Баланың 5 жастан асып алтыға аяқбасуын, алты жасарлар дейтiнiмiз рас. Бұл балабақшадағы үлкен топтың мүшелерi. Сондықтан да, балабақшадағы соңғы екi жылдың тәрбиелiк қуаты мен санадағы өзгерiстердiң өлшемiн, салыстырмалы түрде айтқанда еш кезеңмен теңдестiруге келмейдi. Бұл шақ адам ғұмырындағы алғашқы iштей түлеудiң саналы сәтi десек те, немесе саналы ғұмырдың ағарып атқан ақтаңы тәрiздi екенiн ерекше ескеруiмiз керек. Мiне, осы айтылғандардың бәрiне де жан-жақты тоқталу үшiн, ең әуелi сол тәрбие алатын ортаның мүмкiншiлiктерiне азды-көптi тоқталуды жөн көрдiк.
А) БАЛАБАҚШАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ
Бiздер келешек ұрпақ тәрбиесiн түбегейлi жақсартқымыз келсе, балабақшалар мен мектеп құрылыстарының жаңа нұсқаларын жетiлдiруге барынша көңiл бөлуiмiз қажет. Жалпы балабақшалар мен мектеп құрылыстары ауылда да, қалада да өзiнiң орындарын алып, үнемi өркендей өсуi қоғамымыздың ұяты мен арына айналуы керек. Бұларға арнайы салынған ғимараттар, өзiнiң iшкi және сыртқы көрiнiстерiмен де айналасына iзгiлiк iңкәрi мен рухани шапағатын шашып тұруы тиiстi. Олардың демеушiсi мен қамқоршысы болуды барлық қалалар мен ауылдардағы өндiрiс орындары, күллi қоғамдық ұйымдар мен шаруашылық салалары тiкелей мiндетiмiз деп танулары қажет. Өйткенi, балабақша мен мектеп, әр семья түгiл бүкiл қоғамымыздың болашақ армандары мен үмiттерiн қоса арқаласады. Ұрпақ тәрбиесi аса үлкен мәнге ауысқан ел ғана, өзiнiң армандай алыс мұраттарына қол соза алады. Не бiр ұлы өзгерiстердi де, не бiр қиын кезеңдердi де, тек адамдары тәрбиелi елдiң мүмкiншiлiгi бар деп сенген жөн. Сондықтан да, балабақша мен мектеп, халықтың тек тұрмыс қажеттiлiгiн өтеп қоймай, сонымен бiрге, ел-жұртымыздың үздiге жетiп мiнәжат етер орындарына айналуы шарт. Тек, сонда ғана өркенi өскен ел боламыз.
Ендеше, қазiргi кездерде салынып жатқан бала-бақшалар мен мектеп құрылыстарын ғылыми негiзде қайта қарап, оларды жаңа-дан жасалынып жатқан “ұрпақ тәрбиесi мен ұлттық оқу-ағарту жүйесiнiң концепциясына” орай жетiлдiрмей болмайды. Себебi, қажеттi жағдайлары жоқ жерден, тәрбиесi жақсы мазмұн алу мүмкiн емес. Балабақша құрылымдарының қазiргi қолда бар үлгiсiнiң несi жақсы, қандай жағдайлары жетiспейтiндiгiн тез арада айқындап қана қоймай, бiрте-бiрте елемеуге болмайтын кемшiлiктерiн өзгерту қажет.
Бiздiң ойымызша, қазiргi балабақшаларындағы басты кемшiлiктiң бiрi, балбөбектер мен ересек топтарға арналып жеке-жеке салынған су бассейндердiң жоқтығы дер едiк. Бұл ерекше бiр салтанат үшiн емес, күнделiктi ең пәрмендi қажеттiлiк екенiн түсiнсек дұрыс болар едi. Өйткенi, жас нәрестеден бастап, сәби тәрбиелерiнiң әрбір кезеңдерiнде, судың iшiнде қозғалудың немесе су iшiнде ойнау мен малтудың түрлерiнен асқан, одан ұтымды шынығудың тәсiлдерi жоқ десек те болады. Ол баланың организмiндегi әрбiр мүшелерiне дейiн шынықтырумен қоса, оның қалыптасуының күрделi жолындағы психикасына да, аса үлкен ықпалды әсерлерiн тигiзедi. Келешекте тағы да бiр ескеретiн мәселе, балалар мекемелерiндегi ауа алмасулары автоматты түрде реттелiп тұруға тиiстi. Мiнеки, осы айтылғандардың және айтылмаған ұсыныстардың барлығы да, балабақшаларында бiр-ден жоспарлануы қажет-ақ.
Ә) ҮЙДЕ
Балалар күндiзгi балбақшаларынан, кешкi алты жарымнан кейiн-ақ, үйдi-үйлерiне тарай бастайды. Олар көбiнесе бiрден үйге келiп, киiм-кешектерiн ауыстырып киiнедi де, өздерiне қажет ойыншықтарын алып, ауладағы көршi құрбыларымен ойнауға кiрiседi. Балалардың бұл уақыттағы тәрбиелерi, тiкелей ата-аналарының қадағалауында болады. Жаз айларында балалар өздерiнiң қалауынша жеңiл киiнсе, қыс мезгiлiнде ықшам да, жылы киiнуге тырысады. Күннiң жылы кезiнде доп қуалап орасан үлкен қозғалыстарда болса, қыс айларында шана мен шаңғы теуiп, көбiнесе шайба ойындарымен айналысады. Осылайша, олар үйге келгеннен кейін де, бiраз уақыт жаңа ортаның ықпалында болады екен. Баланың кiм не жайында қарым-қатынастарда болатынын, ата-анасы сырттай мiндеттi түрде бақылауға алулары қажет. Сөйтiп, олар кешкi сегiздерден қалмай үйлерiне тарап, келген бойда жуынып-шайынып, тазалық сақтауды үнемi талап етiп отырған жөн. Кешкi асқа ата-аналарымен бiрге отырып, семьяның сұхбаттары сәттi басталады. Күнi бойы көрiспеген семья арасында, бала өзiнiң ненi үйренiп, қандай жетiстiктерi барын әңгiмелей ме, жоқ әлде өз шаңырақтарының дәстүрi бойынша бiрге отырып кiтап оқи ма, иә болмаса, қысқа-қысқа ертегiлер айтып әңгiмелесе ме, тiптi басқадай да ойын өрнектерiн ұйымдастырулары мүмкiн. Бiрақ, бiр ескерiлетiн заңды нәрсе, осының бәрi де сабырлы және өзара түсiнiскен жағдайда өтулерi шарт. Осыдан кейiн әр семьяның қалыптасқан режимдерi бойынша, балалар ұйықтауға жиналса, үлкендер жатарға дейiн жасайтын шаруаларына кiрiседi. Белгiлi бiр тәртiпке үйренген балалар, ертеңгiлiк бәлендей қиындықсыз-ақ оянып, өзiнiң балабақшасына жинала бастайды. Кейде баланың кешкiлiк режимдерiн дұрыс қадағаламайтын ата-аналар, әртүрлi жайсыздықтарға ұшырап жататындары да түсiнiктi. Таңертең уақытылы оянған баланың сабырлы жиналатындығы анық. Осылайша, олар не әкесiне, не шешесiне ерiп, балабақшасына келедi.