87) Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті ҚР ұлттық қауіпсіздігінің факторы ретінде қалыптастыру
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа «мүлде төзбеушілік» көзқарасты қалыптастыру жөніндегі мәселені Президент 2014 жылдың 26 желтоқсанында бекіткен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында» көтерді. Стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез -келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады. Сыбайлас жемқорлықтың тамыры тереңде жатқан қауіпті әлеуметтік құбылыс.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Сыбайлас жемқорлық дүние жүзі дамыған мемлекеттерінің өзінде де кездесе беретін қоғамдық дерт. Сыбайлас жемқорлықтың ең төменгі деңгейі әлем бойынша Сингапур мемлекетінде. Бұл ,әрине, жазаның өте қатаңдығының нәтижесі.
Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің бек көтеріліп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет.
Мемлекетімізде «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдармен қатар көптеген бағдарламалар жасалып, сыбайлас жемқорлықпен күресте халықаралық тәжірибе алмастырылып, шаралар өткізілуде.
Қазіргі кезде жалпы халықтың табысын көрсететін жалпыға бірдей декларация тапсыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Бұл жоба 2017-жылдан бастап жүзеге асырылады.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы қоғамдық саясат институтының «Қоғамдық көзқарас» зерттеу институтымен бірлесе жүргізген сауалнамасының нәтижесі халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесі болатынына сенімді екендіктерін және бұл дерттен арылғылары келетіндіктерін көрсетті. Сондай-ақ, өздерінің бұл іске белсене қатысқылары келетінін білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезінде мемлекетімізді нығайту үшін 5 институциональды реформаларды ұсынды. Осы реформаларды жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам Ұлттық жоспары жасалды. Жоспар қоғамдағы «қатерлі дерттерден» арыла отырып мемлекеімізде түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыруды көздейді.
Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің түпкі мақсаты қоғамда оған «мүлдем төзбеушілік» көзқарасты қалыптастыру арқылы оны біржолата жою болып табылады.
Ойымды сабақтай келе, Қазақстан 2025 жылы сыбайлас жемқорлығы төмен 30 елдің қатарына кіруі тиіс екенін естеріңізге сала кеткім келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |