Синтаксистік парадигмалар


Теңдік  қатынастағы  құрмалас  сөйлемдер



Pdf көрінісі
бет203/374
Дата07.01.2022
өлшемі2,27 Mb.
#17280
түріМонография
1   ...   199   200   201   202   203   204   205   206   ...   374
Байланысты:
Paradigma2015-1

Теңдік  қатынастағы  құрмалас  сөйлемдер.  Теңдік  қатынастағы 
құрмалас сөйлемдерде, алдымен, компоненттердің мағыналық жақтан 
теңдігі  ескеріледі.  Қалыптасқан  түсінік  бойынша,  теңдік  қатынасқа 
тек  компоненттердің  баяндауыштық  тұлғасы  назарға  алынып  келді. 
Мағыналық  теңдік  дегенде,  екі  компоненттің  бір-біріне  мағыналық 
тəуелсіздігі  ескерілгені  жөн.  Əдетте  шылаулар  құрмалас  сөйлемнің 
мағыналық түрін айқындаушы негізгі фактор болса, жалғаулықсыз са-
лаластардың кейбір түрінде оны ажырату оңай емес. Тілімізде тек тұлға-
лық жағынан бағыныштылығы болмаса, мағыналық жағынан өз дербес-
тігін сақтаған сөйлемдер жеткілікті. Мұны кезінде Қ.Жұбанов, С.Жи-
енбаев, Қ.Есеновтер көрсеткен болатын. Мағыналық тиянақтылығына 
орай кезінде кейбір ғалымдар мұндай сөйлемдерді салалас деп таныған 
болса, енді біреулері мағыналық жағынан салалас, тұлғалық жағынан 
сабақтас деп таниды. 
Профессор Н.Сауранбаев жалғаулықсыз салаластарды «іргелес құр-
малас» деп атап, оны салалас құрмаластың қатарынан шығарып, сала-
ластар  мен  сабақтастардың  арасындағы  санат  деп  қарайды: «Сүйтіп, 
іргелес  құрмаласта  салаластың  да,  сабақтастың  да  белгісі  бар.  Сала-
ласқа тəн белгісі – ондағы жай сөйлемдердің грамматикалық жағынан 
бір-бірімен  тең  дəрежеде  құрмаласатындығы  жəне  баяндауыштың  ти-
янақты  қалыпта  болатындығы.  Бұл  екі  қасиет  іргелес  құрмаластарды 
салалас  құрмаласпен  жақындастырады.  Ал  іргелестерді  сабақтастар-
мен жақындастыратын белгі – іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына 
жағынан  бірін-бірі  сипаттап,  бір-біріне  тəуелді  болып  байланысады... 
Ал  іргелестегі  жай  сөйлемдер  ішкі  мағына  жағынан  сабақтасып  бай-
ланысады да, сыртқы байланысу формасы жағынан салалас болып ке-
леді» [4, 36 б.].  Бұл  пікірді  əзірбайжан  тілінің  маманы  Н.З.Гаджиева 
да қолдайды: «В бессоюзном сложном предложении общего присоеди-
нительного характера семантика взаимоотношений его частей выходит 
за рамки сочинения и подчинения» [65, 6 б.]. Бұл пікірге қазақ тілінде 
Ə.Хасеновтің  пікірі  қарсы  келеді: «Қазақ  тілі  оқулықтарында  жалғау-
лықты  салаластар  да,  жалғаулықсыз  салаластар  да  мағыналарына  қа-
рай топтастырылып, мəселен, қарсылықты, себеп-салдар, қарсылықты, 
жалғаулықты т.б. болып бөлінеді, яғни, алдымен, жалғаулықты түрлері 
өтіледі де, одан соң жалғаулықсыз түрлері қайталанылады. Ал мағына-
сы жағынан олардың арасында айырмашылық жоқ: салаластың жалғау-
лықты  түрі  қанша  болса,  жалғаулықсыз  түрі  сонша» [66]. Бұл  пікірді 
Ж.А.Жақыпов та қуаттайды: «Қазақ тілінде жалғаулық арқылы салалас 
құрмалас сөйлемді құрайтын сыңарлар ғана байланысады, оның өзін-
де жалғаулықтар сөйлемдер арасындағы мағыналық қарым-қатынасты 
анықтауда ерекше қызмет атқармайды. Қазақ тілі синтаксистік құрылы-
сының бір ерекшелігі сол, салалас құрмаласты құрастырушы сыңарлар-
дың  жалғаулықты,  жалғаулықсыз  болуы  көбіне  мағына  өзгертпейді» 
[67, 80-82 бб.]. 
Осы пікірлерге сүйене отырып, біз де салаластарды іргелес, жалғау-
лықты деп бөлу ісін компоненттерді байланыстырушы тəсілдердің үлесі-
не қалдырып, құрмалас сөйлемдерді компоненттер арасындағы функцио-
налдық,  семантика-грамматикалық  қатынастарға  қарай  топтастыруды 
жөн көрдік. Бірінші орынға мағына шығарылғандықтан, алдымен, құр-
маластар компоненттер арасындағы семантикалық-граммматикалық қа-
тынастарына қарай топтастырылады да, байланыс тəсілі, байланысу фор-
масы екінші кезекте қарастырылады. 
Бірде  іргелес  салалас,  бірде  жалғаулықсыз  салалас,  бірде  үлестес 
сабақтас  деп  берілетін  сөйлемдердің  біз  айтқалы  отырған  теңдік  қаты-
настағы  құрмаластарға  қатысы  болғанымен,  бірқатар  ерекшеліктері  де 
бар. Алдымен, теңдік қатынастағы сөйлемдерге баяндауыш тұлғасының, 
байланыстырушы тұлғалардың қатысы жоқ. Бұл жердегі теңдік қатынас 
–  мағыналық  теңдік  турасында  болмақ.  Құрмаластың  бұл  түрінде  ком-
поненттер бір-бірімен атрибутивтік, нысандық, адвербиалдық қатынасқа 
түспейді, керісінше, əр компонент мағыналық дербестігін сақтап, əр ком-
понентте дербес ой айтылады. Көбінесе айтылған ой бір-бірімен қанат-
тас, мезгілдес, кезектес, қатар орындалып жатады. 
Мысалы: Ұлбике бəйбішелік түрмен қымыз сапырып, Берен еркектер-
ден бөлегірек сонымен қатар отыр еді (Б.Майлин). Олардың бірі етік-
терін киіп, бірі етіктерін шұлғауланып жатқан (С.Жүнісов). Біреу то-
йып  секіреді,  біреу  тоңып  секіреді.  Не  Кемпірбай  молданың  тұмары 
қабыл  болды,  не  Шарипаның  бала  көтеретін  кезі  келді  (Б.Майлин). 


