2.2.Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылығын дамытуда сюжеттік-рөлді және сюжетсіз-рөлді ойындардың рөлі.
Қимыл-қозғалыс ойындарына сюжетті және сюжетсіз ойындар жатады.
Сюжетті қимыл-қозғалыс ойындары шартты формада өмірдегі немесе ертегі оқиғасын бейнелейді. Балаларды ойында шығармашылықпен көрінетін ойын образдары қызықтырады (құстар мен автомобиль, ұшқыштар, қасқыр мен қаздар, маймылдар мен аңшылар).
Сюжетсіз қимыл-қозғалыс ойындары балаларды өздеріне түсінікті мақсатқа жетуге жетелейтін, балалар үшін қызықты қимыл тапсырмаларынан тұрады. Олар, өз кезегінде, ойындардың тоқтап жүгіру, ұстап алу және с.с. үлгілеріне бөлінеді; жарыс элементтері қолданылатын ойындар («Kімнің звеносы тез сапқа тұрады», «Kім өз жалаушасына тез жетеді» т.б.); қарапайым эстафеталы ойындар («Kім допты тезірек береді»); заттар қолданылатын ойындар (доптар, шеңбер, серсо, секіргіштер, кегельдер) қимыл мазмұнына қарай ажыратылатын ойындар (қимылдың басым түрі-жүгіру, секіру, лақтыру және с с.) . Сондай-ақ, кішкентай балалар үшін қызықты ойындар да бар («Aлақан соғу», «Mүйізді ешкі» және т. б.). [14,221-222 б.]
Сюжетті-рөлдік ойындар дәлірек айтқанда төрт жасқа аяқ басқан балада көрінеді. Олардың пайда болуы бірнеше жағдайларға: қоршаған ортадан алған әртүрлі әсерлерге, заттық ойын әрекеттерінің жинақталуына, ересектермен қарым-қатынастың жиілігіне, балалар дербестігінің дамуына байланысты. Ойынның әрі қарай қалыптасуы сюжеттің дамуына байланысты. Неғұрлым күрделі 2-3 әрекеттен тұратын сюжет ересектер балаларға ойыншықтарды іріктегенде пайда болады.Осы кезеңде ойынның дамуы зат және онымен әрекет жасаумен анықталады. Заманауи педагогикалық технологиялар авторлары (Н.Я. Михайленко, С.Л. Новоселова, Н.Ф. Тарловская, Е.О. Смирнова, Л. Лидак және т.б.) ойын әрекетіне сипатты айқындама берді: балаларды ойнауға үйрету қажет, ойын өздігінен және ойында балаға басшылық болмаса дами алмайды. Жоғарыда аталған авторлар ойынға басшылық етудің келесі кезеңдерін бөліп көрсетеді:
-дайындық (ұйымдастырылған оқу қызметтерінде, мақсатталған серуендерде алған әсерлерімен байыту, заттық-ойындық орта құру);
-негізгі (басталуы, барысы, ойынның аяқталуы, тәрбиеші тікелей және жанама тәсілдерді қолданады);
-ойынға қатысу (кеңес беру,ескерту және т.б.).
Балалар есейген сайын ойынға қатысушылардың саны көбейеді. Ортанғы топтарда-3-5 бала қатысады. Сюжетті-рөлдік ойынның алғышарты режиссерлік ойындар болып табылады. Бұл балалар шығармашылығының түрі, балалар өмірден, оқылған кітаптан немесе көрген фильмдерінен алынған бұрыннан таныс сюжетті жаңғыртады. Серіктестері ретінде жансыз заттар(ойыншықтар немесе оларды алмастырушы-заттар) алынады.Мұндай ойында бала құрдастарымен қарым-қатынас жасауға дайындалады. Режиссерлік ойын шамамен балаларда 3 жасқа қарай көрінеді. Бұл кезде балалар әлі бірге ойнамайды. Оларда әдеттегідей , қатар ойнау байқалады. Шамамен төрт жастан бастап балалар топтарға 2-3 адамнан жинала бастайды, мысалы, аулада, құмсалғышта (режиссёрлік ойындар үшін ыңғайлы орын) немесе үйде қонақтарды қарсы алғанда. Тәрбиешінің ойын барысын , балардың рөлдерді орындаудағы әрекеттерін әңгімелеп беруінің маңызы зор. Мұндай әңгімелер ойын тақырыбын таңдауда дербестіктің қалыптасуына, ойын мазмұнын дамытуға ықпал етеді. Балалар өзара келісуге, бір-бірінің пікірін байыппен тыңдай білуге және неғұрлым қызықты, тартымды заттарды таңдауға үйренеді. [15]
Педагог ойындарға қатыса отырып, өзіне басты, жетекші рөлді алуы немесе қатысушылардың бірі болуы мүмкін, бірақ кез-келген жағдайда балалардың бастамасын және шығармашылығын бағыттап, ойынға басшылық етуі тиіс. Балалар кейде дайын ойыншықтарды қанағат етпейді, олар ойындарға өздігінен атрибуттар дайындауға ынта білдіреді. Өз қолдарымен жасаған ойыншықтары балаға қуаныш сыйлайды, жасампаз үдеріске қызығушылық тудырады, ойын мазмұнын дамытуға ықпал етеді. 4-5 жастағы баланың ересектердің еңбек әрекетіне, еңбек нәтижесіне қызығушылығы басым болады, адамдардың жанкешті қылықтарына таңдану сезімі, оларға еліктеу тілегі қалыптасады. Ересек мектепке дейінгі жаста балалар ойын тақырыбы, мазмұны туралы келісе біледі, рөлдерді бөлісіп, өзінің ойын әрекетін жоспарлай алады. Бұл мазмұны біртіндеп дамып, күрделенетін, балалардың сезімдері мен қызығушылықтарына терең әсер ететін бір - екі аптаға, айға жалғасатын сюжетті-рөлдік ойындар. Олардың тақырыптары қазіргі өмірмен немесе баллардың сүйікті ертегі, әңгімелерімен байланысты. Бұл ойындарда мазмұн үздіксіз дамиды және балалардың қоршаған өмір туралы алған жаңа білімі негізінде күрделенеді. Шығармашылық сюжетті-рөлдік ойындарда бала ойын сюжеттерін өзі ойлап шығарады және әрекет барысына қарай оларды өзгертеді. Ойындардың сюжеттері оқылған шығармаларды, жарқын оқиғаларды немесе күнделікті әсерлерді еске түсіруі мүмкін, бірақ бала олармен еркін қатынас жасайды, сюжетті өз басынан кешіреді, оқиғаның барысын өзгертеді. Бұл ойындарда сюжет түрліше дамуы мүмкін, егер балалар екеу немесе үшеу болып ойнаса, жағдайдың қалай дамитыны туралы «келісім» ойынның маңызды бөлігі болады. Егер баламен ойнайтын ешкім болмаса, онда ойын ішкі жоспарға ауысады, яғни еркін қиял мен арманға беріледі. Кейінгі жылдары шығармашылық сюжеттік ойындар әртүрлі оқиғаларды ойлап шығаруға, театрға, бейнелеу өнеріне әуестенуге ұласады. Ойын әрекетін талдау 7 өлшем бойынша жүзеге асырылады:
1.Рөлдерді бөлу;
2. Ойыннның негізгі мазмұны;
3.Рөлдік мінез-құлық;
4.Ойын әрекеттері;
5.Құралдарды және алмастырушы-заттарды қолдану;
6. Рөлдік сөйлеуді қолдану,
7. Ережелерді орындау.
Ересек топта (4 жастан 5 жасқа дейін): Тәрбиешінің міндеті: -бірнеше рөлдерден тұратын балалармен бірлескен ойындарда балалардың ынтымақтаса білуін жетілдіру, рөлдерді бөлісуге, ойын әрекеттерін ойынның түпкі ниетіне сәйкес орындауға үйрету; - балаларды ойынға жағдай жасауға үйрету- заттар мен құралдарды іріктеп алу, ыңғайлы орынды таңдау; - ойынға қажет құралдарды құрылыс материалдарынан, пластмасса және ағаш конструкторлардан құрастырып, пайдалана білуді дамыту; - алмастырушы-заттарды қолдана білуді дамыту. Ортаңғы топтағы балаларға арналған сюжетті-рөлдік ойындар: «Анасы мен қызы», «Аурухана», «Автобус», «Дүкен», «Балабақша», «Дәмхана», «Цирк», «Құрылысшылар», «Шекарашылар» және т.б. [16, 9-14б.]
Достарыңызбен бөлісу: |