Л. В. Канторович және сызықты программалау
Л. В. Канторович 1912 жылдың 19 қаңтарында Санкт-Петербург қаласында дәрігерлер жанұясында дүниеге келді. 1926 жылы 14 жасында, ол Ленинград университетіне оқуға түседі. Сол кездегі Ленинград университетінде қалыптасқан жақсы математикалық орта бар болатын. Көп ұзамай Л.В.Канторович студенттерге арналған белгілі математик Г. М. Фихтенгольцтің жетекшілігімен ұйымдастырылған үйірмеге қатыса бастайды. Профессор Г. М. Фихтенгольцтің Математикалық талдау курсына арналған оқулықтары осы күнге дейін жоғары оқу орындарында қолданыс табуда. 1930 жылы ЛМУ–ді бітірген ол, Ленинградтың оқу орындарында сабақ бере жүріп ғылыми зерттеулермен де айналысады. Ғылыми зерттеулерінде үлкен жетістіктерге жетіп, 1932 жылы Ленинградтың азаматтық құрылыс инженерлерін дайындау институтында профессор атағын, ал 1934 жылы ЛМУ профессорлығын алады. Өзі қатысқан Г. М. Фихтенгольцтің математикалық үйірмесі Л.В.Канторович- Фихтенгольцтардың ғылыми семинарына айналады. Ол математиканың көптеген салаларынан жаңалық ашқан белгілі ғалым ретінде танылады. Өз өмірінде 300 – ден астам ғылыми еңбектер жазған ғалым, еңбектерін мынадай тоғыз тарауға жіктеп қарастыруды ұсынады [1]:
1) функцияның дескритивті теориясы және жиындар теориясы,
2) функцияның конструктивті теориясы,
3) талдаудың жуықтау әдістері,
4) функциональдық талдау,
5) функциональдық талдау және қолданбалы математика,
6) сызықты программалау,
7) есептеуіш техника және программалау,
8) тиімді жоспарлау және тиімді бағалар,
9) жоспарлы экономиканың экономикалық проблемалары.
Бастапқы тараулар 1) –4) көбірек теорияға жақын болса, соңғы 5) –9) тараулары қолданбалы жағына жақынырақ. Бірақ, өзі атап көрсеткендей ғылымның өзінде іштей бірлік бар, математика мен экономиканың жан – жақты теориялық және қолданбалы проблемаларын шешуге қажетті идеялар мен өзгерістердің бір–біріне бойлай енуі орын алады. Оның шығармашылығына тән ерекшелік сол кездегі математика мен экономиканың ең ауыр проблемалары мен болашаққа бағытталған алдыңғы қатарлы идеяларының өзара байланыстылығы. Сондай проблемалардың бірі сызықты программалау есебі. Кезінде - «өміріңіздегі ең маңызды ғылыми жетістігіңіз не деп есептейсіз деген сұраққа » - ол сызықты программалау деп, жауап берген. Сызықты программалаудың пайда болу тарихы мен оның байланыстарына қысқаша тоқталайық.
Достарыңызбен бөлісу: |