Сыныпта қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтар ЖАЛПЫ ТӘРТІП ЕРЕЖЕЛЕРІ. Оқушылар мектепке сабақ басталмастан 15-20 минут бұрын келіп, киім ілгішке сырт киімдері мен аяқ киімдерін тапсырып, сыныпқа кіреді және оқу құралдарын дайындайды. Мектепке жарылғыш заттар, суық қару және өрт шығу қаупі бар заттарды әкелуге; спиртті ішімдіктерді, улы заттарды және наркотикалық – токсикоманиялық заттарды алып кіруге болмайды.
Мұғалімнің рұқсатынсыз сабақ уақытында мектептен шығып кетуге тыйым салынады. Егер сабақ қалдырған күндері болса оқушы дәрігерден ауырғандығы жөнінде анықтама немесе ата-анасынан (не оларды алмастыратын тұлғалардан) түсініктеме әкелуі тиіс. Себепсіз сабақ қалдыруға ешқандай рұқсат жоқ.
Сабақ уақытында тамақ жеуге, су не сусын ішуге, сағыз шайнауға, мобильді телефонмен сөйлесуге және сабақ өткізуге кедергі келтіретін түрлі ағымдағы музыканы тыңдауға тыйым салынады.
Егер оқушы сабаққа кедергі келтіретін жоғарыда айтылған заттарды тауып алған жағдайда мұғалім оларды тартып алуға және ата-ананың қолына табыс етуге құқылы.
Оқушылар үлкенді құрметтейді, кішіге ізет көрсетеді. Сонымен қатар оқушылар үлкендерге, жоғары сынып оқушылары – төменгі сынып оқушыларына, ұлдар – қыздарға жол береді.
Мектептен тыс жерлерде, мәдени орындарда оқушылар өздерін талапқа сай ұстап, мектеп атына кір келтірмеуі тиіс. Мектеп және басқаның мүлкіне өз мүлкіндей қарауға және сақтауға міндетті.
САБАҚ КЕЗІНДЕГІ ТӘРТІБІ Сыныпқа мұғалім кіріп келгенде оқушылар орындарынан тұрып сәлемдеседі және мұғалім рұқсат еткеннен кейін ғана орындарына отырады. Сонымен қатар оқу процесі кезінде сыныпқа кірген кез-келген үлкен кісімен орындарынан тұрып сәлемдесуі тиіс.
Әр мұғалім сабақ уақытындағы оқушының өзін ұстау тәртібін ҚР заңдарына сәйкес ұйымдастырады. Оқу процесі кезінде шулауға, өзі және қасындағы басқа да оқушыларды тақырыптан өзге әңгімелермен немесе ойындармен алаңдатуға болмайды.
Сабақ уақыты сабақтың мақсатына сай ұйымдастырылуы тиіс.
Егер сабақ уақытында оқушы түрлі себептермен сыртқа шығуы тиіс болса, ол оқушы тек мұғалімнің рұқсатымен ғана шыға алады.
Сабақ уақытының аяқталғанын және сыныптан шығуға рұқсат етілетінін мұғалім хабарлағаннан кейін ғана оқушылар сыныптан кете алады. Сабақ аяқталғаннан кейін көл жаққа, теміржол маңайына, саябаққа баруға қатаң тиым салынады.