5. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері Бағдарламаны іске асыру 2011 – 2015 жылдар аралығындағы бес жылдық кезеңге есептелген және іс-шараларды бір кезеңде іске асыруды көздейді.
Бағдарламаны іске асыру жөніндегі шаралар.
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
Осы міндетті іске асыру үшін мынадай шаралар қажет.
2011 – 2015 жылдары елдегі қылмыстық жағдайды, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы талдау негізінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», Қазақстан Республикасының заңдарына оларды жетілдіру бөлігінде түзетулер әзірленіп, енгізілетін болады.
Бұл ретте жетілдіруді талап ететін жоғарыда аталған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі толық болып табылмайды.
Айталық, Бағдарламаны іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мен конвенцияларға қосылуына қарай, халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға имплементациялау бөлігінде тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Сонымен қатар, Агенттік басқа уәкілетті органдармен бірлесе отырып, құрылайын деп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуропа Кеңесі және басқа да елдердің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Мемлекетаралық Кеңесі шеңберінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің құзыретті органдарымен, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдармен өзара тығыз іс-қимыл ұйымдастырады.
2011 жылы алыс және таяу шетелдердің кемінде 25 мемлекетінен сарапшылар шақыра отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конференция өткізіледі.
2014 жылға қарай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Стамбул іс-қимыл жоспарының ұсынымдары іске асырылатын болады.
2015 жылы жалпыға бірдей танылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық конвенцияларға қосылу іс-шаралары жалғасатын болады, олардың саны кемінде 5 бірлікті құрауы тиіс, сонымен қатар беделді халықаралық ұйымдарға, атап айтқанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобына (ГРЕКО) мүшелікке кіру іс-шарасы да өз жалғасын табады.
Бұдан басқа, әлеуметтік-экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қабылданып жатқан шаралар тұрақты түрде шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.
2. Сыбайлас жемқорлық қауіптерін төмендету бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру.
Аталған міндетті іске асыру үшін мынадай шаралар қажет.
Мемлекеттік билік органдары орталық, сондай-ақ өңірлік деңгейлерде бизнесті тіркеуге және жүргізуге қатысты операциялық шығындарды төмендетуді қамтамасыз етеді. Аталған жұмысты Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі үйлестіретін болады.
2013 жылға дейін сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудыратын мән-жайлардың бар-жоғын анықтау мақсатында бақылау, рұқсат беру және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін, сондай-ақ олардың қызметін реттейтін қолданыстағы актілерге талдау жүргізіледі.
2014 жылға қарай:
мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін талдау негізінде олардың функцияларының бір бөлігі бәсекелес ортаға беріледі;
рұқсат беретін құжаттардың тізімі жасалып, оның шеңберінде рұқсат беретін құжаттардың (рәсімдердің) тізбесі қайта қаралатын болады.
2015 жылға қарай:
құқық қорғау органдарының есеп беру және қызметін бағалау жүйесі жетілдіріледі;
мемлекеттік қызмет көрсету кезінде олардың бір бөлігін электрондық нұсқаға ауыстыру, сондай-ақ электрондық нысанда лицензия беру арқылы жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдар өкілдерімен байланыстарын жою шаралары қабылданады.
3. Халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын арттыру.
Осы міндетті іске асыру үшін мынадай шаралар қабылданатын болады:
саяси партиялармен және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта акциялар және науқандар өткізіледі;
ғылыми және әлеуметтік зерттеулер саласында бірыңғай саясат жүргізу жөніндегі үйлестіру орталығы құрылады және сыбайлас жемқорлықты түйсіну деңгейін анықтау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа бейім едәуір проблемалы салалары бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіп жатқан саясаты туралы ақпараттан тұратын түсіндірме-насихаттау материалдары әзірленіп, таратылатын болады;
мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық фактілерін ұжымдық қарауды болжайтын қоғамдық мінеу институты нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай отырып енгізіледі;
мемлекеттік органдар өкілдерінің, оның ішінде басшыларының бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуі жалғасады, сондай-ақ оқу орындарында сабақтар өткізіледі;
үкіметтік емес ұйымдармен қосымша меморандумдарға қол қойылады, бұл мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимыл деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
4. Көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Осы міндетті іске асыру үшін мемлекеттік органдар мынадай шаралар қабылдайтын болады:
жеке және заңды тұлғаларды экономиканың қолма-қол айналымы басым салаларындағы операциялар есебін жетілдіру арқылы экономиканың көлеңкелі секторынан шығуына ынталандыру;
халық табысын жалпыға ортақ декларациялауға кезеңімен өткізу;
мониторинг әдістемелерін және ақшаны жылыстатудағы «көлеңкелі» қаржылық қызметтер схемаларын қаржылық талдауды бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және тез арада төлеу жүйесі арқылы жетілдіру;
қолма-қол айналымды бір мезгілде қолма-қол емес есеп айырысуларды кеңейту бойынша шаралар қабылдай отырып қысқарту;
сыртқы экономикалық қызмет субъектілерінің импорттық-экспорттық операциялары кезінде заңсыз схемаларды қысқарту.
Көлеңкелі экономика сыбайлас жемқорлықтың негізгі қайнар көздерінің бірі болып табылатынын және оның деңгейінің елеулі екенін ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп отыру қажет.