СӨЖ Тақырыбы: Алтай тілдерінің синтаксисінің зерттелуі Тексерген: Абитжанова Ж.А Орындаған: Жалиева А.А 2022 жыл
Алтай тілдерінің синтаксисінің зерттелуі Алтай тіл білімі алтаистика – Алтай тілдерінің және фин-угор, жапон, корей, т.б. тілдердің шығу тегін, туыстық қатынасын, даму барысын, байланыс-қатыстылығын кең көлемде зерттейтін жалпы тіл білімінің салыстырмалы дербес саласы. 18 ғасырдан «Орал-Алтай тілдерінің төркіндестігі» туралы алғашқы болжамдар, пікір-ұсыныстар Ф.И.Страленберг, В.Шотт, Ф.Е.Видлеман, О.Бетлингк, Г.Винклер, М.А.Кастрен, Ю.Немет, В.Банг, И.Грунцел, А.Вамбери, т.б. зерттеушілердің еңбектерінде айтыла бастады. Алтай тіл білімінің тиянақталып қалыптасуына түркітану, моңғолтану, тұңғыс-маньчжуртану, т.б. салалардағы ғылыми іргелі зерттеулер, нақтылы тілдік деректердің жариялануы көп септігін тигізді. Сөйтіп, осы тілдердің материалдарын өзара салыстыра зерттеудің барысында фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік деңгейде сәйкес құбылыстар мен ортақ тілдік заңдылықтар айқындалды. Мұндай тіларалық ұқсастықтар, ортақ белгілер нәтижесінде генеалог. тектестігі аңғарылды. Сөйтіп, Алтай тіл білімінің ең негізгі мәселесі – «Алтайлық тек тіл теориясы» тиянақталды. Бұл теория бойынша қазіргі түркі, моңғол, тұңғыс-маньчжур тілдері өте ерте дәуірде бір тілден тарап өрбіген, шығу тегі төркіндес болып есептеледі. Бұл төркіндестікке жапон, корей тілдері де қатыстырылып келеді. Осы теорияны жақтаушы, көрнекті алтайтанушылар Г.И.Рамстедт, Е.Д.Поливанов, Н.Н.Поппе, Б.Я.Владимирцов, В.И.Цинциус, О.П.Суник, Л.Г.Герцемберг, Н.А.Сыромятников, Н.А.Баскаков, Б.Базылхан, Ш.Хаттори, Ш.Озава, А.Г.Азербаев, С.А.Старостин, Г.Мижиддорж, Т.Томортогоо, М.Базаррагиаа, т.б. ғалымдар осы тілдерді бір баба тілден деп тұжырымдады. Ал бұған қарсы, осы теорияны жоққа шығарушы В.Котвич, Дж.Клоусон, Г.Дерфер, Л.Лигети, А.М.Щербак т.б. ғалымдар және бұл мәселеге күдікпен қарайтын Д.Шинор, И.Бенцинг, Г.Д.Санжеев, т.б. ғалымдар бұл тілдердегі ұқсастықтар, ортақ белгілерді тілдердің тоғысу, араласу, қосылу процестерінің салдары деп түсіндіреді. Сондықтан Алтайлық тек тіл теориясы тарихи-салыстырмалы және тарихи-типологиялы екі тәсілмен зерттеле келіп, теория екі бағытқа айналды. 1-бағыт өкілдері қазіргі түркі, моңғол, тұңғыс-маньчжур тілдері , жапон, корей тілдері және фин-угор о бастағы шығу тегінің ортақтығын дәлелдесе; 2-бағыт өкілдері осы тілдер о бастан бүгінге дейін жеке-жеке тілдер болды (немесе бір тілден екінші тіл туындаған) деп есептейді.
Зерттеушілердің басым бөлігі бұл тілдер әуелі «бір негіз тілден» салаланып дамыған деген теориясы тұжырымды дәлелді деп, тарихи-салыстырмалы тәсілдің оң нәтиже беретіндігін, аса мол тілдік деректердің сәйкестігін алға тартады. Осы тілдердің фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік құрылысынан көптеген салыстырмалы деректер жарияланып келеді. Алтай тілдерінің мынадай ортақ белгілері анықталған: дыбыс үндестігі заңы, дауыстылар мен дауыссыздар үндестігі, түбір морфема (немесе түбір сөз) тұрақтылығы, оған жалғанатын қосымша морфемалардың жалғамалы жүйесі, тәуелдік жалғаулары, төл сөздік қордағы кейбір тұрақты атаулар, сұрау шылаулары болатындығы, анықтауыш, анықталушы және сөйлем құрылысының орын (бастауыш, баяндауыш) тәртібі сақталатындығы, есімше, көсемше оралымдарының жиі қолданысы, т.б. Ғалымдардың зерттеулерінде осы тәрізді ұқсас құбылыс, ортақ заңдылықтар туралы сан түрлі ұсыныс, толықтырулар мен қарама-қарсы пікірлер баршылық. Алтай тіл біліміндегі жаңа теорияны тұжырымды қазақ ғалымы Б.Базылхан ұсынды.
Оның «Өзек тіл» деп атаған түркі, моңғол ([[Қазақ тілі|қазақ, моңғол) тілдерін және тұңғыс-маньчжур , жапон, корей тілдерін тарихи-салыстырмалы әдіспен зерттеуі нәтижесінде мынадай қорытынды тиянақталды: о баста алтайлық бір ғана тек тіл болды. Осы бір текті тілден қазіргі алтай төркіндес түркі, моңғол, тұңғыс-маньчжур, жапон, корей тілдері эвол. дамудың 1. «ым тіл» дәуірін; 2. «келте сөз» дәуірін; 3. «күрделі сөз» дәуірін бастан кешіріп, қазіргі дербес тілдер деңгейіне жетті. Зерттеуші ғалымдар түркі, моңғол, тұңғыс-маньчжур тілдерінің туыстығын, ортақтығын, жалпы заңдылықтарын тілдік нақтылы фактілерімен айқындап, дәлелдеп келеді. Соның ішінде әрбір тілдің сөзжасам жүйесіндегі түбір және қосымша морфемалардың сәйкестігі ең өзекті, басты туыстық қатынастардың дәлелі ретінде зерттелді. Ал, бұл тілдерге жапон, корей (А.Г.Азербаев, С.А.Старостин, т.б.) және фин-угор (М.Рясянен, Х.Паасонен, Б.Коллиндер, Б.Мункачи, Д.Фокох-Фукс, Дж. Г.Киекбаев, т.б.) тілдерінің, сонымен қатар америкалық майя, кечуа, сиу, т.б. тілдердің (С.Викандер, М.Арибжанов, А.Каримуллин т.б.) төркіндестігі, туыстығы жайында қызықты да соны дәлелдер, талдаулар жүргізілді. Алтай тіл білімінің теория мәселелері: бабаалтай тілінің құрылымы, тілдердің салаланып өрбіген хронол. кезеңдері, туыстық қатынас дәрежелері, тілдік құрылысты тұтасымен қамтитын ортақ негізгі заңдылықтары, т.б. мәселелер толық шешімін тапты деп айту әлі ерте. Сол себептен де, осы тілдер бойынша тарихи-салыстырмалы, салғастырмалы диахрондық, синхрондық зерттеулерді толығырақ жүргізу қажет. А. т. б. мәселелері бойынша 1957 жылдан бері жыл сайын өтіп келе жатқан алтайтанушылардың халықар. Конференциясы (DІAK–The Permanent Іnternatіonal Altaіstіc Conference) көп жұмыс атқарды. Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының Шығыстану орталығының ұйымдастыруымен 1993 ж. маусым айының 2–5 күндері Алматы қаласында Алтай тіл білімінің кезекті 36-құрылтайы өткізілді. Бұл халықаралық сессияға АҚШ, Ресей, Түркия, Германия, Жапония, Бельгия, Корея, Моңғолия, Қалмақ, Тыва, Қытай, Венгрия, Қырғыз, Израиль және т.б. елдерден 75, Қазақстаннан 25 ғалым-зерттеуші қатысып (тарих, мәдениет, философия, т.б. салалары бойынша), 100-ден астам баяндамалар талқыланды. Құрылтай барысында Қазақстан ғалымдарының түркітану және қазақ тіл білімі саласындағы іргелі еңбектерінің Алтай тіл білімі үшін орасан зор маңызы бар екені айқындалды.
Әлемдік тіл білімінде алтай тілдері туралы ілімнің жақтаушылары мен даттаушылары тарапынан бір жарым ғасырдай түрлі пікірлер айтылып, салыстырмалы-тарихи және лингво-әлеуметтік аспектіде зерделеніп, алтай жалпытілдік бірліктің әуелгі жағдайының ортақ сипатын ретроспективтік қалпына келтіруге көмектесетін зерттеулер жүргізіліп келеді. Негізінен алтай гипотезасында генетикалық және типологиялық деген екі бағыт бар екендігі белгілі. Типологиялық бағытты қолдаушылардың бір қатары бұл тілдердегі ұқсастықтарды тарихи ұзақ дәуірлер бойы өзара тығыз қарым-қатынаста болуының, бір-біріне күшті әсер етуінің нәтижесі, олар әр текті тілдер десе, келесі бір тобы алтай теориясы дегенді дәлелдеуге әлі ерте, бұл тек болжам деп есептейді. Лингвистика тарихына көз жүгіртсек, алтаист ғалымдар мен антиалтаист ғалымдар лексикалық параллельдер жайында және осы тілдерден бір-біріне енген сөздерді анықтайтын әдістер (критерийлер) – фонетикалық, семасиологиялық (этимологиялық), құрылымдық-грамматикалық (морфологиялық) және мәдени-тарихи, лингво-географиялық т.б. әдістер қалыптастыруда тер төккендігін білеміз Байқап отырғанымыздай, алтай тілдерінің зерттеулерінде грамматиканың морфологиялық деректері ғана қамтылып келді.
Сөздің «өмірі» – сөйлемде. Яғни, тілдің даму, өзгеру заңдылықтары, оның құрылу, жұмсалу ерекшелігі, аясы, мүмкіншілігін танып, түсіндіріп, талдау үшін ғалымдар зерттеген сөздік қор, этимологиялық негіз, сөзжасамдық тәсілдер мен құралдар, фразеологиялық параллельдер т.б элементтермен шектелу жеткіліксіз. Осындай жағдайларды ескере келе, біз қазіргі қазақ және халха-моңғол тілдерінің деректеріне сүйене отырып, зерттеулерінде нысанадан тыс қалып жүрген тақырыптардың бірі болып табылатын грамматиканың синтаксистік саласын соны бір жағынан зерделеу үшін тарихи-салыстырмалы зерттеуден саналы түрде бас тартып, синхрондық тұрғыдан сипаттап жазуды мақсат тұтқан болатынбыз. Біздің мұндай қадамға баруымыздың өзіндік себебін түсіндіруді жөн көріп отырмыз. Біріншіден, «Тілдің дамуы сөйлем құрлысының жетіле түсе жағдай жасайды... Сөйлем құрылысының жетілуі оның құрамындағы сөздердің өзара байланысу тәсіліне, олардың мағына түрлеріне қатысты. Бірақ бұл категориялар тілде өте баяу дамиды» [2, б. 95] ал фонетикалық және лексикалық құбылыстар сыртқы әсердің ықпалына тез түседі. Екіншіден, алтай теориясы тек болжам ғана деп есептейтін Л.Лигеттидің пікірінше: «Тарихи салыстырмалы әдіс үнді-еуропа тілдерінің арасындағы байланыс пен туыстық дәрежесін зерттеудің негізінде дамыған болатын. Зерттеушілердің зерттейтін тілі тым көп және олардың көпшілігі көне дәуірден қазірге дейін өте мол жазба ескерткіштері болғандықтан осы әдістің арқасында табысқа жеткен еді. Онымен салыстырғанда алтай тілдері тым аз, оны көп тілдердің жүйесі деуге келмейді, үш-ақ топтан тұрады... көне жазба ескерткіштері түркі тілінікі VII-VIII, моңғол тілінікі XIII, манжьчур-тұңғыстікі XVI-XVII ғасырларға жатады» [3, б. 323] Демек, бұл тілдердің зерттеулеріне диахроннан гөрі синхрондық зерттеулер маңызды болмақ. Және де «қазіргі тілдерді зерттеу... тілдің шашыранды заңдылықтарын біріктіріп, жүйелі түрде қарастыруға мүмкіндік туғызады»
Үшіншіден, алтай тілдеріндегі сөйлемнің құрылымын емес, яғни, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі емес (бұл тілдер жалғамалы болғандықтан құрылымдық тұрғыдан зерттеу маңызды емес), құрылысын зерттеу қажет деген қорытындыға келдік. Сондықтан зерттеу нысанасына синтаксистің ең негізі деңгейі – өзіне дейінгі сөз тіркесіне жинақтаушы болатын, ал өзінен кейінгі деңгейдегі құрмалас сөйлемге негіз болатын жай сөйлемнің құрылысы, оның типтік түрлері алынып, талдау жасалынды және сипаттап жазу арқылы ғылыми айналымға енгізілді.
Зерттеу нәтижесінде тілдің негізгі құрылым, құрылысы сақталғанымен, оны құрайтын бөлшектер – сөздер, сөз тіркестері, олардың арасындағы байланыс, байланыс арқылы көрініс табатын сөйлем мүшелерінің жасалуында біршама алшақтық байқалатындығын анықтадық. Тілдік фактілердің негізінде моңғол тілінде бастауыш пен баяндауыштың арасында жақтық қиысу болмайды, сол себептен сөйлемнің жағы контекст, сөйлем құрамындағы қаратпа сөздер, моңғол тілінің иелік тәуелдіктің тұлғасынан, рай формаларынан аңғарылатындығын; моңғол тілінде жалпы түркі тілдеріне тән матасу құбылысы болмайтындықтан, ілік жалғаулы сөздің бағыныңқы сыңарда жұмсалуы меңгеру ретінде танылатындығын т.б. ерекшеліктерді сапалық айырмашылық ретінде, ал қазақ, моңғол ғалымдары теориялық негіздемелері мен тұжырымдарын әр түрлі қабылдағандықтан, синтаксистік категориялар грамматикалық қызметі жағынан сәйкес келгенімен, екі түрлі қатынаста, екі түрлі деңгейде танылатындығының салдарынан ерекшелік деп қабылдауға тура келетін «қондырмалы айырмашылықтар» бар екендігіне көз жеткіздік.
Сондай-ақ, аталмыш тілдер грамматикалық құбылыстардың ең негізгі, ең ежелгі белгілерімен ортақтаса алады. Бұл, әсіресе, сыртқы және ішкі әсерлердің ықпалына көне бермейтін грамматикалық тұлғалардың –септіктерінің синтаксистік қызметінен анық байқалады. Екі тілде де, негізінен, атау септігі бастауыштың, ілік септігі, анықтауыштың, табыс септігі тура толықтауыштың, барыс, жатыс, шығыс септіктерінің жанама толықтауыш пен пысықтауыштың грамматикалық көрсеткіші болады. Ал қазақ тілінің көмектес септігі мен моңғол тілінің қимыл септіктерінде ондай бірізділік жоқ. Мәселен, моңғол тілінің қимыл септігі тура толықтауыш, баяндауыш жасауға ғана қатыспайды, ал жанама толықтауыш пен пысықтауыштың қызметінде қазақ тілінің барыс, табыс, жатыс, көмектес септіктеріне, кейбір шылаулардың (arkili, кейбір жұрнақтардың (kiyimshen – buqleeree) рөлін атқарады. Мұндай көріністердің қалыптасуына біздің топшылауымызша осы тілдерге субстарттық және суперстраттардың да ықпалы болған деп ойлаймыз. Мысалы, негізінен номинатив құрылымды тілдер болғандықтан, қазақ тілінде бастауыштың грамматикалық көрсеткіші атау септігі болып есептеледі; ал қазіргі моңғол тілінде бұл заңдылық әлдеқашан бұзылып, бастауыш атау септігімен қатар басқа да жанама септіктер арқылы берілетіндігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген Біздің ойымызша, мұндай алшақтық моңғол тіліне тибет тілінің әсерінен пайда болған. Ал оны нақты дәйектермен дәлелдеп шығу үшін тарихи-салыстырмалы синтаксиске жүгінімуіміз керек. Өкінішке орай, мұндай зерттеулер алтай тілдері аясында түгілі түркі тілдерінің, тіпті моңғол тілдерінің арасында қолға алынбай отыр.
Сөз болып отырған тілдердегі «сөйлемнің үйірлі мүшелері», «көсемше оралым», «есімше оралым», «инфитивтік оралым», «синтаксистік оралым», «аяқталмаған жай сөйлем», «сөйлемнің күрделенген мүшесі» т.б. аталып, қазақ тілінде «үйірлі мүше» атылып жүрген құрылымдар моңғол грамматикасында жеке категория ретінде қарастырылмайтындығы, бірақ оларға сәйкес келетін құрылымдар моңғол тілінде де бар екендігі, олардың көбінесе құрмалас сөйлем деңгейінде танылатындығы және зерттеу нысанына іліккен тілдерден нақты сәйкестіктерін көрсетуге болатындығы назар аударады. Моңғол тілінде мұндай құрылымдардың бастауышы ілік, табыс септігінде тұратындығы, бар, жоқ сөздері арқылы жасалған үйірлі мүшелер моңғол тілінде –тай, -гүй жұрнақтарымен синтетикалық тәсілмен берілетіндігі анықталды.
Моңғол тілінде ешқандай интонациямен бөлінбесе де, өзіндік бастауышы бар сөйлемнің барлығы сабақтас құрмаластың компоненті ретінде танылады. Ал қазақ тіл білімінде мұндай құрылымдарды «үйірлі мүшелерді бағыныңқы сөйлемнің қатарында қарауға болмайды, өйткені олар сөйлемнің жай мүшелері сияқты байланысқан сөздерімен қабыса байланысып, анықтайтын сөзімен бір интонациялық бірлікке түседі» [6, б. 180] деген пікір басшылыққа алынып, үйірлі мүше ретінде танылады. Мұндай құрылымдарды мүше сөйлем деп тануда моңғол тілінің зерттеушілері, моңғол тілі жалғамалы болғандықтан, үнді-еуропа тілдері сияқты санамалы интонацияның қызметі өте солғын болатындығына сүйене отырып, мұндай құрылымдарда бастауыш-баяндауыштық қатынастың болуы да жеткілікті деп есептейді. Біздің ойымызша, қазақ тіл білімінде сабақтас құрмалас сөйлемнің мағыналық түрлері, шын мәнінде, пысықтауыш қатынастағы сөйлемдердің грамматика-семантикалық ерекшелігіне сай топтастырылып келеді. Егер пысықтауыш қатынастағы сөйлемдер сабақтастың сыңары бола алатын болса, басқа да мүшелік қатынасқа негізделген сөйлемдер неге құрмаластың сыңары болмасқа? Бұл сұрақтың жауабы ретінде көбінесе олардың айырым интонациясының болмауы алға тартылады. Алайда, оларды тану үшін интонацияның негізгі критерий бола алмайтындығын ғалымдарымыз (Қ.Есенов) анықтаған. Біз сөз болып отырған мәселені саралай келе, мынадай түйін жасадық: жалғамалы тілдерден айырым интонациясының айқын болуын іздеушілікке байланысты үйірлі мүшелердің табиғаты әлі толық ашылмаған; пысықтауыш қатынастағы құрылымдардың ара жігінде интонацияның айқын болуының мәні мынада: пысықтауыштар – баяндауыштың анықтауышы; айтар ойымызды күрделендіруімізге байланысты олар өзі қатысты сөзінен (предикаттық орталықтан) алшақтайды, сол себептен сөйлемдегі, яғни, синтаксистік бірліктердің бір-бірінен алшақтығы себебінен ұласпа интонация үзіледі де, үзілмелі (әлдебір бірліктің шегін байқататын) интонация келіп шығады. Және де біз өзіндік дербес бастауышы бар болса, құрмалас сөйлемнің аясында, ал өзіндік бастауышы жоқ есімше, көсемше оралымда келген құрылымдарды үйірлі мүше ретінде таныған жөн деп білеміз. Сондай-ақ, ортақ субъектілі, яғни бір бастауышқа телініп, құрамына көсемше және есімше оралымдар қатысқан құрылымдарды да үйірлі мүшелі күрделенген жай сөйлемдер деп тану керек деген А.Байтұрсынұлы, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, Қ.Есенов т.б. ғалымдардың пікірін де қолдаймыз. Қазіргі моңғол грамматикасында «есімше, көсемше оралым, есімшенің инверсияланған түрі, бастауышсыз мүше сөйлем, ортақ сөзді оралым, жайылма анықтауыш» [8, б. 181] деген құрылымдарды қандай сөйлемнің деңгейінде тану керектігі сөз болып жүр. Қазақ, моңғол тілдерін басқа типтегі тілдерден ерекшелейтін синтаксистік құрылымның табиғаты болашақ зерттеулерде ашыла бермек.
Ал осы тілдердің төркіндестігі, өзіндік даму жолдары, басқа тілдердің ықпалы, соның салдарынан пайда болған ерекшеліктер т.б. мәселелерді жан-жақты талдау үшін тарихи-салыстырмалы әдіспен қатар, салғастырмалы-синхрондық зерттеулер жүргізу барысында грамматиканың синтаксистік саласын дерек көзі ретінде қарастыру да жақсы нәтиже беретіндігін айтқымыз келеді. Сондай-ақ, синтаксистің дәстүрлі зерттеулерімен қатар лингвистикалық мәтінде болатын заңдылық – күрделі синтаксистік тұтастық, сөйлемдерді актуалды мүшелеу, трансформациялық әдіс, дистрибутивті талдау т.б. мәселелерін де қазіргі тілдік деректермен ұштастыра зерттеудің де маңызы зор болмақ.
ХІХ ғ. соңы - ХХғ. басында алтай тілдерінің генеалогиялық классификациясын жасауда негізге алынған «алтай гипотезасы» бүгінгі таңда «ғылыми болжамдық» деңгейден алтаистика немесе салыстырмалы-тарихи алтай тіл білімі деп аталатын дербес те сүбелі ғылым саласына айналып отыр. Өзінің бір ғасырдан астам тарихында әртүрлі ағымдар мен бағыттардың болуына, әрқилы ғылыми көзқарастар мен ой-тұжырымдардың орын алуына қарамастан, «алтайлық» тілдік материалдарды жинақтап, сұрыптауға, алтай тобына енетін тілдер арасындағы өзара байланысты, қарым-қатынасты айқындау мәселелеріне арналған Г.И.Рамстедт, Дж. Клоусон, Н.Н.Поппе, М.Рясянен, Г.Дерфер, А.М.Щербак, Д.М.Насилов, А.М.Позднеев, Т.М.Розин, О.П.Суник, В.А.Аврорин, Д.Шинор, Н.А.Баскаков, Т.А.Бертагаев, Б.Я.Владимирцов, Г.Д.Санжеев, В.И.Рассадин, Б.Х.Тодаева, А.Ронаташ, В.И.Цинциус, А.Г.Шайхулов С.А.Старостин, Л.Р.Концевич, В.Дыбо т.б. белгілі ғалымдардың іргелі еңбектері тек жалпы алтаистиканың ғана емес, сонымен қатар түркітану, монғолтану, тұнғыстану, маньчжуроведение сияқты салалардың әрқайсысының іштей саралана зерттелуінің ғылыми теориялық-методологиялық тұғырына алынып, ғылыми зерттеудің тарихи-салыстырмалы әдісі тілдік талдаудың сан алуан амал-тәсілдерімен толықтырылды.
Дербес ғылым саласы ретінде ғасырдан астам даму тарихында алтаистика «түркілік мәдениетті әлемдік өркениеттік процестердің ажырамас бір бөлігі ретінде қарастыратын, 2-3 ғасырлық тарихы бар түркологиялық ғылыми білімді және оның озық үлгілерін» [1, 10] өзінің теориялық-методологиялық арқауы етіп келген болса, сол сияқты Г.Рамстедт, Н.Н.Поппе, Ф.Е.Корш, М.Рясянен, В.Л.Котвич, В.М.Иллич-Свитыч, Г.К.Менгес, Н.А.Баскаков, А.М.Шербак, Г.Дерфер, Б.Я.Владимирцов, И.А.Батманов, И.В.Рассадин т.б. көрнекті алтаистердің тұжырымдары мен жинақталған «алтайлық» тілдік материалдар лингвистикалық түркологияның салыстырмалы-тарихи бағытының, түркі тілдерінің әрқайсысының тіл тарихына арналған зерттеулердің ғылыми дәйектемелік және фактологиялық негізіне алынды.
Алтайлық тектілдің ыдырау процесінің қазіргі алтай тілдеріндегі реликт белгілері қатарында – дауысты uдыбысынан кейін келетін тұңғыс тіліндегі t,маньчжур тіліндегі sдауыссыздарының түркі-монғол тілдеріндегі č≈š дауыссыздарына сәйкес келуі; якут тілінде, хакас тілінің сағай және белтир диалектілерінде, башқұрт тілінде тұңғыс-маньчжур тілдеріндегі s≈tсәйкестігінің sтұлғалы вариантының сақталуы: тұңғыс тіліндеgutijn, маньчжур тіліндеgusijn лексемаларының монғол тіліндегіgučijn«отыз» сөзімен, маньчжур тіліндегіxusun, монғол тіліндегіküčijn сөздерінің қазіргі алтай тіліндеküč, хакас тіліндеküs, якут тіліндеküüs, башқұрт тіліндеkös“күш” лексемаларымен сәйкес келуі; чуваш тіліндегі анлаут č дыбысының басқа түркі тілдеріндегі t,d дыбыстарының орнына қолданылуы: černe≈tïrnaq/tïrnak“тырнақ”, čer≈ tiz/tize/diz/dize“тізе” т.б. Соңғы құбылыс чуваш тілін монғол тілдеріне, басқа түркі тілдерін тұнғыс тілдеріне жақындатады.
Осы дәуірдің соңғы кезеңдерінде жалпытүркі-моңғол тек тілі іштей түркі тілдері және монғол тілдері болып екіге ажырады. Бұл жіктеліс қазіргі тілдердегі мынадай тілдік құбылыстар арқылы дәлелденеді: монғол тілдеріндегі р, лдыбыстары түркі тілдерінде з, ш//с дыбыстарына сәйкес келеді (р–з, л–ш//с). Түркі тілдері ішінде көне бұлғар тілі мен қазіргі чуваш тілі ғана монғолдық ротацизм(р) мен ламбдаизмді (л) сақтап қалған:
Монғол тілдеріндегі r, l дауыссыздары түркі тілдерінде негізінен z, šдыбыстарына ауысқанымен, көне бұлғар және чуваш тілдеріндеr, l дыбыстарының сақталып қалуын зерттеушілер түркі, монғол тілдерінің өзара ыдырау кезеңінің сипатын көрсететін реликт ретінде таниды: z≈r –väräm≈uzun «ұзын», väräx≈uzaq «ұзақ», jer≈ijz «із», ker≈küz«күз»,par≈muz/buz «мұз», tijr≈dijz/tijz «тіз», xer≈qïz «қыз», xur≈qaz «қаз», xuran≈qazan «қазан»,čer≈sïz«сыз», ser≈süz «сүз»,šur≈saz «саз»; š/s≈j – sul≈jïl/ žïl «жас, жыл», pijlek≈bes/beš «бес», tel≈tüš/tüs «уақыт», telek≈ tüš/tüs «ұйқы, түс», xel≈qïš/qïsw «қыс»,čul≈tas/taš «тас»,šal≈tis/tiš «тіс»,alak≈ešijk/esik «есік», ijlt≈ešijt/esit «есіт, есті» т.б. r≈z/s/d/t/j: ajaq/ajak/adak/azak≈ura«аяқ»cәйкестігінің жекелеген нұсқалары әр түрлі тілдерге тән болуымен қатар, тарихи лексикалық қабаттарға байланысты сәйкестіктің түрлі нұсқалары бір тілдің ішінде де кездесуі мүмкін. Мысалы қазақ тілінде: qïz «қыз» лексемасының rтұлғалы нұсқасы qïz-qïrqïn«қыз-қырқын» қос сөзінің құрамында сақталса, kör≈köz, semir≈semizсинкретті жұптарында есім, етістік мәндерінде жұмсалады. Зерттеушілер түркі-монғол тілдерінің ыдырау процесінің түбегейлі аяқталуын да r, l дыбыстары мен z, s, š дыбыстарының сәйкестіктерімен байланыстырады.