Қорғауға ұсынылатын қағидалар 1.Инновациялық әрекет – педагогикалық әрекеттің шығармашылық дамуының тәсілі; педагогтің инновациялық әрекеті – білім беру үдерісін ұдайы жаңартып, қоғамдастықта жұмыс жасай алатын, оқытудың жаңа түрлері мен әдістерін құруға қабілеттілігі. «Инновациялық әрекет» пен «Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық әрекетке даярлаудың» ұғым, түсінік ретіндегі нақтыланған мәні мен оның құрылымы оқыту үдерісін ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік негізін жасаудың базасы болып табылады. «Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекетке даярлығы» оның жалпы кәсіби дайындығының құрамдас бөлігі ретінде жоғары деңгейдегі ғылыми-педагогикалық әрекетіне негіз болатын «инновациялық әрекет» жайындағы білімі мен оқу мен оқыту үдерісінде жаңартпалы әрекет түрлерін білуі, инновациялық әрекетке даярлау әдістерінің мәнін, қызметін түсінуі, бастауыш білім беруде жаңашылдыққа бейімделуі, жаңа идеяларды жүзеге асыруда тәуекелге баруы сияқты бір-бірімен тығыз байланысқан компоненттерден тұратын тұлғаның кешенді сапасы.
2.Зерттеу барысында айқындалған болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау мүмкіндіктері жаңартылған білім мазмұны жағдайында білім алушылардың өз бойындағы білімдік, рухани, жоғары білікті кәсіби тұлғасына байланысты. Инновация, инновациялық әрекет туралы арнайы білім мазмұнын игеру; педагогикалық инновациялық технологиялар туралы білім мен дағдыларды және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану дағдыларын меңгеру; педагогикалық инновацияларға сараптама жасай білу; инновациялық идеяны тауып, дамытып, оны жүзеге асыру қабілеттерін қалыптастырып, дамыту; инновациялық оқу-тәрбие жүйесін құра білу дағдыларын меңгеру мүмкіндіктері болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауды қамтамасыздандырады.
3.Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау үдерісі мотивациялық, когнитивтік, инновциялық-әрекеттік, жеке тұлғалық құрамдас бөліктерінің бірлігін, оған сәйкес өлшемдер мен көрсеткіштердің біртұтастығы негізінде қарастырылады. Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың құрылымдық-мазмұндық моделі ақырғы нәтижеге жетудің теориялық-әдіснамалық негіздері, дайындау үдерісінің компоненттері мен көрсеткіштері айқындалған, болашақ педагогтер даярлаудағы инновациялық әрекеттің зерттеу мәселесін тиімді шешуге бағытталған әдістерін, құралдарын сипаттайтын, «даяр» болудың деңгейлері айқындалған құрылым болып табылады. Модель болашақ бастауыш сынып педагогтерін кәсіби даярлауды жетілдіруде, жоғары педагогикалық оқу орындарының теориялық және практикалық міндеттерді шешудегі инновациялық әрекеттерін жаңғыртуда басшылыққа алатын ғылыми негізделген әдістемелік нұсқаулық бола алады.
4.Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау арнайы әдістемені: «Бастауыш білім беруде инновациялық әрекетке даярлау негіздері» атты элективті курсын ЖОО педагогикалық үдерісіне енгізгенде және «Ғылыми-инновациялық портал» жобасын, ұтымды әдістерді, жаңа инновациялық оқыту құралдарын қолданғанда нәтижелі болады.