Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!



бет2/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35
Байланысты:
Шахминам

Мен туған күн.

Мен туған күн – әкемнің өлген күні,


Қуанышты қайғымның көмген күні.
Бір жұлдызы көз ашса көк аспанда,
Бір жұлдыздың ағып кеп сөнген күні.

Өмір осы қуантар,


қайғыртатын,
Қап-қара ғып туға орар кейбір таңын.
Қуаныштан есіріп кетпесін деп,
Анда-санда қапсын дер қайғы ұрпағын.

Туған күнім – шерімен буған күнім,


Ықылықтар өксікпен думанды үнім.
Соғыс әкеп жаһанның қайғы, зарын
Көз жасымен Әлемнің жуған күнім.

Туған күнім – шақ еді-ау еленетін,


Зар мен мұңға Адамзат бөленетін.
Тудым ба екен
әлде мен айту үшін
Ел айтпаған ғаламның кереметін.
Қымбатты оқырамандарым, 22-маусымның маған жасаған «Рақым, қайырын» көз алдарыңызға көлбеңдетіп сұлатып қалып, алғашқы ащы іңгәма қайта оралайын.
«Енді бұрынғыдай сауық-сайран сала аламыз ба?» деп шілдеханамда қатарынан үш күн бойы тойлаған соң аулымнан майданға аттанған қылқан қырыққандай жетпіс жігітінің отызы отбасына оралмапты. Есімді білгеннен бері сол отыз боздақтың айтылмай кеткен аманатына, орындалмай қалған арманына, туылмай, өніп-өспей өшкен ұрпақтарына өзімді ғұмыр бойы борышкер санаумен келем.
Сол жетпіс жігіттің бірі – әкем Қалыбек те майданға кеткен екен. Ауылға жараланып қайтқан әр солдатты үш-төрт жасар біздер: «Әкеміз келе жатыр!» деп алдарынан қуана жүгіріп шығатынбыз. Талай рет басқа балаларды құшақтап көкіректеріне қысқан өзгелердің әкелерін көріп, күрсініске толы кішкене кеудемнің қамырығын баса алмай, өкси жылағаным есімде.
Содан бір күні кешке қарай үйіміздің есігінен қос балдаққа сүйеніп, секіре аттап кірген солдаттан қорқып, кереуеттің астына қойып кеткенімді білемін. Сөйтсем, әлгі адам менің туғалы көрмеген, төрт жыл бойы зарыға күткен әкем екен.
Туған жер. Осы екі сөзден қасиетті, осы екі ұғымнан қадірлі не бар. Туған жер – Отаныңның басталар босағасы, ашылар қақпасы ғой. Алғашқы шырылдаған іңгәң – мынау жарық дүниенің сырлы есігін қағып кірген дабысың емес пе. Ендеше туған жерге деген сүйіспеншілігіңді соңғы демің шыққанша ақтап өтсең, еңбегіңмен жаңғыртып, жаңартып өтсең, одан артықты өзің де тілемессің. Әр азамат туған жерге деген сәбилік көңілдің ынтығы басылмас лүпілін әрдайым өз кеудесінен аулап отырса, баршамыздың туған жеріміз – Қазақстанымыз гүлдене құлпырып, жасана жайнап сала берер еді-ау...
Өзімнің туып-өскен ауылым – Киік руднигі. Шағын рудник болса да, Киік өндіріс ошағы еді. Балқаш мыс зауытына керек әктасын (известнякты) осы Киіктегі «Жүндітөбенің» тұмсығынан бастап опырып алып, ішке қарай бойлап кеткен жұмыскерлердің түскі асын кезекпен апаруға біз, балалар таласушы едік-ау...
Мешеу даланың жым-жырттығын шайқап жіберген рудниктің кішкене электростанциясының дүркін-дүркін беретін гудогі бар. Сол гудок – біздің, балалардың кеудесін кеңейткен, зердесін қалыптастырған, ойын өрістеткен тірлік сағаты да еді-ау.
Балалық қиялыма сүйеніп «Жүндітөбенің» үстіне шығып, жан-жаққа көз жіберсем, көгілдір мұнарға жасырынған қырат, төбелердің тасасынан бой соза биіктеген Балқашты да, Қарағандыны да, Алматыны да көргендей болатынмын. Сол төбеден төменге көз салғанда, желпіген желмен ілесіп, алыстағы көл мен теңіздің самалы жеткендей сезілетін. Алыс-алыс қалалардың жақын құшағы айқарғандай көрінетін. «Жүндітөбеден» мен даланы көргем. Тауды көргем. Әлемді көргем.
Ал осы кішкентай ауылымның көктемде қызыл алау қызғалдаққа бөленетін аласа төбелері жадымнан еш ұмытылмақ емес. Сол төбелердің қолтығынан сызып шығатын тас бұлақтарының ерке сылдыры да есімде. Сол бұлақтардан иінағашымен су таситын ақ балтырлы талдырмаш қыз да есімде. Әсіресе клубтың желке тұсындағы қайыңды шоқ қандай керім еді десеңші!.. Батып бара жатқан күн әр қайыңның басына қырмызы шапағын іліп тастап, бір байып қалатын-ды. Сол сәт ағаштың түбінен жарыса қашатын көлеңкелер түу-түу алысқа кететін. Көлеңкенің тасасында тұрып батысқа қарасаң, қызыл-қоңыр сәулелер көзіңе құйылып, әртүрлі бояумен құлпыра түсуші еді-ау... Торғайы әлде бұлбұлы мұндай көп болар ма, әр қайсысы өзінше сайрап ала жөнелгенде, симфония оркестрінің ығы-жығы әуені адыра қалғандай көрінуші еді-ау...
Сол кішкентай ауылым, сол ауылымның азаматтары, бұралаң көше, таспа жолы, жалтыраған өзені, шоқ-шоқ талы – бәрі-бәрі менің мәңгілік ұмытылмас естелігім.


Киігім.

Ұяңнан ұшқан кісіңмін,


Мекенім, аулым – Киігім.
Аласаның да түсіндім
Боларын кейде биігің.

Биігім, асқар отаным,


Өзіңнен асар жер қайда.
Баурыңда өскен ботамын
Дәмің мен нәрің таңдайда.

Балалық, пәктік дуында,


Асыр сап өскем өзіңде.
Балық боп жүзгем суыңда,
Қажырды қайрап төзімге.

Көктемде тергем гүліңді,


Етектен өрлеп «Жүндіге».
Түлеттің баптап ұлыңды,
Әрине аздап мұңды іле.

Аяулым аулым, мекенім –


Балаңның мәңгі ардағы.
Өзіңнен ұқтым не екенін
Ыстық, суықтың алдағы.
«Сол ақ бұлақтан иінағашымен су таситын ақ балтырлы талдырмаш қызы да есімде» деп ілкіде жазып кетіп едім.
Сол ақ бұлақтан су таситын ақ балтырлы, ақ бантикты қыз да тылсым Болмыстың құдыретімен менің болашақ өмір-ғұмырыма, менің болашақ тағдыр-тауқыметімнің қызығы мен шыжығына дүниеге тумай тұрып, аш құрсақта жатқан кезінде-ақ мидай араласып кеткен-ді.
Иә,иә! Мен жұбайыммен жұбайым тумай тұрғанда-ақ танысыппын. Жұбайым – Шамшия – Шахмина екеуміз бір ауылданбыз. Яғни екеумізде Киік руднигінде, бүгінгі Киік бекетінде туыппыз.
Соғыс басталғаннан кейін азық-түлік тапшылығы әрине біліне бастайды. Нан сатылатын дүкенге таң қараңғысынан баратын аналарымыз бөбектерін құшақтап кезекте бірнеше сағатқа қақиып тұрады екен. Сондайда бірін-бірі аяған келіншектердің қолы босы қасындағысының нәрестесін көтеріп, жәрдемдесіп жататын көрінеді. Бірде болашақ енем мені шешемнің қолынан алып, көтеріп тұрып: «Әй, Қантбала, (шешемнің аты) мына сары балаңа көңілімнің ауып тұрғанын қарашы-ей! Осыдан қыз тапсам, сенің мына ұлыңа берем!» – деп мәз бола күліпті. Содан көп ұзамай босанып, мына менің болашақ жарымды жарық дүниеге әкеліпті. Әрине, ата-аналар сөзі бір басқа да, жүрек сөзі өз алдына бөлек ғажайып дүние ғой. Әлгінде айтып кеткен ақ балтырлы, ақ бантикті сары қыз жастайымнан іңкәріме айналған «көзқұртым» болатын.
Әу, Шәкем-ау, Шахминам-ау тыңдашы:
Ғайыптан жетті мынау үн.
Болашақ енем үңіліп:
«Ұлыңның қарашы ұнауын
Кеудемде жанды-ау бір үміт.

Беремін туса қызымды.


Болар-ау сонда той қандай!»
Қаратып маған жүзіңді,
Некеңді қиып қойғандай.

Тілегі айтқан анаңның


Әзілі, шыны аралас,
Шын пейлі әзіз адамның
Бу болып ұшып, тарамас.

Пысылдап жаттым құшақта.


Жұмаққа бәлкім енгендей.
Жатсаң да әлі құрсақта
Жар тауып алдың сен мендей.

Шықпаған кезім әлі де,


Құндақпен тәнім шектелген.
Әніне басар әріде,
Ұл болып мүмкін кеткем мен.

Естіді ме әлде Болмыстың


Осынау сырды құлағы.
Шашуын шашты әр түспен
Мөлдіреп аққан бұлағы.

Сол мөлдір бұлақ сылдыры –


Кеудеме енген мың әнім.
Бұлақ боп сіңіп тұрды үнің
Басылмас оған құмарым.

Көзімді көкке төңкердім,


Күткендей Хақтың жарлығын.
Енгенін сеніп, мен көрдім.
Кеудеме ән мен зарлы мұң.

Сол тылсым, Болмыс, ғаламат


Жаныма нұрын сепкен-ді.
Жүректі өртеп, жаралап,
Махаббат болып кеткен-ді.
Иә, Шәкем, екеуміздің бал балалық дәуреніміз де, сол бал балалықтың қисық, түзігін түгелдейтін әуреміз де махаббат болып жеткен-ді. Сонау, сонау алыстап қалған жадыңнан да, мынау сан-сан жылдардың азабы мен тепкісінде тілім-тілім болған жаныңнан да мәңгі ажырамас та ұмытылмас махаббат болып кеткен-ді.
Ал махаббат жүрегіңнің жылуын жалынға айналдырар, жаныңды адалдыққа, ақиқатқа, тазалыққа табындырар көзге көрінбес, көңілмен түйіндес тылсым құдырет қана. Махаббат жүрегіңді баурап алып бұлқындыратын да, жүрегіңді жаулап алып, жұлқындыратын да әрі нәзік, әрі қайсар сезім. Сол нәзік те қайсар сезімнің құшағына Шәкем екеуміз бөлендік десем, артық айтқаным емес.
Мектебіміз – орысша, қазақша төрт кластық бастауыш қана-тын. Бірінші мен үшінші сынып, екінші мен төртінші сынып бірігіп оқитын.
Төртінші сыныпта оқып жүргем. Біздің сабақтар ертемен алғашқы маусымда басталатын. Ал Шахминамның үшінші класы түстен кейін келетін.
Бір күні әлдеқалай түстен кейін мектепке барғам-ды. Есіктен сығаласам, дәл мен отыратын алдыңғы партада қап-қара көзі мөлдіреп Шахминам отыр екен. Жүрегім аттай тулап қоя бермесі барма. Тұлабойымды әлдебір толқынды діріл буып ала жөнелді. Менің өзіне қарап тұрғанымды сезді ме, әлде белгісіз бір түйсік бүйірін бүлк еткізді ме, білмеймін, аққұба қыздың қарақат көздері жарқ етіп көзіме ұшыраса кеткені. Нарттай қызарған беттің сәулелі бояуын қағып-қағып қалған ұзын кірпіктерінің қимылымен сыпырып әкете алмады да, алдында жатқан кітабымен жүзін жасыра қойды.
Ал мен... Мен сонда алғаш рет «бақыт» деген сөздің мән-мағынасын сезгендей болып едім. Бақыт деген анау қызғалдақтай қыздың алабұртқан жүрегіне аңсай ұмтылған жүрегімнің кеудемді дүрс-дүрс ұрғылауы екен. Бақыт деген ол және мен екенмін. Бақыт деген мынау жасыл әлемнің жер дейтін пұшпағына екеуміздің қатарласа өрнек салатын ізіміз екен.
Қос қолтығыма қанат бітіп, қалықтап ұшқандай да болдым ба, көгілдір аспаннан қырат, төбелі көкжиектің кеңейіп бара жатқанын көңіл көзіммен көргендей болдым ба – бар Дүние-Әлемге басымнан бақайыма шейін лүпілдеп толған бақытымды алақайлап жеткізе алдым ба, білмеймін. Әйтеуір белгісіз бір құдырет иесінің кеудеме ыстық қоламтаны күреп салып жібергенін анық сезінген едім.
Сол күннің ертеңінен бастап, Шахмина екеуміздің поштамыз – партамыздың кітап қоятын қуысына менің балалық көңілімнің тап-таза әрі мөп-мөлдір пейіліне толы хаттарым әппақ саусақтардың қыбырлап іздеуін шыдамсыздана тосып жататын еді-ау.
Не деуші ем сонда. Не жазушы ем аппағыма. Көңілімнің өзін іздегенін көз алдына жайып салардай тіл сақау, ой шабан кез еді ғой. Жаттанды сөздер мен құлақта қалған қазақы ән-өлеңдердің:
Ат байладым шарбаққа,
Сіздің жаққа бармаққа.
Көрінсеңші көзіме,
Ілінбей-ақ қармаққа, –
дейтін шумаққа жан іңкәрін сездірер жүрек лүпілін мінгестірмегенімді білем. Білемін де:
Ащы көл, Тұщыкөлдің арасы бір,
Басыңа камшат бөркің жарасып жүр.
Өзіңді өзгелерден артық көріп,
Жүрегім кеудемді ұрып таласып жүр, –
деп шала бүлінген халімді аласұрған жүректің дүрсілімен жеткізе алмасымды да сеземін. Күн сайын көріп жүрсем де үдеп бара жатқан сағынышымды білгізер тілек сөзін таба алмасымды анық байқаймын. Байқаймын да, әдейілеп іздемесек те, байқаусызда кездесіп қалған бойда, алаулап жанған жүздерімізді ала қашып, екі жаққа асығыс қаша жөнелетінбіз.
Сол халімді кейінде төмендегі жолдарға жүктеппін.

Көрінбей кетсең, сағынам,


Көрінсең, қалам тығылып.
Жерігендей құлан қағынан.
Ақсаңдап іздеп жүр үміт.

Алқына берер жүрегім,


Айта алмай саған бір әнін.
Таба алмай жанның бір емін,
Жетіп жүр қалай шыдамым.

Білдірмей саған торимын,


Есігін сырттан үйіңнің.
Ашардай балды жоримын,
Көрсе деп Тәңірім күйімді.

Көрсе деп сен де күйімді...


Кездесіп қалсақ... сасамын.
Ұрғылап жүрек бүйірді,
Ығына қашам тасаның.

Бетім шоқ,


От боп қызарып,
Маңыңа тіпті жанаспай.
Түніммен жетер ұзарып,
Күніммен көкте таласты Ай.
Бұл, әрине, шындық. Екеуміздің бір-бірімізді аңсай іздейтініміз де, бетпе-бет келіп қалғанда, тіл қатуға шамамыз жетпей, абдырап сасып, үн-түнсіз бұрылып кететінімізге өзіміз де түсінбейтінбіз.
Бірақ әлдебір құдыретті күштің бір-бірімізге деген іңкәр сезімімізді отқа орап өзегімізден енгізіп, өнбойымызды өрт құшағына қамап тастайтын.
Сол оттың, сол өрттің қызуымен лапылдап жанған жалынышты лебізін жыр жолдарына орадым білем. Тыңдап көріңіздер.
Мен сені аңсаумен өтем,
Қабақпен сипап қалғансың.
Қамығып қаусаумен өтем,
Қол жетпес кейде армансың.

Мен сені іздеумен өтем,


Сансыз көп бөтен іздерден.
Күдерімді үзбеумен өтем,
Жаз түгіл, суық күздерден.

Мен сені күтумен өтем,


Қайтқанда құстар көліне.
Мұңым жоқ күтуден бөтен,
Қарлығашым боп жетсең көгіме.

Мен сені арман ғып өтем,


Арманның асқағы жақсы.
Өзіңді қорған ғып өтем,
Көрместен басқаны жақсы.

...Мен сені іздемес едім,


Көзіңнің жылтын көрмесем.
Қызыл шырайлым – қыз демес едім,
Кеудеме от боп енбесең.
Осы жолдарды аяулым да асыл жарым Шәкем, Шахминамның оқымағанына, оқи алмай кеткеніне қамығам да жабығам. Қасымда жүрсе де сағынатыным, шарпысқан деміміздің ыстық лебі араласып жатса да аңсайтыным бір өзі болған аппағымнан теп-тез ғана айрылып қалам-ау, мәңгілікке жоғалтып алам-ау дейтін үрейлі ой үш ұйықтасам түсіме де кірмеуші еді-ау. Енді міне сонау алыстап қалған айшықты күндердің елесін көз алдымда керуендей шұбатып, сол бір өзімшілдігінен гөрі өнегелі нәзіктігі, ұяң қылықты тазалығы мол балалық, жастық дәуреннің қақпасын айқара ашып, ұялшақ қызынуы мен өзек өртер қызығуына күмп етіп қойып кеткенімді байқадым ба, тағы бір жыр жолдарын жүрек түкпірінен лүпілдетіп шығарып отырмын.
Сыртыңнан ғана сүйсініп,
Ұрлана басып ізіңді,
Кеудеме нәзік күй сіңіп,
Алауға бояп жүзімді,

Қиялға шомып қиялап,


Арманға орап басымды.
Болмас-ау деуші ем қиянат
Сипасам ептеп шашыңды,

Қос бұрым көлбей сұлаған,


Соғатын тізең, балтырды.
Көңілмен
таза күнәдан
Кетуші ем ойға әртүрлі.

Тірілтіп іште үмітті,


Кеңейтіп көңіл жиегін.
Өзімнен тауып жігітті
Сыбырлап деуші ем: «Сүйемін!»

Ақ таңым сонда атқандай,


Қызылға малып әлемді.
Тауым мен Далам жатқандай
Қосыла шырқап өлеңді.

Тұңғиық Көкке тесіліп,


Қос қолды соза ұмтылып.
Шерте алмай сырды шешіліп,
Ұялып қана ынтығып.

Ырза боп бағып қаласың,


Жарқ еткен отын жанардың.
Жаныңның тауып дауасын
Кеудеңе ыстық тамар мұң.

Естіртпей жүрек дірілін,


Сезімге іштей бас ұрып.
Көзіммен сипап бұрымын,
Жүруші ем сырды жасырып, –
Деп солықтай бір күрсініп алып, Шәкемнің өзіме күлімдей қарап отырған ырза қарасынан мерейленген өзімді көргендей, рахаттана жайлап қана күрсініп қойып, осынау сағыныш жырымның соңғы нүктесін қойдым.
Балалық, пәктік сезіммен
Жүрекке ыстық жас тамған,
Бетпе-бет келуге өзіңмен
Тіл қатуға да жасқанғам.
Беу, кең дүнием-ай. Беу, кем дүнием-ай!..




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет