Үшінші тарау. Жазушылар одағы және мен
«Уай, Тәңір хақ, қаламымды қалғытпай, қас-дұшпанға аңдытпай, маңдайымды тигізбей тасқа, жолымды даңғылға баста!» деп 1968 жылдың оныншы қарашасында «Елім-айымның» қолжазбасының алғашқы бетіне «Әлқисса» деп із түсердім.
Қыркүйек айынан бері мен «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкерімін. Металлургия және кен байыту институтындағы қызметіммен қош айтысқам. Қош айтысуымның да біраз малағамы бар.
Осыдан екі жыл бұрын жас мамандардың тізімімен үй алушылардың кезегіне тоқсан екінші болып тіркелгем. Екі жылда өзім жасаған кішірек домна пешінің үлгісіндей цилиндр бөшкеде төрт жүздің шамасында тәжірибе жасап, сол тәжірибелерімнің қорытындысын Шымкент екіфосфорлы тұздар зауыты (завод двухфосфорных солей) пайдаланып, кәдімгідей кіріс көрген-ді. Сол кірістің он бес мың сомын біздің институтқа сыйлыққа деп жіберген болатын. Әрине сыйлықтың үлесінен институт басшылары, зауыттың бас инженері мол қарпып, осы тәжірибелерді жасап, от пен шоқтың ортасында күйіп-пісіп жүрген маған жүз, үш лаборантыма елу сомнан бөлінген еді. Ренішімді Асқар ағаға сездіріп едім, ол өзіне тиесілі бес жүз сомның жүз елуін үш лаборантыма бөліп берген-ді.
Айтайын дегенім бұл емес еді, қаламымның жорғасынан жаңылып, текіректеп басқа шиырға түсіп кеткенін байқамай қалыппын.
Жас мамандарға арналған үй бөлу кезегіндегі орнымды анықтайын деп Академияның вице-президенті Сокольскийдің қабылдауына жазылып, түстен кейін телефонмен қабылдайтынын естіп, жетіп бардым.
Тізімді ашып қарап вице-президент менің кезегім тоқсан жетінші орында екенін айтқанда көзім бақырайып кетті.
Не дедіңіз? Қалай тоқсан жеті? Мен осыдан екі жыл бұрын кезекке тоқсан екінші болып тіркелгем. Ілгерілеудің орнына кейін шегінгенім бе?
Сен менің басымды бос сөзбен қатырма. Үй алуға, кезекке тұруға берген арызың қайда?
Қайда болушы еді... Сізде ол... Сіз алып қалғансыз.
Мен ол арызыңды көрген жоқпын. Алдымен тауып әкел.
Сонда мен сіздің столыңызды ақтаруым керек пе?
Әй, сен тәртіпсізденіп... қайдан шыққан көргенсіз едің?
Жаным қатты ышқынды. Вице-президенттің мені адам ғұрлы көрмей қиянатқа таңғанына шыдай алмай кеттім.
Мен кейбіреулердей Пехлевиден келген келімсек емеспін. Мен Қазақстанның төл тумасы – қазақпын!
Сокольский орнынан атып тұрды. Көзі шатынап, қолымен есікті нұсқады.
Жоғалт көзіңді, сұмырай! Шық кәне! Академияның маңайынан жүрместей қылам!
Қарсы беттегі институттың подвалындағы Асқар Қонаевтың кабинетіне қалай жеткенімді білмеймін. Есікті ашып ішке кірсем, Асекең телефонмен әлдекіммен қызарақтап сөйлесіп жатыр екен.
Ағайдың кіммен сөйлескенін түсіне қойдым.
Трубканы қояр-қоймастан маған шақшиды.
Бар жағдайды ештемені жасырмай түгел айтып бердім.
Әй, сен оның Пехлевиден, Ираннан екенін білуші ме едің?
Білем.
Асқар ағам күліп келіп арқамнан қақты.
Бар. Шұрқ етпей жұмысыңды істей бер.
* * *
Фосформен тәжірибе өткізіп, түтінін жұтып жүргенімді естігенде Сыдық ағам қатты ренжіп ашуланған еді.
Сен фосфордың уранға жалғасатынын білемісің?
Білемін.
Онда сен Академиядағы жұмысыңды тоқтат. Жазушылар Одағына ауыс.
«Жазушылар Одағына ауыс» деп айтуға оңай. Күрсіндім де, тайып тұрдым.
Бір демалысымда сазгер ағамдікіне келгем. Жеңгей ғана үйде екен. «Сені ағаң таппай жүр. Телефоның да жоқ. Анау Жазушылар Одағының бастығы Шәріповқа кіруі керек» деп мазасызданғанын көрмедің ғой ағаңның. Сен ертең Одаққа кіріп шықсайшы».
Ертеңінде Әди Шәріпов ағаның алдында отырдым. Сматаев деген фамилиямды естіп, столының тартпасынан менің «Аспана оттары» деген кітапшамды көз алдыма тоса қойды.
Оқыдым. Ой өрісің өзгелерден өзгеше. Сөзбен сурет салуға талпынысың бар, – деп кітапшаны суырмасына қайта салды. – Ал, бұл жаққа неге ынтықтың?
Академиядан пәтер алу – америкадан негр әкелуден де қиын.
Әй, сен американың негрін өзіне қалдыр... Сонымен пәтер қинап жүр де.
Иә, екі ұлым, әкем-шешем бар, – деп соңғы екеуін қосып қойдым.
Әдекеңнің астындағы айналмалы кресло екен. Бір айналып қалып, бетіме көзін түйілте қадады.
Жұмысты «Жұлдыз» журналында істеуге қалай қарайсың?
Өте жақсы қараймын, – дедім қуанғанымды жасырмастан.
Онда, жолдас Сматаев, мен саған үш ай, алты айда үй берем демеймін. Ал бір жылдың мөлшерінде пәтеріңді аласың...
Сонымен журналда істеп жүргем. Тамыздың үші күні Одақтың бірінші хатшысы шақырып, кең кабинетке жүрексіне кірдім.
Кел, жолдас Сматаев! Кел, отыр!
Отырмын. Әдекеңе үнсіз бажыраям.
Мен саған бір жылдың ішінде пәтер әперем деп уәде бергем.
Бергенсіз.
Онда саған төрт бөлмелі пәтердің кілті бұйырады, жолдас Сматаев.
Нанар-нанбас толқымалы күйде:
Әдеке, ойнамаңызшы... бір бөлме ме? – деп күмілжідім. Әдекең креслосында бір айналып қалып, бетіме күле қарады.
Әй, жолдас, мен сенімен ойнайтын құрдасың емеспін. Төрт бөлмелі – алдындағы қағазға үңілді – төрт бөлмелі пәтер. 12 – микрорайон, оныншы үй, тоғызыншы пәтер.
Буын-буыным босап, орындықтан екі-үш ұмсынып әрең тұрып, бұрыла беріп, жүзімді Әдекеңе жалт еткіздім. Қолымды созып, қолын алып, «Ра-ах-ме-ет!» дедім кемсеңдеген ерінді икемге әрең келтіріп.
Таксилетіп София Ковалевская көшесіндегі жалдамалы үйіме жетіп, Шәкемді құшақтап шыр айналдырдым.
Сүйінші! Пәтер алатын болдық. Әди аға ертең ордерін береді.
Шәкем жас баладай қуанды. Құшағындағы мені сығымдап қысып барады. Қуанған жанның күші тасиды деген рас болса керек.
Бір бөлме ме?
Төрт бөлме, төрт! – деп төрт саусағымды әуелете көкке көтердім.
Әй, сенің осындай бір ойының қалмайды екен, – деп еңбектеп жеткен Манасты еңкейе беріп көтеріп алды.
Рас айтам, Шахминам-ау. Алғашқыда мен де Әдекеңе сенбей сен айтқан ойнамаңызшыны мен де айтқам ағаға.
Шам сенді. Біресе Манасын, біресе мені сүйіп, шат-шәлекейі шығып, екі иығы селкілдей бастады.
Екі баланы екеуміз алдымызға алып, 12-мөлтек ауданның оныншы үйі қайдасың деп таксилетіп жолға түстік.
Оныншы үйдің барлық кіреберіс қақпалары жабық екен. Бірінші подъездің алдында екеуміз екі баланы көтеріп алып, жоғары қарап, терезелерге телміріп тұрмыз. Лепіріп келген көңіліміз су сепкендей басылып, бірімізге біріміз иық тірестіре жанасып, үнсіз қалдық.
Жайшылық па? Бірдеңе жолғалтқан жоқсыздар ма? – деген дауысқа жалт-жалт бұрылдық.
Жоғалтқан ештеңеміз жоқ. Бірақ іздегенімізді таптық па деп едік... кіре алмай тұрмыз, – дедім.
Әлгі жігіт екеумізге кезек-кезек қарады да, қалтасынан бір бума кілт шығарды.
Іздегендеріңді табуға көмектессем, – деп кідіре берді. Қалтасына үш сомды сала қойдым. – Несінші пәтер? – деді жігіт жүзі жылып.
Тоғызыншы! – деп Шәкем саңқ ете қалды.
Сыртқы есікті ашып ішке кірген жігіттің соңынан ілесіп үшінші қабатқа көтерілдік. Тоғыз цифры бар есікті ашып, жолы болғыр жігіт бізге «кіріңдер!» дегенді ишараттап, өзі дәлізде қала берді.
Ой, ғаламат-ай! кең сарайға күмп беріп қойдық та кеттік. Ана бөлменің есігін ашып, таңдайын қаға тамсанып, мына бөлмеге бас сұға көз жанары жарқырап Шахминам қуаныштан жүрегі жарылып кетердей ебіл-дебіл. Кухня-асүйдің кеңдігін көргенде, аузы ашылып, көзі жұмылып кетті. Манасты еденге отырғыза салып, менің мойнымнан құшақтап шөп-шөп сүйіп алды.
Сенің арқаң! Сен әлі-ақ атыңды аспанға жазасың, Софыяным менің!
Алмас аяғымнан құшақтады.
Папа, мынау үй жақсы.
Иә, Алмасжан. Бұл үй енді сенікі. Бұл үй енді Манастікі. Бұл үй енді мамаңдікі. Бұл үй – бәріміздің ақ орда, қара шаңырағымыз.
Біз қандай бақытты едік. Қандай бақыттымыз! Нағыз бақытты жандар біздей болсыншы! – деп Шәкем еңкейіп Алмасы мен Манасын кезек-кезек сүйді.
Бақыт деген не деп мен еріксіз ойға батып кеткенімді байқамаппын.
Іңгәңмен басталған ғұмырыңның таңын ақтық деміңмен аяқталар кешіңмен әсерлі етіп сабақтай алсаң – бақыт сол деп тұжырымдауыма болар еді. Басымды шайқадым.
Өзгелерге өзегін жұлып берер жанның бақыты өзен боп тасиды деп тапсынуыма да болар еді. Бұған да тұрақтамадым.
Күліп жүріп сезінбеген бақытты жылап тұрып тапқаныңа не жетсін деп күрсініп қоюыма да болар еді. Қосылғам жоқ.
Ал тереңдеп үңілсең, бақыт дегенің – қарапайым ғана оқшау ұғым тәрізді-ау. Өзіңе, өзіңнің отбасыңа аса қажет күнделікті тірліктің қуанышын, әсерін енгізетін мезеттері екен-ау.
Бақытым – Шахминамның аппақ тістерін маржандай тізіп, мойныма асылып ырза болған күлкісінде емес пе.
Бақытым – «папа-ау!» деп аяғымнан құшақтаған Алмасымның шаттанған келбетінде емес пе. Анау бөлмелердің әр есігінен бір сығалап еңбектеп кеткен Манасымның папасы мен мамасына жадырай қарағаны емес пе.
Жан жарымның бақытым күлкісінде,
Ақтарылған жанының тереңінен,
Таң – тамаша қуанған түр-түсінде,
Жұрт білмейтін тылсымды көре білген.
Ұлдарымның шаттығы жүздерінде,
Сәби жүрек қол соққан алақайлап.
Билеп өткен Шәкемнің іздерінде,
Шашылады гүлімен дала қайнап.
Достарыңызбен бөлісу: |