Библиографиялық басылымдардың жаңа типтері
Библиографиялық антология.
Өлеңдер жинағы, поэтикалық шығармалар, ақындардың таңдамалы өлеңдерінің жинағы немесе өлке туралы өлеңдер жинағына арналады. Ежелгі грек ақындарының таңдаулы өлеңдерінен құрастырылған жинақты осылай атаған.
«Қазақ поэзиясының антологиясы» 1958 жылы Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген. Антология негізінен көркем әдебиет оқитын оқырмандарға арналады. Антологияда ақындардың өлеңдері, шығармаларынан үзінді, өмірбаяндары және сыншылардың пікірлері беріледі және мерзімдік жағынан үлкен кезең қамтылады. Библиографиялық ақпарат нақты материалдармен үйлесім тауып, тараулар мен бөлімдердің басында беріліп отырады.Әдебиеттер тізімі тараулардың соңында көрсетіледі, аннотация берілмейді, себебі бөлімдердің мәтіндерінде әдебиеттерге сілтеме жасалады.
Библиографиялық очерк.
Бұл мазмұны жағынан әңгімеге жақын көркем –публицистикалық шығарма.Тарихи оқиғаға, нақты адамның өміріне байланысты мәліметтер береді. Нақты оқиғалармен толық және жан –жақты танысып, өзіндік ой түюге мүмкіндік беретін очерк тақырыбы қызықты және заманауи немесе болған оқиға туралы жаңа мәліметтерге негізделуі қажет. Ол әр алуан материалдардың, сын мақалалардың, рецензиялар, еске алулар, әдеби-көркем шығармалардың және т.б. қысқаша мазмұнын көрсетеді. Дереккөздер саны очерк тақырыбына байланысты, бірақ соның ішінен 7-10 кітап немесе мақаланы таңдау қажет. Әрбір анықтама көзі терең зерттеліп, одан ой –пікірлер, нақты мәселелер, дәйексөздер алынады. Одан соң барлық жиналған мәліметтер очерк мәтініне біріктіріледі.
Очерктің соңында дайындауға қолданылған әдебиеттер тізімі авторлардың аты –жөні әліпбиімен беріледі. Кітаптардың мазмұны очерк мәтінінде көрсетілгендіктен, аннотация берілмейді.
Библиографиялық жадынама –белгілі бір тарихи оқиғаға немесе мерейтойы аталып өтетін тұлғаға арналған шағын нысандағы жарнамалық –библиографиялық ұсыныстық сипаттағы библиографиялық құрал. Тақырып бойынша нақты мәліметтер беретін тізім немесе әңгіме түріндегі библиографиялық ақпарат.
Жадынама мақсаты – нақты тұлғаның негізгі шығармаларымен таныстыру және оның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге көмек көрсету.Жадынама құрастыруға ең құнды және қолжетімді дереккөздерін, көлемі жағынан шағын естеліктер, құжаттар мен биографиялық сипаттағы мәліметтерге сүйенген кітаптар, әр алуан жанрдағы көркем шығармалар, журналдар мен газеттер мақалалар алынады. Жадынама бөлімдері мынадай тәртіппен беріледі: алғысөз (немесе кіріспе) қысқаша библиографиялық анықтамамен, маңызды шығармаларға қысқаша шолу; өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша әдебиеттер тізімі.
Библиографиялық бетбелгі ( закладка) – нақты кітаптар туралы оқырманға ақпарат беретін қысқаша әдебиеттер тізімін ұсынатын библиографиялық құрал және дәстүрлі немесе электрондық түрде құрастырылады. Ол оқырманға оқиғалар, жекелеген тақырыптар бойынша мәліметтер алуға және оқырманды қызықтыратын тақырып бойынша білімін кеңейтуге көмектеседі. «Не оқу керек?» деген бетбелгі таңдалған тақырып бойынша негізгі болып саналатын кітап ішіне салынады және осы тақырып бойынша білімін жетілдіру үшін өзге де әдебиеттер көрсетіледі.
Құрастырушы тізіммен жұмыс кезінде шығарманың мазмұнын жақсы білуі, оқырманға қандай ой туғызатынын болжай білуі, басты шығарма және ұсынылған өзге де кітаптар арасында байланысты көрсете білу қажет.
Кітап бетбелгісінде көптеген мәселелерді қамтитын шығарма алудың қажеті жоқ, себебі ондағы көтерілген мәселелерді бір бетбелгі аясында көрсету мүмкін емес. Бетбелгіде әдетте 10 атауға дейін көрсетіледі. Онда көркем әдебиетпен бірге ғылыми –танымдық әдебиеттерді, очерктер мен публицистиканы оқуға ұсыныстар жасау қажет,
Биобиблиографиялық құрал.
Дәстүрлі биобиблиографиялық құрал мынадай бөлімдерден тұрады: алғысөз, биографиялық очерк (биографиялық анықтама), тұлғаның негізгі өмірдеректері және шығармашылығы, тұлға шығармаларының тізімі, оның өмірі мен қызметі туралы кітаптар.
Биографиялық очеркте биобиблиографиялық құрал арналған адамның кәсіби, шығармашылық, мемлекеттік және қоғамдық қызметіндегі маңызды бағыттарға назар аударылуы тиіс.
Биографиялық очерк тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты болуы керек.Өмірі мен қызметінің негізгі жылдары көрсетілгеннен соң, негізгі оқиғаның қысқаша сипаттамасы беріледі.
Тұлғаға арналған құралдардағы библиографиялық жазбаға аннотация берілмейді.Егер биографиялық анықтамалар шағын, ал әдебиеттер тізімі көлемді болған жағдайда, ең маңызды басылымдарға аноотация беру қажет.
Биобиблиографиялық көрсеткіштің анықтамалық аппараты құрамында атаулық көрсеткіш болуы міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |