Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады


ОН ЕКІНШІ ТАРАУДА «Жанар, сені сағындым» дейтін өлеңнің дүниеге келу тарихы айтылады



бет14/29
Дата15.05.2023
өлшемі220,22 Kb.
#93247
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29
Байланысты:
Mienin\' atym K\'ozha - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

ОН ЕКІНШІ ТАРАУДА

«Жанар, сені сағындым» дейтін өлеңнің дүниеге келу тарихы айтылады


Жол бойы менің ойымнан Жанар шықпады. Мен оны көрмегеніме бір ай емес, көп-көп уақыт өткен тә­різді. Қазір ол қайда екен, ә? Үйінде ме екен, жоқ әлде екінші кезектегі лагерьге кетті ме екен?
Машинадан түскен бойда мен әдейі орағытып, Жа­нар үйі тұрған көшемен өттім. Міне, олардың үйі. Қоражайдың төңірегін қаулап өскен қалақай, алабота басып­ кетіпті. Қақпаның маңдайшасында бірнеше суық, торғай қонақтап жырлап отыр. Тырс еткен пенде жоқ, жым-жырт.
Қораның сырт жағын айналып көз тастадым, есікке құлып салынбаған. Қабырғаға шапталған жас тезектер бұл үйдегі қытымыр қара кемпірдің осында екенін баян­дап тұр. Кенет құлағымның дәл түбінен:
– Кімді іздеп жүрсің? – деген суық үн саңқ ете қалды.
Жалт қарадым – Жантас қу. Жүрегім су етіп, сасып қалдым.
– Неғыласың? – деген сөз аузымнан абайсыз шығып кетті.
Жантастың бір иығында ауыр рюкзак. Қағаз пилот­каның астынан қоңыр көздері жылт-жылт етеді. Көн­тиіп жарылып кеткен еріндерін жалап қойып:
– Сағынып қалдың ба? – дейді.
– Кімді? Нені? – деп, Жантасқа айбаттана бұрылдым. Жантас қу саусағын жебеп тайқи берді.
– Білем, білем кімді қарап тұрғаныңды...
– Білсең, біле бер.
Ох, бұл сөзді мен қалай батыл айтып салдым десей­ші. Қай мағынада айтқанымды аңдап өзім селк ете қалғандай болдым. Не болса, со болсын, бұным ерлік болды. «Мейлі Жантас қуға сол керек».
Соңынан білдім, Жанар ауылда жоқ екен, лагерьге кетіпті. Құлазыған далада жалғыз қалғандай болдым. Екі иінімнен зіл батпай көңілсіздік басты.
Түн. Төргі бөлмеде өлең дәптерімді алдыма жайып қойып, жападан-жалғыз өзім отырмын. Бірнеше жынды көбелек қалдыраңдап, айнала ұшып, шамның шынысына соғылды. Келші бермен, шабытым! Қайдасың! Кеудем толы сезімді сүйкетейін жыр етіп. Бүгінгі жырымның тақырыбы Жанар. Жол ортасына әдемілеп «Жа­нар, сені сағындым» деп жазып қойдым. Бірінші шумақ көкейімде күндізден сайрап жүр еді, мөлдіреп түсе қалды заматта:
Жанар, сені сағындым,
Келші, келші тезірек,
Жатпай-тұрмай ойлаймын,
Іші-бауырым елжіреп.
Бірнеше қайталап оқимын, жаман шықпаған тәріз­ді. Мүмкін, көркемдігі пәлендей жүйрік бола қоймас, бірақ шындық бар, сезім бар. Әлде көптен қолыма қа­лам ұстамағандықтан кеудем жырға толып кеткен бе, әлде Жанарға деген сағыныш сезімнің тасқындап құ­йыл­ған түрі осы болды ма, шүпілдеген екі бет өлеңді тап­­жылмастан ешбір қиналыссыз жазып тастадым. Өте-мө­те сәтті шыққаны соңғы қорытынды шумағы болды:­
Жанар, сендей жан тумас,
Туса, туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Сағынышым айтылмас.
Шіркін-ай, мойынға алған жұмысыңды тындырып тастап, рахатқа бататын кездерің де болады-ау! Сондай­ бір жетіскен халде орнымнан түрегелдім, сағатқа қарасам, он бір болып қалыпты. Ұйықтайтын уақытым бол­ған екен. Тысқа шығып келдім де, жатып қалдым. Бірақ, мұндайда ұйқы келе қоя ма. Жанар шықпайды ойымнан. «Мақтаншақ Қожа. Мен енді сені бұдан былай мақ­таншақ Қожа деп атаймын». Осыны айтып, қолын қуана шапалақтап, Жанардың дөңгелене жөнелген кей­пі көз алдыма келеді. Жаңағы оған арнап жазған өлеңім түп-түгел тілімнің ұшында тұр. Жатталып қалыпты. Қараңғы үйде шалқамнан жатып алып, соны бастан-аяқ сықпыртып, мылқау фильм тәрізді үнімді шығармай тақпақ етіп айтам.
Жанар, сені сағындым...
Кенет өлеңнің соңғы шумағын көкейімде тағы бір қай­талап айта бергенімде, «тоқта!» деген бір сұрақ кө­мейіме көлденең тұра қалғандай болды. «Бұл өлең сені­кі емес тәрізді ғой?» дейді әлгі сұрау шұбаланып. «Енді кімдікі». «Ойланып көрші». Ойланамын. «Иә, шынында да... Кенет көзім бақырайып, тынысым бітіп қалған­дай болды. Мәссаған! Әкем-ау, мынауым Абай өлеңі ғой! Дәл өзі.
«Айттым сәлем қаламқас» деп басталатын Абай ата­мыздың өлеңі.
Әркімнен ұрлап-қарлап ақын болу деген менің ойым түгіл түсіме кірмейтін сұмдық нәрсе. Өзімнің мына қылығыма төбе шашым тік тұрып кеткендей болды. Әрине, ұрлық дейді бұның атын. Жай ұрлық емес, әде­би ұрлық. Оны әлгі... не деуші еді... бірдеңе деген термині де бар.
Әлгі арада ұшып түрегеліп, Абай атамнан ауысып кеткен шумақты сызып тастамақ болып бір тұрдым да, тағы ойға қалдым. Бұған, біріншіден, дәптер былғанады.­ Ал, екіншіден, Абай болса, ұлы ақын. Мен тәрізді жас талапкер оның бір шумақ өлеңін кәдеге жаратқан екен, одан ұлы ақынның шалқар мұрасы, немене, азайып қала ма? Мен оны бәрібір, баспаға ұсынып жатқан жоқпын. Сондықтан тұра берсін, сызбаймын. Сайып келгенде, Абай кім, мен кім? Екеуіміз де қазақпыз, екеуіміз де ақын­быз. Ақын – ақынға қарайласпасын, жәрдемдес­песін деп, еш жерде жазылмаған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет