Менің Жантасты құйрыққа бір тебуімнің жай-жапсары айтылады
Бүгін сентябрьдің бірі. Парадтағы солдаттай жаңа формамды қатып киініп, мектепке келе жатырмын. Қолымда су жаңа сары портфель, мойнымда желбіреген қызыл галстук. Кепкамның қалай тұрғаны тәуір болар екен деп, әлгінде айна алдында бірталай машақат шегіп, ақыры оң жақ шекеме таман сырғытып киіп едім. Соны байқамаққа көлеңкеме көз қиығымды салып қоям. Көлеңкем ұп-ұзын болып, созыла түсіп, қалмай келе жатыр. Оның бір аяғы екінші аяғынан қысқа. Кепкамның сиқы да пәлендей әсерлі емес, төбесі қодырайып шығып кеткен.
Әне, алдымда Жанар үйі көрінді. Жүрегім лүпілдеп бұлқына соғып кеткендей болды. Жанар мектепке кетті ме екен, кетпеді ме екен. Бұл үйдің алдынан үкімет басшылары тұрған трибунаның қасынан өткендей кеудемді кере түсіп, сіресіп өтіп барам. Қайдан білейін, мүмкін терезеден Жанар қарап тұрған шығар. Жоқ, көз қиығымды тастап байқаймын, Жанардың қарасы көрінбейді.
Алдымдағы көлденең көшеден папка қолтықтаған ақ көйлекті бір қыз шыға келді. Майқанова. Ойламаған жерден кездескен соң абдырап қалдым. Күзге дейін кім бар, кім жоқ деп, елемей кететін оқу жылының аяғы емес. Басымдағы кепкамды жұлып алып амандастым:
– Сәлеметсіз бе, тәтей.
– Қалай Қадыров, жақсы демалдың ба, – деп сұрады Майқанова.
Ішім қып ете қалды. Қазір ол Сұлтан екеуіміздің жайлаудағы масқара қылықтарымыз жайлы айтатын шығар.
– Жаман емес, – деп күмілжідім.
– Сен жаздай қайда болдың?
– Жайлауда болдым.
– Бәсе, жайлаудан келгенің көрініп-ақ тұр. Күнге жақсы күйіпсің, – Майқанова күле сөйлеп, – нағыз Қара Қожа енді болыпсың, – деді.
«Уһ» деп, демімді қайта шығарғандай болдым. Майқанова ештеңе сезбейтін тәрізді.
Мен онымен қатарласып келе жатып, өзімнің мықты өсіп кеткенімді байқадым. Бойым Майқанованың бойымен деңгейлесіп қалыпты. Әлде Майқанова аласарып кетті ме? Жоқ, мүмкін емес. Қайта оның қазіргі киіп келе жатқаны биік өкше туфли. Жіңішке қисық аяқтары маймаң-маймаң етіп, көйлегінің етегі сирағына оралғыштап келеді.
Мектепке кірдім. Бірінші кластан бастап оқып келе жатқан осы мектеп маған туған анамдай ыстық та бауырмал. Жаңадан сырланған мұнтаздай еден, терезе жадырай күліп тұрған тәрізді. Мынау біздің класс, әлі ешкім келе қоймаған түрі бар. Орынды қай жерден алсам екен деп, біраз ойланып тұрдым. Мұғалімнің қарсы алдына отырсам қалай болады. Жоқ. Одан да ең арты тиімді. Сабақ зеріктіріп жібергенде, партаны ашып қойып, кітап оқып отыруыңа немесе өлең жазуыңа болады. Бірақ, әдетте, артқы парталарға сабақты нашар үлгеретін балалар әуес келеді. Өзіне сенімі күштілер қасқайып алда отырады. Немене, мен солардан кеммін бе? Ең алға, мұғаліммен бетпе-бет отырайын деген шешімге келдім.
Менің ендігі күткенім Жантастың (Тфу, бұл оңбағанның аты аузыма қалай түсіп кетті), Жанардың келуі. Қасымдағы орынды оған ұсынбақпын. Сосын жыл бойы Жанар екеуіміз қатар отырамыз.
Балалар біртін-біртін келіп, кіріп жатыр. Жанар жоқ. Есік алдынан қыздардың үні естілсе, сол шығар деп ойлап қалам. Бірақ ол болмайды.
Бір кезде Жантас оңбаған кіріп келді. Оның үстінде де жаңа форма, көрдіңдер ме дегендей аяғын ширатыла басады. Жантас қолын көтеріп:
– Сәлем еңбек еріне! – деді. «Қазақстан пионеріне» суретім басылғалы бері ол мені өстіп тәлкек етуді шығарған. – Қасың бос па, Қара Көже.
Кекесін дауыспен:
– Саған сақтап отырмын, – дедім.
– Қамқорлығыңа рахмет! – деп, Жантасым елпеңдеп келеді. Партаның шетіне қарай сырғып, тосқауылдай қалдым:
– Бос емес.
– Кім бар мұнда?
– Түсінемісің қазақша айтқанды. Бос емес.
– Жанарға сақтап отырмысың.
Ал, енді, қымбатты оқушым, кінәласаң кінәла, кінәламасаң өзің біл, мен өзімді бұдан әрі ұстай алмадым. Жантастың шақпа тілі бір ғана сәттің ішінде мені үш рет түйреп үлгерді. «Еңбек ері» деп, бір көкітті. Оның артынша «Қара Көже» деп, атымды тәлкек етті. Жанарды және сөзге қыстырып отыр. Зығырданым қайнап кеткені соншалық, орнымнан ұшып түрегелдім де, Жантасты иығынан ұстап, жалт бұрылып, «жұмсақ жеріне» әдемілеп бір тептім.
Қойсаңшы, еркек болғаны құрсын да Жантастың. Маған біреу әлгіндей істесе, әлім келсін-келмесін, сол арада қолында өлем. Сондай бір ашынғандық Жантастан да шығар деп ойлап едім. Мен онда бәлемнің түте-түтесін шығарып, жеп жіберуім қақ еді. Бірақ Жантас өйтпеді, сазарып үндемей қалды. Бар тіс жарып айтқаны:
– Мен ойнап айтсам... – дейді. Байғұстың даусы да біртүрлі бейшараланып шықты. Қайрат, қарсылықтан жұрдай еді.
Осы кезде класқа Жанар кіріп келді. Басында маған ғажап ұнайтын қызыл береткасы. Менің онымен мынадай әбігер халде тұрып, амандасуға да мұршам келмеді. Жанар орта шендегі басқа бір партаға отырғалы жатыр.
Оңбаған Жантастың кесірінен жоспарым күл-парша болды.