Осы хаттан кейін 7 жылдан соң 1968 жылы Раздық ата бастаған Тарғыннан шыққан құрамында Ізғұттының шешесі Күлән апа, інісі Тарғын, қарындасы Ақшабике бар Қызыл жорықшылар Зарасай қаласына барды. Осы сапар туралы сол кезде Тарғын мектебінің оқу ісін меңгеретін Раздық Ибрагимов былай деді: «Литвандар бізді қуанышпен қарсы алды. Тіпті алыстан сағынышты туыстары келгендей қала халқы ықылас көрсетті. Әсіресе «Заветы Ленина» колхозының агрономы Аполинарюс Бертулистің сөзі есімде қалыпты: «Ізғүтты өз өмірін біздің бостандығымыз бен бақытымыз үшін қиды,оның денесі біздің көгілдір көлге бай жерімізде мәңгі ұйқыда. Оның есімі, бейнесі өзінің туып өскен ауылында ғана есте сақталмайды, оның есімі, тұлғасы, өзі азаттық әперісіп кеткен біздің Литван жерінде де сақталады» - деді ол. Жиыннан кейін жазушы Ионас Мотюкис Айтықовтың анасына қол беріп, тәжім етті, өзінің қолы қойылған «Зарасай өлкесінің таңы» атты еңбегін сыйға тартты. Пионерлер концерт қойып, Ізғұтты туралы ән орындады».