Көңіл күйгебайланысты туған өлең-жырдың көне түрі – жоқтау біреудің жақын адамы, ел қамқоры болған батыр қайтыс болғанда айтылған. Халық үшін жаулармен шайқасып, қол бастаған, ел қорғаған Қанжығалы Бөгенбай батыр өлгенде Үмбетей ақын:
Уа, Алатаудай Ақшадан Асып тудың, Бөгенбай, Болмашыдай анадан Болат тудың, Бөгенбай, –
деп жоқтаған.
Көңіл күйді білдіретін өлеңдерді ғалым, әдебиетші М.О. Әуезов «мұң-шер өлеңдері» деп те атаған.
Тұрмыс-салт жырларының бірі – бата-тілек. Бата – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани қазынасы. Халық «Жаңбырмен жер көгереді, Батамен ер көгереді» деп бата сөздерге аса үлкен мән берген. Этнограф-фольклорист В.В. Васильев«Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі» деп аса жоғары бағалаған. Батаның көптеген түрлері бар.
1. Жол батасы. Жолыңды Алла қолдасын, Сапарыңды оңдасын. Пырақ болып мінгенің Жорытқанда жаныңда Қызыр болсын жолдасың... 2. Дастарқан батасы:
Заман тыныш болсын, Дастарқанға ырыс толсын. Орындарың төр болсын, Нәсіптерің мол болсын! 3. Тұсаукесер батасы: Тұсауыңды кесейін, Салып ата салтына Жалтақтамай аяқ бас.
4. Шілдехана батасы: Құтты болсын бесігің, Аштың өмір есігін. Батамды оңдап берейін, Азамат бол мерейлі! 5. Көш батасы: Көшің көлікті болсын, Көлігің сенікті болсын! Көшбасшың білікті болсын, Сапарың сенікті болсын!