Дауыстың бұзылуының себептері, механизмі және классификациясы
Дауыс бұзылуының себептері алуан түрлі: көмей, мұрын қуысы мен жұтқыншақтың қосылған жерінің, өкпе, бронх және кеңірдек, жүрек және жүрек-тамыр жүйесінің ауырулары, дауыс гигиенасын ережелерін сақтамау, есту қабілетінің төмендеуі. Аталған этиологиялық факторлар дауыстың органикалық және функционалды бұзылыстарына соқтырады. Бірақ дауыс бұзылуының осы түрлерінің арасында шек қою өте қиын. Органикалық бұзылыстың алғашқы симптомы көмей функцияларының жартылай бұзылуы және жеңіл түрде қырылдауы болуы мүмкін, ал функционалды бұзылыстар көмейдің ауыр органикалық өзгерістерінің, тиісінше дауыстың созылмалы бұзылыстарының себебінің бірі болуы мүмкін.
Дауыстың бұзылуы орталық және шеткі (перифериялық) болып бөлінеді. Бұның әр қайсысы органикалық немесе функционалды болуы ықтимал. Бұзылыстардың көпшілігі жеке бұзылыс болып келеді. Олардың себептері тек дауыс аппаратының әр түрлі өзгерістерінің немесе ауруларының пайда болуына байланысты. Бірақ, олар басқа да күрделі тіл кемістіктерімен бірге жүруі мүмкін (афазия, ринолалия, дизартрия, тұтықпа кезінде).
Дауыс бұзылуының механизмі көмейдің жүйке-бұлшық ет аппаратының өзгеруінің сипатына, бәрінен бұрын дауыс перделерінің қозғалуы және тонусына байланысты болады. Ол гипо- немесе гипертонус түрінде байқалады. Екеуінің тіркесуі сирек кездеседі.
Дауыстың органикалық бұзылысы. Дауыс аппаратының созылмалы асқыну процестерінің немесе анатомиялық өзгерістерінің салдарынан пайда болған дауыс патологиясын органикалық бұзылыс деп есептейді.
Перифериялық органикалық бұзылыстарға созылмалы ларингиттер, көмейдің парезі мен салдануы, ісікті сылып тастау кезіндегі афония мен дисфониялар жатады. Дауыс ақаулығы ауырудың түріне емес, оның ауырлығына байланысты болады. Көмейдің шала және толық салдануымен байланысты дауыс бұзылуы көмейдің төменгі немесе қайтару жүйкесінің инфекциялық зақымдалуынан немесе жарақаттануынан пайда болады. Көмейдің орталық парезі мен салдануы бас ми қабығының, сопақша мидың, өткізгіш жолдарының зақымдалуына байланысты болады. Балаларда балалар сал ауру кезінде кездеседі. Көп жағдайда ісіктер және оларды сылып тастағаннан кейінгі жағдай (адамның халі) дауыстың органикалық бұзылыстарының себебінің бірі болып келеді. Ересектер мен балаларда зарарсыз ісіктер қатерлі ісіктерге қарағанда жиі кездеседі. Ісіктердің дауыс қатпарларында оқшаулану кезінде бірте-бірте ісіктің өсуіне қарай дауыс патологиясы пайда болады. Көптеген папилломалар балаларда жиі кездеседі. Олар бүкіл көмейде жайылуы мүмкін және оларды алып тастағанның өзінде қайталануы (рецидив беруі) ықтимал. Кең таралған папилломатоз және қайта-қайта жасаған операциядан кейін пайда болған берішті өзгерістер тыныс алу мен дауыс шығарудың ауыр бұзылыстарына соқтырады. Бұл дерттің этиологиясы мен патогенезі әлі де белгісіз. Ерте пайда болған папилломатоз тыныс алу және дауыс функцияларының бұзылуымен бірге баланың сөйлеу тілі қалыптасуына және тұлғасына кері әсер етуі мүмкін. Қатерлі ісіктің кесірінен көмейді мүлдем алып тастау адамды дауысынан айырады және тыныс алу функциясын күрт бұзады, өйткені кеңірдек пен көмей байланыссыз қалады.
Жоғарыда аталған дауыс бұзылулары созылмалы түрлеріне жатады және өз бетімен жойылмайды.
Дауыстың бұзылуы сөйлеу тілі жүйесінің қалыптасуына әсер етпейді. Тек ерте жастағы ауыр патологиялары сөйлеу тілі дамуына кері әсерін тигізеді. Бұндай жағдай сөйлеу тілі қалыптасқанға дейін пайда болған көптік папилломалары және көмейдің берішті стенозы бар балаларда байқалады.
