Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады


ҮШІНШІ ТАРАУДА Мен өз ойымнан хабар беремін және құмдағы із жайлы сөз болады



бет5/29
Дата15.05.2023
өлшемі220,22 Kb.
#93247
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Байланысты:
Mienin\' atym K\'ozha - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

ҮШІНШІ ТАРАУДА

Мен өз ойымнан хабар беремін және құмдағы із жайлы сөз болады


Қаратайдың тез жөнелгеніне, жабырқап жөнелге­ні­не мен қуанышты едім. Осы кеткеннен қарасы бір­жолата өшсе.
Мамамның Қаратайға шынымен күйеуге шыққыс­ы келе ме? Мүмкін емес. Бөтен біреуге... тікенек сақал кәп-кәрі Қаратайға... жо, жо, ол оған шықпайды күйеу­ге. Тіпті жас болсын, қандай болса, сондай болсын, мамама керегі не бөтен күйеудің? Біз, әжем үшеуіміз, құдайға тәуба, онсыз да жаман тұрмаймыз ғой. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Мен әлі оқу бітіріп, ер жете­мін, университетке түсем. Жазушы болам. Міне, сол кезде мен мамама, егер ажалы жетіп, өліп қалмаса әже­ме де, өмірдің нағыз бақытын көрсетемін.
Осы ойымды түп-түгел ақтарып, мамама айтқым келе­ді. Бірақ қалай айтарсың, ұят бір түрлі. Жоқ, мамамнан ондай қылық шығуы мүмкін емес. Қаратайды ол жай сыйлайтын шығар. Менің ержетіп қалған балам­ бар, мен күйеуге тимеймін деп, басалқы айтып, түсінді­ретін болар. Бірақ Қаратайдың оны түсінгісі, ұққысы келмейді. Көлеңкедей еріп, мамамның соңынан екі елі қалмайды. Ух, осы бір сұғанақ, тәртіпсіз еркектерді ме...
Жоқ, менің мамам күйеуге шығуы мүмкін емес. Ол біз­ді ешуақытта да тастамайды. Ол ақылды, тәрбиелі адам. Ауылдың үлкен-кішісінің бәрі бірдей алдынан қия басып өтпей, хан көтеріп, құрметтеп тұратыны да сол мінезінен емес пе. Онсыз мамамды екі бірдей сайлауда қатарынан аудандық советке депутат етіп сайлар ма еді.
Бұның бәрі менің басыма тыңқиып тойып алғаннан кейін келген ойлар. Аш қарынға данышпан болып жетістірмейсің.
Шомылайын деп, өзенге келе жатырмын. Күн көк­жи­екке төніп барып қалса да, ыстық әлі қайтпаған, иығым мен шекемнің бір жағын қарып, күйдіріп барады. Төменгі егінжай жаққа көз жіберсем, темір пештің жалынындай лапылдап, дарияша жөңкілген ұшы-қи­ыр­сыз сағым толқыны. Егіннің арасындағы қара жолмен шаңды аспанға бұрқыратып зырлап кетіп бара жат­қан, дәу де болса, әлгіндегі Қаратайдың тап өзі. Бар сол тойғаныңмен. Ех, шіркін, егер мамамның орнында мен болсам, оған не айтуды білер едім. Сосын Қаратай маңыма жоламақ түгіл, қарамды да көрмес еді.
Күн ыстықта су да тартылып, азайып қалады. Ән­шейінде көгілдірленіп, аспан түстес болып жататын. Айт­пақшы, әлгінде осы арада қыздар шомылып жүр еді ғой. Іштерінде Жанар да болған шығар. Жанар атың қандай әдемі. Сендердің бұл қызбен танысып қоюларың керек. Осы повестің бас кейіпкерінің бірі болуға Жанар, біріншіден... кластағы ең бір ақылды қыз. Екін­ші­ден, сұлу. Әсіресе қызыл береткасын киіп жүргенде,­ сондай құлпырып, жайнап кетеді. Даусы қандай шір­кін­нің, ән салғанда тыңдасаң. Басына үкілі тақия киіп, мың бұратылып, Қамажайға билегенін көрсең. Барып тұрған өнерлі қыз. Кластағы бірінші үздік оқушы.
Ал енді айтып көр оны повестің басты кейіпкерінің бірі бола алмайды деп.
Жанарды ойыма алсам, менің ішім гүл жайнап кеткендей болады.
Мейлі, біздің класс жетекшіміз Майқанова мені жа­мандай берсін, сотқар деп, ұрса берсін. Мен өзімнің көкейтесті арманымды, жанымның түпкірінде маздап жанған құпиямды Жанарға бір жөні келгенде ақтарып айтып берсем, менің кім екенімді ол таныр еді. «Е, бәсе, Қожа осындай екен ғой. Талант деген түбінде жарып шықпай қоймайды», – дер еді. Шіркін-ай, былай болса:­ адам әуелі үлкен болып жаралса. Өмірдегі өзіне тиісті қызмет мамандығын атқарып болғаннан кейін барып, балаға айналса. Сонда маған Майқанова қалай қарар еді. Үлкен кезінде ол әйгілі жазушы болған, оның есімі бүкіл дүние жүзіне мәлім. Олай болса, менің оған әкі­реңдей бергенім жарамас, жазушыны сыйлау керек деп, тәубасына келер еді.
Бірақ амал қанша, өмірде бұлай болмайды, болмақ емес. Әуелі беделсіз, білімсіз бала болып жараласың. Се­нің үлкейгенде қандай адам болатыныңда ешкімнің шаруасы жоқ. Екінің бірі саған ақыл айтып, үстемдік жүргізбекші болады. Ақ, қараңды айырып, жаныңның түкпірінде не бар, не жоғына үңілмейді.
– Қожа тәртіпсіз!
– Қожа оңбаған!
Осылайша шу көтеріп, даңғазалап алып кете жөне­ле­ді. Су жағасы жайдақ, құмдауыт. Тырс етіп, менен өзге бір баланың келмеуін көрдің бе. Жалғыздан-жалғыз шомылу да көңілсіз. Судың шетіндегі дымқыл құм­да біреудің жалаң аяқ ізі сайрап жатыр. Мүмкін, осы Жанардың ізі шығар. Тани қоятын адамдай еңкейіп, үңі­ліп тұрып қараймын. Иә, Жанардың ізі. Ақырын ептеп қана аяғымды салып байқаймын. Із аздап кішілеу келеді. Иә, бұл Жанардың ізі болуға тиіс. Бойымды тәтті бір сезім жайлайды да, со күйде қимылдамастан тұрып қаламын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет