Қазақстан Республикасы Білім және жоғары ғылым министрлігі
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология институты
СӨЖ
Тақырыбы: Түркі әлемінің исламға кірігу жолдары мен формалары. Түркі-ислам синтезінің қалыптасуындағы Қожа-Ахмет Яссауи сопылық мемлекетінің рөлі. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Ахмет Ясауи шығармаларының әлемдік маңызы
Пәні: Қазақстанның тарихы
Орындаған: Қалымбек Алтын Қб-103
Тексерген: Оспанова Р.
Мамандық: 6В01701 Қазақ тілі мен әдебиеті
Көктүркі мемлекетінің қағаны мен оның ұлысы (халқы) өз сенімдері бойынша аспанға, көкке және Тәңірге мінәжат етті. Олар жер бетіндегі міндеттерін Тәңірдің өздеріне жүктеген миссиясы ретінде қабылдады. «Тәңір» тарапынан Бумын мен Истеми бабаларға аманат етіп қалдырылған бұл қағанаттың басты мақсаты - өз халқы мен оның «төресін» (заңдарын) қорғау, осы негізде ұлттық бірлікті нығайтып, бекемдеу деп ұғынған. Осыған байланысты тәңіршілдіктің саяси және ұлттық сипаты орасан үлкен болды деуге саяды. Түркілер ежелгі арийлер, мысырлықтар, ежелгі гректер, римдіктер және өздерімен замандас басқа да халықтардың көптәңірлік наным-сенімдеріндегідей «Тәңірлер» демеген, керісінше үнемі «Тәңір» деген. Діни дүниетанымның осындай табиғи үлгісі түркілердің кейіннен тек бір ғана Алланы жаратушы ретінде мойындайтын исламды қабылдауларында шешуші фактор болғаны талас тудырмайды. Осы күнге дейін әлемде өмір сүріп жатқан барлық мұсылман түркі халықтары «Алла» және «Тәңір» сөздерін синоним ретінде қолданып, бұлардың арасында қандай да бір айырмашылық байқамады.
Ислам дінін қабылдаған алғашқы түркі халқы хазарлар еді. 723 жылы негізінен Солтүстік Кавказ аймағында өмір сүрген хазарлар алғаш рет шайқас алаңында арабтармен соғысып, оларды жеңді. Бірақ кейіннен омайядтар әулетінің халифасы Хишам бин Әбдүлмәлік кезеңінде ( 724-743 ) араб армиясы хазарларды бұл аймақтан ығыстырып шығарды. Сол кезеңде олардың бір бөлігі исламды қабылдады. Көктүрк империясы құлаған жылға дейін (745 жыл) осы империяның құрамында болған түргештер Түркістан аймағында арабтарға қарсылық көрсеткен болатын. Құлаған империяның алып территориясына шығыстан Қытай, батыстан араб халифатының басқыншылық қаупі төнген еді. Түргештерден кейін арабтарға қарсы мұндай қарсылықты қарлұқ халқы көрсетті. 750 жылы Омайядтар династиясы құлап, орнына аббасидтер келді. Омайядтардан айырмашылығы аббасидтер араб емес өзге халықтармен толерантты қарым-қатынаста болды. Осыған байланысты парсы және түркі сарбаздары аббасидтер армиясына кеңінен тартылып, тіпті жоғары лауазымдарға дейін көтерілді. Осындай жағдайда Қытайдың басып алу қаупі төніп тұрған қарлұқ түрктері аббасидтермен одақтасуға келісім берді. 751 жылы болған Талас шайқасында тарихта тұңғыш рет түркі армиясы мен мұсылман-араб армиясы бір шепте Қытай армиясына қарсы шайқасып, жеңіске жетті. Осы жеңіс түркі әлемі мен ислам әлемі арасында байланыс орнап, түркілердің ислам дінін қабылдай бастауына себеп болған үлкен бетбұрыс оқиғасы болды. Түркі халықтарының көпшілігінің мұсылмандану процесі XI ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Бірінші және екінші мыңжылдықтарды тоғыстырған осы тарихи кезеңде түркі суперэтносының қыпшақ, бұлғар, қарлұқ, ұйғыр, чуваш және якут тармақтарына кіретін халықтар негізінен Орталық Азия мен оған жақын аймақтарда қалды. Осы дәуірде түркілердің ең жауынгер тармағы болып саналатын оғыздардың (олар XI ғасырда жиырма төрт тайпадан тұратын) Таяу Шығысқа экспансиясы осы аймақта жаңа түркі тектес мемлекеттердің құрылуымен аяқталды. Исламды қабылдаған түркілердің қайтадан Орталық Азияға оралуы Түркістан территориясында да түркі-ислам мемлекеттерінің пайда болуына себеп болды. Осы аймақта қарахандықтар мемлекетінің түркі тарихы тұрғысынан маңызы – олардың алғаш рет 940 жылы исламды қабылдап, Түркістанда да, сондай-ақ араб экспанснясы таралған барлық территорияда Каспий алабынан Анадолыға дейінгі аймақта да түркі-ислам синтезіндегі түркі мемлекеттерінің құрылуына бастама болғандығы еді.
Ислам дінінің таралуына Қожа Ахмет Ясауидың сопылық ілімі де әсер етті. Қожа Ахмет Ясауи — ақын, ойшыл, ұстаз, бүкіл түркі жұртына имандылық нұрын шашқан діни қайраткер, ағартушы, жаңа сопылық ағымның ғұламасы, пірі.Орта ғасырда Ясауи оқуының пайда болуына бұрын дəуірлеп келген араб халифатының күйреуі мен əлсіреуі негізгі себеп болса керек. X–ХII ғасырларда ұлы араб халифатының батыс бетін Еуропа əмірлері билеп, шығыс бетін қытай, парсы, түрік билеушілері, кейін монғолдар өз ықпалына алады. Қарахан мемлекеті кезінде дəуірлеп келген мұсылманшылдық идея енді біраз əлсірей бастады. Оның болашағы тұйыққа тіреліп, мистика сарыны күшейе түседі. Бұрыннан айтысып келген діни ағымдар енді ашық тартысқа шығады. Осы бір дəуірдің қоғамдық санасының жемісі ретінде Қожа Ахмет Ясауи оқуы пайда болады. Оның 90 мыңдай шəкірт — мүриттері болған. Олар ұстазының ілімін Орта Азияға таратып əкеткен. XIII–XV ғасырлар арасында Ясауи ілімі Хорезм, Мəуренаһр, Анадолыға дейін жеткен. Түрік жұртында Ясауиді құрметтеп, пір тұтқаны соншалық: «Мəдинада — Мұхаммед, Түркістанда — Қожа Ахмет», — деген. Тарих табалдырығын аттаған əрбір ұлы адам тек қана еселі еңбек қалдырмайды. Өзі де жұмбақ ғұмыр кешеді. Олардың əрқайсысы өздері өмір сүрген кезеңнің төл перзенті бола тұрып, бір мезгілде ғасырларды көктей алға озып кетуі де, бір мезгілде өзінен бұрын өтіп кеткен көне дəуірлермен іштей үндесіп жатуы да мүмкін.XII ғасырда Түркістан қаласының орнындағы Ясы атты кішкене қыстақтың Ясы шаһары деп даңқы шығуы Қожа Ахмет Ясауи əулие атымен тікелей байланысты. Өйткені Əзірет Сұлтанның көзі тірісінде-ақ оны киелі адам деп мойындаушылық көп болған. Бұған жұпыны киініп, сəн-салтанаттан аулақ өмір кешуі, ақын болуы, түрік тілінде жазған негізгі шығармасы «Диуани Хикмет» атты керемет кітабының жүрекке жылы тиетін, имандылыққа шақыратын жеке тараулары мен шумақтары, қалың бұқараның аузынан тастамайтын ғазалына айналуы үлкен себепші болған. Қожа Ахмет бабамыздың «Диуани Хикметін» кітап етіп шығарған, алғысөз жасаған М.Жармұхамедұлы, С.Дəуітұлы, М.Шафиғилар былай деп анықтама береді: «Жаңадан табылған бұл шежіреге («Нəсабнама») зер сала қарасақ, ақынның ұлы атасы Əзірет Ғали, одан Мұхаммед-Ханафия болып жалғаса келіп, оның жетінші атасы əйгілі Исхақ баб екенін көреміз. Сонда оған Мұхаммед- Ханафия он төртінші, ал Əзірет Ғали он бесінші Ата боп шығады»
Достарыңызбен бөлісу: |