Сынып: 1«Б» Оқушылар саны: 25 Тәрбие сағатының тақырыбы: «Ұлт мақтанышы-Қаныш Сәтпаев»



Дата25.09.2022
өлшемі24,28 Kb.
#40134
Байланысты:
Тәрбие сағатының жоспары


Тәрбие сағатының жоспары
Тақырыбы: Ұлт мақтанышы-Қаныш Сәтпаев
Сынып: 1«Б»
Оқушылар саны: 25
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Ұлт мақтанышы-Қаныш Сәтпаев»
Мақсаты: Оқушыларға өз ұлтының мақтанышы Қаныш Сәтпаев туралы таныстыру;
1) Оқушылардың болашаққа бағдар жасауы үшін өткен тарихын бойларына қалыптастыру;
2). Қаныш Сәтпаевың ғылым жолын және еңбектерін оқушылардың бойына дарыту;
3)Оқушыларға білімділікті, еңбекқорлықты, тарихты қастерлей білуге тәрбиелеу;
Әдіс - тәсілдері: әңгімелеу, сұрақ - жауап, дидактикалық ойындар, жаттығу, т. б.
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта,слайд, портрет,түрлі-түсті қағаздар, бейнебаян,карта.
Барысы:
І. Ұйымдастыру.
1. Оқушылармен амандасу; 2. Оқушы назарын тәрбие сағатына аударту. 3. Тәрбие сағатының мақсатымен таныстыру.
I. Кіріспе бөлім
Қызығушылығын ояту.
Оқушылар, бүгінгі тәрбие сағатымызда біздің елімізге,жерімізге көптеген еңбегін сіңірген,өз жеріміздің пайдалы қазбаларын зерттеуге өз үлесін қосқан тұңғыш геолог-ғалым туралы өтетін боламыз. Олай болса, балалар ол кісі кім деп ойлайсыңдар?
---------------------------------------------------------
-Ия,дұрыс айтасыңдар.Ол еліміздің ұлт мақтанышы-Қаныш Сәтпаев аталарың. Бүгін мен Қаныш Сәтпаевтың тарихын,ғылым жолын,еңбектерін
таныстыра отырып, бәріміз қызықты дидактикалық тапсырмалар орындайтын боламыз.
Бүгін біз әдеттегідей 3-топқа бөлінеміз:
1-топ – «Ғалым» тобы, 2-топ – «Тарих» тобы, 3-топ –«Ғылым» тобы.
II.Негізгі бөлім
1.Мұғалім сөзі- Қаныш Имантайұлы Сәтбаев-1899 жылы 31-қаңтарда Павлодар облысы,Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келді..Балалар, Қаныш Сәтпаев аталарың - геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик және дара тұлға болған. Нәрестеге - Ғабдул-Ғани деген есім берілді. Үлкен ұлы Ғабдул-Ғазизді еркелетіп Бөкеш деген сияқты, Ғабдул-Ғаниын да анасы Әлима "Ғаниым, Ғанышым" деп атаған.. Ол Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик. Ол Арғын тайпасы Сүйіндік руы Қаржас бөлімінен шыққан.
Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым, кейін Шорман ауылында орналасқан мектепке қатынай бастайды. Төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтайды. 1911 жылдан бастап Павлодардағы 2-сыныпты орыс-қазақ училищесіне аттанады. Аталған білім ордасын мерзімінен бір жыл бұрын бітіріп шығады. 1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына түсіп, оны төрт жылда аяқтап, бастауыш мектептерге орыс тілінен сабақ беруге құқық беретін куәлікке ие болады.
1918 жылдың күзінде Земство басқармасының қаржысымен Алаш қалашағында ашылған, ауылдық қазақ мектептері үшін мұғалім болудан еңбек жолын бастайды. Курс бастығы - Троицк медресесін тәмамдаған Мәннан Тұрғанбаев, оқу ісінің меңгерушісі Павлодарда және Семейде өзімен сыныптас - Жүсіпбек Аймауытов. Томск технология институтының математика факультетіне оқуға дайындала бастайды. Оқуға түсу үшін математика мен ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек болатын. Осы мақсатта Томск университетінің математика факультетін бітірген Семейде еңбек ететін Ғарифолла Нығметулиннен қыс бойы математика пәні бойынша қосымша сабақ алады. 1919 жылы қатты ауырып, ауруханаға түседі. Ауруханада емдеген дәрігер С.Н.Разумовский науқасқа бұдан былай Семейде қалуға болмайтындығын айтты. 1920-1947 жылдар аралығында көптеген қызмет атқарған болатын.Өзінің Отанына,туған жерінінің пайдалы қазбаларға бай жерлерін зерттей отырып,бас геолог,директор,содан соң Қазақ ғылым академиясының тұңғыш президенті болып,өмірінің соңына дейін көптеген еңбектер атқарған.
