32. Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрлері Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінетін түрлері
Сөйлемді айтылу мақсатына қарай топтауда ғылымдар арасында бірнеше пікір бар. Көптеген авторлар сөйлемді хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті деп 4 топқа бөледі. Соңғы кезде түркітануда сөйлемді айтылу мақсатына қарай үш түрге (хабарлы, сұраулы, бұйрықты) бөлу принципі орныққан. Ал лепті сөйлем айрықша мағыналық тип екендігін айта келе, О. Төлегенов: «Сөйлемде айтушының эмоциясы баяндау мазмұнына үстемеленіп беріледі, не болмыс, субъект жайында тікелей беріледі... Хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемнің мазмұны эмоциялық мағынаға ұласып та, ұласпай да айқындалады. Алдыңғы жағдайда олармен әрі баяндау, әрі қосымша бір айтушы эмоциясы беріліп отырады».
Сөйлемдердің мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты болып топтастырылуы тілдің ой білдіру, қатынас жасау құралы ретінде атқаратын басты қызметіне негізделеді.
Хабарлы сөйлем
Хабарлы сөйлемдер – ақиқат-шындық фактілерін, құбылыс, оқиға не зат туралы пікірлері хабарлау мақсатында айтылатын сөйлемдер. Ол қарым-қатынас жасаудың негізгі түрі болып есептеледі.
Профессор Аманжоловтың «Қазақ тілі синтаксисінің қысқаша ғылыми курсы» деген кітабында хабарлы сөйлем: қимыл хабарлы, сын хабарлы, сан хабарлы, мекен, мезгіл, анықтама, себеп, тақырып хабарлы деп бөлінеді. Мұнда автор хабарлы сөйлем баяндауышы болып тұрған сөздің негізгі семантикасына көңіл бөлген.
Профессор М. Балақаев «Қазіргі қазақ тілі» кітабында хабарлы сөйлемдердің мазмұны әр түрлі болатынын және көбіне баяндауыштың мағыналық, тұлғалық ерекшелігіне байланысты екендігін аңғарта келіп, олардың болымды, болымсыз, қалаулы, болжамды түрінде, ал баяндауышының қай сөз табынан жасалуына қарай етістікті, есімді болып бөлінетіндігін атап өтеді. Ал О. Төлегенов хабарлы сөйлемнің айтылу интонациясына, қолдану өрісі мен модальдік мағынасына көңіл бөледі. Хабарлы сөйлемдер мазмұны, құрылымы және қызметі жағынан әр түрлі болады. Өзіне тән хабарлау интонациясымен айтылады. Құрамы жағынан жалаң, жайылма, құрылысы жағынан бір бас мүшелі және екі бас мүшелі, жай және құрмалас болып бөлінеді. Баяндауыштардың грамматикалық ерекшелігіне қарай қалаулы, болжамды, етістікті, есімді, болымды, болымсыз болып бөлінеді.
Сұраулы сөйлемдер
Бір нәрсе жайында хабар алу үшін қойылған сұрақты білдіретін сөйлемдерді сұраулы сөйлем дейміз. Сұраулы сөйлемдер сұрау есімдері, шылау, интонация арқылы жасалады. Ғалымдар сұраулы сөйлемнің жасалуының 2 түрлі тәсілі көрсетіледі:
1. Сұраулы сөйлемнің синтаксистік тәсіл арқылы жасалуы. Бұған интонация, арнаулы модальдік сөздер мен демеулер арқылы жасалған сұраулы сөйлемдер жатады.
а ) Сұраулы сөйлемдер диалогта көтеріңкі ырғақ арқылы қалыптасады. Олардың лексикалық құрамы кейде алдыңғы бір сөйлемдегі сөздер болып келеді. Сонымен бірге бұл сұраулы сөйлемдер жеке бір сөйлем мүшесі мен сабақтас сөйлем бағыныңқысы ыңғайында, толымсыз түрінде де айтылады. Ал өзге сөйлем мүшелері мен басыңқы компонент түсіріліп қалады, бірақ мағынасы айтушыға да, сөйлеушіге де белгілі болады.
М: - Бір түнде көшіп кетсе, қайтесің?
Көшіп? Қайда кетеді?
Белгілі бір сөйлеу жағдайында сұраулы сөйлемдер кейбір модальдік сөзді, эмоциялық-экспрессивтік демеулікті болып келген баяндауыштардың басым сұраулық интонациямен айтылуы арқылы қалыптасады (болар, шығар, қайтеді, неғылды, білем, деймін модальдік сөздері, ғой, да, ау, ә, ма, иә демеуліктері арқылы)
- Өзіңіз жұмыстасыз ғой
- Білем 2. Сұраулы сөйлемнің лексика-грамматикалық жасалу тәсіліне не? кім? қандай? қай? қанша? неше? қайсы? қайда? қалай? қашан? есімдіктері жатады.
Ондай сөйлемде сұраулық интонация синтаксистік амал арқылы қалыптасатын сөйлемдердегідей сұрақ мәнді негізгі, қосымша бір тәсіл тұрғысынан айқындалмайды, сөйлесуші жақтың жауап беруі туралы эмоциялық айтушы қатынасын кейде үстемелей білдіру үшін ғана жұмсалады. Ал сұрау есімдікті сөйлемнің жалпы интонациясы қалай дегенде, олар көбіне хабарлы сөйлемдікіне ұқсас келеді. Бұл сұрау есімдіктерінің лексика-семантика ерекшелігіне, қандай орын тәртібінде болмасын өзіне логикалық екпін түсіріп айтылуына байланысты.
Сұрау есімдікті сөйлемдер, негізінде, ой мазмұнының белгісіз бір жағын анықтап білу, айтушының түсінік, мәліметін кеңейту үшін қолданады.
Сұраулы сөйлемнің түрлері
Сұраулы сөйлемдер негізгі мағыналары жағынан төмендегідей топтарға бөлінеді:
а) ашық мәнді, демеу мәнді, риторикалық мәнді;
ә) қолданылуына қарай: диалогта қолданылатын, монологта қолданылатын болып бөлінеді.
1. Ашық мәнді сұраулы сөйлем мағынасы мен қолдануы кең сөйлем түріне жатады. Олар мағынасына қарай: нақты сұрақты білдіретін және альтернативті сұрақты білдіретін; қолданылуына қарай: диалог сұрақ, монолог сұрақ деп бөлінеді. Монолог сұрақ айтушының өзіне арналады. Айтушы белгілі бір оқиға жайын не біреудің іс-әрекетін өз тарапынан бағдарлай біліп, айқындай түсуді мақсат етеді. Мұндай сұраулы сөйлемдер стильдік бір амал ретінде көркем әдебиетте ғана қолданылады. Диалог сұрақ сөйлесуші жаққа арналады. Ол бірде айтушы көзқарасын айқындау үшін жұмсалса, бірде сөйлесуші жақ қатынасына қарай сұраулы сөйлемдер тіке және қарсы сұрақты болып бөлінеді.
Тіке сұрақта сөйлесушіге ақиқат сұрақ қойылып жауап алынады. Қарсы сұрақта алдыңғы кісінің сөйлемдерінде қолданған кейбір сөздерді өзі сұрап тұрған тыңдаушы тұрғысынан қайталап отырады.