Жас келіндерге және дүниеге келген сәбилерге катысты ырым-тыйымдар 1.Ене келін түскен кезде ұл немерелі болу үшін оған ырымдап алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. 2.Жүкті әйел болса, біреудің үйне өз дастарқаннынан апарған дәмді «қыз тауып қоям» деп жемейді.
3. Үлкен кісілер қонақта болған үйден келініне дәм әкеліп береді. Өйтпесе, дәметкен балалы жас келіншектің төсі ісіп кетеді
4.Ұзақ жолдың азабын тартып келген жолаушыны жаңа босанған әйелдің үстіне кіргізбейді. Ол өте жақын туыс болса ғана біраз тынығып, жуынып-шайынып, сыртқы киімдерін шешіп, жеңілденгеннен кейін барып кіруге тиіс. Өйткені, жол азабын тартып келген қонақтың түрі сұсты, қабағы қатулы,өңі шаршаңқы болады. «Дүние есігін жаңа ашқан сәби мен бар сүйегі босап, әлсіреп жатқан ана шошып қалмасын, секемденбесін, сырттан кірген қонаққа ілесіп келіп, жын жабыспасын» деп ырымдаған
5.Жаңа туған сәбиді емізбестен бұрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырады. Ерте кезде қасқыр киелі саналған, сондықтан да бұл ырым бала қасқырдай қайратты да қажырлы болсын деген ниеттен туындаған.
6.Нәрестенің ұйқысы тыныш болуы үшін және жын-шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып түтетіп, баланы бөлерден бұрын бесікті айналдырып, аластап шығады.
7.Сәби шалқасынан жатып алаңсыз ұйықтаса - елге белгілі азамат боп өседі, бүк түсіп жатса - уайымшыл,жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса ойшыл болады. Егер, аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса-болашақ батыр,кемеңгер болады.
8.Сәбиге көз тимес үшін бетіне күйе жағып, үстіне ескі киім кигізеді.
9.Баланың қарын шашын адам аяғы баспайтын жерге көмеді.
10.Баланы асырап алған ер балаға - асықты жілік, қыз балаға тоқпан жілік ұстатып, көпшілікті бұған куә етеді.
11.Үйге кіріп келе жатқан бала сүрініп құласа, үйге береке ырыс,байлық келді деп қуанады.
12.Бала тұрмай, шетіней берген жағдайда оны басқа адам өтірік сатып алады.
13.Әйелдің екіқабат кезінде жерігі қанбаса, баланың аузынан су ағып жүреді.
14.Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақаны мен табанын жуса тәуір болады.
15.Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апарып бір қойды сойып, соның ішегімен буындырады.
16.Баланың мойны тез және түзу беку үшін оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп, кептіріп қояды.
17.Қалы үлкейіп кетпесін деп, қалымен туған балаға Қалдыбай, Қалдыгүл,Меңдігүл,Анарбай,Анаргүл деп ат қояды.
18.Сәби өз үйіне "ассалаумағалейкум" деп кірсе ол үйге кешікпей қонақ келеді.
19.Сәби қолындағы заттарын "шашу" деп шашса, ол үйде той болады.
20.Сәбидің қырқынан шыққанда қарын шашын алмаса – қарғысы қатты болады.