Сұлтанмахмұт Торай
1.Саяси-әлеуметтік лирикасы.
С.Торайғыровтың лирикасы сан алуан: мазмұны терең, тақырыбы бай. Өзінің лап етіп жанып, өрттей лаулаған қысқа өмірінде ақын талай-талай кезеңді белестерден өтті; басын тауға да ұрды, тасқа да соқты, тыным таппай болмыс шындығын іздеп шарқ ұрды, халқына адал қызмет ету жолында кей сәтте сара жолдан адасты да, бірақ ұзаққа алыстап кетпей, өз ортасына тез оралып, қараңғы түнекте жатқан елінің көгіне «Өрмелеп шығып күн болуды» арман етті. Сонымен С.Торайғыров поэзиясының ішіндегі ең бір мол саласы әлеуметтік сарыны басым өлеңдері деуге болады. Бұл топқа: «Түсімде» (1913), «Бұлар кім?» (1913), «Кешегі түнгі түс, бүгінгі іс» (1913), «Бір балуанға қарап» (1913), «Ендігі бет алыс» (1914), «Тұрмысқа» (1914), «Айт» (1914), «Көшу» (1914), «Бір адамға» (1914) тәріздес шығармаларды қосуға болар еді. Сұлтанмахмұт Торайғыров өмір сүрген кездегі ең күрделі мәселелердің бірі - әйел теңдігі. «Қыз сүю», «Гүләйім», «Жан қалқам” Сұлтанмахмұт өзінің көңіл-күйін: қуанышы мен қайғысын, мұңы мен назын, сүйінуі мен күйінуін өте шебер және нәзік етіп шерте білетін сыршыл, лирик ақын. Ақынның «Лағнат бұлты шатырлап», «Келді хатың мен шаршап», «Алты аяқ», «Күңгірт түспен ойға батып», «Ей, махаббат, ей, достық», «Дүниедегі қызықтың» деп аталатын өлеңдері де оның әр жағдайдағы көңіл күйін білдіреді.
Ақынның оқшау тұрған шығармасының бірі – «Шәкірт ойы» деп аталатын шағын өлеңі. Бұл өлең Сұлтанмахмұттың осы алуандас тақырыпқа жазған бір топ шығармаларының жиынтық қорытындысы деуге болады. Өйткені ақынның оқып, білім алып,есейген шағында өзінің алдына қойған негізгі арманына қорыынды жасағанын мына бір жолдардан айқын көреміз. Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда, кім болам? Мұздаған елдің жүрегін, Жылытуға мен кірермін! 1913 жылы жазған шағын бір өлеңінің тағы бір шумағын оқып көрелік: Мен – балаң, жарық күннен сәуле қуған, Алуға күнді барып белді буған. Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін, Болмасам толған айдай балқып туған.
С.Торайғыров шығармаларының көркемдік ерекшелігі Сұлтанмахмұт шығармаларын түгелдей алып қарасақ, араб-фарсы, орыс, татар сөздері едәуір кездеседі. Сонымен бірге ақын қазақ халқы бай ауыз әдебиетінің айшықты сөздерін кейде қаз қалпында, кейде аздап өңдеу-өзгертумен кеңінен пайдаланылғанын өкреміз. Бірнеше мысалдар келтірерлік: «Болса да қырық жыл қырғын ұмытпаспыз», «Әркімнің өз аузына қолы жуық», «Жазмыштан озмыш болмас», «Халық айтса қате айтпайды», «Жас жастың тілеуі бір», «Қарға адым жер мұң болар», «Болса да аузы қисық сөзі дәрі», «Данышпан ел көркейтер ерім осы», «Өз етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?», «Белбеуге түйіп алып беттің арын», «Қорлыққа ұрлық түбі айналмас па?», «Періште болса-дағы жолдан таяр», «Жесір ерден кетсе де, кетпес елден» тағысын-тағылар. Сұлтанмахмұт өзінен бұрын өткен ақын иелерінің сөздерін де пайдаланып отырады: «Адам – құл, өзін жеңіп ұстамаған, деген бір Сократтың бар нақылы», «Дүние бос, махаббатсыз мал секілді, деген сөзін Абайдың есіңізге ал», «Надсонның айтқанындай: Жауыз жолмен жүре алмай дымы құрыр онан әрі, талған күш, ауырған жан, қиналған тән, дертіне жақындықты етер дәрі» т.б.
2. Поэмалары.
Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты . Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы “Таныстыруда” Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың “бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – ай” екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. “Адасқан өмір”, “Кедей” поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды. “Адасқан өмір” – Торайғыров шығармашылығының зор табысы. Мұнда ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Поэманың лирикалық кейіпкері түрлі кәсіппен шұғылданса да, ешбірінен қанағат, теңдік таппай, әділетті қоғамды аңсайды. Шығармада ақын түсінігіндегі болашақ жаңа қоғамның бейнесі жасалады. Шығарманың негізгі идеясы адам өмірді өз тілегіне бағындыра алады және соған ұмтылуға тиіс деген оптимистік қорытындыға саяды. “Кедей” поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. “Айтыс” поэмасы толық аяқталмаған, онда Торайғыров қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, екі ортаның қайшылықты жақтары мен адамға пайдалы тұстарын қатар алып суреттейді. Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері “шындықтың ауылын іздеумен” байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның тенденциясы да сыншыл.
3. Прозасы.
Сұлтанмахмұт Торайғыров маңызды шығармалар жазды, ұлттық мәдениеті және әдебиет тарихында заңды түрде құрметті орынға ие болды. Бүгінгі таңда да оның халқына деген адал махаббатқа бөленген поэзиясында азаматтық ерліктің дабылы естіледі.
Абай сияқты, ақын зорлық-зомбылықты, надандықты қаламайды, оның өмірінің мақсаты халықты білімге жетелеу болды.
Ақын кей уақытта өз мақсатының жауапсыздығына налып, еңбегінің нақты жемісін көрмей, өзін шөл даладағы гүлдің тұқымымен салыстырады.
Торайғыров есімімен әлеуметтік-философиялық поэзияның, азаматтық ерлік поэзиясының дамуы ғана емес, сонымен қатар жанрлық, әдебиеттің көркемдік қорлануымен байланысты. Өлеңмен және прозамен жазылған алғашқы романдар, алғашқы философиялық және әлеуметтік поэмаларды және очерктерді жазған ол демократиялық дәстүрді жалғастырды. С. Торайғыровтың әдеби мұрасы жан-жақты. Бұл жерде оның очерктерін, әңгімелерін, проблемалық, әдеби-сын мақалаларын, рецензияларын, аудармаларын атап өтуге болады.
Оның белгілі «Қамар Сұлу» романын прозадағы поэма деп айтуға болады. Ауыз әдебиетінен алған және С. Торайғыровтың өзі құрастырған әдемі эпитеттері және салыстырмалары, мақал-мәтелдері, қанатты сөздері романға ұлттық рең берді, роман мәтініне поэтикалық хаттар, халық әндері(жар-жар,айтыс) енгізілген. Торайғыров романының тілі шырынды, өткір.
С. Торайғыров шығармашылығы еркін қоғам туралы арманға толы. Болашаққа ұмтылған оның әдеби мұрасы адамшылық идеядан, Отанға деген махабаттан тұрады.
4.«Қамар сұлу» романының сюжеттік желісі.
«Қамар сұлу» - өзінің тақырыбы мен мазмұны жағынан әлеуметтік роман. Жазушы қазақ әйелінің теңсіздіктегі жай-күйін роман оқиғасының негізіне алып, сол арқылы өз дәуірінің қоғамдық шындығын әлеуметтік тұрғыда талдайды. Қоғамдық топтардың Қамар тағдыры туралы әр түрлі түсінігін, әрекет тіршілігін жан-жақты суреттей отырып, шығарма идеясын өзі өмір сүрген қоғамның негіздерін сынауға бейімдейді. Қалын малға сатып шалдардың жас қыз алуын, әлділердің әлсіздерге зорлығын, халықтың қараңғыдағы қапас тіршілігін өткір сынайды. Сол негізде феодалдық-патриархалдық салт-сананың күйреуін және оны ұға алмай отырған елдің надан мінез-құлқын әшкерелейді.
Сұлтанмахмұт - адам хұқын қорғаушы, азат өмірді аңсаушы. Жастардың теңіне қосылып, білім алуына, халқын өрге сүйрер қатардағы азамат болуына тілекші. Романда жазушы өз ортасынан талпынып, бостандық іздеген осындай жастардың әр қилы кедергілерге кездесіп, ескі салттын құрбаны болғанын тебірене жазады. Сол арқылы аянышты тағдырға ел назарын аударуды, халық сезіміне әсер етуді көздейді.
Романның негізгі идеясын Сұтанмахмұт әр қилы тағдырлар, адам бейнелері арқылы ашуға ұмтылады. Оның кейіпкерлері көзқарасы әртүрлі адамдардың қақтығыстары негізінде жіктеледі. Қамар, Ахмет және оларды жақтаушы Омар ұнамды кейіпкерлер ретінде танылып, жорға Нұрым, Қалтан қажы, Оспан би, т.б. жаңалыққа қарсы іс-әрекеттерімен көрінеді.
Романның негізгі кейіпкері Қамар - жазушының суреттеуінде, аса сұлу, ақылды, ұстамды, сөзге шешен, ақын қыз. Сұлтанмахмұт оны романтикалық бейнеде алып, сирек туатын жан етіп суреттейді. Қыздың портреті мен мінездемесі де соған лайық берілген. Түр-тұлғасы, мінез-құлқы тең келген Қамарды ел әсемдіктің, ақылдылықтың белгісіндей көреді. «Бір нәрсені көңілдері ұнатып, мақтағысы келсе, «Уай, шіркін, мынау Қамардай екен!» - десуші еді»,- дейді.
Әрі өткір, әрі сөзге ұста Қамар - ауыл жігіттерінің де қол жетпейтін асылы. Олардың көбі қызды көргеніне мәз болып, бір ауыз тіл қатса, оны аузынан тастамай айтып жүреді. Сырттай ғашық боп жүргендердің кездесе қалса, тіл-аузы байланып, үндей алмай қалатыны тағы бар. Сұлтанмахмұт бұл арқылы Қамарды өз заманынан артып туған биік бейне ретінде таниды.