Байланысты: Мұғалім-әлемдегі ең үздік мамандықэссе
Эссе
Тақырыбы: Мұғалім -әлемдегі ең үздік мамандық
Сөз саны: 256
Мектебімдегі орыс тілі пәні мұғалімінің “Ұстаздық-алладан” деп орысша айтып отырғанын естіп едім… Адам баласы өзіне ұнайтын істі бастағанда немесе өлең, ән шығарғанда "шабытым келді" демей ме?! “Шабыт” сөзінің өзі -көңіліңді көтеріп, ұйқыңды ашып, делебеңді қоздырып, арқаңа қанат бітіп, ұшып жүргендей сезініп, өзіңді тоқтата алмай, арманың ойыңнан шықпай, аяқтағанша мазаң болмай… бастан кешіретін сезімдер. Ал, мұғалім шабыты! Ол жайында, алдымен, білім, ғылым, өнерді сүйетін, баланы жақсы көретін, мейірімділіктің жаршысы деп білетін ғазиз жандар туралы сөз қозғағанда айтуға болады. Алдыңдағы шәкірттің көзінен от жандыру, білуге деген құштарлығын ояту, кішкентай ғана жүрегінен зор махаббатпен орын алу- жеңістердің жеңісі деп білемін. Бірде ауруханада жатыр едім. Менің халімді сұрауға әріптесім Әйкен келіпті. Көтеріп алған тамағының қасында бір А4 қағазы шықты. “Қағазы несі?” деп ойлап тұрсам, ойымды оқи қойды: «Бұл -оқушыңның шығармасы. Мектептегі басқа ұстаздар оқып, көздеріне, тіпті, жас алды»- дегені бар еді. Мен аң-таң. Сөйтсем, 8-сынып оқушысының мені сағынып, тап-таза бала жүрегіндегі ойларын жазып тізбектепті. Онда менің сабақты қалай қызықты өткізіп, әр оқушыға қалай әділ көңіл бөлетінім туралы, айтқан тәрбиелі сөздерімнің көңіліне қалай қонғанына дейін жазыпты…
Ұстаз болу бала күнгі арманым болды. Әкешімнің қызықтырып, кітап оқуға құштарлығымды оятуы; кейін ертегі кітаптарды оқи беріп, үйге келген қонақ балаларды жинап ала қойып, қызықты ертегілеріммен үйіріп алатынымнан басталды. Алдымда отырған бауырларым мен өзім қатарлы көрші балалардың ертегі тыңдап отырған сәттері менің шабытымды оятатын. Сонау бал балалық шақтағы осынау тәтті сәттің жалғасы- “мектеп", " ұстаздық” деген үлкен өмір жолымды салып берген екен! Әр ұстаз бала жүрегінен орын алып жатса, ол да бір бақыт емес пе?!