Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады



бет18/29
Дата15.05.2023
өлшемі220,22 Kb.
#93247
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29
Байланысты:
Mienin\' atym K\'ozha - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУДА

Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады.Тараудың аяғы серттесумен тынады


Мен Сұлтанды жайлаудан келгелі бері көргенім жоқ. Қайда екенін де білмеймін. Төңіректің төрт бұ­ры­шының Сұлтекеңе бәрі мекен, бәрі өріс. Бірді бірге ұрып, жүрген болар жосылтып.
Әй, Сұлтан, Сұлтан. Сенің бойында кісі қызығарлық өнер-қабілеттер толып жатыр-ау. Асауға шалманы­ қалай дәл тастайсың. Неше саққа жүгіртіп, құйқылжың­ қоң етінді ойып беруден тартынбайтын батылсың да, жо­мартсың. Бірақ арамдығың да бар: өтірік айтасың, ұрлық істейсің. Егер оқуды тастамасаң, әлгі айтылған лас қылықтарыңнан ада болсаң, сенен түбінде жаман азамат шықпас еді.
Менің Сұлтан жөніндегі пікірім осындай.
Сұлтанды мен жиі ойлаймын. Одан ажырасқалы бері өзімді жартыкеш қалғандай, бірдеңем жетіс­пей­тіндей сезінемін. Ал Сұлтекеңнің қасында уақыттың қалай зымырап өткені білінбеуші еді.
Бір күні мен мектептен қайтып келе жаттым. Қора бұ­рышын айнала бергенім сол еді, бір ит оқыстан «ыр-р-р» деп, ала кеп түсті тақымымнан. Баж етіп, артыма жалт бұрылдым. Қарасам, ит түгіл сайтан да жоқ, шидің түбінен сылқ-сылқ күліп, Сұлтаным шығып келеді!
– Ой, мықтап бір қатырдым-ау, Қара Көже. Нағыз сужүректің өзі екенсің ғой. Үйге барып, тезірек шалбарыңды ауыстыр. Ха-ха!
Мен Сұлтаннан мұндай көңілді келісті күтпеп едім. Жайлаудағы тойда оны Жұмағұлға ұстатып бермек бол­ған «опасыздық» қылығымнан кейін ол маған тісін басып жүрген шығар, бір ыңғайын тауып, бәлем, әкемді танытар ма екен деп, қауіптенетін едім. Жоқ олай емес бұрынғы жолдастығымыз сол бәз-баяғы қаз-қалпынан бұзылмағандай, қаймағы шайқалмағандай. Сұлтаным күлкіге шашалып, сықылықтап тұр. Реңінен жаулық ойлағандай ештеңе танылмайды. Бұны көріп, мен бо­йым­ды тез жинап ала қойдым. Сұлтанға көңілімде дық сақтап жүрген адамдай өңімді суыққа салып:
– Сен менен аулақ жүр, – дедім.
– Не боп қалды Қара Көже?
– Анада мені неге тастап қашып кеттің? Соның адамгершілікке жата ма?
– Жә, жә, Қара Көже. Соны әлі ұмытпай жүрмісің? Жұмағұлмен мен есептестім. Оған мынау деген әдемі күміс темекі сауыт апарып бердім. Бері қара, одан да сен қазір балыққа барасың ба? Сонау жоғарыдағы Киік­байдың өткелі тұсынан ар жақтан мен ғажап бір қара су таптым. Балық деген саған өтірік, маған шын, бықып жүр. Бардық болды, сүзіп аламыз.
– Торың бар ма?
– Диірменші Иванның торын аламыз. Ол менің досым, береді.
Балық аулау тәрізді жаным құмар істен бас тартуға маған қиын еді.
– Жарайды, мен тамақтанып алайын, – дедім. Сұл­тан қанжырдай бір тор атты біздің қораға кіргізіп байлап­ қойыпты. Соған баяғыша екі ерді ерттедік те, мінгесіп алып, тартып отырдық. Шіркін, рахат-ау ат үсті.
Еңсем көтеріліп, көңілім бірден гүл-гүл жайнап кет­кендей болды. Жолдан диірменге соқтық. Диірменші Иван қарт Сұлтанмен шұрқырап көрісті. Екеуі темекі тартысып, бір-бірінен жаңалықтар сұрасып, жетісіп қалды.
– Сіз бізге ауыңызды беріңізші. Балық аулайық деп едік, – деді Сұлтан. Иван ләм-мим деп, бір ауыз сөз айтпады.
– Ау әне, үйдің үстінде тұр. Ала бер, – деді.
