ШЫРАЙ КАТЕГОРИЯСЫНЫҢ ЖАСАЛУ ТӘСІЛДЕРІ ЖӘНЕ МОРФЕМДІК КӨРСЕТКІШТЕРІ Шырай мағыналарының жасалу тәсілі 3 түрлі: морфологиялық тәсіл, аналитикалық тәсіл, фонетикалық, яғни интонациялық тәсіл.
Шырай категориясының морфологиялық тәсіл арқылы жасалуы. Шырайдың морфологиялық тәсіл арқылы жасалатыны шырай категориясы бар барлық тілдерде танылған деуге болады. Өйткені шырай категориясы бар тілдердің бәрінде шырай мағынасын білдіретін арнайы қосымшалар бар. Қазақ тілінде -рақ, -рек, -ырақ, -ірек, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу – шырай жасайтын жұрнақтары. Олардың тілде атқаратын қызметі және қолданыста белсенділігі өте жоғары.
Тіл білімінде грамматикалық көрсеткіштер жөнінде әбден орныққан, барлық ғалымдарға ортақ мынадай теория бар: грамматикалық көрсеткіштер белгілі бір топтағы сөздерге талғамай түгел жалғана береді, орыс тілінде оны «тотальное употребление грамматических показателей» дейді. Мәселен, септік жалғауын алсақ, ол зат есім атаулыға жалғана береді, жедел өткен шақ жұрнағын алсақ, ол етістік талғамайды, етістіктің болымсыздық жұрнағын алсақ, ол да етістік талғамай жалғанып қолданылды. Міне, бұл – грамматикалық категориялардың көрсеткіштерінің қолданылу заңдылығы. Ал, шырай көрсеткіші саналып, жүрген -ғыл, -ғылтым, - ғыш, -шыл, -шілтім т.б. осы топтағы жұрнақтарда бұл қасиет жоқ. Олар бірлі-жарым сөздерге ғана жалғанады.
Қорыта айтқанда, бұл жұрнақтар – түстің түрлі реңкінің атауларын білдіретін тілдік бірліктер, сондықтан олар шырай көрсеткіштерінен шығарылды дегенбіз.
Жұмыста шырай мәнін жасайтын жұрнақтар талданды. Олар: -рақ, -рек, -ырақ, -ірек, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жұрнақтары. Бұл жұрнақтар грамматикалық көрсеткіштерге қойылатын талапқа сай, сапа сындарының бәрімен және тілде өте жиі қолданылады. Олай болса, сапа сынының шырай категориясы морфологиялық тәсіл арқылы жасалатыны, оның морфологиялық синтетикалық формасындағы сөздер деп аталуға тиісті екені ешбір күмән туғызбайды.
Шырайдың аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы. Шырай категориясының мағынасын білдіруге аналитикалық тәсіл үлкен қызмет атқарады. Ол шырай мәнін білдіретін арнайы көмекшілердің қызметімен байланысты. Шырай мәнін, атап айтқанда, сапаның жоғарғы дәрежесін күшейткіш буындар және өте, тіпті, тым, ең, керемет, орасан, аса сияқты тілдік бірліктер білдіретіні – бүкіл түркі тілдерінде танылған мәселе. Ол туралы ешқандай талас жоқ.
Күшейткіш буын грамматикалық категорияның формасына түсіретін грамматикалық көрсеткіш болса, ол шырай категориясының мағынасын білдірсе, ол неге қос сөздер тобында беріледі деген сұрақ туады. Өйткені сөздерді қосақтау тәсілі сөзжасамға жататыны белгілі. Оқулықта күшейткіш буынды қос сөздерді қайталама қос сөздер тобына беріп, ол туралы мынадай мағлұмат берген: «Бір сыңары ықшамдалып қайталанатын қос сөздерге ап-ащы, жап-жақсы, кіп-кішкене, теп-тегіс, тіп-тік, сап-сары сияқтылар жатады. Қос сөздердің бұл түрі үстеме буынды немесе күшейтпе буынды қос сөздер деп аталады. Бұл сөздердің үстеме (я күшейтпе) буындары тиісті сын есімнің әуелгі толық компонентінің әрі ықшамдалып (қысқарып), әрі соңына -пдыбысын жамап алып, бір тұйық я бітеу буынға айналуынан пайда болған. Бұл күшейтпе буын сын есімнің негізіне мынадай екі түрлі жолмен үстелетін болып қалыптасқан», - деп, күшейткіш буынның қалай жасалатынын айтқан [6, 110 б.].
А.Ысқақов қос сөздерде күшейтпе буын деген терминді қолданады да, сын есім шырайында күшейткіш буын деген терминді қолданады. Бұл осы тілдік бірліктің терминінің қалыптаспағанын білдіреді. Олай болса, ол терминнің бір түрін қалыптастыру керек. Біз күшейтпелі шырай күшейту мағынасына байланысты болғандықтан, және бірсыпыра еңбектерде күшейткіш буын термині қолданылып жүргендіктен, күшейткіш буын терминін қолдандық. Шырай күшейтпелі болғандықтан, мағынаны күшейтетін көрсеткіштің күшейткіш буын аталуы орынды деп саналады және ол қолданыста бар термин.
А.Ысқақов реңк (рең) терминін оқулығында үш жағдайда қолданады.
а) «Зат есімнің реңк мәнін тудыратын жұрнақтар» деген сөзжасам тақырыбында 13 жұрнақты берген.
б) Ол жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөздер эмоционалды-экспрессивті реңді есімдер тобына жатқызылған. Ғылымда эмоционалды-экспрессивті мағыналы сөздерді лексемалар тобына жатқызылып жүргені белгілі.
Демек, реңк, рең терминдерін ғалым бұл екі қолданысында сөзжасам мәнінде, туынды сөз мәнінде қолданған.
в) «Белгінің реңі және шырай категориясы» дегенде рең сөзі оқулықта үшінші рет қолданылған. Мұнда ол сөзді шырайдың түрлерінің мағыналық ерекшелігі ретінде қолданылғанын мына сөзінен аңғаруға болады: «... бір түрлі белгінің өзінде бір-бірінен ерекшеленіп ажырайтын әлденеше қилы рең дәрежелері болатыны айқындалды», - деп оны ашқылтым, ащылау, ащырақ, ап-ащы, өте ащы сияқты мысалдармен дәлелдеген [6, 184 б.]. Бұдан ғалымның рең деген сөзді шырай категориясы мәнінде қолданғаны анық байқалады.
Келесі мәселе асырмалы шырайдың нық, өте, ең, тіпті, тіптен, тым, керемет, орасан сияқты көрсеткіштері туралы. «Қазақ грамматикасында» күшейтпелі шырайға асырмалы шырай қосылғандықтан, оның жасалуының бұл тілдік бірліктер арқылы жасалуын екінші жолы деп, «өте, аса, тым, тіпті, т.б. күшейтпелі үстеулер арқылы жасалады», - деп жазылған [8, 467 б.].
Бұл грамматикаларда шырайдың мағынасы да, жасалу жолы да дұрыс көрсетілген. Бірақ осы шырайдың жасайтын тілдік бірліктердің, шырай жасаушы көрсеткіштердің үстеу деп аталуы, танылуы ғылымда бір ауыздан қабылданды деу қиын. Өйткені ғалымдардың кейінгі зерттеулерінде оларды үстеу санау қате деп дәлелденіп жүр. Бұл мәселені алғаш – көтерген Н.Оралбай. Ғалым асырмалы шырай жасаушы тілдік бірліктер үстеу емес, күшейткіш көмекшілер деп атап, олардың шырай категориясының көрсеткіші деп санап, ол туралы былай дейді: «Күшейткіш көмекшілер – грамматикалық категория көрсеткіші, сондықтан оның мағынасы – грамматикалық мағына, ол грамматикалық мағына бермесе, грамматикалық категориясының көрсеткішіне жатады және абстракты, грамматикалық категорияның мағынасын білдіретін көрсеткіштің мағынасы лексикалық мағынаға жатпайды» [9, 169 б.].
Ғалымның осы пікірімен келісетін жағдай, өйткені «Абай жолы» (2 кітап), «Оянған өлке» романдарына жасалған статистикалық талдау осы күшейткіш көмекшілердің 99 пайызы сын есім сөздермен тіркескен, тек бірлі-жарым жағдайда ғана етістіктің алдынан тіркескен, - деп С.Кенбаева авторефератында атап көрсеткен [3, 10 б.]. Мысалы, өте білген, аса қадірлейтін, аса бітірап, ең кешірілмейтін, ең барып тұрған... Тілдік деректер күшейткіш көмекшілер негізінен сын есімнің шырай көрсеткіші қызметінде қолданылатынын дәлелдеді. Егер олар үстеу қызметін де атқырса, ол қолданыстан белгілі дәрежеде орын алар еді, яғни етістіктің алдынан тіркесіп, қимылдың жай-күйін білдірер еді. Аталған шығармаларға жасаған статистикалық деректер оны көрсетпеді. Демек, тілде олар шырай көрсеткіші болып қалыптасқанын тілдік деректер дәлелденеді.
Бұл тілдік деректер күшейткіш буын мен күшейткіш көмекшілердің тілде зор қызмет атқаратынына бұлжытпас дәлел бола алады. Осыған қарап, шырай категориясының жасалуында аналитикалық тәсілдің атқаратын қызметі анықталды. Сондықтан аналитикалық тәсіл шырай жасаушы негізгі тәсілдердің бірі саналуы керек.