Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады


СЕГІЗІНШІ ТАРАУДА Оқушы жаңа кейіпкер Дәулетпен танысады



бет10/29
Дата15.05.2023
өлшемі220,22 Kb.
#93247
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29
Байланысты:
Mienin\' atym K\'ozha - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

СЕГІЗІНШІ ТАРАУДА

Оқушы жаңа кейіпкер Дәулетпен танысады


Құла дөненді желе аяңдатып отырып, түс ауа тау ішіне келіп кірдік. Бұл араның ауа райы мен жер келбеті төменгі жазыққа еш ұқсамайды. Ызың еткен шыбын жоқ, сап-салқын. Беталдымыздағы тау жақтан қоңыржай самал жел есіп қоя берді. Құбылып жайқалған жасыл шалғын, гүл-бәйшешек.
Ат үстіндегі ұзақ жүріс мені шаршатайын деді. Өйт­кені атқа екі адам мінгескенде, артқысы көп түйгіш­те­леді екен. Сұлтан болатын болса, күнге күйген желкесі қып-қызыл болып, кепкасын көзіне түсіре киген күйі бүлк ететін емес. Масатыдай құлпырған жер келбетін көргенде, бұлақ жағасындағы көгалға менің рахаттанып, аунай кеткім келді.
– Сұлтан, осы араға ат шалдырып, демалып алсақ қайтеді?
– Шаршадың ба?
– Шөлдеп кеттім.
– Енді біраз жүрсек, малшылардың үйлері кезде­седі. Қымызға жетіп, бір-ақ демалайық, – деді Сұлтан.
Айтқандай-ақ, келесі тұмсықты айнала бергенде, оң қол жағымыздағы беткейде бір киіз үй көрінді. Көне тартқан қараша туырлықтың үстіне әппақ жаңа түндік жабылған. Есік алдындағы ши сөреде жас құрт жаюлы тұр. Үй маңы мал қиы, сары ала тепсең ескі жұрт екені бесе­неден белгілі. Әріректе желіде екі құлын байланыпты. Оның бірі кер құлын, таңы жарқырап, бауырын күн­ге қақтатып, тыпыр етпестен серейіп жатыр. Қасында­ғы қаракер құлын жерден тың тыңдағандай басын тө­мен салып мүлгіпті де қалыпты.
– Құдай тілегімізді берді, қымыз ішетін болдық, – деп Сұлтан ат басын солай қарай бұрды.
Алдымыздан анталап үш ит үріп шықты. Үлкендігі танадай шұнақ құлақ, ақтөс қара төбет қарлыққан қа­лың дауыспен арс-арс етіп кеп, аттың тура басына секіре бастады. Ал, екінші бір сұңғыла қара қаншық үйге жібермеймін дегендей құла дөненнің құйрығынан тарт­қылап жүр.
Сұлтекеңнің мінезі иттен де жаман. Қамшысын оңды-солды үйіріп, иттерді одан әрмен өшіктіріп, азан-қазан шулатқан бойда есік алдына бір-ақ келіп тоқтады.­ Сол кезде үйдің түсірулі тұрған есігін серпіп ашып, жасы он бір, он екі шамасында секпіл бет сары бала шыға келді. Басында шекарашылардың жасыл картузы.­ Кең болғандықтан әлде қандай олақ қол оның артын қабыстырып, қара жіппен баттитып көктеп қойған.
Бөгде келіп, иттер абалап үргендегі баланың дағдылы қызметі осы болу керек – ол бізге назар аудармастан дереу босағада жатқан ақ бақанға жармасты да, иттерді қуа бастады.
– Кет! Кет, Алыпсоқ. Жат орныңа барып. Алыпсоқ төбет баланы дереу тыңдады. Шабандап, көмейінен қырқ-қырқ барлығып сарқып үріп, бізге ала көзбен бұ­рылшақтай қарап, тайып отырды. Оған ілесіп өзге ит те жым болды. Бақан суреттен бала бізге назарын енді аударды.
– Бұл кімнің үйі? – деп сұрады Сұлтан секпіл бет баладан ат үстінде тұрып.
– Жұмағұлдың үйі.
– Жұмағұл не істейді?
– Қой бағады.
– Кім бар үйде?
– Ешкім жоқ.
– Шешең қайда?
– Ана белдің астындағы сиырлы ауылға кетті.
– Қымыз бар ма?
– Қымыз жоқ. Бағана кісілер кеп ішіп кеткен.
– Түк қалдырмады ма?
– Қалған жоқ, – деп күмілжіді бала.
– Неге өтірік айтасың? Жүктің астында керегеге бай­лаулы тұрған бір мес қымызды қайда қоясың?
– Оны саған кім айтты?
– Жолда қой жайып жүрген Жұмекеңе кездесіп едік, сол айтты. Жүктің астында бір мес қымыз байлау­лы тұр. Содан төкпей-шашпай бір-бір кеседен құйып ішіңдер деді. – Сұлтан осыны айтты да, сыр берме деген­ ишарамен менің тіземді мытып қойды.
Көнтек ерні таңырқай ашылған қалпы секпіл бет таң-тамаша кейіпте тұрып қалды. Сұлтанның оспақ сөзі шындықтың төбесінен түскен болу керек. Мынау со­ның байыбына бара алмай тұр.
Секпіл беттің солқылдай бастағанын көрген Сұлтан:
– Түсейік, – деп ат басын мама ағашқа қарай бұрды. Түсіп, атты байладық та, үйге бет алдық. Секпіл бет әлгі орнынан тапжылмай мыналар қайтеді дегендей біз­ді көзімен бағып, көңіліндегі күдігін не айтпай, не Сұлтанның айтқанына сене алмай дел-сал болып тұр.
Үй іші ала көлеңкелеу, салқын екен. Сұлтан тап бір нағашысынікіне келгендей төр алдына сұлай кетті де, үй иесі кіргенге дейін жүктің астын ашып жіберіп, қарап та үлгерді. Тырсиған бір мес қымыз, шынында да, байлаулы тұр екен.
Бізден сескенгендей табалдырықты әрең аттап сек­піл бет кірді. Босағадан озбай тұрып қалды. Жуа-жуа шираған қалпы болса керек, үстіндегі көк сәтен көй­лек­тің етегі тылтиып қарнына шығып кеткен. Ышқыр мен екі аралықтан үрген доптай тырсиған тоқ қарынның бір шеті жылтырап көрінеді.
– Ей, атың кім сенің, – деп сұрады Сұлтан.
– Дәулет.
– Атың әдемі екен. Дәулет деген тамаша ат. Менің ағайымның аты да Дәулет.
Ағасы түгіл Сұлтанның сайтаны да жоқ еді. Өтірі­гім­ді шығарма деп, менің санымды тағы шымшып қой­ды да, сөйлей берді.
– Дәулеті мол, дастарқаны бай, алақаны кең болсын деп қойған ғой. Ей, Дәулет, біз асығып отырмыз. Сен бізге бір-бір кеседен қымыз бер.
– Апам ұрсады. Оны ауылға беріп жібереміз деген.
– Нені?
– Жүктің астындағы қымызды.
– Жұмекең өзі айтты ғой, бір-бір кесе құйып ішің­дер деп. Әкел, кесе әкелші.
– Апам ұрсады...
– Ұрыспайды, біз саған ақша төлейміз.
Сұлтан қалтасынан қобыратып, бірнеше бір сомдық­ сарықұлақтарды суырып алды. Дәулет шын ақша ма дегендей сүзіле қарап қалды.
– Иә, төлейміз, – дедім мен Сұлтанды қоштап. Ашық ауыз Дәулетті алдап ішкеннен гөрі адамшылыққа бұл бір табан жақын еді.
Мамам кеп қалса, қайтем? Бұл Дәулеттің көн­гені еді.
– Келмейді, – деп, Сұлтан орнынан ұшып түрегелді.
– Қай жақтан келуші еді. Мынау, – Сұлтан мені нұс­қады, – киіздің жыртығынан бақылап тұрсын. Екеуміз тездетіп құйып жіберейік.
Дәулет қолын созды.
– Әуелі ақша бер.
– Мә, деп, Сұлтекең Дәулетке бір сомды ұстата берді.
– Мынауың жыртық, ескі ақша ғой.
– Ендеше мынаны ал, мә – деп Сұлтан оның қолындағы шытырлаған су жаңа бір сомдыққа айырбастап берді.
Ақшаның сиқыр күші Дәулеттің шырайын күрт өзгертті. Енді оның көзінде қуаныш ұшқыны тіріліп, бізге үйірсектеп қарай бастады.
Сұлтекеңнің қимылына кез ілеспейді. Жүктің астындағы месті дереу суырып алып, аузын шешіп жатыр. Дәулет өрешенің ішінен бұрын ішіне қымыз құ­йыл­ған кішірек бір көк кастрюльді алып шықты.
– Кәне, тос.
Сұлтекең сар еткізіп, орта кострюльден аса қымызды бір-ақ құя салды.
– Көп боп кетті! – деп, шыж ете қалды Дәулет.
– Ештеңе етпейді.
Месті Сұлтекең көз ілеспейтін шапшаңдықпен орнына қайта байлап қойды. Екеуміз кострюльдағы қы­мызды кесемен көсіп алып, кезектесіп сіміре бастадық.
Босаған кострюльді өреше ішіне апарып қойған соң Дәулет:
Тағы бір сом бер, – деп, қолын созды.
– Не үшін.
– Сендер екі кесе емес, көп іштіңдер ғой.
– Өй, жолың болғыр, – деп кейіді Сұлтан, – біз оны ішейік деп іштік пе. Мамаң кеп қалса, сені құртады екен деп, саған жанымыз ашыған соң іштік қой. Бекер ішкен екем. Қарнымды сыздатып кетті.
Дәулет не дерін білмей, бедірейіп қалды.
– Сен, онан да бізге жейтін бірдеңе бер. Қымыз іші­мізді ашыта бастады, – деді Сұлтан.
Дәулет созған қолын енді ғана тартып алды.
– Нан жейсіңдер ме?
– Әкеле бер. Май бар ма? Оны да әкел. – Сұлтан Дәулетпен қабаттасып, өрешеге бірге кіріп кетті. – Мына біреу піскен омыртқа ма?
Саудадан пайда тауып қалған Дәулет.
– Тамаққа да ақша төлеңдер, – деп, ескертті. Әлде­кім шала мүжіп тастаған мойын омыртқаны қомағайлана тістелеп жатып:
– Жарайды, төлейміз, – дейді Сұлтан.
– Қазір төле.
Сұлтан Дәулетке тағы бір сом берді. Бір-бір жапырақ нанға май жағып, соғып алдық.
– Ал кеттік, – деді Сұлтан.
Дәулет менің алдымды тосқауылдай қалды:
– Бәкінің керегі жоқ па?
– Кәне, қандай бәкі, – дедім мен.
Дәулет қалтасынан бәкісін алып көрсетті. Темір сапты кішкентай арзанқол бәкі екен. Ұнатпадым.
– Белбеу керек емес пе?
– Қайсы?
– Дәулет жейдесін түріп жіберіп, сатпақ-сатпақ кір қарнын алдыма тосып, беліндегі белбеуін көрсетті.
– Өзің қайтесің? Шалбарың түсіп кетпей ме?
– Түспейді. Қайыспен байлап алам.
Мен Дәулетті неге екенін аяп кеткендей болдым. Оның ең соңғы белбеуіне дейін тонап әкету оңбағандық болар еді.
– Керегі жоқ, хош бол.
Дәулет амалсыз қоштасқандай ыңғай танытты.
– Хош болыңдар.
Дереу атқа қондық та, үш итті улатып-шулатып жө­неле бердік. Ақтөс төбет аттың омырауына шапшып, сұңғыла қара қаншық құйрығынан тартқылап, иттік мінездерін тағы көрсете бастады. Сұлтекең қара төбетті қамшымен тұмсыққа бір тартуға құштар болып, бастыр­малатып келеді. Бірақ әккі төбеттің оңайлықпен ұрғыза­ қоятын түрі жоқ. Қамшының ұшы жетер-жетпес жерден арс-арс етіп, өршеленіп, қалмай келе жатыр. Мен ар­тыма бұрылып қарасам, көкжасыл кепкасы қалқиып,­ жейдесінің етегі өрге қарай таңқия түсіп, Дәулет сауда­гер үй сыртында бізді көзімен ұзатып әлі қарап тұр екен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет