Байланысты: Қалымбек Алтын 1-сөж тарих (копия) 2 (копия)
Әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұн және т.б. мұралары бүкіл ғалам мен адамды жаратушы Аллаһқа деген махаббат пен ғибадатты, рухани жетілуді насихаттаған туындылар. Аталған ойшылдар исламның діни-этикалық құндылықтарын түркі халықтарына түркілік дүниетаным мен ділдік ерекшеліктеріне сәйкес таратқан. Орта ғасырлық түркі ойшылдары дүниетанымдық ізденістерінде Құран құндылығы мен даналығын, білім мен ғылымды, әдептілік пен әділеттілікті, ізгілік пен мейірімділікті насихаттаған еңбектерінде үйлесімді түрде көрсеткен. Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық жүйесінде дін мен оның құндылықтары өзіндік орын алады. Әл-Фараби дүниетанымында дін ойлаудың нақты әдісі және қоғамдық өмірдің ажырамас бөлшегі және адамдардың ахлақтық, құқықтық қарым-қатынасын реттеуші жүйе ретінде қарастырылады.Әл-Фарабидің пайымдауынша, «дін – бәрі үшін алғашқы басшы алдын-ала айқындалған көзқарас және іс-қимыл». Отырарлық ойшылдардың пайымдауынша, дін адамзат үшін басшылыққа алатын дүниекөзқарас және іс-әрекет жүйесі. Фараби діни құндылықтарда адамның рухани дүниесі мен әдептерін қалыптастыратын күш-қуат көзі бар екендігін және дін бақыт пен игілікке жетудің бір құралы болатындығын атап көрсетеді. Құранда: «Аллаһтың саған сыйлаған нәрселері арқылы ақырет жұртын құмарт. Сондай-ақ, дүниеден алар үлесіңді де ұмытпа. Аллаһ саған жақсылық қылғандай, сен де жақсылық қыл және жер бетінде бұзықтық тілеме. Өйткені, Аллаһ бұзақыларды жақсы көрмейді» делінген. Әл-Фараби діннің негізінде ізгі мазмұн мен ибалы мән айшықталғандығы және дін мен бақыттың үйлесімділігі, бұл ізгі дін болатындығын болжайды.Әл-Фараби философия мен дінді адамның дүниедегі болмыс тәсілдері ретінде анықтайды. Философия (фәлсәфа) деп әл-Фараби тек даналықты (хиқма), «Жалпы туралы» ғылымды ғана түсінбейді, оны өмір сүру тәсілі, адамды өзінің адами мәнін түсінуіне жеткізіп қана қоймай, осы тәсілдің арқасында сол нағыз мәнге айналдыратын тәсіл ретінде түсінеді. Дінді де ол дүниедегі болмыс тәсілі деп, ақиқат жолға бастайтын тәсіл деп түсінді.
Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастаны арқылы қалды.Ғасырдан ғасырға жалғасқан түркі халқы мәдениетінің классикалық әдеби жәдігерлерінің қатарынан орын алған Ж.Баласағұнидың «Құтты білік» дастаны халқымыздың тарихы, діні мен ділі үшін үлкен мәнге ие теңдесіз туынды болып табылады. Орта ғасырлық Қарахан әулетінің билігі тұсында жазылған «Құтты білік» шығармасы отбасылық тәртіптен бастап мемлекет құрумен қатар оның алып істерін жүргізуге дейінгі аралықты қамтыған қанатты сөздермен берілген ойлардан тұрады.
Махмұт Қашқари түркі тілдес халықтарға ортақ данышпан ғалым. Махмұт Қашқари шығармашылық мұрасымен мұсылман шығысының рухани және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») еңбегінде тіл мәдениетімен қатар, исламның рухани-имани құндылықтары айшықталады. Ойшылдың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегі ежелгі түркі халқының ұлттық сана-сезімімен қатар, олардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, өмірлік құндылықтарын, ділдік ерекшеліктерін көрсететін құнды мұра. М.Қашқари өз шығармасында түркі халықтарының дүниетанымдық көзқарастарын, ахлағын және діни құндылықтарын ашып көрсетеді. Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегін дінтанулық тұрғыдан зерттеу бүгінгі ұрпақ үшін рухани түп-тамырын табуға жол сілтейтін құндылықтарды танып білуге мүмкіндік береді.