Қасымның ерлігі елінде ұмыт қалған жоқ
Бүгінде біздер батыр атамыздың «Жау тылында» деп аталатын кітабын жата жастана оқып, оған еліктеп өсіп келеміз. Иә, біздер сол бір ерлікке толы кітапты оқи отырып, ондағы кейіпкерлердің ерліктеріне сүйініп, қиналғанда бірге мұңаямыз. Әйгілі партизанның қарапайым да жатық тілмен жазылған шығармаларының қаншама жасөспірімнің көкейінде намыс отын тұтатты десеңізші. Қасым Қайсеновтің осы бір шығармасы жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ерлікке баулуда таптырмас құрал десем артық айтқандық емес.
Қазақтың қаһарман ұлы Қасым Қайсеновтің ерлігі елімізде ұмыт қалған жоқ. Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының қақ ортасында батыр ұлдың кеуде мүсіні қойылды. Ол туралы талай кітаптар жазылды, фильмдер көрсетілді. Қасым Қайсеновтің ішкі жан дүниесі, биік рухани келбеті ол кісінің замандастарының, қаламдастарының жазбаларында талай рет айшықталып қағазға түскен. Мәселен марқұм, жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықов тағдырлас ағасы туралы былай деп жазған: "Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде әркім әртүрлі бөлімдерде болып, неміс-фашистеріне қарсы күресті. Біреу танкист, біреу ұшқыш, біреу артиллерист болды. Енді біреулер жаяу әскер қатарында жаумен айқасты. Қасым Қайсеновтің үлесіне партизандық тиді. Ол алғашында Чапаев атындағы 8-партизан құрамасында №3 отрядтың командирі болып, Украина жерінде жауға желке жағынан соққы берді. Соғыс кезінде қалыпты әскердегі біздерді ел қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Ұрыста сиреген қатарымызды да халық толтырды. Елдегі туыстарымыздан, сүйген жар, сүйікті қыздардан үнемі хаттар алып тұрдық. Осының бәрі бізге күш-қуат берді. Ал майданның сырт жағындағы партизандарда мұндай мүмкіндіктердің бірі де болған жоқ. Олар "Ер азығы мен бөрі азығы - жолда" дегендей, ордалы жыланның ортасында, фашистердің қоршауында жүріп, шыбын жанын шүберекке түйіп, өздерін азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Жау сыртына барып түскен 23 жасар Қасекең осындай күйде жүріп, партизан отрядын ұйымдастырды. Кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жігерінің арқасында Баукеңе Кеңес одағының Батыры атағы берілді. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін Нұрекең өз Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа да, Қасым Қайсеновке де Халық қаһарманы атағын берді. Қасекең бұл лайықты атақты аса зор тебіреніспен қарсы алған еді. Ол өзінің соңғы сағатына дейін тәуелсіз мемлекетінің тынысын жырлаумен өтті. Еліміздегі елеулі оқиғаларға газет арқылы үздіксіз үн қосып отырды. Жеңістерге қуанды, кемістіктерге ренжіді. Бәрін ашық айтып отырды".