Оқу дегеніміз не? Оқу ұғымының мазмұны қол жеткен нәтижелер немесе пайдалы тәжірибе мәнмәтінінде қарастырылуы мүмкін. Зерттеу жұмыстарына жүргізілген талдау оқу нәтижелерінің бес санатын анықтауға мүмкіндік берді:
Оқу – білімнің сандық ұлғаюы. Оның нәтижесі алынған ақпарат болып табылады (негізгі міндет – «көп білу»).
Оқу – есте сақтау негізінде. Нәтиже – қайта өңдеуге болатын есте сақталған көлемді ақпарат.
Оқу – ақпарат жинақтаушы ретінде. Нәтиже – есте сақталып, қажет болған жағдайда қолдануға да болатын факті, дағды және әдістердің айтарлықтай мөлшердегі жиынтығы.
Оқу – мағынаны ұғыну және оның мәнін анықтау ретінде. Бұның нәтижесі – оқушының пәннің құраушы бөліктері мен шынайы өмір арасындағы өзара байланыстарды анықтай алуы.
Оқу – шынайылықты өзгеше түсіну және түсіндіру ретінде. Нәтижесі – әлемді басқа қырынан қарастыру арқылы танып-білу.
«Оқуды үйретудің» қозғаушы күші «метатану» болып табылады. Басқаша айтқанда, оқу бар, бірақ сонымен бірге оқуды үйрету де бар. Адамдар ойлауға қабілетті және ойлау туралы ойлануға да қабілетті. Тап осы сияқты танымдық қабілет бар да, сол сияқты танымды тану да бар. «Метатану» деп тұлғаның қалай ойлайтынын, оқитынын қадағалау, бағалау, бақылау, кейінгі оқу үдерісінде мұндай ойлаудың нәтижелерін саналы қолдану үдерісі ретінде сипаттауға болады. Бұл үдерісте мұғалім оқушыға:
Білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге;
Жеке ойлау үдерістерін және олардың жұмыс қағидаттарын зерттеуге;
Міндеттерді орындау стратегияларын әзірлеуге және ойластыруға;
Нақты міндет үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектеседі.
Осы төрт тармақты іске асыру үшін оқушылардан оқуды үйрену талап етіледі. Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек, соның арқасында оқушылар ақпаратты енжар қабылдамай, оқу үдерісіне белсенді қатысатын болады.
Сыни тұрғыдан ойлау«ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Мұғалімдер педагогикалық білімі бар және қосымша оқыту мен өз біліктілігін арттырушы субъектілер болғандықтан, оларды бұл дағдылар дамыған және іс-тәжірибеде қолданылады деп ойлаймыз. Сыни тұрғыдан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік.
Сыни тұрғыдан ойлау екі мағынада қарастырылады: оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту және мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауын дамыту. Оқушыларға қатысты сыни тұрғыдан ойлау ақпарат пен идеяларды синтездеу қабілеті, ақпарат пен идеяның шынайылығы мен салыстырмалы түрде маңыздылығы туралы ойлана білу қабілеті, өзінің оқуына қатысты таңдау жасау және басқалардың идеяларына күмәнмен қарау қабілеті ретінде түсіндіріледі. Мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауы өзінің жұмыс тәжірибесін, жаңа тәсілдерді қолдану және бағалау әрекеттерін сыни тұрғыдан бағалауды қамтиды (3-деңгей бағдарламасының нұсқаулығынан). Осы айтылғандардан қандай қорытынды шығаруға болады?
Дәстүрлі оқытудан конструктивті, яғни, сындарлы оқытуға көшуіміз керек. Ол үшін нені оқыту керек, қалай оқыту керек деген сұрақтар төңірегінде ойлануымыз қажет. «Метатану» оқуға үйретудің ең қозғаушы күші екенін білеміз. Сондықтан сыни тұрғыдан ойлауға оқушыларымызды үйрете отырып, өзіміз де сыни тұрғыдан ойлап үйренуіміз керек. Ол үшін сындарлы оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін жақсы меңгеріп, әр оқушының шынай бағалануына қол жеткізуге тиіспіз. Міне, бүгінгі әдістемелік семинарымыздың негізгі мақсаты мен өзекті мәселесі осы сұрақтар төңірегінде.