Ауды алып ап, әрмен қарай жөнелдік. Қалың тоғай­дың ішіндегі ескі сүрлеумен сыпылдатып келеміз. Кей жерлерден бөстектей ұйысып бүлдірген сабақтары ұшы­рысады. Сол сабақтардың ара-арасынан қып-қы­зыл боп, маржанжай жылт-жылт етіп, бүлдіргеннің өзі көрініп қалады. Түсе қап, теріп жегім келіп, аузымның суы құрып кетеді. Бірақ оған Сұлтан көнбейді, оның жаны балыққа жетпей жай табар емес.
Сұлтан айтқан қара су жыныс тоғайдың ішінде екен. Арнасы шұңғыл, тор салуға қолайлы. Атты анадай жерге талға байлап қойдық та, өзіміз жаяулап, аяғымыздың­ ұшынан басып келдік. Бықып жүрген балығы қайсы деп, еңкейіп, мойнымды созып қараймын. Сол кезде Сұлтан «кис!» деп, пробка тәрізді серіппелі жағаны бір теуіп қалып еді, кілең бір ұп-ұзын қара балық өріп шыға келді. Зу-зу етіп, жоғары-төмен безіп-безіп барады.
– Ту! Көбін-ай балықтың! – деп, айқайлап жі­беріппін.
– Тс-с-с, айғайлама! – деді Сұлтан.
Екеуіміз тепе-тез шешіндік те, қара судың аяқ жағынан бастап сүзуге кірістік. Маған Сұлтекең бір қылтаға торды ашып қойды. Өзі ұзын ашабас шыбықпен судың астан-кестеңін шығарып, күмпілдетіп келеді.
– Кетері Ботала-топан лай судың ішінен торды жалма-жан тік көтеріп алдым да, ап-ауыр күйінде кө­гал­дың үстіне сүйретіп тастай бердім. Бірін-бірі сабалап шоршақтаған көп балық шүпірлеп, үйіліп түсті.
– Ура!
Қара судың басы онша алыс емес, төбешіктенген саздан шығады екен. Бас-аяғы бір сағаттай уақыттың ішінде сүзе-сүзе көмейіне жеттік. Ұстаған балығымыз бір шөмеле болды.
Енді міне, Сұлтан екеуміз пейіштің нақ төрінен орын алғандай отты маздатып жағып тастап, жетісіп ба­лық пісіріп жеп отырмыз. Нан, тұз, балық асып жейтін ыдыс ала келмегенімізге өкінеміз. Сұлтекең кепканы теріс айналдырып киіп алған. Бір жақ қабырғасы қап-қара болып, қарылып піскен ыстық балықты күйелеш-күйелеш ұртына жөнелтіп жатып:
– Қара Көже айтшы, осылай өмір сүрген жаман ба, – деді. Мен ойымдағыны айттым:
– Рақат, нағыз рақат.
– Ендеше оқу оқып не азабым бар. Таста оқуды.
– Онда мені мамам өлтіреді.
– Өлтірмей қалсын. Кісі өлтірудің оңайын-ай, ә. Бұр­нағы жылы жөкем де маған: оқуды тастайтын болсаң, жота теріңнен таспа тілмесем неғылсын, онда екі қолымды төбеме қойып беземін сенен деп, ант су ішуші еді. Сол да түк істеген жоқ қой. Белбеуімен жотама екі осқанда, өзенге қарай тұра жүгіріп ем, екі көзі шарасы­нан шығып, өзінің зәресі ұшты. Артымнан қуып жетіп, құшағына алып: оқымасаң, оқымай-ақ қой, әйтеуір тірі жүр қу жалғыз деп, аймалап, сүйіп, үйге әкелді. Содан бері қарай ләм деп, аузын ашпайтын болды. Ал егер ма­маң саған қол тигізетін болса, онда милицияның тұра өзіне жүгір. Баланы ата-анасы ұрсын деген заң жоқ бізде. Бұл үшін олардың көкесін танытып жібереді.
«Мамам мені өлтіреді» дегенім, әрине, жай сөзім. Мүмкін, сәби кезімде ұрса, ұрған шығар. Бірақ ес біл­гелі ол маған қол тигізіп көрген емес. Қандай реніші болса да сөзбен айтады, қас-қабағымен білдіреді. Қымс етсе, «әй тоқмаш жейсің!», «тоқмаш берем!» деп, күш көрсететін ол әжемнің әдеті ғой. Бірақ оның «тоқмашы» да жапырайған аузынан ұзап көрген емес.
Оқуды тастау менің пәруейімде жоқ нәрсе.
– Жоқ, мен оқуды тастай алмаймын, – дедім үзілді-кесілді.
– Оның да дұрыс екен, – деп иланды Сұлтан. – Сен оқуды тастасаң, маған ілесіп тастады деп, екеуімізді бірден қудалап пәле қылады. Оқи бер. Оқудың түбіне сен-ақ жет. Мүмкін кейін дырдай бастықтың бірі болып­ шығарсың. Сонда маған шапағатың тиер. Машинаңды бере тұршы деп, барсам, қалайша бермейсің.
– Мен бастық болмаймын, – дедім.
– Енді кім болсаң?
Мен өзімнің үлкейгенде жазушы болатындығыма кәміл сенемін. Бірақ тап қазір Сұлтанға немесе басқа біреуге солай деп айтып көрші, – жатып кеп келеке қылады.
– Кім болатындығымды өзім білем.
Біраз қаужаңдап әлденіп алғаннан кейін Сұлтан екеу­міз балықтарды соя бастадық. Күн кешкіріп, тоғай­ ішін көлеңке басып кетті. Ызыңдаған біз тұмсық сармасалар көбейді. Балықтың ішін жарып жіберген бетте Сұлтан оның торсылдағын алып, тарс еткізіп, маңдайына бірді соғып қалады. Өстіп-өстіп оның маңдайы сап-сары ала болып боялды.
Сұлтан кенет:
– Қара Көже, қарақшы болғың келе ме? – деп сұрады.­
– Қайтіп?
– Осы араның бір жерінен көрінбейтін етіп күрке жасап аламыз. Балықты мол етіп кептіріп жайып тастаймыз. Кейде мүмкін, жолға шығып, кісі тонаймыз. Бұрынғы қарақшылар қайтіп өмір сүрсе, біз де сөйтеміз.
– Біздің ыдыс-аяқ, мылтық ештеңеміз де жоқ қой?
– Оның бәрін үйден әкеліп аламыз, – деді Сұлтан. – Бұл бір керемет болар еді ғой.
– Мен оқуды қайтемін?
– Оқуыңды оқи бер. Біз күндіз емес, түнде қарақшылық істейміз.
Сұлтанның идеясы мені қызықтырып жіберді. Иә, бұл шынында да, ғажап болар еді-ау. Шіркін, бір түнде Жанарды да ұрлап әкелер едік. Ол бізге ас пісіріп, кірімізді жуып берер еді.
Балықтарды сойып болғаннан кейін әдемілеп тұ­рып шыбыққа тіздік. Содан кейін маңайдан күрке жасайтын ыңғайлы жер іздей бастадық. Ондай ыңғайлы жер судың дәл жағасынан табыла кетті. Ит тұмсығы батпайтын жыныс көк талдың арасы. Талдың жел­кіл­деген ұштарын шырмай, айнала тоқып тастап едік, іші ұядай ғана әдемі қуыс пайда болды. Оның оймақтай аузынан бір кісі еңбектеп азар сыяды.
Үңгірге Сұлтан рақаттана қарап тұрып:
– Қарашы, Қара Көже, тамаша емес пе. Бұл арада жүз жыл тұрсаң да, төбеңнен дәл келіп түспейінше, жан адам таба ала ма? – дейді.
– Таба алмай қалсын. Тіпті дәл келіп түскен адамның өзі бұның асты қуыс деп еш ойламайды.
– Қатып кетті. Өмір деп, міне осыны айт. Мылтық әкелеміз. Менің келіскен финкам бар, оны әкелеміз. Ех, Қара Көже. Өмір бойы көрмеген рақатыңды көрсе­тетін болдым-ау. Бірақ, Қара Көже, біз мынаған келі­сейік: ендігәрі бір-бірімізге жаздағыдай опасыздық істе­мейік. Шын адал дос болайық. Қарақшылар бірі үшін бірі жанын қиюға тиіс. Кәне, әкел қолыңды!
Сұлтан екеуміз қол алыстық, шынашақ ілмелес­тірдік. Сұлтан оны сол қолының алақанымен қырынан бір қойып үзді де:
– Тоқта, біткен жоқ, – деп, шөпшек ағашпен жерге­ дөңгелек сыза бастады.
– Бұл не?
– Бұл қызыл ошақ. Кім де кім сертті бұзатын болса, о дүниеде дозақта шыжғырылады.
Дөңгелектің ортасын айқастыра Сұлтан сызықтар жүргізді. Сонан соң етпетінен жата қалып, сол сызықтардың түйіскен жеріне маңдайын тигізді. Бұл ырымды­ мен де істедім.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет