Прокуратура органдарындағы қызмет мемлекеттік қызметтің арнайы түрі болып табылады. Прокуратура органдарындағы қызметтің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілері, осы Ереже, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокурорының (бұдан әрі - Бас прокурор) бұйрықтары құрайды.
Прокуратура органдарына қабылдау тәртібі
Прокуратура органдары қызметкерлерінің лауазымына денсаулығының жағдайы бойынша прокуратура органдарында қызмет атқаруға жарамды жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Жоғары заң білімі бар, қажетті моральдық және іскерлік сипатқа не денсаулығының жағдайы бойынша прокуратура органдарында қызмет өткеруге жарамды, міндетті арнайы тексерулерден өткен азаматтар прокурор болып тағайындала алады. Оларды лауазымға тағайындау кезінде сынақ мерзімі тағайындалуы мүмкін.
Азаматтың денсаулық жағдайы бойынша прокуратура органдарында қызмет өткеруге жарамдылығын әскери-дәрігерлік комиссия растайды, одан өту тәртібін уәкілетті органдар айқындайды.
Прокуратура органдарына қызметке түсу кезінде азамат тұрғылықты жері бойынша салық қызметі органдарынан өзінің және зайыбының (жұбайының) кірістері мен салық салынатын объектілері болып табылатын мүліктері туралы декларация тапсырғаны жөнінде мәлімет ұсынады.
Көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау прокуратура органдарына қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
Прокуратура органдарына қызметке алу мемлекеттік қызметшілер кадрлары туралы республикалық деректер орталығына алдын ала сұрау салынған жағдайда жүзеге асырылады.
Бас прокуратураға - Бас прокурордың, Бас әскери прокуратураға, облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларға, прокуратураның ғылыми ұйымдары мен білім беру ұйымдарына қызметке қабылдау, лауазымға Бас прокурор тағайындаған адамдардан басқа, олардың басшыларының бұйрықтарымен жүзеге асырылады.
. Әскери прокуратура органдарына қызмет өткеру тәртібі "Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы", "Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы", "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының заңдарымен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен және осы Ережемен айқындалады.
Әскери прокуратура органдарына әскери қызметке жарамдылығын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережесімен айқындалатын тәртіпте әскери-дәрігерлік комиссиялар растауы қажет.