Сын есімнің кейбір жұрнақтарының шырайға қатысы жайында Ж.К. Отарбекова, ф.ғ.к.,
ҚазМемҚызПУ доценті
Қазақ тіл білімінде қосымшаларды жіктеу мәселесінде жұрнақтардың семантикасы мен қызметінің біркелкі еместігі айқындалып, соған орай қосымшаларды жіктеудің жаңа бағыты ұсынылғаны белгілі. Сөзжасам тіл білімінің жаңа саласы ретінде бөлініп шыққан соң, сөзжасам жұрнақтары морфологияның аясынан шығарылып, сөзжасамның зерттеу нысанына айналды да, форма тудырушы (сөзтүрлем) жұрнақтар сөз таптарының грамматикалық көрсеткіштері ретінде морфологияның шеңберінде қаралып келеді. Алайда, сөзжасамға қатысты зерттеулер көрсетіп отырғандай, бірқатар қосымшаларды қай салада қарастыру керек деген мәселе туындап отыр. Атап айтқанда, зат есімнің реңк мәнді жұрнақтары, сын есімнің шырай жұрнақтары, етіс жұрнақтары, күшейтпелі етістік жұрнақтары, қайталама етістік жұрнақтары т.б. Аталған қосымшалар белгілі бір сөз таптарының (зат есім, сын есім, етістік) түрлену жүйесінің көрсеткіштері ретінде қаралып келгені белгілі. Осылардың ішінде бірде сын есімнің шырай жұрнақтарының қатарында, бірде сөз тудырушы ретінде қаралып жүрген -қай, -қыл, -аң, -ең,-ша жұрнақтарының семантикасы мен шығу тегіне тоқталайық.
Қазақ тілінде сын есім шырайларын арнайы зерттеген ғалым Ғ.Мұсабаев «...осы күнгі тілімізде шырай категориясының белгілеріне тура келетін кейбір елеусіз жұрнақтар бар. Олар: -қай, -аң, -қыл жұрнақтары,- дей отырып, мынадай мысалдар келтіреді:
қоңыр – қоңырқай, тырбық- тырбықай, қатты –қатаң, қарт-қартаң ашық – ашаң, жазық – жазаң, қу –қуқыл, қатты – қатқыл, қу-қуаң, бос – босаң. Осы жұрнақтарда сын есімнің шырайлық категориясының мәні барлығы байқалады. Өйткені ол жұрнақтар сөздің негізгі (лексикалық) мағынасын өзгертіп тұрған жоқ, сапаның сындық өзгерісін көрсетіп тұр» /1.45/.
Б.А.Серебренников пен Н.З.Гаджиева кішірейту мәнді сын есімдерді зерттей отырып, былай дейді: «В казахском языке есть аффикс –а(ң), придающий прилагательному значение ослабленного качества: қартаң (староватый) от қарт (старый), жазаң (плосковатый) от жазық (плоский)» /2.118/.
Алайда Ы.Маманов аталған қосымшалардың грамматикалық абстракция жасай алмайтынына байланысты оларды сөз тудырушы қосымшалар қатарына жатқызады /3.149/.
Осы мәселелерді сараптай келе, профессор С.М.Исаев ғалымның (Ы.Мамановтың) бұл позициясының тілдегі грамматикалық тұлғалардың мәнін анықтай түсуде ғылыми негізі бар мәнді дәлел екенін, көптеген грамматикалық құбылыстарды қайта қарап, қайта саралау керек екенін көрсете отырып, ғалым пікірінің екінші критерийіне (грамматикалық абстракция жасауға) байланысты тіл заңдары қатып қалған, өзгермейтін қағида емес, белгілі бір құбылыстарға байланысты кейбір шарттылық болып отыратындығын да ескерткен жөн екендігін айтады /4.137/.
Аталған қосымшалардың сөзжасамға немесе морфологияға қатысын анықтау үшін олардың пайда болу, қалыптасу тарихына назар аударған жөн. Тіл тарихын зерттеуші ғалымдар, мәселен, -аң,-ең қосымшаларының көне түркі тілінде бірнеше түрлі мағынада жұмсалғанын көрсетеді. Көне түркі тілінде –аң, -еңбірде зат есім, бірде сын есім тудырса, бірде сапаның солғындығын, бәсеңдігін білдірген. Мысалы: тозаң, өлең (шөп) - зат есім; алаң (жазық, тегіс), жалаң (аш), қолаң (шаш), терең (тер) –аңғар, ойпат – сын есім; қартаң, жасаң, тосаң, масаң – сапаның солғындығын, бәсеңдігін білдіріп тұр.
А. Зайончковский «оғлан» сөзінің құрамындағы –а(н) элементін ежелгі кішірейту тұлғасына жатқызады. Ал А.Гренбек «оғлан» құрамындағы –а(н) тұлғасын ежелгі көптік жалғауының өлі тұлғасына жатқызады. Э.В. Севортян «өзен» сөзінің құрамындағы -(е)н кішірейту мәнінен гөрі үлкейту мәнін үстейтін секілді деп көрсеткен. /5.214/. Шынында да, - дейді Ж. Тектіғұл, өз – бұлақ, бастау мәнін берген, ал өзен - көлемі үлкен су мәнін білдіретіндігін, огул - ұлмәнін берсе, оғлан - жасөспірім, бозбала мәнін беретінін байқауға болады /5.214/.
Қосымшаның осындай семантикалары сындық мағынаның әр түрлі реңкін жасауға да негіз болса керек: жас – жасаң, қатты –қатаң, қарт-қартаң, ашық – ашаң, жазық – жазаң сөздерінің смантикасындағы сынның солғындық, бәсеңдігін субъектінің реңдік мәнімен ұштастыруға болады. Қалай болғанда да, бұл сөздерге аталған қосымшаның семантикалық реңк үстеп тұрғаны көрінеді.
Қосымшалардың көпқызметтілігін, көпмағыналығын зерттеген Ж.Тектіғұлдың көрсетуінше, «Көне түркі тілі мен қазақ тілі говорларынан алынған деректер қазіргі қазақ тіліндегі салыстырмалы шырай жасайтын –-ғыл/-гіл, -қыл,/-кіл, -ғылт/-гілт, -ғылтым/-гілтім құранды қосымшаларының алғаш есім тудырушы тұлға ретінде қалыптасып, кейін сапа-белгінің солғын, әлсіздігін білдіретін шырай қосымшасына ауысқанын көрсетеді: қызғылт, қатқыл, бозғыл, қышқыл, т.б./5.75/.