Буллинг (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда, қорлау, қудалау, мазалау дегенді білдіреді. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін. Қоғамда “буллинг мектеп оқушылары арасында ғана болады” деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, қысқасы, барлық жерде буллингпен ұшырасуы мүмкін. Буллинг деп көп жағдайда бір адамның бір адамды қорқытып-үркіткенін, қудалауын атайды. Ал құрбанға топ болып әлімжеттік жасауды моббинг дейді.
Буллингтің негізгі төрт түрі бар. Олар:
Күш көрсету Буллингтің күш көрсету арқылы іске асатын түрі адамның тәніне зиянын тигізеді, оның дүние-мүлкіне зардап әкеледі. Мәселен, иықпен қағып өту, ұру, төбелесу және т.б. Әдетте буллинг бірден күш көрсетуден басталмайды. Дегенмен ақыр соңында күш көрсетуге алып келеді. Күш көрсету – өлімге апаруы мүмкін өте қауіпті буллинг түрі.
Сөз арқылы Сөз формасындағы буллингте адам ауызша айқаймен, дауыс көтеру арқылы және күліп, кекетіп-мұқату арқылы зорлық көрсетеді. Құрбанды қорлап, оның намысына тию, сыртынан ол туралы өтірік айту, өсек тарату, дөрекі сөйлеу, жәбірлеу сөз түріндегі буллингке кіреді.
Реляцион Реляцион буллингті кейде әлеуметтік агрессия деп те атайды. Бұл – бір адаммен қарым-қатынас құру арқылы оған зиян келтіру, кемсіту. Сондай-ақ, реляцион буллинг түсінігін бір адам басқа жанның репутациясына кір келтіргісі келген, оның қоғамдағы беделіне нұқсан келтіруді ойлап жасаған әрекетін сипаттағанда да қолданады. Реляцион буллинг сырт көзге жақын араласатын адамдар боп көрінетін ортада болуы мүмкін. Сондықтан ол ұзақ уақыт басқа адамдарға байқалмай, бірнеше жылға жалғаса береді.
Кибербуллинг Қазір қорқытудың кибербуллинг деп аталатын түрі жиі кездеседі. Мамандар да кибербуллингтің, әсіресе пандемия кезінде, өршіп тұрғанын айтып жүр. Кибербуллинг – интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін. Сонымен қатар құрбанға зиян тигізу мақсатында ойластырылған арнайы тапсырыс аясында кибербуллинг белгілері байқалады.
Баланың қандай да бір қысымға ұшырағандағы белгілердің тізімі:
Мектепке барудан қорқады, мектеп көлігін пайдаланудан бас тартады;
жоғарыда айтылған жайттардың кез келген үшін сылтау ойлап табады.
Буллинг пе, әлде жәй ғана әзіл ме? Егер сені біреу мазақ қылған жағдайда немесе достарыңмен жанжалдасып қалғанда, саған бәрі де жаман көрініп, барлық адамдар саған қарсы деген ой туындайды. Тіпті «бұл жәй ғана әзіл-қалжың ғой» деп айтқан жағдайда да, сен өзіңді әлі де ыңғайсыз сезінуің мүмкін. Бірақ, бұның барлығы өткінші екенін ұмытпа.
Бала буллинг құрбаны болған жағдайда не істеу керек? Егер ата-ана баласы буллинг құрбаны болғанын байқаса, онымен отырып сөйлесу керек. Балалар көп жағдайда ол тақырыпты қозғаудан қашады. Сондықтан жағдайдың мән-жайын анықтау үшін талпыныс жасау керек. Әрине, ата-аналар мәселеге араласуы керек. Яғни, сіздің балаңызды ренжіткен баламен емес, ең алдымен оның ата-анасымен сөйлесу керек. Жағдай дөрекілікке ұласып кетпеуі үшін әңгімелесу стратегиясын құрып, нақты деректер мен дәлелдер келтіру керек. Құқықтық жағынан да мәселені шешу керек. Ол үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту барысында қажет болатын (скрин, аудио, видео файлдар) заттарды баланы ренжіткен адаммен, болмаса оның ата-анасын жауапқа тарту үшін сақтап алу қажет.