Қайта-қайта жасаған операциялар, дауыстың жоқтығынан табиғы жолдармен тыныс алудың бұзылуы баланың соматикалық әлсіреуіне әкеледі, сонымен қатар оның сөйлеу тілі және психикалық дамуының тежелуінің, ерік-жігер аймағының ауытқуларының себебі болуі мүмкін. Балалар өздерінің олқылықтарын сезінеді, оларда тұйық, ұшқалақ, ерке мінез пайда болады.
Бұндай балалар қатынасқа әзер түседі. Олар дыбыс айтуды әзер меңгереді, сөздік қоры кедей болады. Осыған байланысты балалардың мектепте ойдағыдай оқуы шамалы. Дауыс бұзылудың жеңіл түрлерінде балалар өздерінің күйіне жай қарайды. Кейбір балалар өз ақауына сын көзбен қарап, оны жоюға тырысады. Басқалары өз олқылықтарын сезбейді, сондықтан дауысының өзгеруіне немқұрайды қарайды.
Ересектер дауысының бұзылуын қатты ұайымдайды. Бұның бірнеше себебін атауға болады: тұлғалық ерекшеліктері; өзінің күйін дұрыс бағаламау; дауыс бұзылуының ұзақтылығы және емнің нәтижесіз болуы; еңбек қызметіндегі дауыстың орны.
Перифериялық органикылық бұзылыстарға есту қабілеті бұзылысының салдарын пайда болған дауыс бұзылысынжатқызады.
Туа біткен немесе ерте жаста пайда болған саңыраулықта акустикалық бақылаудың жоқ болуынан дауыстың жоғарлығы, күші және тембрі өзгереді.
Нәрестелік шақта сәбидің дауысының табиғи тембрі және дауыстың құйқылжуы (модуляциясы) жоғалған күйде, үілдеуінің дұрыс ритмі жоқ, былдырлау инстинкті төмен болады. Бала дамып, өскен сайын дауыс бұзылыстары айқын көріне бастайды. Дауыс көлемі емшектегі бала дауысының диапазонының деңгейінде қалады, яғни 3-4 тоннан тұрады. Дауыс әдетте қатаң, өте әлсіз, бәсең, әзер естілетін болады, бірақ шаңқылдақ, үзік-үзік, қарлыққан, дөрекі, мұрындық ренкпен, төмен болуы мүмкін.
Естуі бұзылған жағдайда дауыстың сипаты естуінің күйіне және есту қабілетінен айырылу мезгіліне байланысты болады.
Қалдық есту қабілеті бар немесе одан кеш айырылған балалардың дауысы үнді, табиғи болып шығады. Туа біткен саңыраулығы бар немесе бір-екі жасында есту қабілетінен айырылған балаларға дауыстың әр түрлі бұзылыстары және сөйлеу тілінің ырғақтылығының, сөз әуенінің, интонациялық жағының бұзылуы тән. Олардың сөйлеу тілі мәнерлі емес, бір сарынды, табиғы модуляциясы жоқ болуымен сипатталады. Бұл балалар дауысын жоғарлатып, төмендете алмайды, дауыстың күшін және ұзақтығын өзгерте алмайды, мұрын және ауыз резонаторларын дұрыс пайдалана алмайды.
Есту қабілеті төмендеуінде дауыстың бұзылуы құрылысында анатомиялық өзгерістері болмаған жағдайда артикуляциялық, тыныс алу және дауыс аппараттарының жеткіліксіз және нақты емес жұмысымен түсіндіріледі.
Көмейді тексеру кезінде дауыс қатпарларының қабыспауы немесе олардың құрысып тарылуы байқалады. Естімейтін адамның дем шығару кезінде ауаның жартысы дауыс қатпарларының арасынынан өтеді, соның салдарынан дауысқа қарлыққан ренк беретін шу пайда болады. Дауыс қатпарларына күш салған кезде спастикалық дисфония және дауыс қатпарларында түйіншектер пайда болуы мүмкін. Фонация кезінде ауаның жартысы мұрын қуысына барады, нәтижесінде дауыста мұрындық ренк пайда болады.
Дауыстың функционалды бұзылыстары кең тараған және алуан түрлі. Оларда көмейдің анатомиялық және асқыну өзгерістері байқалмайды.
Функционалды патологиялардың себептері әр түрі: дауыстың қалжырауы, дауыстың дұрыс қойылмауы, әр түрлі инфекциялық ауырулары және психикалық факторлардың әсері.
Функционалды өзгерістердің ұзақ уақытқа созылуы, көмейдің шырышты қабығының жалған органикалық өзгешеліктерін - қызаруын (гиперемиясын), дауыс қатпарларының қалыңдауы мен іскендігіне ықпал етуі мүмкін. Бұның бәрі функционалды бұзылыстарды дұрыс анықтауын қиындатады.
Перифериялық функционалды бұзылыстарға фонастения, гипо- және гипертонусты афония және дисфония жатады.
Фонастения («phone» - дыбыс, дауыс, «astheneia» - әлсіздік, дәрменсіздік) – сөйлеу қозғалу аппаратының табиғи зақымдануының болмауы кезіндегі дауыс қалыптасуының бұзылуы. Көбінесе шамадан тыс дауыс зорығу салдарынан болады. Психогендік сипат алуы мүмкін. Бұл бұзылыс «дауыс» мамандарында байқалады. Фонастения тыныс алу мен фонацияның үйлестігінің бұзылуымен, дауысты күшейту және төмендету мүмкіндігінің болмауымен сипатталады. Фонастенияның ауыр түрлері афонияға айлануы мүмкін.
Әдебиеттерде фонастенияның пайда болу себептері жайында бірыңғай көзқарас жоқ. Кейбір авторлар себептердің арасында психикалық жарақаттар мен шамадан тыс эмоционалды жүктемелерді атаса, басқалары тыныс жолдарының асқыну ауырулары кезінде дауыстың сақтану тәртібін ұстанбаудан дейді.
Гипотонусты дисфония (афония) екі жақты миопатикалық парездің салдарынан, яғни көмейдің ішкі бұлшық еттерінің парезімен шартталған. Олар кейбір инфекциялардан кейін (тұмау, дифтерия), сонымен қатар дауысқа артық күш салу нәтижесінде пайда болады. Дауыс перделерін тарылтатын бұлшық еттері зақымдалады. Бұл жағдайда дауыс перделері толығынан қабыспайды, олардың арасында саңылау қалады. Дауыс ауытқуы жеңіл қарлыққаннан дауыстың шаршауы, мойын бұлшық еттерінің, желкенің және кеуде қуысының ауыруымен білінетін афонияға дейін көрінуі мүмкін.
Дауыстың гипертонусты (спастикалық) бұзылыстары көмей бұлшық еттерінің тонусының жоғарлауына байланысты. Фонация кезінде тоникалық құрысу басым болады. Гипертонус дауыс және вестибулярлық қатпарларын зақымдауы мүмкін. Фонацияда тырысу кезінде дауыс мүлдем шықпауы мүмкін немесе бұзылған, қатаң дыбыс шығады.
Ринофония мен ринолалия дауыс бұзылыстарының арасында жекеше орын алады, өйткені олардың патофизиологиялық механизмі жұмсақ таңдайдың функциясының органикалық немесе функционалды сипатында дұрыс болмауында. Жабық ринофония кезінде мұрын жолды дауыссыздар ауыздық резонансқа ие болады, дауыстылар үнін, дауыс табиғи тембірін жоғалтады. Ашық ринофония барлық ауыз жолды дыбыстардың патологиялық назализациясымен сипатталады. Дауыс әлсіз, қарлығып шығады. И. И. Ермакованың (1984) деректері бойынша ринолалия кезінде 70-80% фонестения мен гипотонусты дисфония байқалады.
Сонымен, балаларда және жасөспірімдерде дауыстың функционалды бұзылыстары этиологиялық факторларға, жасына, жынысына қарай әр түрлі көрінеді. Барлық функционалды бұзылыстарды көмейдің және дауыс қатпарларының құрылысында тұрақты анатомиялық ақаулардың жоқ болуы біріктіреді. Көмейдегі ларингоскопия арқылы анықталған өзгерістер (гиперемия, ісіктену, қалыңдау, дауыс қатпарларының толық қабыспауы, т.с.с.) өткінші сипатта болып, дәрімен емдеуден, дауыс тыныштығын сақтаудан кейін және логопедиялық (фонопедиялық) жаттығулардан кейін толық жойылады. Дауыс гигиенасы мен оны сақтандырудың да маңызы зор.
Орталық функционалды бұзылыстарына функционалды немесе психогенді афония жатады. Бұл бұзылыс адамның психикасын жарақаттайтын жағдайда аяқ асты пайда болады. Ол, әдетте, истериялық реакцияларға бейім адамдарға тән, қыздар мен әйелдерде жиі кездеседі. Дауысы мүлдем жоқ болғанымен үнді жөтел мен күлкі сақтаулы болады. Бұл маңызды диагностикалау белгісі деп саналады. Функционалды афония ұзаққа созылуы және дауысты қалпына келтіргеннен кейін қайталануы мүмкін.
Дауыстың бұзылуын осылай органикалық және функционалды бөлуі фониаторлық емдеу және логопедиялық сабақтардың әдістерін таңдауын болжауда маңызы зор. Мысалы, дауыстың функционалды бұзылыстары көмейдегі дауыс қатпарларының функциясының өткінші өзгерістеріне байланысты болады, сондықтан, логопедиялық ықпалдың арқасында бұрынғы дауыс қалпына келтірілуі мүмкін. Органикалық бұзылыста көмей, дауыс перделерінің құрылысында ауыр патологиялық-анатомиялық өзгерістер орын алады, сондықтан дауыстың коммуникативті функциялары қалпына келтірілгенімен оның күшінің, жоғарлығының және тембрінің сапасы қалыпты дауыстан өзгеше болады.
Дауыстың бұзылуын терең зерттеуі науқастарды әр түрлі мамандардың кешенді тексеру нәтижесінде ғана мүмкін болады. Сонымен, дауыстың бұзылуын клиникалық (фониаторлық, отоларингологиялық, неврологиялық), логопедиялық және психологиялық тұрғыдан тексеру аса маңызды. Дауыстың бұзылуын медициналық, логопедиялық және психологиялық аспекілерден қарастыру ауытқудың түп негізін тереңірек анықтауға және оны жеңудің тиімді жолдарын, әдістерін шығаруға мүмкіндік береді.
Дауыс бұзылуын медициналық аспектіден талдағанда мынаны ескереміз: сөйлеу анализаторының қайсысы бұзылған (сөйлеу-қимыл, сөйлеу-есту); анализатордың қай бөлігі бұзылған (шеткі немесе орталық); бұзылу сипаты қандай (органикалық немесе функционалды). Сонымен қоса ақаудың пайда болу уақыты ескеріледі. Дауыстың органикалық және функционалды бұзылуының көбі баланың кішкене кезіндегі даму үрдісінде, оның тұлға болып қалыптасу, сөйлеу функцияларының қалыптасу кезеңінде жүре пайда болады. Ескертетін бір ғана, ол дауыстың орталық органикалық бұзылыстары туа біткен және жүре пайда болған болулары мүмкін (афония, анартрия, дизартрия кезіндегі дисфония), сонымен бірге жұмсақ таңдайдың ақауларының салдарынан (ринолалия, туа біткен естуінің зақымындағы дисфония) дауыстың перифериялық (шеткі) бұзылыстары. Даустың барлық функционалды бұзылыстары баланың сөйлеу тілі қалыптасу үрдісінде, не болмаса сөйлеу тілі қалыптасып болғаннан соң пайда болады. Кейбір жағдайда дауыс бұзылысы сөйлеу тілінің басқа бұзылыстарымен тіркесу түрінде кездеседі (дизартрия, ринолалия, естудің төмендеуінің салдарынан сөйлеу тілінің бұзылуы).
Логопедиялық аспект дауыс бұзылуының мәнін ашады. Негізгі нозологиялық бірліктер — афония, дисфония, жалған байланысты дауыс, ринолалия және ринофония. Дауыстың бұзылуының әр бір формасы бұзылудың жоғарлығы, дауыс модуляциясы, сөйлеу тілінің ырғақты-екпіндік-әуендік жағының әр түрлі бұзылыстарымен көрінеді. Өзгерудің әртүрлігі бір қатар факторларға байланысты: бұзылу деңгейі, анализатордың қай бөлігі зардап шекті, бұзылу қашан пайда болды, бұл бұзылыс сөйлеу тілінің басқа бұзылыстарымен қалай үйлеседі, т.б.
Психологиялық аспект – сөйлеу тілінің коммуникативті қызметіне, тұлғалық ерекшелігіне тигізетін әсері ескеріледі. Дауысы бұзылған баланың қатынасқа түсуінің қиындауына байланысты сөйлеу тілінің коммуникативті қызметінің төмендеуі байқалады. Бала өз дауысынан ұялып ыммен қатынас жасайды, кейде мұғалімнің тапсырмасын жазбаша түрде орындайды. Эмоционалды ерік-жігер аясында ауытқушылық байқалады, өзіндік мінез көрініс береді, сабырсыздық, ашуланшақтық, түңілушілік, негативизм және т.б. Кейін бұл ерекшеліктер науқастың жеке еңбек өмірінде өз ізін қалдырады.
Функционалды орталық дауыс бұзылулары үлкен адамдарға қарағанда балаларда сирек кездеседі. Мысалы, психогендік афония немесе дисфония. Осы кездегі бұзылудың механизмі келесіде: күшті есеңгіреу (стресс) әсері кезінде орталық жүйке жүйесінде тежеудің соңғы аясы пайда болады, нәтижесінде бас миының қабығы жағынан дауыс қалыптасуының барысын реттегіші бұзылады. Кейде себеп болушы фактордың жоғалуынан дауыс өздігінен пайда болады, бірақ афония немесе дисфония түріндегі патологиялық рефлекс пайда болуы мүмкін. Бұндай жағдайларда дауысты орнына келтіру үшін арнайы жұмыс жүргізу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |