Сөйлемнің бырыңғай мүшелері Бір сұраққа жауап беріп, бір ғана қызмет атқарып, бір ғана мүшемен байланысатын екі я одан көп мүшелерді бірыңгай мүшелер дейді. Бірыңгай мүшелер көбінесе тұлғалас болып келеді де, өзара салалас, бірде жалғаулықтар аркылы, бірде жалғаулықсыз дауыс ырғағымен байланысып, бір ғана мүшеге қатысты болады.
Сөйлемнің барлық мүшесі де: бастауыш та, баяндауыш та, толықтауыш та, анықтауыш та, пысықтауыш та бірыңғай мүше бола алады. Мысалы: Ел жата Есбол, Еламан, Рай келді. Шиделі күпілі, сенсең тымақты бұжыр қара кісі ат үріккен жаққа жылан көзін жылдам тастады да, тізгінін сәл тежеді. (Ә. Н.) Бірыңғай мүшелер бір-бірімен ешбір жалғаулықсыз да, жалғаулықтар арқылы да байланысады. Бірыңғай мүшелерді ыңғайлас жалғаулықтар (да, де, та, те, әрі, және, мен, бен, пен), талғаулы жалғаулықтар (я, не, немесе, әлде), қарсылықты жалғаулықтар (бірақ), кезектес жалғаулықтар (бірде, біресе, кей-де) байланыстырады.
Бірыңғай мүшелер өзара жалғаулықсыз байланысса, олардың арасына үтір қойылады. Мысалы: Осының бәрін бір сұмдықпен, кулықпен істемейді (С. С). Сондай-ақ жалғаулық бірыңғай мүшенің әрқайсысымен қайталанып қолданылса да, арасына үтір қойылады. Мысалы, Атын да, кісісін де болжай алмады (М. Ә.) Бірақ деген шылау қарсы мәндес екі бірыңғай мүшені байланыстырады да, бірақ шылауының алдынан үтір қойылады. Мысалы: Ол — батыр, бірақ қолбасы емес. (Ғ. М.) Бірыңғай мүшелердің арасында қайталанбай келген мен, бен, пен, және жалғаулықтары болғанда және да, де, та, те, әрі, не, немесе, яки қайталанбай бір-ақ рет келгенде, үтір қойылмайды. Мысалы: Олжабек пен Жамал қоңыр шокыны бетке ұстап тарта берді. (Мүст.) Ашық та ақ жарқын сөйлейтін сырлас адамдар екен (Ғ. М.)
Бірыңгай мүшелер екеу болмай, одан көп болып, олар жалғаулықсыз байланысып, тек соңғы екеуі гана жалғаулык шылау арқылы байланысса, жалғаулықсыз жерде үтір қойылады да, жалғаулық арқылы байланысқан жерде үтір қойылмайды. Мысалы, Бухара, Ташкент, Түркістан және Жоңғар қалмақтары билеушісі Қалдан Шерінің күнгей шығыс маңын қоныстанады. (Ә. К.)
Сөйлемде бірыңғай мүшелермен қызметтес, тұлғалас болып, барлық бірыңғай мүшенің ортақ жинақтау аты есебінде айтылатын да сөздер болады. Олар жалпылауыш сөз деп аталады.
Жалпылауыш сөз сілтеу (мыналар), жалпылау (бәрі, баршасы, барлығы) есімдіктері мен жинақтау сан есімі, зат есімдерінен болады.
Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден бұрын тұрса, одан кейін қос нүкте қойылады. Бұндай жағдайда егер бірыңғай мүшелерден кейін оған ұқсас сөздер тұрса, бірыңғай мүшелерді одан ажырату үшін, ол мүшенің алдынан сызықша қойылады. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден кейін келсе, оның алдынан с ы з ы к ш а қойылады.
АЙҚЫНДАУЫШ.
Сөйлемде кейде бір сөзді я сөздер тізбегін басқа бір сөз я сөздер тізбегі айқындап, дәлдеп, түсіндіріп тұрады. Мысалы: Өзі әнші, өзі сұлу Байтасқа екеуі де — бірі кәрі, бірі жас бала — қызғана да, тамашалай да қараған еді. (М. Әуезов). Бұл сөйлемде екеуі деген сөзді (бастауышты) бірі кәрі, бірі жас бала деген сөздер тіркесі айқындап, нақтылап, яғни екеудің нақты кімдер екенін анықтап тұр. Сондықтан да бұл (екеуі) сөздің сөйлемде атқаратын қызметіне, грамматикалық байланысына айқындауыштың қатысы болып отырады: кім қараған еді?— екеуі де ягни бірі кәрі, бірі жас бала — бастауышты айқындап тұр және бастауыш мәнінде атау тұлғада қараған еді деген баяндауышпен байланысып тұр. Міне осындай белгілі бір мүшені (сөзді) заттық, мекендік, мезгілдік т. б. жағынан дәлдеп, айқындап, түсіндіріп тұратын сөз я сөздер тобы айқындауыш деп аталады. Кейде бұндай айқындауышты оңашаланған айқындауыш деп те атайды, өйткені ол өзі айқындайтын мүшені оңашалап, ерекшелеп тұрады және одан кейін тұрады.
Оңашаланған айқындауыш бастауышты ғана емес, басқа да мүшелерді: пысықтауышты, толықтауышты, тіпті кейде анықтауышты да айқындай береді. Мысалы: Абай былтыр боқырауда, күзем үстінде, қалаға оқуға кеткенде, дәл осы қоныстан, Есембайдан, кеткен болатын (М. Әуезов). Біздерге, қарттарға, жастар сиякты өмір сүруге тура келеді. (Н. Островский).
Оңашаланган айқындауыш әдетте сөйлемде екі жағынан үтірмен ажыратылады. Кейде оңашаланған айқындауыштың өз ішінде немесе айқындалатын сөздер тізбегінде үтір болса, екі жағынан сызыкшамен де ажыратылады.
ҮЙІРЛІ МҮШЕ.