236
237
Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар
І бөлім. Дəстүрлі синтаксистік парадигмалар
Жəутіктің ойы біресе бұлттан шыққан қырандай жарқ етіп бой тас-
тайды, біресе ол құйылып алдына келеді (Х.Ерғалиев).
Келтірілген  сөйлемдерден  байқағанымыздай,  мағыналық  жақтан 
теңдік  қатынаста  құрылған  мұндай  сөйлемдер  бір-бірімен  салаласа  да, 
сабақтаса да, шылаулар арқылы да, шылаусыз да байланыса береді.
Əдетте  бір-бірімен  синонимдес  қолданылатын  «мағыналық  дербес-
тік», «мағыналық  тəуелсіздік»  ұғымдарын  құрмалас  сөйлемге  қатысты 
байқап  қолданған  жөн.  Өйткені  бір  бүтіннің  құрамындағы  екі  компо-
нентте белгілі бір дəрежеде дербестік болуы мүмкін, бірақ толық мəндегі 
тəуелсіздік болмайды. Қалай болғанда да, бүтіннің бөлшегі ретінде олар 
бір-біріне құрылымдық жағынан тəуелді позицияда тұрады.
Тіліміздегі  теңдік  қатынастағы  құрмаластардың  құрылымдық  ерек-
шеліктері, негізінен, төмендегідей:
–  Антитеза  немесе  аналогия  ретінде  алынған  екі  түрлі  субъектінің 
іс-əрекет, жай-күйі салыстырыла беріледі: Жақсының сөзі майдай, жа-
манның  сөзі  найзадай  (Қашаған  Күржіманұлы).  Жақсы  байқап  сөйлер, 
жаман шайқап сөйлер (Мақал).
–  Компоненттерінде  екі  түрлі  ойдың  салыстырыла  берілуі  (синтак-
систік параллелизм). Ерлік – елдің қасиеті болса, жүректілік – жігіт-
тіктің қасиеті (Б.Момышұлы). 
–  Қайталаулар:  Жақсы  сөзді  ел  жаттар,  ел  жаттар  сөзде  салмақ 
бар (Мақал). Айсыз түндей надан жаман, Ақылсыз болса, балаң жаман 
(Досбол би).
–Ортақ сөздің немесе лексикалық корреляттардың болуы: Жəутіктің 
ойы біресе бұлттан шыққан қырандай жарқ етіп бой тасалайды, біресе 
ол құйылып алдына келеді (Х.Ерғалиев). Тұз – астың төресі, онсыз ет 
те, нан да дəмсіз («Парасат»).
Кейде бұл амал-тəсілдер бір сөйлемде қабаттаса да қолданылады:
Шын  жақсыда  тарлық  жоқ,  Əділ  сөзде  зорлық  жоқ.  Бұл  сөйлемде
салыстыру да, синоним де, қайталау да кездеседі. Жалпы теңдік қатынас-
тағы құрмаластар мазмұны жағынан бір-бірімен тең түсетін екі синтак-
систік  параллельден  түзіледі.  Синтаксистік  параллелизм  құбылысын-
да  əрі  мазмұндық,  əрі  құрылымдық  ұқсастық  болатындығы  жөнінде
Р.  Сыздықова  Абай  өлеңдерінің  синтаксистік  құрылымына  қатысты
былайша түсіндіреді: 
«Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша. Бұл екі тармақты бір-бірінен синтак-
систік жағынан тығыз іліктестіріп тұрған – олардың параллельдігі, ал па-
раллелизмді жасап тұрған бұл сөйлемдердің ішкі мазмұн ұқсастығымен 
қатар,  сыртқы  құрылымы:  екеуінде  де  бастауыш  бір  сөзден  (кейбіреу), 
баяндауыштары бір тұлғадан (-ар жұрнақты есімше), пысықтауыштары 
да бірдей тұлғадан жасалғандығы» [68, 310 б.]. 
Тіліміздегі  теңдік  қатынастағы  құрмаластардың  ұйымдасу  тəсілдері 
мен жасалу жолдары əр алуан. Оны зерттеп, зерделеу келешектің ісі деп 
ойлаймыз. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   199   200   201   202   203   204   205   206   ...   374




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет