Ант ішу.Ант су-ішу Ант сөзі ендігі кезекте ішу етістігімен тіркесіп қолданылады немесе ант-су түріндесу сөзімен қосарланып келеді. Мысалы:
«Көрмеймін» — деп ант ішіп, кетіп қалып,
Үш күннен соң қайта кеп тағы қонар.(29)
Ескі досын көргенде,
Есебі жоқ ант ішіп,
Аруақ құдай айтысып:
Сыр алғалы айттым деп,
Жауыңды алдап қайттым деп.
Құдайдан қорықпай ант ұрған,
Иманның жүзін тоздырар (Абай).
Былтыр ермін деп жүрген Досқазы өстіп ант-су ішіп, қолдасып, уәде бергенде неғып еді?(Ғ.С.).
Мұнда ант ішу әрекеті ант ету жағдаятына сай келеді, ол адресант тарапынан орындалып, адресант пен адресат авторға сәйкес келеді. Алайда, ант етуден айырмашылығы ішу қимылынан,яғни белгілі бір нысананың болуынан туындап отыр. Біздіңше, ант ішу ант-су ішуден ықшамдалып, су сөзі түсіп қалған. Себебі, анттасу әрекетінде судың (сұйық зат, мысалы қан) орны зор. Қан да судың бір түріне жататынын ескерсек, ертеде, әсіресе жаугершілік заманда, малдың қанын ішіп немесе бір-бірінің саусағының қанын жалап (сорып) анттасу рәсімінің орын алғаны белгілі. Сонымен қатар, су да киесі бар деп есептелгендіктен, «аузыма су татып алмайын», «кеңірдегімнен бір тамшы су жүрмей қалсын» деп қарғану жоқ емес. Демек, мұндағы су – анттасуға қажетті нысан, құрал рөлін атқарады.
Ант-су ішу – қандай бір уәдені, сертті, жауапкершілікті адам өз мойынына алу үшін жасалатын рәсім. Байырғы кезде ант берушілер айғақ ретінде адамның, одан кейінірек қара қойдың қанын, ислам діні күшейген соң Құран оқылған суды ішетін болған. Бастапқыда орыс отаршылардарына қарсы күресте қандай бір іс-қимылды ұйымдастыру мақсатында ақсақалдар ел азаматтарының бірлігін бекемдеу үшін ант салтын пайдаланып, тиісті тұлғаларға Құран оқып, ант-су ішкізетін болған. Мұны баталасу деп те атаған. Ежелгі қазақтар сөздің қасиетіне сенетіндіктен антты бұзу – өліммен тең деп есептеген. «Ісім қара болса, құдай алдында көрмей, пайғамбардың шапағатынан марқұм болайын, қараңғы түнмен кетейін, дүниенің жарығын көрмеймін», – деген сөздерді дауыстап, көпке естіртіп айтқан. Кейін дәстүрлі қазақ қоғамының қожырауының салдары – қоғамда адамдар жалған ант берушілік пайда болды. Дәстүрлі ант беру ғұрпының өзінің бастапқы мәні мен маңызын жоғалтқаны соншама, қазақы ортада осыған байланысты «Ант ішкеннің үйіне барма, айрандай жұғады», «Ант ішкен – мың өледі, у ішкен – бір өледі», – деген сияқты сан алуан фразеологизмдер қалыптасты. Дәстүрлі қазақы ортаға жат осы анайы құбылысты орыс отаршылдығының салдары ретінде түсіндіруге болады[15.]
Құран оқылған суды ішу рәсімінің бір көрінісін неке суынан көруге болады. Неке қияр кезінде молдалардың жас жұбайларға неке суын ішкізуі олардың бір-біріне адал болуға, отбасын сақтауға, өле-өлгенше бір біріне қамқор болуға, сыйлап өтуге ант беруінің айғағы.