Сурет 3. Сол жақта отырған – Сейітқали Меңдешев (фото М. Мәмбетовтен алынды).
1919 жылы 24 маусымда РКФСР ХКК төраға В.И. Лениннің қатысуымен өткен мәжілісте Қазревкомның жеке құрамы туралы мәселені талқыланып, Қазревкомның бірінші құрамына С. Пестковский (төраға), В. Лукашев, Ә. Жангелдин, М. Тұнғанчин, С. Меңдешев, Б. Қаратаев кірді [5, 69-б.]. Осы күні В.И. Ленин С. Меңдешевке Қазревком мүшесінің мандатын тапсырды. 10 шілдеде РКФСР үкіметінің басшысы В.И. Ленин «Қазревком туралы уақытша ережені» бекітсе, 19 шілдеде «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитетті құру туралы» декрет шығарды [6, 155-б.]. С. Меңдешевке Қазревкомның құрамында халық ағарту саласына басшылық ету жұмыстары жүктелді. В.И. Ленинмен Москвада болған кездесуден соң Қазақстанға қайтып келген С. Меңдешев 1919 ж. 5 тамызда Бөкей губерниясында РК(б)П қатарына өтті [7].
1919 ж. 12 қыркүйекте өткен Қазревком мәжілісінде С. Меңдешев халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып сайланды [4, 182-183-б.]. Ол туралы С. Меңдешев өз естелігінде былай дейді: «Ревкомдағы жағдаймен біршама танысқан соң, мен Пестковскийге халық ағарту бөлімін ұйымдастыруды өзіме аламын деп мәлімдеме жасадым. Ол менің ұсынысыммен келісті. Біздің жұмысымыздың алғашқы қадамдары әлі есімде: ревкомның үлкен бөлмесінде үстел және мұнда халық ағарту бөлімі бар деген хабарландыру ілінген қабырға. Біз жұмысымызды барлық облыстарға бөлімнің құрылғандығы туралы жеделхат жіберуден бастадық. Бірнеше күннен кейін бірінші қызметкер пайда болды, мен оған орыс мектептеріне басшылықты тапсырдым. Біз онымен бірге Бөлім туралы ереже жобасы мен бөлімнің құрылымын және штатын даярладық. Көп ұзамай қазақ мектептері жұмысымен айналысатын екінші қызметкер де пайда болды» [5, 60-61-б.].
Сурет 4. Сейітқали Меңдешев
1919 ж. 15 қыркүйекте Қазревком мәжілісінде С. Пестковскийдің ұсынысымен Бүкілқазақ кеңестерінің съезін шақыруға дайындық жөніндегі ерекше комиссия құрылды. Оған С. Меңдешев, В. Лукашев, Петров және т.б. кірді. Комиссияға съезді шақыру жөніндегі нұсқаулықты даярлау тапсырылды. Оның жұмысының нәтижесінде Құрылтай съезінде сайлауға түсетін депутаттарға қойылатын негізгі талаптар анықталды. Комиссия мүшелерінің арасында аталған мәселеге қатысты түрлі көзқарастар мен ұстанымдар болып, қызу пікірталас орын алды [5, 179-б.].
1919 ж. 21 қарашада С. Пестковский, А. Байтұрсынов, М. Тұнғанчин, Ғ. Бөкейханов және Ш. Бекмұхамедов 5-9 желтоқсанда Москвада өтетін VII Бүкілресейлік кеңестер съезіне қатысу үшін аттануына байланысты С. Меңдешев Қазревком төрағасының орынбасары (төраға міндетін атқарушы) болып сайланды. Сонымен қатар, С. Меңдешев, Н. Бегімбетов және Б. Қаралдиндерге революциялық трибунал қызметін атқару жүктелді [4, 184-185-б.]. Ал 1919 жылы 23 қарашада Қазревком төрағасының орынбасары С. Меңдешевке оның өкілеттілігі көрсетілген мандат берілді. Ол бойынша С. Меңдешевке: «Әскери ревком бөлімдерінің және Қырғыз (Қазақ) өлкесіндегі барлық кеңестік мекемелердің кез-келген шешімдерін жою және бекіту; Қырғыз өлкесіндегі кез-келген лауазымды тұлғаны орнынан алып тастау; Әскери ревком несиелері мен қаржысын басқару; Әскери жеделхат жіберу және тіке телеграф жүйесін пайдалану құқығы» берілді [5, 69-б.]. С. Меңдешев делегация Қазақстанға қайтып келгенге дейін, яғни, 1920 жылдың қаңтарына дейін Қазревком төрағасының міндетін уақытша атқарды.
Сурет 5. Сейітқали Меңдешев
1920 ж. 3-11 қаңтарда Ақтөбеде Қазревком мен Түркістан майданының Революциялық әскери кеңесінің бірлесе отырып шақыруымен 250 делегат қатысқан І Кеңестік өлкелік қазақ конференциясы өтіп, ол барлық қазақ жерін бір республиканың құрамында біріктіру қажеттігі туралы мәселені көтерді. Осы конференцияда 1919 ж. 20 желтоқсанда РК(б)П ОК Саяси бюросы бекіткен ревком тізімі құпия түрде дауысқа салынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша С. Пестковский бірауыздан өтсе, А. Байтұрсынов пен С. Меңдешев басым дауыстарға ие болды. 1920 ж. 20 ақпанда РКФСР БОАК жаңа сайланған Қазревкомның құрамын төмендегідей бекітті: С. Пестковский, Т.И. Седельников, А. Байтұрсынов, С. Меңдешев, Ә. Жангелдин, Ә. Әйтиев, С. Арғыншиев, Ә. Әлібеков [4, 187-189-б.].
1920 ж. 22 қаңтарда Қазревком С.Меңдешевті халық ағарту бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті. Сонымен қатар, ол Қазревкомның саяси қызметкері А.Умеровпен бірге Еділ-Каспий қазақтары ревкомының жұмысына жетекшілік жасады. 1919 жылдың 11 қарашасында Астрахан губаткомының құрамынан шығып, Қазревкомға қараған Бөкей облысы 1920 жылдың басында аса қиын жағдайда қалды [5, 125-б.]. 1920 жылы 13 наурызда Қазревком Бөкей облысында не партиялық жұмыстың, не кеңестік жұмыстың дұрыс жүргізілмеуіне байланысты және ондағы халықтың жағдайының нашарлап кетуін ескере отырып осы облысқа арнайы комиссия жіберу қажет деп тапты. Оның құрамына С. Меңдешев, Қазақ әскери комиссариаттың өкілі және 1-Армияның өкілетті өкілі енгізілді. Түркістан майданынан облыстың бұрынғы басшылары Ямбулатовты, Акчуринді, Сошников пен Аязбаевты зиянкес және қылмыскер элементтер ретінде тұтқындау туралы шешім қабылданды [4, 189-б.]. С. Меңдешев бастаған комиссия Бөкей облысындағы саяси жағдай мен кеңестік жұмыстың жүргізілуін тексеріп, ол жердегі жұмыстың дұрыс жолға қойылуына көмек көрсетті.
Қазақстанда коммунистер санының көбеюіне орай, 1920 ж. 14 мамырда өткен РК(б)П ОК-нің Қыроблбюроның мәжілісінде Қырұйымбюроны жою және оның барлық жұмысын Қыроблбюроға беру жөнінде шешім қабылдады. Президиум сайланғанға дейін уақытша хатшы болып А. Авдеев сайланды. Ал 25 тамызда РК(б)П ОК Саяси бюросы Қыроблпартбюроның жаңа құрамын бекітті. Оған В. Радус-Зенькович, А. Авдеев, А. Коростелев, А. Кулаков, И. Акулов, Ә. Жангелдин, М. Мырзағалиев, С. Арғанчеев және С. Меңдешев кірді [4, 194-196-б.]. Осылайша, С. Меңдешев Қазақстандағы ең жоғарғы саяси билік органының өкіліне айналды. 1920 жылы 28 шілдеде Қазревком С. Меңдешевті Революциялық-әскери трибунал мүшесі етіп тағайындады [4, 195-б.].
Құрамында С.Меңдешев жұмыс істеген Бүкілқазақ кеңестер съезін шақыруға дайындық жөніндегі ерекше комиссия қызметінің нәтижесінде 1920 ж. 23 тамызда Қазревком кеңестерге сайлау жөніндегі нұсқаулықты бекітті. Онда Орал, Торғай, Семей және Ақмола облыстарының, Астрахан губерниясының қазақ бөлігінің (Бөкей ордасы) еңбекші халқының өкілдеріне сайлау құқығы берілетіні айтылды. Сонымен қатар, Қазревком басқаратын аумаққа кірмеген Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқанд, Закаспий облыстарының қазақ тұрғындары өз араларынан съезге кеңес беру құқығы бар өкілдерді делегат етіп сайлауға мүмкіндік алды. Егер, съезд ашылғанға дейін немесе съезд уақытында бұл аймақтардың Қазақ АКСР құрамына кіретіні шешілсе, делегаттарға дауыс беру құқығы берілетіні атап көрсетілді [5, 183-б.].
Қазревком Бүкілқазақ кеңестері құрылтай съезін ұйымдастыру және шақыру бойынша жұмыстарға басшылық жасау үшін «Қазақ өлкесінің жалпыға ортақ съезін шақыру жөніндегі өлкелік комиссияны» ұйымдастырды. Оның құрамына Қазревком мен РК(б)П Қазоблбюросының және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Қазревком мен осы комиссияның тікелей ұйымдастыруымен 1920 жылы тамыз-қыркүйекте қазақ даласына қарасты барлық облыстарда, губерниялар мен уездерде Қазревком әзірлеген сайлау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес сайлаулар өткізіліп, ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезіне делегаттар сайланды.
1920 ж. 25 тамызда өткен РК(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінің қорытындысында С.Меңдешев жаңадан бекітілген Қазревкомның және Қазоблпартбюроның құрамына мүше болып кірді [4, 196-б.]. Өзінің ерік-жігері мен қазақ халқына қызмет етсем деген құлшынысының арқасында Қазақстандағы ең жоғарғы кеңестік-партиялық биліктің құрамына енген С. Меңдешев 1920 ж. 8 қыркүйекте Қазревком төрағасының орынбасарлығына тағайындалды. 13 қыркүйекте Қазоблбюро мәжілісінде Қазревком мүшелері арасындағы міндеттер төмендегідей бөлінді: И.Д. Мартынов – азық-түлік бөлімі, В.А. Покровский – Халық шаруашылық кеңесі, С. Меңдешев – ағарту және ревком төрағасының орынбасары, А.Д. Авдеев және Ә. Жангелдин – әскери, Ә. Әлібеков – басқару бөлімі, Ғ. Әлібеков – әділет, С. Арғыншиев – денсаулық сақтау [4, 197-б.].
Достарыңызбен бөлісу: |