1947 жылы - Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті.
Балалар Қаныш аталарың ғылым жолында геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.
Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қаныш Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеалогиясын зерттеуге арналған. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрылысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді.
Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі және төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай-ақ, Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.
Ол аштықтан иесіз қалған ауыл балаларына өз көмегін көрсеткен. Қаныш Сәтпаев 1964 жылы Мәскеуде ауырып қайтыс болды.Ол кісі артына өшпес із және асыл мұра қалдырған.Біздің елімізде Қаныш аталарыңның есімімен аталатын жоғарғы оқу орындары: Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институты, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, Сәтбаев қаласы, Сәтбаев ғаламшары, Сәтбаевтың
мұздығы,«Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласындағы көптеген көшелер бар.
2.Сергіту сәті:
«Туған жер» әні
Армысың туған жерім, ауылым Жайлауы жазы қандай Құшақ жайып қарсы алар бауырым Жайдары жаны жаздай Туған жер топырағыңнан айналдым Жадымда мәңгі есімің Мөп-мөлдір бұлағыңнан нәр алдым Ауылым ақ бесігім Армысың туған жер атамекен Өзіңнің жоқ қой тенің Сағыныш сезіммен тартады екен Кіндік қан тамған жерім Туған жер топырағыңнан айналдым Жадымда мәңгі есімің Мөп-мөлдір бұлағыңнан нәр алдым Ауылым ақ бесігім
3. Қызықты карта
Еліміздің картасынан Қаныш Сәтпаевтың зерттеген жерлерін және қандай пайдалы қазбалары бар екенін көрсет.
Әр топтан топ басшылары келіп ,картадан орынын анықтайды.
4. «Ия немесе жоқ» сұрақ-жауап айдары:
1) Қаныш Сәтпаевтың шын есімі - Ғабдул-Ғани ия/жоқ.
2) Қазақ ғылым академиясының тұңғыш президенті-Қаныш Сәтпаев ия/жоқ
3) Ол сазгер,әнші,жыршы болған Ия/жоқ
4) Ол Орталық Қазақстанда ,Жезқазған өңірінде дүниеге келген ия/жоқ
5) Қаныш Сәтпаев Орталық Қазақстан,Сарыарқа,Жезқазған өңірінің пайдалы қазбаларын зерттеген. ия/жоқ
6) Ол өте білімдар,ақылды,парасатты геолог-ғалым болған Ия/Жоқ
7) Біздің елімізде Қаныш Сәтпаев атымен аталатын көптеген жоғ.оқу орындары,жерлері,көшелері т.б бар. ия/жоқ
5.Бейнебаян: «Сен білесіңс бе? Қ.Сәтпаев»
Мұғалім сөзі: - Ал, енді осы көргенімізді, естігенімізді толықтырайық.
6.Шығармашылық жұмыс.
1-топ : Сөзжұмбақ
Ғалымның отбасы,өмірбаяны туралы жасырылған бос орындарды толтыру;
2-топ: Сәйкестендіру
Сөйлемдерді бір-біріне дұрыс ретпен байланыстыру;
3-топ: Ребус;
Берілген ребусты шешу;
Бірінші жеңіске жеткен топқа «Мадақтау» беріледі;
1-орын----------------
2-орын----------------
3-орын----------------
7. Қазақтың Қанышы жайлы қызықты деректер
1. Ғұлама ғалымның шын есімі – Ғабдулғани. Арабшадан аударғанда «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. «Ғани», «Ғаныш» еркелете келе «Қанышқа» айналған.
2. Академик Қаныш Сәтбаевтың ең ірі жобасы «Ертіс-Қарағанды» каналы. Сәтбаев 1958-1959 жылдары өзі кәміл сенген істі, Ертіс суын Сарыарқа жонына көтеру жобасын екінші мәрте қозғап, кешенді істің Кеңес үкіметінің жетіжылдық жоспарына енуіне мұрындық болған. Бірақ жобаның құрылысы 1961 жылы басталып, 1967 жылғы желтоқсан айында бірінші кезегі аяқталып, Ертіс суы Екібастұзды жанамалай, 475 метр өрдегі Қарағанды мен Теміртау қалаларына жетті. Содан беріде Орталық Қазақстан алқабы иен суға шаш-етектен кенелді. Осы жұмыстың басында жанқиярлық еңбегін сарп еткен қазақтың Қанышы болатын.
3. Қаныш Сәтбаев өнердің сан-саласында озық болған. Музыка тыңдағанды ұнатқан. Биді қадірлейтін. Археолог ғалым Ә. Марғұланның айтуынша, Қаныш Сәтбаев полька, мазурка, вальс билерін билеуге қызыққан.
4. Қаныш Имантайұлы алғашқы қазақ мектептеріне арналып ана тілінде жазылған «Алгебра» оқулығының авторы. Алғашқы ғылыми еңбегіне жататын оқулық қолжазбасының көлемі – 1642 беттен тұрған.
5. 1947 жылғы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғарғы Советінің делегациясы құрамында Анлгияға барған. Сапар барысында қазақ ғалымын алғаш көрген Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті.
6. Әйгілі Жыржыс қажы 1919 жылы қажылық сапарға аттанады. Қасиетті сапарында бабалар рухына тағзым етіп, Мекке-Медина қалаларында болады. Қажылық сапарында атақты Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантаймен кездеседі.
Кейін Қаныштың әкесі Имантай Жыржыстың мешіт үйінде болып, сонда қайтыс болған.
7. Қаныш Сәтбаев қазақ археологиясының бәйтерегі, ғалым Ә. Марғұланды қуғын-сүргін азабынан құтқарып, Алматыдағы КСРО Ғылым Академиясының филиалына жұмысқа алады. Сондай-ақ Сәтпаев оған археологиямен айналысуға кеңес береді.
8. Ғұлама ғалым, академик Қаныш әкесі Имантайдың кіші жарынан туған. Бәйбішесі Нұрым Тасболатқызымен ширек ғасырға жуық тату-тәтті отасқанымен, орталарында бала болмапты. Нұрым бір қыз туған екен, оның өзі де жастай шетінеп кетіпті. Бір қызығы, Имантайдың бәйбішесі күйеуінің төсек жаңғыртуына қарсы болмай, кіші жарды өзі таңдап берген. Бәйбішенің таңдауы отыздан асқан Әлимаға түскен. Әлима – әйгілі Мұса Шорман әулетінің келіні болған, жасынан жесір қалған.
9. Қазақтың тау тұлғалы алыптары Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов дос болған. Ұлы жазушы мен ұлық ғалым Семейдегі семинарияда бірге оқыған. Қаныш Имантайұлының көзін көрген Сіләмхан ақсақалдың айтуына қарағанда, екеуі бір жатақханада, бір пәтерде тұрған. Жастайынан бір-бірін тап басып таныған қос таланттың арасындағы адал достық соңғы сәтке дейін жалғасын тапқан.
10. Қаныш Сәтбаев алуан түрлі тастары бар тауларды, дархан даланы жақсы көрген. Ол кішкентайынан тау-тастардан, қыраттардан әр түрлі түске боялған тастарды жинаған.
11. Қаныш айтқан екен: «Қазақстандағы ғылым дұрыс жолмен дамуы үшін оның штабында – ғылым академиясында халқының, өз Отанының мүдделеріне бар жан-тәнімен берілген адамдар қызмет етуі керек».
12. Қаныш Имантайұлы домбыра мен гитарада тамаша ойнаған. Қазақ және украин әндерін орындауды ұнатқан. Қаныш Сәтбаевтың орындауындағы әуендерді тұңғыш рет тыңдаған белгілі музыка танушы-фольклорист Александр Затаевич Қаныштың орындауындағы 25 қазақ әнін жазып алған.
13. Мәскеудің тапсырмасы бойынша Қазақстанның жерасты қазба байлығының картасын жасаған кезде Қаныш Сәтбаев төрт-бес ірі кенішті картаға кіргізбейді. «Бұл қалай?» деген орыс ғалымдарына: «Ондағы рудалар өте тереңде. Қаржыны да, теxниканы да көп қажет етеді. Сондықтан бұл жерді картаға кіргізуге әлі ерте», – дейді. Ал өзімен сырлас, сыртқа сыр шашпайтын достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар!» – деген.
14. Ұлыбританияның премьер-министрі Антони Иден: «Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы – ғажап құбылыс» деген.
15. Қаныш Сәтбаев жастайынан этнографияға қызыққан. Бала кезінен әртүрлі жер-су атауы туралы аңыз әңгімелерді тыңдап өседі. Ер жеткен соң геология ғылымы саласына қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысады. Дегенмен өзінің топонимикаға деген қызығушылығын да жоғалтқан емес. Кейіннен мұның оған орасан зор пайдасы тиеді.
8.Қорытынды. Рефлексия
Бүгін біз сабағымызды қорытындылай келе, Қ.Сәтпаев аталарыңның өмірбаянымен,еңбек жолымен дерлік таныстыңдар.Болашақта да аталарыңның жолын жалғайтын , елімізге елеулі қызмет ететін жас ұрпақтарымыз өсіп келе жатыр деп сенемін.
Балалар, көңіл-күйді бейнелеп тұрған смайликтер жатыр , сабақ түсінікті болса қуанып тұрғанды көтересіздер, түсініксіз болса мұңайып тұрғанды көтересіздер!
Осымен, балалар, біздің тәрбие сағатымыз аяқталды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет