың партиялық және кісілік қасиетін қорлағаны
үшін, аупарткомның уәкілі ретінде жұмыста жат тәсіл қолданғаны
үшін, бюро мүшесі Сегізбаевқа сөгіс жариялансын.
– Сандырақ! – деп ақырып жіберді Сегізбаев.
– Тынышталыңыздар, жолдастар, – деді Қашқатаев. Сіздер өз
үйлеріңізде
отырған
жоқсыздар,
аупарткомның
бюросында
отырсыздар, тәртіп сақтауларыңызды сұраймын.
Ендігі тағдыр осы аупарткомның бірінші секретарының қолында
қалды. Сонда секретарь тура Сегізбаев ойлаған жерден шыға келді.
– Бақасовтың ісін сотқа берудің қажеті жоқ деп есептеймін, – деді
ол. – Бірақ оған партияда орын жоқ, бұл жөнінен Сегізбаев жолдас
әбден дұрыс айтты. Дауысқа саламын. Бақасов партиядан
шығарылсын дегендеріңіз қол көтеріңіздер.
Бюро мүшелері жетеу еді. Үшеуі «шығарылсынға» қол көтерді де,
үшеуі оған қарсы болды. Енді Қашқатаевтың өзі қалып тұр. Ол біраз
кідіріп тұрып-тұрып «шығарылсынға» қол көтерді. Танабай мұның
бәрін көрген жоқ. Ол Қашқатаевтың хатшы әйелге қарап:
– Протоколға жазыңыз: аупартком бюросының шешімі бойынша
жолдас Бақасов Танабай партия мүшелігінен шығарылды, – дегенде
ғана Танабай өз тағдырының шешілгенін ұқты.
«Бітті деген осы!» – деді Танабай тұла бойы мұздап бара жатып.
– Мен Сегізбаевқа сөгіс жариялануын талап етемін, – деп
қасарысты Керімбеков.
Бұл ұсынысты дауысқа қоймай-ақ, тойтара салуға болушы еді,
бірақ Қашқатаев дауысқа салмақ болды. Мұнда да өзінің бір құпия
есебі бартұғын.
– Керімбеков жолдастың ұсынысын кім жақтайды? Қол
көтерулеріңізді сұраймын!
Тағы да үш те үш болды. Тағы да төртінші болып Қашқатаевтың
өзі қол көтерді де, Сегізбаевты сөгістен аман алып қалды. «Тек мұны
ол түсінер ме, бағалар ма екен еңбегімді? Кім білсін... залым,
айлакер...»
Адамдар кетпек болғандай орындарынан қозғала бастады.
Осымен іс біткен екен деп ойлап, Танабай жан баласына назар салмай
есікке қарай беттей беріп еді.
– Бақасов, қайда барасыз? – деп тоқтатты оны Қашқатаев, –
Партиялық билетіңізді қалдырыңыз.
– Қалдыру керек пе? – Танабай бір сұмдықтың болғанын сонда
ғана барып, түсінгендей халде еді.
– Иә. Столдың үстіне қойыңыз. Сіз енді партия мүшесі емессіз,
сондықтан билетті алып жүруге правоңыз жоқ.
Танабай партбилетті алып шықпақ болып қойнына қол салды.
Өлік шығарғандай тым-тырыс тыныштықта Танабай құнжыңдап
қойнын көпке дейін тінткіледі. Ал партбилет болса Жайдардың
қолымен тігілген былғары қалтаға салынып, купайкенің ар жағында,
бешбеттің де ар жағында, қылует жайда жатыр еді. Қалтаға бау тағып,
Танабай бауды иығына асынып жүруші еді. Әйтеуір бір шамада, әлгі
былғары қалтаны қойнынан алып шықты-ау. Кеудесінің қызуы
жылытқан өзінің тері сіңген партбилетті шығарып алып, жып-жылы
күйінде Қашқатаевтың сұп-суық жылтыр столының үстіне қойды.
Мұздай стол өз денесін қарып түскендей, тұла бойы түршігіп, дір-дір
етті. Әлі де ешкімге қарамай, былғары қалтаны қойнына тықты да,
кетпекші боп бұрыла берді.
– Жолдас Бақасов, – деген жанашыр дауыс естілді арт жағынан.
Керімбеков екен. – Сіз өзіңіз не дейсіз бұған? Сіз ештеңе айтпадыңыз
ғой. Мүмкін, сізге қиын болған шығар? Есігіміз сіз үшін жабық болмас
ерте ме, кеш пе, партия қатарына қайтып ораларсыз деген үміттеміз.
Айтыңызшы, қазір қандай ойда тұрсыз? Иығына зіл батпан боп
құлаған ауыр қайғыны әйтеуір қайтсе де жеңілдетпек болып тырысқан
бейтаныс жас жігіттің алдында Танабай өзін ебедейсіз көріп, жаны
сыздап ауырып, Танабай бері бұрылды.
– He айтайын, шырағым? – деді ол мұңайып. Бұл жерде бәрін
айтып тауыса алмаспын. Жалғыз-ақ айтарым: мен кінәлі емеспін.
Біреуге қол көтеріп, тіл тигізсем де мен кінәлі емеспін. Бірақ мұны
түсіндіріп жеткізе алмаймын. Осылай, шырағым.
Жан күйзелткен тым-тырыс тыныштық орнады.
– Хм. Сонда партияға өкпелейсің ғой? – деді Қашқатаев шатынап.
– Байқа, жолдас. Партия саған дұрыс жол көрсетіп, соттан аман алып
қалып отыр. Сен ғой әлі риза емессің, өкпелейсің! Демек, сен партия
мүшесі деген атқа шынында да лайықты емессің. Олай болса біздің
есігіміз саған қайтадан, сірә, ашыла да қоймас!
Сырт көзге Танабай аупарткомнан сабырлы шықты. Жүдә
сабырлы. Ал, іші әлем-жәлем. Дала жып-жылы, күн жарқырап тұр,
кеш болайын деп қалыпты. Ары-бері өзі тіршілігімен өтіп-кетіп
жатқан ел. Клубтың алдындағы алаңда балалар жүгіріп ойнап жүр.
Соның бәріне қараса құсқысы келетіндей көрінеді. Өзіне өзі
жиіркенішті сияқты. Тезірек тауға безіп кетпесе болмас. Тағы бір
кесепат болмай тұрғанда, кеткен жақсы.
Мамағашта өзінің атының жанында Гүлсары байлаулы тұр екен.
Есік пен төрдей еңселі, қола мүсіндей сымбатты қайран Гүлсары
аяқтарын алма кезек кетеpiп қойып тұр екен. Танабайдың таяп
келгенін көріп, жатырқамай, ескі танысындай, қара көздерін қадай
қарады. Танабайдың айырмен басына аямай ұрғанын ұмытып кетсе
керек. Малдың аты мал ғой.
– Ренжіме, Гүлсары, ұмыт, – деп сыбырлады Танабай жорғаға. –
Ал, менің қайғым ауыр, Гүлсары. Тым ауыр, Гүлсары. Тым ауыр
қайғы. – Аттың мойнынан құшақтап, көңілі босап, жылап жібере
жаздап барып, өзін өзі әрең тежеді. Өткен-кеткен кісілерден ұялды.
Өз атына мінді де, тауға тартты.
Шора оны Александровка асуының ар жағында қуып жетті. Арт
жағынан жорғаның таныс дүбірі естілуі-ақ мұң екен, Танабай
өкпелеген балаша ернін жымқырып, сыздана қалды. Артына бұрылған
жоқ. Өкпесі қара қазандай, қаны қарайып қатып қалған. Мына Шора
ол үшін тіпті де бұрынғы Шорадай емес. Бүгін де, Қашқатаев даусын
көтеріп, жекіріп қалып еді, кластағы оқушыға ұсап үн-түнсіз отыра
кетті. Бүйте берсе не болмақ? Халық оған сенеді, ал бұл халыққа
шындықты айтудан қорқады. Қу басының қамын ойлайды, аңдап
басып, абайлап сөйлейді. Ау, мұны қайдан үйренген? Жарайды,
Танабай өмірден артта қалған, жай шаруа. Ал, Шора болса сауатты,
өмір бойы ел басқарып келеді. Ау, сонда ана Сегізбаевтар мен
Қашқатаевтардың айтқаны дұрыс емес екенін Шора шыннан сезбей
ме? Олардың сөздерінің сырты жылтырауық, іші қалтырауық екенін
аңламай ма? Бұ Шора кімді алдайды сонда, не үшін?
Шора оны қуып жетіп, еті қызу жорғаның басын тартып,
қатарласа бергенде де, Танабай оған бұрылып қарамады.
– Ау, Танабай, екеуміз бір қайтамыз ғой деп жүрсем, қарамай кетіп
қалыпсың, – деді Шора ентігін баса алмай. – Қараймын, жоқсың...
– Не керек саған? – деп бұрылмай дүңк етті Танабай. – Өз
жөніңмен жүре бер.
– Кел, сөйлесейікші. Ары қарама, бері қара, Танабай. Кәдімгі
достарша, коммунистерше бір сөйлесейікші, – деп бастай беріп Шора
мүдіріп қалды. Танабай оны шорт кесіп тастады.
– Мен сенің досың емеспін, керек десең, бұдан былай коммунист
те емеспін. А л сен де алдақашан коммунист болудан қалғансың. Тек
бер жағыңмен ғана амалдап жүрсің...
– Бұл сенің шының ба? – деді Шора міңгірлеп.
– Әрине, шыным. Абайлап сөйлеуді әлі үйренгенім жоқ. Қай
жерде қалай сөйлеп, қалай қою керек, оны да білмеймін. Жә, хош. Сен
тіке кетесің. Менің жолым – бұрылыс. – Танабай атының басын бұрып,
жолдан шықты да, бұрылмастан, досының бет-жүзіне тым құрыса бір
рет те қарамастан, жолсызбен тура тауға тартты.
Шораның түрі өліктей құп-қу боп кетті де, үні шықпай, Танабайға
бірдеңе демекші болып қолын соза берді де, артынша бүрісіп, бүк
түсіп, кеудесін қолымен басып, аузымен ауаны әрең қармап жорғаның
жалына құлай кетті. Мұның бәрін Танабай көрген жоқ.
– Ой, жаным, – деп сыбырлады Шора жүрегінің сыздап
ауырғанына шыдай алмай бүк түсті. – Ой жаным-ай! – деп қырылдады
ол тынысы тарылып, көгеріп бара жатып. Тезірек үйге жет, Гүлсары,
тезірек.
Жорға оны қап-қараңғы, қу мекиен даламен айылға қарай алып
ұшты. Мына адамның үрейлі үні атқа естілді, әлдеқандай әзірейіл лебі
сезілгендей қорқынышты еді. Гүлсары құлағын жымитып алды,
үрейлене пысқырынып қойып, заулап барады. Ал, ер үстіндегі адам
азап құшағында ышқына қиналып, ат жалына қолымен де, тісімен де
жанталаса жармасып келеді. Түнделетіп тайпалған Гүлсарының
мойнынан тізгін шұбатыла түсіп кеткен.
20
Танабай әлі түнделетіп тауға тартып бара жатқан шақта, атқа
мінген хабаршы айылдың көшелерімен иттерді шулатып айқайлап
шапқылап жүр еді.
– Ей, кім бар-ай, үйде? Шық бері! Тез партия жиналысына жүр!
Кеңсеге жинал!
– Не боп қалды? Неге асығыс?
– Білмеймін, – дейді хабаршы. – Шора шақырып жатыр. Тез келсін
дейді.
Шораның өзі бұл кезде кеңседе отырған. Иығын столға тіреп,
бүрісіп, аузымен ауа қармап, бес саусағымен көйлектің ар жағындағы
көкірегін уыстап ұстап алған. Азаптан ыңырсып, ернін тістелейді.
Көгілдір тартқан жүзіне суық тер шып-шып шыға береді, көзі үңірейіп
ішіне кіріп кеткен. Әлсін-әлсін талықсып кетеді, сол кезде ол әлі де тас
қараңғы түнде жорғаға мініп жортып келе жатқандай көрінеді.
Танабайды айқайлап шақырғысы келеді, ал Танабай болса қоштасарда
мұның көкірегіне инедей қадалып, шоқтай күйдіріп түскен сөздерді
айтып салып, артына қайырылып та қарамай тартып отырды.
Танабайдың сөздері жүрегін өртеп, жанын шырылдатып шыжғырып
барады.
Шора әлгінде әрең дегенде атқораға жетіп жығылған. Сонда
шөптің үстінде жатып біраз әлі кірген соң, оны кеңсеге атшылар
қолтықтап алып келді. Атшылар оны үйіне жеткізіп салмақшы еді,
Шора көнбей қойды. Коммунистерді шақырып келуге кісі жіберіп, өзі
енді соларды минут сайын асыға күтіп алқынып отырғаны.
Шырағданды жағып беріп, Шораның өзін қалдырды да, күзетші
кемпір ауыз үйде пештің жанында қыбырлап жүріп алды. Оқтын-
оқтын есіктің саңлауынан іш жаққа қарап қойып, күрсіне бас
шайқайды.
Кісілерді күтіп Шора отыр, ал уақыт шіркін бір-бір тамшыдан
кетіп жатыр. Оның пешенесіне берілген өлшеулі ғұмыр әрбір секунд
сайын ап-ауыр ащы тамшыдай тырс-тырс тамып таусылып барады.
Оның кәдірін Шора міне тап қазір жерортадан асып, ақырғы сағат
таянғанда біліп отыр. Бір тыным таппай жұмыс-жұмыс деп жүргенде
күллі өмірі байқаусызда өте шығыпты. Арманы көп еді, бәрі бірдей
орындала бермеді, мақсатының кейбіріне жетті, кейбіріне жетпеді.
Арпалысты, адал болуға тырысты, бірақ кейде табаныма батпасын деп
ойқыш-ойқыш жерлерді айналып өтпекші болып, ымырашылдыққа
барған жерлері де болды. Бірақ ол қияқ тасты айналып өте алмады. Өзі
бетпе-бет келуден сескеніп жүретін күш оны енді жарға әкеліп тіреп
қойды. Шегінерге жері жоқ, жолдың біткен жері еді бұл. Әттең дүние,
мұндай боларын бұрынырақ білсе ғой, жұрттың көзіне тура қарауға
бұрынырақ ұмтылғанда ғой...
Ал уақыт шіркін ап-ауыр ащы тамшыдай тырс-тырс тамып
таусылып барады. Кісілер мұнша кешігер ме, мұнша ұзақ күттірер ме!
«Апыр-ай, айтып үлгірсем екен, – деді Шора үрейленіп. – Тек
айтып үлгірсем екен! Өшіп бара жатқан өмірді үнсіз ащы айқаймен
тоқтатардай жанталасты. Өзіне өзі дем беріп, соңғы соғысқа
дайындалды. – Бәрін бүкпей айтамын. Істің қалай болғанын, бюроның
қалай өткенін, Танабайды партиядан қалай шығарғанын – бәрін
айтамын. Білсін бәрі: Танабайды партиядан шығаруға мен келіспеймін.
Алданов туралы пікірімді де айтамын. Мейлі, менен кейін талқыласын
оның мәселесін. Коммунистер өздері шешсін. Өзім туралы да
жасырмай айтамын. Колхозымыз туралы, адамдарымыз туралы
айтам... Тек үлгерсем екен, тезірек келсе екен жұрт, тезірек...»
Бірінші болып әйелі жүгіріп жетті. Қолында дәрісі бар. Үрейі
ұшып, дауыс қылып, жылап жүр:
– Ойбай-ау есің дұрыс па сенің? Жиналысқа тоятын уақытың
болған жоқ па, сірә? Жүр үйге. Қарашы, өзің түріңе. Құдайым-ау, тым
болмаса өзіңді аясаңшы!
Құлақ қояр Шора болмады. Дәрісін ішіп, қолын сермеді. Тісі
стаканға тиіп сақ-сақ етеді, омырауына су төгіліп кетті.
– Ештеңе етпейді, тәуір боп қалдым енді, – деді ол ентігін басуға
тырысып. – Сен есіктің алдында күте тұр, жиналыс біткен соң мені
үйге алып қайтасың. Қорықпа, бара ғой.
Сырттан кісілердің келе жатқан абыр-сабыр дыбысы естілгенде
Шора бойын жазып, аурудың азабын тұншықтырып тастап, өзінің
ақырғы парызын орындау үшін бар күшін жинап бақты.
– He боп қалды? Не болды, Шора? – деп сұрады келген кісілер.
– Ештеңе де болған жоқ. Бәрі жиналсын, қазір айтамын, – деді
Шора.
Ал уақыт шіркін ап-ауыр, ащы тамшыдай тырс-тырс тамып
таусылып барады.
Коммунистер жиналып болған кезде парторг Шора Саяқов
орнынан тұрды да, басынан бас киімін алып қойып, партия
жиналысын ашық деп жариялады...
21
Танабай үйіне түнделетіп жетті. Жайдар тысқа фонарь алып
шыққан. Күні бойы күтіп, екі көзі төрт болып еді.
Бір көргеннен-ақ күйеуінің аса ауыр соққыға ұрынғанын аңғарды.
Танабай үн қатпастан аттың ауыздығын алып, ер-тоқымын сыпырды,
Жайдар болса фонарьмен жарық түсіріп тұр, Танабай әлі ләм деген
жоқ. «Құдай-ау, тым болмаса ауданнан арақ ішіп мас боп қайтсашы,
сонда мұнша күйзелмес пе еді» – деді Жайдар ішінен. Танабай әлі тіс
жарған жоқ, оның үнсіздігі үрей тудыра бастады. Жайдар болса оған
жаңалық айтып қуантпақ – там-тұм жем-шөп, сабан, арпаның ұны
жеткізілген еді, ептеп күн жылынып, қозылар бүгін далаға
шығарылып, көкке жайылған-ды.
– Бектайдың отарын бөліп әкетті. Жаңа шопан жіберіпті, – деді
Жайдар.
– Бектайдың да, отардың да, сенің шопаныңныц да енесін...
– Шаршадың ба?
– Немене шаршадың ба? Партиядан қуып жіберді!
– Жайырақ, сақманшылар есітеді.
– Немене жайырақ? Несіне жасырамын? Иттен де бетер қылып
жіберді!
– Жайырақ, сақманшылар есітеді.
– Немене жайырақ? Несіне жасырамын? Иттен де бетер қылып
қуып жіберді. Өзіме де сол керек. Саған да сол керек. Бұл аз әлі. Неғып
тұрсың сілейіп? Неменеге қарайсың, танымай тұрсың ба?
– Бар, дем ал.
– Өзім білем.
Танабай қораға кіріп кетті. Қойды аралап көрді. Одан шығып,
қотанды аралады. Қараңғыда жүріп-жүріп, қайтадан қораға кірді.
Тыным таппай, тыпырши берді. Тамақ та ішпей қойды, ешкіммен
сөйлеспей де қойды. Бұрышқа үйілген сабанның үстіне гүрс етіп құлай
кетті де, тырп етпестен жатып қалды. Өмір дегенің, тіршілік, күйбең,
уайым дегенің бір тиын ғұрлы болмай қалған сияқты. Бәрінен
түңілген, тұлабойын самарқау салдауыр басқан, тірі боп жүргісі де
жоқ, ештеңе ойлағысы да келмейді, ешкімді, ештеңені көргісі де
келмейді.
Ары-бері аунақши береді, дүн-дүниені тарс ұмытып, ұйықтағысы
келеді, бірақ ұйықтай алмайды: ойлар, елестер анталап жан-жақтан
қамалай түседі. Әне, аппақ қарда қап-қара ізі қалып Бектай кетіп
барады. Әне өзі сол Бектайдың қорлығына қайтарып сөз тауып айта
алмай тұр. Әне, Сегізбаев жорғаның үстінде ақиланып, ақырып-
жекіріп Танабайды түрмеге отырғызамын деп барынша балағаттап
балпылдап тұр. Әне, өзі зиянкес, халық жауы ретінде аупарткомның
бюросында отыр. Сонымен бар өмір жолы тұйыққа тірелген. Соның
бәрі көз алдына келгенде Танабай қайтадан ұшып тұрып, айырды ала
салып мына қараңғы түнде бар әлемге бар даусымен айқайлап,
бақырып-шақырып мойны астына түсіп құлап жығылғанша жүгіре
бергісі келді, жүгіре бергісі келді.
Көзі ілініп бара жатып, бүйтіп жүргенше өлген жақсы деді. Иә,
өлген жақсы!..
Оянса – басы зіл қаратас. Көпке дейін есін жия алмай, қайда
жатқаны, неғып жатқанын біле алмай отырды. Жанынан қойлар
пысқырынып, қозылар маңырады. Е, қорада жатыр екем ғой. Далада
таң қылаң беріп қалыпты. Неге ғана оянған? Неге? Одан да біржолата
оянбай қалсайшы. Өлгеннен басқа не қалды, өлген жақсы...
...Содан соң өзенге барып, алақанымен іліп алып су ішті. Жағасы
мұз моншақты, тіс сырқыратар салқын су. Уыстап алған су дірілдеген
саусақтарының арасынан сауылдап қайта төгіледі, Танабай қайтадан
іліп алып, омырауына су төгіліп, тағы ішеді. Демін алып, есін жиған
кезде барып, өзіне өзі қол салмақ болған дүлей ойының оспадарсыз,
орынсыз, ожар әрекет екенін ұқты. Адам баласына бір-ақ рет берілетін
өмірді қалай ғана дәті барып қия алады? Сегізбаев сияқтыларға бола
өмірден безуге бола ма? Жоқ, Танабай әлі жер басып жүріп, әлі талай
тірлік тындырады!
Үйіне қайтып келіп, мылтық пен оқшантайды ешкімге
білдірместен тығып қойды да, күні бойы ыждаһатпен жұмыс істеді.
Әйеліне, қызына, сақманшыларға жылы-жылы сөйлеп, ақжарқын
жүрмек болуға тырысты, бір жағынан олар әлдеқалай сезіктеніп қалар
деп те тосылды. Әйелдер жағы бейнебір елеулі ештеңе бола
қоймағандай-ақ, жұмыстарын істеп жүре берді. Мұнысы үшін Танабай
оларға риза болып, үн-түнсіз жүріп, тірліктен қолы босаған жоқ.
Өріске барып, қойларды қайырысып келді.
Кештете күн бұзыла бастады. Жаңбыр жауа ма, қар жауа ма –
әйтеуір түнеріп тұр. Тауға тұман түсіп, аспанды ауыр бұлттар торлаған.
Тағы да жас төлді суықтан сақтаудың сары уайымы сарнады. Қораны
қайтадан тазалап, астына сабан төсемесе, топалаң тағы тиеді. Танабай
түнеріп қалды, бірақ күйреуік халге кетпес үшін, алдағы михнатты
ұмытуға тырысты.
Қас қарайып қалғанда бір салт атты жетіп келгені. Оны Жайдар
көрді. Екеуі әлдене деп сөйлесіп біраз тұрды. Бұл кезде Танабай
қораның ішін тазалап жатқан.
– Бері шығып кетші. Кісі келді, – деді әйелі есіктен қарап. Танабай
әйелінің бұл шақырысынан әлдебір жайсыз хабардың нышанын сезіп
қалды.
Сыртқа шығып, келген кісімен амандасты. Көрші сайдағы шопан
екен.
– Ә, Айтбаймысың? Аттан түс. Қайдан жүрсің?
– Айылдан. Бір жұмыспен барып едім. Саған хабар айт деді. Шора
қатты ауырып жатыр екен. Сені келсін десіп қалды.
«Әй, осы Шора-ақ!» – деп қара қазандай өкпесі қайтадан өрепки
бастады. Шораны көргісі жоқ-ақ.
– Мен не, доктор ма екенмін? Ауырса, баяғыдан ауырады. Онсыз
да жұмысым басымнан асып жатыр. Ауа райының бұзылып келе
жатқаны мынау.
– Өзің біл, Танеке. Барсаң да, бармасаң да – өз еркің. Мен
аманаттан құтылдым. Сау бол. Мен жүрмесем болмас, қараңғы түсіп
кетті.
Айтбай атын тебініп қалып, қайта тоқтады.
– Дегенмен ойлан, Танеке. Ауруы қатты. Оқудағы баласын
шақыртыпты. Станциядан күтіп алуға кісі кетті.
– Хабар айтқаныңа рахмет. Бірақ мен бармаймын.
– Барады, барады, – деді ұялғаннан Жайдар.
Танабай үндемей қалды да, Айтбай ұзаққырап кеткен соң әйеліне
алая қарады:
– Сен мен үшін жауап бергеніңді қой. Өзім білемін. Бармаймын
дедім, – бармаймын.
– Не айтып тұрғаныңды ойлашы өзің, Танабай!
– Ойлайтын түгі де жоқ. Жетті енді. Көп ойлаймын деп ақыры
партиядан да қуылдым. Менің ешкімім де жоқ. Жазатайым, ауырып
жатып қалсам – ешкім келмей-ақ қойсын. Жалғыз жатып өлемін! – деп
қолын бір-ақ сілтеді де қораға кіріп кетті.
Бірақ көңілі құрығыр қобалжи берді. Туған саулықтың төлін
алып, қозыларды бұрышқа апарып салып, қақсаған қойларға ақырып,
итермелей жүріп, ара-арасында өзіне-өзі күңкілдеп қояды:
– Жұмыстан баяғыда кетсе ғой, бүйтіп жаны қиналмас еді. Өмір
бойы ауырып, жүрегін ұстап ыңқылдап жүрсе де аттан түспейді.
Бастықтығыңа болайын өйткен. Бұдан кейін сені көрсем – көзім
шықсын. Өкпелесең өкпелей бер, менің де өкпем бар. Ешкімнің жаны
ашымайды...
Түнек түн түскен. Қиыршық қар себелей бастады. Айнала құлаққа
ұрған танадай орнағаны сонша, қиыршық қардың анда-санда жерге
тырс-тырс түсіп жатқан сыбдыры да естілді.
Танабай әйелімен сөйлесуден тайқақсып, үйіне бармай қойды.
Әйелі де келмеді. «Келмесең келме, – деді Танабай. – Мені зорлап
жібере алмайсың. Маған енді бәрібір. Енді Шора екеуміз бір бірімізге
бөтен жандармыз. Оның жолы бір басқа, менің жолым бір басқа. Бір
кезде дос едік, енді бітті. Дос екені шын болса, бұрынырақ қайда
қалды?
Жоқ,
маған
енді
бәрібір...»
Дегенмен Жайдар өзі келді. Танабайдың плащын, жаңа етігін,
белбеуін, қолғабын, біркиер бөркін ала келді.
– Киін, – деді.
– Босқа әуре болма, бәрібір мен ешқайда бармаймын.
– Уақытты кетірме. Өмір бойы опық жеп жүрме кейін, кім біледі...
– Несіне опық жемекпін. Шораны құдай алмайды, қорықпай-ақ
қой. Біраз жатады да тұрады. Бір бұл емес қой...
– Әй, Танабай, сенен мен ешуақытта ештеңе өтінген емеспін. Енді
өтінемін. Ашуыңды да, басыңа түскен ауыртпалықты да маған қи. Бар
енді. Кісілікті ұмытпа. Ел не дейді?
– Жоқ, – Танабай басын қасара шайқады. – Бармаймын. Маған
енді бәрібір. Адамгершілікті, парызды ойлайсың сен. Ел не дейді? Не
десе о десін. Маған бәрібір.
– Қой, ойлан, Танабай. Мен үйге барып отқа қарай тұрайын, киізге
шоқ түсіп кетер.
Танабайдың киімін қалдырып, Жайдар үйге кетті. Бірақ Танабай
орнынан қозғалар емес. Бұрышта отырған қалпы, өзін өзі жеңе
алсашы, Шораға айтқан сөздерін ұмыта алсашы. Енді барып:
«Амансың ба, көңіліңді сұрай келіп ем, денсаулығың қалай? Не көмек
керек?» – деп тұрсам ғой. Жоқ, мұндай әдет Танабайда жоқ.
Жайдар қайтып келді.
– Әлі киінбегенсің бе?
– Мазамды алмашы. Айттым ғой, бармаймын деп...
– Тұр орныңнан! – деп қаһарлана айқайлап жіберді Жайдар. Оның
бұйрығына көніп, солдат құсап орнынан атып тұрғанын Танабайдың
өзі де сезбей қалды. Жайдар жақындап келді, фонарьдың көмескі
жарығымен оның қайғы-мұң, ашу-ыза араласа от шашқан көздері
көрінді. – Рас еркек емес, рас адам емес, аузы ырбиған қатын болсаң,
онда сен үшін мен-ақ барайын. А л сен қал да, отыр мұрын боғыңды
ағызып. Мен қазір кетем, тез бар да атты ертте!
Танабай айтқанына көніп, атты ерттеуге кетті. Қиыршық қар
себелеп тұр. Тас қараңғы түнек терең иірімдегі суға ұсап у-шусыз баяу
қозғалып жатқан сияқты. Қараңғыда тау да көрінбейді. «Құдайдың қу
ңырсығы! Осы түнде қайда барады? – дейді Танабай қараңғыда аттың
арқасына ер-тоқым салып жатып. – Айтып көндіре де алмайсың енді
оны. Жоқ, көнбейді. Айтқанынан қайтпайды, өлтірсең де қайтпайды.
Ау, мына түнде адасып кетсе – не болмақ? Мейлі, өзінен көрсін...»
Танабай атты ерттеп тұрып, өзінен өзі ұялғаны. «Айуан
тақілеттеспін өзім де. Өкпелеп, өле жаздаппын ғой. Жұрттың бәріне
бейшара болып көрініп, менің қасіретімді көрдіңдер ме дегендей,
өзеурегенім не сонша, әйелді де жүдетіп болдым. Оның кінәсі не?
Оның жанын қинағаным неғылғаным? Ай, өзім де оңбаймын-ау. Оңар
қылығым жоқ, жарамсыз біреумін-ау. Айуан боп кеткенім не?..»
Осылай әрі-сәрі боп біраз тұрды. Айтқанынан қайтуға да арланды.
Басын тұқшитып, сүзеген бұқаға ұсап қайтып келді.
– Ерттедің бе? – деді Жайдар.
– Иә.
– Онда киін. – Жайдар плащты ұсынды.
Танабай үн-түн жоқ, киіне бастады. Әйелінің райына риза болып,
қуанып тұр. Сонда да болса қиналғансып:
– Бәлкім, таң атқанша күте тұрармыз? – деді.
– Жоқ, қазір аттан. Кешігіп қаласың.
Таудың түні түпсіз иірімдей тұңғиық. Көктемнің соңғы қары
жапалақтап жауып, жерге қалықтап түсіп жатыр. Қайтып көрместей
боп ажырасқан досының шақыруымен жападан-жалғыз түн қатып
Танабай тартып келеді. Қолы-басына, иығына, сақалына қар тұрып,
қауқиып қалған. Танабай оны қағып тастамай, ер үстінде қақайып
отыр. Осылай бір отырып ойға кеткен де ыңғайлы. Өткен-кеткен
күндерді ойлайды, баяғы. Бозбала күндер. Шора да жас еді, айылдың
ағартушысы сол, жұрттың сауатын алғаш ашқан Шора болатын. Бірге
комсомолға, одан соң партияға өткен Шора екеуі. Шора екеуі канал
құрылысында бірге жұмыс істегені де есінде. Танабайдың суреті
басылған, екпінділігі туралы жазылған газетті бірінші болып Шора
көрсетіп, бірінші болып қолын алып құттықтағаны да есінде.
Танабайдың Шораға деген мұз боп қатқан көңілі енді-енді
қайтадан жіби бастады. Сонда жүрегі құрғыр елжіреп: «Апыр-ай,
Шора қайтіп қалды екен? Қиналып жатыр ма екен? Шыннан ауруы
қауіпті болғаны ма? Әйтпесе оқудағы баласын неге шақыртады?
Әлдене айтып қалғысы келе ме екен? Ақылдасып, арыздасып
қалмақшы
ма?»
Таң қылаң берді. Қар әлі жауып тұр. Танабай атын тебініп, желе-
жортып жөнелді. Анау бір қырдан асса – ар жағында ойпаңда айыл
жатыр. Шора қайтіп жатыр екен? Тезірек жетсе екен.
Кенет айыл жақтан таңғы тыныштықты бұзып, азынауық бір
дауыс талып жетті. Әлдекімнің аңыраған үні аспан астын қанжармен
сөгіп жібергендей шар-р етті де, шорт тиылды. Танабай аттың басын
тартып, желге құлақ тосты. Ештеңе естілмейді. Сірә, жәй бір елес
болар.
Желе шауып қырқаның үстіне шыға келген. Ылдида ақ қар
жамылған сидаң бау-бақшаның арасында көсіліп айыл жатыр. Бұл бей
уақытта көшеде әлі қыбыр еткен жан жоқ. Тек бір үйдің алдында ғана
опыр-топыр адам, ағашқа байлаулы аттар тұр. Ол Шораның үйі еді. Ау,
мұнша жұрт жиылғаны несі? Не боп қалды? Шынымен-ақ...
Танабай үзеңгіге аяғын тіреп, көтеріле беріп, тұншығып бара
жатқандай-ақ мұздай ауаны аузымен қармап, аптыға жұтты да, селт
етпей біраз тұрып, төбеден төмен құлай шапты. «Мүмкін емес!
Қалайша? Мүмкін емес!» Сірә, Шорадан бір жаманат болса, оған дәл
өзі кінәлі адамдай Танабайдың көңілі әлем-жәлем. Жалғыз досы Шора
мәңгі қоштасар алдында келсін деп шақырғанда қырсығып, оспадар
мінезбен қыңырайып, өкпесі қабынып, өті жарылып отырып алып еді.
Ау, енді қарабет болмаса нетті! Жайдар неге бетіне түкіріп
жібермеген? Не деген жетесіздік! Ақырет алдында жатқан адамның
соңғы тілегінен ауыр парыз болар ма, сірә? Оны орындамағаны – не
болғаны!
Ауданнан қайтқанда Шораның жорғамен өзін қуып жеткені тағы
да көз алдына келе қалды. Сонда Шораға айтқан сөзі-ай! Апыр-ай,
өзін-өзі сол үшін қайтсе кешпек? Қар басқан көшеге түсіп, Танабай өз
ойынан күйіп-жанып, кірерге жердің жарығын таба алмай келе
жатқанда кенет алдынан бір топ аттыны көрді. Шораның үйіне қарай
қаптап барады екен. Үн-түнсіз қозғалған қол бір уақыт бәрі бірден
ақырата дауыс қылып, ат қойып шаба жөнелді:
– Ойбой, бауырым-ай! Ойбай, бауыр-е-ем!
«Қазақтар келген екен» – деді ішінен Танабай. Сонда барып сорлы
көңіл сол сұмдықтың растығына көзі жетті: Шора өлген екен!
Күркіреуік өзенінің арғы бетінде жатқан қазақтар Шораны өз
туғанындай көріп, әмме аймаққа сыйлы, қадірлі кісі ретінде
құрметтеп, қазасына қайғырып, судан өтіп, ертелете жетіп келген екен.
«Рахмет, сендерге, қазақ туғандар, – деді сонда Танабай. – Ата-
бабамыздан бері қарай қайғырсақ – қайғымыз ортақ; қуансақ –
қуанышымыз ортақ; той-томалақ, бәйге жарыс, көкпар ортақ.
Жылаңдар, туғандар, жылаңдар мына Шорасыз қалған бізбен бірге!»
Сөйтті де Танабай айылдың үстін азынатып, таңғы шақта
шарылдап:
– Шора-а-а! Шора-а-а-аі Шора-а-а! – деп айқай салды. Ат үстінде
екі жаққа кезек-кезек теңселіп, бұл дүниеден өткен досын жоқтап, белі
бүгіліп, қабырғасы сөгіліп, көзінен жас төгілді.
Аулаға да жақындап қалды. Әне, анау байлаулы тұрған Гүлсары.
Үстіне қара жауып қойыпты. Қараға қар түсіп, еріп кетіп жатыр. Иесіз
қалған есіл жорға. Қаралы жамылғымен осылай байлаулы тұл тұрмақ
енді.
Танабай атының жалын құша құлап, қайтадан көтеріле беріп, тағы
құлады. Көз алды – тұман, адамдар елес сияқты, айнала жылаған
дауыс. Әлдекімнің:
– Танабайды аттан түсіріңдер! Шораның баласына алып
барыңдар! – дегенін де Танабай естіген жоқ.
Бірнеше адам Танабайды аттан сүйеп түсіріп, қолтығынан демеп,
қалың жұрттың арасымен алып кетті.
– Кеш мені, Шора, кеш! – деп жылады Танабай.
Аулада дуалға бетін беріп, Шораның студент баласы Самансұр тұр
екен. Көзінің жасы көл болып, бері бұрылып, Танабай екеуі
құшақтасып көрісті.
– Сенің әкең жоқ енді! Менің Шорам жоқ енді! Кеш мені, Шора,
кеш! – деп боздады Танабай.
Кісілер келіп екеуінің құшағын жазды. Сонда барып Танабай
жақын жерден, әйелдердің арасынан Бүбіжанды көріп қалды. Бүбіжан
Танабайға қарап, көзінен жасы мөлт-мөлт төгіліп тұр екен. Танабай
бұрынғыдан бетер өкіріп жылады.
Бұл жылауда көп қасірет қамалып жатқан. Соның бәрі енді көз
салып көре алмаған, қатесін қайтып дер кезінде ала алмағанына
жылайды. Қасында тұрған Бүбіжан үшін, тағдыр екеуін қоспағаны
үшін, арманда кеткен асыл махаббат үшін, сонау бір сұрапыл нөсерлі
түн үшін, Бүбіжанның жарсыз жалғыз қалып, жар қызығын көрместен
қартайғаны үшін жылайды. Қара жамылып тұл тұрған Гүлсары үшін
де, өзінің өкінішті өкпесі үшін де, көрген михнат-таухіметі үшін де,
көкіректе көптен шемен боп жатқан өксігі үшін де жылайды. Бұл
жылауда нелер жоқ дейсің...
– Кеш мені, Шора, кеш! – дей береді. Тек Шорадан ғана емес,
кешірімді Бүбіжаннан да сұрап тұрған сияқты.
Сонда Танабай: Бүбіжан бері келсе екен, көзімнің жасын өз
қолымен сүртсе екен, жұбатса екен мені деп тілеп тұрды. Бірақ
Бүбіжан келмеді, келместен о да жылады-ау...
Танабайды басқалар жұбатты:
– Сабыр, Танабай, сабыр қыл. Көзіңнің жасын көл етпе. Енді
бәрібір Шора қайтып келмейді. Сабыр қыл.
Сонда да Танабай одан бетер егіліп, көкірегі қапа мұңға көміліп,
көзінің жасын тия алмай солқылдады.
22
Түс ауып, күн қайтқанда жерленді Шора. Мелшие қалған
бұлттардың арасынан күн дидары ауру көздей сығырайып әрең
көрінеді. Ауада үлпілдек қар әлі қалықтап жүр. Шораны ақырғы
сапарға алып шыққан қаралы тізбек ақ даланы қақ жарып ағып болып,
ақ даладан алғаш рет арна салып келе жатқан сияқты. Алдыда
шанағын жайдақтаған ашық машинаның үстінде ақ жуып арулап ақ
киізге орап, құндақтап тастаған Шораның денесі жатыр. Жанында
әйелі, балалары, туыстары отыр. Басқалардың бәрі салтатты. Тек екеу
ғана машина соңынан жаяу келеді. Біреуі – Шораның ұлы Самансұр,
біреуі – Танабай. Танабайдың жетегінде досының аты – ер-тоқымы
иесіз, қаралы тұл Гүлсары бар.
Айылдың шетіне шыға жол үстін теп-тегіс, ұлпа қар басқан екен.
Қаралы тізбек өткен жерде ат тұяғы шұбарлаған жап-жалпаң жолақ
қарайып қала берді. Адамдар Шораның ақырғы жолының белгісін
салып бара жатқандай. Жол келіп төбе үстіндегі зиратқа тірелді.
Шораның жолы қайырылмастай боп осы бір төбеге жетіп тоқтады.
Танабайдың жетегінде жетім қалған Гүлсары. Ішінен оған:
«Солай, Гүлсары, екеуміз Шорадан айырылдық. Енді Шора жоқ... Ана
жолы сен неге маған айқай салып тоқтатпадың? Құдай саған тіл
бітірмеген ғой. Ал, мен болсам тілім бар адам бола тұра, тілсіз хайуан
сенен жаман екенмін. Досымды жолға тастап, қайырылмастан,
қарамастан кете беріппін. Шораны мен өлтірдім, аяусыз ащы тіліммен
өлтірдім...» – деді.
Зиратқа жеткенше, бүкіл жол бойы Танабай Шорадан кешірім
сұраумен болды. Мүрдеге Самансұр екеуі түсіп, Шораны өзінің
мәңгілік мекен-жайына жатқызып болып та Танабай қайта-қайта:
– Кеш мені, Шора. Қош. Естимісің, Шора, кеш мені!.. – деп тіледі.
Әуелі Шораның үстіне уыс-уыс топырақ түсті, содан бара-бара
топырақ тасқыны күрекпен жан-жақтан борап берді. Шұңқыр толып,
жас топырақ төбе пайда болды.
Кеш, Шора!.. Кешіре гөр!..
Астан соң Самансұр Танабайды оңаша шығарып алып:
– Танеке, сізде шаруам бар еді, сөйлесейік, – деді.
Екеуі аула арқылы адамдардың арасынан, түтіні будақтаған
самауыр, жер ошақтардың тұсынан өтіп, үй артындағы бауға шықты.
Арықтың ернеуімен жағалай жүріп отырып, бақшадан өтіп, құлаған
ағаштың жанына барып тоқтады. Әлгі ағашқа отырысты. Әркім өзімен
өзі, екеуі де үнсіз. «Өмір деген осы, – деді Танабай. – Мына Самансұр
күні кеше жүгіріп жүрген бала еді, енді ер жетіпті. Қайғыдан да есейе
түскен, сірә. Енді Шораның орнын осы басты. Енді екеуміз қатар
кісідей сөйлесеміз. Өзінің жөні де солай ғой. Әкенің орнын ұлы басар.
Ұлдар ұрпақты жалғастырады, әкелердің ісін алға апарады. Әкесіндей
болсын, ылайым. Бізден де гөрі ақылды, бізден де гөрі білімді болып,
бізден де гөрі биікке көтеріліп, өздерін де, өзгені де бақытты етсін
балалар. Біз сол үшін де әкеміз, баланы бізден де білімдар, білікті
болсын деп тілейміз. Өмірдің мәні сонда ғой.»
– Самансұр, енді сен үй иесі боп қалдың, – деді Танабай шалдарша
сақалын сипап қойып. – Енді сен Шора орнына Шорасың. Мен сені
Шораны тыңдағандай тыңдамақпын. Сөйле!
– Мен сізге әкемнің аманатын айтпақпын, Танеке, – деді
Самансұр.
Танабай Шораның даусын естіп тұрғандай селк ете қалды. Енді
аңлап қараса баласы әкесінен, әкесінің жас кезінен аумай қалған екен.
Шораның жас кезін Самансұр білмейді, Танабай біледі. Аумайды-ау,
аумайды. «Әкең өлсе – өлсін, әкеңді көрген өлмесін» деген осы-ay.
Шораны білетін адам барда, Шора өлмек емес.
– Құлағым сенде, балам.
– Мен келіп жеткенде әкем әлі тірі екен, Танеке. Қайтыс
боларынан бір сағат бұрын, кеше кешке жеттім ғой. Ақтық демі
біткенше ақылынан танған жоқ. Сізді, Танеке, өте көп күтті. «Танабай
қайда? Келмеді ме?» деп сұрады да жатты. Біз оны Танекең жете алмай
жолда келе жатыр, әне келеді, міне кеп қалады, деп алдауратып
бақтық. Сірә, сізге әлдене айтпақ болды-ау деймін. Айта алмай кетті.
– Солай, Самансұр, солай. Көрісуіміз керек-ақ еді. Несін айтасың.
Өзіме өзім кешпеспін. Мен кінәлімін. Кезінде келе алмаған кінә
өзімнен.
– Сөйтіп әкем сізге мынаны айт деп тапсырды. Ұлым, менің
Танекеме айт: кешірім сұраймын одан, маған өкпе сақтамасын
көңілінде. Аупарткомге менің партбилетімді өзі алып барып
тапсырсын. Ұмытпай айт: менің билетімді Танабай өз қолымен
тапсырсын. Осыны айтты да, әкем талықсып кетті. Қиналып жатты.
Сөніп бара жатып та әлдекімді күтіп жатқандай болды. Ерні
қыбырлап, әлдене деп жатып, жылады.
Танабайда үн жоқ. Өксіп отырып, сақалын тарамдай берді.
Дүниеден Шора өтті. Танабай екеуі бір кісідей еді. Шора енді өзімен
бірге Танабай болмысының жартысын, өмірінің жарымын ала кетті.
– Рахмет, Самансұр, айтқан сөзіңе рахмет. Сенің әкеңе де рахмет,
– деді ақыры Танабай жылағанын қойып. – Мені бірақ бір нәрсе қинап
тұр. Мені партиядан шығарып жібергенін білетін шығарсың?
– Білемін.
– Мен қалайша партиядан шығарыла тұрып Шораның партбилетін
аупарткомға апармақпын? Оған правом жоқ.
– Қайдам, Танеке. Өзіңіз біліңіз. Мен әкемнің ақырет алдындағы
аманатын сізге жеткіздім. Әкемнің ақырғы сөзін орындауыңызды
сұраймын сізден.
– Сөзіңнен садаға кетейін, Самансұр. Бірақ әлгіндей бәлеге
ұшырадым ғой. Өзің апарып тапсырсаң қайтеді, Самансұр?
– Жоқ, болмайды. Әкем, әрине, аманатты кімге тапсырарын біліп
айтты ғой. Сізге әкем сенгенде, мен неге сенбеймін?
Аупарткомдағыларға айтыңыз: коммунист Шора Саяқовтың ақтың
сапар алдындағы аманаты осылай болды деңіз.
Таң қараңғысында Танабай айылдан аттанды. Бақытты күндер де,
басқа іс түскен қиын-қыстау күндер де айнымай ер қанаты болған есіл
жорға Гүлсары қатқақ жолды тұяғымен қаршылдатып, сарнап ала
жөнелген. Бұл жолы ол қаза тапқан досы коммунист Шора Саяқовтың
ерекше тапсырмасымен аттанған Танабайды алып ұшып келеді.
Алдыңғы жақта көзге ілінбес жер шетінен таң толғатып атып келе
жатты. Ақ таңның аялы құрсағынан жаңа күннің сәулесі туып келе
жатты. Ақ мұнардың арасынан алтын сәуле алқалай жайылып, алаулап
жанып жақындай түскен.
Гүлсары шығып келе жатқан күнге қарай, аспанда әлі сөнбей
жарқырап тұрған жалғыз жарық жұлдызға қарай заулап барады.
Аңырап жатқан қатқақ жол айтулы жорғаның таптап түскен тұяғынан
бір сарынды соғылған барабанша тарсылдады. Танабай жорға
мінбегелі қашан. Гүлсарының шабысы әлі сол баяғы зар күйінде екен.
Қарсыдан соққан жел аттың жалын желбіретіп, Танабайдың бетін
аймалады. Айтары жоқ, Гүлсары әлі тұғырынан таймаған, күш-қуаты
қайтпаған, әлуетті асыл шағында екен де.
Бүкіл жол бойы Танабай ойлай-ойлай басы қатқан бір нәрсе: неге
ғана Шора өлер алдында өз партбилетін аупарткомға апарып өткізуді
күні кеше партиядан қуылған Танабайға аманат айтып қалдырады. Бұл
ненің белгісі? Сынамақшы болды ма? Әлде бұл Танабайды партиядан
шығарумен келіспегенінің белгісі ме екен? Енді мұны анықтау қиын,
енді сұрап біле алмайсың! Енді қайтып Шора ешуақытта тіл қатпайды!
Бұл өмірде: «Енді қайтып ешуақытта...» деген сияқты үрейлі сөздер де
бар, амал не.
Жан-жақтан әрқауым ойлар тағы да қамалап, ұмытайын-ақ,
мүлдем естен шығарып тастайын деген жайларды қайтадан қоздырып,
көз алдыңа келтіреді. Бітті осымен дейін десе, бітпепті әлі. Шораның
соңғы аманатын атқару керек әлі. Қазір ол Шораның партбилетін алып
аупарткомге келеді. Шораның жағдайын, оның қандай адам болғанын,
елге қадірлі, өзіне қимас жан болғанын айтады. Өзі туралы да айтады,
өйткені Шора мен Танабай бір қолдың қос саусағы сияқты адамдар.
Жастық шағын да, жас кезінде Шора мен екеуі қандай қиын-
қыстау күндерді бастан кешіп, қандай жұмыс атқарғандарын да
айтады. Білсін аупарткомдағылар. Мүмкін, түсінер. Танабайды
Шорадан тірісінде де, өлгеннен кейін де бөлектеуге болмайтынын
түсінер жұрт. Тек тыңдар құлақ болса екен. Іштегі жатқан сырды
ақтаруға мүмкіндік берсе екен!
Танабай секретарьдың кабинетіне қалай кіретінін, алдындағы
столға Шораның партбилетін қалай қоятынын, жай-жапсарды қалай
айтып түсіндіретінін көз алдына елестетіп келе жатыр. Өзінің кінәсін
мойнына алып, кешірім сұрайды. Әйтеуір партияға қайтып алса екен,
партиясыз өмір оған өмір емес, партиядан тысқары өмірдің ешқандай
мәні, мақсаты жоқ енді ол үшін.
Ал, «сен партиядан шығарылған адамсың, партиялық документті
әкелуге қандай правоң бар?» – десе ше? «Сен коммунистің билетіне
қол тигізбеуің керек еді, сенен басқа кісі табылар еді ғой аупарткомге
әкеліп тапсыратын», – десе ше? Ау, бірақ бұл Шораның өлер
алдындағы тілегі ғой! Ақтық демі таусылып бара жатып жұрт алдында
айтқан аманаты ол! Сенбесеңдер, бұған Шораның ұлы Самансұр куә.
«Онда тұрған не бар? Өлер алдында сандырақтап жатып адам не
демейді?» десе ше? Сонда Танабай не айтпақ? Танабай осылайша ой
қыспағында отырғанда, Гүлсары даңғыраған қатқақ жолдың танабын
қусырып, жазық жердей сынаптай сырғып өтіп, Александровканың
ылдиына ілініп, сорғалап бара жатыр еді. Айтулы жорға Танабайды
ауданға көзді ашып-жұмғанша-ақ алып жетті. Қалай келіп үлгергенін
Танабай өзі де білмей қалды.
Танабай аудан орталығына келіп кіргенде мекемелердің есіктері
енді-енді ашылып еді. Еш жерге бұрылмастан, Танабай ақкөбік болған
ардақ жорғаны тура аупарткомның алдына жетіп бір-ақ тоқтатты.
Атты мамағашқа байлап, үстінің шаңын қағып-сілкіп, Танабай дүрс-
дүрс соққан жүрегін тоқтата алмай кеңсеге қарай беттеді. Не дер екен?
Қалай қарсы алар екен? Коридор қаңырап тұр. Елден кісілер әлі жетіп
үлгірмеген. Танабай тіке Қашқатаевтың кабинетіне тартты.
– Амансыз ба? – деді ол хатшы әйелге.
– Саламатсыз.
– Жолдас Қашқатаев өзінде ме?
– Өзінде.
– Мен соған келдім. Мен «Ақтас» колхозының шопанымын.
Фамилиям – Бақасов.
– Білемін ғой, – деп бірезулей мырс етті әйел.
– Білсеңіз, айтыңыз ана кісіге: біздің парторгіміз Шора Саяқов
жолдас қайтыс болды, қаза болар алдында партбилетін аупарткомге
апарып өткізуді маған тапсырды. Міне, сол жағдаймен келіп тұрмын.
– Жарайды. Бір минут күте тұрыңыз.
Хатшы әйел көп күттірген де жоқ, бірақ Танабай тағат тапсашы,
бір орында отыра алмай, шыдамы таусылды.
– Жолдас Қашқатаев бос емес, – деді әйел кабинеттің есігін
нығарлай жауып тұрып. – Саяқовтың билетін есеп секторына
тапсырсын дейді. Коридормен жүріп оңға бұрылсаңыз, табасыз.
«Есеп секторы... коридормен оңға». Бұл не? – деп Танабай
есеңгіреп біраз отырды. Содан соң барып істің мән-жайына түсініп,
бірден көңілі жүдеп сала берді. Бұл қалайша? Шынымен-ақ осылай оп-
оңай ма? Мен ойлап ем...
– Менің жолдас Қашқатаевқа айтайын деген сөзім бар. Неғылды,
айтыңызшы барып. Өте қажетті сөзім бар.
Хатшы әйел қипақтап тұрып кабинетке кірді де, іле қайта шықты:
– Қолы тимейді. Өте тығыз жұмысы бар. – Содан соң Танабайға
жаны ашыған сыңаймен: Әңгіме ана жолы бітіп еді ғой, – деді. Енді
сыбырлай сөйледі. – Ол сізді қабылдамайды. Қайта беріңіз одан да.
Танабай коридорды бойлай жүріп, оңға бұрылды. «Есеп секторы»
деген жазуды көрді. Есіктен тесік жасап қойыпты. Қолымен
тыңылдатып дыбыс берді. Терезе ашылды.
– Сізге не керек?
– Билет өткізейін деп едім. Біздің парторг Шора Саяқов қайтыс
болды. «Ақтас» колхозы.
Танабай қойынына қол салып, бауы бар былғары қалтадан
Шораның билетін алып шыққанша сектор меңгерушісі сабыр сақтап
күтіп тұрды. Былғары қалтада күні кеше Танабайдың өз партбилеті
жүретін, бұл жолы Шораның партбилетін салып әкелген. Билетті
тесіктен ұсынып берді.
«Қош бол, Шора!»
Сектор меңгеруші әйел тізімге партбилеттің номерін, Шораның
фамилиясын, атын, әкесінің атын, партияға кірген жылын жазды.
Шора туралы соңғы естелік жазылып жатқандай. Сонан соң Танабайға
қол қойдырды.
– Бітті ме? – деді Танабай.
– Бітті.
– Cay болыңыз.
– Cay болыңыз. – Терезе тарс жабылды.
Танабай тәлтіректеп далаға шықты. Жорғаның шылбырын шешті.
– Бітті, Гүлсары, – деді ол атқа. – Тәмәм. Біткен деген осы.
Арымас арғымақ Гүлсары оны енді айылға қарай алып ұшты.
Күмбірлете дүбір қаққан тұяқтың әуеніне қарай жасыл көктем
жамылған дала жамырай қарсы жүгіріп, ескек жел беттен аймалады.
Арғымақ аттың тегеуірінді шабысынан кейін ғана Танабайдың жан
азабы жай таба бастады.
Сол күні кешке Танабай таудағы үйіне қайтып келді.
Әйелі үн қатпастан қарсы алып, аттың тізгінін ұстады.
Күйеуін қолтығынан демеп, аттан түсірісті.
Танабай Жайдарға бұрылып иығынан құшақтап көрісті. Әйелі де
жылай көрісіп, екеуі Шораны жоқтады.
– Шорадан айырылып калдық! Енді Шора жоқ, Жайдар. Енді
менің досым Шора жоқ, – деп Танабай ағыл-тегіл егіле жылады.
Содан кейін киіз үйдің артындағы қойтасқа барып отырды.
Жападан-жалғыз отырғысы келді бір. Ақ найза шоқылардың ар
жағынан толықси туып келе жатқан айға қарағысы келді. Киіз үйде
әйелі балаларын ұйқыға жатқызып жүр. Ошақта отынның сытырлап
жанғаны естіледі. Бір кезде жүрегіңді жұлып ала жаздап шаңқобыздың
зарлы үні сарнай берді. Ышқына жылап, ішін тартып жел соққандап,
айдалада бір адам зар еңіреп, мұңлы ән салып шарқ ұрып жүргендей,
айнала дүн-дүние құлаққа ұрған танадай демін ішінен алып тырс етпей
қалған, тек адам баласының азалы қайғы-зарынан шыққан жалғыз
дауыс қана шарқ ұрып, дүниені шарлап әлдекімді іздеп жүргендей.
Әлгі ғаріп қайғы-мұңын кімге барып шағарын білмей шыр айналып
шырқырап жүр, селт етіп оның зарын сезеді деген жан болсашы! Тым-
тырыс
тылсым
дүние.
Бозда,
шаңқобыз,
бозда!
Танабай
жалғыздан-жалғыз отырып еңіреп жылады. Жайдар оған арнап
«Қарағұл-ботам»
жырын
тартып
отырғанын
ұқты
Танабай.
...Ерте-ерте заманда бір шалдың аса мерген, батыр баласы
болыпты. Баланы жастайынан мергендікке әкеcі өзі үйреткен екен.
Сөйтсе баласы аңшылық өнерінде әкесінен асып түсіпті.
Көздегені құр кетпеген. Жүгірген аң, ұшқан құс оның оғынан
қашып құтыла алмаған екен. Таудағы аң біткеннің бәрін атып
тауысыпты. Буаз аналықты да, жаңа туған жас төлді де обалына
қарамай ата берген. Жас мерген атақты Көк Киіктің отарын ойран
қылып, түк қалдырмай қырып жібереді. Тек Көк Киік пен кәрі Көк-
Таутеке ғана қалады. Сонда Көк Киік тұрып жас мергенге жылапты
дейді: киік баласының тұқымы құрып кетпесін, мына кәрі Таутекені ая,
атпа, – деп. Бірақ мерген Көк Киіктің тілегіне құлақ аспай, бір оқпен
дәу Көк-Таутекені сұлатып түсіреді. Таутеке жартастан шыңырауға
ұшып кетеді. Көк Киік зарлап, қалады. Аңшыға қырын қарап, қияс
тұрып: «Менің жүрегімді дәлдеп ат. Орнымнан қозғалмайын. Бірақ,
бәрібір тигізе алмайсың. Бұл сенің ақыр-тақыр ақтық оғың!» депті
дейді. Жас мерген алжыған кәрі Көк Киіктің сандырағына күліп қояды
да, көздеп тұрып басып қалады. Көк Киік құламайды. Қараса, оң тек
алдыңғы бір аяғын жаралап өткен екен. Бұрын мұндай өмірі болған
емес, одан аңшы сескеніп, секем алып қалыпты. «Көрдің ғой, – депті
сонда Көк Киік. – Енді мен ақсаңдап қашамын, кәне мықты болсаң
ұстап алшы!» – дейді. Жас мерген күліп тұрып. – «Қашсаң – қаш.
Қуып жетіп ұстап алсам – өз обалың өзіңе. Кәрі кебенек, сені аямай
бауыздап жіберемін», – дейді.
Ақсақ Көк Киік қаша жөнеледі. Аңшы қуып береді. Не керек, тау-
тас, шың-құз, қар-мұзбен аңшы әлгі Киікті талай күн, талай түн
қуалап, ұстай алмайды. Аңшы мылтығынан алдақашан айырылған,
үстіндегі киімі алба-жұлба болған. Көк Киіктің соңынан жүре-жүре
ақырында бір барса – келмес шыңның үстіне қалай шығып кеткенін
байқамай да қалады. Не жоғары, не төмен шығатын жолы жоқ, не
оңға, не солға бұрылатын жері жоқ, иненің ұшындай қия құзға келіп
тірелген жері екен. Көк Киік сонда: «Енді бұл жерден ешқашанда
шыға алмайсың, ешкім сені құтқара да алмайды. Киік біткеннің
қызыры мені, сен қалай зарлатсаң, енді сенің әкең де тау мен тастың
арасында күңіреніп, мендей болып зарласын! Қарғысым атсын,
Қарағұл, қарғысым атсын!» – деп қарғап, өзі құздан құзға секіріп, зар
жылап кете барған екен.
Сонымен жас мерген қалт-құлт етіп қия құздың көз тұнып, бас
айналар биігінде қала берсін. Бетін тасқа басып, жабысып әрең тұр,
қимылдап кетсе – бітті. He жоғары, не төмен, не оңға, не солға бұрыла
алмайды. Қит етсе – құлайды.
Сол кезде әкесі мұны іздеп жүреді. Таудың жықпыл-жықпылын
қоймай, тінткілеп келеді екен. Жалғыз аяқ қия жолдың үстінен
баласының мылтығын тауып алады да, бір сұмдықтың болғанын іші
сезеді. Жақпар-жақпар жартастарды, қараңғы қойнауларды тінткілеп,
әке байғұс күні-түні шарқ ұрып, шыбын жаны шырылдайды. «Қарағұл!
Қайдасың? Қарағұл!» Тек тау жаңғырып, тас күлкісі күңгірлеп:
«Қарағұл! Қайдасың?» деп өзінің сөзін өзіне қайталайды.
«Әке, мен мұндамын!» – деген дауыс естіледі кенет әлдеқайда
биіктен. Шал жалт қараса, әлдебір жалмауыздай жалаң құздың
басында баласы әрең-әрең ілініп, үзіліп кетейін деп тұр екен. Бетін бері
бұра алмайды, бұрса – құлайды.
– О, байғұс балам, ол жерге қайдан барып жүрсің? – дейді үрейі
ұшқан әке.
– Сұрама, әке, сұмдықты. Мені қарғыс атты, жазықсыздардың
жазасын тарттым. Мені мұнда кәрі Көк Киік алдап әкеліп, қаһарлы
қарғыспен қамап кетті. Тұрғаныма көп күн болды, не күнді, не
аспанды, не жерді көре алмаймын. Сенің дидарыңды да көре алмай
тұрмын, әке. Мені аясаң, ат мені. Мына азаптан ажырат мені, ат, әке.
Ақ жуып, арулап қой, әке.
Әке сорлы неғылсын? Зар еңіреп, ары жүгіреді, бері жүгіреді,
құтқарып алар амал жоқ. Баласы болса: «Ая мені, ат мені, қорлық
көрсін демесең тезірек ат!» деп жалынғанда сай-сүйегі сырқырап,
жүрек шіркін мылжа-мылжа болады. Әкесі кешке дейін дәті бармай,
ата алмай жүреді. Тек күн батар алдында ғана көздеп тұрып, атып
салады. Мылтығын тасқа бір ұрып сындырып, жерге құлап түскен
баласының басын құшақтап, жоқтау айтқан екен:
Өлтіріп сені, Қарағұл ботам,
Жалғыз да қалдым, Қарағұл ботам,
Тағдырым мені қарғады, ботам.
Тағдырым мені арбады, ботам,
Мергендікті саған үйреттім, ботам,
Енді мені күйреттің, ботам,
Қырып та жойып, қираттың, ботам.
Жасағанның мақлұғын, ботам,
Неге сен атып жойдың, ботам,
Зарлатып мені қойдың, ботам.
Жалғыздық зауал келтірдің, ботам,
Өз қолыммен сені өлтірдім, ботам.
Танабай киіз үйдің сыртында селт етпей тыңдап отыр. Көнеден
келе жатқан қырғыз зарын естігенде, көңілі бұрынғыдан бетер босады.
Қараңғыда көлбеп жатқан тілсіз таудың ар жағынан ақырын ғана ай
туып келе жатты. Таудан асып, найзатастардың ұшына ілініп,
толықсып тұрып қалды. Танабай өлген досынан сонда тағы да кешірім
сұрады.
Киіз үйдің ішінде Жайдар болса асқан аңшы, теңдессіз мерген
Қарағұл жайлы зарлы жырды шаңқобызбен күңіренте берді:
Кең-Қолдың басы кең шебер, ботам,
Қансырап жатсың, Қарағұл ботам.
23
Таң да жақындап қалды. Өлейін деп жатқан аттың басында, алау
оттың қасында отырып, Танабай өз өмірінің келесі кезеңдерін есіне
алды.
Сонау бір сергелдең күндері оның облыс орталығына барып
қайтқанын ешкім білген де жоқ. Ақырғы жасаған әрекеті еді. Ана
жылы ауданда өткен кеңесте сөз сөйлеген обком секретарына бір
жолығып көрейін, бар сырын мұң-мұқтажын айтайын деп еді. Жүзі
жылы еді, бір тыңдаса сол тыңдап, көмектесер деген. Оны марқұм
Шора да, басқалар да мақтап, тәуір атап жүретін. Бірақ ол кісіні басқа
облысқа ауыстырып жібергенін Танабай обкомға келгенде бір-ақ білді.
– Оның басқа облысқа ауысқанын естімеп пе едіңіз?
– Жоқ.
– Өте бір зәру жұмысыңыз болса, жаңа секретарьға айтайын, ол
кісі қабылдайды, – деді қабылдау бөлмесіндегі хатшы әйел.
– Жоқ, рақмет, – деді Танабай. – Мен өз жеке шаруаммен келіп
едім, бұрынғы секретарды танушы едім, ол мені білуші еді, әйтпесе
жұртты әуре етіп нем бар. Айып көрмеңіз, сау болыңыз. – Обкомнан
шығып бара жатып, өзінің бұрынғы секретарды танитынына, оның да
мұны білетініне Танабай шек келтірмеді. Обком секретары колхоздың
шопаны Танабай Бақасовты жыға таныса, несі бар? Олар таныс болып,
бірін-бірі сыйлауға әбден реті бар, жаңа хатшыға айтқаны да
сондықтан.
Танабай көшеге түсіп, автобус станциясына қарай келе жатқан.
Сырахананың тұсынан өте бергенде машинаға бос бөшкелерді тиеп
жатқан екеуге көзі түсті. Біреуі машинаның үстінде тұр да, екінші бос
бөшкені жоғары домалатып шығарып жатыр. Әлгі екінші жігіт кенет
жалт қарап, Танабайды көрді де, қалт тұрып, өңі өзгеріп сала берді.
Бұл Бектай еді. Көлбеу тұрған бөшкені тіреп тұрып, Танабай не айтар
екен дегендей сілеусін көздері ызғар шашып қадалды да қалды.
– Немене, ұйықтап қалдың ба-ей? – деп машинаның үстіндегісі
асықтырды.
Көлбеуде тұрған бөшке төмен сырғанайды, оны Бектай бүктетіліп
шірене итеріп тұрып, Танабайдан көзін алмады. Бірақ Танабай
сәлемдескен жоқ. «Е, сен мұнда екенсің ғой. Осындамын де. Дұрыс-ақ.
Айтары жоқ. Сыра шаруашылығына кірістім де, – өзіне өзі осылай деп
Танабай кете барды. – Есіл жігіт қор болады-ау, а! – деді де жүрісін
бәсеңдетті. – Тәп-тәуір адам боп кетер еді-ау, барып сөйлессем бе
екен?» Бектайды аяп кетіп, кейін қайтпақшы да болды, егер түсініп
дұрыс жолға түссе, өткен-кеткенді кешірмекші де болды. Бірақ,
қайтып бармады. Егер Бектай мұның партиядан шығарылғанын білсе
бәрібір әңгіменің сәні келмес. Кекшіл жігіттің табасына қалып, өзін
тағдырын, партиядан шығарылғанына қарамастан, өзі адал берілген
мақсатын Бектайға қорлатқысы келмеді. Сөйтіп қайырылмастан кетіп
қалды.
Жол-жөнекей кездескен бір машинаға отырып алып, Бектайды
ойлаумен болды. Төмен сырғанақтаған бөшкені бүктетіле тіреп,
сілеусін көзі ызғар шашa қарап қалғаны Танабайдың көз алдынан
кетпей қойды.
Соңыра Бектай сотталды. Сотта Танабай Бектай отарды тастап
кетіп қалды, дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Бектай өз қатесін
түсініп, опынып, кінәсін мойнына алса екен деп тіледі. Бірақ Бектай
ештеңе де түсінбесе керек, қатесін мойындау ойына да кіріп шыққан
жоқ.
Түрмеден босанып шыққан соң, маған кел, тіршілік жайын
ақылдасайық, – деді ол Бектайға. Бектай жауап бермеді, басын да
көтермеді. Танабай не десін, кете барды. Партиядан шығарылғалы бері
өзіне өзі сеніңкірмей, көрінгеннің алдында өзін кінәлі сезініп,
пұшайман халге түсіп барады. Именшек болып барады. Бұлай болады
деп ғұмырында ойламап еді. Ешкім оны көзінен шұқып, көкірегінен
итеріп жатпаса да, қараптан-қарап жүріп жасқаншақтап, жұрттан,
сөзден қашқақтап, үндемес болып бара жатты.
24
Алау оттың қасында Гүлсары жорға басын жерге салып қимылсыз
жатыр. Тұла бойынан тіршілік белгісі бірте-бірте кетіп барады. Кеудесі
сырылдап, кеңірдегі қырылдап, от-жалынға кірпік қақпай қарап
қалған, шарасынан шыға жаздап шатынаған көздерінің жанары сөніп
барады, серейген аяқтары ағашқа ұсап қақайып қалды.
Танабай болса жорғамен қоштасып, ақырғы сөздерін арнап отыр.
«Сен, жануар, жылқыда асқан тұлпар едің, Гүлсары. Сен менің
қанатым едің, Гүлсары. Менің ең жарқын жылдарым, өмірімнің ең
шұрайлы кезеңі сенімен бірге кетіп барады, Гүлсары. Сен менің есімде
мәңгі сақталасың, Гүлсары. Сен менің көз алдымда сөніп барасың,
тұлпар туған Гүлсары. Бір кездерде о дүниеде кездесерміз, Гүлсары.
Бірақ о жайда сенің тұяқ дүбіріңді есіте алмаспын. О дүниеде сен
дүбірлетіп шабатын жол да жоқ, тұяқ тірер жер де жоқ, онда шөп
өспес, тіршілік тынысы соқпас. Бірақ әзір менің көзім тірі тұрғанда
сен өлмейсің, Гүлсары. Өйткені сен ұдайы менің есімде боласың,
Гүлсары. Сенің тұяқтарыңның дүбірі менің құлағымда әдемі әуен
болып мәңгі қалады».
Танабай осыны айтып, уақыт шіркін мына жорғаның шабысындай
болып көзді ашып жұмғанша өте шыққанына өкінді. Өзінің тым ерте
қартайып қалғанына мұңайды. Бәлкім Танабай өзін шал санауы әлі
ертерек те шығар. Бірақ адамның қартаю-қартаймауы жасқа
байланысты емес, кісінің көңіліне байланысты болса керек.
Қартайдым, кәрі қойдың жасындай жасым қалды, төрімнен көрім
жақын деп мойынсұнып отырса – қаусағаны.
Осы түннің ішінде, өлейін деп жатқан жорғаның қасында отырып,
Танабай бүкіл өз өмірін көңіл елегінен қайта бір өткізіп шықты да,
кәрілікке мұнша тез берілгеніне өкінді. Сонау жолы аупарткомның
адамы оны ұмытпай, өзі арнайы іздеп келіп, партияға қайтадан өт
дегенде бірден келіспей, бірден шешпей созбалақтап жүріп алып,
уақытты өткізіп жібергеніне енді өкініп отыр.
Бұл жәйт оны партиядан шығарып жібергеннен кейін жеті жылдан
соң болып еді. Танабай онда Сарығоу шатқалында колхоз
шабындығының қарауылы болатын. Қарауылдың үйінде Жайдар
кемпірі екеуі ғана тұратын. Қыздары оқуға түсіп кетті де, кейіннен
тұрмысқа шықты. Ұлы техникум бітірген соң ауданда қызметте қалып,
о да семья құрды.
Жаз айының жадыраңқы күнінде Танабай сайда пішен шауып
жатқан. Тамылжыған, жайсаң жаздың күні. Сайдың іші тып-тыныш.
Шегірткелер ғана шырылдайды. Көйлекті желбегей жіберіп, шалдарша
кең ақ дамбал киіп алған Танабай шалғысы шыңылдап, шапқан шөбі
дестеге түсіп жал болып, түп-түзу тартып барады. Шалғыны ынты-
шынтысымен сілтейді. Жұмысқа берілгендігі сонша анадай жерге
«газик» келіп тоқтап, ішінен екі адам шыққанын да байқамай
қалыпты.
– Сәлеметсіз бе, Танеке! Шабындық көбейсін! – деген дауыс
шықты дәл қасынан. Қараса Ыбрайым. Баяғыдай домалаңдап жүр, екі
беті торсиып, қарны өсіп қалыпты. – Ақыры іздеп таптық-ау сізді,
Танеке, – деді Ыбрайым, екі езуі екі құлағына жетіп мәз болып. –
Анау-мынау емес, аупарткомның секретарының өзі сізді іздеп келді.
«Ой, қу түлкі! – деп таңданды Танабай. Заман өзгерсе де бұл
өлмейді, әйтеуір саңылау табады. Жалпаңдауын қарашы. Бұдан
мейірімді адам жоқтай. Кімнің дәрежесі үлкен болса соның құлы,
әйтеуір жағынып, бабын табады».
– Амансыңдар ма, балалар, – деп Танабай олардың қолын алды.
– Танымадыңыз ба, әке? – деп сұрады Ыбрайыммен бірге келген
жігіт Танабайдың қолын қысып тұрып.
Танабай тежеліп қалды. «Қайдан көрдім?» деп тұр. Қарсы
алдында өте таныс адам тұрған сияқты, бірақ тым өзгеріп кеткен
таныс сияқты. Тепсе темір үзгендей жас жігіт, бет жүзі күнге күйіп
қоңырқай тартқан, көз қарасы айбынды, жүзі жылы, үстінде сұр кенеп
костюм, басында шетен қалпақ, «кім де болса қаладан-ау» – деді
Танабай.
– Ay, бұл жолдас... – деп Ыбрайым айтпақшы еді:
– Тоқта, тоқта, өзім-ақ айтам, – деп Танабай тиып тастады. Содан
соң іші жылып сала береді. – Таныдым, балам. Сені қалай танымасқа!
Аман-есен жүрсің бе, шырағым.
Бұл Керімбеков еді. Танабайды партиядан шығаратын бюрода оны
қорықпастан қорғап, қатты айтысқан комсомол секретары осы еді.
– Ал, танысаңыз, онда сізбен бір әңгімелесейік, Танеке.
Былайырақ жүріп қайтайық. Сіз әзірше шалғыны алып шөп шаба
тұрыңыз, – деді Керімбеков Ыбрайымға.
Ыбрайым кенет қалбалақтап жалма-жан пиджагін шешіп тастап:
– Құп болады, жолдас Керімбеков, – деп жалпаңдады.
Танабай мен Керімбеков шалғынмен жүріп барып, өзен жағасына
кеп отырысты.
– Сіз, сірә, ішіңізден сезіп отырған шығарсыз, Танеке, менің
қандай жұмыспен келгенімді, – деп бастады Керімбеков. – Қарап
тұрсам әлі тыңсыз, пішен шауып жатырсыз, ендеше дені-қарныңыз сау
екен, қуанып қалдым.
– Құлағым сенде, балам. Сені көріп, қуанып отырмын.
– Онда дұрыс екен. Тұспалдамай турасына көшейін, Танеке. Өзіңіз
де білесіз, қазір көп нәрсе өзгерді ғой. Жағдай жақсарып, заман
түзеліп келеді.
– Білемін, шырағым. Сөзіңнің жөні бар. Өзіміздің колхозға қарап-
ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Жағдай жақсарып келе жатқан
сияқты. Тіпті өз көзіңе өзің сенгің келмейді. Осы жақында ғана мен
ана бір жылы шопан болып жүргенде жұтқа ұшырайтын Бесағаш
сайында болып қайттым. Көзімнің қызғаны-ай. Жаңа қора салған.
Қора болғанда қандай, төбесін шиферлеп, жарты мың тұяқ сиятындай
кең етіп тұрғызыпты. Шопанға арнап үй де салыпты. Жанында сарайы,
ат қорасы және тұр. Өң тұрмақ, түсте көрмеген дүние. Басқа отарларда
да дәл осылай. Айылдың өзінде де халық қазір, тәуір үйлер салып
жатыр. Таудан түсіп барған сайын жаңа үй салынып қалғанын көремін.
Әйтеуір, әманда осылай болғай да.
– Біздің де мақсат-тілегіміз сол, Танеке. Әлі жетіспей жатқан жағы
баршылық. Бірақ көш жүре түзелер. А л менің сізге келген шаруам
былай. Партияға қайта оралыңыз. Сіздің ісіңізді қайта қарайық.
Бюрода сіз туралы әңгіме болды. Қайткен күнде де, ештен гөрі кеш
жақсы.
Танабайда үн жоқ. Қысылып отыр. Қуанып та отыр, әм ескі
күйіктің орны сыздап, көңілі бұзылып та қалды. Көрген қорлығы есіне
түсті, көкірегіне қан болып қатып қалған өкпесі қара қазандай еді.
Өткен өтті, оны қайта қоздырып, қай-қайдағыны еске түсіргісі
келмеді.
–
Ықыласыңа
рақмет,
қарағым.
Мен
сияқты
шалды
ұмытпағандарыңа рақмет, – деп біраз отырды да, шынын айтты. –
Қартайып қалдым, қарағым. Енді менен партияға не пайда? Енді оған
мен қандай қызмет көрсете аламын? Түкке жарамай қалдым, балам.
Менің дәуренім өтіп кетті. Ренжи көрме маған. Ойланайын, мұрсат
бер.
Танабай аупарткомге баруға бел шешпей, әне ертең, міне ертең
деп жүргенде, уақыт өте берді. Өзінің жүріп-тұруы да күннен-күнге
ауырлай түскен. «Әйт шүу» деп жүріп кететін бұрынғыдай жас емес.
Дегенмен, бір күні атын ерттеп, ауданға қарай бет алды да, орта
жолдан қайтып келді. Ау неге? Дұрыс істемегенін өзі де түсінді. Өзіне
өзі: «Алжып, бала боп барамын ба, немене?» – деді. Ауданға бармай,
орта жолдан қайтқаны ақымақтық екенін біле тұра, кежегесі кейін
тартты.
Сол сапарда көз ұшынан ол шауып бара жатқан жорғаның шаңын
байқап қалып еді. Гүлсары екенін бірден таныған. Бұл кезде Танабай
Гүлсарыны сирек көретін. Жазғы қуаң даламен Гүлсары шауып өткен
жерде шұбалаңдап ақ шәлі шаң қалып бара жатады. Танабай оны
алыстан барлап тұрып, түнере қалады. Бұрын ғой арттағы шаң
Гүлсарыны еш уақытта қауіп көрген емес еді. Жорға жануар құстай
зымырап жөнелгенде шаң дегеніңіз ұзыннан-ұзақ шұбатылып,
соңында қалып қоятын. Ал қазір шаңы бар болғыр бұлттай аунақшып
барып Гүлсарының үстін басып қалып, басып қалып, көрсетпей
жіберді. Жорға әйтеуір әлгі қою шаңның құшағынан суырылып шығып
шырқайды-ақ, бірақ бір сәттен соң қайтадан өз шаңы өзін қауып
қалады. Жоқ, жорға жануар енді шаңға шалынып қала беретін болған
екен. Әбден қартайғаны ғой титықтап, қажығаны болар. «Халің нашар
екен, Гүлсары» – деді Танабай күйініп.
Жануардың шаң қауып, шабысы қиындағанын, үстіндегі адам
оған ызаланып қамшы басып бара жатқанын Танабай сонда қам
көңілмен-ақ көріп еді. Топырақ тозаңынан құтылмақ боп алға
барынша тырысып, жанары алақ-жұлақ абыржыған Гүлсарыны көз
алдына келтірді. Гүлсарының үстіндегі адам мұның даусын
естімейтіндей едәуір жерде келе жатса да Танабай: «Әй, тоқта-а, атты
зорықтырма!» – деп айқай салып, алдын кес-кестей тұра шапты.
Бірақ жетіп үлгірмей, аттың басын тартты. Анау адам мұның сөзін
дұрыс түсінсе жақсы, түсінбесе ше? Егерім ол – «Ісің не? Қайдан
жүрген қожайынсың? Шабам ба, қоям ба – өзім білем. Жайыңа жүр
сандалмай, кәрі қақбас!» десе, Танабай не айтпақ?
Бұл екі ортада жорға жануар біресе шаңға көміліп қалып, біресе
одан суырылып шығып, шәлкем-шалыс шабыспен алыстай берді.
Оның соңынан Танабай көпке дейін қарап тұрды. Сонан соң аттың
басын бұрып кейін қайтты.
«Дәуреніміз өткен екен, Гүлсары, – деді ол. – қартайыппыз. Енді
кімге керекпіз? Менен де қауқар кетті. Төрімізден көріміз жақын,
Гүлсары...»
Арада жыл өткен соң Танабай Гүлсарыны арбаға жегулі күйінде
көрді. Көңілі тағы да әлем-жәлем болды. Аты-шулы жорғаның ақыр
соңында аяқтан қалып, мойнына шіріген қамыт киіліп, қаусаған жаман
арбаға жегілгенін көріп Танабай қапа болып қамықты да. Қарағысы
келмей, теріс айналып кетті.
Кейінірек Танабай Гүлсарыны тағы көрді. Бұтында трусигі үстінде
жыртық мәйкесі бар жеті жастардағы бала мініп жүр екен. Атқа
мінгеніне мәз болып, жалаң-аяқ өкшесімен тебініп қойып, қоқиланып
отыр. Бала қай атқа тұңғыш рет мінген-ау сірә, сондықтан да оны ең
жуас қой торыдай боп қалған Гүлсарыға әдейі мінгізсе керек.
– Ата, қараңызшы! – деп мақтанды балақай Танабайға. – Мен
Чапаевпын! Қазір өзеннен өтемін.
– Кәне, кәне, көрейік! – деп қоштады Танабай да.
Тізгінді қағып-қағып қойып, бала атты суға бұрып салды. Жорға
арғы бетке жетіп, жағаға тырмысып шыға бергенде, бала жалп етіп
суға
құлап
түсті.
– Апа, а-а! – деп қорыққаннан бақырып жіберді.
Танабай оны судан шығарып алды да, жетектеп аттың жанына
келді. Гүлсары соқпақ жолдың үстінде аяқтарын кезек-кезек көтеріп
қойып сүлесоқ тұр. «Аяғы әбден тасырқаған-ау, сірә. Әй, сорлы-ай» –
деді Танабай. Кәрі жорғаның үстіне баланы көтеріп мінгізді.
– Бар, енді құлама.
Гүлсары ілби басып, кете барды.
Тағдыр айдап, ақыр соңында Гүлсары тағы да Танабайдың қолына
түсті. Танабай оны бағып-қағып, мал қатарына қосқан сияқты еді, міне
енді Александровкаға ақырғы рет алып барып қайтарда жығылып,
өлім аузында жатқаны мынау.
Танабай аудандағы баласының үйіне қуанышқа барып еді. Екінші
немересі дүниеге келген. Бір қой сойып, бір қап картоп артып,
Жайдарға нан-пан пісіртіп ала келген. Жайдар ауырып отырмын,
мәнісім жоқ деп келмей қалып еді, оның неге келгісі келмегенін
Танабай кейін түсінді. Жайдар жан баласына тіс жарып айтпаса да
келінін ұнатпаушы еді. Баласы онсыз да ынжық болды, қасақана оған
ордаңдап тұрған орақ ауыз, оспадар әйел жолығар ма. Күйеуін
табанына салып қалай илеймін десе, солай илейді. Әйтеуір өз
өктемдігін жүргізіп, әкіреңдеу үшін өзгенің көңіліне қарамай оп-оңай
қорлай салатын, тепсініп, бетіне түгі шығып отыратын дуайпат
адамдар болады ғой. Танабайдың келіні сондай адамдардың тегінен
еді.
Бұ жолы да аяздай ақырып, қаһарланып отырғанының үстінен
келер ме. Сөйтсе, Танабайдың баласын қызмет бабында өсірмекші
болған екен, бірақ жеме-жемге келгенде бұл қалып қалыпты да, басқа
біреуі көтеріліп кетіпті. Енді келінжан келіп отырған қайынатасын
алқымнан алсын-ай кеп.
– Өмір-бақи ғұмырың мал бағумен өтері бар, партияға кіріп нең
бар еді о басында. Ақыр соңында партиядан қуды да жіберді, енді сол
үшін ана балаңның қызметін өсірмейді. Саған бола бұл енді бір
орында қақайып жүз жыл отырмақшы. Сендердің нелерің кетеді,
жатырсыңдар жайлауда, шал-кемпірге не керек, сорлайтын мына біз-
дағы.
Ал кетті дейсің, әйда кетті дейсің...
Танабай бекер келген екенмін деп опынып-ақ қалды. Келінін
жұбатпақ боп, ақ көңіл неме:
– Олай болса, мен, сірә, партияға қайта кіру жағын қарастырайын,
– дегені бар емес пе.
– Керек едің партияға. Қашан келер екен деп екі көздері төрт
болып күтіп отыр дейді. Сендей шалсыз күн көрістері қиын көрінеді, –
деп келіні зәр шаша мырс етті.
Дәл осы жерде алдында отырған келіні емес өзге біреу болса,
Танабай мұндай сөздерді айтқызып қояр ма еді? Өз қолыңды өзің
қайтіп кесерсің? Жаман болсын, жақсы болсын, өз келіні ғой. Үндеген
жоқ, салғыласып жатпады. Әйтпесе: «Күйеуіңді маған бола өсірмей
отырған жоқ, оның өзі болымсыз неме, оның үстіне оған жан баласына
жақсылығы жоқ, аждаһадай әйел жолықты. «Жақсы әйел жаман
еркекті зор етеді, жаман әйел жақсы еркекті қор етеді» деп халық
бекер айтпайды ғой», демекші еді, бірақ әйелінің көзінше өз ұлымды
масқараламай-ақ қояйын, кінәлі мен-ақ болайын, – деді.
Танабайдың асығып аттанғаны да сол. Одан әрі қалуға дәті
шыдамаған.
«Албастыдай ақымақ, – деп кіжінді енді айдалада от басында
отырып Танабай келініне. – Сендей албастылар қайдан шығады осы?
Адамға деген рахымы, ілтифаты, ізеті жоқ, ары жоқ, ұяты жоқ. Өзінің
қу құлқынынан басқа уайымы жоқ. Тағы да жұрттың бәрін өздеріндей
көреді. Тек сенің айтқаның бола қоймас, албасты. Мен әлі керекпін,
керекпін...»
25
Ағарып таң да атты. Асқақтап таулар көрінді, далиып дала жатыр.
Сайқабақта сөнген алаудың қарайған қоламтасы болар-болмас
бықсиды. Иығына тон жамылып, сақал-шашы боз қырау тартқан
Танабай шал тұр. Жорға жануарға енді тон жауып керегі жоқ. Гүлсары
о дүниеге өтіп, тәңірінің жылқысына барып қосылды... Танабай өлген
атқа қарап тұрып таң қалды: жануар, қалай арыған! Гүлсары
жанталаста басы кегжиген күйі, бір жамбастап жатыр. Басында
жүгеннен түскен терең із бар. Төрт аяғы төрт жаққа кетіп, қақайып
қатып қалған, шытынап жарылған тұяқтарынан қажалған тағалар
көрінеді. Енді бұл есіл тұяқ қайтып жерге қадалмас, қара жолдың
төсіне енді қайтып тіктеп тимес. Кетіс керек. Танабай ақырғы рет ат
басына иіліп, аттың мұздап қалған қабағын саусағымен уқалап
жорғаның көзін жапты. Ақырғы рет Гүлсарының басынан жүгенді
сыпырып алып, артына бұрылып қарамай аулақ кете барды.
Таудан асып, тасты басып жүріп келеді. Тұңғиық терең ойларды
кешіп келеді. Кәрілік келіп қалғанын, енді төрінен де көрі жақын
екенін ойлайды. Сонда ол: тізбегінен адасып қалған жалғыз қаздай
қаңқылдап өлмесем екен, деп тіледі. Неде бслса қанат қағып, бара
жатып көк төсінде үзілсем, сонда бір ұядан ұшқан сапарлас болған
серіктерім менің үстімнен айнала ұшып, азалы ән салса, деп
армандады.
«Самансұрға хат жазайын, – деп түйді Танабай. – Былай деп
жазайын: Гүлсары жорға есіңде ме? Ұмытпаған шығарсың. Сенің
әкеңнің партбилетін аупарткомге мен сол жорғамен алып барғанмын.
Сонда мені жолға өзің шығарып салғансың. А л енді кеше түнде
Александровкадан қайтып келе жатып, жол үстінде менің сол
жануарым, тұлпарым Гүлсары мерт болды. Ұзақ түнге көз ілмей өлген
аттың басында күзетіп отырдым, күллі өмірім көз алдымнан өтті түні
бойы. Жаман айтпай – жақсы жоқ, Гүлсары жорға құсап мен де бір
жол үстінде көз жұмармын. Қарағым Самансұр, сен маған партияға
қайта оралуыма көмектесуге тиіссің. Кәрі қойдың жасындай жасым
қалды. Ғұмырымның ақырында армандастарымнан адасып қалғым
келмейді. Енді ойлап тұрсам, сенің әкең Шора өз партбилетін
аупарткомге апаруды бекер маған тапсырмаған екен. Ал, Шораның
ұлы Самансұр, мына мені, Танабай Бақасовты сен де жақсы білесің...»
Жүгенді иығына салып алып, таудан асып, тасты басып жүріп
келеді. Ағыл-тегіл аққан жас бетін жуып, сақалын сағалдады. Оны
Танабай сүрткен жоқ. Бұл Тұлпар туған жануар Гүлсарының азасына
аққан жас еді. Жаңадан атып келе жатқан таңға, тау бөктерлеп жалғыз
ұшып бара жатқан қазға Танабай жанары жасқа толып көп қарады.
қоңыр қаз шіркін адасып қалған аталас тізбегін қуып жетпек болып,
асыға ұшады.
– Ұш, жануар, ұш! – деп күбірледі Танабай. – Қанатың талмай
тұрғанда қатарыңды қуып жет. – Сонан соң бір күрсініп алып:
– Қош, Гүлсары! – деді.
Жүріп келеді, құлағына ертедегі ежелгі әуен шалынды.
...Аруана сау желгелі талай күн. Ботасын іздеп боздайды.
Қайдасың сен, қарақат көз ботақан? Желіннен саулап сүт ақты, исініп
кеткен желіннен. Қайдасың, боташ? Ү н қатшы! Желіннен саулап сүт
ақты,
исініп
кеткен
желіннен.
Анасының
ақ
сүті...
1
Айыл – ауыл (қырғызша)
Достарыңызбен бөлісу: |