7-желтоқсан 2021 жыл.
* * *
Тоқ адамның аш адаммен амандаспайтынын білсем де, жоқ адамның бар болып төрде отыратынынан мүлде хабарсызбын. Әйтпесе төбедегі қос президенттен, қалғып мүлгіген әкімдер мен мелшиген министрлердің біреуінен көңіл айтқан жұбату соз естімедім деп ренжімес те едім ғой. Солар бүгін дөңкиіп төбе болып отырғанымен ертең-ақ жоқ болып құрып кетерін неге ойламайды екен. Ал барымды бермей, тиесімді ұстатпай мені жоқ қылып келгендердің ертең менің Мәңгілік бар болып, тұғырыма қонарымды қалай ескермейді екен деп қайғы ойлатқан қарттықтың бір өкінішін ғана айтып өтейін.
«Жақсылық ұзақ тұрмайды. Жамандық әр кез тозбайды» деген Абайдан асырып айта алмаспын. Әйтеуір әр кезде тозбайтын жамандықты бар кезде де тоздыруға ұмтылу, жақсылықтың қысқа ғұмырын ұзартуға тырысу – пенденің емсе, азаматтың әрекеті болса деу – арманым ғана. Осы арманды кеудеме егіп, өнегесін өсиеттеп кеткен Шәкем-Шахминам ғана.
* * *
Бүгін 5-тамыз – Шәкем екеуміздің керегемізді жайып шаңырағымызды көтергенімізге тура 56 жыл толды. Амал не, мен аяулы Шәкеммен соның 55 жыл, 355 күн, 16 сағатын бірге өткізіппін.
Мейірімсіз тәжтажал Шахминамды да, мені де ақсиған аранына қыстырып алып, өмір мен өлім арпалысын кештірді ғой. Қайтейін, қу тағдыр мені бері сүйреп, Шахминамды әрі итеріп, шыбын жанымды шырқыратып, күйретіп кетті ғой.
Кеше ғана біз сондай бақытты едік-ау.
Сүйініші мол тірліктің күйініші ізімді аңдып тосып тұрғанын білмедім-ау, білмедім.
27-маусымда театрда өткен мерейтойлық кешімді:
Шахмина, қалқам,
Тұрғаным менің ән сап
Сенің арқаң – деп жан жарыма мәңгі таусылмас махаббаттың ақтық лебізін айтқандай болыппын-ау. Сол сәтте Алгүл жүзіңнің ырзалық толы қарасын, алақанымда жатқан алақаныңның ыстығын қалай ұмытармын, Шәкем-ау, Шахминам-ау!
Сен 60-қа толған күні мен асып-тасып күліп тұрып та, жылап тұрып та оқыған өлеңіме риза болып, жымия түсіп, маңдайыма ерніңді тигізгенің есіңде ме, Шахминам?
Кідірмейді ай мен жылдар дүрмегі,
Сүйрей берді екеумізді ілгері.
Өзге түгіл өзіңді де ұмытып,
Келесің сен аялаумен бір мені.
Сыры кетіп,
Өзгерсе де сәніміз,
Баяғы сол ғашықтармыз әлі біз.
Қос жүректе шырқалады әніміз,
Қос кеудеде бір түнейді жанымыз.
Сүйеу болып бірімізге біріміз,
Бұл Дүниеде асқақ әрі іріміз.
Еңкейсек те шашылмайды гүліміз,
Еңкеймейді аспандаған күніміз.
Іңгәмізбен басталып ед әніміз,
Жалғастыра берейікші әлі біз.
Шықса шықсын бір-ақ күнде жанымыз,
Бір қабірде қалсын бірге тәніміз.
Ғашық оты жүректерді жандырып,
Өтейікші бар ғұмырды ән қылып.
Қалайықшы кейінгі ұрпақ есінде,
Махаббатқа ескерткіш боп мәңгілік.
Қайтейін-ай, Қайтейін. Бір-ақ күнде сенімен бірге шықпады шырқыраған шыбын жаным. Бір қабірге көмілмеді-ау тәніміз.
Сен мені жаныңнан да артық жақсы көретінсің. Алақаныңа салып аяладың. Жұбайым деп мәпеледің. Балаңдай еркелеттің.
Маған қылтамақтан ота жасап, шалажансар күйде жатқанымда бірде медициналық энциклопедияны ақтарып, бірде диета сақтаудың анықтамасына үңіліп, түнгі екі, үшке шейін көз ілмеуші едің-ау. Қолыңның емінен, жүрегіңнің лебінен сауығып, иығыңа иығымды жанастырып отыруға жарап едім-ау... Сондағы көншіген көңілімнің ықыласын тағы бір тыңдашы, Шәкем менің.
Демеушім-ау, жебеушім-ау, жұбайым,
Мен жыласам, шаттықтан тек жылайын.
Өзің бар да жас баладай мәпелер,
Нұрға толып өте берер жыл-айым.
Жұбайым-ау, сыңарым-ау, сұлуым!
Сап тиятын жүрегімнің ұлуын.
Сипап тиер алақаның жаныма
Құя берсін Бар әлемнің жылуын.
Болашаққа бірге аттап өтейік,
Ақ арманға қол ұстасып жетейік.
Ауырса да жанымыз бен тәніміз,
Махаббатты ауырмастай етейік!
Махаббатты ауырмастай ете алмадым, Шәкем-ау.
Сұм ажал сені жұлып әкетті. Артыңда еңіреп, езіліп мен қалдым. Сыңарынан айрылған аққудай жетімсіреп қалдым.
Адасып қалып Төле би, Айтық, Қазыбектен,
Жұмылды көмей, бүрқырар сөз бен саз төккен.
Барады алып тәжтажал сүйреп тозаққа,
Қапталда қалып, бәйшешек гүлді наз көктем.
Қос тесік көзде үңірейген мылқау үреймен,
Салпақтап ердім соңынан денем құрысып.
Ақыл-ой қашып, сана да, ес те сілейген,
Кірпіктен жаным тамшы боп тұнып тұр ұшып.
Бүріп кеп алды темір шеңгелді бір дүлей,
Кеміріп жатыр ішімді кеулеп үңгілей.
Ғаламнан сені бөлектеп жұлып әкетті,
Сұмдықтан да өткен сұмдық-ей.
Табанда Жерім,
Үстімде сауыт көк Аспан,
Жамылған кезде қазақ ем тегі, кегі асқан.
Айрылып қалып жанымнан да артық Шәкемнен
Жетім боп зарлап,
Жалғыздық көрдім Алаштан.
Қанымды шаштым, сасық Әлемге әтір ғып,
Қарғыдым құздан өмірге жасап кәпірлік.
Тәңір бар екен, қағып кеп алды-ау жанымды,
Қымбат ең қандай о, Тірлік!
Сұмдық ең қандай о, Тірлік!
* * *
Аз ба, көп пе адам ғұмырының ұзын жолында ащысын да татып, тәттісіне де тұшынып, қызығында тойлап, шыжығында шырылдап жүріп, қыл-аяғында бәрімізге ортақ қос адым қара жердің қуысына, мәңгілік жұбайыңның қасына жантая кетесің.
Кеңсайдағы Шәкем басын қызыл гранитпен көмкеріп өңдеп, басына қара граниттен қойған құлпытасына:
Ақ маңдайлым, аққұсым, ақкөйлектім,
Шемендетіп шеріңмен шеткейлеттің.
Жалғыз самғап ғарышқа сен кетпесең,
Жүрер ек қой ішінде бақ, бейнеттің.
Ақкөйлектім, аппағым, ақ білектім,
Аққу еткен өзіңді бақ тілеп күн.
Қос кеудеде соғатын бір жүректі
Қарғысы ма айырған жат тілектің.
Софыян деп жазғызған едім.
Мәңгілік махаббатым болып, жаныма жаны араласып, жүрегіме жүрегімен сіңіп кеткен жұбайымды, Шахминамды сағынған көңілімнің қақпасын тілектес болған оқырмандарыма басымды ие ырзалық танытып, баяу-ла-а-тып жаба берейінші енді.
Баршаңа уәссалам!
8.ІІІ-9.IV 2022 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |