«Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді.
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады» «Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Мен үшін қастерлі де, қасиетті мамандық ол – ұстаздық жол.
Мамандықты таңдау – әр адам үшін ең маңызды шешім. Мен үнемі Ж.Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзін өзіме жол сілтер Темірқазық қып алдым. Сөйттім де «Ұстаздық» деп аталатын қиын да қызық соқпаққа алып барар мамандықты таңдауға бел будым. Өйткені мектеп өмірі мен үшін ыстық, тым жақын. Бала күнімнен санама сіңген қоңырау үні, 45 минуттық білімнің тылсым құдіреті өзіне шықыратын да тұратын. Осы арман желкені салиқалы да салмақты ұстаздарымның жолын жалғастыруға себеп болды.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университетінде білім алғанан кейін Сырым ауданына қарасты Қызылағаш орта мектебінде, кейін Бұлан орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып жұмыс жасадым. Мектеп ұжымындағы әрбір ұстаздың бойында болатын төзімділік, сыпайылық, адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма сіңірдім. Тәжірбиелі ұстаздардан шәкірттермен жұмыс жасау әдістерін, оларды жақсы көруді, көңілін таба білуді үйрендім. Міне, биыл осынау қастерлі мамандықтың тұтқасын ұстағаныма да 18 жылдың жүзі болыпты. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолымдағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, ақпарат ағымында заманауи алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу.
Б.Момышұлы «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет»дейді. Ал ұстаздық – мен үшін биік шың іспетті. Өзіңнің аңсаған шыңыңа шығу үшін талай еңбектенесің. Ал сол шыңға жету жолындағы талай бұрмалаң да шатқал, қиын да қалтарыстарына төзе білетініме сенімім мол.
Жебеп тұрар, демеп тұрар арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана.
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы – тірегі,
Қадамыңа шуақ шашар үнемі, – деп М.Шаханов ағамыз жырлағандай, адам баласының өміріндегі төрт ананның бірі болып табылатын – қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің мұғалімі болу – аса жауапкершілікті іс деп білемін. Осындай жаһандану заманына тұспа-тұс келген біздің шәкірттеріміздің бойына ұлттық рухымызды сіңіріп, тілі мен дінін, ділін берік ұстанған ұрпақ оқыту, тәрбиелеу барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімінің мойынына жүктелетін міндет зор. Сондай-ақ қазіргі білім беру саласының алдында тұрған басты мәселе – жаңа форматты ұстаз қалыптастыру. Бүгінде ұстаздар қауымы үстелдің бір шетінде «мен ұстазбын» деп тұрып алмай, бақылаушы, жазалаушы, тексеруші қызметін әрі ысырып тастап, ізденуші, зерттеуші, шығармашылықпен жұмыс жасайтын жаңашыл болса деп ойлаймын.
«Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деп Қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай, ХХІ ғасырдың талабына сәйкес 2014 жылы ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында екінші деңгей (ілгері) бағдарламасы бойынша курсты аяқтап, сертификатқа ие болдым.
Иә, мен қазіргі заман педагогімін. Осы жолда өз алдыма шәкірттерге терең білу барысында мақсаттар қойдым. Менің ойымша, қазіргі педагогикалық тәжірибеде тиімділікке қол жеткізу үшін Кембридж бағдарламасын жеті модульді сабақта тиімді пайдалану, яғни оқушыға өзіне дұрыс шешім табу және алға қойылған міндеттерді шешу үшін шығармашылықпен және сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік беру керек. Мен өзімнің шәкірттеріме бағыт-бағдар беремін, ал алдымдағы шәкірт оны жүзеге асырады. Жан-жақты өз пікірлерін айтып, ойларымен бөліседі. Өз сабақтарымда қолданатын әдістер мен тәсілдер заман талаптарына сәйкес келеді және оқушыларыма ұнайды. Жаңа ғасыр педагогі, бұл – рефлексивті педагог. Әрбір мұғалім үнемі өзін-өзі жетілдіріп және де рефлексия тәжірибесінде ғана бұл өсуге ықпал етеді.
Мен жұмыс жасап жүрген шағын жинақты мектепте әр түрлі оқушылар бар және әр оқушының ойлауы мен қабылдауы да әр түрлі деңгейде. Кей кезде жаңартылған білім беру жүйесінде топқа, жұпқа бөліп жұмыстану кездерінде қиындықтар да кездесіп жатады. Осындай кездерде шетел ғалымы Генри Фордтың « Бұған дейін жасағандардың бәрін одан да жақсырақ етіп жасауға болады» деген сөзін есіме аламын да, өзімнің тәжірибемде жинақтаған әдіс-тәсілдерге сүйенемін.
Менің шәкірттерім менен әр күн сайын жаңалықтар күтеді және олардың сенімін ақтамауға болмайды. Менің мамандығым менен тұрақты жұмылдыруды талап етеді. Мен бәсекеге қабілетті жастарды дамыту және тәрбиелеу үшін барлық жаңалықтарды білуге міндеттімін. Мен мұғаліммін, «Өз болашағымды» оқытамын, болашақ дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, әскери және барлық болашақ мамандарын даярлаймын.
Менің түсінігімде, жаңа ғасыр педагогы – өз ісінің кәсіби шебері, ол білім көзі болып қалу ғана емес, оқыту үрдісінің белсенді қатысушысы. Әрбір баланы оқу үрдісіне тарту оңай, бірақ кейде мұны жүзеге асыру қиын. Тек әдістемені жақсы меңгерген педагог сыныптағы жұмысты дұрыс ұйымдастыра алады.
Қазір XXI ғасыр. «Заманға сай қадам басып барамын ба?» деген сұрақ мені де толғандырады. Жаһандану дәуірінің талаптарына сәйкес келе ме? Менің ойымша, бұған жауап: «жоқ» болуы да мүмкін емес.
Мен – жаңа ғасыр педагогімін. Мен өзімнің білімім мен біліктіліктілігіме сенемін, әр түрлі оқыту құралдарын тиімді пайдаланамын, сабаққа дайындыққа шығармашылықпен келемін.
Ал ең бастысы, менің біліктілігім, мен «Өз болашағымды» оқытамын!