Сөздердің іштей бір категориядан екінші категорияға ауысу құбылыстары: адвербиалдану



Дата06.01.2022
өлшемі16,39 Kb.
#15212
Байланысты:
Адвербиалдану құбылысы


Сөздердің іштей бір категориядан екінші категорияға ауысу құбылыстары: адвербиалдану

Тілдің тарихи даму барысында ондағы барлық кұрылым, жүйе, құбылыс атаулы өзгеріске ұшырап дамып отырады. Бұл процестен, әрине, тілдегі лексика-грамматикалық категория ретінде танылатын сөз таптары да шет қала алмайды. Сөз таптарының дамуы ең алдымен олардың жаңа сөздермен толығуьнан, жаңа грамматикалық категориялар мен грамматикалық формаларға ие болуынан аңғарылады.

Сөз таптарының соны сөздермен толығып, молайьп отыруының, біздіңше, екі жолы бар: а) сөзжасамның жалпыға белгілі сөз тудыру тәсілдері арқылы (мысалы, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік және т.б. ә) басқа сөз таптарынан ауысып келген сөздердің негізінде. Соңғы тәсіл жалпы тіл білімінде сөзжасамның бір амал-тәсілі ретінде қолданылады да, ол конверсиялык тәсіл деп аталады.

Конверсиялық тәсіл арқылы яғии сөз таптарының бір-біріне ауысуы негізінде жаңа сөз тудыру дүниежүзіндегі көптеген тілдерде, атап айтқанда, ағылшын, неміс, француз, молдован және т.б. тілдерде кең тараған құбылыс. Аталған тәсіл бойынша сөз тудыру амалы қазақ тіл білімінде енді-енді ғана зерттеліп, ол жайында ғылыми-ой тұжырымдар бірте-бірте орнығып келеді. Конверсия проблемасын, әлбетте, бір мақаланың аясында талдап-таразылап, шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан біз бұл еңбегімізде сөздердің бір категориядан екінші бір категорияға ауысуына түрткі болатын факторларға, олардың түрлеріне тоқталып өтуді жөн көрдік.

Сөздер бір сөз табынан екінші бір сөз табына қалай болса солай ауыса салмайды. Олар белгілі бір зандылыққа бағынады. Басқа сөз табынан ауысып келген сөздің категориальды мағынасы мен түрлену жүйесі (парадигмасы), синтаксистік функциясы өзгереді. Осыған байланысты лингвистикада, сөз таптарының бір-біріне ауысуы сөз болғанда, осы өзгерістерге әсер еткен, олардың әрқайсысы сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына өтуіне қолайлы жағдай жасаған факторлар ретінде жеке-жеке қарастырылады. Сонымен, сөз таптарының бір-біріне ауысуына себеп болатын үш түрлі тілдік фактор бар. Олар: а) лексика-семантикалық фактор, ә) морфологиялық фактор, б) синтаксистік фактор.

А двербиалдану процесінің негізгі ұйтқысы болып табылатын жекеленген сөз таптары. Адвербиалдану яғни, өзге сөз таптарының үстеулер қатарына өтуі басқа тілдік құбылыстар сияқты белгілі бір заңдылықтар мен тілдік нормаға сүйенеді.

Адвербиалдану процесіне күрделі, жай және туынды сөз құрылымдарының барлық түрлеріне қатысады. Әрбір құрылымның үстеу сөз табын қалыптастыруда алатын алуан түрлі орындары бар. Арадағы өзгешеліктер мен ұқсастықтарды саналамаған жағдайдың өзінде бұл құрылымдар бір-бірімен өте тығыз байланыста дамып отырады. Осындай сөздер мен тілдік құрымдар адвербиалдық мән-мазмұнға ие болады да семантикалық мазмұн бірлігі, функционалдық дистрибуция және ситуативті контекске байланысты – мекендік, мезгілдік, өлшем бірлігін, қимылдың алуан түрлі белгілерін білдіру мәнінде қолданысқа түседі.

Адвербиалдану процесінде семантикалық факторлардың үстем болуын барлық сөз таптары негізінде есептей келе мынадай тұжырымдар жасауға болады. Яғни, белгілі бір сөз таптарының үстеулер қатарына ауысуы лексика-семантикалық, және синтаксисті -тәсілдер нәтижесінде жүзеге асады. Әрбір тәсіл тұлға қалыптастыруда өзіндік ерекшеліктерімен, айырым- белгілерімен оңашаланады. Үстеулердің қалыптасуында есім сөздер елеулі роль атқарды. Әрбір сөз табы үстеулерді туындатуда түрліше ерекшеленеді, танылады. Зат есімдер үстеулер тобына көбінесе екі жағдайда ғана ауысады. Біріншіден, зат есімдер сөз түрлену жүйесінің жалғауларымен грамматикалық қарым-қатынасқа түседі. Белгілі бір септік формаларымен тұрақтанған сөз пысықтауыштық функциалы сөз топтарын жасайды. Грамматикалық көрсеткіштер әрбір сөздің бойына сіңісіп, оның құрамдас бөлігіне айнала бастайды. Сөз төл мағынасынан айырылады, түрлендіруші форма өзінің бастапқы қасиетінен алшақтап, өлі формалар қатарына өтеді. Сөз бен форма тұтастай өздеріңің алғашқы сөз түрлендірушілік қабілетінен айырылып, нәтижесінде бір ғана сұраққа жауап беретін, бір ғана сөз табының единицасы болып қалды.

Қазақ тілі білімінде қалыптасқан сөз таптастыру теориясы бойынша сөздерді түрлі топтарға жіктеу барысында әлі де болса, бірқатар қиыншылықтар, шешемін таба қоймаған ірілі-ұсақты проблемалар кездеседі. Соның бірі, сөз таптастырудың синтаксистік принципін қолдану кезінде әрбір сөз табының сөйлемде атқаратын қызметімен қатар жүйелі түрде олардың (белгілі бір сөз табына жататын сөздердің) тіркесу қабілетін нақты анықтаудың өз дәрежесіне емес екені болса, келесі бір сөз таптастыруға қатысты шешімін күтіп тұрған үлкен проблема – сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуы процесін зерттеу болып табылады.

Тіл білімінде сөздің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуы, әдетте ешқандай сөз тудырушы жұрнақсыз іске ауысуына байланысты түсіндіріледі, және бұл құбылыстың жеке сөз таптарына қатысына қарай, яғни сөздің қандай сөз табына ауысқанына қарай адвербиалдану (сөздердің басқа сөз таптарынан үстеуге ауысуы), адьективтену (сөздердің басқа сөз таптарынан сын есімге ауысуы), вербальдану (сөздердің басқа сөз таптарынан етістікке ауысуы), прономиналдану (сөздердің басқа сөз таптарынан есімдікке ауысуы), субстантивтену (сөздердің басқа сөз таптарынан зат есімге өтуі) деп аталады.

Ал жалпы сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына өту процесін атау үшін конверсия термині қолданылады.

Лингвистикалық терминдер сөздігінде: «конверсия англ. Conversion. 1. Образование нового слова путем перевода данной основы в другую парадигму словоизменения» − деп анықтама берілген. Бұл тілдік құбылыс қазақ тілі білімінде күні бүгінге дейін арнаулы зерттеу объектісі бола қойған жоқ, сондықтан оның мәні, түрлері, себебі секілді маңызды қырлары жан-жақты ашылып, толық айқындық алған емес.



Қазіргі түркі тілдердегі деректермен салыстыратын болсақ, тілдің дамуы барысында адвербиалданатын тұлғалар мен формалар өсіп отырған. Тілімізде қолданып жүрген бірқатар үстеулер сөздер сонау көне түркі дәуірінде, орта ғасыр жазбаларында үстеу ретінде әбден қалыптасқан, өзге сөз таптарынан іргесін бөліп алған. Ал қайсыбірлері кейінгі жылдары пайда болған. Мысалы, қазақ тілінде кездесетін кешке сөзіне тоқталайық. Аталмыш сөз үстеу ретінде кейінгі жылдары ғана қалыптасып, толық мағынаға ие болған. Құрамы тек тарихи тұрғыдан талданбаса, қазіргі тіл тұлғасынан еш ажыратуға, талдауға келмейді. Аталмыш сөздің құрамын қазіргі қазақ тілі бойынша талдасақ –ке формасы бойынан жалғауға тән қасиет ауытқып кеткен көрсеткіш ретінде танылады. Яғни, сөз құрамындағы жалғауда сөз түрлендіруші қасиет жоғалған, өлі форма түрінде ғана көнеленген септік жалғау десе болады. Бірақ, сөз сөйлем ішінде түрленбейтін қасиетімен үстеулер тобының сұрағына жауап беріп пысықтауыш болғандықтан үстеу деп танылып отыр. Сөз бойында септік жалғауының ешбір белгісі байқалмайды. Өйткені кешке бұл жерде мезгілді, белгілі бір уақыттың мөлшерін білдіріп тұр. Сол сияқты қазіргі тілде кездесетін түрлі септік жалғаулары нәтежесінен жасалатын шалқасынан, түнімен, ретімен, алға т.б. сөздері тұрғысынан да дәл осы процесті айтуға болады.

Аталмыш процесте сөздің лексикалық мағынасы бастапқы мағынасынан алшақтайды. Сөз өзінің нақтылығынан айырылып, жалпылық сипатқа ие бола бастайды. Сөз мағынасының өзгеруі оның семантикалық ерекшелігіне тән болады. Сөз жеке өзі ешбір қатынассыз үстеулер тобына ауыса алмайды. Бұл жерде белгілі бір дәрежеде байланыс бар. Ол байланыс сөздердің тiркесу қабілетіне байланысты. Яғни, сөз өзі тіркесетін сөзбен барлық заңдылықтарды сақтай отырып тіркесе алады. Белгілі бір сөздердің етістікпен тіркесі сол сөз мағынасын сөйлем ішінде ғана өзгертіп, қызмет аясына байланысты уақытша үстеулер қатарына өтуіне мумкіндік береді. Сөз сөйлем ішінде пысықтауыштық мәнге ие болады. Тілде болатын мұндай лексика-семантикалық құбылыс баяу, ұзақ мерзімдік дамудан өтеді. Тілдің ішкі қатпарларында әбден сұрыпталады. Мағыналық жақтан да, функциялық жақтанда толық үстеулер қатарына өтуі үшін тұрақты пысықтауыш ретінде ұзақ мерзім қолданылуы керкен.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет