Партизанға Карпат тауының басында ескерткіш қойылған
Қасым Қайсеновтың Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың жау тылында көрсеткен ерлік қимылдары Отан соғысы тарихында алтын әріппен жазылған. Сол кезде партизан жасақтары түн қатып, түсі қашып жорытқанын бәріміз білеміз. Өздері – күтпеген жерден киліге кетіп, жер соқтырып кететін кілең жүрек жұтқандар болатын. Ел кегін арқалаған партизан жасақтарына жүктелген міндет сол жылдары аз болған жоқ. Кейде жиырма, кейде қырықтан топтанып алып, үлкен-үлкен жорықтарға аттанып, аз күнде мың қаралы қосын ертіп алып, көбейіп қайта оралып отырған. Қасым атаның кейде қасына жалғыз ғана серік ертіп, жарты ай ішінде бес жүз болып шыға келетін кездері де аз болмаған. Мәскеуден арнайы тапсырма алып, он жігіттің басшысы ретінде жау қолындағы Украина жеріне аттанған сәті кейінгі жорықтарына өшпес із қалдырғаны анық.
Одан кейін Батыр атамыз 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Карпатты азат етуге қатысқан. Карпатты қақ жарып өткен жорықта құрама командирі Александр Тканко: «Қасым, сенің бұл ерлігің Карпат шыңының тасына жазылуға тиіс» деп айтқан. Бұл қайтпас қайсар батырға қарата айтылған шынайы баға еді. Қасым Қайсенов бұл туралы бір естелігінде: "Мен Украинада легендарный адаммын, онда мені тек Вася деп біледі. Украинада маған орнатылған ескерткіш бар. Карпат тауының ең ұшар басына, ең соңғы рет жау тылына барғанда алпыс адам ұшақтан түсіп іріткі салған ғой. Ол тауға түскен алпыс адамның елу үші қаза тауып кетті, жетеуіміз тірі қалдық. Сол Карпатта ұрыс салған алпыс адамға арнап, таудың ең биігіне мрамордан ескерткіш орнатқан. Вот, солай!", - деп айтқан болатын. Сонымен қатар ол Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. Партизандардың қалың қолын басқара отырып, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткеріп, фашистерді сан рет тізе бүктірді.
Кеңес жері фашист басқыншыларынан азат етілген соң 1945 жылдың басында ол Отанына оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы аппаратын басқарды, содан кейін Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде жұмыс істеді. Қаламгер-партизанның қаламұшынан «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында» деп аталатын кітаптар жазып, ерлік жолдарын кейінгі ұрпаққа мұраға қалдырғанын да айта кетуім керек.